ҚАНАҒАТ КЕРЕК АДАМҒА
Атам қазақ өмірдің барлық жағдайына байланысты айтатынын басқаша айтуға да, ойлауға да мүмкін еместей етіп айтып қойған. Тек оларды білу керек, ата тілеген ақ жолмен жүру керек.
«Қанағат қарын тойғызар, қанағатсыз жалғыз атын сойғызар». Жетімсіз кезде қомағай болмауымыз үшін шешеміз талай айтқан сөз – бұл. Мағынасы өте терең.
Адамға қашан да қанағат керек. Адамнан қанағат кеткен мына заманның келетінін бұрынғылар күні бұрын сезген тегі, сөйткен де келер ұрпағын ақылға шақырар небір тоқтам сөз қалдырған артына.
«Нысап сайын – береке», «Мешкейдің өзі тойса да көзі тоймайды», «Тарта жесең, тай қалады, қоя жесең, қой қалады», «Ашыққаннан құныққан жаман». Бұлардың бәрін халық әдейі шығарған. Бәрі адамдарды шақтаулы өмір кешу- ге шақырады.
Халық қорқаулар мен жемірлерді ала бөтен жек көрген.
Олардың ашқарақ аранын, тоймайтын көзін тек топырақ толтыратынын дігерлеп тұрып айтқан. Олар да халықтың нақылын ақыл көруі тиіс. Алайда, олардың бүгінгі баю жолына түскені сонша, ештеңені елемейтін болды. Ойлай- тындары тек мол қарпу, аямай асау. Ақ адал тапқаны болса, аузын жағы айырылғанша ашсын, мейлі. Мәселе, басқада, оңай мал табуда, қанағатты ойламауда.
Жақында бір ағамыз қазіргі ықылық атқан, сонда да байыған үстіне байи түсу әрекетін үдеткен үстіне үдетумен әлек болып жүргендер жөнінде қатты қамығып, ауыр сөз айтты.
– Апыр-ау, бұларға сонша байлық неге керек екен? Дүние – боқ. Соны да білмей ме? Қанша байлық жинағанымен, адам кетеді ақ мата жамылып, тапқан-таянғаны қалады. Миллиард-миллиард ақшасынан, зәулім-зәулім сарайынан адамға бұйыратыны – бар болғаны алты-жеті кез ақ мата, арам байлық қалады.
– Қайран ақ көңіл ағам өстіп күйінді.
Әлімсақтан осы, бұл фәнидегі кедейдің күні кіжінумен өтеді, бай көл-көсір өмір сүреді. Адамдарды теңестіретін тек бақи дүние.
Адамда қанағат болмаса, қиын.
Өмірде де, өнерде де қанағатсыздық зияны аз айтылмаған. Солардың ішіндегі ғажабы – Лев Толстойдың «Адамға қанша жер керек?» деген әңгімесі. Ұлы гуманист Толстой осы шап-шағын әңгімесінде романға жүк боларлық ой айтқан. Орыстар Орал тауына тұмсығын енді тіреген тұста, ягни беріде бір орыс башқұрттардан жер сұрайды. Башқұрт айтады:
– Мен ана төбенің үстіне шығып отырамын, сен кешке дейін айналып өткен жеріңді ал, бірақ күн ұясына кірмей тұрып төбенің үстінде отырған маған жетуің керек, жете алмасаң, жер жоқ.
Содан әлгі орыс біраз жүрген соң қанағатты ұмытады, көбірек қамтымақ болып, шығандап шығып кетеді. Бір уақытта қараса, күн көкжиекке барып қалыпты. Орысың екі өкпесін қолына алып, төбеге қарай құстай ұшады. Қайда, тым ұзап кетіпті, төбеге күн батпай жетемін де қанша ұмтылғанымен, болмайды. Башқұрттар келеке-мазақ етіп шулап тұр төбе басында, орыстың өкпесі өшіп, әл-дәрмені құрып, талып жығылады да жан тісілім етеді.
Қанағатсыз ақымақгы ұзындығы 3 метр, ені 2 метр жерге көмеді. Жазушы: «Адамға қанша жер керек?» деп ащы мысқыл айтады. Тойымсызды қорлау осындай-ақ болар! Бұл – барлық қанағатсызға айтылған қарғыс!
Қанағат жөніндегі айтарымызды сәл іркіп, орыс отаршыларының мынандай тойымсыз, ақымақ өкілі емес, зымияны жайлы бір әңгімені айта кетуді жөн көрдік.
Орал тауынан бері асқан орыстың қазақтың кең даласына ендеп те, бойлап та ену әрекеттері том-том әңгіме болар. Соның бір кішкентайы мынау:
Орыстың бір мұжығы қазақ байынан жер сұрапты.
Қазақ байы көнбепті.
Сөйтсе мұжық:
– Бар болғаны өгіздің терісінің көлеміндей жер бер, - депті.
Қазақ келісе кетіпті. Онымен қоймай, орысты «Ақымақ», - деп ойлапты.
Сөйтсе, орыс бір өгізді сойып, оның терісін жіп-жіңішке таспа етіп тіліпті. Таспа құлаш-құлаш болып, кергенде ауданы кәдімгідей жерді алыпты.
Қазақ алданып қалғанын біліп, бармағын шайнапты, орыс миығынан күліп, мәз болыпты.
Орыс отаршылары жергілікті халықтардың жерін тағы басқа да талай жолдармен: күшпен де, алдап та алған ғой, тойғанша да, тойған соң да тоқтамаған.
Ал, қазіргі алпауыттардың араны одан да орасан ашылған, мұнай мұнарасымен, газ құбырымен сыйып кетіп жатыр.
Қанағаттың ауылы алыстаған қай заман бұл?!
СӘБИ МАХАББАТ ӘНІН ҚАЙТЕДІ?
Жамбыл облыстық телевизиясы – облыс өмірінің айнасы. Облыста не болып, не қойып жатқаны туралы халық алдымен телевизия хабарларын көріп, тыңдап біледі. Телевизияның хабарларын талдап саралау біздің шаруамыз емес. Сонда да, бір сөзбен айтсақ, қазіргі ақпараттар ағыны ерекше екпін алған тұста облыстық телевизия бағдарламаларынан көп жайдан хабардар болып отырғанымыз бізді қуантады.
Біз енді шөпті де, шөңгені де өлең деп білетіндердің санатынан емеспіз, баспасөздің әр жарияланымына, радио мен телевизияның әрбір хабарына өз түсінік-түйсігімізбен қарап, ой түйеміз, жақсысына сүйсінеміз, жаманына сан соғамыз.
Телевизия бағдарламаларының бір айшықтысы – «Ақ тілек». Атының өзі айтып тұрғанындай, бұл бір адамдарға ұзақ, бақытты өмір, шат тұрмыс, махаббат, мейірім, достық, сыйластық тілейтін, әсем ән төгілген әдемі бағдарлама. Жүргізушісі Эльвира Әмзеева да көркіне үні сай әйбат қыз. «Ақ тілекті» көрген адам ажарланып қалады.
Бірақ, иә, барлық нәрседе «бірақ» болады. «Ақ тілектің» бірағы көңілге әртүрлі ой салады. Қаттырақта болса, айтуға тура келеді, осында көңілге мүлдем қонбайтын сорақылық бар. Ол – емшектегі баланы құттықтап, «жақсы бір ән беруін» сұрау.
Аллам-ау, емшектегі, мейлі бірдегі, екідегі бала не біледі, оған құттықтап жатырсың ба, ғайбаттап жатырсың ба, бәрібір, түсінбейді. Одан да сорақысы сәбиге арналып махаббат әндері шырқалады.
Бұл келеңсіз жайды мен көптен білемін. Бір кезде телевизия қызметкерлеріне айтқым да келген, оған жөні болмады. Өйткені мен «Ақ жолдың» бас редакторы едім, адамдарға «Телевизияны қойып, балаларыңды, жалпы бір-біріңді «Ақ жол» арқылы құттықтаңдар» деу бәсекелестік заңына қайшы келетін еді. Қазір бейтарап адам ретінде: «Нәрестелерді, жас балаларды мейлі «Ақ жол» болсын, мейлі «Ар-Ай» болсын, газет арқылы құттықтаған жөн» деймін. Бүгінгі сәбиді – құттықтау шыққан газетті сақтап қойып, оған кейін есі кіргенде көрсетсе, қандай ғанибет болар еді.
Содан кейін, біз, қазақ, өлең сөзді жақсы көреміз. Өлеңмен сөйлесек, сөзіміз әсерлі шығады деп білеміз. Солайы солай, алайда, ол өлең болуы керек. Біздің құттықтау өлеңдеріміз – былдыр-батпақ. Бұл – жалғыз телевизияға ғана емес, барлық бұқаралық ақпарат құралдарына тән кемшілік.
Біз – ақын халықпыз. Бір шумақ өлең шығармайтын, бір ауыз ән айта алмайтын қазақ жоқ. Құттықтауларда мейлі өлеңмен, мейлі қара сөзбен, әйтеуір әркімнің жүрегін жарып шыққан сөз айтылуы тиіс. Тәжірибеден білеміз, адамдар құттықтау мәтінін өзінен гөрі БАҚ қызметкерлерінің жазғанын жақсы көреді. Біреудің шаруасын біреу істеу – «Жаны ауырмастың қасында белі ауырмастың» кебі. Күнде-күнде құттықтау жазып, ерқашты болған журналист дайын сүрлеуге салады, қан-сөлсіз бірдеңе жазған болады. Тіптен ол қаншама ұқсатып жазғанымен, айтылған ақ тілек құттықтаушының өзінікі емес, өзгенікі. Атам қазақ мұндайларға «Тісі шыққан балаға шайнап берген ас болмас» деген. Сол айтпақшы, тілі шыққан кісіге жазып берген сөз болмас.
«Ақ тілек» суреттерін жариялаудың да өз үлгісі болуы керек. Біздің жағасы жайлауда ағайындарымыз қолына түскен суретті алып келеді. Ақ тілек арналған адам кейде жалғыз, кейде бір топ кісілердің ортасында тұрады. Әрине, соңғы нұсқа ыңғайсыздық туғызады, ақ тілек арналған адамды бөліп алу керек болады. Бұл бұрын қиын еді, қазір компьютерге түкке де тұрмайды. «Ақ тілек» сонда да қолға түскен көп адам бейнеленген суретті сол күйінде көрсетеді, ал «Ақ жолдың» қалыптасқан сара жолы бар – ақ тілек арналған адамның жан- жағындағыларын алып тастап, жалғыз өзін қалдырады.
Адамға арналған шаруаның ұсақ-түйегі жоқ.
Осыны бір ойлап қойған жөн болар.
БІРЕУ ЕРТЕ, БІРЕУ КЕШ
Студенттік күнді бірге өткізген дос, бұл күндегі академик Рымғали Нұрғалиев:
– Жапондар баласын он үшке келгенше бетінен қақпайды, шекесінен шертпейді. Бала басын жарып, көзін шығарып жатыр ма, ұрыспайды, «қой» демейді. Тәрбие жұмысын бала он үшке толған соң бастайды, - дейді.
Қызық!
Қазақтың қағидасы: – «Баланы – жастан».
Қазақ баласын он үшке келгенше тәрбиелеп бітеді. Он үште ұл – отау иесі.
Жапондікі дұрыс па, қазақтікі дұрыс па?
Екеуі де дұрыс, жапонның тәрбиесінен жапон, қазақтың тәрбиесінен қазақ шығады.
Рас, қазақ та баланы аты-жөні жоқ жәбірлемеген, жақсысын асырып, жаманын жасырып тәрбиелеген. Заты жуас қазақ баласы айтқанға көніп, айдауға жүрген. Біздің ақылды ата-бабамыз баланы жасытпай, жабырқатпай еккен тәрбиені.
ОҢАЛТУ КІЛТІ – СӨЗ
Ас – адамның арқауы. Осы ас төңірегінде-ақ ақырын ғана талай ғибрат аларлық ақыл айтылған. «Асық ойнаған азады, доп ойнаған тозады, бәрінен де қой бағып, көтен-мойын жеген озады» дегенді естіп өскен бала малсақ, еңбекшіл болып ержетеді, кейін шаруақор адам болады. «Мешкей деген жақсы ат еместі» естіген бала қайтіп қана қомағай бола қойсын. «Жаманнан жарты қасық ас қалады» деу – ысырапқа жол бермеу. «Ас тұрған жерде ауру тұрмайды», «Ас ішсең, атауыңдай іш» деп айтпаса, ойын қуған балалар қайтпас еді.
Наннан үлкен ас жоқ.
Шешем айтатын:
– Басқа тамақтың бәрінен шығасың, мысалы етті бір же, екі же, үшіншіде беттемей қаласың, нанды қанша жесең де шықпайсың. Нан жарықтықты ерте де, кешке де же, жей бергің келеді.
Әкем айтатын:
– Наннан қасиетті ештеңе жоқ. Нан құраннан да үлкен. Жоғарыда тұрған құранды нанға шығып алуға болмайды, жоғарыда тұрған нанды құранға шығып алуға болады.
Мен айтамын:
– Дастархандағы асты да, басындағы ойды да, тілі ұшындағы сөзді де бастықгардың алдына тосып үйренген жағымпаздарымыз ұлттық даналығымыздың осы ғажайып үрдісін СОКП Орталық Комитетінің бас хатшысы Л.И. Брежневтің жағы түскен, тілі келмейтін аузына салып қор қылды. Қап! Бассектің құраны басқа, коммунистік партияның манифесі, жарғысы болатын.
Осы жуырда немерем:
– Ата, бала ми жесе, не болады? - деп сұрады.
Ойланып қалып барып:
– Бала ми жесе, миы көп, ақылды болады, - дедім.
– О-о, ми жеймін! - деп қуанды немерем.
Мен койдың басының миын алдым да, жартысынан астамын немереме бердім, қалғанын өзім жедім.
Немеремнің баланың ми жеуі, жемеуі жөнінде сұрауы тегін емес еді, үлкендердің: «Балаларға ми жеуге болмайды, жесе миы ылжырап кетеді» дегенін естіген ғой. Қазақтың мұнысы – дәмдіні үлкен жесін дегенді кішінің көңілін қалдырмай айту. Сүйектің майы шырын болатынын білмейтін қазақ жоқ. Үлкендер оны өзі жеу үшін балаларға: «Сүйектің майын жесең, мұрынбоғың көп болады», - деп алдаусыртқан. Жас баланың тісі пышақтай өткір, оларға сирақ, құлақ берген, «Шашың жібекше таралып өседі», - деп қыздарға желке жегізген. Өзінен-өзі түсінікті, ондағы ой – жылы-жұмсақты қарт жесін, жастардың еншісі – сирақ, сіңір, желке. Осыны дігерлемей, сыпайылап қалай жеткізген, шіркін, біздің үлкендеріміз!
Осының өзінен-ақ үлкенді сыйлау дейтін ең ізгі тәрбие орнығатын. Алға ас келген екен, үлкен бастамай, кіші қол салмайтын.
Қазір оның бәрі үзілген. Кіші үлкеннен бұрын табаққа қол салғанды айтасыз, қолындағысын тартып жейді. Балаларды алдаусырата алмайсың, өзіңді алдайды.
Бұл – келімсектердің өмір салты. Балаларымыз солардың балаларынан үйренген. Біз де солардың ересектерінен үйреніп, балаларымызды жер-жебіріне жетіп ұрсып тәрбиелейтін болдық.
Тілімізге оралу қиын ба, ділімізге оралу қиын ба, белгісіз, белгілісі – қиынның қиыны.
Қазақ тілінің көсегесін қайтсек көгертеміз деген ой, тірлік күн тәртібінен түспей жүргелі қашан, ал ділімізге оралу жөнінде жөнді әңгіме өрбіп көрген емес.
Тілге де, ділге де оралудың, оларды оңалтудың кілті – сөз. «Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады» дегеннен асқан құрмет бола ма сөзге.
Сұр жыланды жібіткен сөздің сотанақ баланы да балқытары анық.
Көңіл жықпау – діліміз,
Мұны бәрің біліңіз.
МАЛДЫҢ ТҮР-ТҮСІН БІЛГЕН ОҒЛАН
«Төрт түлік малдың ішіндегі ең естісі – жылқы» – деседі қазақ. Тегі біздің халқымыз білген, жылқы, шынында да, ақылды мал. Кірпияздығы адам таңданарлық. Жылқы ағын суды ғана ішеді, тоқтаған суды татып алмайды. Әрине, мөлдір бұлақ пен таза құдықтың суын да қанғанынша сіміреді. Сиыр сауылған шелектен жиіркеніп, басын кегжең еткізіп көтеріп алады.
Жылқы керемет жершіл. Түнде, яки түтеген боранда адасқан адам басын еркіне жіберсе, аты ауылын жазбай тауып келеді. Жақсы ат иесінің сенімді серігіне айналып кетеді. Адамның айтқанын бұлжытпай орындайтын аттарды кинодан да, өмірде де талай көріп, таңданған жайымыз бар. Оған біреу сенеді, біреу сенбейді, өз басым күмәнсіз сенемін.
Аттың бейбіт күнде көлік, жаугершілік кезде сенімді серік екені бесенеден белгілі. Қуса, жетіп, қашса, құтылатын ат – ер қанаты. Ертеден-ақ батыр мен ат қатар аталып, мадақталған. Алпамыстың байшұбары, Қобыландының тайбуры- лы, Қамбардың қарақасқасы – халықтың ерекше ілтипатына бөленген жануарлар. Кендебайдың керқұла аты ақыл айтып сөйлейді. Әлбетте, өмірде бұлай болмайды, алайда, мұнда халықтың жылқы малына деген разы пейілі, шексіз сенімі көрініс алған.
Қазақ жылқыны мінсе көлік, жесе ет, ішсе қымыз ретінде де қастерлеген. Жылқыны, жалпы мал атаулыны түр-түсіне, жасына қарай атауда қазақтан тапқыр халық жоқ. Ойдың оралымдығын, тілдің байлығын көрсететін ол атауларды біз мақтан тұтсақ керек. Жылқы малының жасына қарай атаулары былай болып келеді: құлын, жабағы, тай, құнан, байтал, дөнен, дөнежін, бесті, бие, айғыр, осы атаулар жылқының жынысы мен жылын білудің анықтамасы іспетті. Торы, құла, қара, боз, құба, құбақан, күрең, жирен, қызыл, көк, сары, боз, ақбоз, бөрте, бурыл, шұбар, қасқа, төбел, кер, ақ танау, ақ табан сөздерінің мағынасын түсінген адам жылқыны жазбай таниды. Өкінішке орай, халқымыздың мұндай зеректігі кеміп барады, қазіргі қазақты қалың жылқының ішіне қоя беріп, «Күреңді ұстап мін» – десең, қай атқа тап берерін білмей тұрып қалатыны анық. Күрең мен жиренді айыру үшін қазақ болу керек. Сәкен Сейфуллин жазған қызыл аттың қандай ат екенін білу үшін нағыз қазақ болу керек. Қазіргі қазақтың көбі қызыл атты жирен атпен шатастыратыны күмән туғызбайды. Шын мәнінде, қызыл ат – боз ат. Боз және жирен қызыл деп жүргендері осы – жирен түгі аралас атты қызыл ат дейді.
Малды жасына қарай атау, түсін түстеу, жасын анықтауда мен Аманханнан жүйрік адамды көргенім жоқ. Болайын деп тұрған бала еді, әттең, қыршын кетті. Аманхан – менің досым Қарауылбек Қазиевтің немере інісі. Олардың аталары Мақат малшы еді. Аманхан атасының үйінде өскен.
Қарауылбек екеуміз университетке түсіп, бірінші семестрден соң ауылға келгенбіз. Аманхан оныншы сегізінші оқитын. Бізге қызыға қарап, түбі сөз қуған адам болатынымызды біліп, қажеті болар-ау деп мал жөнінде төгілтіп әңгіме айтқаны бар еді. Әңгімесі мал жөнінде болғанымен, біздің халқымызға деген мақтанышы, сүйсінісі ғажап еді. Бізден көп кіші бала:
– Ағалар, дүниеде қазақтан ақылды, білгір халық жоқ. Мал атаулыны жасына, жынысына, түрі-түсіне қарай соншама дәл, барша қасиетін жан-жақты қарастырып бейнелеген халық жоқ, - деп тебіреніп еді.
Қайран бала Кеңес әскері қатарында қызмет етіп жүрген жерінде бір оңбағанның оғынан қаза тапты.
Мен: «Қарауылбек екеумізден гөрі сол бала мықты қаламгер болатын еді-ау!» - деп қазір де өкінемін. Аманхан маған ұлтын шексіз сүйген патриот болып көрінеді де тұрады.
Аманханның өліміне себепші болған оның осы өз ұлтын шексіз сүюі болған шығар деп те топшылаймын. Әскерде қызмет еткенімде көрдім ғой, онда орыс шовинизмі сұмдық өріс алған болатын. Өзге ұлттың өкілдеріне орыс солдаттары ойына келгенін істейтін: ұрып-соғатын, есебін тауып өлтіріп те жіберетін.
Аманханды жерлеуге әкесі – Ұлы Отан соғысына оң аяғын беріп қайтқан Мейнақ ағамыз барды. Сондағы алып қайтқаны Аманханның аппақ көйлекпен боп-боз болып төсекте жатып түскен суреті. Есіл ер көзі жәудіреп алыста қалған елімен, кіндік кескен жерімен, құлын-тайдай тебісіп өскен достарымен қимай қоштасып жатқандай кейіпте екен. Біздерге, екі ағасына, Қарауылбек екеумізге де мұңын шағатындай, аянышты. Жүрек сыздады, басқа амал жоқ. Шарасыздық шарықтаған заман еді ғой ол.
Малының жайын білген қазақ – нағыз қазақ. Аманхан сол еді, көктей солды. Оны жалмаған тажал – еріксіз ел болған күніміз, құлақ кесті құл іспетті күйіміз. Келмеске кетсінші, қайтып келмесінші сол қою қара бұлтты күндер. Өз елінде емін-еркін жүрмеген, ашық-жарқын күлмеген адам – бақытсыз. Адамды пәле-жаладан қорғайтын күш – қоғам. Қоғамына қарай адамы дейтін сөз өте орынды. Тәуба, қазақты қорғайтын қоғамы, заңы бар мемлекетімізді мақтан етсек болар енді.
Біздің алтын құрсақты аналарымыз талай Аманханды әкелер өмірге әлі. Солар өз жерімізде еркін өмір сүрсе екен. Басты тілек – осы, басқасы – бола жататындар.
ӘР СӨЗДІҢ ТҮБІ – ТЕРЕҢ
Мына қызықты қараңыз, адамдар жас санауды білмейді. Таңданыңыз-таңданбаңыз, солай. Нанбасаңыз, осы жылдың басында, яғни қаңтар айында елуге толған адамнан «Қаншадасыз?» деп сұраңызшы, «Елудемін» дейді. Шын мәнінде ол елуге толған күннен, сағаттан, минуттан бастап елу бірде. Менің бұл айтқаныма таласатындар табылар, оларға айтарым: елуді шұңғыл ыдыс, жылды соған құйған су дейік. Ыдыстың сыйымдылығы елу литр, әр литр бір жас бол- сын. Ыдысқа елу литр су құйдыңыз екен, грамм артық болса, асып төгіледі. Жас та солай, елуге толдыңыз бітті, ендігісі артық, елу бірдің еншісі. Осы сәттен бастап елу бірдесіз. Бұл ретте орыстар дұрыс айтады: «Исполнилось пятьдесят лет», «На пятьдесят первом году жизни» деп. Мұны «Елуге толды», «Елу бірге қараған шағында» деп аударып жүрміз. Бұл аудармалардың алғашқысы дұрыс, соңғысы – қате, оны елу бірде деген жөн.
Сөз бар ма, бұл – білімсіздіктен емес, әр сөздің түбіне терең бойламаудан орын алып отырған жайт.
ЖАМАН ҚОРС ЕТЕДІ
Зейнеткер адамның бір ермегі теледидар көріп, радио тыңдау. Мен көбіне радиодан берілетін халық әндері мен күйлеріне құлақ түремін.
Халық әндерінің кез келгеніне салынып айтыла беретін жақсы бір мәтіндер бар. Соның бірі – мынау:
Бір жұлдыз бар әуеде айдан жақсы,
Бір кедей бар Арқада байдан жақсы.
Бір сөз айтса жаманға, қорс етеді,
Қорғасындай балқыған қайран жақсы.
Бір әнші осындағы «қорс» етеді дегенді, «былқ етпейді» деп айтты.
Аңдағанға бұл екі сөздің мағынасы екі түрлі. «Қорс» етеді мінезі жаман, шыртылдақ, «былқ етпейтін» момын, жуас адамды бейнелейтін сөздер.
Осыны бір үлкен кісіге айтып едім, ол күліп алып, бір күлкі әңгіме бастады.
Бұл әртіс те, басқалары да, халық та оны басында «қорс» етеді деп айтатын, кейін бұзылды. Себеп: қорс ететін жануар – шошқа. Ал, шошқа – орыстың малы, оның еті – атасының асы.
Шошқаны жек көру, оны қанша қорсылдаса да «қорс» етеді деп қорлау, мұны әншейін айтса, бір сәрі, әнге қосып тұқырту орысты жек көру емей, немене. Қызыл империяның қырағы идеологтары бұған қалай төзсін, бір дөкейі әншіні, оның бастығын шақырып алып, ит терілерін басына қаптайды. Содан соң атақты әртіс амалсыздан ән сөзін бұзып айтатын болады, кейінгілер еш ойланбастан соны қайталап жүр.
Енді не, тәуелсіздік алдық, орыстың шошқасы тұрмақ, өзіне де қарап сөйлей алатын болдық. Ал, бірақ ән сөзі сол күйінде айтылуын қояр емес.
Адам деген бір мезгіл не айтып не қойғанын білсе қайтеді?!
ЗЫМИЯН
Жақсылық пен жамандық атаулының көрініс алуы әр қилы. Жақсылықтың аты жақсылық, оны жария етіп те, білдірмей де жасауға болады. Жақсылықтың ешкімге зияны жоқ. Ал, жамандық – басқа. Жамандық жасайтындар, меніңше, екіге бөлінеді. Алғашқысы – ардың-гүрдің, ақымақ. Ақымақтың жамандығы – ашық, көп зияны да жоқ, екіншісі – зымиян, нағыз пәле әне, сол. Ал, егер ол бастық болса, Құдай ұрды, дей бергін.
Осындай бір зымиян басшының қулығына құрық бойламайтын қылығын кезінде ол билік жүргізген бір ауданның азаматтары әрі ызаланып, әрі күліп айтып отырғанын естігенім бар. Ызаланатыны – олар қулық көрген, күлетіні пәледен құтылып, арқа-бастарының кеңігені.
Сонда зымиян басшы не істеді дейсіздер ғой, бар болғаны өзіне бағынышты, бірақ бағынғысы келмейтін адамдардың үстінен оған бағынатын адамдарға өз атына бағыштатып арыз жаздыратын. Арыз қолына тиген бойда зымиян басшының Құдайы беретін, дереу комиссия құрып, әлгі басы асау ба- тырды башпайының тырнағынан төбе шашына дейін тексертетін. Тексеру нәтижесін дұрыс-бұрыстығына қарамай, өзі төрағалық ететін алқа отырысына салып, жауыққан адамын айызы қанғанша езгілейтін.
Зымиян бір басына дүниедегі бар пәлекетті үйгізген бір пақырдың мәселесі қаралған отырысқа облыс басшысы Ербол Құсайынов қатысады. Алдымен арыз оқылады. Арыз иесі – қатардағы қызылшашы, сөз саптауы – экономистікі.
Облыс басшысы:
– Апырау, мына арыз қызылшашы жазды дейтінге келмейтін сияқты, абайлаңыздаршы, - дейді.
Жазықсыздан жапа шегіп тұрған жазған:
– Ереке, мұны жазған адам – мына әкіміңіз. Бұл кісі әкімдіктің бір белді қызметкеріне жаздырып, ол қызылшашыға көшіртіп алған. Арғы жағы – осы, - дейді.
– Бұл қалай сонда?
Әрі қарай әңгіме қызып жүріп береді.
Енді алқа отырысына қатысып отырған зымиянның талай рет тізесі батқандар кезек-кезек сөйлеп кеп береді.
Облыс басшысы сазарған күйі отырып қалады, сол ешкімге тіс жармаған бойы аттанып кетеді.
Зымиянның қорлығын көрген жұрт: «Құтылатын болдық-ау!» - деп қуанып қалады.
Шынында да, қуаныштары баянды болады, осыдан бір ай уақыт өткенде зымиян басқа ауданға басшылыққа ауыстырылады.
Мейлі, ғой, қорлық көрген жұртқа бұдан басқаның керегі не, барсын. Ал, бірақ ол барған жерін оңдыра ма, мұны енді облыс басшысы ойлауы керек еді, оның ұйғарымы осы болды. Сөз бар ма, облыс басшысы бәрін біледі, өмірде себеп те, салдар да көп, соның қайсысы әсер етті, ол жағы Ерекеңнің бір өзіне ғана аян.
ҚАЙРАН ҚАЗАҚТЫҢ ҚАРА ШАЛЫ
Бұл күнде мерейтой көбейді. Көл-көсір дастарханға көз, көпірме сөзге құлақ үйренді. Қай асқа қасық, қай шалқымаға құлақ саларын білмей бөгіп отыратын болды жұрт мұндай тойларда. Тойлардың дастарханы айны-қатесіз ұқсас, өйткені ас бір аспаздың қолынан шығады, сөйленер сөз де біреу-ақ, аянбай мақтау, жабыны тұлпар, күйкентайды сұңқар ет, бәрекелді.
– Мына той қызық басталды.
Той иесі суайт еді.
Тойшыларға бәрібір, өзіне сөз беріледі-ау дегендері айтатын тәтті лебіздерін жұптап отыр.
Тойды ашу үшін сөз той иесінің ағайын ақсақалына берілді.
Ауылдың кәдімгі қара шалы микрофонды қолына жасқана ұстап, шошыңқырап аузына жақындатты да:
– Қарағым! - деді. – Сен елуге шыққанша елді алдап келіп едің, енді қоярсың. Бізге де, саған да керегі сол, - деп микрофонды той иесіне ұстата салды.
Айналайын қазақтың қара шалы, шындықты сен айтпасаң, кім айтады, мына қошеметшіл ағайыннан оны күту – күпірлік.
АЯЛДАМА АТЫ
Кейінгі кезде мен 25 және 17 нөмірлі автобустарға жиі мінетін болып жүрмін. Бұл екеуі жүретін жолда Қонаев аялдамасы бар.
Автобустардың кондукторлары кез келген аялдамадан шыға бере келесі аялдаманың атын айтып, «...бар ма?» деп сұрайды. Сонда кондукторлар өзіміздің қара көз бола тұра «Кунаева бар ма?» деуден бір танбайды. Бұл – грамматикалық жағынан сауатсыздық. Біздің сауатсыз бауырларымыз орыстың «Остановка Кунаева» дегенін қазақша айтқан болып отыр. Орыстар ілік септігінде айтып отыр, олар қазақтың ұлы перзенті Қонаевтың кім екенін білмесе де ер адам екенін біледі, ал біздің білімсіздер Қонаевты (айтуға ауыз бармайды), кімге айналдырып жібергенін білмейді.
Жарайды, орыс тіліне шорқақ-ақ болайық, ал ат жалын тартып мінген қазаққа Қонаевтың кім екенін білмеу өлім емес пе?! Өлімнің көкесі!
«Театр киім ілгіштен басталады» деген сөз тегін айтылмаған, ең бастысы, ол – театрға келген адамның мәдениет – тілігін білдіреді.
Ал, қоғамдық транспорт – оны жүргізушілердің, кондукторлардың мәдениеттілігімен қоса саналылығын да білдіреді. Егер біздің автобус, троллейбустарымызда өз елін сүйетін адамдар қызмет етсе, осыдан алды он, соңы төрт-бес жыл бұрын өзгертілген көшелер атымен аталатын аял- дамаларды сол бұрынғы қалпында жариялар ма еді. Білгенге аялдаманың атының өзі – патриоттық тәрбиенің көзі.
БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІ КЕМСІТУГЕ КЕЛМЕЙДІ
Мені, анығырақ айтқанда, менің жазғандарымды менсінбеген бір ағай:
– Әй, қойшы соны, балаларға арналған шығармалар ғой, - деді әңгіме кезінде.
Балалар жазушысын, анығырақ айтқанда, балаларға арналған шығармаларды ауызға алғысыз етіп отырған адамды бірінші рет көруім еді бұл.
Мен балалар жазушысы болғанымды бақытым деп білетін едім.
Әжептеуір сөзге келдік.
Ол ағайды алған бетінен қайтару мүмкін емес екен.
Қазір де мен мына әңгімені ол үшін емес, балалар әдебиеті үшін жаным күйіп жазып отырмын.
Менің жеке шығармашылығымды кім қалай бағалайды, ол – өз еркі, ал балалар әдебиетіне бұлайша мұрын шүйіріп қарау – білімсіздік.
Небір ұлы жазушылар балаларға арнап шығарма жазуды ардақты борышым деп білген.
Адамзат көркем ойының алыбы Л.Н. Толстой «Соғыс және бейбітшілік» эпопеясын жазып, даңқы мейлінше шарықтап тұрған кезінде тұтас үш жыл бойы балалар әдебиетіне өзіндік үлес қосумен айналысқан, «Әліппе», есеп кітаптарын, балалар түсінігіне лайықты бірнеше кітапша жазған. Сол әңгімелердің көлемі, қазіргі журналистік тілмен айтқанда, 20-30-ақ жол, салмағы – зіл батпан.
Ұлы орыс сыншысы В.Г. Белинский: «...должно родиться, а не сделаться детским писателем, это своего рода призвание. Тут требуется не только талант, но и своего рода гений», - деген.
Осы екі гәпті білген адам балалар әдебиетін, оның талмай жазып келе жатқан өкілі – мені бұлайша қомсынып, көңірсімес еді. Мен балалар жазушысы болғанымды мақтан етемін.
Ақылды адам айтпақ сөзін білер еді.
Ақылсыз адам білмей сөйлеуге беріледі.
ҚАРАУЫЗ – АЛҒЫР ТАЗЫМ МЕНІҢ
«Мен – апамның баласымын» атты романым «Жұлдыз» журналында жариялануға дайындалып жатқанда, Таразға қазақтың оқыған-тоқығаны көп білгір жазушыларының бірі Төлек Тілеуханов келіпті. Жолығып, әңгімелестім.
Төлек – «Жұлдыздың» бөлім меңгерушісі, менің қолжазбамды оқып, разы болыпты. «Әсіресе итің керемет екен», - деді Төлек. Мен білетін Төлек – сөзге жоқ, біреуді мақтау сөз аузынан шығып көрмеген жазушы.
Қатты қуандым. Енді қалай, сиясы әлі кеппеген шығармам мақталып отыр.
Шынында, мен романымда балалығымның апайтөс, алғыр тазысы – қарауыз жөнінде сүйсіне жазғаным рас.
Жазушыға кім, не туралы жазу үшін көп дайындық керек. Мен де қарауыз жөнінде жазуға аз дайындалғаным жоқ. Бұл ретте білгенге үйренерлік жазушылар – Джек Лондон мен Мұхтар Әуезов. Лондонның «Ақ азуы» мен Әуезовтың «Көксерегін» оқыған адам ит туралы қалам тартудың қыр-сырына әбден қанығары аян. Бұл екі ұлы жазушыда елеулі айырмашылық бар. Лондон ит болып жазады, Әуезов ит туралы өзі баяндайды. Лондон тіптен ит туралы жалғыз «Ақ азу» емес, тағы екі роман жазған. Ол «Джерри – аралдық», «Майкл – Джерридің інісі» деген романдарында итті басты кейіпкер етіп ала отырып, өзі өмір сүрген қоғамның ең өзекті мәселелерін қопарып жазған. Ал, Мұхаң ойын баласы, аңғал Құрмаштың адаммен әсте достаспайтын жыртқыштың аузына түсіп қалғанын қатыгез өмірдің трагедиясына айналдырып өрнектеді ғой.
Әдебиетте бұл екі жазушыдан үйренгендер көп болды. Еліктегендер емес, үйренгендер олар. Мен солардың ішінен өзіміздің Мүхтар Мағауинді ерекше атар едім. Мұхтардың «Тазының өлімі» деп аталатын хикаяты иттің көкірек көзімен қазақ өмірінің бүткіл бір аумалы-төкпелі кезеңін керемет бейнелейді.
Мен болсам, Лашыныммен байланыстыра отырып, өзім бала болған кездің, яғни өткен ғасырдың елуінші жылдарының өмір шындығын өрнектедім. Онымның енді Төлек сияқты кірпияз жазушының көңілінен шыққаны – маған қуаныш!
БӘЙГЕНІ ШАППАЙ АЛҒАН АҒА
2007-ші жылды мен білетін адамдардың ішіндегі ең жақсы қорытындылағаны профессор Мекемтас Мырзахметов болды.
Бұл жылдың соңын ала Мәкең әдебиет пен өнер адамдарына арналған мемлекеттік стипендияны иеленді, Жамбыл облысының Құрметті азаматы атанды.
Біраз адам Мәкең ағамызды осы қуаныштарымен құттықтадық. Сөйтсек атақты ғалым стипендияға да, атаққа да өзін кімдердің ұсынып, олардың қалай беріліп жүргенін білмейді, сонша бір жарыла қуанып та отырған жоқ. Бәйгені шаппай алды деген осы-ақ болар.
Стипендияға да, Құрметті атаққа да адам талай өткелектен өтіп барып ие болатыны екінің біріне аян. Облыстың Құрметті азаматы атағын алу үшін кейбіреулердің әліне қарамай басын тауға да, тасқа да ұрғанын көріп те, біліп те жүрміз. Ал, Мәкеңе стипендия да, атақ та өз-өзінен бұйырған.
Бұл, әрине, бір қарағанға, әйтпесе, бұл талантты, дарынды еңбекқор адамның әдебиеттану ғылымына, облыстың қоғамдық өміріне қосқан үлесі тым қомақты. Оған көрсетілген құрмет – өзі өмір бақи сарыла зерттеп, насихаттап келе жатқан ұлы ұстазы Абайдың «Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға» деген ұлағатының анықтығының айқын көрінісі.
АБАЙЛАП СӨЙЛЕГЕН АЗБАЙДЫ
Өткен жаңа жылыңызбен құттықтаймын!
Қазақ радиосының адамдар бір-бірін құттықтап, музыкалы сәлем жолдап жататын бағдарламасында біреу осылай деп соқты.
Мен неге «соқты» деп кекесінмен айтып отырмын? Себебі құттықтаушы бұл жерде Жаңа жыл деп тек 1-қаңтарды айтып отыр, біздіңше 1-қаңтар – жаңа жылдың алғашқы күні, алда оның әлі 365 күні бар, өйткені биыл – кәбиса жыл, ендеше ол 366-ға толады.
Әңгіме ауанымен арифметикаға түсіп кеттім, әйтпесе, менің айтпағым: адам әр сөзін абайлап сөйлеуі керек. Бір кезде «Аздан да, көптен де үнемдейік» деген жақсы ұран болған, сол сияқты, аз айт, көп айт – ойланып айт. Әр сөздің түбіне терең бойламай сөйлеу олақтық қана емес, шолақтық та. Аузына келгенді ойланбай айта салатынға күйіп кеткен қазақ: «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» деп ескерткен. Абайламай сөйлегенге осыдан артық тұқырту сөз қайдан табылсын. Әр сөзді пішіп, кесіп сөйлеу – ақыл-ойдың көрінісі. Осыны білген адам сөзін түзер дегеннен басқаны айту – артық.
Достарыңызбен бөлісу: |