Шаншар атай. Жазама мақұлсыңдар ғой, әйтеуір?
Әшірбек. Мақұлмыз.
Шаншар атай. Ендеше, осыны мына «Шарттың» соңғы жағына қосып қойса қайтеді?
Әшірбек. Сөйту керек...
Шаншар атай. Онда айтыңдаршы ал, не деп жазу керек соны? (Балалар ойланып қалады).
Әшірбек. Өзіңіз жаңа айтпап па едіңіз: «Қатырам», - деп. «Қауын ұрлағанды қатырам», - деп жазу керек.
Бекен. «Жақсылап жаза тарттырам» деп қосу керек оған.
Шаншар атай. Табылған сөз. Өздерің тіпті ақын екенсіңдер ғой. Бекен, сен осыны ертең (шартты нұсқап) мынаның соңына әдемілеп өз қаріптерінен айнытпай қосып жазып қой.
Бекен. Мақұл, ата.
Санатбай. Айнытпайды бұл. «Шертпек шартын» жазған осы болатын. Қайтіп айнытсын? (Балалар Санатбайға бір-бір алара қарайды).
Шаншар атай. Е-е, сен де осында ма едің? Оқу қайда?
Санатбай. Ертең кетем.
Шаншар атай. Жоқ, ертең кете алмассың енді.
Санатбай. Неге?
Шаншар атай. Бүгін түнімен тұрасың осында, мына елмен бірге өзің тілеп алған жүкті көтеріп. Ал ертең ертемен бәріңді апарып ауылсәбетке тапсырамын. Егер ол: «Ақсақал мұныңыз не? Бұлардың түк жазығы жоқ, жақсы балалар», - десе, сөз басқа. Әй, бірақ өйте қоймас. Сірә: «Е-е, сізді алдамақ болған екен ғой бұлар. Сіз өкімет адамысыз, халық дәулетінің қорықшысысыз. Бәрін тізіп әкеліпсіз, рахмет, ендігі билігін бізге қоя беріңіз», - дейтін шығар, ауылсәбеттегілер.
Бекен. Ой, ата, өз жазаңыз да жететін шығар. Басқаны араластырып қайтесіз бұған?
Шаншар атай (Бекенге). Сонда не, аяғаның ба жолдастарыңды? Жөн. Бұларды аяу керек, бір себептен аямаған да дұрыс. Аяйтын себебі – жаза көріп, жапа шегіп тұр бәрі, аямайтыны – бұлар екеуімізді алдап, бағып отырған малымызға суық қолдарын салды. (Балаларға). Өздерің айтыңдаршы, солай емес пе?
Достарыңызбен бөлісу: |