Әлдихан Қалдыбаев



бет335/340
Дата06.02.2022
өлшемі0,75 Mb.
#48445
1   ...   332   333   334   335   336   337   338   339   340
БАУКЕҢ – НАҒЫЗ ҚАЗАҚ


Мақал-мәтелді білу бар да, қолдана білу бар. Олар орнымен қолдансаң ғана айтпақ ойыңды айшықтандырып, сөзіңді жандырып жібереді.
Мен бір мақалқұмар басшыны білемін. Ол мақал-мәтелдер кітабын көп оқиды, жаттауға әрекет етеді. Мақал-мәтелдерді қолдануға құмар, бірақ орнын тауып жымдастыра алмайды. Содан барып ол кісінің айтпағы бір жаққа, мақал-мәтел екінші жаққа тартып, сөзінің берекесі кетеді. Алайда, жағымпаздар ол басшыны сөзге шешен санайды және соларын өзіне жарыса айтқан кездері де болған. Басшы бұған сеніп қалған болуы керек, білетін аз ғана мақал-мәтелін сөзінің арасына көп тықпалайды.
Басшының бір мақалы мынау:
«Ақшаң болса қалтаңда,
Алай-бұлай талтаңда».
Жағымпаздар жапырылып тыңдайды, басшының өте дәл һәм тапқыр айтқанына таңырқап отырады.
Мақалдың дұрыс нұсқасын білетіндеріміз де таңырқаймыз.
Дұрысы:
«Ақшаң болса, қалтаңда,
Талтаңдасаң, талтаңда».
Қандай өткір, ақшалы ақымақты арқадан қағып отырып, жер-жебіріне жетпей ме?!
Халықтың алтын қорытпасы ғой – бұл, бір сөзіне тиюге болмайды. Кішкентай тидің екен, бүлдіресің. Қараңызшы, басшы: «Алай-бұлай» деп еді, қалталыға айтарымыз болбырап шыға келді. Халық: «талдасаң» деп еді, қалталы таба болды да қалды. Ендеше, мақал-мәтел мәтінін бір мысқал да айнытпай айтып, қажет жерінде дәл тауып қолданғанда ғана жанады.
Мақал-мәтелдерді шығарушылардың шеберлігінде шек жоқ.
Мынадай бір ғажап мақал бар:
«Аузында әзілі жоқтың,
Қойнында айбалтасы жүреді».
Неткен керемет!
Сөз түсінбейтін ноқайды жер ету осындай-ақ болар.
Сөз түсінген адамға мұнда біздің халықтық дәстүріміздің үлкен қайнары бар.
Қазақ кімнің кім екенін қалжыңмен сынаған.
Дана қарттарымыз өзінен кейінгілердің өресін байқау үшін қалжыңдап көрген, жауабын естіп, бағасын берген. Тіптен балаларды да әзілдеп байқаған.
Ұлы Бауыржанның ұлы Дінмұхамедті өстіп қалжыңдап сынағаны бар. Баукең ауырып Мәскеуде ауруханада жатады. Ойда жоқ жерде бір топ қазақстандық ауруханаға сау етіп келе қалады. Сөйтсе, Димекең Баукеңнің ауырып жатқанын естіп, көңілін сұрап келіпті ғой. Батыр іштей қатты разы болыпты.
Баукең енді сол кездегі Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Б.Әшімовты сынамақ болып:
– Димеке, мына тапалтақ сарың кім? - депті.
Б. Әшімов кәдімгідей ашуланып, томсырайып қалыпты.
Баукең Б. Әшімовтің тауанын байқап, онымен сөйлеспей қойыпты.
Баукеңе Әшімовтер қойнына айбалта тықсын, мойнына автомат асынсын, бәрібір, айтатынын айтқан.
Сөйте тұра батыр Баукең әзілді түсінген адамды әспеттеген, бүкіл қазақ сөйткен. Ал, Баукең – нағыз қазақ.
Нағыз қазақ әзілге алдырмаған, мақал-мәтелді қажетіне қапысыз жаратқан.

ӘР ІСТЕ САБАҚТАСТЫҚ КЕРЕК




Сабақтастық деген бір жақсы сөз бар. Бұл өмірдің барлық саласында қолданылады. Соның ішіндегі ең маңыздысы, меніңше, кадрлар сабақтастығы.
Коммунистік қоғамнан қалған бір әдемі қағида – іс тетігін кадр шешеді. Бұл – қандай қоғамда өмір сүрмейік, мағынасын, өзектілігін жоймайтын ұғым. Сол коммунистік қоғам кадр іріктегенде сабақтастыққа ерекше мән беретін. Басшы кадр қазіргідей аспаннан түскендей болып ғайыптан пайда болмайтын. Рас, облыс басшысын жоғарғы жақ іріктейтін, тағайындайтын, бірақ ол басшы қолына папкасын ұстап, соқа басы ғана келетін. Сөйтіп жергілікті кадрлармен түсінісіп жұмыс істейтін.
Әкімдік институты өмірге енген алғашқы кезде бізде команда деген бір сұмдық шықты. Мен сұмдық деп әдейі жазып отырмын. Туған жерінен табан аудармай, қызметтің барлық сатысынан өтіп шыныққан кадрлар тасада қалып, басшыға еріп келген командасының мүшелерінің тасы өрге домалағаны талайдың жігерін құм еткені сұмдық емей, немене. Басшының небір дүбәраларды жетектеп әкеліп, тұмсығын майға тығып жібергені – сұмдықтың көкесі. Ешкімнің әкесінің жұмысы жоқ, мемлекеттің қызметін ешкім меншіктей алмайды. Бірақ белгілі бір салада жанын салып қызмет істеп жүргендердің «Құдайдан үміті болады», өссем-ау, дейді. Сөйтіп жүргенде «жерден жік шықты, екі құлағы тік шықтының» кері келіп, бұл саланың проблемаларын білмейтін, ұжымның хал-ахуалынан мақұрым біреу дайын орынтаққа қонжия кетеді. Бұл – сұмдықтың дәдесі.
Сонымен, өзімізде жұмыссыздық белең алып, кадрдың қаншама алтын қоры бақадай аузын ашып қалғанда басшымен үйір-үйір болып ілесіп келгендер піскен егінге еніп, білем-білем құйрықты сорып жатты. Жергілікті жұрт олардың санын жүздеп санаумен шектеліп қана отырды. Өйткені күресерге дәрмен жоқ, әлгілердің бәрінің сыйынғанынан сүйенгені күшті еді, яғни олардың қолдаушылары басшының өзі.
Осы өресіз үрдіс өркендей берер ме еді, қайтер еді, Елбасымыз тыйып тастамағанда. Елбасының халыққа жасап жатқан жақсылығында шек жоқ, соның бір бірегейі осы болды. Бастап келген серкесі кеткен соң жетімсірей бастаған келімсектердің жылыстап кете бастайтынын өмірдің өзі көрсетіп жүр. Әлбетте, зардабы бірталайға дейін сақталады. Бұзылған сабақтастық қайта қалпына келгенше талай уақыт өтеді. Мейлі, өз өскініміздің кештетіп болса да жетілгеніне не жетсін!
Сабақтастықтың үзілгені өмірдің көп саласына зиянын тигізетінін көріп те, біліп те жүрміз.
Әкімдердің өзгергені – заңды. Оның жақсы жағы да, жаман жағы да бар. Жақсы қайда қашады, айтпай-ақ қояйық. Жаман жағы – сабақтастық бұзылады. Оның бізге мәлімі де, беймәлімі де бар. Ендеше біз көзіміз көрген жайды айтайық.
Тараздықтар жақсы біледі, қаланың қақ ортасында Атшабар атты алаңқай бар. Мұнда бір кездері қала тіршілігі қайнап жатады екен. Ұн базары, мал базары болып, халық көп жиналатын берекелі жер екен. Түрлі ойын-сауық ортасы көрінеді.
Сол алаңқай көп жыл бос жатты. Сол жерде қала сәнін келтіретін бір зәулім құрылыс салу керектігі көп сөз болды, қалай да әйтеуір реті келмеді.
Облысқа командасымен А.Қ. Тшанов келді. Ол қалаға әкім етіп Б.Ә. Жылқышиевті әкелді. Іскер жігіт Болат Әбжапарұлы қаланы жақсы басқарды. Болаттың назарын Атшабар алаңқайы да аударды. Төле би көшесінің түстігінде Қ. Рысқұлбеков атындағы саябағы гүлдеп, терістігінде Атшабар алаңқайының қаңсып жатқаны жараспайтын еді. Ол Атшабар алаңқайын Қ.Рысқұлбеков атындағы саябағына ұштастыруды ұйғарды да, қарбалас жұмыс басталды Алаңқайдың әр тұтам жеріне дейін жоспарланып, құнарлы топырақ тасып жеткізіліп төгіліп, алуан түрлі сәндік ағаш көшеттері отырғызылды, орындықтар орнатылды.
Сөйткенде облысқа да, қалаға да басқа әкімдер келді. Басталған жұмыс тасталды. Ол аз болғандай ендігі бір әкім тұсында біреулер қаншама жыл көздің қарашығындай сақталып келген алаңқайдың күн батыс жағын кертіп, не екенін ешкім білмейтін күмәнді құрылыстар сала бастады.
Бұл қаланың ортасында жапырақтай жер қалдырмай сатып кеткендердің тірлігі еді. Апырай десеңізші, халық талай әңгіме қылып, ел игілігіне айналар ерекше бір нысан салудан үміткер болған алаңқайдың тоз-тозы шықты.
Қазір енді осы алаңқайдың қалған жеріне элиталы деп айдар тағылған тұрғын үйлер салынып жатыр. Иесі алматылық көрінеді. Жерді, әрине, сатып алған. Тараздықтарда таласатын дірмән болмаған, алматылықтардың қолы жүрген кез еді ол. Алматылықтар енді өз жерімізде қымбат үй салып, өзімізді сорады.
Көрдіңіздер ме, жұмыста, тірлікте сабақтастық болмаса, елдің де, жердің де берекесі кетеді.
Қандай да команда мүшелері көбірек қарпысам, қалтамды қампайтсам деп келеді. Тойғанынша ішіп-жеп кетеді.
Өз ортаңнан өскен ұл туған жерге туын тіксем дейді. Бұларда команда жоқ, ел азаматына сенеді. Барлық тірлігі өткенмен сабақтас, сондықтан бас жарылып, көз шықпайды, бәрі ретімен, жөнімен өрбиді.
Мүшелері өңшең жемір команда деген сұмдықтың қанын сұйылтқан Президентке алғыс айтқың келеді.

ТІЛ – ХАЛЫҚТЫҢ БОЛАШАҒЫ




Қазақ тілін өрге сүйреу тікелей оқу-тәрбие жұмысына байланысты. Бұл жөнінде мен түйінді пікірімді осы «Тәмсілдерде» айтқанмын, ол – баланы қазақша оқыту. Қанша асығайық-асықпайық, бір кезде «Халықтың әл-ауқатын жақсарту шахтердің қайласы мен қойшының таяғына келіп тіреледі» деп айтылғанындай, қазақ тілінің оңалуы балалардың қазақша оқуына, яғни тіл ұстартуына келіп тіркеледі.
Ендігі жерде қазақ баласын жаппай қазақша оқуға бермесе, өстіп өкінгеніміз өкінген, өксігеніміз өксіген.
Қазір балаларымызды жаппай қазақша оқуға берсек, алдағы бір он жылда қазақша сөйлей де, оқи да, жаза да алатын жеткіншектер өсіп жетіледі.
Қазақ тілін игеруге жаппай жұмылған кез болды. Сонда елдің көңілін қалдырып, бетін қайтарған бір жай кездесті.
Ол – қазақ мектептеріндегі білім берудің нашарлығы. Бұл жөнінде осыдан он жыл бұрын облысқа белгілі ардагер Р. Келесовтың айтқан сөзі сүйектен өткен.
Мен немерелерімді қазақ мектебінен алып, орыс мектебіне бердім. Қазақтар бала оқыта алмайды. Өңшең әйел мұғалімдер сапалы білім бергеннен гөрі құбылтып өсек айтқанды жақсы көреді, - деген еді қария.
Әлгі кісімен әжептәуір әңгімеге барғанбыз.
Қазір мен басқаша ойлаймын, шынында да, қазақ мектептерінде оқыту сапасы орыс мектептеріндегілерден әлдеқайда төмен.
Біздің үкіметіміз ешкімді алалап-құлалап отырған жоқ. Мектептердің материалдық-техникалық, оқу-бағдарламалық жағынан жарақтандырылуы қазақ, орыс болып жіктелмейді, бірдей. Ал, оқыту сапасы қазақ мектептерін- де орыс мектептерінен қалып қойған. Мұның басты себебі мұғалімдерге келіп тіреледі. Жасыратын не бар, қазақ мұғалімдері орыс әріптестеріне ілесе алмайды. Әлбетте, қазақ мұғалімдерінің бәрін қаралай алмаймыз, бірақ қазақ мектептеріндегі білім берудің сапасының солғын екенін сол кісілерге тірейміз.
Біздіңше, мұғалімдердің Құдайына болмаса, үкіметке қоятын кінәсі жоқ. Тіптен нарық өз қыспағына қаншама алды деген кездің өзінде мұғалімдер мен зейнеткерлердің жалы қисайған жоқ.
Мен ертеректе намысын жыртып, ардагер ағамен тәтті ауыздың дәмін кетіргеніме қазір өкінемін, бүгінгі күні мұғалімдердің намысын жырта алмаймын. Қазақ мектептерінде оқыған жастардың білім сапасының төмен болатыны сынақтар мен байқауларда, тестілеуде жақсы мәлім болды. Сөйте тұра біз қазақ мұғалімдерінің жастарға сапалы білім, саналы тәрбие беру ісінде ұшан-теңіз жұмыс атқарып отырғанын жоққа шығара алмаймыз. Осыдан жиырма шақты жыл бұрынғы бір зерттеу республиканың белгілі шенеуніктерінің, атақты ғалымдарының, әдебиет пен өнер қайраткерлерінің дені қазақ мектептерінің түлектері екенін көрсеткен болатын, меніңше, қазір де олардың үлес салмағы көп. Бұл, әрине, қазақ ұстаздарының еңбегінің жемісі.
Елбасымыздан бастап есті азаматтардың бәрі қазақ тілін қайтсек көгертеміз деп жүргенде бұл мәселенің шешуі тікелей мұғалімдерге келіп тірелетінін еске салып, түрткі болғымыз келді біздің. Бұл жөнінде үлкенді-кішілі алқалы жиында аз айтылып жүрген жоқ, әдемі шешімдер де бар, бірақ атқарылғаны аз.
Біз – «Итің ұры десе, намыс қылатын» халықпыз. Мұғалімің басқа ұлттың мұғалімінен осал десе, өліп кетуге бармыз.
Ұрпақ келешегі жүктелген ұстаздар қауымының өзі де көтере алмас мұндай кінәні.
Ұлт болашағы сенің қолыңда, ұстаз!
Президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың өзі: «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде», - деп атап көрсетіп отырғаны бәрімізге жақсы мәлім.
«Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде сөйлейтін азаматтар», - дейміз біз.

ҚАЗАН – ҚАСИЕТТІ ЫДЫС




Халқымыздың қасиет тұтар нәрселерінің бірі – қара қазан. Қазақ өз өмірінің мәнін – «қара қазан, сары баланың қамы» деп білген.
Бұл екі ұғымның екеуі де ұлы. Мұндағы қара қазан бір үйлі жан ас ішетін қасиетті ыдыс. Ал сол қазанға салатын азық табу – ер адамның азаматтық парызы. Қазанға түскенді тіл үйіретін етіп пісіріп, дастарханға әкеліп қою – әйелдің басты міндеті.
Сонда ердің де, әйелдің де ойлайтыны – сары баланың қарны ашпасын, қадірі қашпасын деу, ұрпақтың қамын жеу. Біз, қазақ, қара торымыз, ендеше сары балаға жол болсын. Есті тарих айтады: ескі кезде қазақ сары болған деп. Алтайдан құлдаған ата-бабаларымыз небір аумалы-төкпелі замандарды бастан кешірген, өмір сүру салты ғана емес, түрі де өзгерген. Кішкентай сөз тіркесі үлкен ойға, талайды тарихқа жетелейді. Ол – тарихшы ғалымдардың үлесі, біздің әңгімеміз қасиетті қара қазан хақында.
Қазақтай сөздің мағынасын мың құбылтатын халық бар ма екен?! Қараңызшы, қазан ауыз жоғары деген сөздердің мағынасын. Бұл – тігерге тұяғы, ішерге асы жоқ адамның оптимистігі, Құдайдан үміті. Қазан сөзін қатыстырып алуан түрлі мағынаға ие болған сөз тізбегін тізіп көрейік: қазан асты – тамақ жасауды бастады; қазанға ет салды; қазан бас – басы қазандай үлкен кісі; қазан көтерді – тамақ әзірлеуге кірісті, қазан асты; қазан құйрық – құйрығы қазандай қой; қазаны басқа – өз алдына бөлек үй, жеке отбасы; қазаны майланды – қазанына семіз ет асты; қазаны оттан түспейді – бір тамақтан кейін бір тамақ пісіріп, үнемі ас әзірлейді, берекелі үй; қазан аузынан бөлісті – бар тапқанын ортаға салды; қазан бұзарлық – содырлық, сотқарлық, тентектік; қазан құлағын ұстады – билікке қолы жетті; қазанның түп күйесіндей – қап-қара, тіптен қара; қазан үстінен күн көрді - біреудің еңбегі есебінен күнелтті; қара қазан – сараң.
Дүниедегі ең жақсы сөз – алғыс, ең жаман сөз – қарғыс. Қазақ оларды да қазанмен қабыстырып түйіндеген. «Қазаның оттан түспесін» – берекелі, молшылық болсын деу. «Қазаның қирасын» – барып тұрған жаман тілеу.
Жақсылык тілеп лайым,
Аман-сау жүрейік, ағайын.
ТЫЙЫМ СӨЗ – ДАНАЛЫҚ ЖЕМІСІ


Біздің дана халқымыз ұшқыр ойын жан адам бір сөзін ауыстырып, басқаша айта алмайтындай жұп-жұмыр, әр сөзін зіл қара тас салмақты етіп бедерлеген. Оның озық үлгісі – мақал-мәтел. Кез келген мақалды, яки мәтелді алыңыз, олардың айтар ойын басқаша сөйлем құрып айта алмайсыз, айтқан екенсіз қожырап, берекесі кетеді. Мәселен, «Балалы үй – базар» деген үш-ақ сөзден тұратын мақалдың айтарын бұдан сәтті сөйлем етіп білдіру, біздіңше, еш мүмкін емес.
Мақал-мәтелді көп біліп, ойына орайластырып, сөзіне жымдастырып пайдалану – ұғынықтылық, ұсынықтылық, ал, оларды білмеу – жетесіздік. Ұлы Абай: «Ескі бише отырмын ба мақалдап», - деп бекер айтпаған. Адамның өз сөзімен жымдаспаған мақал босқа атылған оқпен тең, ал, мақал арқылы білдіретін түйіп тастау – мергендікке пара-пар.
Мақал-мәтел – тұрақты сөз тіркесі. Оның бір сөзінің орнын да, өзін де ауыстыра алмайсыз, мұртын бұзуға болмайды.
Бір қарағанға, «Тыйым сөздер» де мақал-мәтел іспетті, алайда, сәл-пәл өзгешелеу. Олай дейтініміз, тыйымдардың тұрақты сөз тіркестеріне айналғандары да, айналмағандары да бар. Бұған мысалды, көп созбаламай, бәрімізге ыстық ұғым – бесік жөніндегі тыйым сөздерді алайық. «Бесікті сатпа» – бұл тұрақты сөз тіркесі, өйткені басқаша айтсаңыз, қадірі қашады. Ал, «Бесікті көрінгенге берме» дегендегі ойды әрқалай құбылтып жеткізуге болады. Мінеки, «Бесікті өзгеге берме» десеңіз, тіптен жақсы. Себебі, «көрінгенге» дегеннен гөрі «өзгеге» деген дәл әрі салмақты.
Тыйым сөздер – мақал-мәтелдер тәрізді халық даналығының жемісі. Олар –тәрбиелік мәні зор, өмірдің өзінен ойып алынған ақылды тұжырымдар. Тыйымдардағы соқталы ойға жақсылап көз жүгірткен адам олардың нақты оқиғалардан қорытылғанын аңғарары анық.
Атам қазақ: «Үйрен жақсы әдептен, жирен жаман әдеттен» демей ме, тыйым сөздерде әдеп те, әдет те бар. Оларды біліп, ұстанған жан ибалы, инабатты, иманды бола түспек.
Түйіп айтарымыз: Тыйым сөздер – тәрбиенің тәлімді бір өзекті тамыры, өрімталдай болып өсем дейтін жас үшін қағида болып табылатын мінез-құлық, тәртіп үрдістері. Оны көп біліп, ұсынғандарын ұстанған адам азбайды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   332   333   334   335   336   337   338   339   340




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет