Біз не көрмедік, Аққайнарды да көрдік, - депті бір ағамыз.
Сондағы Аққайнары ауылынан алты шақырым жердегі аудан орталығы екен.
Әпендінің сөзі дерсің, бірақ осыны айтқан ағамыз бақытты.
Неге? Себебі ол аз көрген, аз былғанған. Қулық-сұмдықтан ада, төрт құбыласы түгел.
Көпті көргеннің көсем болатыны рас.
Көсем – көшелі адам, сұңғыла, жеті қабат жердің асты мен жеті қат көктегінің бәрін біледі, бірақ ана аңғал ағамыздай бақытты емес. Себебі ол қызметте өсе түссем, тұрмыста байи түссем дейді, көксейтіні – түйені жүгімен, биені түгімен жұту. Өзі сияқты оның отбасының барлық мүшесі – қорқау, тойымсыз. Ал, тойымсыз адам – бақытсыз.
Аңқау ағамыз Абай айтқан адам баласы асық болатын бес нәрсенің үшеуінің – еңбек, қанағат, рақымның жолымен жүреді. Оған осы үшеуін ұстану жетіп жатыр.
Ал, көсем бес нәрсені де – талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым – барлығын да ұстанады.
Аңқау ағамыз. Абай айтқан адам баласы қашық болатын бес нәрсенің – өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақтың бірде-біреуін қасиет етпеген. Ол – бір Құдайға қараған, қой аузынан шөп алмас адам.
Көсемге бұл бес қасиеттің бәрі тән. Ол – мұның бәрінің ұшығына шыққан, аспандағыны алмап, жердегіні жалмап отырған адам.
Дана Абай адам асық және қашық болатын қасиеттің бәрін сарқып айтпаған. Барлық адам сияқты Абай да өз заманының перзенті. Дана қанша жерден уақыттан озық болады дегенімізбен, өмірде атымен жоқ қасиеттер жөнінде пікір айта алмайды. Абай да сөйткен, өз кезінде асқынып тұрған, адамды бұзатын және түзейтін қасиеттер жөнінде айтқан. Абай дүниеден озғалы бергі жерде өткен бір ғасырдан астам уақытта адамды асқан және азған жолға түсіретін, қаншама қасиет-қылық қалыптаспады десеңізші! Абай ескертіп, ұрпақ ұрынбасын деген жаман әдеттер шегінен асып асқынды.
Қазір Абай ескерткен өтірік ерекше ерен өріс алды. Сөздің бісмілләсі, өкінішке орай, өтірік болды. Өтірік айтпайтын адамды күндіз қолыңа шам алып жүріп іздесең де таппайсың. Өтірік – жазасы жоқ қылмыс. Тілі енді шыққан баладан еңкейген кәріге дейін өтірікті судай сапырады, алданған адамның көзін бір алартқаннан басқа айласы жоқ.
Біз – құқықтық қоғам орнатып жатқан елміз, небір әдемі заң шығып, өмір сүрудің ұңғыл-шұңғылына қанығып келеміз. Заң білмеген адам – жарымжан. Ол көп сүрініп, көп жығылады. Заң білген адам – алымды. Ол алып та жығады, шалып та жығады. Заң алдында еңбектеген баладан Елбасына дейін теңбіз. Біздің бәріміз заңды сыйлауымыз керек. Заң ешкімді алалап-құлаламайды, бәрімізді тең дәрежеде қорғайды.
Бүгінде өшпейтін өртке айналған өтірікті бір тоқтатса, заң тоқтатады. Ол үшін біздің елімізде де кейбір қатал мемлекеттер тәрізді қатаң заң қабылдануы керек. Біздің заңгерлеріміздің өтірік айтқан адамды жазаға тартатын заңды, оның түрлі баптары мен тармақтарын тұжырымдай алатыны ешқандай күмән туғызбасқа керек. Олай болса, осы жағын заң шығарушы органдар мықтап қолға алатын кез әлдеқашан келген. Әйтпесе, соттардың куәлерге жалған мағлұмат бергені үшін жазаға тартылатынын ескертіп қана қойғаны мүлдем аз. Бұл, айта берсеңіздер, адамдарға сот үдерісі кезінде ғана шын сөзіңді айт, қалған уақытта өзің біл деген емеурін білдіргенмен пара-пар емес пе. Жоқ, заң адамдардан барлық уақытта, өмірдің барша иірімдерінде өтірікке жоламауын талап етуге тиіс. Өтірік айтқан адамға өтірігі келтірген моральдық нұқсан және материалдық шығынның деңгейіне қарай жаза белгіленуі керек.
Менің бұл айтқандарым кейбіреудің құлағына кірмес, бірақ өтіріктің осыншама өрістеп отырғанына жөндеп зер салған адамның менімен келісетіні ешқандай шүбә келтірмейді.
Тегі, өтірік өрбіп, өріп жүрген елдің келешегі кемел болады деп айту қиын. Өтірік – қоғамның басты байлығы – адамның берекесін алып, құтын қашыратын құрт. Қазіргі кейбіреулер әуес әуенге салып, өтіріктің тегін өткен қоғамдық құрылысқа телудің қажеті жоқ. Өтірік те біз түсін түстеп жүрген адамға тән басқа да қасиеттердің бәрі тәрізді қанымызда болады. Ол – адамның бәріне тән қасиет. Өтірік айтпайтын адам о заман да бұ заман болған емес, келешекте де болмайды. Алайда, адамның бәрі өтірікші емес. Өтірік айтуды өмір нормасына айналдырып алған адам, әне, сол біз күрес ашатын адам.
«Өтірік өрге баспайды». Бұл – ел өтірікке онша үйір емес кезде айтылған ұзын арқау, кең тұсау мәтел. Өмір сүру өте қарапайым бұрынғы кезде өтіріктің өрісі тар, біреуді біреу алдау ғана болатын. Қазір енді өтіріктің бүлдіргіш күші адам айтқысыз артқан. Өтірікпен адамды өлтіріп қана қоймай, қоғамдық сілкініс жасауға да болады. Міне, сондықтан ғой біздің өтірікті өгейсітетін заң қабылдау қажеттігін айтып отырғанымыз.
Қайткенде де өтірікшіні ағаш атқа теріс қаратып отырғызатын кез келді.
«Бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ» деп қайсар ұл айтқан.
Өтірікші, ездің аузынан мұндай сөз шықпайды, шынымен өстер деп қорқады.
Өтірікшінің тілін, ұрының қолын кесетін, тіптен оларды өлім жазасына кесетін елдер бар.
Мұндай шаралардың қаталдығы мен босаңдығын заң анықтағаны жөн, әрине.
Сонда да өтірікшінің тілін кессе, сауап!
Әй, бірақ қазіргі адамды тілсіз сайрататын ғылыми-техникалық құралдар тұрғанда өтірікші тілсіз-ақ талай нәрсені бүлдірер.
Оны айтамыз, екі қол, қас-қабақ тұрғанда адамға тіл білмей-ақ, түсінісу анау айтқан қиындық туғызбайды.
Ана бір жылы, нақтылап айтқанда, 1996 жылы Атлантада өткен олимпиадалық ойындарға барудың сәті түсті. Облысқа белгілі азамат Смағұл Әбілековпен сапарлас болдым.
Біздің туристік бұл сапарымыз Американың ең түстік, ең ыстық қаласы Майамиден басталды. Қонақүйге тоқтап, ес жиған соң Смекең екеуміз көшеге шықтық. Айналаның бәрі дүкен, кафе, бар. Дүкендерге кіріп, әр нәрсені бір көріп, бағасын сұрап дегендей, ерігіп жүрміз. Бір дүкенде екі жігіт сауда жасап тұр екен, Смекең шалбардың бағасын сұрады.
Сатушы еркектің жыныстық мүшесін былш дегізіп, қарап тұр.
Смекең, заты, қызба кісі, ауызға келгенді қайта тартпай, батыл айтатын адам.
– Мыналарды қайтсем екен ә, ауыздарын артына қаратып жіберсе, болар еді, қап! - деп сілкінді.
Білемін, бұл Смағұл Әбілековтің қолынан келеді. Смағұл аға – жас кезінде атақты Әбілсейіт Айхановпен белдескен балуан. Қазақстанда Әбілсейттен басқа адамның бәрін жыққан Смекең әлі де қарулы. «Қап!» - дейтіні – бөтен елдің азаматына қол тигізуге болмайды, пәлеге қаласыз.
Мен жейденің бағасын сұрадым.
Екінші сатушы шімірікпестен әйелдің жыныстық мүшесін сарт дегізді.
Смекең де, мен де, түсіндік.
Бұл – орыс туристерінің оңбағандығының жемісі. Оспадарсыздар мына әңгүдіктерді алдаған, осылай үйреткен. Қарашы енді, өтіріктің мына екі жігітті қандай күйге түсіргенін. Әлбетте, ойланбай соғып тұрған сөздерінің шын мағынасын білген есі дұрыс адам соншама ерсі сөйлемес еді.
Біз енді мына екі жігітті кінәлай алмадық.