Пайдаланылған әдебиеттер
Нұршайықов Ә. Деректі кітап дидары. Қазақ әдебиеті. 31. 03. 1978./Кітапта: Жеті томдық шығармалар жинағы. Қосымша том (8). Астана:Фолиант, 2005.- 98-101 бб.
О.Берггольц. Избранные произведения в двух томах, т.2. Ленинград: Художественная литература, 1967.
Уақатов Б. Көркемдік ізденістер. Алматы; Жазушы, 1991.
Ахметов К.
Қазақстан: Жезқазған
АКАДЕМИК РЫМҒАЛИ НҰРҒАЛИ ЖӘНЕ КӨРКЕМДІК ДАМУДЫҢ БҮГІНГІ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ
Біздің мақсат – академик Рымғали Нұрғалидың есімін елге таныстырып, сан-сала еңбегін тізбелеп шығу емес, жазбамыздың көлем мүмкіндігіне орай, ғалым еңбектерінде ұдайы ұшырасатын теориялық ой-пікірлердің кейбіріне ғана назар аудара отырып, олардың сол тұстағы және бүгінгі таңдағы көкейкестілігіне назар аудару әрі оның себеп-сырларын қал-қадерімізше зерделеп байқау.
Р.Нұрғалидың зерттеушілік бір ерекшелігі қарастырып отырған нысанасын алуан қырынан аудара-төңкере талдап, ондағы бар мен жоқты ұлттық және әлемдік әдебиеттің алыс-жақын тарихындағы үлгілерімен салыстыра саралауы, сол негізде тиянақты ой түйіндерін жасауы ғана емес, ұтырлы тұстарда теориялық мәселелерді орайымен алға тартып, ұлттық әдебиеттің ендігі даму жолында қажетті жәйттерді бірде санамалай алға тартып, енді бірде сөз ыңғайында жанамалай ұсынып отыруы дер едік. Ғалымның алғашқы дүниелерінен бастап-ақ айқын көрініс беретін бұл сипат оның кейінгі еңбектерінің бәріне етене ерекшелікке айналды. Бұл тұрғыда әдебиетті танып-таразылауды мақсат еткен ғалымға да, сол әдебиетті жасауға ықыласты қаламгерге де зер саларлық тағылым жеткілікті.
Әр еңбегінен сан тарау ой арналары жүлгелене өрістеп отыратын ғалымның зерттеушілік ерекшеліктері жайында тарқатыла талданатын ауқымды ізденістер келер күндер еншісінде екені анық. Бұл тұста өз тарапымыздан бір ғана еңбек аясында ой өрістетуді қош көрдік. Оның сыры ғалымның сан алуан күрделі проблемаларды арқау еткен зерттеулері аңғарында әр арнаға бір тартып кетпей, көздеген мақсатымызды бір ғана монография шеңберінде шешіп байқауға талпынысымызда жатыр. Сонымен бірге Р.Нұрғалидың сыншылық өткірлігі мен ғалымдық-зерттеушілік өрістілігі, жеңіл атақ жолында уақытша науқандық мәселелер жетегінде кетпей, әр кез ұлт үшін де, әдебиет үшін де маңызды проблеманы алға тартуға ұмтылған кең құлаштылығы оның алғашқы зерттеулерінің өзінен-ақ айқын танылатынын еске оралтуды ойға алдық.
Әдебиетші ғалым сол кезеңге дейінгі қазақ драматургиясында қалыптасып үлгерген поэтикалық ерекшеліктерді М.Әуезов, Б.Майлин, Ә.Тәжібаев, Ш.Хұсайынов, З.Ақышев, З.Шашкин, Т.Ахтанов, Қ.Мұхаметжанов т.с.с. авторлардың туындыларын талдау арқылы дәйектей көрсететін “Күретамыр” монографиясында (1973 ж.) жекелеген драмалық шығармалар ғана емес, тұтастай көркем әдебиет жауап іздеуге тиісті көркемдік-эстетикалық талаптарды, “әдебиетті ардың ісіне” балайтын әр қаламгер тереңдей дендеуге тиісті көркемдік шарттарын алға тартып отырады. Ондағы көздегені, әрине, ұлт әдебиетінің кемелденуіне, сондай-ақ, әр қаламгердің шеберлік биігін бағындыруына септігі тиер жәйттерді мақсатты түрде аңғарту, сол арқылы қаламгер қауымды ізденіске қамшылау болғаны анық. Өйткені, қандай да бір ұлт әдебиетінің өсуі жекелеген қаламгерлерге тән көркемдік шеберліктің ұдайы өсіп отыруына тікелей қатысты болатыны мәлім. Ғалым Р.Нұрғалидың қаламгерлерге аса жоғары талаптар қойып, олардың шығармаларына сол талаптар үдесінен зер салатыны да сондықтан. Демек, тұтастай ұлт әдебиетінің көркемдік деңгейі үшін әр қаламгер жауапты. Бұл дегеніміз – әр қаламгер өзінің әр шығармасында сол уақытқа дейін жалпы ұлт әдебиеті қол жеткізген көркемдік биігінен бір мысқал да төмен түспеуі қажет деген сөз. Бұл мәселедегі Р.Нұрғали көзқарасына ден қойсақ, “суреткер – елінің үні, жұртының ары. Халық батырға, патшаға, ойшылға сенбейтін сырларын тек жазушысына ғана сеніп тапсырады” [1, 7].
Ал дәл осындай аса жоғары сенім жүгін арқалауға тиісті, халық аманатын ақтауға тиісті қаламгер әрекеті қандай болмағы абзал? Бұл сауалдың жауабын тағы да ғалым еңбегінен іздесек, ол: “Қоғамдық жаңа қарым-қатынастардың әсерінен адам психологиясында пайда болған соны өзгерістерді, характер құбылыстарын тез аңғарып, жіті бейнелеу үшін суреткердің азаматтық белсенділігі, ізденісі, замана тамырын қапысыз дәл басып отыруы шарт. Қиядағыны шалып қалар көз қырағылығы өз алдына, белгілі объектіні нысана етіп алып, ұзақ уақыт социолог, экономист, философ, психолог, тарихшы секілді зерттеудің нәтижесінде басқаларға әлі анық көріне қоймайтын дүниелерді жазушы бұрын сезіп, шығармаға арқау етуі – өнерде қайталанып отыратын заңдылықтың бірі” [1, 137],- деп, айқын талаптар қояды және өзі қарастыратын шығармаларға да, олардың авторларына да осы талаптар үдесінен назар салып, бар мен жоқты күлбілтесіз ашық көрсетеді. Р.Нұрғали зерттеулерінің маңыздылығы өз тұсында да, бүгін де мысқалдай төмен түспеуінің сыры осында. Пікір шындығында, ой дәлелділігінде.
Осы орайда айта кетелік, әдебиетке қатысты айтылып жүрген бүгінгі сөзде ақиқатқа жүгінуден гөрі, автор беделіне қарайлау, соның салдарынан көрініп тұрған кемшіліктің өзін айналып өтіп, шығармада болымшы нышан танытқан ұнамды нәрсе төңірегінде әсіре қызыл сөз өргізіп, дәріптеп отырып алу жиі ұшырасады. Автор беделі дегеннен шығады, бір қызығы, бүгінгі елге танымал қаламгерлерге әбүйір әкелген шығармалар да дәл осы “Күретамыр” монографиясы жарыққа шыққан жылдардың арғы-бергі аралығында жазылған екен. Ал біз тірлік жасап отырған уақыт – ХХІ ғасырдың алғашқы онжылдығы. Ғасырлар алмасар тұста еліміздің тәуелсіздік алғанына, сол елмен бірге қаламгер қауымның да кеңестік цензурадан тәуелсіздік алғанына да жиырма жылдың орайы болып қалды.
Тағы да Р.Нұрғали пікірінен өрістете ой қозғасақ, осынау жиырма жыл бедерінде мүлде жаңа тұрпатты қоғамдық қарым-қатынастар орнықты. Сол қарым-қатынастардың әсерінен әлеумет психологиясында өзгерістер пайда болды. Жиырма жыл бұрынғы замандасыңыз бүгін мүлде басқаша мінезге ие, қарекет сипаты да, тірлік ету үлгісі де, сезім күйі де, қуаныш-қайғысы да, арман-мұраты да кешегіден басқа. Алайда кешеден өтіп, бүгінге келген замандас әдебиетімізде бар ма?
Бұл тұста да Р.Нұрғалидың: “Қазіргі қазақ драматургиясы жайын қарағанда, сахнада қойылып, жинақтарда, кітаптарда басылып жүрген пьеса атаулыға тегіс пысқырына қарайтын нигилистікке де, түймедейді түйедей етіп көрсететін желөкпелікке де жол беруге болмайды: әрбір шығарманы эстетикалық-идеялық жағынан саралап, оның әдеби дамудағы орнын анықтайтын анализ қажет” [1, 136],- дейтін талабын тұтастай әдебиетке қатысты қабылдай отырып, жауап іздесек, “түк жоқ” деп түңілуге болмас, өйткені бүгінгі уақыт кейіпкерлерін жасауға ұмтылыс бар. Алайда уақыт бейнесін жасауда көркемдік шеберлік деңгейі мен шынайылық жетпей жатқаны және рас. Бұл, әрине, кейінгі жиырма жыл бедерінде жарық көрген дүниелер көркемдіктен ада деген де сөз емес. Тек көркемдік деңгейі әрі кеткенде өткен ғасырдың 60-70-80-жылдарында әдебиетімізде игерілген межеден аса алмай тұр деген сөз. Ал бүгінгі әдебиетті кешегі деңгей қанағаттандырмақ емес.
Қоғам өзгерді, адам өзгерді. Ел басынан осынау уақыт аралығында қиындық-қысталаңдар да, неше алуан күдік пен үміт те, талас-тартыстар да, қайшылықты жағдайлар да өтті. Қазір де баршылық. Өйткені бұлай болу – өмір заңдылығы. Алайда өзгерген қоғам мен өзгерген адам бейнелері, өзгерістердің оң нәтижелері мен кері салдарлары, олардың себептері сияқты көптеген жәйттер әдебиетімізде неге толыққанды көркемдік иеленбей отыр? Жауап кілті – қаламгерде.
Бүгінгі уақыт тақырыбындағы туындыларда көтерілетін проблемалар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы күнделікті оқып, естіп жүрген проблемалар деңгейінде ғана. Дегенмен, бұл да мәселенің бір ғана жағы. Өйткені шебер қаламгер үшін тақырыпқа айналған проблеманың үлкен-кішісі болмайтыны мәлім. Хас қаламгер түймедей жәйттің өзіне қоғамдық, әлеуметтік, елдік, тіпті адамзаттық ауқымды проблеманы арқалатып жібереді. Ол үшін қажеті – шеберлік. Ал қаламгер шеберлігі грамматикалық түзілімі мінсіз сөйлемдер құра білу ғана емес. Сол сөйлемдердің әрқайсысына, тіпті әр сөзге бейнелілік дарыту, сөз мазмұнындағы бейне арқылы оқырманды ойландыру, ойландыру арқылы оның өзін өзі тәрбиелеуіне әсер ету. Мұндай шеберлікке жетілген қаламгер тұтастай халықты өзінің көркем сөзі арқылы жақсылыққа қарай бастайтын тұлғаға айналады. Өйткені халық – қаламгер оқырмандарынан жинақталған тұтастық.
Бұл – әр қаламгер жанымен сезінуге тиісті, ел алдындағы жауапкершілік. Жауапкершілігін сезіне алмаған қаламгер қаламынан туатыны – көпшіліктің сұранысын қанағаттандыруға ғана қабілетті, зауық басар ермек қана. Ал әдебиет – ермек емес, көшбасшы өнер.
Олай болса, адам баласын рухани кемелдікке бастауды мойнына алған көшбасшы өнердің өркендеуіне қызмет қылуды мақсат еткен қаламгер, Р.Нұрғали сөзін қайталап еске түсірсек, “социолог, экономист, философ, психолог, тарихшы секілді зерттеудің нәтижесінде басқаларға әлі анық көріне қоймайтын дүниелерді бұрын сезуі” қажет. Демек, бүгінгі қаламгер, ең алдымен, жоғары интеллект иесі болуы шарт. Бұл дегеніміз – кешегі деңгейді місе тұтып, сол төңіректі шаңын шығара шиырлай бермей, әлемдік өнер түрлерінде (яғни кино, сурет, театр т.б. бәрі) жасалған, жасалып жатқан көркемдік ізденістердің бағытын бағдарлап, дер кезінде игеріп отыру деген сөз. Ең бастысы – көркемдік жаңалықтарды игеру ғана емес, оған өз тарапынан жаңалық қосу, дамыту. Одан да маңыздысы – адамды тану. Өйткені адам болмысын тереңдей тани алмаған жағдайда, неше алуан әдеби тәсілдеріңіз де, жаңа пішініңіз де әдебиетті өркендете алмақ емес. Оның мысалын да бүгінгі ізденістерден аңғаруға болады.
Кейінгі жылдары жарық көрген туындыларда миф, мистика, фантастика, сюрреалистік элементтердің көрініс беріп жүргені рас. Құптарлық ізденістер. Десек те, бұлар шығармада адам болмысын тереңдете ашып бейнелеуге, қоғамдық-әлеуметтік қатпарлы байланыстарды тереңнен қаузай суреттеуге қызмет етуден гөрі, қызықтаушылық, еліктеушілік деңгейде ғана қалып отыр.
Осы орайда әлемдік әдебиеттің арғы-бергі көркемдік даму тарихында болған әр түрлі ізденістерге қатысты ойымызды қысқа қайыра айтсақ, көркем сөз дүниесінде бой көрсеткен кез келген ізденісті бүгінгі әдебиетте де еркін қолданған абзал. Бұл классицизм, сентиментализм, натурализм, романтизм, символизм сияқты ертеректегі ізденістерге де, кейінгі модернистік жәйттерге де қатысты. Кешегі кеңестік кезеңдегі түсінік әсерімен оларға үрке қараудың еш қажеттігі жоқ. Бұл жердегі мәселе – бұлардың қай-қайсының да шығармадағы көркемдік әлемінің толымды жасалуына қызмет етуіне байланысты. Ал оның көзін табу – қаламгер шеберлігіне тікелей қатысты.
“Бір шығарма – бір шеңбер,- дей келе, академик Р.Нұрғали сөз бағытын шығарма әлеміне бұрып,- Суреткердің таланты, дүниеге көзқарасы, парасаты күллі творчествосына үнемі ықпал жасап отыратын құдірет, қуат күші десек, әрбір туындының өз ырғағы, өз әуезі, өз пішіні болмақ. Ой ағымын, сезім толқынын берудегі нәзік сәуле, әсем бояу мазмұн мен форманың диалектикалық бірлігіне бағынады” [1, 165],- деген пікірін алға тартады.
Бұл жерде ғалым айтып отырған “бір шеңбер” – шығармада жасалған көркемдік әлемі. Демек, шығармадағы көркемдік әлемінің қаншалықты сенімді, шынайы болуы “мазмұн мен форманың диалектикалық бірлігіне бағынышты” екен. Ал кез келген шығарманың түпкі мазмұны – адам, формасы – адам мәнін ашу үшін қолданылатын әдіс-тәсілдер, амал-құралдар, тілдік қолданыстар, ақыр-соңы жеке сөздік бөлшек екенін ескерсек, қаламгер шеберлігі дегеніміздің өзі, әуелгі кезекте адамды барынша жетік тану, одан соң танып-білгенін көркемдік талаптарына сай барынша шынайы бейнелеу, сол шынайы бейнелер негізінде оқырман санасына ой салу, ойландыру болып шықпақ.
Бүгінгі қаламгерге жүктелер бұл талап – тарихты, тарихи тұлғалар өмірін арқау еткен туындыларға да қатысты. Бұл тұста да академик Р.Нұрғали пікіріне назар аударсақ, оның: “Ғұмырнама – тарихи тақырыпқа барған жазушының суреткерлік концепция жоқ жерде хронологияға, фактілер жетегінде кетіп қалуы қиын емес. Зады тарихи белгілі есімнің өзгеше сипаты, даралық қасиеті үлкен бір ісімен, аршынды қимылымен көрінсе керек. Әйтпесе жіпке тізгендей етіп, аты мәшһүр адамның өмір фактілерін сыдырта баяндай беру көркемдік ауылына, әсемдік әлеміне апармай, соқыр тұман құшағына сүңгітіп жіберуі оңай. ...Кейбір қаламгерлеріміз Әуезовтің шеберлік мектебіне ден қоюды мүлде ұмытып, тек көлемге ұмтылуды мақсат тұтып, есімі мәшһүр қайраткерлер, өнерпаздар хақында кебеже қарын, том-том, жілігі татымайтын, көк жасық нәрселерді көбейтіп жіберді” [1, 106],- деген сөздерінде айтылған кешегі кемшіліктер кейінгі жылдары жазылған тарихи тақырыптағы шығармаларда әлі ұшырасып жататыны жасырын емес.
Мәселен, суреткерлік концепция мәселесіне зер салайық. Бұл орайда көркем шығармашылыққа қатысты концепция ұғымының өзі, негізінен, қаламгердің шығарма жазу барысындағы жетекші ұстанымы ретінде қабылданатынын ескерсек, тарихи тақырыптағы туындыда басшылыққа алынуға тиісті концепция халықтық ұстанымы болмақ. Демек, тарихи шығарма қаһарманы жалпы халықтық мұрат жолындағы іс-әрекетімен танылуы шарт. Яғни тарихи тақырыптағы туынды қаһарманы ұлттық тұтастық идеясының жалаугеріне айналуы тиіс. Ал “Тарихымызда болған мына тұлға жайында яки мына оқиға жайында халыққа жеткізу керек” деген мақсатқа бола, құрсақты роман жазудың бүгінде қажеті бар ма? Өйткені ондай мақсатты дерек-дәйегі тиянақты, фактісі шындықтан алынған тарихи-танымдық дүниені баспасөз бетінде жариялап, интернет желісіне салу арқылы да шешуге болады.
Осы орайда айта кеткен оң болар, осыдан елу-алпыс жыл бұрынырақтағы тарихи-көркем туындылардың мойнында болған кейбір міндеттерден бүгінгі жазылашақ туындылар бойын аулақ салса да әбес емес. Олардың бірі – тарихи фактілерді түгендей баяндау. Өйткені ол – тарихшының міндеті. Қаламгер міндеті – тарихи уақыттың, тарихи тұлғалардың және нақты бір тарихи кезеңдегі қоғамның көркем бейнесін жасау. Сондай-ақ, тарихи уақыт бейнесі арқылы ұлттық тұтастыққа, ұлттық кемелденуге қызмет ету.
Шығармашылықпен зерделей білген жағдайда мұндай көркемдік міндетті шешудің жарқын үлгілері төл әдебиетімізде бар. Солардың ең кемелі – Әуезов дәстүрі. Әуезов дәстүрі дегенде ескеретін жәйттердің бірі – неше алуан тарихи мағлұматтар арасынан тарихи-көркем туындыға қажеттілерін ғана сұрыптай білу және көркемдікке қызмет еткізе білу шеберлігі. Бұл жайында Р.Нұрғали: “Творчестволық тәжірибедегі үлкен парасаттылық, зор зерттеушілік білгірлігіне қоса, Мұхтар Әуезов Абай жайлы шығармаларында суреткерлік ерлік қана жасап қойған жоқ, ұлы адамның ғұмырына қатысты тарихи деректерді, дәлді фактілерді, нақты материалдарды, аңыз-легендаларды, әртүрлі сөздерді сұрыптап, екшеудің, тазартудың классикалық үлгісін көрсетті” [1, 91],- деп бағалаған болатын.
Демек, тарихқа ден қойған бүгінгі қаламгерлер алдындағы міндет – қалыптасқан шеберлік дәстүрлерін шығармашылықпен игере отырып, оларға өзіндік жаңалықтарын үстей отырып, одан әрі дамыту. Түптеп келгенде, тарихи шындықты көркемдік мазмұнға арқау ете отырып, ұлттың жан-жақты кемелденуіне қызмет етуге қабілетті тарихи уақыттың көркем бейнесін жасау. Аталған мақсат үдесінен табылу үшін, Р.Нұрғали сөзімен айтқанда, творчестволық үлкен парасаттылық, зор зерттеушілік керек. Бұл екі қажеттілік те, айналып келгенде, шығармашылық интеллект мәселесіне тіреледі. Демек, тарихи тақырыпқа қол артқан қаламгер үшін тарихи дерек-мағлұматтарды молынан қамтып жинап алу ғана аз, ол деректер көркем шығармада адамдар арасындағы жанды қарым-қатынастар нәтижесіне айналуы қажет. Сонымен бірге, шығармадағы тарихи тұлға қаламгердің қалауына орай қозғалып тұратын жан иесі болып қалмай, халыққа тарихтан мәлім өз деңгейіне сай ойланып, әрекеттер жасайтын жанды бейне ретінде көрінуі керек. Ал тарихтан танымал тұлғаның өз деңгейінде көрінуі, яки төмен түсуі – қаламгер интеллектісінің көрінісі. Себебі қаламгердің дүниетанымы, ой өрісі өзі бейнелеуге ниеттенген тарихи тұлғадан мысқалдай төмен тұрған жағдайда ол жасаған кейіпкер де сол деңгейден әрі аса алмайды. Білімі мен дүниетанымы тарихи нақты қоғамды, сол қоғамдағы әлеумет болмысын, адамдар қарым-қатынасын тереңдей тануға жеткіліксіз болған қаламгер өз шығармасында ел билеген көсем бейнесін жасау үшін оның аузына парасатынан пафосы басым ділмарсыған сөздер салып, ат үстінде атойлатса да бәрібір, ол кейіпкерден ұлт қаһарманының бейнесі шықпайды. Әрі кеткенде, ауыл арасының тоқты-торым дау-дамайын шешуге ғана жарайтын бишікеш көрініс табады. Тарихтан әйгілі би-шешен, батыр-бағлан сияқты басқа жағдайларда да солай болмақ. Демек, тарихтың көркем бейнесін жасау үшін тарих тереңіндегі қатпарлы қарым-қатынастарды парасат көзімен зерделеп, олардың маңыздыларын ұлттық мұрат тұрғысынан елеп-екшеп, ең қажеттілерін суреткерлік шеберлікпен көркем бейнелей білу қажет.
Халыққа қызмет етуді мұрат тұтқан әдебиет еш уақытта ел тарихынан қалыс қала алмайды. Себебі тарих – ғасырлар сынынан өткен ұлы тәлімгер. Мәселе – ұлы тәлімгер тағылымдарын бүгінгі, ертеңгі елдің рухани кемелденуіне пайдалана білуде. Бұл тұрғыда ғалым Р.Нұрғалидың: “Үлкен әдебиет қашанда халық өмірінің белді кезеңдерін, дәуір тудырған әлеуметтік тартыстарды, қоғамдағы саяси ағымдарды, психологиялық шытырмандарды айналып өтіп кете алмайды. Ерте ме, кеш пе, әйтеуір ел басынан өткен оқиғалар өнер тілімен сөйлеп, ұрпақтар талқысына түспек. ...Рухани дамудағы сабақтастық, кәмелет талабы күн өткен сайын бұрын ақтаңдақ жатқан жерлерге зер салуға мәжбүр етеді” [1, 10],- деген пікірінің дұрыстығына күмән жоқ.
Ендеше, бүгінгі уақыттың да күні ертең тарихқа айналарын есте тұта отырып, ұлттық әдебиеттің кешегі және ертеңгі деңгейлері арасындағы бүгінгі уақыт көркемдік жетілу тұрғысынан ақтаңдақ аралық болып қалмауы үшін шығармашылық толассыз ізденістер қажет екендігі анық. Ал көркемдік даму мақсатындағы ізденістерде белгілі бір шекара болмайтыны да мәлім. Бұл тұрғыда “Кешегі жылдары қандай бағыттарда жемісті ізденістер жасалды, енді қай бағыттарға бет түзеу абзал?” деген сауалдар төңірегіндегі көптеген жауаптарды академик Р.Нұрғали еңбектерінен еркін табамыз. Ендігі іс әр қаламгердің және әр әдебиетшінің осы сауалдарға өз тарапынан жауап іздеп, ұлттық әдебиетіміздің кезеңнен кезеңге өткен сайын кемелдене беруіне қызмет етуіне қатысты.
Пайдаланылған әдебиет
Нұрғалиев Р. Күретамыр. Қазақ драматургиясының поэтикасы. Монография. –Алматы: Жазушы, 1973. -236 б.
Дүйсенғазин C.М.
Қазақстан: Астана
ҚАЗАҚ ТЕАТРЫНЫҢ ДАМУ ЖОЛДАРЫ
(Академик Р.Нұрғали зерттеулері хақында)
ХХ ғасырдың басында қарыштап дамыған қазақ әдебиеті толысып, кемелденген ұлттық әдебиеттердің дәстүрімен жанрлық салалардың барлығын қамтып, әлемдік әдебиетке тән құбылыс – «Қайта өрлеу дәуірін» бастан өткерді. Бұл кезең елді елең еткізерлік елеулі жаңалықтарымен ерекшеленді. Сол жаңалықтардың қатарында роман жанрымен бірге сөз өнерінің іргелі саласы болып табылатын қазақ драматургиясының да туып, қалыптасу кезеңі осы дәуірдің еншісінде. Алғаш қазақ жастары арасында әдеби ойын-сауық кеші ретінде басталған бастама кейіннен ұлттық деңгейдегі драмалық шығармалардың жазылуына ұласты. Бұл саланы дамытуға Ж.Аймауытов, М.Дулатов, М.Әуезов, Қ.Кемеңгеров, С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров, Ж.Шаниндер бастаған бірқатар ұлт зиялылары бел шешіп кірісті. 1915 жылы Көлбай Төгісовтің «Надандық құрбаны» драмасы жеке кітап болып басылып шықты. 1916-1917 жылдары Ж.Аймауытовтың тұңғыш үш пьесасы «Рабиға», «Мансапқорлар», «Қанапия-Шәрбану» жазылды. 1917 жылы мамыр айында жайлаудағы Әйгерімнің қонысында «Еңлік-Кебектің» тұңғыш қойылымы көрсетілді. Осылай басталған қазақ драматургиясының қадамы бүгінде әлемдік деңгейдегі үздік шығармаларды тудырып, өз биігінен аласартпай сахналауға қол жеткізді.
Қазақ драматургиясының өркендеуі жолында театр сыншылары мен әдебиет зертеушілерінің үлесі мол. ХХ ғасырдың басында Ғ.Тоғжанов пен І.Жансүгіровтен басталған сыншылық үрдіс ХХІ ғасырда Ә.Сығаев, Қ.Уәлиев, Б.Нөгербековтердің еңбектерінде заңды жалғасын тауып келеді.
Дараматургия саласын зерттеушілер туралы айтқанда Ә.Тәжібаевтың «Қазақ драматургиясының дамуы мен қалыптасуы», С.Ордалиевтің «Қазақ драматургиясының очеркі», Р.Рүстембекованың «Қазақ совет комедиясы», М.Дүйсеновтің «Қазақ драматургиясының жанр, стиль мәселесі», Н.Ғабдуллиннің «Ғ.Мүсірепов-драматург», т.б. сияқты бірқатар еңбектерді бөліп атауға болады. Ал осы саланы зерттеуге саналы ғұмырын арнаған, тұтас бір ғылыми мектеп қалыптастырған және қазақ драма өнерінің теориялық негізін қалаған академик Р.Нұрғалидың орны бір төбе екені анық. Академиктің қазақ драматургиясының туып, қалыптасуынан бастап қазіргі тыныс-тіршілігіне дейінгі аралықты қамтыған «Драма өнері» еңбегінде сахнаға лайықталып жазылған шығармалар жанрлық тұрғыда жүйелі зерттеліп, қазіргі жанрлық дамудың тенденцияларын ашып көрсету негізгі нысанаға айналған. Ғалым бұл еңбегін әлемдік дәстүрден айнымай трагедия, драма, комедия деген үш үлкен салаға бөліп, әр бөлімді өз ішінен тарауларға таратады. Мәселен, әлем әдебиетінде алғаш гректің Эсхил, Софокл сияқты дарынды трагиктері қалыптастырып, Шекспир мен Гете шырқау биікке шығарған трагедия жанрын қазақ драматургиясы бойынша трагедиялық тартыстар мен адасулар табиғатын, сюжеті мен композициялық жүйесін, эстетикалық-эмоциялық әсер бейнесін, тақырыптық нысанасын, көркемдік ерекшелігін ескере отырып, эпикалық, адамгершілік-тұрмыстық, тарихи трагедия деп бөліп, осы үш бағытта зерттеу жүргізеді. «Драматургия жанрларының ішінде өмірге айрықша жақын түрі – трагедия, өйткені бұл формада тіршіліктің сан алуан қайшылықтары, ғаламат тартыстар, құштарлықтар мен сезім шайқасы, ойлар мен идеялар қақтығысы ерекше зор пафоспен, әрі реалистік тереңдікпен бейнеленеді», – дейді ғалымның өзі.
Эпикалық трагедияға жыр-дастан үлгісінде фольклорда бұрыннан бар, сюжеттік желісі ықшамдалып қайта өңделген, сахнаға қоюға лайықталған М.Әуезовтің «Еңлік Кебегін», Ж.Шаниннің «Арқалық батырын», Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш Баян сұлуы» трагедияларын жатқызады.
Ғалым алдымен М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» трагедиясына тоқталады. «Жиырма жасар Мұхтар Әуезовтің қиялын қозғап, қолына қалам алдырған Еңлік пен Кебек жайлы халық аңызы болатын», - дей келіп дастанның сол уақытқа дейін жарық көрген төрт нұсқасын атап көрсетеді. Олардың алғашқысы 1892 жылы «Дала уәллаяты» газетінің 31-39 сандарында жарияланған «Қазақтардың естерінен кетпей жүрген бір сөз» деген тақырыптағы әңгіме еді.
Екінші нұсқа сол газеттің 1900 жылы 46 санында «Қазақ тұрмысынан хикая» деген атпен жарық көрді. Ғалым бұл әңгіменің алғашқы нұсқадан бірнеше өзгешелігі бар екенін айтады. Мысалы жігіттің аты Кебек емес, Серғали, қыздың аты Еңлік емес, Қаңлық. Тағы бірнеше кейіпкерлердің аты өзгерген. Ол жайында зерттеуші Р.Нұрғали «Дала уәллаяты» газеті жаңа оқушылар тарту үшін сюжеті ұқсас болғанмен кейіпкерлерді жаңартып, әдейі осындай қадамға барған деген пікірін алға тартады.
Үшінші нұсқа Мағауия Абайұлының «Еңлік-Кебек» дастаны. Бұл Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының қолжазба қорында сақталып, 1960 жылы «Дастандар» жинағында басылған, сюжеттік желісі мен композициялық құрылымы жағынан 1892 жылғы нұсқаға сәйкес келетін шығарма болатын. Тек кейбір тұстарында, мысалы Кебек пен Еңліктің тұңғыш кездесетін жері ұзағырақ суреттелген. Бірақ ол оқиға желісіне селкеу түсіре алмайды.
Төртінші нұсқа «Еңлік-Кебек» деген атпен қазіргі қалың оқырманға жақсы таныс, 1912 жылы Семейде жеке кітап болып шыққан Шәкәрім Құдайбердіұлының «Жолсыз жаза» поэмасы. Поэмада ақын оқиғаны 1780 жылдар шамасында болды деп атап көрсеткен. Ғалымның тағы бір ерекшелік ретінде назар аударғаны – шығармадағы жас батырдың портреті. Шығармадағы Кебектің аңға шығуынан Абай дәстүрінің сезілуі, образдардың көркемдігін пайымдаулардағы сонылық Р.Нұрғалидың назарынан тыс қалмаған. Кей тұстарда шығармадағы Еңлік бейнесін Пушкиннің Татьянасына ұқсатып, екеуін салыстыра зерделейді.
««Еңлік-Кебек» трагедиясы автордың «өткен өмірді аңсауынан» туған жоқ», – деп жазады ғалым: «Қаршадайынан құлағына сіңген, өзі жаттаған тамаша аңыз драмалық шығармаға жақсы материал болды. Жас Мұхтардың ең жақсы білетіні өзі өскен орта, төңкеріс алдындағы қазақ ауылының жай күйі, тұрмысы, тарихы, адамдар психологиясы болса, оның сол туралы толғанбай тұруы мүмкін емес еді». Бұл академиктің М.Әуезов тырнақалды туындысына неге осы тақырыпты таңдады деген сұраққа жауабы. Пікір дәл айтылғанымен астарынан кеңестік саясаттың салқынын да аңғарамыз.
Р.Нұрғали шығарманың қайнар көзін анықтап алған соң, 1922 жылы Орынборда жарық көрген алғашқы нұсқасынан бастап 1943 жылы және 1956 жылы екі мәрте қайта өңделген нұсқаларындағы өзгешеліктерге тоқталады. Қойылымдарда ойнаған атақты әртістер, жазылған әртүрлі пікірлер, көріністегі қат-қабат өмір тартыстарына енгізілген өзгерістердің барлығы ғалымның назарынан тыс қалмайды.
Академик Р.Нұрғали эпикалық трагедияның тағы бір нұсқасы ретінде тереңдете талдағаны Ж.Шаниннің «Арқалық батыр» трагедиясы. Тұңғыш қазақ театрының негізін қалаған осы бір тума таланттың тағдыры туралы «Ай қанатты арғымақ» атты роман жазған ғалымның бұл тақырыпты таңдауының өзі тегін еместігін осы шығарма жайлы жылы пікірлерінен аңғарамыз.
Драматанушы Р.Нұрғали Ж.Шаниннің өзі көзі тірісінде айтқан пікіріне сілтеме жасай отырып трагедияның материалын Ержан ақынның аузынан жазып алған халық жырынан алғанын айтады. Пьесаның алғаш рет 1924 жылы 3 қаңтар күні Семей қаласында өнерпаз жастардың күшімен қойылғандығын ескере отырып, шығарма 1922-1923 жылдары жазылған деген тұжырымға жасайды.
«Арқалық батыр» жырының Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының қолжазба қорына тапсырылған бірнеше нұсқасына тоқтала отырып, 1961 жылы шыққан «Батырлар жырының» екінші томына 1958 жылы Ержан Ахметовтен Бекмұрат Уахатовтың жазып алуымен кіргізілген нұсқасына ерекше мән береді. Себебі ол Ж.Шанинмен пікірлес болған Ержан ақын еді. Трагедияның Қытай жерінде өтетін оқиғасының желісін ғалым қолжазба қорындағы барлық нұсқалармен салыстыра отырып зерделейді.
Ғалым сюжеті оқырманға кеңінен таныс «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының негізінде жазылған Ғ.Мүсіреповтің осы аттас трагедиясын да эпикалық трагедияның жауһар үлгісі ретінде жоғары бағалайды. Шығарманың сахнаға ықшамдалған формасы туралы: «Жыр мен трагедияны салыстыра қарағанда, драматургтің сюжет түзеуде, тартыс өрбітуде, характер сомдауда жасаған сан алуан жаңалықтары анықталады. Бесік құдалық негізінде күні бұрын шешілген махаббат желісі жырдың басты өзегін құраса, трагедиялық күрес ескілік пен жаңалықтың арасында өтеді. Пьесада рулық тартыс емес, әлеуметтік-таптық қақтығыстың көрсетілуінде үлкен мән жатыр», – деген пікірден трагедияға берілген әділ бағаны көреміз.
Р.Нұрғали адамгершілік тұрмыстық трагедияның концепциясы ретінде шығармада азғана адамның, бір отбасының қым қиғаш тіршілігін суреттеуді алға тартады. Оның озық үлгісі ретінде әлемдік әдебиеттегі Софоклдың «Эдип Патшасы», Шекспирдің «Король Лирі» сияқты шығармаларды атайды. Бұл тұрғыда қазақ әдебиетінде М.Әуезовтің төңкеріс алдындағы қазақ аулының тұрмысын суреттейтін «Бәйбіше-тоқал» трагедиясы мен «Қарагөз» трагедиясына ерекше тоқталады. Екі шығармадағы қазақы өмірдің кейбір қайшылықтары, ескі салт-дәстүр мәселелерінің шынайы көрінісі зерттеушінің тіліне тиек болған. Бұл топқа тақырыптық жағынан Қ.Кемеңгеровтің «Алтын сақина», Ж.Аймауытовтың «Шернияз» туындыларын жатқызуға болатынын айтылады.
Тарихи трагедияның төл басы ретінде М.Әуезовтің «Хан Кене» трагедиясы аталады. Қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлының өр тұлғасы сомдалатын туындыдағы мінездер қақтығысы мен тағдырлар шарпылысуын академик Р.Нұрғали Шекспирлік биік деңгейде деп бағалайды. Шығармадағы барлық кейіпкерлердің мінез-құлқының байламы, идеясының түп қазығы Кенесары бейнесіне байлаулы екені айтылады. Шығарманың жиырмасыншы жылдардың соңында жазылып 1934 жылы қиындықпен қойылуы, артынан кеңестік идеологияның қысымен тыйым салынуы, 1961 жылы қайта басылуының барлығы трагедия оқиғасын талдау барысында қамтылған.
Тарихи трагедия ретінде талданған тағы бір шығарма І.Жансүгіровтің «Исатай-Махамбет» трагедиясы. Ғалым Ілиястің осы тақырыпты жазуы үшін батыс өңіріне сапар шеккенін, сол уақыттағы жазушыларымыз әлі тарихи-төңкерістік тақырыпқа бойлай алмай жатқан тұста батыл қадам жасауын ерлікке пара-пар іске балайды. Бұл шығарма да азаттық жолында күрескен екі тұлғаның күрделі тағдыры мен шынайы тарихи болмысын ашуға талпыныс жасаған туындылардың санатына жатады.
Осы ретте қазақтың ұлы ағартушыларының ғұмырынан көрініс беретін классикалық шығармалар ретінде М.Әуезовтің «Абай» трагедиясы мен С.Мұқановтың «Шоқан Уәлиханов» трагедиясы да талдау объектісіне айналады.
«Әдебиеттің басқа жанрлары сияқты комедия да өмірдің құбылыстарын көшіре салмайды, іріктеу, топтау арқылы жинақтап барып, нақты әрі жалпылық сипаты бар көркем образ жасайды» – дейді Р.Нұрғали.
Драмадағы қомедия жанрын ежелгі грек әдебиетінде алғаш негізін қалаған Аристофан болса, оны орыс әдебиетінде шың басына Гоголь шығарды. Ал қазақ әдебиетінде оның негізінің қалануы Б.Майлиннің атымен тығыз байланысты. Осыны ескерген академик Р.Нұрғали әлемдік тәжірибе мен ұлттық әдебиетіміздің материалдарына сүйене отырып қазақ әдебиетіндегі комедияны сатиралық комедия және лирикалық комедия деп екі топқа бөледі.
Тұңғыш қазақ комедиясының үлгісі ретінде Б.Майлиннің «Шаншар молда» шығармасы аталады. Ал сатиралық комедия ретінде Бейімбеттің осы шығармасымен қатар «Ауыл мектебі», «Қос қақпан», «Неке қияр», «Жасырын жиналыс», «Келін мен шешей», «Көзірдірік», «Талтаңбайдың тәртібі» комедиялары талданады.
«Бейімбет комедияларындағы драмалық әрекетті өрбітудің бір тәсілі сахнаға жаңа кейіпкерлерді шығару. Бұдан кейін тартыста өзгерістер пайда бола бастайды», – деп жазады ғалым.
Осы жанрда алғаш қалам тербегендердің қатарында Ж.Шаниннің де есімі аталады. Оның «Торсықбай», «Айдарбек» комедиялары қазақ әдебиетіндегі драматургия саласына олжа салған туындылар болып саналады. «Драматургияның шағын түрін алсақ, Жұматтың «Торсықбайы» Бейімбеттің «Шаншар молдасымен» тақырыптас болу үстіне, идея жағынан сарындас, екеуінде кермек күлкі, ащы сықақ бар», – дейді академик-ғалым.
Қазақтың тұңғыш музыкалық театрының шымылдығы М.Әуезовтің «Айман-Шолпан» комедиясымен ашылған. Тамырын халық жырынан алған комедия кезінде біраз сын садағына да ілінген. Халық жырында нобайы ғана көрінген кейбір кейіпкерлер комедияда тереңдетіліп, тұлғасы айқындалған. Бұл фольклорлық шығармадан комедия жасаған М.Әуезовтің терең ізденісінің жемісі деп түсінгеніміз жөн.
Қазақ комедиясының сатиралық үлгісін қалыптастырған Б.Майлиннің қолтаңбасы осы дәстүрдің дамып, кемелдену кезеңдерінде айқын көрініс тауып отырады.
Ғалым лирикалық комедия жанрына дарынды драматург Қ.Мұхаметжановтың «Бөлтірік бөрік астында», «Құдағи келіпті» комедияларын жатқызады. Академиктің тұжырымы бойынша лирикалық комедияның сатиралық комедияға қарағанда кейіпкерлердің ішкі сырлары мен сезім иірімдеріне мол орын беріледі. Мысалы «Бөлтірік бөрік астында» комедиясы туралы: «Бұл шығарманың сахнада табысқа жетуінің бірнеше себебі бар еді. «Тартыссыздық теориясы» дейтіннің шырмауына іліккен шақта театрларда, әсіресе комедияға орын қалмаған. Эпос материалдары негізінде жазылған пьесалар қаншалықты көркем, талантты болғанмен, қауымның қазіргі уақыт проблемаларына жауап іздеуі, сахнада замандасын көргісі келуі заңды талап еді», – деп жазады. Яғни лирикалық комедияның белгілері заман талабынан туған жаңа сипаттағы шығармалардың өн бойынан көрінді. Тағы осы санатқа Ә.Тәжібаевтың «Той боларда», Қ.Сатыбалдинның «Қабаған ит», Қ.Байсейітов пен Қ.Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-ай», «Ой, жігіттер-ай», т.б. туындыларды жатқызады.
Әлем әдебиетінде негізін ежелгі грек ақыны Еврипид қалады делінетін драма жанры туралы Р.Нұрғали: «Қазақ драматургиясы жүйесінде драма жанр ретінде трагедия, комедиямен бір мезгілде дүниеге келді. Жалпы ерекшеліктері жөнінде қазақ драмасы жанрдың дүние жүзі әдебиетіндегі сипаттарының қалыбынан көп ауытқымайды», – деген пікірін айтады.
Драма жанрын ғалым қаһармандық драма, саяси-әлеуметтік драма, тарихи-ғұмырнамалық драма деген үш салаға бөліп қарастырады.
Қаһармандық драма саласының бастауы ретінде 1922 жылы Орынборда жарық көрген С.Сейфуллиннің «Қызыл сұңқарлар» драмасы және І.Жансүгіровтің «Кек», «Райхан» драмалары, М.Әуезовтің «Түнгі сарын», С.Мұқановтың «Күрес күндерінде» драмалары зерттеу нысанына айналады. Бұл шығармаларға ортақ тақырып бас кейіпкерлері күрес жолында жандарын шүберекке түйіп, ел бостандығы үшін қаһармандық ерлік көрсетеді. Сол жолда жандарын пида етеді.
Саяси-әлеуметтік драманың нысаны ретінде С.Сейфуллиннің «Бақыт жолында» драмасы, Ж.Аймауытовтың «Қанапия-Шәрбану» драмасы, Ж.Тілепбергеновтің «Перизат-Рамазан», М.Әуезовтің «Тастүлек», «Шекарада» драмалары бастаған бірнеше шығарманың көркемдік жүйесі қарастырылады. Бұл шығармаларда көрініс табатын жаңа әлеуметтік өзгерістердің моральдық сілкінісінің қоғамға, отбасылық қарым-қатынастарға жасаған ерекше ықпалы сөз болады.
Тарихи- ғұмырнамалық драмалар туралы айтқанда «Абай», «Ақан сері – Ақтоқты», «Шоқан Уәлиханов», «Ыбырай Алтынсарин» сияқты классикалық жауһар туындыларды аттап өте алмаймыз. Ғалым осы ретте заман талабына орай пролетарлық әдебиеттің көшбасшысы болған С.Сейфуллиннің тұлғасына арналған бірнеше драманы атап көрсетеді. Олар жазушының «Тар жол, тайғақ кешу» атты мемуарлық шығармасының ізімен жазылған С.Мұқановтың «Сәкен Сейфуллин», Қ.Сатыбалдиннің «Жер бетіндегі ұзақ жол», А.Сатаевтың «Жол үстіндегі тамұқ» драмалары жеке-жеке талданған. Сонымен қатар Ә.Тәжібаевтың әнші Майра Уәлиқызының өмірінен жазған «Майра» драмасы, Ш.Құсайыновтың Ғани Мұратбаевқа арнаған «Біздің Ғани» драмалары бір адамның ғұмыры арқылы заманның әлеуметтік тарихи келбетін көрсетуге қосылған зор үлес ретінде бағаланады.
Академик Р.Нұрғали қазақ әдебиетіндегі драматургия саласын жанрлық тұрғыдан осындай салаларға бөле отырып, шығармалары бүгінгі күні сахнада қойылып жатқан қаламгерлерді де назардан тыс қалдырмайды. Ол З.Шашкин, Т.Ахтанов, С.Шаймерденов, Ә.Кекілбаев, О.Бөкей, Д.Исабеков, Қ.Ысқақов, Ә.Тарази, С.Жүнісов, Б.Мұқай, Н.Оразалин, т.б. талантты драматургтердің шығармашылығына үңіліп, туындыларына жан-жақты талдаулар жасаған.
Ғалым ретіндегі бар күш-жігерін драма өнері мен театр саласының өркендеуіне арнаған ұлағатты ұстазымыздың жазған ұшан-теңіз еңбегін бір мақаланың көлемінде тауыса алмақ емеспіз. Соңында сарқылмас мұра қалдырған ғалымның жетпіс жылдық мерейтойының арнап өзінің өмірлік сүйікті ісіне айналған драма саласына қадам жасап, азғана шолу жасадық.
Академик Р.Нұрғалидың саф алтындай таза зерттеулерден тұратын еңбектерінің тереңдей талданып, ғылыми жүйеленетін дәуірі енді басталды. Оның зерделі зерттеулерді қамтыған еңбектері әлі талай ғылыми жұмыстардың өзегіне айналарына сенімізі мол.
Достарыңызбен бөлісу: |