КӨкейкесті әдебиеттану



бет12/24
Дата04.11.2016
өлшемі7,72 Mb.
#281
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   24

Пірәлиева Г.Ж.


Қазақстан: Алматы

ӘДЕБИЕТТАНУШЫ РЫМҒАЛИ НҰРҒАЛИ

Көрнекті ғалым, академик Р.Нұрғалидың қазақ әдебиеттану ғылымындағы алғашқы теориялық еңбегі “Өнер алды қызыл тіл” деп аталады. Бұл еңбегінде сөз өнерінің табиғаты, олардың даралық, қаламгерлік қасиеттері, әдеби-көркем сын принциптері, әдебиеттің көркемдік әлемі, аударманың өнерді өркендетудегі өзіндік үлес-салмағы, суреткер белсендігі, жаңа жанрлық формалардың даму мәселелері жан-жақты сөз болады.

Монографиялық еңбектің бірінші тарауында сонау көне дәуірден келе жатқан сөз өнерінің даралық сипаты, драматургия саласының өткені мен бүгіні, әр дәуірде дүниеге келген өнер туындыларының көркемдік ерекшеліктері жайлы теориялық талдаулар жасалады. Зерттеушінің негізгі ғылыми жолындағы стихиясы болып табылатын – драма, драматургияның теориялық мәселелері мен поэтикасы, оның жанрлық түрлеріндегі әр кезеңдегі әр деңгейдегі стильдік ізденістер жайлы ғылыми сараптамалар жасалады. Үлкен қақтығыстар мен әлеуметтік тартыстарға құрылатын драма жанрындағы кезеңдерді – көне грек драматургиясы, ренессанс дәуіріндегі Шекспир драматургиясы және кеңес драматургиясы деп бөле отырып, бұл жанрдың туып, қалыптасуы жайлы ой қозғайды. Драманың жанрлық табиғатын, бітім-болмысын зерттеуші негізгі үш буын, атап айтқанда драмалық конфликт, драма композициясы, драма мен театр байланысы тұрғысынан қарастырады. Ол жөнінде автор: “Драмалық конфликт, тартыс жанрдың объектісін, пәнін анықтайды, болмысын, мәнін, өзегін ашады. Қашанда конфликт жоқ жерде драма жоқ. Тартыс – драманың алпыс екі тамыры, жүрегі, өмірдегі қайшылықтардың көрінісі, конфликт драманың формалық ерекшеліктерін де анықтайды. Драмалық конфликт жанр шарттары, әдеби әдіс талаптары, авторлық идеал, шарттары, әдеби әдіс талаптары, авторлық идеал, мұрат тұрғысынан екшелген, жазушы қиялында қайта балқып туған тартыс, өмірдің бір құбылысы шеңберінде тұйықталған, басы, ортасы, аяғы бар әрекет” – деп, теориялық тұрғыдан анықтама береді. Және осы зерттеу еңбек бойында өзінің осы ойларын нақты драмалық шығарманы талдаулар арқылы айқындап отырады. Мәселен, зерттеуші бір ғана литургиялық драматургияның миракль, мистерия, моралите, фарс деген жанрлық түрлерінің анықтамалары мен оның тарихи мәнін, жанрлық сипатын ашуға біраз еңбектенген.

Сондай-ақ, әлем әдебиетінде суреткерлік тереңдік, образдылық қуат, идея тұрғысынан Ренессанс тудырған Шекспир драматургиясына (ол өмірге әкелген мәңгілік бейнелер – Отелло, Король Лир, Гамлет, Яго т.б.) бұл еңбекте кеңінен орын беріліп, теориялық талдаулар жасалынған. Шекспирді 1931 жылы тұңғыш қазақша сөйлеткен Мәжит Дәулетбаевтың есімін автор 1974 жылдары ешкімнен сескенбей ендіріп жіберуі де ерлікке пара-пар еді. 1920-30 жылдардағы профессионал сыншы, “Абай”, “Әдебиет және сын мәселелері”, “Қазақ театр өнері туралы” кітаптардың авторы, саяси репрессияға ұшыраған Ғаббас Тоғжановтың есімі бұл еңбекте жүруі зерттеушінің келешектегі жолын кесіп, дайын тұрған докторлық жұмысы бес жылға жуық қаралмады.

Драматургияның даму тенденциясында өріс алған фрейдизм, экзистенциализм, формализм секілді бағыттарына өткір сын айтылып, драмалық өнердің даралық қасиетін айқындайтын философиялық, психологиялық, өнердегі образдарға теориялық тұғырнамалар жасалады. Орыс драматургиясының тарихы мен теориясына және қазақ драматургиясындағы көркемдік ізденістерге жан-жақты талдаулар жасалады.

Одан әрі ғалым қазақ өнерін зерттеуші ғалымдардың, атап айтқанда Е.Ысмайылов, Б.Кенжебаев, Т.Нұртазин, М.Қаратаев, Ә.Тәжібаев, А.Нұрқатовтың қазақ әдебиеттану ғылымына қосқан үлестері жөнінде ғылыми сараптама жасайды.

Осы жылдар аралығында жарық көрген көркем шығармаларды талдау барысында “тамсанбайық – талдайық, мақтамайық – байыбына баралық” деген эстетикалық талапты мұрат тұтқан автор М.Әуезовтің “Абай жолын” және ғалымдық-сыншылық, драмалық т.б. еңбектерін талдауда осы принципті ұстанады.

Көркем шығарманы талдаудағы методологиялық кенжелікті, эстетикалық, аналитикалық талдаулардың тапшылығын айта отырып, әдебиеттану мен сынның теориялық талдау дәрежесін көтеру жөнінде маңызды тұжырымдар жасайды. Осы еңбектің “Әдебиеттің тұтастық сипаты” деген тақырыптағы екінші тарауында аударманың теориялық мәселелері, әлем әдебиетіндегі үздік үлгілердің өзге елдерге аударылу сапасы, олардың бір-біріне етер әсері жөнінде ғылыми мәліметі мол талдаулар баршылық.

Р.Нұрғалидың 1991 жылы жарық көрген “Арқау” атты екі томдық шығармалар жинағының бірінші томына “Айдын. Қазақ драматургиясының жанр жүйесі мәселелері”: трагедия, комедия, драма деген үш бөлім негізінде зерттелсе, екінші томдағы “Әдеби дәстүр, әдеби даму мәселелері”: әдеби шығарма, әдеби тұлға, әдеби қозғалыс тұрғысынан талданады.

Осы монографиялық еңбегі үшін 1988 жылы Қазақ ССР-нің Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығын алған автор әлемдегі қазіргі көркемдік процеске, жанрлық түрлердің дамуы мен өркендеуі, дәстүр мен жаңашылдық категорияларының кемелденуі, қазақ сөз өнерінің туып, қалыптасуына үлкен үлес қосқан, бірақ әдеби айналымға 1988 жылғы қаулыдан кейін ғана кеңінен ене бастаған көрнекті қоғам әрі қалам қайраткерлері А.Байтұрсынұлы, Ж.Аймауытов, М.Дулатов, М.Дәулетбаев, М.Жұмабаев, Ш.Құдайбердиев, Б.Майлин, т.б. тарихи-теориялық еңбектерін жаңаша көзқараспен талдап, зерттейді. Бұл еңбектің кіріспесінде мынадай мағлұмат беріледі:

“Зерттеуде ғылыми проблемалар бірнеше аспектіде қаралды: қазақ драматургиясының жанрлық ерекшеліктері трагедиялық, драмалық, комедиялық категориялармен сабақтас түрде, типологиялық салыстырулар арқылы ашылады, қазақ драматургиясында тақырыптық арналардың қалыптасу кезеңдері қаһарман мәселесімен, типтендіру әдістерімен, авторлық позиция принциптерімен, көркемдік құралдардың баюымен, интернационалдық дәстүрлердің ықпалымен диалектикалық байланыста тексеріледі”.

1988 жылы қазақ әдебиетіндегі ақтаңдақтар ашылғаннан кейін Р.Нұрғали осы орны ойсырап тұрған кезең әдебиетін, ондағы өнер тұлғаларының тарихи шығармаларын, көркем туындыларын жариялылық танымына орай қайта қарап, олардың әдеби өмірдегі өзіндік орындарын белгілеуге көп еңбек етті. Әсіресе, ұлы теоретик ғалым А.Байтұрсынұлының шығармаларын түгендеп, бастыру, оның зерттелу дәрежесіне көп көңіл бөлді. Ақтаңдақтар арқылы әдебиетімізге 70 жылдан соң оралған Алаш азаматтарының шығармалар жинағын, әр саладағы рухани мұраларының мұқият жиналып, сауатты түрде жарық көруін қадағалап, олардың жалпы редакциясын өзі басқарды.

Қазіргі кезде Қазақстандағы жоғары оқу орындарында ұлттық кадрлардың жоғары интеллектуальды, терең білімді болып шығуына өзіндік үлес қосып жүрген көрнекті ғалым, академик Р.Нұрғали бірнеше ғылыми зерттеулер мен бірнеше толқын шәкірт тәрбиелеген ғалым, ұстаз.

Тілешов Е.Е.

Қазақстан: Астана

ҰЛТТЫҚ МҰРАТ САНАТКЕРІ

Қандай да болмасын ұлттың ұлт болып қалуы, адамзаттың рухани-мәдени көшіне ілесуі және ұрпағының кәдесіне жарар ізгі, өміршең құндылықтар дәстүрін қалыптастыруы үшін – сол ұлттың рухани тәлімгері болар азаматтар тарих жолының әр кезеңінде бой көрсетуі тиіс. Аллаға шүкір, ондай ұлттық ой-сананың көсемдері мен көрнектілері Алаш тарихында баршылық. Басы сонау бағзыда жасаған түркі ойшылдарынан, берісі жиырмасыншы ғасырдағы Алаш тәуелсіздігін аңсағандар мен ұлттық мұрат жоқшыларына жалғасып жатқан қазақ ойының небір асылдарының мұраты – күллі қазақ қоғамының зердесін ашып, «ойы мен сезімін тәрбиелеп» (М.Әуезов) келеді. Қазақ хандарының тұсында жырау, би, шешен болып көрінген елдің рухани басшылары, одан беріде ақын, жазушы болып қазақ ойын тербетсе, жиырмасыншы ғасырда бұл қатарға ғалымдардың үлкен легі қосылды. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынов, Халел Досмұхамедов, кейінірек Құдайберген Жұбанов, Бейсенбай Кенжебаев, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Ермұқан Бекмаханов тағы да басқа оқымыстылар ұлт дүниетанымының көкжиегін кеңейтті.

Алаш жұртының бүгінге жеткен рухани мұрасын саралағанда, әсіресе, сөз өнерінің айрықша орынға ие болатынын аңғарту қиын емес. Қазақ әдебиеті ғасырлар бойы көркемдік қана қызметте болып, тек эстетикалық функцияны атқарып қойған жоқ. Сөз өнері қазақ қоғамында педагогика мен психологияның, этика мен дидактиканың, тарих пен қоғамтанудың, саясат пен әлеуметтік институттардың орнына жүріп келді. Сондықтан да болса керек ол айрықша дами отырып, әрі өнер, үлкен қоғамдық маңызға ие болды. Әдебиеттің осындай айрықша орны мен маңызы әдебиеттану ғылымының да кең қанат жаюына табиғи ықпал жасады. Сан ғасырлық тарихы бар әдебиетті тану мен бағалаудың жаңа кезеңі басталуы тиіс еді. Мұндай бетбұрыс кезеңі өткен ғасырдың шамамен алпысыншы жылдарына келді. Аталған меже жалпы қазақ руханиятының даму шағы болды десек артық айтқандық бола қоймас. Осы кезеңде ашаршылық пен репрессияға ұшыраған, соғыстың зардабын тартқан қазақ ұлты есін жиып, танымның жаңа жолын бастады. Кешегі Ахаңдар бастаған, Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезовтер дарынды жалғастырушылары болған әдебиеттану 1960 жылдары жаңа қарқын ала бастады. Қабиболла Сыдиықов, Мұхтар Мағауин, Мырзатай Жолдасбеков тағы басқалар әдебиет тарихы саласында, Зейнолла Серікқалиев, Асқар Сүлейменов, Әбіш Кекілбаевтар әдеби сын саласында әдебиеттану ғылымына соны серпін әкелді. Осы дарынды шоғырлардың бел ортасында Рымғали Нұрғалиұлы Нұрғали да бар еді.

Ілгеріде Алаш тәуелсіздігі мен ұлттық мұрат жоқшылары жөнінде айтып қалдық. Осы қасиетті ұғымдар пікір жүзінде болса да кеңес заманында да өмір сүрді. Қазақ университетінде Рымғали Нұрғалидан дәріс алғандар ғалымның Алашорда тақырыбы, Шәкәрім Құдайбердіұлының, Ахмет Байтұрсыновтың, Міржақып Дулатовтың, Жүсіпбек Аймауытовтың, Мағжан Жұмабаевтың, Райымжан Мәрсековтың т.б. тыйым салынған мұралары жөнінде сол күйіп тұрған кеңес заманының өзінде әңгіме естігендердің аңыз етіп айтады. Бұл оның азаматтық, ғалымдық батылдығы еді. Осы батылдық – кеңес мектебінің «тура жолында» ұлттық қадір-қасиеттен тыс тәрбиеленіп келе жатқан өскелең ұрпақ үшін жаңалық болуымен бірге, ұлттық сана-сезімді қалыптастыратын өнегелі сабақ іспетті еді. Ғалымның азаматтық батылдығы, Алаш қайраткерінің іргелі саяси-қоғамдық істерін, шығармашылығын өскелең ұрпаққа, жалпы қазақ жұртына таныстырсам деген арманы күндердің күнінде шындыққа айналды.

Жиырмасыншы ғасырдың сексенінші жылдарының соңы... Кеңес қоғамында басталған қайта құру идеялары ұлттардың тарихына жаңа, шынайы көзқарасты қалыптастыра бастады. Ондаған жылдар бойы қасаң қағидаға айналып сірескен советтік идеялардың тоңы ери бастады. Бұл сипаты жағынан рухани төңкерісшілдік жылдарда қазақ тарихының әдейі бүркемеленіп келген жарқын беттері ашыла бастады. Осы кезеңде қатпарлы қазақ тарихының бостандыққа ұмтылған айрықша шағы – Алаш қозғалысына байланысты жайттары да қалың қауымға жетті. Бұл қазір айтуға оңай болғанымен, күрделі мәселеленің күрмеленуі аз болған жоқ. Кеңестік идеологтар бүкіл тарихтың ашыла кетуіне дайын да емес еді, мүдделі де емес еді. Осындай шақта қазақтың ұлтжанды зиялы қауымы пәрменді қимыл жасады. Осы игіліктер істе әдебиеттанушы ғалымдардың еңбегі тіпті ерекше болды. Сол ұлтжанды оқымыстылардың алдыңғы қатарында Рымғали Нұрғали жүрді. Енді ғана ақталып, шығармалары толық шығып үлгірмеген Әлихан Бөкейханның, Ахмет Байтұрсыновтың, Міржақып Дулатовтың, Халел Досмұхамедовтың, Жаһанша Тынышбаевтың, Отыншы Әлжановтың, Жүсіпбек Аймауытовтың, Мағжан Жұмабаевтың, Әлімжан Ермековтың тағы басқа да Алаш қайраткері мен қаламгері туралы сол кезде өзінің бас редакторлығымен шығып жатқан «Қаз ССР. Қысқаша энциклопедияның» төртінші томына енгізеді. Бұл Алаш қайраткерлері жөніндегі бір еңбекте көрініс тапқан мейлінше толық мәлімет еді.

Рымғали Нұрғали алғашқылардың бірі болып алашшыл жазушылардың өмірі мен шығармашылығы жөнінде көлемді ғылыми мақалалар жазды. Оның Әлихан Бөкейханға арналған «Қазақты ақ жолға саламыз десек», Ахмет Байтұрсыновқа арналған «Қаз едік қатар ұшып қаңқылдаған», Міржақып Дулатовқа арналған «Мен біткен ойпаң жерге аласа ағаш», Жүсіпбек Аймауытовқа арналған «Ой, кер заман, кер заман», Мағжан Жұмабаевқа арналған «Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да» зерттеулері тереңдігімен, ғылыми жаңалығымен ерекшеленетін еңбектер. Жалпы, Рымғали Нұрғали Алаш қозғалысы тұсында туған сөз өнерін әдебиет тарихының ерекше кезеңі ретінде таниды және оны өзінің еңбектерінде әркез атап жүреді. Мәселен, ол: «Кеңес үкіметі, партиялық органдар қаншалықты қаталдық жасап, қырағылық көрсеттім дегенмен, алаш идеялары, ұлттық азаматтық рухы, тәуелсіздік сарындары, әсіресе әдебиетте, өнерде, ғылымда жойылып кеткен жоқ. Партия қаулы-қарарлармен ой нысанасын, тақырып жүйесін, бейне бағытын, әдіс-тәсілін белгілеп берген кеңес дәуірі әдебиетінің алғашқы өкілдерінің бәрі де Алаш ұранды әдебиет шығармаларымен ауыздалған, жазу-сызудың әліпбиін солардан үйренген» - деп жазады. Мұнда автор әдеби процестегі үлкен мәселенің бетін ашып отыр. Көрнекті ғалымның бұл ойы әдебиеттануда жалғасын табуы тиіс деп ойлаймыз. Оны жоғарыда аталған ақын-жазушылардың шығармашылығы мысалында арнайы зерттесе, онда аса бір жемісті зерттеулердің өмірге келуіне мүмкіндік туар еді. Алашшыл сөз өнерінің өзінің тұсындағы және өзінен соңғы әдебиетке ықпалы болғандығы рас.

Өткен ғасыр басындағы қазақ руханиятының жолбасшысы Ахмет Байтұрсыновтың өнегелі өмірі, ұлтшыл, елшіл шығармашылығы Рымғали Нұрғали зеттеулеріндегі ерекше орынға ие. Академик ғалым зерттеулерінде Ахаңа арналған еңбектер әрқашанда алғашқы орында тұратыны осыдан. Ғалымның «Арқау», «Әуезов және Алаш», «Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры», «Вершины возвращенной казахской литературы» атты ауқымды кітаптарында Ахмет Байтұрсыновтың шығармашылық жолы жан-жақты талданды. Зерттеуші Ахаңның ағартушылығы мен ғалымдығына, оның ішінде, «Әдебиет танытқыш» еңбегіне назар аударады. ««Әдебиет танытқышта» Ахмет Байтұрсынов әдебиеттанудың әлемдік терминологиялық стандарт деңгейіне көтеріліп, шет сөзді араластырмай, қонымды, ықшамды, бір-бірімен сабақтас, ұйқас, ұялас ұғымдардың тұтас ұлттық қазақы жүйесін жасап берді. Олардың басым көпшілігі автор репрессияға ұшырап, кітаптың тыйым салынғанына қарамастан әдеби тілге кіріп кетті. Интернационализм дегенді желеу етіп, шет тілді зорлап ендіру науқаны тұсында әдебиеттанудың да шұбарланғаны анық. Әрине қазір роман, лирика, драманы ұзақ әңгіме, толғау, айтыс-тартыс деп өзгерту мүмкін болмас, бірақ А.Байтұрсынов жасаған бірталай терминдер, сөздер қолдануға сұранып тұр» - дейді автор. Шынында да, Ахаң қалыптастырған көптеген атаулар мен термин сөздерге қазақ әдебиеттанушылары әлі де тосырқап қарап тұрған сыңайлы. Халқымен қайта табысқан қайраткерлер мен қаламгерлердің адами, ұлттық, эстетикалық идеяларын ұрпаққа таныстыру, ел санасына сіңіру шараларының бастапқысы – олардың туындыларын жарыққа шығару болатындығы мәлім. Осы реттен келгенде Р.Нұрғалидың құрастыруымен, алғы сөз жазумен жарық көрген Ахмет Байтұрсыновтың «Ақ жол» кітабын айтуға болады. Бұл Ахаңның 1989 жылы баспадан шыққан жинағынан гөрі мейлінше толығырақ әрі кейбір қате тұстары түзетілген кітап болатын.

Академик ғалымның ғылыми ізденістерінің ауқымды бөлігі – Мұхтар Әуезов шығармашылығын зерттеумен байланысты. Әуезов тақырыбы - Рымғали Нұрғалидың ондаған мақалаларының және бірнеше кітаптарының арқауы. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңы, тоқсаныншы жылдары ғалым өзінің осы сүйікті тақырыбына қайта оралды. Бұл бұрынғыны қайталау, баяғыны шиырлау емес еді. Ол кеңес саясаты тұсында мүмкін болмаған ғылыми ойларын толықтыру, жаңа әдеби-эстетикалық пайымдаулар болатын. Соның негізінде, «Әуезов және Алаш» атты көлемді кітабы дүниеге келді, соңғы жылдардағы таңдамалысына енген «Ей, халайық, барам ең сен» атты монографиялық зерттеуі жазылды. Осы еңбектерінде автор Әуезов жөніндегі бұрындары айта алмай келген ойларына ерік бере отырып, ұлы суреткердің алуан қырларын шабыттана жазды.

ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор Рымғали Нұрғалиұлы Нұрғалидың алашшыл ғалымдығы, зерделі зерттеушілігі – 2002 жылы «Күлтегін» баспасынан жарық көрген «Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры» атты ауқымды кітабынан жан-жақты көрініс тапты десе де болғандай. «Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры» - бүгінгі және болашақ ұрпақтың бойына ұлттық мұрат идеяларын сіңіретін еңбек. Өйткені, қазақ сөз өнерінің мәуелі бәйтерегінің мол жеміс берген кезеңі – жиырмасыншы ғасырдағы әдебиетке арналған бұл кітаптан оқырман қауым Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсыновтан бастап Ілияс Есенберлинге дейінгі аралықтағы қазақ әдебиетінің алыптарының өнегелі өмірімен, ұлттық қайнардың тұнығы іспетті шығармашылығымен таныса алады.

Өткен ғасырдың соңғы онжылдығында қалыптаса бастаған алаштану қазіргі кезде кең өріс алып келеді. Оның қалыптасуы – ұлттық сананың жетілуіне, ұлттық қадір-қасиеттің ұрпақ бойына тереңдеп тамыр жоюына алып келетін зор мәдени-рухани, саяси, қоғамдық құбылыс екендігі күмән тудырмайды. Алаштанудың басында тұрған әдебиеттанушылар мен тілтанушылар, тарихшылар мен қоғамтанушылар, саясаттанушылар мен мәдениеттанушылардың көрнекті шоғыры ортасында тұрған академик Рымғали Нұрғалидың өзіндік орны бар.



Ержанова Г.Б.

Қазақстан: Астана

Р.НҰРҒАЛИ: КЕЗЕҢДІК ТАҚЫРЫП ПЕН ТАНЫМ

Еліміз егемендікке жеткеннен кейінгі уақытта, қазақ елінің жүріп өткен жолы мен тарихын жаңаша көзқарас тұрғысынан жазу уақыттың қойған талабы болды. Қазақстанның өткен кезеңдеріндегі шындығы бұрмаланып, ақиқаты айтылмай келген оқиғалары мен құбылыстарын ой елегінен өткізуге деген қажеттілік туындады. Осындай тарихи оқиғалардың бірі – тың және тыңайған жерлерді игеру болды.

Рымғали Нұрғалидың «Дән» атты шығармасында Ақмола өңірінің тарихындағы ең бір дүбірлі оқиғалардың бірі - тың игеру тақырыбы сөз болады. Н.Хрущев билік басына келе сала «бүкіл Кеңес Одағын нанға тойдыруға» белсене кірісті. 1954-жылдың 2-наурызында СОКП Орталық комитетінің Пленумында «Елдегі астық өндірісін одан әрі ұлғайту, тың және тыңайған жерлерді игеру туралы» қаулы қабылданды. «Осыдан бір айдан кейін-ақ Ақмола облысының даласына бірі Алматыдан, екіншісі Ресейден екі эшелон алғашқы тың игерушілер келіп түсті. Тек 1954-1956-жылдары ғана Қазақстанға Ресей мен Украинадан, Молдавия мен Белоруссиядан, басқа да одақтас республикалардан 640 мың тың игеруші келіпті» [1,7 б.]. «...Бала емес, шаға емес, елуге келген шалының Қазақстанға аттанайық дегені қай әбестік? Басында үйі, бауырында қазаны, қорасында малы, өсіп-өнген хуторы. Тескен тау өтіп не іздейді?»,- деп Р.Нұрғалидың жоғарыда аталған новелласындағы Евдокия айтқандай, соның үштен біріне жуығы Ақмола өңіріне қоныстаныпты. [2,248 б.]. Тың және тыңайған жерлерді игеру үшін одақтың басқа аймақтарынан адамдар тартылды. Іс жүзінде бақылаусыз көші-қон қозғалысы туды. Одақтас елдерден келген тың игерушілерді айтпағанда, «Былтыр жұмыс істеген чуваштар қазірге дейін хат жазып тұрады», [2,266 б.]., «-Фанус, Башқұртстандағы қалыңдығын еске алды ма?» [2,300 б.]., «Карпаттан келген механизаторлардыңдені біртоға, қансоқпен шаруасы жоқ жұмысжанды екен, той-томалақ, ойын-би десе жанып шыға келеді.»-деп кітапта [2,282 б.]. айтылғандай, басқа ұлттық адамдары да көптеп келе бастады. Тілі, діні, менталитеті сан алуан халықтардың араласа-құраласа өмір сүруі олардың рухани дүниесін, салт-дәстүрін әрлендірмей тұрмайды. Мұндай ортадағы адамдар қай өңірге барса да оңтайлы бейімделе алады, басқа ұлт өкілдерінің мүддесіне, талап-тілегіне жатсынбай, түсіністікпен қарауға қабілетті.

Дей тұрғанмен де жергілікті тұрғындар ондағы мектептердің, орталық ұжымшарлар мен кеңшарлардың жабылып қалуына байланысты туған жерлерін тастап кетуге мәжбүр болды. Нәтижесінде, республиканың жергілікті тұрғындарының саны отыз пайызға азайды. Қазақтың ұлт ретінде дамуына, тілі мен дініне қатер төнді. Жергілікті жерлердегі ұлт мектептері жабылып, қазақ балалары мектеп-интернаттарда оқытыла бастады. Олардың басым көпшілігінде оқу орыс тілінде жүргізілді. «Жергілікті халықты орыстандыру саясаты ашық жүргізіле бастады. Сонымен қатар миллиондаған гектар жерді жырту мал жайылымы, шабындық жерлердің азаюына әкелді» [1,282 б.].

Бұрын мыңғырған малдың өрісі болған сары далада бірінен соң бірі «Целинный», «Московский», «Славянский», «Могилевский» тектес жүздеген колхоздар мен совхоздар, кенттер пайда болған. Бұл бір жағынан қаланың үлкейіп, дамуына үлкен әсер етті: «Целиноград қауырт өсіп барады. Бірер ай көрмесеңіз, танымай қаласың. Жүгінеев әдемі биік үйлерге тамашалағандай көз қырын бір тастады да, магазинге тарты» [2,255 б.].

Тың көтеру қазақ ауылының тағдырына күрт бетбұрыс әкелді. «24 сентябрь. Күні бойы машинаға астық арттық. Шаршадық. Газет атаулы бидайды айтып шулап жатыр. Ал біз сол бидайдың ішінде жүрміз. Қазір ортасында жүрген өмір қағаздағыдай бай да күрделі сияқты» [2,267 б.]., бұл саясаттың жағымдысы да, жағымсызы да бар еді. Ең ауыры – бұл адамдардың жеке қажеттілігінен туындамаған, жасанды науқан байырғы халықтың қалыптасқан өмір салтын бұзды. «Шоқиған төбе, арал, жазық, дөңгелек аңғар – баршасын темір соқа тегістеп жыртқан, жік, шекара, айырым жоқ енді, бір-бірімен жалғасып жатқан, сары ала жойқын дария – дән теңізі бар» [2,278 б.]. деген секілді, барлық жер жыртылып, нәтижесінде көп жерлер тіршілікке жарамсыз болып қалды. Топырақ эрозияға ұшырап, жердің құнарлылығы азайды.



1960-жылдың 26-желтоқсанында Н.Хрущев Қазақстанның Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарынан Тың өлкесін құру туралы өкімге қол қойды. 1960-1963-жылдар аралығында Т.Соколов, 1963-1965-жылдар аралығында Ф.Коломиец Тың өлкесінің бірінші хатшысы болды. 1961-жылы Ақмола қаласының аты Целиноград болып өзгертілді. Бұл өлке қағаз бойынша Қазақстанға, Алматыға қарағанымен, іс жүзінде Мәскеуге тікелей бағынатын еді. Бұл Қазақстанды бөлшектеу идеясының жүзеге асырылуының басы болыпты. Н.Хрущев 1962-жылы Шығыс Қазақстан өлкесін ашуды, кейін оны Ресейдің Алтай өлкесінің құрамына енгізуді ойластырғаны кейіннен талай рет жазылды. Сол жылдары Шымкент облысының мақта өсіретін бес ауданы Өзбекстанға беріліп кетті, ал, Маңғыстауды Түрікменстанға беруге дайындық жүріп жатты. Осы арам пиғылға қазақтың ұлтжанды азаматтары ашық қарсы шығып отырды.
1963-жылы Мәскеуде Мұрат Әуезов, Сәбетқазы Ақатаев, Болатхан Тайжан, Мақаш Тәтім, өте терең ойлы Мұрат Ғылманов, Болат Қарақұлов, Әсия Мұхамбетова сынды жастар құрған «Жас тұлпар» атты ұйым жұмыс істей бастады. Кейiн бұл қоғам өрiсiн едәуiр кеңейттi. Семейде — “Тайшұбар”, Қарағандыда — “Жас қазақ” ұйымдары жұмыс iстедi. Бiрақ мұның бәрi бауырын жаза алмай, бесiкте тұншықтырылды. Дегенмен, қазақ жерінің біртұтастығын қорғап қалуда бұлардың бәрі де тарихта алтын әріппен жазылардай із қалдырған болатын. 1965-жылы Тың өлкесі таратылып тынды.
Елде тағы бір дүрбелең тудырған оқиға – 1979-жылы Қазақстанның орталығында «Неміс автономиясын» құру идеясы болатын. Ұлы Отан соғысына дейін өмір сүрген Поволжье Неміс автономиялық республикасы таратылып жіберілгеннен кейін, 1960-жылдары Батыс Кеңес Одағынан неміс ұлтынан шыққан адамдардың азаматтық құқықтарын қорғауды қатты талап етеді. Осыдан келіп, 1976-жылдың тамызында СОКП ОК хатшысы Ю.Андропов бастаған комиссия құрылып, екі жылдан кейін ол қазақ жерінде немістер үшін автономия құру ұсынысымен шықты. Сөйтіп, 1979-жылдың 31-мамырында Целиноград, Павлодар, Қарағанды, Көкшетау облыстарының бес ауданынан орталығы Ерейментау болатын, халқының саны 200 мың адам, оның 30 мыңы немістер болатын Неміс автономиялы облысын құру туралы қаулы СОКП Орталық комитетінде қабылданды. Бұл хабарды естіген қазақ жастары ашуға мінді. Он алтыншы маусым күні таңғы сағат сегіздің шамасында Целиноградтың бірнеше жерінде бас қосқан жастар колонна-колонна болып келіп, сағат онда орталық алаңға жиналып, қарсылығын ашық айтты. Жастар он тогызыншы маусымда тағы да митингіге шығатынын, сол кезде «Неміс автономиясын» құру туралы қаулы жойылмайтын болса, бұл қозғалыс бүкілхалықтық сипат алатынын ескертті. Он тогызыншы маусымда жастарға ересек адамдар мен соғыс ардагерлері, жұмысшылар мен ауыл шаруашылығы еңбеккерлері қосылып, ұзын саны жиырма мыңға жуық адам жиналды. Бұл күндері Целиноград толқуы Кремльде қызу талқыланып жатқан болатын. Қазақ жастарының батыл әрекеті Кремльді аяр ойынан бас тартуға мәжбүр етті. Сол күнгі митингіде Мәскеуден тікелей хабар алып отырған облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Н.Морозов «Неміс автономиясының» құрылмайтынын жариялады. Сөйтіп, Ақмола-Целиноград өңірінде болған осы екі ұлы оқиға бүкіл ұлт тағдырына әсер еткен еді. 1979-жылы Целиноград жастарының бас көтеруі Кеңес Одағының империялық амбициясына берілген бірінші соққы болды. Ол оқиға туралы кезінде бүкіл әлем баспасөзі жарыса жазған болатын.

Ауыл-қаладағы рухани даму тың игерумен де келді. Біріншіден, ауыл шаруашылығына материалдық-техникалық және қаржы бөлу күрт ұлғайды. «Башқұртстаннан, механизация училищесінен келген жігіттердің бірен-сараны ғана комбайн алды, онда да талдап-талғап нағыз сенімді дейтіндерге берді» [2,301 б.]. Екіншіден, ұжымшарлар саны қысқарып, жаңадан көптеген кеңшарлар шаңырақ көтерді. Алайда осы аз ғана ұжымшарлардың материалдық-техникалық мүмкіншілігі бұрынғыдан айтарлықтай биік еді. «Трактор гүрілі, жайқалған егін, Құдайбергеннің ойын тербетіп, қиялын шығындатады. Үш жылда совхоз қандай өскен десеңізші» [2,254 б.]. Сол жылдары ауыл - қала өміріндегі рухани ілгерілеулер білікті мамандар мен интеллигенция халықтың рухани дамуына әсер етті. «Ұлжан комбайнды зулатып айдап жүр, есепшіңіз үндемей жүріп, комбайыншы мамандығын үйреніп алған» [2,296 б.]. білікті мамандармен, интеллигенция өкілдерімен қамтамасыз етілуі жақсарып, олар интеллектуалдық әлеуеттің басты күшіне айналды. «Бұл үшеу совхоз комсомол прожекторының мүшелері: мұғалім Бәкір, сатушы Адай, кітапханашы Торғын» [2,314 б.].

Ауыл–селоның дәрігерлермен қамтамасыз етілуі жаңа белеске көтерілді. Шын мағынасында медициналық интеллигенция қалыптасты, сонымен қатар тың игерілген жерлердегі аймақтарда аграном «Ұзақты жолда селодағы аз аяз болмаса, сонау Целиноградтан шыққалы, ат шалдырмаған жігіттердің көзіне төртінші бригаданың дала қосы оттай басылды. Оның үстіне бұл жер олардың ендігі үйі, училище бітірер алдындағы соңғы, тәжірибе өткізер мекені [2,282 б.]., гуманитарлық интеллигенцияның көрнекті тобы: мұғалімдер, дәрігерлер, мәдени – ағарту қызметкерлері құрады. [3,96 б.]. Қазақстанның кең-байтақ жері, шөбі шүйгін жайылымы мен шабындығы мал шаруашылығы үшін тапқызбайтын кеңістік. Ел ішінде мал шаруашылығының да іргесін ұжымшарлар мен кеңшарлар құрады. Мал шаруашылығының ілгерілеуі олардағы еңбек етіп жатқан жүздеген мың адамдардың еңбегінің арқасы еді. Демек, осыншама адамның еңбегін ұйымдастыру, кәсіби өсуі мен ізденістеріне бағыт беру интеллектуалдық әлеуетті үздіксіз жетілдіре беруді қажет етті.

Қазақстанның жер аумағы ұлан–ғайыр. Өзінің көлемі жағынан ол әлемдегі алғашқы ондыққа кіреді. Жерге құрметпен тер төгудің сан ғасырлық тарихын артта қалдырған адамзат жердің болмыс–бітімін сақтаудың қыр–сырын тірнектеп жинақтады. Біз арнап отырған «Дән» новеллалар жинағында да, дәстүрлі қазақ қоғамының поэзиясы мен философиясында да жер, қоныс, ата-мекен ұғым-түсініктері айрықша қастерленген.

Аграрлық экономиканың техникалық жабдықталуы артқан сайын инженерлік еңбекке сұраныс өсе түседі. Түрлі машиналар, тракторлар мен комбайндар, станоктар, құрылыс техникасы – бәрі тиімді пайдаланылуы үшін олардың тілін білетін, қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мамандар керек болды.

«-Мен келгенде совхоздың бас бәйгелі бригадирі Эдмунд Штоль еді. Іскер, атақты механизатор. Артта қалғандарды биікке көтеріп шығарам деп, биыл үшінші бригадаға кеткен, әзір орта деңгейде. Қазіргі жүйрік – Мұса Шаяхметов» [2,286 б.]. Осы тұрғыдан келгенде инженер – көне кәсіптің бірі, оларды дер кезінде жөндеп, қалпына келтіріп отыру негізгі міндет болды. «Трактор, комбайндарда тоқтау жоқ, машиналар ерсілі-қарсылы ағылады. Қырманда неше түрлі астық бар. Бұрын түскен, тұқымға деп қалдырылған ұзын екі үйінді. Тура шапқаннан түсіп жатқан бидай әлі пісіп жетілмеген» [2,268 б.].

Орталықтың саясаты ұлт республикасының мүддесіне әрқашан сәйкес келе бермесе де, жергілікті басшылық оны мүлтіксіз орындауға күш-қуатын жұмсады. «Нәтижесінде тың игерудегі асығыстыққа жол берілді, Аралдың суы тартылды, жүгері егу науқаны қоғамдық санаға өз таңбасын қалдырды» [1,26].

Сонымен Қазақстан ауыл-селосы ХХ ғасырдың екінші жартысында өрлеуі мен қайшылығы мол тарихи жолды жүріп өтті. «Мынау – мен туып, өскен жер. «Бесқарағай» асыл тұқымды қой совхозы. Анау - өзім өскен село. Жаңадан қаптай бой түзеп келе жатқан биік үйлер, анау мектеп, анау монша, анау совхоз кеңсесі» [2, 393 б.]. Бұл сапарда оның архитекторлық, экономикалық, демографиялық, мәдени, біліми келбеті үлкен өзгерістерге түсті. Өзгерістерді дүниеге әкелген де, солармен бірге өзгерген де адамдар еді. Ауыл-село тұрғындарының бойындағы өзгерістер қоғам мен орта сұранысына лайық болудан туындады.

Бұл кезеңде интеллектуалдық әлеуеттің материалдық-техникалық іргетасы сапалы нығайды, өз кезегінде ол білім беру, мәдени қызмет көрсету, рухани азықты тарату, жас ұрпақты өмірге даярлау жүйесін соңынан ерте білді. ХХ ғасырдың 60-70-ші жылдарында түрлі кәсіби білімді игерген мамандармен толықты.

Ал «...жаңа адамды қалыптастыру оны білімімен, мәдениет табыстарымен сусындату арқылы жүзеге асатын болғандықтан, тың игеру жылдарғы ауылдың, қаланың біліми-рухани өресі, мектептер, мәдени-ағарту ошақтар жүйесі көзге көрінерліктей марқайды» [3,14 б.].

Қазақстандық патриотизмді оң қалыптастыру үшін халық өз өткенін қоспасыз, қысқарусыз, қаз қалпында білуге құқылы.

Қалай дегенмен де, тың көтеру Қазақстанды әлемдік аренадағы ірі астықты елдердің біріне айналдырды. Бірнеше рет миллиардтан астам пұттап астық өндірген еліміз үшін бидай – негізгі экспорттық өніміміздің бірі.

Мақаламызда айтылған жағдайлар - өткен тарихымыздың бір беті. Жағымды жағы болсын, жағымсыз жағы болсын тарихы бұрмаламай, сол қалпында болашаққа жеткізу - бізге аманат.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   24




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет