Күнімбала. Сөйт, қызым, орныңнан тұр.
Ақбөпе (төсектен түсіп). Апа, кірісе беріңіздер ұзатуға. Мені Тантайдың уысынан ешкім ажыратып ала алмайды екен.
Жетінші көрініс
Құмдағы құдық басы. Солтай қауғамен науаға енді су
толтырып болып, еңсе көтеріп, бойын тіктеп тұра береді.
Сауытбек шығады. Солтай байқамай қалады.
Сауытбек.Ау, Солтайжан, аманбысың!
Солтай (жалт қарап). Аға! Ассалаумағалейкум! Сіз... Сіз кешіктіңіз. Ақбөпені алып кетті!
Сауытбек (мең-зең тұрып қалады). Ақбөпе!.. Арман!.. Ақбөпе жоқ, өмір бос! Солтай, Ақбөпе маған сәлем айтқан жоқ па? Мен білсем, Ақбөпе: «Маған жеткіз», - деп саған сәлемін айтып кетті.