КӨкейкесті әдебиеттану


Р.НҰРҒАЛИ - ӘДЕБИЕТТЕР БАЙЛАНЫСЫ АРНАСЫНДА



бет4/24
Дата04.11.2016
өлшемі7,72 Mb.
#281
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   24

Р.НҰРҒАЛИ - ӘДЕБИЕТТЕР БАЙЛАНЫСЫ АРНАСЫНДА

Рымғали Нұрғали әдеби байланыстары тақырыбының біссімілләсін Абайдан бастайтын секілді. Абай атамыздың Фзулиден, Шамсиден, Сәйхалиден, Науаидан, Сағди, Фирдаусиден, Қожа Хафиздерден қуат алғанын әсірелеп әңгімелейді. Абайдан бұрынғы Ү-ҮІІІ ғ. Орхон-Енисей, Талас-Шудан табылған тасқа қашалған жырлардың түркі тілдес халықтарға ортақ екенін ескерте кетеді. «Дивани лұғат ат-түрік», «Кодекс Куманикус», «Құтадғу білік», «Оғыз-наме», «Мұхаббат-наме», «Хисса-сүл анбия» сынды өлмес, өшпес әдеби жәдігерлердің Абай жадында жатталып кеткенін айтады.

«Шығыс ренессансы» деген биік белеске Абай қосқан қомақты үлесті мақтанышпен сездіреді. Ешқандай елдің әдебиеті томаға тұйық қалпында қалмайды. Әдеби байланыстар дегеніміз ғасырлардың өнбойымен арқырап ақан ұлы сарқырама өзендер секілді. Тынбай ағады, тынбай тілдеседі, тынбай түйіседі. Ұлттық өнер туған топырағында тұйықталып, ақпай қалса, ағын бермесе, арыны басылғаны, жиын-тергенінің шашылғаны дей бер. Әсіресе, халықаралық аударма, әсер, өзара ықпал мәселелерін қарастырғанда әрбір ұлт әдебиетінің оң, сол қанатын, оңтүстігін, солтүстігін, шекарасын, өрісін анықтайтын тұстары елдер, сөздер, мәдениеттер достығын ұлғайтып, тамырларын тереңге жайып жібереді.

Қазақ-башқұрт, қазақ-татардың ауызша және жазбаша жазбаларындағы ұқсастықтар, бірлестіктер жайына оралғанда Рымғали көсіле жөнеледі. Осы елдердің тақпақ, ертегі, дастан, тарихи жырларында, мақал-мәтелдерінде заманалар бейнесі, ұрпақтар сыры жатқанын аңғартады. Соларға тән стильдік әдемі жиһаздарды, айшықтардың алуан түрін анықтап, мерейлі мысалдар тастап өтеді. Тұрмыс-салт жырларынан бастап эпикалық поэмаларына дейін дейін шымыр шолу жасар. Шығыс поэзиясның сұлу мақалдарымен байланыстырып өтеді. Қазақ, татар, башқұртқа ортақ із қалдырған Ақмолла ақынға (1831-1895) ерекше назар аудартады. Тоқайдың «Ақмолла жырларынан тек қазақ исі, көшпелі халық исі шығып тұрады» дегені бар екен. Рыкеңнің де менің де ұлы ұстазымыз бізге оқыған дәрістерінде Ақмолла есімін еркше ілтипатқа бөлеп атаушы еді.

Осы тұста Рымғали Нұрғали татар сөз өнерінің іргелес түркі тілдес халықтарға ықпалы болғанына бас бұрғызады. Бұл да бір үлкен, ғұлама ғалым айтқан келешекте келелі сөзге ұласатын ірі әңгіменің бір тамырындай көрінеді. Соның бір сағасындай Ғалымжан Ибраһимовтың шығармаларына талдау жасайды. «Татар қызының тағдыры» мен «қазақ қызы» романына молырақ тоқталып, Ғ.Ибраһимовтің шебер суреткер екендігін дәлелдейді.

Қазақ әдебиетінің қашанда томаға тұйық қалпында қалып қоймағанын Рекең өнегелі, өрісті мысалдармен өрнектеп отырады. Шет ел тақырыбына қалам тартуда Абайдың ақындық мектебінің мерейі үстем болғандығын бедерлейді, «Ескендір», «Масғұттан» кейін келген Мағауия, Ақылбай дастандарын еске оралтады. Бұлардың шығармаларында «нәзира» белгісі болғанымен, қазақ ақындарының өзіндік қолтаңбаларына ден қояды.

Рекеңнің маған жақын бір тақырыбы – Сабыр Шариповтың шығармашылығы еді. Осынау бір аяулы суреткерге арнайы мойын бұрмақ боп жүргенімде алдымнан Рекеңнің Сабыр жайындағы сабырлы, салмақты сөзі шыға келді. Ұлы татар, онбес жасынан бастап қазақ даласында өскен, сөйтіп қазақ тілінде жазған шығармаларымен қазақ әдебиеті тарихында лайықты орын алған орнықты, ойлы жазушының еңбегіне қазақ ғалымы қамқорлықпен қараған.

Ол Сабыр Шарипов қаламынан туған туындыларды қазақ және шет ел тақырыбы деп, бөліп талдау жасайды. 1935 жылы «Әдебиет майданы» журналында жарияланған «Рузи Иран» мен «Ләйлә» хикаятына молырақ тоқталады. Сөйтіп, отызыншы жылдардағы Иран өмірінен нанымды суреттер берген Сабырдың салалы талантына татымды баға берді. Қазақ арасынан иран тақырыбына бірінші барған С.Шарипов шеберлігінің қыр-сырын салауатты танытқан.

Рекеңнің әлсін-әлсін Абай атасына оралып отыруы заңды сияқты. Орыс поэзиясымен алғашқы байланыстарды сөз еткенде Пушкин, Лермонтов, Крыловқа соқпай кете алмайды. Сонымен қазақ жеріне келген реалистік тәржіма мектебіне тоқталады. 1903 жылы «Капитан қызы»; 1923 жылы «Қажымұрат», ХХ басында Г.Мопассан, Д.Лондон қазақ топырағына келіп орнықса ол да бір зор өнегенің бастамасы еді. Шәкәрім Құдайберді ұлының Пушкиннің повесінен алып, «Дубровский» поэмасын елге қолжазба күйінде таратып жіберуі әдеби ерліктің бір сарасына жатты. Абай мен Тургеневтің «Масғұт» поэмасы мен «Шығыс аңызын» бір арнадан алуы да қызғылықты жай емес пе?! Шекспирдің «Гамлет», «Отелло», «Асауға тұсауы» Сервантестің «Дон-Кихоты» Ратле романдарының тәржіма етілуі қазақ әдебиетінің байланыс бекеттерінің бірін Еуропаға қарай тартады.

Аударманың классикалық үлігілерін ұсынған, Шекспирдің кең далаға шақырып, қазақша шырқатқан Әуезов тәжірибесі ұшантеңіз еді. Әсіресе Мәскеуде ауруханада жатқан Әуезовтің белгілі шығыстанушы Иосиф Брагинскийге айтқан сөзі өте-мұңды құнды, көп ойларға апаратын ақиқаттың арналы сөзі еді. Мұқаң Тургенев туындыларына айрықша махаббатпен қараған.

Бұл ықпал, әсердің хикаясы әлі түбегейлі зерттеліп болған жоқ. Тургенев - Әуезов байланысы берекелі құбылыс, екі елдің екі альбомның титандардың иық сүйесуі, үндесуі, мысалы Гималай мен Алатаудың бір-біріне сәлемдесуі, сөз жарысы, ой жарысы, шеберлік үзеңгісінің қақтығысы.

Ол әсер оңай шалынбас та, әдеби әсер – оп-оңай нәрсе емес, тек дүмбелездер ғана оны қолмен ұстап, көзге түртіп көрсетпек болады. Шығармашылық әсері ықпалы шыңырау тереңде, ол суреткердің жан-жүйесін тербетіп, толқытып, екінші бір өзегіне айналып, басқаша сипат, айрықша қасиетпен береді, бұл кез келген көген көзге байқала бермес. Тургенев те дәл солай, мен оны өзгеден артық көріп, жастай – сүйгем» дейді Мұқаң. Ұлы қаламгер сөзінде орасан шындық жатыр.

Мен Мәжит Дәулетбаевтің Шекспирді түпнұсқадан оқығанын Рекеңнен есітіп таң қалдым. Ол осы сөзін дәлелдейді, бірнеше мысалдар келтіреді. Мәжит аудармасының жатық, жақсы шыққанын айтып, қазақ аудармасын атақты Борис Пастернак нұсқасымен салыстырады. Мұншалықты батылдыққа тек Рымғали Нұрғали ғана бара алатын еді.

Рымғалидың маған жақын келген және бір жағы Сағдидың «Бостан» шығармасының қазақша баламасы туралы еді. Мұзафар Әлімбаев мұны орыс тілінен алды. Рекең орысша-қазақша мәтіндерді ерінбей салыстырып, аударманың ырғақ, ұйқасына, берілуіне еркеше мән берген. Сонымен «Бостанды» тәуір тәржімалар санатына қосады.

Шығыс поэзиясының көптеген жәдігерлері бізге орыс тілі арқылы келді. Арамызда басқа бөгет тұрды. Енді заман өзгерді, шығыс елдерімен тікелей сөйлесіп, мәдени диалогтерге барып жүрміз.

Мен «Иранбақтың бұлбұлдары» деп аталатын кітабымда Сағдидың «Гүлстан» кітабынан бірнеше әңгімелерді түпнұсқадан тарттым. Фирдоуси, Рудаки, Омар Хаям, Хафез, Насир Хосроу рубай, ғазалдарын қазақша сөйлеттім. Аудармаларын мыңдаған оқырмандар тарапынан тәуір бағасын алдым. Осы орайда айта кететін бір нәрсе – енді араб, парсы, үнді, корей,

қытай т.б. тілдерден тікелей қотаратын жастар өсіп келеді. Болмасаң да ұқсап бақ деп Абай айтпақшы келешекте Шығыс поэзиясын түпнұсқасынан әкелетін жас аудармашылар мектебін ашсам деймін. Осы арманымды бір кезде Рымғалиға айтқанымда ол қуана құптаған еді. Мен онымен бес жыл бірге оқыдым. Студенттік өмірдің ыстық-суығын бірге кештік. Ол арамыздан тез танылып, тез көтерілген жарық жұлдыздарымыздың бірі еді. Жасымыз қатар болса да, оны ұстаз деп атаушы ем. Ол бәрімізден биік еді. Рымғали Нұрғали мәңгі сол биігінде қалды.

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Рымғали Нұрғали. Жеті томдық шығармалар жинағы. Екінші том. Сөз өнерінің эстетикасы. «Фолиант» баспасы. Астана, 2005.

2. Народы Азии и Африки. 1961, № 6.

Еспенбетов А.С.

Қазақстан: Семей



РЫМҒАЛИ НҰРҒАЛИ ЖӘНЕ ӘДЕБИ ӨЛКЕТАНУ

Рымғали Нұрғали – қазақ әдебиеттану ғылымының аса ірі өкілі. Қаршадайынан қолына қалам алып әдебиет сынына белсене араласты, әдеби процестің дұрыс бағыт ұстауына қамқорлық жасады. Қалдырған мұрасы бай, маңызды, салмақты. Тармақтап зерттеу, әдебиетіміздің игілігіне айнал дыру – бүгінгі жасампаз буын мен келер ұрпақтың абыройлы борышы.

Ұлы Абай, шалқар Шәкәрім, мұхиттай терең Әуезов туған өлкеде кіндік қаны тамуы Рымғали Нұрғалидің тағдыр пешенесіне әуелден жазылған бақыт. Осы ірі құбылысты бойлай ұғынған Р. Нұрғали: «Қай жазушының болмасын талантын қалыптастыратын оның өскен ортасы, алған тәрбиесі, білімі, өмір жолдары.Әсіресе, жас күнгі әсер, балғын шақтағы сезім тайға таңба басқандай із қалдырады. Ауызекі айтылған бір сөз, әлдеқандай көрініс, ұсақ деталь, кей адамдардың портреті, мінезі, айтқан әнгімесі – дәл сол естіген, көрген сәтте елеусіздеу болғанмен кейін уақыт озған соң қайта жаңғырып, өзгеше қырымен көрініп, қаламгер санасында көркемсурет тудырады», - деп ой ұшығын суыртпақтап қояды.

Шығармашылық үдерістің сыр сипатына қанық, жазушы психологиясы, суреткер шеберханасы аталатын тылсым сырларды сырттай бақылаушы емес, көркем процестің құпияларын ақтаруға әрдайым ұмтылатын ғалым толғамдары ендігі жерде байсалды зерттелуі керек.

«Абай дүниеден көшкенде Мұхтар жеті жасар бала, ата-ана бауырындағы тентек. Әрине, бойындағы табиғи дарынымен Әуезов Қазақстанның қай бұрышында туса да жазушы болып шығатындығы сөзсіз еді, бірақ оның Шыңғыстауда, Тобықты арасында тууы, ұлы ақын Абаймен жерлес болуы – творчестволық тағдырында айрықша қызмет атқарған фактордың бірі», - екендігін бөліп, астын сызып көрсетеді.

Өскен елдердің, жетілген жұрттардың ғылыми айналымында әлдеқашан орныққан өлкетану ұғымы бар, әдеби өлкетану, тарихи өлкетану сияқты тармақтары да айқындалған. Мұхтар Әуезов, Шәймерден Тоқжігітов, Мәннан Тұрғанбаевтар өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарында «Абай», «Таң» журналдарында, «Қазақ тілі» газетінде жазған мақалаларында аймақтану атайтындары да бар. Ал осы әдемі дүниеден жершілдікті іздеу бүгін біз басымыздан кешіп отырған өскелең уақытқа жараспайтын мінез.

Қазақ жерінің көлемі сонша байтақ. Әр өлкенің шығармашылық келбеті, шырайы бір – біріне ұқсамайды. Сыр бойының сүлейлері, оңтүстіктің шайырлары, батыстағы жыршылық өнер, Арқаның сұлу сазды поэзиясы жекедара айтулы құбылыстар, түптеп келгенде қазақ поэзиясы, ұлттық өнер аталатын тұтас көркемдік әлем. Қазақ халқының күй өнері, би өнері, қолөнері де жергілікті сипаттарымен қаныққан, дараланған, сөйте тұра қазақ халқының ортақ қазынасына айналған феноменалдық құбылыс дәрежесінде.

Әдеби өлкетану деп ат қойылып, айдар тағылмағанымен Рымғали Нұрғали мұрасында ізі сайрап жатыр. Белгілі бір қаламгердің туған, өскен өлкесі мен шығармашылығының арасындағы байланыс, шығарма мен қоршаған орта сабақтастығы, кейіпкердің болмыс – бітімі мен жер, су тарихындағы туыстастық үзілмейтін желі.

Абай мен Мұхтар Әуезов – ғалым ізденістерінің негізгі тіні. Қайталанбас екі қаламгерді ажырамас бірлікте қарастыру, айтылар ойды қос алып шығармашылығымен алмакезек өре отырып ғылыми тұжырымға келу академик Нұрғалиға тән мінез. Орынды байлам, келісті толғам, сабырлы шешім жасар тұс та дәл осы шақта иықтаса бой көрсетеді.

Қазақ энциклопедиясын басқарған кезеңде Рымғали Нұрғали ерлікке парапар іс тындырды. Жеке тұлғаларға арналған энциклопедия шығару ісі жүйеге түспеген кезде орталықтың тегеурініне төтеп беріп үлкен іске кірісті. Жанына білімді, өткір, алымды шәкірті Мұхтар Құлмұхамедті ертіп алып, тәуекелге белді байлап, айды аспанға бір-ақ шығарды. Сөйтіп, «Абай» энциклопедиясы (1995) дүниеге келді. «Шындығында «Абай» энциклопедиясы ұлт пайғамбарының өмірі ғана емес, оның философиялық, психологиялық, педагогикалық, тарихи, құқықтық, т.б. көзқарастары арқау етіліп, өзбектің «Науаи», әзірбайжанның «Низами», түріктің «Мақтымқұлы», қырғыздың «Манасы», ежелден біздің алдымызды орап кететін Кавказ жұрты халықтарының есімнамалық энциклопедияларының бәрінен бұрын жарық көріп, республика Мемлекеттік сыйлығына ие болды», - деп шаттана қалам тербегенді қайраткер Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Рымғали Нұрғали ізденістерін адамзаттың Әуезовін зерттеуден бастады. Әлемдік құбылысқа айналған Мұхтар Әуезов драматургиясын қопара тексеруді ұстазы профессор Бейсембай Кенжебаев тапсырған еді. Москва, Алматы, Семей мұрағаттарын таңның атысы, күннің батысы ақтара жүріп 1967 жылы кандидаттық диссертациясын қорғады. Зерттеу 1968 жылы «Трагедия табиғаты» аталатын жеке кітапқа айналды. Қазақтың көрнекті қаламгері, марқұм Қалтай Мұхамеджанов: «Міне, көз майын тауысар еңбекқорлықтың нәтижесінде келген, жемісін берген ғылыми –зерттеушілік байсалдылығын, келешекте өзінің төл болмысына айналып кететін ордақазық тұлғасын қалыптастырып алуында, сөз жоқ, Мұхтар Әуезовтің творчестволық лабораториясынан, осы төңіректе әр жылдар ішінде өткен әрқилы жәйттер сақталған қыруар архивтен кемел үйренген деп айтуымызға толық негіз бар», - деп ғалым бет бағдарының құпиялы сырларын айқара ашқан екен.

Рымғали Нұрғали – зерттеушінің көкейінен шықпай, үнемі көзауласында ұстаған тақырыбы – Шәкәрім. Өмір сапары трагедияға толы Шәкәрімнің мұрасын ұрпаққа қайтару да қиямет қайым қиыншылық, кедергілерге кездесті. Ақын мұрасын ақтаған қаулы шыққаннан кейін де орынсыз күдіктенушілер, тырнақ астынан кір іздеушілер, соқыр саясаттың соңынан ерген кісәпірлер жетіліп артылды.

Диссертация ойдағыдай қорғалып, «Трагедия табиғатын» оқырман қауым жылы қабылдады. Жылы қабылдағаны емес пе, дуалы ауыздар Темірғали Нұртазин, Нығмет Ғабдуллиндер жоғары баға берді. Әйтсе де, Әуезов пен Шәкәрімнің ұлтшылдығы шала сөнген шоқтай қайта қоздады.

«Мұхтар Әуезов неге «Еңлік – Кебекті» жазды? Көркем шығарма аяғы аспаннан салбырап түсе қалмайды, бұл – эстетиканың белгілі шындығы. Талант, тәжірибе, біліммен қоса, ең басты, ең негізгі, ең шешуші фактор жазушының дүниетанымын, санасын қалыптастыратын өскен орта, әлеуметтік қоршау. Тақырып беретін де, образ ұсынатын да сол орта, сол қоршау». Бұдан артық ежіктеу мүмкін бе?! Ертегі үшін, ермек үшін емес! Көргенін, түйгенін көркемдік әлеміне аялап қалықтатады, сүйіспеншілік мейірмен тебірене толғайды. Тіпті жіліктеу қажетсе зерттеуші ұстанған жолынан, қаруланған әдіснамасынан ауытқымайды: «Еңлік - Кебек» трагедиясы автордың «өткен өмірді аңсауынан» туған жоқ. Қаршадайынан құлағына сіңген, өзі жаттаған тамаша аңыз драмалық шығармаға жақсы материал болды». Міне, әдеби өлкетанудың ғажайып үлгісі. Міне, жазушы шеберханасына бойлап енудің жемісі.

1968 жыл- кеңестік идеологияның шарықтаған шағы. Сөз жүзінде сөз бостандығы, шығармашылық еркіндік ұрандалғанымен, күнделікті күйбең өмірде цензура аталатын темір құрсау, лито делінетін сүзгі нағыз күшіне мінген кез. «Трагедия табиғатының» 16-57 беттерінде «Еңлік -Кебек» талданады, бірнеше нұсқалары салыстырылады. Бірде төртінші нұсқа, біресе «Жолсыз жаза» дей келе Шәкәрім поэмасы кеңінен зерттеу объектісіне тартылады. Ұлтына қалтқысыз қызмет жасауды мұрат тұтқан жас ғалымның көзсіз ерлігі еді. Соңыра өзіне оқ болып атылған қаралау әрекеттері осылай басталған-ды (ол жеке әңгіме).

Қазақ әдебиетінің түрлі жанрлары мен жеке тұлғалары төңірегінде Рымғали Нұрғали әрдайым жүйелі ойларын ортаға салған ғалым. «Фолиант» баспасы бір-ер жыл бұрын оқырманға табыстаған сегіз томдық жинағында академик Нұрғали әдеби дамудың деңгей дәрежесін жеке қаламгерлердің шығармашылық жетістіктері арқылы тап тұйнақтай етіп тәптіштеп жеткізді. Сегіз томдықты ерінбей, жалықпай парақтасаңыз бейнебір кинофильм таспаларын тамашалағандай әсерге бөленесіз. Қазақстан қаламгерлерінің болмыс бітімімен, мінез табиғатымен, шығармашылық қайталанбас тұлғаларымен алмакезек жүздесіп, бағзы өткен тарихты еске түсіріп, бүгінгі уақыттың тыныс тіршілігін жан дүниеңізбен сезінесіз.

Сапарғали Бегалин. Ұзақ жасаған, көпті көрген, асыл мұра қалдырған қалам иесі. «Сапарғалидың ата қонысы – Шоқан мадақтаған, қобыз тартып, ән салған, үлкен эпикалық дастандар тудырған, айтыс ақыны Жанақ жүйрік жырына қосқан Арқаның киелі мекендерінің бірі – Дегелең таулары... Шежірелік арнадан тартқанда, Сапарғалидың түп бабасы – Қаз дауысты Қазыбектің бір Бошаннан өрбіген қандас туысы, өмірбақи онымен үзеңгілес жүрген, ай, жұлдызға көз тігіп, болашақты айтатын атақты Жүгіней көріпкел. Ескі көз қариялардың аңызына қарағанда жарықтықтың мәйіті де ағасы Қазыбектің мәйітімен қатар Түркістанда жатса керек». Тастан қашалғандай анық, деректерге бай екі сөйлемге Сапекеңнің ата қонысы, тектілігі, аталарының басына дарыған құт – береке, бірнеше буын әулеттің тарихы сыйып кеткен.

Жетілу, өсу жолы төңкеріспен тұстас келген болашақ жазушының жастық, жігіттік шағы қиыншылықтарға толы: кісі есігінде жалшы, атшы бола жүріп жандәрмендікпен білімге ұмтылу, аумалы, төкпелі уақыттың зардаптарын басынан кешіру, майданға қара жұмысқа жегілу бір басқа жетерлік тауқыметпен парапар.

Өмір шыңдаған, уақыт ширатқан Сапарғали Бегалин әдебиет табалдырығын қатал тағдыр талайын бастан кешіп барып аттаған еді. Ол шығармашылық жолын өлеңнен бастаған сыршыл лирик ретінде танылды. Рымғали Нұрғалидың байқауынша ақынның «Жаз лебі», «Көктем бұлты», «Нөсер артынан», «Сарыжайлау» секілді өлеңдері пейзаждық лириканың озық үлгілерінен саналса, Абайға, Мұхтарға, Қалибекке, Қасымға арналған өлеңдерінде терең сыр, сыйластық көңіл, қимастық сезім пернелері мен мұндалап тұрады.

Сапарғали Бегалин әдебиеттің барлық жанрларында қалам қайратын сынаған қаламгер. Жанр талаптарының үдесінен шығып, халқына пайдалы дүниелерін тарту етті, ұзақ жылдар көркемдік дамуымызға салмақты үлес қосты. Ондаған поэмалар, повестер мен әңгімелер, «Замана белестері» романы, естеліктер, зерттеулер, проблемалық мақалалар, ойлы очерктер, ең соңында, қазақ оқырманының қолына табысталған «Шоқан асулары» дилогиясы қаһармандық еңбек куәсі.

Рымғали Нұрғали жас алшақтықтарына қарамай қазақтың ірі ақыны, атақты Шәкір Әбеновпен аралас, құралас, пікірлес, табақтас, туыстық, достық қарым – қатынаста болды. Қазына қарттың бірнеше кітаптарының баспадан шығуына жәрдемдесті, жинақтарына алғысөз жазды.

Ең алдымен, көкірегін жыр кернеген Шәкір ақынның бойындағы Алла сыйлаған шығармашылық қуат, өнерпаздық тағлым, көне тарихты алтын сандығы – кеудесінде сақтаған зеректігі тәнті еткен. Ғалым пікіріне құлақ асайықшы:

- ескі шежіре, халық әдебиетінің білгірі Шәкір Әбенов Жанақ, Түбек, Дулат, Байкөкше секілді ақындардың мұрасын тұңғыш рет қағазға түсіріп, бүгінгі ұрпаққа жеткізген. Музыка мамандары Шәкір Әбеновтің айтуымен көптеген ән мен күйлерді нотаға жазды;

- халық санасына әбден сіңген, небір жүйрік жыршылар, дүлдүл ақындар жырлаған ғашықтықтың ғажайып тарихына Шәкір Әбенов қаймықпай барып, тамаша поэма тудырды. Ол тұста Сәкен, Ілияс, Иса, Қасым, Тайыр сынды сұңқарлар, Жамбыл, Нұрпейіс, Нұртай, Төлеу секілді не бір ақиықтардың көзі тірі кезі;

- Шәкір Әбеновтің табиғи ақындық дарынын фольклор дәстүрі, жазба әдебиетінің үлгісі, классикалық мұралардың тәлімі ұштап, өрбітіп өсіргендігін көру қиын емес. Мұның үстіне өлең мәдениетіндегі Абай мектебінің сарынын ә дегеннен аңғаруға болады.

Сығымдап айтқан тұжырымдар Шәкірдің адами келбетін, ақындық тұлғасын, тұла бойын өнер кеулеген сұңқар табиғатын танытады.

Қазақ поэзиясына екпіндете еніп, шарқ ұрып ізденген, өлең аспанында жарқ етіп көрініп, ғұмыры келте қиылып, тым ерте сөнген Төлеужан Исмайылов. Төлеужан – қазақ поэзиясына жаңа леп әкелгенімен, өлең өнеріне реформа жасауды мақсат тұтпаған. Ғасырлар бойы екшеліп, келісті түр мен терең ішкі мазмұнды бойына сіңірген қазақ өлеңіне жаңа ізденістердің қажеттігін сезінген Т. Исмайылов. Бұл жалғыз Төлеужан ақын талпынысы емес, уақыт алдыға кесекөлденең тартқан жаңалыққа ұмтылыс еді. Өнер әлемінде қоңыраулатқан жаңалықтың төрден орын иелене бермейтіндігі белгілі жәйт. Айтыс – тартыстар, дау – дамайлар әр тұстан бұрқ – бұрқ шаң бергенімен сол уақыттың поэзиясына алабөтен өзгеріс жасай алған жоқ.

Қырықтан аспай қыршынынан қиылған Төлеужан ақыннан қуатты лирикалық өлеңдер, «Есіл», «Жылқышы» («Дала министрі») тектес тебіреніске толы поэмалар, А.С. Пушкин, М.Ю. Лермонтов, В.В. Маяковскийден аудармалар, қоршаған ортадағы кембағалдықты өткір сынайтын сатиралық шығармалар қалды. Соның барлығы ақынның отыз жасқа дейінгі мұра-тумалары. Түрлі газет-журналдарда жарияланған очерктер, жол - жазбалар, әдеби-сын мақалалар күні бүгінге түгенделген жоқ. Американ жазушысы Теодор Драйзердің Төлеужан Исмайылов тәржімалаған «Американ трагедиясының» толық нұсқасы ұрпақ игілігіне айналмауы өзекті өкініш.

«Қойын дәптерде қалған соңғы өлеңдерде туған елге сағынып жеткен ақын махаббатының көз жасы мөлдіреп тұр. Тербеле жөнелген қазақы жорға жырға қарық боласың да қаласың. Тебіренген, толқыған жүрек лүпілі анық естіліп тұр. Тарихқа шолу, саясат әуені, сатиралық кекесін сарындарынан тазарған бұлшық еті бұлт-бұлт еткен жүйрік жыр жосып кетеді. Туған жердің суреті, ата-баба рухы тіріліп қоя береді», - деп шашасына шаң жұқпас жүйріктің мінез-тынысын қапысыз жеткізеді академик Нұрғали. Төлеужан сынды ақынның болашақта арнайы зерттелу қажеттігіне иландырады. Шындығында Төлеужан өнері зерттеуді, насихаттауды тілейді. Амал не, «жығылғанға жұдырық» деп атам қазақ айтпақшы мойнына ауыр жүк алуды көздеген ініміз, ақынды «тірілтпекші» болған талантты азамат Айтқали Тұрсынбеков те полигон зардабына шалығып өмірден ерте кетті. Десек те, Төлеужан Исмайылов мұрасының жиналып, зерттеушісін табарына сеніміміз зор.

Рымғали Нұрғалидың Кәщаф Туғанбаев, Медеу Сәрсеке, Мейрамбек Жанболатов, Мерғали Ибраев, Сұлтан Оразалинов жөніндегі толғаныстарын, жазба – сызбаларын тексеріп қарағанда туған өлке, өскен орта, ондағы әдеби процесс төңірегінде қатпар – қатпар сыр ақтарылары анық.

Туған жер мен әдеби дамуды гармониялық тұтастықта қарау – Рымғали Нұрғали зерттеулеріндегі үзілмес желі. Ендеше осы құбылысты зерделеу ортақ парызымыз.

Майтанов Б.

Қазақстан: Алматы

Р.НҰРҒАЛИ НЕМЕСЕ ҒАЛЫМ – СЫНШЫ ФЕНОМЕНІ

Қазақ әдебиеттану ғылымы ХХ ғасырда тым сыпайы бастау алды да, 1950–1960 жылдары толарсақтан саз кешкендей тұлғаланып, ірі көріне бастады. Сыншы еңбегімен ғылыми дәреже, атағы бар, университет, институттарда дәріс оқитын, іргелі зерттеулер жүргізетін ғалымдардың айналысуы әдеби-көркем үдерістің ажарын ашып, мән-маңызын көтере түсті. Жұртшылық кәсіби сын пайда болды деп қол соқты. Алайда сын ғылыми машықпен көмкерілсе де, қалың ұрыстың ішінде семсерінен от ойнап, жалғыз тұрып қалатын жалаңтөс батырлар көбеймеді. Әдебиет майданында әредік ерлігімен көрініп, одан соң уақыт аралатып, мүлде жоғалып кетпей, қайта жотасын күдірейтіп, басқа бір қырымен көзге нұр жүгіртетін әдебиет зерттеушілерін де әдеби қауым сын ауылының төріне отырғызып жүреді. Солардың ерлігі қазір жоқ, деп опығады. Әншейінде өкпе, міннен көз ашпайтын, шынынан гөрі қиялдағы сын жасағының сардарлары осы ғұлама ғалымдар іспетті болып, ақын-жазушылардың да көңілі тоғайып қалады. Әлгі жолды қайталағысы келетіндер шығады. Сонымен, әйтеуір, сын отауының түтіні үзілмейді.

Қазір ақсақал жасына жеткелі отырған ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР ҰҒА-ның академигі, филология ғылымдарының докторы, професор Рымғали Нұрғали тырнақалды мақаласы – “Көк қауырсынды” 1964 жылы «Жұлдыз» журналында жариялаған. Тәрізі, ҚазҰУ-дың соңғы курсында оқыса керек. Қуаныш екі есе әсерлі. Оған дейін ұстазы, профессор Бейсенбай Кенжебаевпен бірігіп, Ғалымжан Ибрагимовтың “Қазақ қызы” романы туралы шағын кітапша шығарады. Құдды 19 жасында поэзия жайлы теориялық еңбек жазып, академик С.Венгеровтың ғылыми мектебін мансұқ ету үшін оқуға түскенін жариялайтын Виктор Шкловский (1,95) сияқты. Мектепті Мұхтар Мағауин, Төлек Тілеуханов, қазіргі биология ғылымдарының докторы Блок Шәйкеновпен бірге үздік аяқтап, ауыл шаруашылығы институтында оқып, соңынан, бәрібір ҚазҰУ-дың филфагынан (журналистика бөлімі) бір-ақ шығатын жас талаптың сөз өнеріне деген махаббаты шексіз еді. Әрине, сонда жүрген М.Мағауиндер тәрізді ұлы жерлестері, Абайдың тірі елесіндей Мұхтар Әуезовті көру, тыңдау бақытын уыстан босатып алмау ниеті шырақ боп жанғаны анық.

Аты аңызға айналып бара жатқан «алпысыншы жылғылар» қатарында әдебиет кеңістігінен орын тапқан Р.Нұрғалиевтің замандастары әлемдегі әйгілі суретші, музыкант, жазушылардың бар мұрасымен танысып, содан таусылмас қуат алуды көздейді. Білім мұнарасына көтеріліп, төңірекке биіктен көз шалуды ұнатқан қауымның жастық қызуымен мастанғанын жасырмайтын сәттері де көп. Тауда, ағайынының үйінде, уақытша тұрып жатқанда, терезені ашып қойып, Энрико Карузоны тежеусіз шырқатуымен Ғазиза Жұбанова сияқты белгілі композитордың жұмыс істеуіне кедергі жасағанын аңғармайтын өркеуде жасқа, таяғын ұстап, атақты Ахмет Жұбанов келеді. Келген бетте: “Қайран, Карузо, – дейді күрсініп”, – осылай ән салып тұрып, сахнада опат болған ғой. Шауып келе жатып өлген Құлагер секілді, – тағы күрсінеді (2,75). Өнердің асқар асуына шығуды аңсаған адамның шежіре түйе бастаған көкейінде бұлайша оқшау орам тапқан метафоралық теңеу мәңгілік қалып қояды. Оны кейінгі жазбаларында (“Сырлы сөз”) езу тартып, еске түсіреді. ХVІІІ ғасырдан басталады дейтін қазақ әдебиеті тарихын ХV ғасырға дейін апаратын әйгілі диссертациясын “Таулы қыраттағы” пәтерінде басына жастанып жүріп, дәлелдейтін Мұхтар Мағауин де осындай жалынды күндердің куәсі екені түсінікті. Бұл дәуірде сәл ілгерірек әдеби сынға бір жағынан өзі ақын, сөзге шешен Әбіш Кекілбаев, жұмбақ жанды, өткір тілді, ділмар Асқар Сүлейменов, жылы жүзі мен қайтусыз пікірін бірдей ұштастырған Зейнолла Серікқалиев араласты.

«Тырнақалдының жазушыға да, оқушыға да ыстық көрінетін бір оқшау жайы бар. Асылында алғашқы туынды алғашқы махаббат тақылеттес. Сол сезім, сол діріл, сол алып-ұшып тұрған жүрек. Сезімі бұрқырап тасып, жалын атып лауламағанымен, қауызын жаңа ашқан, таза таң алдында жапырақтан құлап түскен шықтай мөлдір. Дірілі үрей, қорқыныштан аулақ, таңсық болудан, аңсаудан туған қуаныш хал. Жүректі дірілдететін балаң шабыт, тұңғыш серпіліс» (2,118) деп бастайды тұңғыш әдеби ойларын Р.Нұрғали.

Жас сыншы сол уақыттағы әдеби сынның стилистикасына жаңа машық енгізуге ұмтылады. Арқалаған біртектес жүктен қажыған етістіктің әдеттегі шақтық түрлерін біраз демалысқа жіберуді, әйтпесе, тіпті, мүлде зейнетке шығарып жіберуді көздейтіндей батыл тілек байқалады. Атаулы сөйлемдер іргелесіп келіп, атқақтап тұр. Баяндауыш орнында – қалыптағыдан басқаша, негізінен есім сөздер. Үстеу түріндегі, сын есім тұлғасындағы эпитеттер сөз денесіне бұлшық еттей жарасады. Рухани әлемнің заттанған көрінісі мен сезімдік аядағы зор сілкіністі әдейі сирек қолданылатын «тақылеттес» септеулігі арқылы салыстыратын татымды байлам кейінгі сөйлемдерден қолдау тауып ұштала түседі. Ойдың инерциялық күші ширап бағады.

Автор С.Асанов, Б.Әбдіразақов, Қ.Бұғыбаева тәрізді жас ақындардың тұңғыш жинақтарына тоқталады. Бұлардан өзге кейбір талапкерлерге сын айтылады. Әр кезеңдегі әдеби сыннан іздейтін басты талап: жаңа шығармалар, оларды шоғырымен алып талдау мақсаты жүзеге асқан соң, Р.Нұрғалидың сыншы аталмауы мүмкін емес еді.

Р.Тоқтаровтай дарынды жазушының «Бақыт» романына алғаш баға беретін де осы шақ болса керек. Сыншы мақтай отырып, кемшілігін қоса айтады. Сол замандағы редакция мүшелері сондай екіұшты пікірлерді ұнататын. Әйтеуір мін тағылуы керек болатын. Алайда Р.Нұрғали замандас – суреткердің кесек философиялық көзқарасын, психологиялық баяндау жүйесін дәл аңғаруымен ерекшеленеді.

Университеттен соң “Лениншіл жастың” тілшісі болып тың өлкесін еркін кезетін дәурен Р.Нұрғалидың дүниетаным көкжиегін кеңейтеді. Халық дәулетін, мемлекет қуатын арттыратын қарапайым, қаражон еңбек парасаты мен қажыры екенін де сол күндері айқын сезінеді, жадына түйеді.

Арғымақ жалды асау жылдардың ендігі бір шағын бөлігі Қазақстан Жазушылар одағындағы нағыз қызу ортада өтеді. С.Жүнісів, С.Мұратбеков, Р.Тоқтаров, Қ.Ысқақов, А.Нұрманов іспетті таланттың қылаң түсті жүйрік-терімен дауласа, даурыға, тоғыса жүріп, көркем өнер мен әдебиеттің бар болашағын өздері шешетіндей көреді. «Алпысыншы жылғылар» болған соң, өмірдегі жылымық сәттердің жұлдызды түндерінде сыр шертіседі.

Аспирантураны бітіргенде, Мұхтар Әуезов трагедиялары бойынша кандидаттық диссертация қорғайды. “Трагедия табиғаты” (1968) атты бірінші монографиясын жариялайды. Табына қарайтын шәкірттерінің, сүйсіне қарайтын ағаларының ықыласына оранған, алғашқы атақ, мансап буымен қалықтап жүрген жас ұстаз университет мінберінен су төгілмес жорғадай сұлу дәрістерін оқиды. Осы кездері оқуға түсетін талапкерлерден емтихан қабылдап, Т.Жұртбаев тәрізді оқыс оймен ұзақ тұрып қалатын жауап берушілердің біріне «Сен бізді жадылап тұрсың ба» деп әзіл де айтады. Аяғын сарт-сұрт басатын, өңінде де күншығыс халқына ұқсастығы мол бір студент туралы «жапон самурайлары сияқты» деп мұғаліміміздің күлдіргені бар. Әрине, зілсіз айтты. Әлгі досымыз да бірге мәз боп жүрді.

Бізді жас ұстазымыздың Мұхтар Әуезовтен дәріс алғаны қызықтыратын. М.Әуезов туралы зерттеу жазуы да айрықша қасиет саналатын. «Бәленшекең марқұм қылтың-сылтыңы көп кісі еді» деген рәуіштес арғы мәні тарқатылмайтын, қысқа қайырылатын сөздері де мағыналы көрінетін. Ірі ғалым, жазушыларда мін болуы мүмкін бе дегенге саятын, ішімізде бұғынған, әлсіз, күнәһар ойларымызды тұншықтыруға тырысатынбыз.

Әдепкіде Рағаңды ары кетсе аспирант санаған көзқараспен отырғанбыз. Іле-шала «Әдебиеттануға кіріспе» пәнінен дәріс оқи жөнелді. Қолында қағаз, дәптер жоқ. Сайрап тұр. Еркін қозғалады. Гомер, «Илиада», «Одиссея», Шекспир атаулары жөңкіле көшкен бұлттай сапырылысады. Біразымыз мынандай оқуға ілесу қиынға соғар деп ойлансақ керек.

Рағаңның дәріскер ретінде оп-оңай төге салатын бейнелі сөздерін есте сақтауға тырысып жүрдік. Соның бірін ақын Мұхамедия Жұмағалиев дәптеріне былай түсірді: «Жақсы жазылған әңгіме анау-мынау романыңды қанжығасына бөктеріп кетеді». Осы бір қойнауы терең шешендік үрдістің үздік көріністеріне әлі де тәнті боп келе жатырмыз. «Трагедия табиғатындағы» «Қарагөз» трагедиясы сан ырғақты ғаламат мол үн жамырай табысып, дауылдап барып аяқталатын қаһармандық симфонияның финалындағыдай әсермен бітеді. Бұл шығарма – қазақ драматургиясындағы інжу-маржанның бірі» (3,107) тақілеттес сөйлемдерді жатқа айтып жүретінбіз. Ұстаз өнерін қадірлеумізде шек болмайтын.

Ол 1972 жылы докторлық диссертациясының негізі боп табылатын «Күретамыр» монографиясын шығарды да, келесі жылы жазға қарай қорғау рәсімінен өтті. Ұстазымыз 33 жасында ғылым докторы болды деп, тымағымызды жоғары аттық. Өкінішке орай, сол қуаныш біртіндеп күмәнға айналып, ақыры созылып-созылып барып, үнсіз қалды. Арыздар көбейген. Тоқтаусыз, жүйелі түрде барған. Құлагерге жасалған қастандық сыры осындайда әйгілене түседі.

Рағаң қайтадан қорғауға құлық танытпай жүрді. Жұрттан көңілі қалған. Жанашыр інілері сол атақтың өзі үшін емес, елге керектігін дәлелдеуге тырыстық. Ол 43 жасында ғылым докторы дәрежесін алды. Бірақ, реніш қалды, адалдыққа сенімінің жүзіне дақ түскені анық. Кейіннен ондай пәле-жаланың жолы тұсалды. Рағаң басқаларға жол ашып берді. Жалаңдаған қызғаныштың өзегіне тас түсті. Әділеттің түбі жеңбей қоймайтына көз жеткізу үшін бұл оқиғаның тағлымдық мәні бар. Кейін қайта түлеуіне әсері болып, қол ұшын созғаны үшін Р.Нұрғали көрнекті ғалым, қоғам қайраткері Мүсілім Базарбаев есімін бағалап, қағазға түсірді. Бұл жағдаятты зерделейтін эсседе (“Үш ауыз сөз”) осы екі адамның одан кейін керемет сырлас, айрылмас дос болып кетпегендігі хақында да жазылады. Шындықтан ауытқымауды көздейтін реалистік деталь. Екі адамды бастарынан өткен ортақ күй жақындастырады. Адамгершілік парыз орындалады. Алайда тіршілік параметрлері сан алуан. Тегі, достық жайлы айту оңай да, оның табиғи сыны әр қилы боп келетіні, әдетте, естен шыға берсе, Р.Нұрғали бейтарап шындықтың отқа түскенін көре тұрып, оған араша түсудің өзі ерлік мінезге саярын айғақ қылады. Қаламгер ретінде автордың өмірдегі құбылыстардың бәрі өлшеулі қалыпқа сыя бермейтіндігі туралы психологиялық өткір тұғырнамасы жан-жақтылығымен, аңғарғыш, сезімталдығымен танылады.

Әдебиеттанушы ғалым Р.Нұрғалиды сыншы ретінде ұмыттырмайтын мақалалардың бірі – “Тастың түйедейінен – алмастың түймедейі” (1968). Ол Ғабит Мүсіреповтің “Кездеспей кеткен бір бейне” жинағы төңірегінде толғанады. «Жалғыз шығармасымен, бір-ақ кітаппен әдебиет тарихында терең із қалдырған бақытты жазушылар да, қобыратып, көп шимайлаған, із-түзсіз кеткен талайсыз қаламгерлер де толып жатыр» (2,63), – деп шамырқанады сыншы. Бұл пікір бұрыннан белгісіз болмаса да, жаңаша түр-кескін тауып, әсем тіл, тегеурінді синтаксиспен тың өрнекке боянғанда, айтылмақ идеяның таңбалық кескіні бірден сыр бере бастайды. Автор аз жазса да, салмақты туынды ұсынатын суреткер жөнінде ой өрмектетпек. Солардың бірі – әрине, Ғабит Мүсірепов. Келесі абзацта осы есім аталғанда, таң қалмайсыз. Өйткені сыншы адресатын болашақ ақпарат нұсқасымен қабылдау өрісіндегі күту көкжиегіне сәйкес қаруландырып қойған. Автор мен оқырман ежелден мәлім әдеби-көркемдік мағлұматтарды зияткерлік үдеріс ауқымында соншалық шапшаң елеп-екшеп алады. Ғ.Мүсірепов шығармалары дүниеге сирек келгенмен, оқшау дарын несін танытарын әркім де жадында жаңғыртады. Жиі де, талғамға сай да қалам сілтейтін Ж.Верн, А.Дюма, М.Әуезов, С.Мұқанов тәжірибелері жорта аталмауы арқылы Ғ.Мүсірепов – негізгі нысанның айрықша қасиеті дәріптеледі. Бұлай етпеген күнде де, “ықшамдылық – таланттың қарындасы” дейтін А.Чехов тұжырымын еске алсақ, сыншы мұратының ақиқаттан алыстамағанын аңғарасыз.

Алдымен ақын табиғаты, одан соң Сәкен тұлғасының өркешті тұстары шешендік дағдымен сұрыпталып, шығармадағы Еркебұланның түптұлғасы жайлы сөз қозғалғанда әдеби код-жамылғылар кімді мегзеуі мүмкін екендігі өзінен өзі анықталады. Автор әдейі жұмбақтау тәсіліне ұқсас үлгіде толғану нәтижесінде ғылыми толғам драматизмін тудырады. «Кездеспей кеткен бір бейнедегі» Еркебұланның прототипі Сәкен екенінде дау жоқ» (2, 64) деген болжам күмән түсірмейтіндей интонациямен айтылса да, мәселенің шетін астарлары көркемдік-эстетикалық талаптармен сабақтасатыны жайлы кезекті байламға түйін салуға тиіс арна түзіледі.

Әдетте, керісінше, прототип, сонан соң Сәкен, сонан соң ақынға қатысты сөз қозғалуы жиі ұшырасатын. Егер айтар тұжырымдама терең шықса, оның да терістігі жоқ. Р. Нұрғали жалпыдан жалқыға қарай түседі. Ғ.Мүсірепов стилі, идея туралы толғанып кеп, одан соң автордың ақын хақында ой жүгіртуі арасындағы кеңістік дайындығы бар адресат қиялымен толықтырылады. Есесіне ой ағымында жылдамдық пайда болады. «Күту көкжиегіне» тән нәтижеге жету үрдісі төте жолға көшеді. Сыншы артық-ауыс етістік, есімдіктерді сөйлемдерінің бойынан жұлқып тастайды.

Осы тұста әдеби сюжеттің ерекшелігі, диалог арқылы тартыстың таңбалық жүйесін құру, шығармадағы көру нүктелерінің мәні, қара сөзбен жазылған поэманың жанрлық айырымдары, көркем деталь іспетті мәселелер ұшқыр жанармен дәл пайымдалады. Ал «Қаз-қалпында» циклындағы әңгімелер жай қарағанда бір көрініс, этюд секілді. Алып-жұлып әкетіп бара жатқан оқшау сюжет, ерекше оқиға жоқ. Баппен айтылған, өмірден өз қалпында алынған жәйттер. Көзі жаутаңдаған еліктің лағы қандай! Ішіңіз суып сала береді. Тимка – Димка ше? Бас-аяғы бір-екі беттен аспайтын әңгімеге сорлы адамның өмірі, бақытсыз тағдыры сиып кеткен. Күйкі тірлік иесі бола тұра, адалдығын айтсайшы өзінің» (2, 65) деген жолдарда автор ғылыми мәтін жоралғыларын білмей отырған жоқ. Қарапайымдылықты ұнататын оқырман, алдымен тіл нанымдылығын бағалайтын әдеби қауым аңсарын сезіну бар. Сыншы назарын аударатын суреткер лаконизмі, реалистік тұспалмен бейнелеу шеберлігі, өзгеше типаж табиғатын мейлінше шынайы бедерлеу іспетті ерекшеліктер ықшым да анық қамтылған. Мәселе, сыншының эмоциялық имитациялары туралы. Ол керек пе? Жоқ па? Біздіңше, ол – стиль айрықшалығын көрсететін фактор. Автор ауызекі сөйлеу бедерін елестету арқылы интертекст тудырады. Өзге субъектілік сфералар да қамтылғандықтан, пайымдау ағзасында полилогтық, диалогтық қатынас бас көтереді. Бұл ойлау, шамалау, бағамдау өрісіндегі көптараптылықты аңғартады. Ал суггестивті тұрғыда бұл қос үнді сөз, оның ішінде екінші жақтық тұлғаны да пайдаланатын шешендік таңданыс арнау үлгісіне саналса керек. В. Белинский, Н. Добролюбовтер жүгінген тәсіл. Кейбір диссертациялардағы қойыртпақ емес, талант тынысын ашатын, байқауы мол, тәжірибелік мақсаттағы, қайталана бермейтін орам.

Р. Нұрғалидың М. Әуезовтен басқа монографиялық тұрғыда түбірлеп зерттеген жазушылары сирек. Алайда студент күндерінде Сабыр Шарипов жайлы шағын, тұтас мәнді зерттеу жазса, кейінгі уақытта біраз топтастырып, жеке шығармалардың, шығармашылық өмірбаянның ұқсас сәттерін меже қылып, тоқтала қарастырған адамы – Ілияс Есенберлин («Тарихтың шыңырауынан шындық іздеген»). Мәселенің деректанымдық негіздері назардан тыс қалмайды. Ғалым-сыншы жазушының өзгелер іспетті біркелкі филологиялық тіршілігінен басқа күрделі тарихын бірден айтып тастамай, әр тұста бір шығарып, талдау үдерісіндегі «үнемдеу» стратегиясын қолданады. Ақындар лирикалық шегініс жасаса, ол ғылыми ескертпелердегі сияқты тоқтала қалып, жан-жаққа қарайлайтын, жалғастырушы тұжырымдар легін кәсіби шеберлікпен алға тартады. Мәселен, І.Есенберлин романдарына арқау тартқан тарихи мәліметтер, мұрағат көздеріне қатысты байламдар қатары осынау қажеттілігі мол логикалық тіреніш қызметін атқарады. Немесе қаламгердің әр шығармасын талқыламас бұрын бұл төңіректегі тақырып, жанр, стиль ыңғайындағы типологиялық құбылыстар төңірегінде толғануы да негізгі пікірлерге бастама – бағдар міндетін арқалап тұрады.

Академик-сыншы ұлт тарихының көмескі кезеңдерін ашып, отансүйгіштік рухты тәрбиелеудегі І. Есенберлиннің мұзжарғыштық еңбегін халық боп айрықша бағалаудың әділеттілік екенін дәйектеуді азаматтық парыз санайды. Жазушының сюжет құру, оқиғалық арна мен тартыс желілерін концептуалдық орайда дамыта білу үрдісін, үздік характерлер, кескекті идеялар өміршеңдігін пайымдау, қаламгердің замандас тұлғасына арналған туындыларының оқыс фабула, шешімдерімен дараланатынын бағамдағанда ой орамдарын оқшау пішінмен жеткізу, таңданыс эмоциясын шақыру машығы айқын танылады.

Р. Нұрғали пір тұтатын жазушы-оқымысты Виктор Шкловский әйгілі А. Эйнштейннің таң қалу қабылдау актінің дағдылы жағдаймен тартысқа түсуінен туындайтыны хақындағы болжамын келтіреді (1, 42). Өзінің көркем әдебиетке қатысты «өткірлеу» (остранение) теориясы да осы негізде өрістеген. Р. Нұрғали не жайлы, кім туралы айтпасын, телегей әсер толқынын шақыратындай күйде тұрады. Оған әркім де құмар. Бірақ бәрінің қолынан келе бермейтін өнер. Ю. Борев Плутархтың мынадай сөздеріне сілтеме жасайды: «Цицерон сөйлегенде, жұрт қандай талантты, қандай шешен, қандай әсем, деп ойлайды. Ал Демосфен сөйлегенде тыңдаушылардың бәрін «Тирандар жоғалсын!» деген ортақ құштарлық сарын билеп алады» (4. 70). Асырып жібергендей болғанымызбен, дәріскер, жазушы, ғалым Р. Нұрғалида осы екі қасиет бірдей тербеліп, бірдей қанат жаятынына мән бермеу әділет емес. Бір докторлық диссертацияның қорғауында ұстазымыз: «Құнанбай айтқан ғой, Жігітек маған бір Базаралысын қиса, мен он Ырғызбайды берер ем», – деп сөз бастап тұр. Салған жерден отырғандар құлағын түре қалды. Өйткені тың ой, соны дерек тасадан шыға келді. М.Әуезов романында атап, түстелмеген, бірақ топшыланып қана қойған сәт ел арасында күбірлеп баяндалатын мәлімет арқылы қайта тіріліп қоя берді. Әрине, бұл тұста рулық намыспен ойнау ниетіміз жоқ. Рағаң да Ырғызбай өкілі Құнанбайдың өздерін жорта кішірейту тәсілімен туысы Жігітектің де, қазақ сүйсінетін Базаралының да туын желбіретіп қоюды көздегені анық. Негізгі идея Құнанбай ақылы мен парасатын дәріптеуде ғой. Сөз мазмұны да, пішіні де өзгеше ахуал маңызын сараптау арнасына екпін қосады.

Осы тәрізді, Р. Нұрғали жоғарыдағы зерттеу-сын еңбегінде І. Есенберлиннің әдеттегідей әдебиетші емес, инженер-геолог екенін, Мәскеуде оқығанын, жетімнен жетілгенін, әуелі поэзиямен айналысқанын, ол саладағы табысы кезінде де, қазір де бағаланбай отырғанын, тағдыр талқысына түсіп, ес жиған бір шақта роман жанрының жалынан ұстауға тәуекел еткенін эмоциялық «өткірлеудің» әдеби-сын дискурсіндегі тамаша өнегесі ретінде аялап, әлпештейді. Эсседе көрнекті фольклортанушы-ғалым С.Қасқабасовты куәгер қылып, башқұрт халқының ұлы ақыны Мұстай Кәрімнен естіген әңгіме-диалогты бағамдау әуеніндегі соңғы аккордтар есебінде келтіру таңданыс әсерін шырқау биікке көтереді. І. Есенберлинді Лениндік сыйлық алу мүмкіндігінен айырған өз қандастарымыз болғанын ағайын ұлттың серкесінен, оның қынжылған, бірге күйінген үнінен есту бізді ажырату емес, ірге қосуға мегзейтін намыс ойымен бейнеленеді. Бұл жерде өмірлік факт шешендік таңданыс тудыратын логикалық амал ролін орындайды.

Р. Нұрғали С.Бегалин, С. Бақбергенов, Ш. Мұртаза, Қ. Исабаев сынды т.б. қаламгерлердің прозалық дүниелерін сыншыл ойдың сергек сарабынан өткізеді. «Бүгінгі лирика туралы» (1969) Әбділда Тәжібаевпен терең мағыналы диалог жүргізеді. 1960–80 жылдары жаңа драматургиялық туындылар, театр қойылымдары жайлы өткір мақалалар жазып тұрды. Әр туындысында тым болмағанда бірді-екілі тың сөзді оралым, соны синтаксис нышаны, эстетикалық, стилистикалық ізденіс белгілері байқалатын.

Дегенмен, Р. Нұрғалидың сыншылық мұратын көркемдік талаптармен ұштастыратын оңтайлы, сері сипаттағы жанр эссе болса керек.

Бір кітабының атауы “Сырлы сөз” (2000) болса, оның өзі де Ғабит Мүсірепов тақырыбы жүретін эсселердің ішінен өсіп шығатындай. Р.Нұрғали аспирант кезінде ол уақытта тыйым салынған дүние – М.Әуезовтің “Қилы заман” повесін оқып шығып, ол туралы “Қилы заман қандай туынды?” мақаласын жариялау машақатына түседі. “Қазақ әдебиеті” газеті 26 адамнан пікір сұрайды. Ахмет Жұбановпен екінші рет кездеседі. Қолдау табады. Газет редакторы Нығмет Ғабдуллиннің көп пысықтауынан кейін атақты жазушы Ғабит Мүсіреповке барады. Екеуінің тілдесуіндегі оқшау мезеттер шығармашылық тұлға ерекшелігін аша түседі.

«Міне, сен “Қилы заман” жоқшысы, жанашыры болып, ақтаушысы болып келіп тұрсың ғой. Түсінгендерің дұрыс, енді Мұхтар атымен қазақ еліне тек бәйге, тек жақсылық, тек абырой-атақ, махаббат-даңқ келеді деп білем. Ол – мәңгі өлмейтін сырлы сөздің иесі. Солай, – деп Ғабең мақаламды қолыма ұстатып, енді хош бол дегендей сыңай танытқан. Сөздің қапелімде аяқталғанына сасқандық па, әйтеуір аяқ астынан мінез шығарып.

– Қол қойып берсеңіз жақсы болар еді, – деппін. – Ахмет Жұбанов пікір жазып, қол қойып берді. Ғабең шұғыл бұрылып, бетіме ажырая қарап, қатқыл үнмен:

– Немене, саған «Ғабит Мүсірепов басылсын деп айтты» деген сөз жетпей ме? Әлде редакторың қағаздатып, мөр бастырып, заңдаттырып әкел деп пе еді? Жүре бер, Нығметке айтам, қажет болса, – деп сөзді шорт үзді» (2,77).

Ғ.Мүсірепов “сырлы сөз” деп тіл ажарын ғана емес, ой, пайым, ұлтжанды, терең мағына философиясын атайды. Ал таңданыс бірнеше сатыдан тұрады. Алдымен, жас ғалым ұлы суреткерден жылы қабылдау күтпейді. Өйткені саяси бақылау күшті. Қабылдау да солай секілді. Бірақ мінезі ауыр, тәкаппар Ғ.Мүсірепов сөйлесуден қашпайды. Екіншіден, Ғ.Мүсірепов заман ызғарынан тартынса да, қорықпайды. Үшіншіден, Ғ.Мүсірепов әріптес досын пендешілік жасап, қызғанбайды. М.Әуезов үшін мақтанады, халқы боп шерленеді. Ендігі бір сыртқы тосын жағдай Ғ.Мүсірепов келісімінің жеткізілу түріне байланысты. Ол әлі де зұлмат күндер салқынынан сақтанады әрі өз пікірін, оған сенімін, оның беделін айрықша әспеттейді. Аспирант та жуас, жалтақтан емес. Суреткердің көңілі тіпті үстем және назары ұстараның жүзіндей лыпылдап тұр. Осындай кермарал жағдай әділеттің пайдасына шешіледі. Мінез, машық, шындықты баса көктемейді. Классик классиктің құрметін асырады. Ұлттық сезімнің рухани қайнары үзілмегенін дәлелдеу эссенің басты мақсатын жүзеге асырады. Аға буын еш нәрсені ұмытпаған. Жаңа ұрпақ тарих тағылымын әділ зерделеген.

Р.Нұрғали “Ғабит айтқан әңгімелерде” (1992) ілкідегі таныстықтың кейінгі өрбу жолдарын қызықты детальдармен қамтиды. 1930 жылдардағы қуғын сүргін қияметінің адам санасындағы зардапты іздері әр алуан психологиялық нюанстарымен бірге сараланады.

Ғалым-сыншы жиі оралатын бейне – көрнекті қазақ жазушысы, балалар әдебиетінің негізін салушылардың бірі – Сапарғали Бегалин. Бұл тұста жазушылық ықылас, аңыстау, саралау түрлері аралас келіп, ең ірі қасиеті – ұлтжандылық болып табылатын іргелі азамат, адалдығынан айнымас, талантты қаламгердің кісілік тұлғасы, шығармашылық келбеті шынайы, толымды сомдалады. Сыншы – жазушы, жазушы – сыншы боп отырады. Айналып келгенде ғалым-сыншының тұтас бітімі көрініс береді. Өйткені жазушыда сыншылық пайым зор, сыншыда зерттеушілік рух күшті.

Рымғали Нұрғали еңбектерін жинақтаған келісімді жеті том жарық көрді. Оның “Ай қанатты арғымақ” атты романы, “Дән” атты очерктер жинағы да бар. Негізгі зерттеу нысаны – драматургия, Мұхтар Әуезов һәм Алаш әдебиеті. Осы аттас кітабы жарияланған. Ол «Әдебиет теориясынан» тұңғыш нұсқаулық (хрестоматия) шығарған. «Қазақтың жүз романы» тәрізді оқшау сипатты құнды еңбектің өмірге келуіне басшылық еткен.

Ол өзі оқыған Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде үздік дәрістер оқыған, филология факультетінің деканы болған. «Қазақ энциклопедиясын» ұзақ жылдар басқарып, жаңалықты мол дүниелер шығарған. Ұйымдастырушылық дарыны кемелденген. Қазір Еуразия ұлттық университетінде кафедра меңгерушісі, астана зиялыларының мәртебесін көтеруде. Ол жақында ғана «Жұлдыздар шоғыр боп туады» деген мақала жариялады. Ол Абай шығармаларының тіл, ұйқасқа байланысты тұңғыш статистикалық сөздігін жасады. Ол...

Р. Нұрғали – ең алдымен шашасына шаң жуытпайтын, ой, ісімен, кесек мұратымен жүйрік те ірі ұстаз, теоретик-ғалым, оның шәкірттері көп. Солардың бірі – біз.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   24




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет