ЕҢБЕК – РУХАНИ ҚАЙРАТ-ЖІГЕР
Облыстық партия комитетінің саяси-ағарту үйінде «Қазақстан коммунисі» журналының оқырмандар конференциясы өтіп жатты. Шешендер бірінен соң бірі суырылып сөйлеп, журналды ал кеп мақтай бастады.
Облыстық партия комитеті насихат және үгіт бөлімінің дайындаған адамдары өңкей партия ұйымдарының хатшылары, насихатшылары екен. Жорнал редакторы Құрманбек Сағындықов облыстық партия комитетінің хатшысы Ғайникен Айдарханқызы Бибатыроваға бір нәрселерді сыбырлап ай- тып жатты.
Ғайникен Айдарханқызы – ысылған партия қызметкері, Құрекеңнің айтқанына мақұл болып жымиып, бас изеп қойды.
Мінбердегі шешен сөзін тамамдап, орнына қарай қошуақ көңілмен маңғаз басып бара жатты.
Әр жерден бір шапалақ естілді.
– Жорналдың бас редакторы Құрманбек Сағындықұлы бір еңбек адамының сөйлегені жон болар еді, деп отыр. Құрекең ағамыздың мұнысы өте орынды. Біздің жігіттер мұны ескермепті. Өкінішті-ақ! Ал, қане, бұл олқылықтың орнын қайсыларыңыз толтырасыздар? Сартай Есімханович, Сіз сөйлеңіз, - деп Бибатырова Есімхановқа қарады.
Сартай Есімханов сөзге келмей, мінберді бетке алды.
– Коммунист жолдастар, мен өзі бұл жорналды оқымаймын. Сонда да сөйлейін. Не айтсам екен? Осында талай адам сөйледі, бәрін айтты. Сол жетеді енді. Маған айтатын түк қалдырған жоқ. Мейлі, мен сөйлегендерге сонда да разымын, - деп Сәкең залға қарады.
Жұрт ду қол шапалақтап жіберді.
Сәкең:
– Жақсы! - деді де мінберден шапшаң түсіп, орнына қарай тез-тез басып бара жатты.
Құрманбек Сағындықовтың мына конференңиядан жазған есебіне бір мықты еңбек адамының сөзін енгізбек болған ниеті зая болды, томырайып отырып қалды.
Ғайникен Бибатырова Сартай Есімхановты жарыссөзге күні бұрын дайындап қоймаған, яғни айтатын сөзінің мәтінін қолына ұстатпаған қызметкеріне не шара қолдансам екен, деп бір қызарып, бір бозарды.
Сартай Есімхановтың ойына ештеңе кіріп-шыққан жоқ, тілінің ұшына келген сөзді айтты, бітті.
Қулық-сұмдығы көп партиялық жұмыстың қыр-сырына әбден қанық екеуге конференцияны жабудан басқа амал қалмаған еді. Екеуі өздерінен үлкен бастықтарға не беттерін айтады? Бәрінен сол – қайғы.
Ал, Сәкең бір Құдайдан басқаға жауап бермейді, екі қолға бір еңбек – ол кісінің ұстанары.
Осы сәтте маған төрде, құрметті орында отырған ана екеуінен төмендегі, көп ішіндегі орнына барып отырып жатқан Сартай Есімханов бақытты болып көрінді. Сәкеңді жасқандырмай, аузына келгенді ірікпей айтқызған күштің аты – еңбек-ау, дедім. Еңбек материалдық қана қуат емес, рухани да қайрат-жігер екен.
ЕКІ ҚОЛ
«Екі қолға – бір еңбек» сөзін мен алғаш рет әкемнен естідім.
Әкем үш жылдай төсек тартып жатып барып, қайтыс болды. Ауырып жатқанда оқтын-оқтын барып, қасында болып, қайтып жүрдім.
Шуға барған екенмін, жасымнан бірге өскен достарым тауып алып, думандатып кететініміз бар. Сондай бір жорықтың ертеңіне әкем:
– Әлдихан, тентек суға құмар екенсің, абайла! - деді.
Мен – нағашы апамның бауырында өскенмін, әкемді «жезде» деймін, ата жолын ұстаған болып ептеп қалжыңдайтыным да бар. Соным ұстап:
– Жезде, өзіңіз де ішуші едіңіз ғой, - деп қалдым.
Әкем екі алақанын ашып көрсетті.
– Мен ішсем, не, мына екі қолға сенетінмін. Екі қолға – бір еңбек. Мен сендерді осы екі қолыммен, еңбекпен асырадым. Сен ішсең, қызметіңді тартып алып, басқа жұмысқа жарамай, қор болып қаласың ғой. Қайтіп жан сақтайсың?
Әкемнің бір кездегі әр саусағы онша-мұнша кісінің білегіндей жуан саусақтарының, жаялықтай, тып-тығыз алақанының еті босап, сай-сай болыпты. Басымыздан сипағанда темір тигендей тітірететін шор-шор қасаңдар сарғайып, солған.
Менің оқыдым, білім алдым, шенеунік болып жүрмін деп кеуде керіп жүргенім әкеме әншейін екен. Әкем үшін мал таппақ, жан сақтамақ құралы екі қол екен. Екі қолдың құдірет екенін осылайша ұғып едім мен сонда.
Өзі ұста, тұрмыстық тірліктің бәріне бейім әкем біздерді кез келген шаруаны атқаруға жұмсай беретін. Сондағысы өзім білгенді балаларым да білсе екен деген игі ниет екен. Әсіресе, мұнысын шау тартқан шағында үдетті.
Еңбек демалысына шыққан сайын бала-шағамды ертіп алып, әкемнің үйіне келемін. Бір ай туған төрімде аунап-қунап, балаларымды ағасы мен апасына бауыр бастырып қайтатын сол бір бақытты шақ жоқ енді! Әкем де, шешем де, апам да марқұм болған.
Біз келген сайын әкем бір қойды атып ұрып бауыздап, пышағын маған беріп тұрып:
– Ал, Әлдихан, мынаны енді өзің жәукемде, істегенің маған жақсы, үйренгенің өзіңе жақсы, - дейтін.
Әке сөзі – заң, білейін-білмейін орындауым керек.
Әкемнің айтқаны әбден рас еді, сол шақта қойдың сойылғаны әкеме жақсы болды, үйренгенімнің пайдасын мен өмір бойы көріп келемін.
Енді бірде әкем қолыма балға, шеге беріп, шарбақтың кеткен шабақтарын қақтырды. Әкем нұсқауларын беріп, менің шегені қалай қаққанымды жіті қарап отырды. Ұста әкемнің ойынан шығу оңай емес, бар өнерімді салып, балғаны айнытпай, дәл сілтеп, шегені қисайтпай түзу кіргізіп жатырмын.
Әкем разы болды әрі өкінді:
– Нағыз өзіме тартқан балам сен екенсің. Қап, оқу құртқан екен!
Әкем өзінің ұсталығын бәрінен жоғары қояды екен.
Адам өз өнерінің қадіріне өзі жетпейінше оны ешкім бағаламайды.
ҚУЛЫҚТА ШЕК ЖОҚ
Адам билік сатысымен биіктеген сайын оның өзгеге жасайтын жақсылығының игі, жамандығының жегі күші артады және бұлардың өзі қалағанын жүзеге асыруға мүмкіндігі жеткілікті болады.
Мені мұндай ойға мына жайлар жетелеп еді.
Жамбыл облыстық партия ұйымын біраз жыл Хасан Шаяхметұлы Бектұрғанов деген азамат басқарды. Ол – бұдан бұрын Қызылорда облысында бірінші хатшы, өзінің туған өлкесі Солтүстік Қазақстан облысында басшылық қызметте болған тәжірибелі, сұңғыла адам еді.
Хасан Шаяхметұлы Жамбыл облысын жақсы басқарды. Сол жылдары біраз уақыт тікелей қарамағында, яғни нұсқаушы болып істегенім бар. Әрине, нұсқаушылық үлкен қызмет емес, бірінші хатшы оларды көзіне іле ме, ілмей ме, белгісіз. Нұсқаушылардың кейін барар жер, басар тауы күні бұрын белгілі болушы еді, бәрі дерлік өздері жетік салалар бойынша аудандық, қалалық партия комитеттерінің хатшылары болып шыға келетін. Ал, мен атқарған баспасөз жөніндегі нұсқаушылардың беттейтін өрісі – облыстық газет пен облыстық телевизия және радиохабарларын тарату комитеті. Нұсқаушы – бетегеден биік, жусаннан аласа болып жүретін, тек, бейнелеп айтқанда, бөлім меңгерушісі, ар жағында, әлбетте, хатшы тұрады, айдап салғанда қабатын, үретін пенде.
Облыстық партия комитетінде қызмет істеу – үлкен мектептен өту. Бұл мектептен әркім әрқалай болып түлеп ұшады.
Сол мектептің ең басты үйретері – қулық еді. Тәжірибелі саналатын бір ағай, онда да білдей бөлім меңгерушісі мені қулыққа үйрете алмай-ақ шаршайтын. Қайтейін, әке-шешем және апам мені қулық-сұмдыққа үйір болма, өтірік айтпа, кісінің ала жібін аттама, ақ-адал бол деп үйретті ғой. Бөлім меңгерушісі тұрмақ, одан зоры болсын, мен оның емес, өзімді өмірге әкелген, ақ сүтін, тәлімді тәрбиесін берген адамдардың айтқанымен жүріп, өмір сүріп келемін.
Қулықтың қаншалықты жексұрын қылық екенін мен сол партиялық жұмыста жүргенде көп көріп, өлердей түңілгенім бар. Майда-шүйдесін айтып қайтейін, бір-біріне ұқсас, үйренуге тұрмас екеуін айтайын.
Бірінші хатшының өз аймағында ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс. Не ішемін, не киемін дегенді ұмытқан, бәрі ас та төк, бір тойым жоқ.
Әлімсақтан табиғаттың заңы – жас өседі, жасамыс – қартаяды.
Бектұрғанов – облыс халқына билігін жүргізген тұлға болғанымен, табиғат перзенті, қартая бастайды.
Ол кезде қазіргідей бұлтақ жоқ, жасың алпысқа келген екен, бір сөзге келмей, қуана-қуана зейнетке шығасың.
Ал, Хасан Шаяхметұлының бір сөзі, анығырақ айтқанда ойға алғаны бар екен. Ол – бүгін-ертең үйленем деп жүрген кіші ұлын аяқтандыру.
Қазақстан Компартиясы Орталык Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев Бектұрғановты қабылдап, зейнетке шығуы керектігін айтады.
Сонда Бектұрғанов:
– Дінмұхамед Ахметұлы, бір өтінішім бар еді, айтсам, қалай болар екен, - дейді.
– Айт, - дейді Қонаев.
– Айтсам, кіші балам келін түсіретін еді, рұқсат етсеңіз, соның тойын өткізгенше істей тұрайын.
– Рұқсат. Тойыңды тездетіп откіз.
Хасан Шаяхметұлы үйіне келе салып, той қамына кіріседі.
Бірінші хатшы той жасап жатса, оған қызмет ету – үлкен бақыт. Тек қожайын иек қақса болды, жанын пида етуге әркім әзір. Ал, тойға шақырылған қонақтар ылғи ығай мен сығай – аудандық, қалалық партия комитеттерінің бірінші хатшылары, аудандық, қалалық атқару комитетінің төрағалары, облыстық мекемелердің қолы майлы басшылары.
Тойхананы Хасекеңнің өзінен басқа кім санасын, әрине, қарық болды.
Той өткеннен бір аптадан соң Хасан Шаяхметұлы зейнетке жіберілді.
Ұйымдық мәселе қаралған пленумнан соң бір ауданның беделді басшысы айтыпты дегеп сөзді естідік.
– Қап! Мына Хасан сұмдық екен. Осы елуге келген жасым ішінде талай зұлымдықты көріп едім, бірақ мынадайды кім көрген!
Бұл – бір ғана оның емес, дәуірі өтейін деп тұрған адамға алданып, үйіп-төгіп тойхана берген тобырдың да өксікті өкініші еді.
Өкінішке орай, сол жылдары Бектұрғановтың осы тірлігін қайталаған «шәкірттері» аз болған жоқ. Соның бірі – Нұрғали Торғаев. Жасы егде тартқан адамдар біледі, Торғаев Меркі, Шу, Сарысу аудандық партия комитеттерінің бірінші хатшысы болған, партияның ысылған жауынгері еді.
Нұрекең Шуда бірінші хатшы болып тұрғанда «Алға» кеңшарының директоры Қайып Кененбаев болатын. Қайып – иманжүзді, ақ жолдан айнымаған азамат, өзіндік беті бар басшы, ешкімнің жүндеуіне көнбейтін. Торғаевтың Шу ауданының барша басшы қызметкерлерін иіріп-жусататын қаһарына жалғыз директор Кененбаев қарсы тұра алған. Ол енді, әрине, пәре де бермеген. Сонысына бола Нұрғали Қайыпты қырына алғанын қоймайды.
Күндердің күнінде Торғаев Кененбаевты үйіне қонаққа шақырыпты.
Кененбаев жат та келіп таңданады. Мұнысы несі? Бір жағынан іші жылиды: Нұрекең бірдеңе біліп шақырған шығар, барайын.
Кешке қарай Кененбаев қызметтік машинасын мінбей ағайынының көлігімен әйелін ертіп алып, артынып-тартынып Торғаевтың үйіне келеді. Нұрекең Қайыпты қақпасын өзі ашып, қарсы алады.
Мұндай құрметке кім шыдасын, Қайып еріп кетеді.
Торғаев сағатына қарап тұрып машина жүргізушіге:
– Сағат онда кел, - дейді.
Жүргізуші дәл айтқан уақытта келсе, аузына арақ тұрмақ шарап алмайтын Қайып қызып алыпты, Нұрекеңмен қайта-қайта сүйісіп қоштасады.
Содан Қайып ертеңіне кешке дейін басын көтере алмай жатып, облыстық радионың кешкі хабарын тыңдауға әзер жарайды. Радионы қосқаны сол екен диктор:
– Бүгін Сарысу аудандық партия комитетінің пленумы өтті. Пленумда ұйымдық мәселе қаралды. Сарысу аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып Нұрғали Торғаев сайланды, - деп сөйлей бастайды.
Қайып орнынан ұшып тұрады.
– Түу! Бұл неткен адам еді?! Ақымақ болғаным-ай, қап! - деп төсегіне сылқ етіп отыра кетеді.
Шынында, неткен адамдар еді бұл бірінші хатшылар! Адамды аяу дегенді мүлде ұмытқан ол шіркіндерге бүгін теңеу іздеп, әуре болмағанымыз жөн шығар. Олар келмеске кетті ғой, ең жаманы – солардың орынтағына отырған әкімдер олардан асып түспесе, кем соқпай тұр. Бүгінгі күні бәрінен осы қайғы.
Елбасымыз сыбайлас жемқорлық пен парақорлықтың тамырына балта шабу жөнінде қадап айтып-ақ келеді. Жақсы шешімдер де бар, бірақ нәтиже жоқ, болмайды да. Өйткені аз болсын – көп болсын пәрені үлкен болсын – кіші болсын бастық алады. Бастықтың қолында қандай да бір билік болады. Билік бастықтардың жауға алдырмас кіреуке сауыты. Бастықтың дәрежесі өскен сайын сауыттың беріктігі артады, яғни оны аңдыған жауы азаяды. Нәтижесі олардың шанда біреуі болмаса, басқасы алдырмайды. Сондықтан ғой Елбасының қаржы полициясының қызметкерлеріне торға ылғи шортан емес, шабақ түседі, деп ұрсатыны.
Заң алдында бәріміз бірдей жауаптымыз деп қанша айтқанымызбен, бастықтар оны оп-оңай айналып кете береді. Заң, тек қана заң үстемдік құрған заманды біз көре алмаймыз, балаларымыз көрер ме екен? Балалар, олардың болашағы – үлкендердің жемісі. Олар бізден қалған мұраның иегері. Бастық болып, басқа болып, осыны біліп өмір сүрсек, қане.
Достарыңызбен бөлісу: |