КӨкейкесті әдебиеттану



бет7/24
Дата04.11.2016
өлшемі7,72 Mb.
#281
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   24

Тұрысбек Р.С.


Қазақстан: Астана


АСЫЛ СӨЗДІҢ АРНАЛЫ АҒЫСТАРЫ

Академик Рымғали Нұрғали және руханият мәселелері




  1. СЫР

Адам өмірінің белесті,кезеңді тұстарында-есте қалатын,жадыңда жүретін,қилы сәттерде таяныш-тірек тұтатын тұғырлы тұлғалар болады. Айталық, бәрі-баршамызға ортақ- орта мектепте оқу-білім берген, бағыт-бағдар көрсеткен, үміт-сенім артқан аяулы жандар- мұғалімдер ауыл-елге барғанда, алыс-жақында жүргенде ой-санаңда сәулеленіп, адамдық іс,білім нәрі, тәлім-тәрбие туралы әсерлі әңгімелері, мейірім нұры мен ізгілікті жолдары әр кез-ақ есіңе түсіп тұрады. Артық-кем тұстарыңды түзетіп, балалық-балдәурен кезеңіңнің қызықты, әсерлі өтуіне, алаңсыз өсіп-есеюіңе,оң-солыңды дұрыс таңдап,қалыптасуыңа да игілікті ықпал етеді. Кездесіп, қауышқың келіп тұрады. Ардақты аты,бейнесі мен болмысы,есімі мен еңбегі жан-жүрегіңе мәңгілік ұялап қалған-ды. Бас иіп,қол ұсынып, құрмет көрсеткің келеді.Ол-оқу-білім бастауында тұрған,тәлім-тәрбие ісіне оң әсер-ықпал еткен-асыл адам,алғашқы ұстаз!

Бұл-оқу-білімнің бастапқы баспалдағы болатын-ды...

Келесі кезең,жарқын шақ пен студенттік қызық-қимас сәттермен бірге оқытушы-ұстаздардың өмірі мен еңбегі,шығармашылық мұра-мирастары да жадыңда жатталып қалады.Өзіңе үлгі-өнеге тұтып,еңбегін-ісін үнемі есте ұстайтын ұстаз-оқытушылар ұлағаты-айрықша әлем,өзгеше сыр.Қадір-құрметке,мадақ сезімге әбден-ақ лайықты // мысалы, Б.Кенжебаев,М.Қаратаев,З.Қабдолов,С.Қирабаев,Т.Кәкішев,Б.Құндақбаев,З.Ахметов,М.Базарбаев,Р.Бердібай,С.Қасқабасов,Р.Нұрғали,Б.Шалабаев,М.Сер-ғалиев,Т.Сайрамбаев,Х.Кәрімов т.б.//.Ал,өмір,еңбек жолыңда ақыл-парасаты мен білім-білігі мол – ұстаз-оқытушылармен қайта кездесіп,қатар жүрген тұстарда әлгі байланыс,әсер-ықпал бұрынғыдан да жарқырап-жанданып,жаңа қырларынан көрінетіні бар.Бұл тұстарда,сөз жоқ адами болмыс-бедері,ұстаздық-ғалымдық қырлары,білім-ғылым жүйесіндегі еңбек-мұралары,өмірдегі өнегесі мен орын-үлестері бұрынғыдан да жарқырап,асқақтай түсері анық.

Бұл-білім-ғылымға батыл бет бұрған,арман-аңсарға қанат қаққан салтанатты,сәулелі сәттер тұғын...

Қысқасы,орта және жоғары мектептің әлгінде еске алғандай,адам өмірі мен еңбегінде,өз орныңды тауып,қажетті мамандық таңдау ісінде,абырой биігіне көтеріліп,жетістіктерге жетуде де өзіндік өзгешелігі бар.

Бұл тұстарда да ұстаз-оқытушының орын-үлесі үлкен,маңыз –мәні зор.



2.ӘСЕР

Бастапқы сөзді- оқу-білім төңірегінде өрбіткен едік.

Ақиқаты сол,халық даналығын айналып өту қиынның қиыны.Өйткені: «Оқу-инемен құдық қазғандай». Бұл-өмір шындығы,тәжірибе тәлімі.

Осы реттен келгенде,білім-ғылымның жолы да,жөні де тым бөлек.

Білім-ғылым жолы – қашан да қиын, күрделі болған-ды. Бұған күнделікті өмір-тұрмыстан да, ұлт мақтаныштары һәм оқымыстыларының даналық та, қанатты сөздері арқылы да көз жеткізер едік. Айталық, әл-Фараби: «Білімді болу деген сөз – белгілі нәрсені ашу қабілетіне ие болу деген сөз. Ал белгісіз нәрсені аша білу деген сөз – ол теориялық өнердің барлығына тән ортақ жәйт» десе, Абай:

Ғылым таппай мақтанба,

Орын таппай баптанба,- деген-ді.

Немесе, М.Әуезов: “Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім”,-деп жазды.Оқу-білімнің маңыз-мәнін айқындай түсті.Сыр-сипаттарын ашты.Мәдени-рухани нәрін үлгі етті.

Бұдан, сөз жоқ білім-ғылым жүйесі – “талант–тумыстан” қағидасына келіп саяды. Оның өзі ізденіс іздері арқылы кең өріс алады. Ақыл-парасат нұрымен нәрленіп, сәулеленіп, мейірім шуағын алысқа түсірері хақ.

Әдебиетке, ғылымға келу - өмірі мен тағдырын, ізденіс-еңбектерін, мақсат-мұраттарын осы бағытқа бұрған адамның саналы әрекеті. Руханият әлемінде мұның мысал, деректері көп-ақ...

Осы тұста еске түседі,орта және жоғары мектепте білім-ғылым ісіне бағыттаған, ақыл-парасаты мен мейірім-шуағын шашқан ұстаз-оқытушылардың өмірдегі өнегесі,еңбектегі ұнамды белгі-ерекшеліктері әр кез-ақ көңілге нұр құяды.Жан жылуымен ұмытылмастай әсер қалдырады.Адами бейне-бедерлері асқақ та айбынды,тым биік көрінетін-ді.Айталық,академиктер З.Қабдолов пен С.Қирабаев байыпты-қалыпты қасиеттерімен аз сөзге көп мағына беріп, ұлт мұраты мен руханиятқа қатысты қайсыбір мәселеге де маңыз-мәні жоғары салмақ қосады.Бағыт-көзқарасын,үміт-сенімін де соған сәйкес сыйымды,жүйелі жеткізеді.Профессор Т.Кәкішев қай кезең,қайсыбір істе де көңіл төріндегі,жан-жүрегіндегіні сол сәтте –ақ боямасыз-бұлдырсыз,қаз-қалпында айтады.Ой-сөз жүйесіне екпін түсіріп,шеберлік пен шешендікке табан тіреп,серпінді сөйлейді.Ал,академик Р.Нұрғали өмірде,білім-ғылым ісіне қатысты көзқарас-танымын дәйек-дерекке құрады.Жады мықты,санасы сергек.Ой-сөзге жүйрік.Қаламы жүрдек.Танымы терең.Кездесу-қауышу тұстарында,жүздесу-сұхбаттарда жан-жүрекке еркін енеді.Арғы арналардан тартады.Көз бен көңілдегіні тереңнен барлайды.Дәрістегі сәті тым бөлек-ті...



3.ТАҒЫЛЫМ

...Университет аудиториясы.Сабақ кестесінде- «Әдебиет теориясы» пәні.

Қырық қыз және жеті жігіт- 90 минут тоқтаусыз сөйлеген оқытушы –ұстаздан көздерін айырар емес.Көңіл дүрбісі солай бағытталған.Жан-жүректе-руханият әлеміне құштарлық басым.Дәріс барысында-асыл сөздің арғы-бергі кезеңдері, мәдени-рухани нәрі,әсер-ықпалы,бәрі-баршасы кеңінен қамтылды.Әсіресе,әдебиет теориясындағы ағым-бағыттар мен әдіс-тәсілдер,әдеби байланыс пен даму заңдылықтары,әдеби туынды табиғаты мен тағылымы,көркем шығарманың идеялық-эстетикалық құрылымы мен мәдени-рухани құндылықтары,поэтика мен эстетика мәселелері,әлемдік ақыл-ой алыптарының көркемдік-әдіснамалық мектептері жүйелі сөз етілді.Арғы арналардан,Аристотельден-Әл-Фарабиге,Абайдан-Әуезов әлеміне дейінгі кезең,Эллада эстетикасы,Рим,Үндістан жұртының мәдени-рухани жәдігерлері мен ескерткіштері,алыс-жақын елдердің білімпаз-оқымыстыларының еңбек-мұралары,Алаш ардақтыларының белгілі-белгісіз туындылары,жазушы еңбегі мен шығармашылық үдеріс мәселелерінің қыр-сырлары жіпке тізгендей,қолға ұстағандай қалыпта көз алдыңа келді. Дәріс табиғаты мен мазмұны,тақырыптың баяндалуындағы шеберлік пен шешендік көңілге қонымды,жүрекке жылы ұялайды.Әсер-құштарлық,рухани сұраныс арнасынан асып,бәрінен басым түсіп жатты.Сол сәтте-ақ,ұстаз-оқытушының әдеби-ғылыми һәм шығармашылық ғұмырбаянына құштарлық артты.Ізденіс,еңбектерін оқып-танысуға да мүмкіндік алдық...

Қысқа шегініс жасасақ, кешегі журналист-филолог Рымғали Нұрғали “Лениншіл жас” (“Жас Алаш”) газетінің солтүстік облыстарындағы тілшісі бола жүріп баспасөз жанрларына белсене қалам тартты. Қазақ фольклорының нұсқаларын жинады. Әсемдік әлемі - әдебиеттен, оның көркемдік-рухани қуат-күшінен нәр алды. Өмірге құштарлығы артты. Руханият әлеміне, өнер өлкесіне, ондағы өрнекті өрістерге, үлгі-өнегелерге құмартты. Ел әңгімелері мен көне жыр, қиссалардан бастап Алаштың қайраткер-қаламгерлерінің мұра-мирастарын, алыс-жақын елдер әдебиетінің інжу-маржандарын іздеп-жүріп оқыды. Жіті танып-зерттеді. Осы бағыттағы зерттеу мен зерделеулерін, ойлары мен толғаныстарын БАҚ жүйесі, кітап әлемі арқылы қалың көпке ұсынды.

Р.Нұрғали зерттеулерінің алтын арқауы – М.Әуезовтың өмірі мен шығармашылығы, оның ішінде алғашқы ізденіс, еңбектері дер едік. Алдымен айтарымыз, М.Әуезовтың өмірі мен қоғамдық қызметін, алғашқы шығармашылық кезеңін деректік-құжаттық тұрғыдан, әрі мың сан салыстырулар негізінде тамыршыдай тап басып, танып-таразылады. Қазақ қаламгері – “Әлемнің Әуезові” атанған танымал суреткердің халық аңызы негізінде жеткен “Еңлік-Кебек” трагедиясының жазылу тарихын, бірнеше нұсқаларын санап та, талдап та көрсетумен бірге көркемдік талаптар тұрғысынан шеберлікпен, шешендікпен сөз етті. Әдебиет зерттеушісінің Әуезов әлеміне еркін еніп, алғашқы ізденіс-мұраттарынан бастап айқын көзқарас, бедерлі қолтаңба, өрнекті өнеге, үлгілі үрдістерін шығармашылық мұра-мирастарымен байланыстыруы, осы бағыттағы зерттеу мен зерделеулер, таным мен талғам деңгейі мәнді, мағыналы болып табылады.Айталық, «Алаш ұранды әдебиеттегі Мұхтар Әуезов көтерген азаттық идеясы» атты мақала // «Заман-Қазақстан»,1997, 22 тамыз// дүбірлі дәуір,күрделі кезеңнің көріністерін,әсіресе Алаш ардақтыларының есімі мен еңбектерін қалың көпшілікке уақыт талаптары тұрғысынан байыпты бағалап,зерттеп-зерделеулерімен мәнді болып табылады.Ол туралы: «Әділіне келгенде,Алаш қозғалысына қатысқан азаматтардың басым көпшілігі ұлт мүддесіне арналған күнделікті аршынды іс,қарымды әрекеттерімен айналыса жүріп,қуғын-сүргін азабына қарамастан, әдебиет, публицистика, ғылым, аударма салаларында орасан бай мұра қалдырды.

Кейін қолдарынан билік кетіп,халыққа қызмет етудің бір-ақ жолы-оқу-ағарту саласы ғана қалған аз уақыт тыныс шақта ұлт тілінде ғылымның барлық жүйесі бойынша оқулықтар жазуға кірісті.Алаш ұранды әдебиетті жасаған қаламгерлердің жеке басына,шығармаларына ортақ,сапалы белгілер олардың тағдырын,мұрасын біртұтас құбылыс ретінде қарауға мүмкіндік береді...»,- деп жазды.Кезең-уақыт шындықтарына еркін енеді.Уақыт тынысына ден қояды. Тарих пен танымға,тұлғалар тағдырына,еңбек-мұраларына маңыз беріледі. Өмірдің бұралаң жолы,тағдырлар талқысы,арғы-бергі кезеңнің қилы да сындарлы тұстары дәйек-дерек көздері. құжаттық-материалдар арқылы нақтылы баяндау,мәнді талдау-саралаулармен байланысты өріс алады. Көзқарас мұраты, танып-талдау мәнері жүйелі, шебер, серпінді сипат алады.

Ал, М.Әуезовтің ұлт мұраты мен руханият ісіндегі елеулі еңбегі- қазақ прозасы мен драматургиясын әлемдік биікке көтергенін айрықша атайды. Бұдан басқа – «Әдебиет тарихы». «Хан Кене», «Қилы заман» туындылары ұлт тарихымен байланысты сөз болады.Аталған туындылар тағдырлы тарихымен,көтерген мәселелерімен,ең негізгісі адам өмірі мен еңбегі,жанр мен жауапкершілік,көркем бейнелер мен тіл мүмкіндіктері, шеберлік пен шешендік сынды белгі-ерекшеліктер қалың көптің рухани қажетін өтейтіндігі дәлел-деректермен жүйелі жеткізіледі. Түйінді тұста: «Қазіргі зерттеулердің нәтижесінде анықталып отырғандай, Мұхтар Әуезов мұрасы елу томнан асып жығылатын телегей теңіз байлық,оның ішінде мыңсан сөз,сарын,ой толқындары тербеліп жатыр.Солардың ішінде ең үлкен ағыс-азаттық,тәуелсіздік,дербестік идеясын арқау еткен қазақ халқының арғы дәуірлердегі,ХІХ ғасырдағы,ХХ ғасыр басындағы арпалысты күрес жолына арналған отыз жасында тудырған бір зерттеу,бір пьеса,бір хикаятымен-ақ Мұхтар Әуезов бүгінгі еркін Қазақстанды жасаушылардың бірі болып отыр», - деп байыпты байлам жасайды.Қазіргі кезең,әдеби үдеріс,даму сипаттары негізгі назарда болады.Қысқасы,Алаш мұраты мен мұрасы,жазушы еңбегі мен шығармашылық үдеріс жайы,зерттеу мен зерделеу ісі – кеше –бүгін байланысы,қазіргі кезеңнің талап-тілектері тұрғысынан сөз етіледі.

Р.Нұрғали еңбектері арасында 1980 жылдардың соңғы кезеңінде баспасөз беттерінде жарияланған -Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті Бюросының “Мағжан Жұмабаевтың, Ахмет Байтұрсыновтың және Жүсіпбек Аймауытовтың творчествалық мұрасы туралы” қаулысынан кейінгі “Алыптар қайта оралғанда” атты зерттеу мақаласының орны алабөтен дер едік (“Қазақстан коммунисі”, 1989, №4,5,6) Біздіңше, бұл зерттеу Алаш мұраты, оның қайраткер-қаламгерлері хақындағы алғашқы ізденіс, байыпты талдау, байсалды бағалау, оңды көзқарастарының бірі болатын. Мақала табиғатынан Алаш әлемі, руханият мұраты, оны зерттеу мен зерделеу жүйесі жіті сараланады.

Біздіңше, бірнеше бөліктен тұратын мақалада («Ұлттық мәдениетіміздің мақтанышы, «Мөлдір сезім, биік парасат», «Сегіз қырлы, бір сырлы дарын») Алаш ардақтыларының (А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытұлы) кезеңі мен қызметі, өмірі мен шығармашылық мұралары, ХХ ғасыр басындағы жазықсыз жазалау мен орынсыз зорлық-зомбылықтың, қуғын-сүргіннің зардап‑кесапаттарының сыр-сипаттары кең көлемде қарастырылады. Мақаланың бастапқы бөлімінде: «... кезінде репрессияға ұшыраған, жазықсыз жапа шегіп, мерт болғандардың аты қайта тірілді, сөнгеніміз жанып, жоғалғанымыз табылды. Жарты ғасыр бойы жасырын болған мәдени тарихымыздың тағы бір беті жаңарып, шындық қалпына келтірілді. Алатаудай алыптарымыз туған халқымен қауышты», - деген елдік мұраттан туындаған ортақ мүдде, арман аңсарлары, көңіл қуанышы айқын аңғарылады. Алаш мұраты, ел ардақтыларын аңсау, қалың көпшіліктің ортақ мақсат-мүдделеріне қатысты келелі де кемел ойлар қозғалады. Кезең, уақыт сырларына маңыз беріледі. Ақиқат жайттар, шындық сырлары ашылады. Адал іс‑әрекеттер көрсетіледі.

Орайлы тұста еске алсақ, А.Байтұрсыновтың өмірі мен кезеңі, әлеуметтік қызметі – Алаш қозғалысымен, «Қазақ» газетіндегі еңбегімен, Ташкент, Алматыдағы ұстаздық өнегесімен, одан кейін – А.Самойлович, А.Кононов, С.Сейфуллинмен т.б. деректік-құжаттық материалдарымен дамытылса, Мағжанның әдеби-шығармашылық мұрасы әр жылдары жарық көрген кітаптары (1912,1922,1923 т.т.), ондағы бейнелілік, сүреттілік пен сұлулықты арқау еткен өлең-жырлары талдау-саралаулардың өзегі етіледі. Ал, Ж.Аймауытұлының қысқа ғұмырда соңына бағалы да мәңгілік мұра қалдырғанын – ақындығы мен аударма саласындағы еңбектері, ұлттық прозадағы асқақ даңқын танытқан – «Күнікейдің жазығы», «Қартқожа», «Ақбілек», үздік драмалық туындылары – «Қанапия-Шәрбану», «Мәнсапқорлар», «Шернияз», ұстаздық қызметтің рухани олжалары – «Комплекспен оқыту жолдары», «Психология мен өнер таңдау» т.т. өзіндік өзгешеліктермен, аса көркем терең идеялығымен, тілдік-стильдік сипаттарымен мәнді де жүйелі жеткізіледі. Алаш мұраты мен оның ардақтыларының даралығы мен даналығы, қайраткерлігі мен қаламгерлігі, талант табиғаты мен тағдырлы тарихтары қысқа-нұсқа үлгіде, шебер де шешен сипатта кең өріс алады. Қысқасы, Алаш мұраты мен мұрасы, дүбірлі дәуірдің көріністері кезең‑уақыт шындықтарымен сабақтастықта сөз етіледі. Алаш ардақтыларының есімі мен еңбектері, бағыты мен көзқарастары, арман‑аңсарлары да кеше‑бүгін байланысы, дәстүрлер сабақтастығы тұрғысынан таразыланады.

Сондай-ақ, Р.Нұрғалидың ізденіс-көзқарастарының бірқатар жиынтық үлгісін, ұстаздық-ғалымдық қырларының ұзақ жылдарғы тәжірибесін, зерттеу мен зерделеу мұраттарын ‑ «Әдебиеттану мен әдебиет сынының методологиясы (1960-1990 ж.ж.)» атты мақаласынан да терең тануға болар еді //Көкейкесті әдебиеттану.-Астана, ЕҰУ, 2008. – 5-32 беттер//.

Әдебиет зерттеушісі алғашқы тұста ұлттық әдебиеттану мен әдеби сынның кадрлық әлеуеті, бағыт-арналары, жемісті кезеңі – 1960-90 жылдар аралығын айрықша атайды. Әсіресе, алыс-жақын елдер тәжірибесін, әдістемелік тәсілдер мен түрлі мектептердің үлгі-өнегелік қырларын жіті саралап, жүйелі дамытқанын, байланыс-сабақтастыққа маңыз бергеніне ден қояды. Аталған кезең аралығындағы тақырыптық ерекшеліктер,жанрлық-көркемдік мәселелер, осы бағыттағы зерттеу мен зерделеу ісі, ұжымдық жинақ, кітаптарға талдау жасап, ұтымды-ұнамды тұстарына мән береді (6 бет). Сыр‑сипаттары ашылады.

Ақиқатын айту керек, әдеби мұра мен оны зерттеу, жинау мен жариялау ісі, жазушы еңбегі мен шығармашылық тәжірибе тағылымдары, аударма мұраты мен әдеби байланыс, жанрлар жүйесі мен ондағы ағым-әдістер, көркемдік-эстетикалық сипаттар, тіл мен стильдегі алуан белгі-ерекшеліктер т.т. әдеби үдеріс, салыстыру мен сараптаулар арқылы кең өріс алады. Әдебиет жанрлары мен оның көрнекті өкілдері – М.Әуезовтің 12 және 20 томдық шығармалар жинағы, Ә.Тәжібаевтың поэзия туралы теориялық һәм тәжірибелік үлгі-өрнектері («Өмір және поэзия»), І.Омаровтың әдебиет пен қоғам байланысы төңірегінде толғам-толғаныстары,З.Серікқалиұлының полемикалық-проблемалық мақалаларының маңызы, З.Ахметов зерттеулеріндегі әдебиеттің поэтикалық элементтері, көркемдік құндылықтары, құрылым-өрнектері, З.Қабдоловтың оқулықтары мен әр жылдардағы кітаптарындағы композициялық принциптер, өнердің көркемдік табиғаты т.т. назар аударылады. Ұлттық сөз өнерінің ұлы мұраты – адамдық істі ардақтау, адамгершілік пен ізгілік иірімдері бар қырынан көрініс береді. Сондай-ақ, С.Қирабаев, Т.Кәкішев, Р.Бердібай, М.Базарбаев т.б. әдебиеттану мен сын саласындағы зерттеу еңбектері, жас қаламгерлер мен шығармашылық бағыттағы әдебиетші-ғалым, сыншылар ізденісі, «Уақыт және қаламгер», «Сөзстан» секілді жинақтар, әдебиет теориясы мен поэтика дамуына қатысты көзқарас‑мұраттары, ғылыми ойлау мен көркемдік ойлау жүйесі, әдеби уақыт пен қабылдау психологиясы, эстетикалық әсер, сыр-сезім иірімдері т.т. түрлі тәжірибе, алуан-көрініс, сабақтастық пен салыстырулар негізінде кең арна алады. Әрбір әдебиетші‑ғалымның ізденіс‑көзқарас мұраттарынан бастап білім‑ғылым жүйесіндегі, зерттеу бағыттарындағы басты арналар мен ұстанымдар нақтылы көрсетіледі. Ерекшелік‑белгілер, ізденіс арналары, қолтаңба мәнері т.с.с. жіті де сергек, серпінді беріледі. Осы реттен келгенде: «Сан ғасырлық тарихы бар көркем әдебиетті зерттеудің ғұмырнамалық, мәдени-тарихи, салыстырмалы-тарихи, салыстырмалы, социологиялық, психологиялық, герменевтикалық, пішіндік, түзілімдік әдістерінің өз орайларында беретін мүмкіндіктердің орасан зор екендігін әр уақытта, әр топырақта, әр түрлі материалды талдап‑жинақтаған дарынды оқымыстылардың қол жеткізген нәтижелері мен іргелі еңбектері көрсетіп берген болатын. Зерттеуші дүниетанымы, дарыны, тәжірибесінен күш-қуат алатын ізденіс дәуірдің әлеуметтік-қоғамдық, эстетикалық-көркемдік дәстүрлерінің арнасында туған жеке шығарманы, құбылыстарды бағалау үшін қолайлы деген талдау әдісімен жұмыс істемек, шындығына келгенде, бірде-бір әдіс басқа тәсіл-амалдарды жоққа шығарып тастай алмайды», -деген көзқарас‑тұжырымдардан арғы-бергі кезеңдердің тарихы мен тағылымы, көркемдік мұраттар мен эстетикалық талап-талғам, даму үдерістері мен сабақтастық сырлары терең танылады (32 бет). Тақырып табиғатын жан‑жақты ашу, басты мәселелерге мән беру, жаңалық‑жетістікке

көңіл бөлу, көркемдік‑эстетикалық мұраттарға табан тіреу сынды сипаттар ұнамды, тағылымды тұстарымен айрықша маңызға ие болады.

Мақала мұраты да осы.



Р.Нұрғали қазақ, орыс тілдерінде “Трагедия табиғаты”(1968), “Трагедии М.Ауезова” (1967), “Талант тағдыры”(1969), “ Қазақ драматургиясы”(1974), “Өнер алды - қызыл тіл” (1974), “Өнердің эстетикалық нысанасы” (1979), “Поэтика драмы” (1985), “Телағыс” (1986), “Арқау” (2 томдық, 1991), «Айғақ», «Сырлы сөз» (2000) т.т. ұлт әдебиетіндегі әдіс, жанр, стиль, поэтика мәселелерін, дәстүр мен жалғастық диалектикасы, драматургия жанрларын көркемдік-теориялық тұрғыдан танып-талдаған көптеген зерттеу еңбектерін жазды. Бұл еңбектерде ұлттық сөз өнері, оның арғы-бергі тарихы мен басты өкілдері, олардың ерекшеліктері мен эстетикалық принциптері, көркемдік пен кемелділік, жанр мен шеберлік, стиль сипаттары, аударма және оның даму заңдылықтары, келелі мәселелері алуан салыстыру, талдаулар арқылы жүйелі, нанымды сөз етіледі. Зерделі зерттеушінің ізденіс-көзқарастарынан ұлт мұраты, руханият әлемі, жекелеген ақын-жазушылардың өзіндік өзгешеліктері байыпты, сергек сараланады.

Осы орайда,сөз жоқ Р.Нұрғалидың асыл сөздің табиғаты мен тағылымы,жанрлар жүйесі мен көркемдік-эстетикалық мұраттар туралы таным-түсініктерінің қазіргі кезеңде де маңызы айрықша болып табылады: «Қазір қазақ драматургиясы жалпы драмаға тән қасиет-сапаларға,жанрлық-структуралар мен формаларға түгел ие. Аз уақыттың ішінде қалыптасқан,тарамдалған жанрлық жүйе ұлтымыздың жаңа мәдениетімен,әдебиетімен бірге өсіп,жетіліп отырды,Әдебиеттің ерекше бір түрі-драматургия театрды нысана етеді,сахнаға қойылу үшін жазылады.Танымдық,тәрбиелік мәні бар,идеялық-эстетикалық әсері орасан күшті өнер- драматургия тағдырлар тоғысуы,характерлер қақтығысы,сезімдер шайқасын көрсетіп,аса қатал композиция талаптарын ескере отырып,ерекше көркемдік құрал-диалогтар мен монологтар арқылы болмыстың сан алуан шындықтарын ашады,өмір құбылыстарына баға береді, билік айтады.

Бүгінгі таңда жанр проблемасына әдебиеттану,өнертануда ерекше көңіл бөлініпотыр:бұл салада көптеген зерттеу еңбектер жарияланды.

Жанр және олардың сан алуан түрлері әлемдегі барлық халықтардың мәдениеті мен әдебиетінде кең орын алатын жалпылық мәні бар құбылыстардың қатарына жатады» // Арқау.-8 бет//, «Еш уақытта ешбір елдің әдебиет,өнері томаға-тұйық қалыпта,ұлттық шеңбердің ішінде ғана өсіп-жетілген емес.Ана топырағында жаратылған өнер басқа жұрттардың озық,асыл қазыналарынан нәр алып байығанда ғана өркен жаймақ.Әдебиеттің интернационалдық сипаты-көптеген халықтар өнері тәжірибесін қорыта отырып,байлам,тұжырым жасайтын теориялық мәні бар күрделі проблема»// Арқау.- 92 бет//, «Романның тууы әдебиет кәмелетінің,өнердің марқайғандығының белгісі ғана емес,халықтың рухани өмірдегі есеюінің көрсеткіші.Зады,жалпы роман жанрына тән қасиеттер мен заңдылықтар,романның ұлт әдебиетіндегі көрінісі бажайланып,тиянақты зерттелуі ләзім.Проблема құр термин төркінін іздеумен,ежіктегендікпен,сөздің мағынасын,ауыспалы мәнін білумен тынбайтындығын ұғуға үлкен ғұламалықтың қажеті жоқ.

Мәселе, ең алдымен, романның туып,қалыптасуындағы заңдылықтарды ашуда.Европалық әдебиеттерде бұл жанр Ренессанс заманының соңын ала өмірге келгендігін көптеген материалдар дәлелдейді.Ол көктен түскен,жерден шыға келген,біреу ойлап тапқан өткінші дүние емес,әлеуметтік тілектен,халық тілегінен, қоғамдық тілектен туған жаңа жанр.Өзінің шарттары,талаптары бар, ішкі мүмкіндіктері мол соны форма.

Роман табиғатын арнайы зерттеген ғалымдар жанрдың шығуын халықтық әдебиеттегі үлгілермен, оның ішінде әр түрлі диалогты материалдардың басын қосатын нұсқалармен сабақтастыра қарайды»// Арқау.- 160 бет//.



Р.Нұрғалидың мағыналы өмірін, жемісті жылдарын оқу-ғылым саласынан бөлек алып қарастыруға әсте болмас еді. Әр жыл сайын жаңарып-толығып, жас шәкірттерге жол тартып келе жатқан “Қазақ әдебиеті” атты оқулықтардың (11 сыныпқа арналған) тұрақты авторы.

Сондай-ақ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Қазақ әдебиеті кафедрасында жемісті еңбек етті. “Қазақ әдебиетінің тарихы”, “Жазушы шеберлігі”, “Алаш ұранды әдебиет”, “М.Әуезовтың шығармашылық шеберханасы”, “Драма поэтикасы” атты жалпы, арнаулы курстардан тағылымды дәрістер оқыды. Бұл тұстарда ұстаз-ғалымның бітім-болмысынан биіктік пен білімпаздық, кісілік пен кесектік, талапшылдық пен таланттылық, байқампаздық пен тереңдік, мейірімділік пен қамқорлық, жан-жақтылық сынды белгі-ерекшеліктер танылатын-ды.



Р.Нұрғали қаламынан “Дән”, “Полигон әңгімелері” атты новеллалар жинағы мен “Атшабыс ертең”, “Жартастағы қарағай”, “Оқ” секілді повестері туды. Бұлардың бәрінен де елін, жерін сүйген арлы азаматтың көңілін жарқын, жүрегін ашық ұстап, қаламын өткір ұштаған биік тұлғасы танылар еді. Қаламгердің ізденіс іздері мен көркемдік-рухани құндылықтарынан айқын қолтаңба мен көзқарас, образдар жүйесіндегі нақтылық пен бедерлілік, тіл-стиль сипаттарындағы байыптылық пен қалыптасқан үлгі-өрнектер сенімді әсер қалдырады.

Р.Нұрғали аударма өнерінде де өзіндік өрнек жасап, өнімді еңбектің үлгі-өнегесін көрсетті. Олардың қатарындағы – П.Брагиннің “17 жайлы хикая” Л.Толстойдың “Әзәзіл” повестері мен Н.Погодиннің “Салтанат жыры”, А.Кешоновтың “Соңғы шақырым” драмалары мен бірнеше көркем фильмдерді ұлт тілінде жатық та тартымды сөйлеткені және бар. Бұл еңбектерде де ұлттық-руханияттық ерекшеліктерімізге сай еркіндік пен кеңдік, көркемдік өрнектің алуан үлгі-белгілері бар. Бұл жайттардан, әрине Р.Нұрғалидің руханият әлеміне еркін еніп, оның келелі де түйінді тұстарын тамыршыдай тап басып, зерттеп-зерделеудің негізінде кең көлемді ізденіс, кешенді барлау-саралаулар жасалды. Алаш әлемі мен оның ақиқаты айтылды. Қайраткер-қаламгерлердің өмірі мен өнегесі көрсетілді. Жанр мен шеберлік, стиль сипаттары зейінді зерделенеді.

Р.Нұрғали ұлттық басылым - “Қазақ совет энциклопедиясы” Бас редакциясының Бас редакторы болып істеген жылдары қазақ, орыс тілдерінде “Қазақ ССР” (4томдық), “Ол кім ? Бұл не?” (3 томдық), “Қарағанды”, “Шаңырақ”, “Абай” атты энциклопедиялық басылымдар мен көптеген анықтамалық,сөздіктердің жарық көруіне кең жол ашты. Ұлт жанашыры, білікті басшы екендігін көрсетті. Бұл басылымдар мен анықтамалық, сөздіктер бай дерек көздерімен, мол материалдарымен, танымдық-тағылымдық қырларымен қазіргі кезеңде әлеуметтік-қоғамдық һәм руханият әлемінде кеңінен қолданылып келеді.

Бұл айтылғандар, сөз жоқ Р.Нұрғалидың қоғамдық-қайраткерлік, ғалымдық қырларын , ел алдындағы парызы мен қарызын арлы азаматқа тән адал атқарып келе жатқанына мысал, дерек бола алады.

Осы жәйттарды айтып, баяндаған тұстарда ағылшын философы Ф.Беконның : “ Поэзияда – тапқырлық, математикада –ойлылық, жаратылыс ғылымында –тереңдік, философияда –пайымдылық, логика мен шешендікте – айтыса білушілік қажет” деген бағыт, ұстанымдарында зор маңыз, үлкен де тағылымды шындықтыр бар. Бұл, әрине академик Р.Нұрғалидың адами бітім болмысын – биік те бедерлі, қайраткерлік-қаламгерлік көзқарас, ұстанымдары – айқын да байыпты, ұстаздық-ғалымдық қырлары – білімпаздық пен тереңдіктен тұратынын айқын аңғарар едік. Қысқа қайырғанда, академик Р. Нұрғали өз заманының тұғырлы тұлғасы, білім-ғылым көкжиегіндегі биік белес, руханият тамыршысы.

Академик Р.Нұрғалидің еңбек-мұраларында асыл сөздің арналы ағыстары, атап айтқанда қазақ әдебиетінің тарихы, теориясы мен сыны,драма табиғаты мен тағылымы, театр өнері мен қойылым иірімдері,Алаш мұраты мен мұрасы,білім-ғылым жүйесі,ұлт мұраты мен руханият мәселелерінің түйінді тұстары сергек сана мен серпінді ойлар арқылы қуатты бастауларға,көркемдік-эстетикалық құндылықтарға ие болып,зерделі де зейінді зерттеулер жүйесі негізінде жаңа бағыт,соны сапа,кең өріс алып келеді.

Асылы, академик Р.Нұрғали ұлт руханиятында,білім-ғылым жүйесінде,қазақ әдебиетінің тарихы мәселелері бойынша іргелі ізденістер жасап,айқын көзқарас пен бедерлі қолтаңба қалдырды.Өзіндік бағытын айқындап,ғылыми мектеп қалыптастырды.Асыл сөзден сыр ұқты.Сырлы әлемі ағынды ағыс құрады. Ағыстың арналы,кең өрісті,тебіреністі де толқынды болғанын әр кім-ақ қалайды.

Біз де соны күтеміз.

Қуана, қызыға қараймыз.

Ісімақова А.С.

Қазақстан: Алматы



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   24




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет