Сәлима. Оның рас. Қайрат түсінер ме екен, бірақ соны?
Фатима. Түсінеді. Ол түсінбесе, біз түсінеміз. Сол жетпей ме?
Сәлима. Жетеді. Білмеймін, қалай аузым барып, ара түсерімді.
Фатима. Қиын-қиын, бірақ басқа амал жоқ.
Сәлима. Қайдам? Қайтпек керек? Бара көрейін.
Сәлима кетеді.
Фатима. Апыр-ау, енді қайттім? Қайрат сотталса!.. (Шошып). Жоқ, оның беті аулақ! Байсыз, баласыз әйелдің көрген күні қандай болатыны белгілі маған. Ер-азаматты аман қыла көр, алла!
Екінші бөлім
Үшінші көрініс
Ертеңгілік.
Сәлиманың үй-іші үрпиісіп стол басында отыр. Көңілсіз.
Дастарханның берекесі кеткен.
Фатима (абыржып). Мама, сіз қазір Сәлім ағайға тағы барыңыз. Көңіліңізге келсе де айтайын, кеше түк бітірмепсіз.
Қайрат. Бітірмейді де. Ештеңесінің қажеті жоқ. Мен сотталамын, сен қуыласың қолың әрең жеткен әкімшіліктен. Қылмыскердің әйелі ондай жоғары лауазымды жерде істей алмайды. «Мама» дейсің тағы мұны, бұл жетіп тынды екеуіміздің түбімізге.
Сәлима (ашуланып). Не дейді мына шіркін! Сенің түбіңе жеткен мен де, ешкім де емес, арақ.
Достарыңызбен бөлісу: |