МЕН БІЛЕТІН РЫМҒАЛИ
Рымғалимен әңгіме-сұхбат кезіндегі жан тебірентерлік бір жай есімде қалыпты. Бірде ұстазы, ғалым, сыншы Мұхамеджан Қаратаевтың үйіне барады. Үй иесінің қабағы әдеттегіден салыңқы, жүдеулеу де көрінеді. Салқын қабылдап, сүлесоқтау амандасады. Шәкірті «Әлдекім мен туралы бірдеңені жеткізіп үлгірді ме екен» деген ойға келгенше, сөзді Мұқаңның өзі бастапты.
- Жан-жағымнан бомба түсіп жатқандай, Рымғали… Көп жыл қызмет бабында жиі араласып, туысқан болып кеткен, елі мен туған жеріне қалтқысыз еңбек еткен ағаларды қимайды екенсің… Бір күні бізге де кезек келер ме екен…
Бұл – Ә.Марғұланның, Ғ.Мұстафиннің, Ғ.Мүсреповтің халқымен қоштасып, мәңгілікке аттанып жатқан кезі болатын.
Академик Р.Нұрғалидың өзі туралы суық хабар құлағыма жеткенде, мен де осыған жақын күй кештім. Мұндайда қарама-қарсы ала-құйын сезім қатарласа, қабаттаса, жарыса тыным бермейтін көрінеді. Алдымен, хабарға сеніңкіремейсің. Талай уақыт әріптес, тағдырлас болған замандасың бәз-баяғы тіршілігіндей, сол қалпымен, сол бітімімен жақындап келе жатады. Тағы да тың әзіл айтып, езу тартқызар ма екен деп ойлайсың. Енді бірде өзіңді шала танитын адамша саған бұрылып қарамастан, ақырын басып, шаруаның бәрі орнына келгендей сабырлы салмақпен алыстай береді. Қайсыған сенерсің? Қаласаң да, қаламасаң да, екінші ой басымдау ма деймін.
Тағдыр дәл осы сәтте қолыңа қалам ұстатқан соң, естелік деген аты бар шағын ой-түйіндерді, жадыңда сақтай алған әсерлерді қағаз бетіне түсірмеске лаж жоқ. Қалай болғанда да, қатарлас ғалым-еңбеккер жайында естелік жазуды ертерек деп есептегеніммен, уақыт талабына бағынбаса тағы болмайды.
Қандай пенде болса да, оның мінезіне, ілім-біліміне., басқалармен қарым-қатынасына байланысты симпатия және антипатия сөздерінің еріп жүретіні - табиғи құбылыс. Жұмыр басты пенде қатарында саналғандықтан бұл ұғымдардың Рымғалиға да қатысы бар.
Ар алдында әділ сөйлеу тұрғысынан келгенде, екеуіміздің арамызда сырттағылар біліп қояды-ау дейтін сыр сандық болмайтын. Сезіктілердің секіретініндей селк етер әрекеттеріміздің жоқтығына да сене көріңіз. Сол сияқты, әлдекімге есе қайыратындай құпия пікірлерден де аулақпыз. Сөйтіп, мүмкіндігінше ресми қатынаста болғанымызды еске сала кетудің реті келді ме деп білемін.
Екеуара аралас-құраластықта жүз шайысып, қабақ түйісіп, бет жыртысардай немесе талас-тартыс туғызып, қызыл кеңірдек болу ойымызға да келмепті. Сәл көңіліміз толмаған не дұрыс қабылдай алмаған жайлар бола қалса, намысымызға тимей, әдептілік шегін аттамай түсініскен кездерімізді теріске шығара алмаймыз. Қайсыбіреулердің осындай тұстарда маған миығынан күліп, Рымғалиға жарамсақтанғандарын талай көріп, басымды шайқап қоятынмын. Мен әрдайым Рымғалиды сұңғыла білімі үшін өзімнен жоғары санап, жасы кіші болса да, алдына шықпайтынмын, жолын кескен емеспін. Ақиқатқа көздері жеткеннен кейін әлгілердің талайларының өзгеріп жататындарын да байқап жүрмін.
Академик Р.Нұрғали – мейлінше көп қырлы талант. Оның бәрін бір автордың бір ғана естелігіне сыйғызу тіптен мүмкін емес. Сондықтан оның ғалымдық келбеті мен ұстаздық тұлғасына, адами болмысына қатысты кішілерге ғана емес, үлкендерге үлгі етуге әбден тұратын қасиеттерін қысқаша да болса оқырманның көз алдына келтіруге тырысу – осы сапардағы мақсатым еді.
Италияның ұлы суретшісі және драматургі Леонардо да Винчи: «Ұстазынан озбаған шәкірт – шәкірт емес» деген екен. Бұл – Рымғали типтес ғалымдарға айтылған сөз. Әлбетте, Рымғалидың М.Әуезовті, Б.Кенжебаевты, М.Қаратаевты, Т.Нұртазинді т.б. ұлттық әдебиеттану ғылымыныің алыптарын ұстаз санайтынын жалғыз мен емес, бұл мамандықтан хабары барлардың бәрі біледі. Бұл арада мұндай ұстаздар мен шәкіртті бәсекеге түсіріп, алдыңғыларының беделдері мен ғылымдағы тарихи орындарына күдік келтіру сияқты ойды алға тарту ақылға сыймас еді. Әңгіме ұстаз деген дәрежесі бар ғалымдардан олардың талантты студенттерінің озық кетуінде болып отыр. Ой-өрісін кеңейтуге, теориялық ақпараттар ағымын ескере отырып, білімі мен дәріс оқу шеберлігін көтеруге оншалықты көңіл бөлмейтін ұстаздарынан біздің Рымғали баяғыда-ақ шаңына ілестірмей алға кеткен.
Дастарқан басында М.Әуезов туралы қызу сөз таласы барысында үлкен ғылыми дәрежесі бар бір ағамыз «Абай жолындағы» Абай Әйгерім деп өзгерткен қыздың оған дейінгі шын атын айта алмады. Ал Рымғали оны бастауыш сыныпта оқып жүргенде білетін. 1957 жылғы «Қазақтың тұңғыш эпопеясы» деп аталатын конференцияда жазушы З.Шашкин «Абай жолында» сәл жаңылыстан кеткен екі Мырзатай барын айтқанда, баяндаманы мұқият тыңдап отырған Мұқаң езу тартып мойындаған еді. Ұлы жазушының ол «қателігін» Рымғали студент кезінде байқаған.
Өзара әңгіме үстінде мақаламның бас кейіпкеріне былай дегенім бар: - - Ғабит Мүсреповтің сөзге ерекше мән беретінін білеміз. Оның талай
юмор мен сарказмге толы қанатты сөздері жеткілікті. Ал орыс композиторлары туралы айтылған «Алыптар тобы» Ғабеңнің афоризмі болып тарап кетті ғой.
Рымғали жымиып тыңдады да, мені қостады:
- Рас, Х1Х ғасырда ол орыстың музыка сыншысы В.В.Стасовтың журналдағы мақаласынан тараған болатын. Бұдан Ғабеңнің беделі түсіп тұрған жоқ. Әрине, сәл басқаша ораммен айтқанда, оның сөз зергері екенін тағы бір танытқан нақыл болып қалар еді.
Солай деді де:
- «Ұстаз дегеніміз – өзгенің жанын аялау, өз жаныңды аямау» деген нақылдың кімдікі екенін айта аласың ба? – деп маған сұрақ қойды.
«Дайындалған жерден» болған соң бірден жауап бердім:
- Академик З.Қабдоловтікі деп жүр. Шындығында, Жан Жак Руссонікі ғой.
- Дұрыс айтасың.
- Дұрысы дұрыс қой. Бұған да таң қаламын. Қазақ тілінде Ғабеңнен кейін сұлу сөйлейтін Зекеңнің де нақыл сөздері толып жатыр. Ал мынаны неге «иемденді» екен?
- Басқа біреулер жаңылысып Зекеңнің атынан жазып жүр-ау, шамасы.
- Ендеше, неге «Әдебиет – ардың ісі» дегенді де Зекеңнің атына таңады?
- Ол кімдікі еді?
- 1954 жылы Қазақстан жазушыларының 2-съезі болмады ма?
- Әрине, болған.
- Сонда М.Шолохов есте қалар екі нақыл сөз айтты.
- Қандай?
- Бірі – «Великая литература великого народа». Қазақ әдебиетін айтып тұрғаны беп-белгілі. Бұған дейін де, одан кейін де әдебиет пен халқымызды ешкім Михаил Александровичтей батыл атап көрген емес. Ал екіншісі – «Литература – дело совести».
- Ие, солай. Енді есіме түсті. Шынында, Зекең туралы болсын, өзгелер туралы болсын, жазғанда байқауымыз керек екен. Лекцияда ғана емес, ауызекі әңгімелескенде де Зекенңнің адамның айызын қандыратыны бар. Оның «Мүсреповті мақтау керегі жоқ, Мүсреповпен мақтануымыз керек» деген тамаша нақылын бүкіл қазақ біледі.
Бір қарағанда, бұл келтірілген деректер ұсақ-түйектей көрінуі ғажап емес. Алайда өздігінен ізденіп, оқып, жадына сақтап жүрген адам болмаса, бұлардан хабарсыз қалуы да мүмкін, демек, кім не жазса, соған сене беретін жағымсыз әдет пайда болары сөзсіз. «Теңіз суының тамшыдан білінетініндей», азамат эрудициясы бірер дәйексөзден аңғарылатын кездер де болады.
Ал академик Р.Нұрғалидың энциклопедиялық білімін дәлелдеу үшін оның Алаш ардагерлеріне, абайтануға, әуезовтануға, әдебиеттанудың жалпы теориялық мәселелеріне, қазақ драматургиясының тарихы мен теориясына, қазіргі әдеби процеске қатысты сүбелді зерттеулеріне, ең болмағанда, қысқаша шолу жасаудың өзі ғана жеткілікті. Оған қоса, төл романдары мен повестерін, өз жанынан құрастырылған мақалдар мен мәтелдерін, публицистикалық дүниелерін, әр жанрдағы аудармаларын, кейінгі кезде қолға ала бастаған естеліктері мен эсселерін санамалау да көп нәрсеге куә болар еді.
Ең бастысы – осы еңбектерінің қай-қайсысынан да өзіндік қолтаңбаны, демек, тақырып даралығын, стиль ерекшелігін, өзгенің соқпақтарымен жүрмеу, өз жолымен шабыттана сөйлеу сияқты шынайы зерттеушіге қажетті компоненттерді байқамау мүмкін емес. Осылайша, академик Р.Нұрғали хас шеберде болатын қалам сілтесінің арқасында оқырман мен әріптестерін ойландыратын, тіпті пікір таласына шақыратын түйіндерге толы, мазмұнды ғылыми туындыларын қалдырып кетті. Оның аталған және аталмай қалған басқа да ғылыми-әдеби шығармаларын талдау мен насихаттау өзінен кейінгі ізденушілер мен шәкірттерінің парызы болмақ. Осыншалықты мол еңбектенгеніне қарамастан, ол барынша кішіпейіл еді: білгішсінбейтін, білімсінбейтін. Қасындағылардың сұрақтарына дәл жауап беріп тұрғанда да, кеудесін көтермеуші еді. Оның қатарларының алдында тартымды әрі әдемі көрінетін бір қасиеті – осы сыпайылығы болатын.
Әдебиетті кең мағынада жақсы көруші еді. Оның аты - өзі айналысып жүрген нысандармен шектеліп қалмайды деген сөз. Тұрмыстық ыңғайдағы әңгіме-дүкен ретінде де еліміздің түкпір-түкпіріндегі қабілетті жастардың жайын білгісі келіп тұратын.
Бір күні:
- Еслям жақсы көрініп келе жатыр еді, күтпеген жерден кетті-ау, - деп өкінішін айтты.
Шынында да, Е.Зікібаевтың өлеңдері шымырланып, ойы дәлелденіп, сөздері сұлулана түскені рас еді. Оны байқағанына қарағанда, ақынның өлеңдерімен таныс болғаны ғой.
Енді бір күні Жарасбай Нұрқановтың шығармашылығы туралы қысқа сөз етті. Қолынан келсе де, оның жазуы тым сиретіп жібергенін қуаттай қоймады.
- Ал енді, - деді тағы бір кездескенде, - Солтүстік жігіттерінің ішінде прозашы Ермек Қонарбаев біраз адамға ұнап қалып еді.
- Оның рас. Алғашқы әңгіме, новеллаларының жинақтылығы біраз әдебиетшінің көңілін аударған. Роман да жазды, бірақ сәтті орындалған дүние болғанымен, сыншылардың бағасын естіп үлгіре алмады.
Бір сыныпта бірге оқып, жоғары оқу орнында қатар білім алған жерлестерімді ойлай жүруі маған жылы әсер етуші еді. Егер Қазақстанның барлық аймағындағы әдебиетті сүюшілер мен осы саладағы терінің бір пұшпағын илеп жүргендерге деген ілтипаты осындай болса, титтей көмегі мен қамқорлығын көрсетпесе де, бәрінің де шын жүректен алғыстарын айта жүрері анық біздің Рымғали досқа.
Ел аузында «Әдебиетті шын сүйетін адам сұлу көрінеді» деген сөз бар. Бұл ретте әдебиетшінің маман болуымен бірге, адамға деген жанашырлығы, көңілдің тазалығы да ескерілетін шығар. Қалай десек те, Рымғалидың көрікті бейнесі көз алдымыздан кете қоймас.
Қалижан У.
Қазақстан: Астана
АКАДЕМИК
Рымғали Нұрғалиев қазақ әдебиеті тарихында ерекше орын алатын үлкен ғалым, танымал көсемсөзші, ұлағатты ұстаз. Ол Кеңес Одағындағы жылымық кезеңнің интеллигенциясының мол шоғырларының қатарына кіретін ірі азамат. 60-шы жылдағылар деп аталатын ағым ескі ойлау жүйесіне тың идеялар мен оралымды ойлар әкелген жаңа толқын болды. Сондықтанда ол топтың өкілдері тоталитарлық ойлау жүйесінің саналық тініне сызат түсірді, қазақтың ескі әдебиетінің адамзат өркениетіне қосқан үлесі туралы толғақты мәселелер көтерді.
М.Әуезов, Б.Кенжебаев сынды ғұлама ғалымдардың ескі әдебиеттің көркемдік, идеялық құндылықтары туралы ойларын алға жылжытты, жаңа адами көзқарастардың орнығуына шым-шымдап ақиқат беруді мақсат етті.
М.Мағауин, М.Жолдасбеков, Р.Нұрғалиев сынды жас ғалымдар арқылы біз халық жаулары деп аталып жүрген М.Жұмабаев, М.Дулатов, Ш.Құдайбердиев, А.Байтұрсынов туралы көп мағлұматтар алдық. Бұл біз үшін ерекше сәт еді. Ұлттық ұятымызды оятқан, ізденуге, көне тарихымыздың беттерін там-тұмдап болса да парақтауға мүмкіндік берген керемет жылдар әлі жадымда жарқырап тұр.
...1966 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне құжаттарымды тапсырып, емтиханға дайындалып жүргенбіз. Консультацияға Р.Нұрғалиев келетінін біз ерекше күтетінбіз. Бетің бар, жүзің бар демей тура сөйлейтін жас жігіт екен. Ол «егер мұғалім болғыларың келсе, педагогикалық институтқа бару керек, ал өз тағдырыңды қазақ әдебиетін дамытуға арнағыларың келсе, КазГУ-ге кел. Мен сендерді сондай қыз-жігіттердің қатарынан көргім келеді»,-деген.
Қазақ әдебиеті бойынша шығармадан төрт алдым. Ал ауызша емтиханды С.Садырбаев, М.Жолдасбеков және Р.Нұрғалиев алды. «Егер дайындықсыз бірден жауап бергісі келетін абитурент болса, бір балл көтеріп қоямыз. Қайсысың келесің?»
Мұны айтқан Р.Нұрғалиев еді. Нартәуекел. Орнымнан тұрып, алдарына бардым. Білетін сұрақтарым. Екінші сұрақ «Сүйінбай мен Қатағанның айтысы» туралы еді.
-Өзің қай ауылдың баласы едің?,- деді кенет М.Жолдасбеков.
-Жамбыл ауданынан, Ұзынағаштан.
-Е, өзің Сүйекеңнің ауылының жігіті екенсің ғой. Ал бұл айтыс туралы кітапта жоқ деректер туралы не хабарың бар?
Мұны айтқан С.Садырбаев ағай екен. Сұлтекең Сүйекеңнің тікелей ұрпағы екенін қайдан білейін.
Сүйінбай мен Қатағанның айтысын мен бала кезімнен құлағыма құйып өскен едім. Өйткені анам Мәртай Қолғанатқызы жасында айтысқа қатысқан, ескі жырлар мен айтыстарды, ертектерді айтып, әрі бұл айтыстың кеңінен таралған, цензура кесіп-пішкен нұсқасын емес, халықтық нұсқасын айтар еді. Қатаған «Кенесары-Наурызбайдай батырыңды, итке...»
-Тоқта, бала. – Сонда Сүйінбай не деген?
Сұлтекең маған шұқшия қарады.
-Сүйекең «Анаң сенің қызыл ит, атаң сенің ...»
-Бірдемені бүлдірмей тұрғанда «бес» қойып құтылайық бұл баладан.
Рымғали Нұрғалиев қалың толқынды шаштарын саусақтарымен жоғары қайырып жіберді де, екі әріптесіне қарады. Осылай үшінші сұрақ сұралмай, бестік алып шықтым.
Керемет студенттік күндер басталды. Абитуренттік шақтан бастау алған Рекең екеуміздің ағалы-інілі, ұстазды-шәкірттік жылы қарым-қатынасымыз орнықты. Сол сыйластық бүгінгі күнге дейін үзбей жалғасып келеді.
Рымғали Нұрғалиев профессор Б.Кенжебаевтың шекпенінен шыққан талантты ғалым екен. Кейін М. Жолдасбеков те, М.Мағауин де Бейсекеңнің ғылыми тұжырымдарына сәйкес зерттеулер жүргізген ғалым екендіктерін білдім және тағдыр мені де Бейсекеңнің шәкірті болуға жазды. Үшінші курстан бастап XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті тарихында ескішіл, діншіл ақындар деп аталып жүрген бір топ ақындардың мұрасын зерттей бастадым. Кейін «Ақмолла Мұхамедияровтың өмірі мен творчествосы туралы» кандидаттық диссертация қорғадым.
Әр адамның тағдыры әртүрлі. Мен жоғарыдағы ұстаздар секілді университеттің мұғалімі болуды армандадым. Бірақ мен журналистикаға кеттім. «Ұлан», «Жас Алаш», «Егемен Қазақстан» газеттерін басқардым.
Рекеңнің тағдыры да оңай болған жоқ. Қазақтың кілем асты ойындарының құрбаны болып, докторлық дисертациясы бекімеді. Біреулердің ұнжарғысы түсіп, ғылымнан қол үзіп, өзін жоғалтып алар ма еді? Ал Р.Нұрғалиев күрескер адам. Ол күйінсе ішінен күйінді, бірақ жауларын төбесіне шығарған жоқ. Басқа жұмыс жазды. Докторлық атақ алды. Бедел де, білім де оның іргелі ғалымдық тұлғасын көтере түсті.
Жиі кездесіп, телефон шалысып, тіпті кейде сағаттап сөйлесетін әдет те пайда болды. Кейін көрші тұрдық. Бірге серуен құрып, Есентай өзенінің жағалауында өткен-кеткенді, болашақтың бағыт-бағдарламалары туралы да пікір алысып тұрдық.
-Сен докторлық диссертация қорғауың керек. Бейсекеңнің аманатын ұмытпа. Өмірінің аяғында ұлы ұстазымыз ескішіл, кітаби ақындарды, ағартушы ақындар санатына қосып кетті. Енді сен соны діни ағартушылық әдеби ағымға айналдырып, түгендеуің керек., - дейді.
Мен газеттің қым-қуат жұмысынан бас ала алмай жүрсем де, біраз материалдарды қарап, архивтік деректерді іріктеп алдым. Тек жазу ғана керек.
«Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторлығынан «қуылдым». Не істеу керек? Рекең телефон шалды. «Ержігіттің басына не келіп, не кетпейді? Жүнжіп жүрме, мүсіркейтіндер көбейіп, қолпаштайтындар азайып, қасыңда нағыз достарың ғана қалады. Көңіліңді ауламақ болып, шала бүлінетіндерден сақтан. Қазір сен өз-өзіңе қамшы сал да, докторлық диссертацияңды бітір».
Ұстаздың осы сөзі түрткі болды. Телефонды өшіріп, астаң-кестең күйге түстім. Ұйқы қашып, қаламым жүрмей, қиналғаным-ай. Бір апта осылай әрі-сәрі өтті де, қаламым да, ойым да бір арнаға тоғысып, күн-түн жұмыс істедім. Кіріспе мен бірінші тарауды тез бітіріп, Рекеңнің қолына тапсырдым. Үш күннен қалдырмай қарап, түзейтінін түзеп, күзейтінін күзеп, қолыма тапсырды. Компьютерден қайта қарап, баспаға апарып бердім. Шағын кітапша шығарып берді.
Диссертацияның әр тарауы осылай жазылды. Әр тарауы жеке-жеке кітапша болып шықты. Сонан соң монография ретінде тұтастай басылды.
Рекең авторефератқа көп шұқшиды. Көп кеңес берді. Салмақты да салиқалы ойлар айтты.
-Сен енді «Егемен Қазақстанның» бас редакторы емессің. Лупамен оқығандай қарайды. Белгілі ғалымдардың көзқарасына қайшы пікірлер айтылды. Әсіресе, Абайдың діни ағартушылық көзқарасы туралы дау да, келіспеулер де болуы мүмкін. Мың қарап, бір түзету керек.
Осылай 100 жылға созылған діни ағартушылық ағымға талдау жасалып, Бейсекең айтқан ойдың нүктесін қойдық. Академик Зейнолла Қабдолов монографиямның жалпы редакциясын басқарды, Рекең ғылыми кеңесші болып, алты сағатқа созылған қорғау сәтті аяқталды.
Сөз реті келгенде айта кетелік, мен әкемнен бір айымда жетім қалып, көп қиыншылық көріп өскен адаммын. Азамат болып жұрт қатарына қосылған соң, әкемнің басын қарайтпақ болып, бейітін іздедім. Ауыл ақсақалдары әр төмпекшікті көрсетті. Ізім ғайып. Сондай өкініп жүрдім. Бірде осы өкінішімді Рекеңе айттым. Сонда ұстазым былай деді:
-Уәлихан, сен тәуба де. Әкеңнің бейіті табылмағанмен, сен оған керемет ескерткіш қойдың ғой.
Мен аңтарылып қалдым. Түсіне де алмадым. Сонда Рекең:
-Қалижан секілді қазақтың қара шалдары аз ба? Солардың бәрінің аты шығып жатыр ма? Бәленбай мың тиражы бар газеттерде бас редактор Қалижанов деп фамилияң қонжиып тұр. Қазақтың әр үйіне барады десе де болады. Оның үстіне кітаптарың шығып жатыр. Бір шалға бұл аз ескерткіш пе?
Осы бір сөз демеу болып, көңілім орнына түсіп еді. Мен академик Рымғали Нұрғалиевті абитуренттен докторлыққа дейін жеткізген ұстазым деп білемін, әрі ағай ретінде әлі күнге кеңесіп жүремін.
2. Әр ұстаз терең білімді болғанымен, әрқайсысының лекторлық қасиеті әртүрлі болады. Мәселен, профессор Б.Кенжебаев ғұлама тектес білімді болғанымен шешендік, лекторлық шеберлігі төмендеу еді. Ол кісі лекциясының бәрін жазып, тәкпіштеп, ақырын, қоңыр дауысымен оқитын. Үлкен аудиторияның соңындағы студенттер Бейсекеңнің бір сөзін естіп, бір сөзін естімейтін. Ал, Сұлтанғали Садырбаев ағамыздың фольклордан оқитын лекциялары әрі қызық, әрі көркем болып шығады. Тыз етпе, ашуланшақ мінезі де тек Сұлтекеңе жарасады. Ол лекциясын тыңдамаған студенттерге «емтихан кезінде аяғыңа коньки байлап жіберемін» дейді. Сол кезде еріксіз есіме бала кезімдегі қайыспен аяққа таңып сырғанайтын коньки келетін. Өйткені оның формасы кәдімгі екілікке ұқсайтын.
Профессор Темірғали Нұртазин ағамыздың лекцияларына бірде қатысып, бірде қашып кететінбіз. Өйткені студенттер де психолог. Әрі Темекең ешқашан екі қоймайтын. Емтихан кезінде билетті алған соң, бір қызарып, бір бозарып отырғанымызды байқайтын да, оқулықты алып, дайындалуға мұрсат беретін. «Тым болмаса алдымнан үш сұрақты мықты біліп кет» дейтін. Талай жыл халық жауы боп абақтыда отырып келген профессор Т.Нұртазин марқұмның қадір-қасиетін енді ғана терең сезінетін шаққа жеттік.
Профессор Белгібай Шалабаев та лекциясын тек жазбаша оқитын. Соғыста контузия алған ұстазымыз үнемі тершіп отыратын. Екі беторамалды екі тізесіне салып, бірін алып, екіншісін қойып, желпініп, сүртініп отыратын. Лекциясын тыңдамаған сәтте «Пысық болам деп пұшық болып қалмаңдар» дейтін. Сонан соң жым болатынбыз. Әйтпесе, емтиханда сен қара терге түсіп терлейсің.
З. Қабдоловтың лекциясынан ешкім қалмайтын. Күміс үні, әдемі жүзі әлі көз алдымда тұр. М. Жолдасбеков, М. Мағауин мен Р.Нұрғалиевтің лекциялары тым еркін ойды жетектейтін, көп нәрсеге көзіңді ашатын.
Рекең лекцияларын жазбай, әр парақшаға деректер, мысалдар ғана жазып әкелетін. Бір қызығы Р.Нұрғалиев лекцияларын өзіміз конспектілейтінбіз. Өйткені кейбір ұстаздар лекциясының конспектілері болмаса, емтихан кезінде көзіңе көк шыбын үймелететін. Сондықтанда қыздардың лекцияларын сұрап алып, емтихан алдында күнделетіп, түнделетіп, көшіріп шығатынбыз.
Рымғали Нұрғалиев лекцияларының тартымды, әрі қызықты болатын себептерінің бірі, оның әлем әдебиетін көп білетіндігінде жатыр. Қазақ әдебиетінің мысалдарын антик дәуіріндегі, онан қайта жаңғыру кезеңіндегі, бертіндегі әлем классиктері еңбектеріндегі, Белинский, Чернышевский секілді орыс ғалымдарының көзқарастарын үйлестіре, кірістіре отырып, кесіле сөйлеуі мен кесек сөйлеуінде жатыр. Көп лекцияларына стенографистка шақырады. Өйткені еркін оқылған лекцияларда тосын ойлар айтылады, өз лекциялары негізінде зерттеу кітаптарын жазды. Ол оқуға жеңіл, ұғыңқы, түсінікті, әрі көркем де бейнелі болып, студенттерді де, қалың оқырмандарды да қызықтырады.
Осы ізденістер Р. Нұрғалиевтің қазақ әдебиетіндегі ірі тұлға болуына жол ашты.
3. Рымғали Нұрғалиев қазақ драмасының табиғатын ашып көрсеткен, зерттеген, тосын толғамдар ұсынған ғалым. Ол ескі қыз ұзату, өлікті көму, құда түсу, ас беру, бесік тойы секілді ұлттық дәстүрлерден драмалық белгілерді көреді. Сондықтан да М.Әуезовтің тырнақалды туындыларын кеңінен зерттеп, арнайы монография жазды. Қазақстаннан шыққан тұңғыш режиссер Ж.Шанин туралы «Драма поэтикасы» атты зерттеу кітабын жарыққа шығарды. Жалпы әдебиеттің эстетикалық теориясы мен поэтикасы жөніндегі зерттеулері қазақ әдебиеті тарихындағы жаңа бетбұрыс қана емес, тосын құбылыс болды.
Әдебиеттің, мәдениеттің қоғам дамуы, қоғамдық сананы қалыптастырудағы рөлі туралы жасаған зерттеулерінің бәрінен Р.Нұрғалиевтің энциклопедиялық білім деңгейі көрініп қана қоймай, оның азаматтың тұлғасы мен болмысы байқалды.
«Халық жаулары» деп атылып кеткен қазақ әдебиетінің ірі өкілдері Ш. Құдайбердиев, А.Байтұрсынов, А.Бөкейханов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ш.Аймауытов, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин сынды қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің өмірі мен шығармашылық лабораторияларын уақыт мен заман контексі арасында қарастырып, әдебиет дамуының жанрлық, эстетикалық, көркемдік деңгейін саралады.
Алаш идеясының қоғамдық көрінісі мен болмысының әдебиетке әкелген идеялық, жанрлық, формалық ізденістері туралы адамзат өркениетімен үндестік тұрғысынан зерттеу жүргізді.
Кеңестік идеямен аса үйлесе бермейтін тың ізденістері үшін Р.Нұрғалиев қазақ энциклопедиясындағы бас редакторлық қызметінде қысымға алынды. 1986 жылғы оқиғаларға қатысты мақалалар еніп кеткендіктен «Алматы» энциклопедиясы жиылып алып, туралды. «Шаңырақ» энциклопедиясынан елтану, демографиялық мәселелерге арналған тараулар жұлынды, адамдардың аттары алынып тасталынды.
Филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қазақ Ұлттық Академиясының академигі, жазушы, «Парасат» орденінің иегері Рымғали Нұрғалиев өзінің 70-жылдық мерейтойына 14 ғылым докторын, 42 ғылым кандидатын дайындап, ұлы ұстаз ретінде, Еуразия ұлттық университетінің «Қазақ әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі болып, үлкен абырой мен бедел биігінде келіп отыр.
Қаламгер, ғалым, ұстаз Р.Нұрғалиевтің мерейтойы - ұлттың тойы, жоғары мектептің тойы, қазақ әдебиетінің тойы.
Құтты болсын!
Жұртбай Т.Қ.
Қазақстан: Астана
ТЕЛҚАНАТ
Қазақтың сөз өнері өзінің ыстық та отты, табы кетпейтін жанартауынан айырылды. Ұлы Әуезовтың сөзін тыңдаған және сөз өнері үшін мектептің алтын медалі арқылы кеңес одағының кез-келген жоғары оқу орынына емтихансыз түсуге берген құқықты қарапайым абитуриентікке айырбастаған намысты бозбала боп ер жетті. Осы кәсіпті тумысынан таңдаған Мұхтар Мағауинді, Әбіш Кекілбаевты, Сұлтан Оразалинді, Мәткәрім Әкімжановты, Болат Бодаубаевты, Әміржан Қалиевті, курстың ақсақалы Құрманбай Толыбаевты аузына қаратқан арыстан боп жетілді.
Мына өмірде бәрі орнына келеді деп жұбанамыз. Бірақ мен үшін Рымғали Нұрғали қайтіп келмейді және оның орыны толмайды. Мен Рымғалидың ерке бауыры болдым, ең сүйікті шәкірті және жақсы да жақын інісі едім. Тіршілік талқысында мен соның қойған талабымен өмір сүргім келді. Еркеледім, еркінсідім, еркін болдым, еркін жіберді, еркін «жайылдым». Осы дүниеде туған бауыры Айғали қандай мінез көрсеткісі келсе, мен соны оған көрсеттім.
Бүкіл қазақ елі қазақ сөзінің иесін тағы бір ретті ретсіз жоқтауына кезек келді. Менің ойымша, сөздің тағдыры үшін алаңдайтын барлық адам осындай күйге түсті. Арты алаңсыз емес, бірақ өзі мына дүниеге сыймай кететіндей болып жүрген адамға - әкесімен әкем құрдас адамға, інісі Айғалимен кластас адамға, ұлы Ардақты балабақшасына апарған адамға, немере інісі Бейбітті бауырына басқан адамға, Қайнардың бұлағынан су ішкен адамға және полигонның сынағынан бірге өткен адамға, яғни, мен үшін Сағат Әшімбаевтың, Жәнібек Кәрменовтың, Несіпбек Айтовтың өмірін бәске балап, басын тіккені үшін қарыздармын.
Қазақ сөзінің XX ғасырға дейінгі көркем ойының көкжиегін кеңейткен Рымғали Нұрғалидың көркем ойлау жүйесімен, «көркем» мінезімен - Ғабит Мүсірепов те, Ғабиден Мұстафин де, Ілияс Есенберлин деесептесетін. Сол мінез оның бойындағы «мәңгілік мінез» болып қалды.
Егер «Қилы заман» қазақ әдебиетіне кірісті болса және оған Шыңғыс Айтматов алғы сөз жазса, ол Рымғали Нұрғалиев пен Әди Шәріповтің еңбегі.
Дүниенің ажары мен ажалы шыр айналып алдыңа келеді екен. Кеше ол ажалдың кезексіз кезегін Ақселеу алдымызға келтіріп еді. Бүгін оны Нұрғалидың ұлы Рымғали келтірді. Оның исі қазақ халқына бұдан басқа сый жасауына – ажарына ажар қосуына болатын еді. Не дейміз. Жазмышы оған жібермеді. Рухы Дубайдан ұшқанымен, Алматыға қонғанымен, Қайнарға жетпеді. Шерхан дегдар айтқандай «Екіге бөлінген, бірісі кем дүние» деген осы. Оның жоқтаушысы бар, ол күмәнсіз шындық, албіздің жоқтаушымыз кім болады?!. Мәселе сонда.
Оның өзі рухына балаған телқанаты бар еді. Оның бірі – көркем әлемге құштарлық, екіншісі сыни көркем ойлау жүйесі. Дер кезінде жазылған екі пікірді ұсына отырып, бұл мақалалар жарияланған кезде осында айтылған жайлардың жариялануының өзі кәдімгідей тәуекелді іс болатын. Өткір ойлы ұстаз-ағаның ой өрісін бюілдіру үшін де жұртшылықтың назарына ұсынуды жөн көрдім. Өйткені оның өжет мінезі мен өткір ойының бір ұшқыны шан береді.
Арпалысқан ойдың, жегідей жеген жүйкенің шырмауында қалған тұста, бекітілуінің өзі бес жылға созылып, жалаңтөс жандайшаптар мен жаныкүйгендердің «жанашырлығының» кесірінен докторлық диссертациясы бекітілмей қалған жылдары –бір сәт ұстазы Темірғали Нұртазиннің өсиетімен әдебиеттанудан мүлдем қол үзіп кету де оның ойында болды. Әлем әдебиетін шөгел оқыды. «Ертең ат шабыс», «Ай қанатты арғымақ» атты хикаяттар да жазды. Ал соған бет бұрар қарсаңда ол өзінің жастық шағының лебін сездіретін алғашқы жарияланымдарын жинақтап, жүйелеп, көркемдік тұрғыдан өңдеп, електен өткізді. Сол қолжазбаның қатесін қарап шығып, баспаға ұсынғанда қасына еріп барып едім. Кейін өзі қиналып жүрген ағаның көңіліне демеу, ойына медеу болсын деген ниетпен және көркем жанрға ұмтылуын шын жүрегіммен қалап, пікір де жаздым. Егерде сол бетінде Рымғали аға көркем шығармамен айналысып кеткенде, сөзсіз, біздің әдебиетіміз түрлік ізденіс жағынан байыр еді. Оған әуелі «Дән туралы ән» деп аталған, кейін «Дән» деген атпен басылым көрген новеллалар жинағы дәлел. Сол жинақ, яғни оның көркем сөз сапасындағы тұңғыш туындысы туралы дер кезінде жазылған шағын мақаланы сол күйінде ұсынғанды жөн көрдім.
1.Жүрекке тұнған сыр
(«Дән» туралы толғау)
Әдебиетші - өз заманының жыршысы. Сондықтан да бүгінгі күн тынысын назардан тыс қалдырмау - әрбір қаламгердің замандастарының іс-қимылы мен тұрмыс-тіршілігіне, қуанышты өміріне немкетті қарамағандығын байқатады. Рымғали Нұрғалиев өзінің творчестволық қадамын журналистік қызметтен бастады. Тың көтерілген тұста миллиард пұт астықтың тасқынын тасытқан диқандар мен дала қырандарының арасында жүріп, олардың өміріне, мінез-құлық психологиясымен жете танысып, тамаша жандардың тамырын басып, жүрек лүпілін жақын сезінді. Журналист сол өнегелі өмір сабағынан өтті. Міне, тың жерді игерген диқандар мен ел ырысын арттырған шопандар көңілге түйген, куәгері атанған жайларды қағазға түсіріп, оқырман назарына ұсынды. «Дән» атты деректі новеллалар байырғы журналистің өзінің қаламгерлік өмір жолына творчестволық есеп беріп, жүрекке шымырлап тұнған ой-пікірін тұжырымдап, жұртшылық назарына ұсынған еңбегі.
Бұл жинағын сүбелі етіп шығаруға автордың дайындықпен және творчестволық ізденіспен келгендігін алғашқы кіріспе сөзден-ақ аңғарамыз. Творчество адамының қаламы қашанда қолынан түспейтіні белгілі. Оған таңданбайсың. Бірақ, оның не жазып жатқанын оқырманның білгісі келетіні анық. Жазушы мен шаруашылық директорының диалогіне назар салайықшы.
«Досымның көзі столдағы қағазға түсті.
Ой-бай-ау, жазып тастапсың ғой. Немене, зерттеу ме?
Жоқ.
Енді не? Сын ба?
Жоқ.
Өй, сонда сен төтесінен тартып, романға бір-ақ жармастың ба?
Жоқ.
Түу, ширатылып «жоқ-жоқ» деп қалыпсың ғой. Айтсаңшы сыздамай... Жанр деуші ме едіңдер, дилогия? Трилогия? Эссе?
Көзбен көрген, басы-қасында болған жайттар.
Е, таптым онда. Мемуар ғой, мемуар! Мен туралы айттың ба?
Бұйырғаны бар.
Қой, ей.
Рас, атағы жер жарған тың совхозының директоры туралы жазса, кім
сөгеді. Тіпті, бар ғой ауыл аймақтың қанша қызықты тағдырлар кездеседі. «Жалғыз қолды механизатор» дейтін жігітті білесің ғой, сол азамат қазір совхозға директор болып кетті. Қандай қажырлы адам!
Ол туралы да айттым.
Сонда сенің жазғаның не нәрсе? Әкелші, қане оқиын.
Оқысаң, оқы...».
Міне, осы беташар диалогтың өзі-ақ оқырманды өзіне баурап алып, ілгері жетелейді. Ынтықтыра түседі. Шығарманың кілтін тапқан жазушы жасампаз замандастарының қызықты тағдырын, олардың мінезін, өмірдегі қарапайым әрекеттерін шынайы суреттеген.
«Дән» атты кітаптың бір ерекшелігі – оның формалық ізденісі мен композициялық құрылымы. Автор өмірмен өзектес шығармадағы деректі кейіпкерлерін тек қана баяндау мен жалаң сурет арқылы ғана суреттеп, цифрді тілге тиек етуді мақсат етпеген. Әр новелла - өзінше жеке бір көркем шығарма. Яғни, әсерлі әңгіме. Мысалы, атақты комбайыншы Михаил Довжик туралы үшінші новелланың оқиғасы шымыр. Бас-аяғы тап-тұйнақтай. Көркем сөздің маржанын тізген шырайлы шығарма. Автор Довжиктің тек еңбегін ғана көрсетіп қоймайды, сонымен қатар ішкі жан дүниесіне үңілген, жүрек қылын шерткен. Новелладағы оқиғаның өрілуі мен шиеленістің дамуы шынайы шындықпен жүйелене суреттелген. Мұнда Довжик тек еңбекқор комбайыншы емес, өзінше жаңалыққа құмар агроном ретінде де көрінеді. Бітік шыққан егін алқабының ортасына көлденең көзден жасырып, қара бидай егуі, оны ерекше күтімге алып, соның өсіп-өнуіне қобалжуы орынды. Өйткені тың төсінде қара бидай қалай шығады? Жерсіне ме? Үмітті ақтай ма? Осы ойлар диқанды толғантады. Автордың бұл көріністі сөз арасында тілге тиек ете салуына болатын еді. Бірақ, қаламгердің қиялы мен ізденісі кейіпкер характерін ашуда өзінше шешім тапқан. Довжиктің өнегелі өмірінің мақсатын, жан дүниесін, ой-өрісін, психологиясын, тіпті сөйлеу мәнерін де қара бидайдың тағдыры төңірегіне топтап, айтар пікірін шағын новелланың ішіне сыйғызып, байсалды тұжырым жасайды. Сол арқылы атақты тың ардагерінің жаңа қырын ашады. Оқырманға еңбекқор адамның ізденгіштік қасиетін де көрсетеді.
Әдебиеттегі түрлі құбылту – шығарманың ажарын ашып, мазмұнын тереңдетеді. Деректі шығармалардың да құнын арттырып, көркемдік сипат береді. Рымғали Нұрғалиев өзінің новелларында сол ұтымды әдісті орынды пайдаланып, әр кейіпкердің өмірін сан түрлі формамен бейнелейді. Автордың жинақтағы 50 новелласының әрқайсысы өзінше бір әдеби ізденістің жемісі. Елу өмірдің өзегінен алынған елу көрініс.
Бұл бағытта Рымғали Нұрғалиевтің жанрлық құбылтулары қуантады. Онда тек диалогтен, күнделіктен, суреттеуден тұратын проблемалық пікір алысуларға құрылған шығармалар көркемдігімен де назар аударады. Мысалы, тыңға астық жинауға барған студенттің екі айдағы күнделігі (Екінші новелла) шынайылығымен баурайды. Студент диқан тірлігінің ауыр-жеңілін, қызу еңбек майданын тілге тиек ете отырып, жеке адамдар туралы көңілге түйген тұжырымдарын қаз-қалпында қағазға түсіреді. Автор кейіпкерге еркіндік беріп, сол арқылы бір науқанның ыстық-суығын бейнелейді. Жасанды конфликт пен жалаң суреттеуге ұрынбайды. Тілі де шұрайлы.
Новеллалардың әрқайсысы өзінің көркемдігімен, оқиғасының тартымдылығымен дараланады. Кітаптың соңғы эпилогындағы әкелі-балалы Тілеулесовтердің арман-мүддесі, ортақ әңгімесі, ішкі жан дүниесінің психологиясы жылы лирикалық сырға құрылған. Әке мен бала егінжайды аралап жүріп, айдын көлге келеді. Бала болашақта жерді түлететін мамандықты аңсайды. Оған шешесі қарсы. Әке іштей ұлын жақтаса да, агрономның қиыншылықтарын еске алады. Бірақ, бала махаббатын, арманын түсінеді. Автор осы сырлы көрініс арқылы беделді совхоз маманының, диқанның мұрагерлігін, оны өз ұлы жалғастыратынын нысаналы бейне ретінде алып, дән туралы публицистикалық әңгімесін түйіндеген. Ертеңгі күннің диқаны – ырыс дәнін өсіруші жастар. Ендігі кітап кейіпкері де сол жеткіншектер деген пікір түйген.
Жинақтың кең тынысы, көркемдік дәрежесі, формалық құбылтулары оқырманды баурап, тың ерлерінің өмірімен қызыға танысуына мүмкіндік жасайды. Қаламгер белсенділігі мен ізетті ізденісі, жүреке тұнған сырды көркем тілмен сәтті суреттеуі қуантады («Жетісу», 13.05.1978).
2.Тәуекелді жанына жолдас еткен
(«Айдын», «Телағыс», «Қазақ революциялық поэзиясы» туралы ой)
Туған әдебиетіміздің даму тарихына назар тігіп, сахнада сараласақ, онда ХХ ғасырдың басындағы тегеурінді рухани түлеудің орны ерекше. Белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы Рымғали Нұрғалиевтің «Айдын» (1985), «Телағыс» (1986), «Қазақ революциялық поэзиясы» (1987) атты монографиясы - әдебиеттануымыздағы іргелі де түбегейлі ғылыми зерттеулердің бірі.
Сонымен трилогия – монографияның ерекшелігі неде? Ең басты күретамырлы өзгешелігі – автордың методологиялық талдау ерекшелігінде. Себебі, белгілі бір тақырыпты қаншама жетік білгенмен, оның ішкі мінін тауып, дұрыс сабақтай білмесе – ғылыми тұжырым жасай алмаса, жүйелеп жеткізе білмесе үлкен мақсатқа жету де қиын. Ал Рымғали Нұрғалиев ғылымының сыр сандығының кілтін таба білген.
Рас, драма тарихына қатысты тосын желілер бар. Бірақ олардың дені жеке жазушының, белгілі кезеңнің, бір бағыттың, жалқы жанрдың өсу, даму жолын қамтиды. Ал «Айдында» мұқым қазақ драматургиясының тарихы да, талант тағдыры да, творчесволық толғаныстары да қилы-қилы бағыттағы ізденістер де, тіпті, сол шығарманың қойылымы туралы да толық айтылады. Түйіндеп айтсақ, аталмыш монография қазақ драматургиясы тарихының оқулығы іспетті, мұнда бәрі де қамтылған және терең зерттелген.
Зады, творчество психологиясы - әлі қазақ ғылымында толық назар аударылмаған тақырыптың бірі. Онсыз қайсы ғылымының болмасын қатпарлы сырын, ұлттық сананың астарлы нәзік тұстарын, өнер адамдарының жан сырын, табиғатын түсіну мүмкін емес. Тоқырау жылдарында кекесінмен қабылданып, мысқылдың құралына айналған саланың бірі – осы ілім. Өйткені, тереңдете зерттеуге жаппай рұқсат беру – белгілі бір дәрежеде тәуекелділікті де қажет етті. Творчество психологиясы – күнгейді қамтымайды, керісінше, адам жанының көлеңкелі тұстарындағы сана сабылысына басты назар аударады. Сол арқылы қоғамнан, жеке адамнан, күнделікті қарым-қатынастан жапа жеккен суреткердің, ғалымның жан күйзелісі тұсында өзін-өзі ұстай білуі, мінез-харекеті жіті тексеріледі.
Біздің білуімізше, одақтық деңгейде бұл мәселе соңғы жиырма жылдың ішінде бой көрсете бастағанымен, бұлақ көзі еркін ашылмай келе жатқан «дүдамал» тақырыптың бірі еді. Ал қазақ сыни ой тарихында бұл мәселеге тұңғыш рет ат басын тіреп, арнайы зерттеудің арқауы еткен ғалым Рымғали Нұрғалиев. Шын ғалымдық ойға тоқырау да тосқауыл бола алмайды. Көркем шығармадағы тартыстың өзі ұсақтап кеткен тұста, қандай да бір қайғы-қасіреттің әлеуметтік астары туралы сөз ету мүмкін бе де? Кім тәуекелге барды? Әуелі – Мұхтар Әуезов. Сол арқылы бұл қоғамдағы тартыс пен трагедиялық мінез туралы сөз еткен Рымғали емес пе. Оның бұл тәуекелділігін бүгін айтпай кету – қиянаттылық. Қалың оқырман қауым Шәкәрім Құдайбердіұлының атын атауға сескеніп жүргенде, оның рухани мұрасының Мұхтар Әуезовке тигізген әсерін «қиыннан қиыстырып» айтқан да, творчестволық ойдың тұтастығын, дәстүрдің ортақтастығын қозғаған да осы ғалым болатын. Басқасын былай қойғанда, атақты «Қилы заман» романы Шыңғыстың алғысөзімен «Новый мир» журналына басылмастан бес жыл бұрын «Қилы заман»қандай шығарма?» - деген атпен мақала да жазды. Бұл – тағдыры таласқа түскен шығарманың тұңғыш жарық көргенінен кейінгі елу жылдың ішіндегі алғаш рет ресми түрде баспасөз бетінде аталуы еді. Демек, ғалымның трагедия тарихын арнайы зерттеуі тегін емес, оған іштей үлкен дайындықпен қоса тәуекелді де жанына жолдас еткен.
«Айдын» монографиясында трагедия табиғаты талданып қана қоймайды, сонымен қатар осы жанрдың даму жолы, қазақ топырағындағы қалыптасу кезеңдері, жанрлық салалары мен тармақтары туралы да әлемдік үлгімен салыстырыла отырып түбегейлі пікір айтылады. Әзірше, трагедияның бар болмысын ашып, оны жан-жақты қамтып, бір арнаға салып, жүйелі түрде зерттелген ғылыми еңбек те осы монография болып табылады. Осы ғасырдың басындағы драматургиялық үлгінің ең алғашқы нұсқасынан бастап, күні кешегі сахнаға щыққан трагедиялық шығармалардың тағдыры да үйлесе өрілген. Сирек кездесетін өнер зерттеушілерінің өзіне де беймағлұм жайларды ғалым бірінші рет көпшілік назарына ұсынады. Демек, одан түйетін тұжырым да жаңа.
«Телағыс» атты екінші монография – «Айдынның» заңды жалғасы. Мұндағы талдаудың негізгі арнасы - әдебиеттің салмақты саласы прозаның даму тарихы. Өскен жанрдың өткенін сырттай екшесек, бұл саланың қамтылмаған қыртысы жоқ та сияқты. Алайда бағамдай қарап, нақты деректерге жүгінсек, таным жолының тұтастай бір арнасы әлі де назардан тыс қалғанын аңғару қиын емес. Әсіресе, қазақ прозасының тарихы толықтай ғылыми жүйеге түсіріліп, зерттелген жоқ. Тек жекелеген адамдар мен әдеби бағыттардың төңірегінде ғана сөз қозғалып келді. Ал олардың басын қосып, түйінді тұжырым айту жағы жетіспей жатқан. Тіпті, «Әдебиет тарихының» көп томдығының өзінде жиырмасыншы жылдардың басындағы қазақ қаламгерлерінің ізденістері толық қамтылмай, бүркемеленіп келгені жасырын емес. Әлі де «жұмбақ жазушылар мен шығармалардың» беті ашылып біткен жоқ.
Дегенмен де, Рымғали Нұрғалиевтің «Телағыс» монографиясында бұл жайлардың біразының астары ашылып, нақты мағлұматтар беріледі. Әдебиеттегі трагедиялық күйреу, өлім мен өмір философиясы, көшпелі өмір романтикасы және олардың дүниені қабылдаудағы ұлттық сана ерекшелігі, дарын мен заман арасындағы қайшылық, көркем шығармадағы ұлттық сана туралы бұрын-соңды дәл осы монографиядағыдай қозғалып келген емес.
«Телағыс» деген атынан аңғарылып тұрғанындай көркем өнердегі мұндай заңдылықтарды ғалым екі бағытта қатар жүргізеді. Әлемдік әдебиеттегі бағыттар мен құбылыстарды қазақ әдебиетіндегі қилы-қилы көріністермен қатар тізгіндеп, қабыстыра саралайды. Қарап отырсақ, аз ғана уақыт ішінде қазақ прозасы символизм, романтизм, натурализм, пессимизм, психологиялық сана толғанысы, философиялық ойлау жүйесі, тағы да басқа толып жатқан бағыттарды басынан кешіп үлгеріпті. Мұның дені жиырмасыншы жылдардың басында-ақ кәдімгідей творчестволық ізденістің дәрежесіне көтеріліпті.
Біз осы уақытқа дейін интернационалдық рухта тәрбиелеудің көркем шығармадағы орнын ауызша айтумен ғана келдік. Егерде, мәдени байланыс туралы сөз бола қалса, онда сырттай ғана шолу жасап, аударма шығармаларға ғана тоқталамыз. Ал «Телағыста» бұл рухани байланыс мүлдем жаңа тұрғыдан пайымдалады. Бір ұлттың өкілі екінші ұлттың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, сол елдің көркем ойын жаңғыртуға белсене араласқаны хақында және сөйте тұра, өзінің ұлтының жақсы қасиеттерін де жоғалпағаны жөнінде пайымды деректі осы «Телағыстан» табамыз. Мысалы, татар халқының өкілдері Ғалымжан Ибрагимов «Қазақ қызы» атты роман жазса, ал Сабыр Шарипов қазақ прозасындағы детективті жанрдың негізін қалады. Өзге ұлттардың арасындағы тәлімдік көріністер қаншама.
Творчестволық тұтастық пен өзара сабақтастық деген не? Тек көшпелі сюжетті ортақ рухани мұраға айналдыру ғана ма? Жоқ, ол – дүниедегі ортақ философиялық ұғымдарға әртүрлі ұлттық, қоғамдық ерекшеліктер тұрғысынан келу деген сөз. Шекспирдің драмалық шығармаларының дені өзінен бұрынғы жазушылардың ойлап тапқан сюжеті екен. Ал Мұхтар Әуезовтің творчествосындағы осындай нышандардың байқалуы неліктен? Оған қандай тарихи-танымдық ықпалдар әсер етті? Шәкәрімнің «Еңлік-Кебек» пен «Қалқаман-Мамыр» дастанының оқиғасын өзек еткен шығармалары мен Шекспирдің пайдаланған сюжеттерінің арасындағы авторлық өзгерістер мен дүниені қабылдаудың, оны оқырманға жеткізудің арасындағы алшақтықтар мен ұқсастықтар қандай және ол туралы дүние әдебиеттануы ғылымының өкілдері қандай пікірде, қазақ әдеби сыны қалай қабылдады, осының барлығы ғалымның үлкен эрудициясын танытып қана қоймайды, дұрыс бағасымен де мойындатады. Егерде жан-жақты зерттеліп қапысыз пайымдалған әдебиет саласы қайсы, дейтін болсақ, ол – қазақтың революциялық поэзиясының жай-күйі, даму бағдары деп айта алар едік. Алайда Рымғали Нұрғалиевтің осы аттас монографиясын оқып шыққан соң, өзгеше бір әсерге қалдық. Бұрын зерттеу еңбектеріндегі талданған шығармаларды негізге ала отырып, оның мүлде ашылмай келген қасиеттерін, көлеңкеде қалған қалыс жайларын алға тартады.
Рымғали Нұрғалиев қазақ революциялық жырының шығу, даму, өрістеу барысын зерттегенде тек текстегі ойдың жүлгесінде қалмайды, жалпы әлемдік поэзияның өресінде биік ой қорытады, шалқар көңілдің шарықтауын сездіретін Бостандық деген ұғымның Әлем ақындары жырлаған Еркіндік образын ашуға ынта қояды. Сәкен мен Поль Элюардың, Ілияс пен Пабло Неруданың жырларындағы Бостандық бейнесін салыстырады. Бұл – тың пайымдау.
Тамырлас тақырыпты қозғаған үш монографияны оқи отырып, оның түбегейлі тұжырымдарына ғана тәнті болмайсын, таза зерттеуші ретіндегі білім қарымына ғана сүйенбейсің, сонымен қатар монографияның жазылу формасына да ерекше ілтипат білдіресің. Автор тек ғылыми қағидалармен ғана қанағаттанбаған, сонымен қатар сыни ойдың еркін баяндау мүмкіндігін де көрсеткен. Білім зиялылығы жазушылық қасиетпен ұштасқан. Атақты Виктор Шкловский салған қызықты ойлау жүйесінде жазылған, оқырманды өзіне тартып, пікір жарыстыру арқылы тұжырым түюге жетелейтін өзгеше бір әдеби тәсіл.
«Біткен іске – сыншы көп». Мүмкін, ондай даулы пікір айтатындар да табылар. Бірақ, бұл үш монография – пікір таласына шақыра отырып, шындыққа жеткізетін пайымды да парасатты еңбек болып табылады («Қазақстан мұғалімі», 21.10.1988).
P.S.
Достарыңызбен бөлісу: |