Беделді адамдар — алтын қор. Мұны Асекең сынды ақылды басшылар жақсы білген.
Айтбай Назарбеков сондай басшы болған.
Мойынқұм ауданын ұзақ жылдар абыроймен басқарған бұл адам жөнінде айтылар әңгіме көп.
Айтбай Назарбеков мыжырайған жатаған үйлі Фурманов ауылын осы заманғы әсем кентке айналдырған. Айтекеңе бұл істе дала академигі, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаев өлшеусіз көмек көрсеткен.
Құрылыс, жол салатын болсын, басқа да тұрлаулы тірлік бастамақ болсын, Айтекең Жазекеңді машинасына отырғызып алып, Алматыға тартады екен. Содан ағызып отырып, Жаз-ағасын Димаш інісінің қабылдау бөлмесіне алып келіп, айтады екен:
– Ал, Жазеке, Димаш ініңізден аурухана сұраңыз.
Жазекең Д.А.Қонаевтың кабинетіне кіреді. Димекең Жазекеңді Құдайындай қарсы алады, бұйымтайын сұрайды.
– Әй, Қонай, - дейді Жазекең жарықтық, – Порманопкаға аурухана керек, бер.
Димаш Ахметұлы береді.
Фурмановкада қандай да бір күрделі құрылыс салуды ойға алған екен, Айтекең Жазекеңді алға тартады.
Соның бірде-біреуінде Димаш Ахметұлы қабақ шытып көрмепті. «Ұлық болсаң, кішік бол» деген осындай-ақ болар!
КҮЗДІҢ ДЕ КҮЗІ БАР
Қалихан Ысқақовтың «Қоңыр күз еді» атты әдемі хикаяты бар. 60-жылдардың басында кітап атына ие болған «қоңыр күз» сөзі содан бері қазақ бұқаралық ақпарат құралдарының бетін бермейтін болды. Журналистер күз жөнінде мақала жазған екен, «қоңыр күз еді» тақырып болады.
Шындығында, сары күз және қоңыр күз бар. Атынан да көрініп тұрғандай, шөп атаулы сарғайған шақ – сары күз, «сұрғылт тұман жерді басқан» тұс – қоңыр күз. Жазушы Кәмел Жүністегі мұның екеуін екі ай дейді.
Қ.Ысқақов осы қоңыр күзді жазып отыр. Жазушы өзінің балалық шағының қоңыр күздей қоңыр, ауыр болғанын хикаятына арқау еткен. Табиғат пен адам тағдырын астастырып, тамаша шығарма тудырған.
Ал, біздің түк білмес, ессіз еліктегіш жазғыштарымыз жиын-терін жүріп жатқан берекелі сары күзді де, сұрғылт күзді де «қоңыр күз еді» деп жаза береді. Күздің де күзі бар.
Қолға қалам ұстадың екен, нені болса да біліп, байыбына барып жаз, қаламгер ағайын.