КӨкейкесті әдебиеттану



бет1/24
Дата04.11.2016
өлшемі7,72 Mb.
#281
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   24


КӨКЕЙКЕСТІ ӘДЕБИЕТТАНУ. –Алматы: «Сардар», 2010. -10 кітап. -312 бет.

Жинаққа ғылым мен техникаға еңбегі сіңген қайраткер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, академик Нұрғали Рымғали Нұрғалиұлының туғанына жетпіс жыл толуына орай өткізілген «Рымғали Нұрғали мұрасы және қазіргі әдебиеттанудың өзекті мәселелері» атты Халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары топтастырылды.

Л.Н.ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ ЕУРАЗИЯ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ

КӨКЕЙКЕСТІ ӘДЕБИЕТТАНУ

10 кітап

АСТАНА

2010

УДК 821.0

ББК 83 (5 каз)

К48


Ғылыми жинақты басуға Л.Н.Гумилев атындағы

Еуразия ұлттық университетінің

Ғылыми кеңесі ұсынған

Редакция алқасы: Әбдірайым Б.Ж., Қамзабекұлы Д., Серғалиев М.С., Тұрысбек Р.С.

Құрастырғандар – Нұрғали Қ.Р., Алпысбаев Қ.Қ.

ISBN


Көкейкесті әдебиеттану: 10-кітап. ... - бет

Жинаққа ғылым мен техникаға еңбегі сіңген қайраткер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, академик НҰРҒАЛИ Рымғали Нұрғалиұлының туғанына жетпіс жыл толуына орай өткізілген «Рымғали Нұрғали мұрасы және қазіргі әдебиеттанудың өзекті мәселелері» атты Халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары топтастырылды.

УДК 821.0

ББК 83 (5 каз)

ISBN

АҢДАТУ

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне келген сәтінен бастап, осы оқу орнындағы қазақ әдебиеті кафедрасын басқарған, Солтүстік және Шығыс өңірлердегі әдебиеттану ғылымының дамуына, өркендеуіне еңбек еткен академик, энциклопедист-ғалым, ұстаз Нұрғали Рымғали Нұрғалиұлының бұл тараптағы еңбегінің жарқын бір көрінісі – «Көкейкесті әдебиеттану» атты ғылыми жинақтың негізін салып, оның дәстүрлі түрде жарық көруін жүзеге асыруы еді.

Р.Нұрғалидың редакторлығымен және құрастыруымен «Көкейкесті әдебиеттану» жинағының осы уақытқа дейін 9 кітабы жарық көрді. Бұл кітаптарға әдебиеттің теориялық аспектілерін, әдеби процестің әртүрлі мәселелерін қамтыған ғылыми мақалалар, академиктің ұйымдастыруымен өткізілген халықаралық ғылыми конференциялардың баяндамалары жарияланып келді. «Көкейкесті әдебиеттанудың» алғашқы кітабына жазған алғысөзінде Р.Нұрғали: «Көкейкесті әдебиеттану» ғылыми жинағы болашақта дәстүрге айналады, яғни қолдарыңыздағы кітап сондай ортақ жүлгемен шығатын еңбектердің алғашқысы. Мұндай тәжірибе қазақ әдебиеттану ғылымында болғаны белгілі. «Уақыт және қаламгер», сонымен бірге Ғылым академиясының, Қазақ ұлттық университетінің, Алматы университетінің әдебиетшілері шығарған ғылыми жинақтар әдебиетіміздің алуан түрлі өзекті мәселелерін ғылыми жағынан дәйектегені де мәлім. Астаналық жаңа жинақ осы дәстүрді жаңғырта отырып, қазақ әдебиетінің тарихын жаңаша пайымдау, әдеби-теориялық күрделі мәселелерді шешу бағытын ұстанады», – деп жазған болатын. Ғалымның үлкен арманы – аталмыш жинақтың 10-шы мерейтойлық кітабын жарыққа шығару еді. Ұстазымыздың өзі жете алмаған бұл арманын ізбасар шәкірттері жүзеге асырып, ғалымның ғылыми-шығармашылық мұрасын нысан еткен зерттеулерді топтастырып, кітапты жариялап отыр. Саңлақ ғалым, ұлағатты ұстаз, білікті де білімді басшы бола білген Р.Нұрғалидың жарқын бейнесі әдебиет сүйер қауымның, замандастарының, шәкірттерінің жүректерінде мәңгі сақталады. Өзі тұсауын кесіп, дәстүрге айналдырған жинақтың оныншы кітабына енген мақалалар ғалымның биік тұлғасын саралауымен маңызды демекпіз.

Құл-Мұхаммед М.А.

Қазақстан: Астана

АЛАШҰЛЫ

Тірлігіңде тек жақсылық жаса,
адамнан болмаса да Алладан қайтады.
Сұлтан Санжар,

Ортағасырлық сопы.

Әдетте белгілі ғалым, әдебиет қайраткері туралы мақала мерейтой тұсында жазылады. Мұндайда той иесінің бар атақ, даңқтары адақталып, оның қай жылы, қандай еңбегі үшін берілгенін санамалап шыққанша, сөз де сұйылып, ой да сарқылады. Нәтижесінде күмпілдек көңілдің сабасы шала пісіліп, оқырманға таңдайдан шығар уыз қымыздың орнына су татыған шалап бұйырады. Сондықтан бүгінгі сәті түскен әңгіме әлі жетпістің ауылынан алыс болса да, алпыстың жуан ортасына келген алаш қайраткері, академик Рымғали Нұрғали жайлы.

Ол Қазақ энциклопедиясы бас редакторы қызметіне кеңес қоғамына жыл келгендей жаңалық әкелген қайта құрудың көрігі қыза бастаған тұста келді. Бұл жыбырлап жүріп ақтаңдақтар ашылып, сыбырлап жүріп жариялылықты айта бастаған кез еді.

Ұмытпасам, 1987 жылдың күзі болатын. Бас редактор кабинетіне шақырды. Оның алдында жүзін әжім торлап, жанарынан нұр тайса да, еңкіш тартқан бойын тік ұстауға тырысып, шуақ шаша сөйлейтін қартаң әйел отыр екен.

- Мұхтар, апаңды танымаған шығарсың. Дәмеш Әмірхановна – Темірбек Жүргенов деген ағамыздың үйіндегі жеңгеміз, сенің нағашы апаң. Еміс те болса естіген боларсың, Әлімхан Ермеков деген ұлы қазақтың қарындасы, - деп апамызды таныстырып өтті.

Темірбек Жүргенов әлдеқашан ақталған, өмірі де, еңбегі де әжептәуір жазылып, санада жатталыңқыраған есім. Ал Әлімхан Ермековтің Алашордаға қатысы барын білсем де, өмірінен толық хабардар емес едім. Нағашы деген сөздің салмағынан апамыздың кең Арқаға қанат жайған қалың арғыннан шыққанын аңғардым.

- Ал, апа, жаңағы айтқан Мұхтар деген балаңыз осы. Сіздерге жас болсақ та біз де Абай атамызға «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арманды» айтқызған жасқа келіп қалыппыз. Алаштың рухын енді осындай қылшылдаған жастар жалғастырғаны жөн. Оның үстіне бұл жігіт Сізге жиеннің де ел болатынын дәлелдесін, - деп әзіл-қалжың араластыра түйіндеді сөзін бас редактор.

Апамыз бас редакторға алғысын айтып есікке беттеді.


Мен ол кезде энциклопедияның философия, право және социология редакциясының меңгерушісі едім. Жаңа тапқан нағашы апаммен екінші қабаттағы кабинетке көтерілдік. Ол кезде редакция меңгерушісі өзге қызметкерлермен бірге ортақ кабинетте отырушы еді. Соны аңғарып қалған Дәмеш Әмірханқызы әңгімесін қысқа ғана қайырып:

- Мұхтар, айналайын, саған айтар әңгіме де, көрсетер құжат та көп. Мүмкін жұмыстан кейін үйге келерсің. Телефонымды қалдырайын, бүгін реті келмесе қолың босағанда хабарласып, басқа кезде келуіңе де болады, - деп жедел қоштасып, кабинеттен шығып кетті.

Сол сәтте апамыздың осынша асығыстығының сырын түсінбесем де кейін барып аңғардым: сталиндік қуғын-сүргін, алдау-арбау, сөз тасу, тыңшылықтың талайын көрген қарт апамыз екеуара әңгімеде артық құлақтың болуын қаламаған екен.

Мейірбан жүзі әжемнен айнымайтын осы кісіні мен кейін ерекше жақсы көріп кеттім. Әрине, Темірбектей темір наркомның жары, Әлімхандай Алаш ардақтысының қарындасы болған Дәмеш апамыздың пәтеріне мен сол күні кешке-ақ келдім.

Дәмеш апа сталиндік зұлматтың жан түршігерлік азаптарын бастан кешіріп, затын былай қойып, атын естігенде бойыңды аяз қаритын Алжир (Акмолинский лагерь жен изменников Родины) лагерінде Гүлжамал Майлина, Гүлбаһрам Сейфуллина сияқты ғазиз жандармен бірге жазықсыз жапа шеккен, зорлық-зомбылықтың неше атасын көрсе де сағы сынбаған қазақтың қайсар қыздары қатарынан. Апамыз өзі босап шығысымен-ақ басын бәйгеге тігіп, Темірбек Жүргеновтың ақталуына жанын салады. Жарының реабилитациясына қатысты құшақ-құшақ құжат жинай жүріп, оны әкесіндей сыйлап, құрақ ұша қызмет көрсетумен болған.

Дәмеш апаның аянышты әңгімелерін тыңдау өте қиын болатын. Бүгінде сталиндік лагерьдің тозаққа ұқсас тірлігі көзі қарақты оқырмандардың бәріне таныс: талай кітап жазылып, талай фильм түсірілді. Ал алаш қайраткерлерін ақтау туралы әңгіме енді-енді көтеріле бастаған сол жылдарда бұл мүлде жабық тақырып еді. Сондықтан Дәмеш апамыздың естіген жанның төбе шашын тік тұрғызатын сол әңгімелері еске түскенде әлі күнге дейін құлақ тұнып, бой шымырлайды.

Көп ұзамай апамыз мені Әлекеңнің Қарағандыда тұратын ұлы, академик, геология-минералогия ғылымының докторы Мағауия Әлімханұлымен таныстырды. Ол да маған әкесі жайлы тебіреніске толы естеліктерін айтты. Жалпы Ермековтер отбасын ғалымдар әулеті деуге әбден болады. Әлекеңнің туған інісі Мүсілім Ермеков те Қазақстандағы қой тұқымын асылдандыруға үлес қосқан ғалым, белгілі академик болды. Бұл әулеттің кейінгі буыны ішінде де ғылым жолын таңдағандары аз емес.

Дәмеш апамыздың сол әңгімелерінен соң аяқталуына аз-ақ қалған «Орыс энциклопедияларындағы қазақ тарихының проблемалары» атты диссертация тағы да кейінге қалдырылып, мен қазақ ұлтын танудың түп өзегі саналатын алаштану тақырыбына біржолата бой ұрдым. Соның нәтижесінде 1989 жылдың желтоқсанында Шәкәрім, Ахмет, Мағжандар ақталатын әйгілі қаулыға дейін-ақ Ә.Ермеков туралы есімнамалық мақалалар 1989 жылғы «Қарағанды», «Қазақ ССР» қысқаша энциклопедиясының орысша, қазақша томдарында жарық көріп, көлемі екі баспа табақтық «Профессор Ермеков: көзқарас эволюциясы» атты эссе алашшыл жазушы М.Мағауин бас редакторлық жасайтын «Жұлдыз» журналының 1989 жылғы қараша айындағы санында жарияланды.

Ә.Ермеков Алашорда үкіметі басшыларының бірі болып қана қойған жоқ, оларға кешірім жасалған соң бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаған Қазақ Автономиялық Социалистік Республикасын құру ісіне белсене араласты. Ол 1920 жылдың сәуір айында Ресей құрамындағы болашақ автономиялық республиканың шекарасын айқындау жөнінде В.И.Лениннің төрағалығымен өткен мәжілісте осы күнгі қазақ жерінің Ертістен, Нұрадан жоғары бөлігі мен бүгінгі Қазақстан байлығын еселеп отырған Каспийдің Нарын құмына дейінгі солтүстігі тұтастай Ресей жемсауына кеткелі тұрғанда Компартия хатшылары Крестинский, Сафаров, Астрахань губерниясының губернаторы Брюхановтардың аузына құм құйып, қазақ жерінің тұтастығын қорғап қалған бір еңбегімен-ақ есімі ел тарихына алтын әріппен жазылуға лайық азамат.

Ә.Ермеков өз заманының аса үлкен интеллектуал тұлғасы еді. Оның Ленин алдындағы ерлігін естіген Ахаңнан (Ахмет Байтұрсынов): «Уа, шіркін, орыста да Әлімханды тыңдауға жарайтын бір ұл туған екен», - деген лепес қалыпты.

Ә.Ермеков саясатты тастаған соң ғылыммен айналысып, қазақтан шыққан тұңғыш математика профессоры атанды. Қазақтың болашақтағы ұлы ғалымы Қаныш Сәтпаевты қолынан жетектеп, өзі оқыған Томск технология институтына түсірген де осы Ермеков екендігін Қанекең көзі тірісінде айтып та, жазып та кеткен. Тіршілік болса Ермеков тақырыбына түбі бір айналып соғармын. Әзірге бұл әңгімені осымен тәмәмдап келесі оқиғаға ойыссақ.
Екінші эпизод осы оқиғадан тура бір жыл өткен соң қайталанды. Бұл жолы бас редактордың алдында бәкене бойлы, ақсары өңді, ақсүйек мінезді апам отырды.

- Ал, Мұхтар, тағы бір нағашы апаң келді сені іздеп. Түбі бар жұрағатыңды мен тауып беретін болдым саған. Бұл кісі Жақып Ақбаевтың туған қызы – Арғыния апаң. Әлекеңді жаздың ғой, Жақаң жайлы білетін боларсың. Білмегеніңді осы апаң айтады. Ал, апа, бауырыңызды таптыңыз, ендігі шаруаны өздеріңіз ыңғайларсыздар, - деп бұл жолы да әңгімесін қысқа қайырды.

Арғыния апам «сыры кетсе де сыны кетпеген» дейтін қазақтың асылзада қыздарынан болатын. Жақаңның бес қызы болған: Иммузия, Арғыния, Наймания, Аспазия, Андромеда. Алғашқысы сәби күнінде шетінеп кетсе де өзгелері өмірдің бар қиындықтарына қасқая қарсы тұрып, ғылымның әр саласынан кандидаттық диссертация қорғап, әке даңқын асырды. Арғыния Орта Азия мемлекеттік университетінің химия факультетін үздік бітірген соң химия ғылымдарының кандидаты, доцент атанып, ұзақ жылдар бойы Қыздар педагогика институтында кафедра меңгерсе, Наймания Қазақ педагогика институтының филология факультетін тәмәмдаған соң осы ғылым саласынан диссертация қорғап, доцент атағын алды. Андромеда Москва мемлекеттік университетіне түсіп, кейін биология ғылымының кандидаты атанса, Аспазия әке жолын жалғастырып, қазақ қыздары арасынан тұңғыш заң ғылымынан кандидаттық диссертация қорғап, Жақаң зерттеген отбасы және неке тақырыбында ғылыми еңбектер жариялады. Кейін Шерағаңның естелігінен оқыдым: Алматыда тұруға тиым салынып, Жамбылда жер аударылып жүргенде Арғыния апамыз Шерағаңа химиядан сабақ берген екен.
Мен Санкт-Петербург университетін үздік бітіріп, қазақтан шыққан алғашқы право магистрі болған бүкіл өмірі әуелі патшалық Ресейдің отаршылдық аппараты тарапынан, кейін Кеңес Одағының сталиндік сұрқия саясатынан қуғын-сүргінде өткен алаш ардақтысы Жақып Ақбаев тақырыбына осылай келдім. Кейін ол туралы энциклопедиялық, танымдық мақалалар қазақ және орыс тілдерінде басылған монографияларға жалғасып, ақыр соңында Ақбаевты қазақ жұртына алғаш таныстырған, ғұлама заңгер С.Зимановтың ғылыми кеңесшілігімен қорғалған «Алаш қайраткерлерінің саяси-құқықтық көзқарасы» атты докторлық диссертацияға ұласты. Осылайша академик Рымғали Нұрғали мені кейінгі өмірімнің бар мәні мен мағынасына арналған алаштану тақырыбына алып келді.

Кейін ағамыздан таңдаудың неге маған түскенін сұрағанымда:


- Сен қазақ тарихын зерттеп жүрген азаматсың, ал қазақты тану Алашты танудан басталады. Сонда сен тұрғызған ғылымның іргетасы берік, сен ашқан тұманың бастауы тұнық болады. Екіншіден, біздің алдымыздағы буын сталиндік зұлматтың неше атасын көріп, жігері жасыған буын. Олар көп біледі, бірақ тартынып жазады. Себебі алдыңғы буынның осы тақырыпқа көп арандағанын өз көзімен көрген. Тіпті хрущевтік жылымықпен көзін ашқан біздің буынды күшік кезінде талап, тауын шағып, тауанын жықты. Әрине, біз де жазамыз, бірақ бізге алаш рухын алға апарар ұрпақтар тізбегі, сабақтастығы керек. Қайта құрудың қаншаға созыларын, немен аяқталарын кім біледі. Тіпті өлшеулі ғұмырдың дәм-тұзы қашан таусыларын кім болжаған. Бірақ біздің мақсат сол аз күндік мүмкіндікті пайдаланып, алаштың мәңгі өлмес рухы сақталған сол тақырыпты өзімізден кейінгі ұрпақтың жадына сіңіріп қалу еді, - деп ағынан жарылған еді.
Үшінші эпизод. Бұл оқиға 1990 жылдың көктемінде болды. Тағы сол бас редактордың кабинеті.

Ал, Мұхтар, бүгін бір үлкен іске кіріскелі отырмыз. Энциклопедияның арғы-бергі тарихын зерттеп жүрсің ғой, біздің әлі күнге дейін қолға ала алмай жүрген бір ісіміз – есімнамалық энциклопедия шығару.


Соны Абайдан бастасақ деймін. Орталық Комитет қарсы. «Мәскеудің алдына түсуге болмайды, олар әлі «Пушкинді» шығарған жоқ» дейді. Менің де уәжім осал емес: «Лермонтов», «Шевченко», тіпті белорустар «Янка Купаланы» шығарып қойды, біз кімнен кембіз» деймін. Сонымен әзірге позициямыз теке-тірес. Дегенмен, «Нар тәуекел!» деп кірісіп кетсек, қара шалдың аруағы әйтеуір бір жерден алып шығар. Ұзын сөздің қысқасы, «Абай» энциклопедиясын шығаратын арнайы редакция құрамыз. Сен соған барасың. Пікіріңді сұрамаймын да. Өйткені «Абай» жұрт ойлағандай әдеби энциклопедия емес, қазақ руханиятының энциклопедиясы болуға тиіс. Сен бұған дейін тарих, әдебиет, философия, право редакцияларында істедің, тақырыпты білесің. Бәлкім, қара шалдың аруағы шығар, сені осы тақырыптардан өткізіп, осы күнге сақтаған. Бүгіннен бастап бұл іске кіріс, бұйрыққа қазір қол қоямын, - деді бас редактор. Оның «айттым – бітті, кестім - үзілдімен» қысқа қайырылған бұл сөзінен кейін мен «Абай» энциклопедиясын даярлауға кірісіп кеттім.

Шындығында «Абай» энциклопедиясы ұлт пайғамбарының өмірі ғана емес, оның философиялық, психологиялық, педагогикалық, тарихи, құқықтық т.б. көзқарастары арқау етіліп, өзбектің «Науаи», әзірбайжанның «Низами», түрікменнің «Махтымқұлы», қырғыздың «Манасы», ежелден біздің алдымызды орап кететін Кавказ жұрты халықтарының есімнамалық энциклопедияларының бәрінен бұрын жарық көріп, республика мемлекеттік сыйлығына ие болды. «Абай» энциклопедиясын шығаруға байланысты тағы бір оқиға есімде қалыпты.

Энциклопедияға дайындық басталып, болашақ басылымның сөзтізбесі жасала бастаған кез. Бас редактор Р.Нұрғали, абайтанушы профессор Мекемтас Мырзахметов пен мені ертіп Абай еліне аттанды. Мақсат елді жаңа басылым жайынан құлағдар ету. Бұл сапар менің есімде мәңгі қалып қойды…
Дәл осы сапарда мен Абайдың нұрлы жүзін көріп, сарқытын ішкен, қазақтың ғасыр жасаған қарт ақыны Шәкір Әбенов, ұлы Мұхаңның бар мейір-шапағатына бөлінген адал шәкірті, әйгілі абайтанушы, әуезовтанудың негізін салған профессор Қайым Мұхамедханов, ширек ғасыр ел басқарған, ел басқара жүріп Абай рухын ардақтаған қайраткер Хафиз Матаев, Абай музейінің шырақшысы ғана емес, жанашыр жоқшысы Төкен Ибрагимов, шешендігімен Димекеңнің өзін таң-тамаша қалдырған, қара тілден бал тамызған Батташ Сыдықов, сұлтанмахмұттануды жаңа биікке көтерген профессор Арап Еспембетов, кейін Парламент депутаты болған философ Нәубәт Қалиев сияқты небір жақсы-жайсаңдармен жақын танысып, кейін сыйластығы жарасқан аға-ініге айналдық. Ең бастысы, Жидебай, Бөрілі, Күшікбай, Қасқабұлақ, Таңбалы тас, Қоңыр әулие басындағы әсерлі кездесулер менің жүрегіме мәңгі сөнбес Абай шырағын жақты. Бұрын да тәңірдей табынатын Абай атам қай істі бастасам да қолтығымнан демеп, аруағымен жебейтін піріме айналды. Тағдырдың жазуын қараңызшы: тәуелсіздіктің жуан жіңішкеріп, жіңішке үзілердей болған алғашқы жылдарында қаржы тапшылығынан тоқтап қалған «Абай» энциклопедиясын шығару тағы менің маңдайыма жазылды. Мен мұны тағдырдың жазуы ғана емес, қара шалдың қалауы деп ұқтым. Ендеше қанша қанып ішсең де қазақ атаулының мәңгі сарқылмас кәусары Абайға тапсырып, Алашқа табыстағаны үшін асыл ағаның бұл жақсылығын қалай ұмытамын…
Тілге байланысты тағы бір эпизод.

Әйгілі желтоқсан оқиғасынан соң «тазалау» деген науқанмен жазалау, «тыю» деген тірлікпен қырып-жою басталып, республикада кіші репрессия белең алды. Бірақ Абылай, Кенесары рухын ана сүті, ата тәрбиесімен бойына сіңірген қазақ жастарын біржолата жуасыту қиын еді. Көп ұзамай мұны түсіне бастаған билік өздерінде де кінә барын мойындаған сыңай танытып, тіл, тұрғын үй мәселесіне көңіл бөле бастады. Академик Нұрғалиев мұны бірден қағып әкетті.

Ал, жігіттер, көктен тілегенімізді құдай қолдан берді. Бүгін Орталықта болдым. Тез арада орысша-қазақша разговорник (ол кезде тілашар сөзі әлі қолданысқа енбеген) сөздік шығару керек. Разговорникке Мұхтар, сөздікке Орынбике (сол кезде энциклопедияда редакция меңгерушісі болып қызмет атқарған жас лингвист ғалым Орынбике Тоққожаева) жауапты. Жалпы басшылықты профессор А.О.Мусинов жасайтын болады. Уақыт аз, басшылық айнып қалмай тұрғанда тез іске кірісейік, -деп энциклопедия ұжымын жаңа бастамаға жұмылдырды. Мен сол күні-ақ кітапханаға тарттым. Зерттеп көрсек, негізінен 1980 жылғы Мәскеудегі олимпиадалық ойындар кезінде ғана екі тілді тілашарлар шығарылған екен. Оның өзі көбінесе спорт тақырыбына арналған. Басқа республикаларда да бұл тақырып мүлде «ұмыт» қалған. Бірақ біздер бас аяғы бір айдың ішінде қазақ тарихындағы тұңғыш орысша-қазақша тілашарды даярлап шықтық. Оған «тілашар» деп ат қойып, осы сөзді алғаш ғылыми айналымға енгізген, тұңғыш тілашардың алғашқы рецензенті академик Р.Сыздықова апамыз болды.

Екінші топ профессор С.Исаевтың басшылығымен сонау 1954 жылы жарық көрген Ғ.Мұсабаев пен Ғ.Махмудовтың «Қысқаша орыс-қазақша сөздігін» даярлап, баспаға әзірледі. Тілашар әуелі 100, кейін 150 мың, ал сөздік 100 мың, ал бұдан кейін жарық көрген «Ағылшынша-орысша-қазақша тілашар» 200 мың тиражбен басылып азғана уақыт ішінде тарап кетті. Кейін мемлекеттік мәртебе алған ана тілімізге қазақ қоғамының назарын аударған осы істің басы-қасында сол баяғы ұлтжанды бас редактор жүрді. Өкінішке қарай, тәуелсіздік тұсында жарық көрген барша сөздіктер мен тілашарлардың тиражын қосып есептегенде ұзын саны жарты миллионға жетіп жығылған Р. Нұрғали басшылығымен жарық көрген сол сөздіктер мен тілашарлардың маңына да маңайлаған жоқ. Реті келгенде айта кетейік, кейбір зиялы қауым өкілдерімен салыстырғанда академик Р.Нұрғали бар баласын қазақ сыныбына беріп, қазақ мектебіне жетеледі. Бірақ ешқашан ана тіліне сіңірген еңбегін ел алдына шығып еселеп айтқан емес.

Ол кезде қазақтың «Белинскийі» атанған академик М.Қ.Қаратаев негізін салып, қазақ тарихшыларының жаңа мектебін қалыптастырған ғұлама тарихшы М.Қ.Қозыбаев жаңа биікке көтерген Қазақ энциклопедиясы 130 адам қызмет істейтін іргелі ғылым ордасы еді. Энциклопедияның әрбір томының жарық көруі ғылыми-әдеби өмірдегі зор жаңалық ретінде қабылданатын. Негізінен ұлттық энциклопедиялық басылымдар шығарумен айналысатын бұл мекемеге аударма энциклопедиялар шығаруға да шек қойылмаушы еді. Осы мүмкіндікті шебер пайдаланған бас редактор сол кезеңде Мәскеуде басылған «Краткая энциклопедия домашнего хозяйства» атты біртомдықты ықшамдап, қазақша материалдармен байытып «Шаңырақ» үй-тұрмысы энциклопедиясын басып шығарды. «Шаңырақ» деген әр қазақтың «тіліне жеңіл, жүрегіне жылы тиетін» әдемі атты қойған да қазақ үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген академик ағамыз еді.
«Шаңырақ» аты аударма дегенмен, заты белгілі ғалымдар Х.Арғынбаев, А.Сейдімбек, этнографтар Ж.Бабалық, М.Юсупов т.б. авторлығымен жазылып, ұлттық салт-дәстүр кеңінен насихатталған тың материалдармен толықтырылып, әсем безендірілген төлтума басылым болды. Ел тәуелсіздігінің қарсаңында – 1991 жылы әуелгіде 100 мың тиражбен басылған бұл энциклопедия ата салтын ардақтап, ұлт тұрмысын ұрпақ өміріне серік етуде өзіндік роль атқарды. Әлдеқашан әр үйдің кітап төрінен орын алған бұл энциклопедияға бас редактордың орынбасары - жауапты хатшы ретінде мен де қал-қадірімше үлес қостым, бірақ қазақ тарихында алғаш рет (өкінішке қарай әзірге соңғысы да осы) 345 мыңнан астам тиражбен жарық көрген бұл энциклопедияның бар жауапкершілігін көтерген нар тұлғаңыз сол баяғы бас редактор екендігін тағы бір атап өтсем артық бола қоймас.

Энциклопедия гректің «энциклос пайдейа» - ғылым-білімге үйретемін деген сөзінен шыққан екен. Шындығында әр томына бірнеше мың мақала енгізіліп, авторлығына бірнеше жүз адам тартылатын бұл басылым кез келген ұлттың үлкені мен кішісін түгелдей ғылым, білімнің қыр-сырына үйрететін басылым болатын. Академик Нұрғали осы мүмкіндікті алғашқы күннен-ақ айқын аңғарып, ұлт жадын қалыптастыру жолында қызмет етті. Сол үшін 1988 жылы Алаш қайраткері ақталудан бір жыл бұрын «Қазақ ССР» қысқаша энциклопедиясының 3-томына энциклопедияны қойып, күнделікті газет-журналдарда аты аталмайтын «Ермеков», «Ақбаев» сияқты мақалалар енгізілді. Бұл барлау ғана емес, басты бәйгеге тігумен бірдей еді. Себебі сол Ермеков қайтыс болғанда қарапайым қазанама бергені үшін мүйізі қарағайдай жазушымыз Ә.Әлімжанов 1972 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы қызметінен қуылып, партиялық жаза алса, ал Ақбаев туралы қалам тартқан сол замандағы жас ғалым, бүгінде атақты академик Ғ.Сапарғалиев қуғын-сүргінге ұшыраған еді. Мұның бәрінен хабардар Р.Нұрғалидың әрекеті оның Алаш ардагерлерінің ұлы рухы алдында неден болса да тайынбайтындығын көрсетті.

Келесі 1989 жылдың соңында Шәкәрім бастаған ұлт ұлылары ақталып, халқымен қайта табысты. Басулы тұрған әдебиет пен өнерге арналған төртінші томды қаңтарып қойып, академик Нұрғали оған Шәкәрім, Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов бастаған алаш аяулыларын қосты. Өзі білек сыбанып, авторлар қатарына кірді (кейін оның бұл еңбектері монографиялық зерттеулерге ұласып, жеке жинақтар түрінде басылды). Репрессияның азабын бастан кешіп, Степлагта отырған талантты әдебиетші, ғалым Б.Ысқақовқа «репрессия», «реабилитация» атты мақалалар жазғызып, есімдері әлдеқашан ұмыт бола бастаған талай ұлт зияткерлерінің сауабын алды. Бұл аспаннан Алланың нұры жауып, ұлт жолында шейіт болған ұлылар аруағының әр қазақтың жүрегіне шапағат шырағын жаққан кез еді. Осы істің де басы-қасында аузына Мағжан түкірген кешегі Кенжебаевтың бел баласы Рымғали Нұрғали жүрді.
Академиктің әдебиетшілігін өзге шәкірттері айта жатар. Ал азаматтығы жайында мына бір жайларға арнайы тоқталып өткенім жөн сияқты.
Әуелгі әңгіме оның адалдығы жайында. Иә, жеңгелерім алдындағы адалдығын құрдастары келістірер, ал менің білетінім – ғылым мен ұстазға адалдығы.

Әншейінде жадырай күліп, жарқылдап сөйлейтін академиктің қабағы ғылым тағдыры таласқа түскен кезде қатуланып, қаһарланып кетеді. Алла таһаланың бір есімі саналатын «ғылым» сөзі академик үшін жан алысып, жан беретін ұғым. Ғылымға аярлық, қараулық жасағанды жан досы болса да тарпып тастауға әзір. Сондықтан ғылымға барар жолда кейбір ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүргісі келетін шәкірттері мен достарының академик алдынан жігері жасып шығатындығы және де рас. Оның бұл әрекетін қызғаншақтыққа балайтындар да бар, бірақ академик солардың біріне елпілдеп-жалпылдаған емес. Өйткені ол ғылымға тек адал қол, таза жүрекпен келуді ғана ұстанады. Бұл жолда кіммен болса да майдандасуға әзір.


Екіншісі – ұстазға адалдық. Мен профессор Бейсенбай Кенжебаевтың алдын көрген емеспін. Оның ХХ ғасыр басындағы әдебиет пен Сұлтанмахмұтқа арналған еңбектері бүгінгі оқырманға жаңалық болудан қалғанмен, өз заманында озық ойларға жетелеген оқулықтар еді. Әдебиеттанудың еңбек торысы атанған Б.Кенжебаевтың үлкен жүректі ұстаз болғандығын академик Рымғали Нұрғалиден талай естіп, жазғандарынан талай оқыдым. Ұстазының дауыс ырғағы, сөйлеу мәнері, жүріс-тұрысына дейін салатын Рекеңнің әсерлі әңгімелерінен Б.Кенжебаевтың қандай болғандығын көз алдыма елестете аламын және тіпті өзімді кейде Бейсекеңнің шәкіртіндей сезінетінім де бар. «Ойпырмай, Бейсекең жарықтықты мен, Мұхтар, Мырзатай үшеуміз кезек-кезек емдік қой езуімізден ақ сүт аққанша. Таусылмаушы еді жарықтықтың сақтағаны. Сарқыты Құлбекке дейін жетті ғой», - дейді желпініп Рекең ұстазы туралы әңгіме айтқанда. Нұрғалидың қызды-қыздымен Бейсекеңді Әуезовтың қатарына дейін апарып қоятыны да бар. Бейсекең туралы қалжың ретінде айтылған сөздің өзіне шыр-пыр болып, ұстазын қызғыштай қорғайды. Егер шәкірт біткеннің бәрі Нұрғалидей болса, жер бетінде бақытсыз ұстаз болмас еді, сірә. Бірақ ұстаз ұлылығын тану – кішіліктің белгісі емес, кісіліктің нұсқасы. Міне, біз білетін Нұрғали осындай кісі.
Адалдық туралы айтқан екенмін, екеуара қатынасымызға келгенде де ағынан жарылайын. Ана бір жылдары кейбір сумаңдаған сөз тасығандар араға түсіп, ағалы-інілі екеуміздің арамызға сызат түсті. Шарт сынып, шалқақтап мен кеттім, үндемей үнсіз аға қалды. Кездестік, күбілтелемей көңілімдегі өкпені ашық айттым. Ағамыздың қабағын мұң шалды.

- Тағдыры талайға түскен жан таусылғанда не айтпаушы еді. «Алдыңа келсе – атаңның құнын кеш» демеуші ме еді. Ағаңның ашу үстінде айтылған сөзін кешіре алмасаң, інілігің қайсы, - деп құшағын ашты. Мен ағамның ып-ыстық құшағына күмп бердім. Осыдан кейін «кірбіңі кеткен көңілдің» белгісіндей болып: «Құлағанда – қолтықтан демеген, қиналғанда – қол ұшын берген, сенген, сенімді інім Мұхтарға! Ұрпағыңа нұр жаусын!» деген қолтаңбамен ағаның «Сырлы сөзі» менің кітапханамның төрінен орын алды.


«Сырлы сөз» дегеннен шығады. Рекеңнің творчествосындағы маған ерекше ұнайтын тағы бір жайт – кітаптарының аттары. «Күретамыр», «Айдын», «Телағыс», «Арқау», «Айғақ» деген кілең бір кесек туралған, түзу қашалған, балталасаң бұзылмас атаулар. Көркем шығармалары да «Жартастағы қарағай», «Атшабыс ертең», «Ай қанатты арғымақ» сияқты шығарманың өзін қойып, автордың да болмыс-бітімінен мағлұмат беретін «мінезді» атаулар болып келетінін қайтерсің.

Тақырып турасында академиктің жүрісінен жаңылған тұстары да болды. Ана бір жылдары Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған «Айдын» мен «Телағысқа» қан-сөлі жоқ атаумен «Қазақ революциясының поэзиясы» деген кітап қосақталды. Мен жаратпадым және онымды ашық айттым:


- Әй, бауырым-ай. Ол қармаққа шаншылған шылаушын емес пе. «Қырағылар» соған алданғанда, қармақта шортан шоршымай ма? Бірақ дұрыс байқаған екенсің. Оның «азан шақырып қойылған» аты «Қайнар» еді, - деген жадырай күліп.

Шындығында ағамыздың бұл әрекеті талай алданып, талай алдырған заманға жасаған өзінше «қулығы» екен. Талқылау кезінде сол баяғы «алашшыл», «ұлтшыл» деген қызылкөздер алдынан шықса, қып-қызыл революциялық тақырыппен талайды жасқауға болатынын артынан аңғардым.


Бүгін Алашұлы дер шағында. Енді ештеңе жазбаса да ұлт әдебиеті тарихына өз есімін өшпестей жазып қойды. Бірақ жазады, иә, Марғұлан айтқандай: «біледі, білген соң жазады». Әуелден графомандыққа қаны қас, ұлт тарихы, оның ой-санасы жөнінде көл-көсір білімі бар академик бөтен тақырыпқа келгенде қаламын іріксе де, әдебиет, драматургияға келгенде алдына жан салған емес. Үнемі қияларға барып, қиындардан тартады. Өйткені оның пәледен қорып, жаладан арашалап алар қос киесі бар: бірі – Абай, екіншісі – Алаш. Сол қос кие тура келген ажалдан да алқалап қалды. Полигонның кіндігі Дегелеңде туып-өскен Нұрғали әулетінің алды-арты ажал тырнағына түгел ілінгенде Рымғалиды іркіп қалған да сол қос кие. Тағдырдың талай сынағына төтеп берген академикке енді алаңдар ештеңе жоқ: ғасыр жасаған Нұрата биігін бағындырғанша тарта бер алға, ер досы, ардақты Алашұлы.

Серғалиев М.С.

Қазақстан: Астана



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   24




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет