Фатима. Мама, мен құжатымды беріп қойдым (ширығып).Біліп қойыңыз, мен ешкімнің ермегі бола алмаймын.
Сәлима. Сен кешір, айналайын! Бүгін бір ауыр күн болып тұр. Әлгінде паркте, мектепте бірге оқыған баламен, құдай-ау, не қылған бала, шалмен кездесіп қалып, үйге ертіп келдім. Ас үйде шай ішіп отырып, біраз әңгіменің басын шалдық. Ойламаған жерден біздің үстімізге Қайрат келіп қалып, сөзімізге араласа кеткені. Өзінен-өзі бұлқан-талқан болып, аузынан ақ ит кіріп, қара ит шықты. Әкесінен үлкен кісіге «Сен-сен» деп шап-шап етті. Маған айтып жүрген былапыт сөздерін де аямай ағыгты. Болмады бұл Қайрат, одан еститінім – өң бір қорлау. Оны өзің көріп те, біліп те жүрсің. (Жылап). Қайтем, қайтіп күн көремін?! Асылып өлгеннен басқа түк қалмаған сияқты!
Фатима(кемсеңдеп). Мама-маматай! Жоқ сұмдықты айтпаңызшы! Қайрат емес, айтқызып жүрген арақ. Арақ ішпесе, одан жақсы адам жоқ, білімді, ақылды.
Сәлима. Рас айтасың. Қайрат жасынан зерек, алғыр еді, мектепті де, институтты да кілең беске бітірді. Үлкен қызметкер болар деп едім, болмады.