Пайдаланылған әдебиеттер
1. «ХХІ ғ. әлем тарихы және Қазақстан». Республикалық ғылыми - теориялық конференцияның материалдары (2006 ж. 29 қараша). – Алматы: Қазақ университеті , 2007. – 198-205 бб.
2. Нұрғали Р. Ай қанатты арғымақ. Алматы., «Жалын»баспасы, 1990.
3. Какенова Г.М. Судьбы казахской интеллигенции. Историография вопроса. – Астана: ЦНТИ, 2006. - 469 с.
4. Айталы А. Ұлттық жаңарудың алғышарттары // Тіл және қоғам.– 2004, № 1. - 32-33 бб.
Аймұхамбетова Ж.Ә.
Қазақстан: Астана
Р. НҰРҒАЛИ ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ СТИЛЬ,
КӨРКЕМДІК, ДАРАЛЫҚ ТУРАЛЫ
Қазіргі әдебиеттану ғылымының жаңаша бағыттағы ізденістермен толығып, өсіп-өркендеуіне, кең қанат жаюына, теориялық құнды тұжырымдармен баюына үлкен үлес қосқан көрнекті ғалым, академик Рымғали Нұрғали еді. Өзінің ғылым жолындағы саналы ғұмырын ұлт әдебиеттануын дамытуға арнаған ғалым әдеби процесті жіті бақылап, түрлі жанрлардың дамуы туралы ойларын айтып, пікір білдіріп отырды. ХХ ғасырдағы әдебиетімізге елеулі үлес қосқан, поэзия жанрының сапалық деңгейінің жоғарылауына еңбегін сіңірген ақындар шығармашылығы, олардың ақындық шеберлігі, поэзиядағы стиль даралығы сияқты мәселелерге зерттеуші, сыншы ретінде сергек қарап, дер кезінде пікір айтып отыруының өзі ғалымның әдебиетке деген ерекше сүйіспеншілігінің, жанашырлығының айғағы болса керек.
Р.Нұрғали қазақ поэзиясындағы тұлғалы ақындар Мағжан Жұмабаев, Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин туралы қалам требеп, тұщымды ой, дәйекті тұжырым айтқан эстет ғалым.
Поэзия туралы сөз қозғағанда ғалым ең әуелі поэзия табиғаты туралы теориялық байламдарға бойлап, тың тұжырымдар жасап алады. Поэзияға, жалпы көркемдік ойлау жүйесіне тән бейнелілік (образдылық) табиғатын талдай келе “көркем шығарма қашан да іріктеуден, тәсіл-құралдарды талғап пайдаланудан басталады” [1,32], “образдылықты болмыстың фотографиясы деп ұқпаймыз, суреткер қиялымен екшелген құбылыстардың бірін-бірі сәулелендіру арқылы туған соны әлем деп білеміз” [1,33] деген нақты, дәлелді қорытынды жасаса, ақындар шығармашылығын қарастырған сын-зерттеулерінде осы ойды қазық етіп ұстанады. Әдеби шығармашылықты жасаушы, дамытушы, биік сапалық деңгейге көтеруші - әдеби тұлға екенін қайталай айта отырып, зерттеулерінде сол шығармашылық иесінің болмысына терең үңілуді мақсат етеді.
Ғалым-сыншы “Қазақ поэзиясы көкжиегінің кеңеюін көрсететін белгілердің бірі – тақырыптық өріс” [1,221] деген тұжырымға келіп, ақын Қабдікәрім Ыдырысов поэзиясының тақырыптық аясы, көркемдік сипаты,өзіндік ерекшелігі жайлы салмақты ой қозғайды. Балалар поэзиясына да үлес қосқан ақынның шығармашылық жолын бағдарлай отырып, ақындық ерекшелігін талдап көрсетеді. Р.Нұрғали атап көрсеткен Қабдікәрім позиясына тән басты сипаттар, біріншіден, азаматтық пафос, публицистикалық леп болса, екіншіден, тақырып аясының кеңдігі; үшіншіден, автордың формалық ізденістерге көп баратындығы. Қ.Ыдырысовтың “Арабстан, армысың” атты кітабына енген өлеңдерінің поэтикалық қуаты, ырғақтық, құрылымдық сипаты туралы нақты дәлелге негізделген ойлар айтады. Сондай-ақ ақынның “Адамның кейбір кездері” кітабындағы жаңалықтар турасында да маңызды талдаулар жүргізеді. “Сәтті өлеңнің ғұмыры ұзақ” деген қанатты сөзді Қабдікәрімге арнай отырып, ақынның поэмалары мен балладаларына тоқталады. Бұл тұста “Қайта оянған махаббат”, “Жез леген” балладалары және “Отты күндерде”, “Емен”, “Әке жолы” поэмаларын тілге тиек етеді. Зерттеуші ақын туындыларындағы көркемдік табыс, идеялық айқындық мәселелеріне назар аудара отырып, “Қабдікәрім Ыдырысов – талантты, қабырғалы қаламгерлердің бірі еді. Ең алдымен, ол – ақын еді”[222]- деп баға береді.
Р.Нұрғалидің әдеби тұлға хақындағы талдауының енді бірі көрнекті ақын Әбділда Тәжібаев туралы. Ә.Тәжібаевқа ғалым тарапынан “үздік шығармалар беріп, әлемдік даңққа бөленген, көп салалы, мол сырлы, алуан әуезді қазақ әдебиетінің ең көрнекті өкілдерінің алдыңғы қатарында ауызға алынып, құрмет етілетін қаламгерлердің бірі”[1,223] деген баға беріледі. Асылында, Р.Нұрғали көпірте сөйлеп, көлгірси мақтаудың адамы емес, оның әрбір сөзі асқан сақтықпен айтылатын, дәл берілетін баға екеніне зерттеулері, сын еңбектерін оқу барысында көз анық жеткен.
Р.Нұрғали ақын шығармашылығын бірнеше салаға топтастыра қарастырады. Олар: поэзия, драматургия, ғылыми-сын еңбектер, проза. Ақынның поэзия әлеміндегі өзіндік орны кең арнада қарастырылып, ең әуелі туған өлкесі Сырдарияны жырлауда үлкен табысқа жеткені сөз болады. Әбділда – азаматтық лириканың соны үлгілерін тудырушы ақын екенін қадай айтып, қазақ лирикасы үшін үлкен жаңалық болған “Аралдар” жинағының көркемдік сипаты зерделенеді. Бұл жинақтағы өлеңдерге тән – ой мен сезім, лирика мен философияның тоғысуы туралы шынайы тұжырымға келеді. Ғалым пайымдауындағы Ә.Тәжібаевқа тән ерекшелік қандай? Бұл сауалға да терең теориялық талғамнан туындаған жауапты Р.Нұрғали еңбегінен табамыз. Яғни ол ерекшелік “дәстүрлі қазақ өлеңіндегі ішкі ырғақтар, дыбыстық әуездік, терме кестелерін байыта отырып, Еуропа лирикасының жақсы үлгілерін нысана ету, қас қағым сәттегі сезім мен мәңгілік шындықты астастыра жырлау”[1,225] екендігі.
Ғалымның Ә.Тәжібаев шығармашылығының арналы саласы – поэмалары туралы пікірлері де әдебиетіміздің даму процесін сергек көзбен жіті бақылаған әдебиет білгірінің салиқалы тұжырымы. Ақын поэмаларының тақырыбына , мазмұнына барлау жасай келе, форма жаңалығына, жаңа түрге мән бергендігі, оқиғалардың ықшамдығы, Еуропа әдебиетіндегі баллада үлгісінің ықпалы танылатыны, лирикалық қаһарман толғанысына көп орын берілетіні, классикалық поэма мен ұлттық толғаудың тоғысуы – басты ерекшелік, көркемдік, сапалық сипаты екенін айқындайды. Халықтық аңыздар негізінде жазылған поэмаларда фольклор айшықтары, оралымды өрнектер жиі қолданылатыны, бұл тәсілдің туынды поэтикасын даралап тұратыны да жүйелі түрде пайымдалған. Ғалымның жүйелеуін алға тартар болсақ, “Оркестр”, “Күй атасы”, “Абыл”, “Мерген”, “Толағай” – халықтық поэзия дәстүріндегі поэмалар, “Қазақстан – алтын сандық”, “Мен кешеден келдім бүгінге” – публицистикалық сипаттағы поэмалар болып саналады. Осылай жүйелей отырып, ақынның күрделі поэмасы – “Портреттер” туралы маңызды ой қозғайды. Ә.Тәжібаев шығармашылығы, оның қазақ әдебиеті тарихындағы орны туралы ғалым “қазақ поэзиясының, драматургиясының көшелі суреткері болумен бірге, әдебиет тануда да төрден орын алады”[1,227] деген ақиқат бағасын береді.
Р.Нұрғалидің тағы бір маңызды да салмақты зерттеуі Сапарғали Бегалин шығармашылығына қатысты. Жалпы, әдебиеттің көрнекті тұлғалары туралы айтқанда ғалым дәлелді тұжырымдар жасап, күллі шығармашылық процесті тұтас шола келе маңызды ой қорытады.
С.Бегалин - өзінің ұзақ шығармашылық ғұмырын әдебиетіміздің дамып, өркендеуіне арнаған үлкен тұлға. Қаламгер шығармашылығы жайлы пікір айту білгірлікті және өзін терең тануды қажет ететінін ескерсек, бұл қиын қадамға Р.Нұрғали еркін барған. Бұл жерде ғалымның теориялық терең білімі, біліктілігі, әдеби процесті жете түсінетіндігі, сондай-ақ нысанға алып отырған қаламгер шығармашылығынң табиғатын жан-жақты білетіндігі таныла түседі. С.Бегалин қаламынан туған прозалық, поэзиялық туындыларға берілген баға – ақиқат баға. Зертттеуші әсіресе ақын поэзиясына ерекше ден қойып, алғашқы өлеңдерінен бастап сөз етеді. Сапарғали –сыршыл ақын. Оның өлеңдерінде абай дәстүрі мен халықтық әдебиеттің өрнегі үйлесім тапқан. Осы пікірді айта отырып, ғалым жекелеген өлеңдерге тән сипаттарды дәл анықтап көрсетеді. Мысалы, “жаз лебі”, “Көктем бұлты”, “Нөсер артынан”, “Сарыжайлау” секілді өлеңдері тамаша пейзаждық лирика десе, “Кавказ аңыздары”, “Бұқара- Самарқанд сапарлары” топтамаларындағы өлеңдеріне тосын образ, әдемі детальдар тән деп көрсетеді. Бұл байламдар ғалымның аңғарымпаздығын, теоретик ретіндегі білгірлігінің айғағы десе де болады. С.Бегалин қаламынан туған поэмалар да қазақ әдебиетіндегі соқталы туындылар болса, олар да ғалым назарынан тыс қалмаған. Жоғарыда өзіміз айтып өткен Ә.Тәжібаевта аңыздық сюжетке құрылған поэмалар көп ұшырасса, мұндай желі С.Бегалин поэмаларына да арқау болған. Мәселен, “Абақ арманы, “Айдос”, “Баян жүрек” поэмаларындағы аңыздық желілер халық рухын танытатын, әдемі өрнекті, қызықты оқиғалы туындылар. Аңыздың ізімен жаңа шығарма тудыру тәсілі С.Бегалиннің танымы мен ақындық шеберлігін таныта түсетіндігі сыншылық, зерттеушілік тұрғыда сәтті зерделенеді.
Поэзия, ақын туралы айтпас бұрын Р.Нұрғали алдыңғы теориялық байламдарға да назар аударып, жалпы өлеңге қойылар талғам-талап айналасында ой өрбітіп алады. Нағыз поэзияның сыйлар эстетикалық ләззатын “таза бұлақтан су ішкендей, алай-түлей ақ боранды көргендей боласың” [1,258] деп суреттейді. “Кеудесінде жан, тамырында қан жоқ өлі кітапшаларды” [1,258] нали сөз етуінің өзі эстет әдебиетшінің талғам таразысын танытса керек. Көп өлеңші ішінен нағыз ақынды тапқанына шынайы қуанатын сыншы зердесі қазіргі қазақ поэзиясының көркемдік қуатын тереңнен пайымдап, әділ бағасын бергеніне жоғарыда өзіміз сөз еткен ақындар туралы пікір-тұжырымдары куә.
Р.Нұрғалидің қазіргі қазақ поэзиясын сөз еткен еңбектерінің ішінде ақын Төлеужан Ысмайылов, Фариза Оңғарсынова шығармашылығын талдауы ерекше десе де болады. ХХ ғасырдың 60-жылдарында қазақ поэзиясында жаңа бетбұрыс, үлкен сапалық өзгеріс болғаны белгілі. Бұл жаңарулар Т.Ысмайылов, М.Мақатаев, Ж.Нәжімеденов, С.Жиенбаев, Қ.Мырзалиев, Т.Айбергенов, Ф.Оңғарсынова есімдерімен тікелей байланысты еді. Аталған ақындардың ішінде Р. Нұрғали Төлеужан, Фариза шығармашылығына арнайы ат басын бұрып, пікір білдіруі поэзияға, ақынға деген ерекше ілтипатының белгісі болса керек. Ақындық тағдыры қасіретке толы болған Төлеужан шығармашылығы туралы толғаған «Өлең жолы кесілмейді» атты сын мақаласында өткен ғасырдың 60-жылдар поэзиясының көркемдік өрісін Т.Ысмайылов өлеңдері арқылы тереңдей талдап көрсетеді. Көзі тірісінде ақынның «Әлдекімге бір шапалақ», «Есіл», «Америка трагедиясы» атты үш кітабымен (бәрі де отыз жасқа дейін жарияланған!) қаламгердің әдебиетке қосқан үлкен үлесін нақты дәлелдермен көрсетеді. «Өлеңші атаулы жапа-тармағай, жарыса-жабылып, мадақ, марапат жырларын ат-көпір төгіп жатқан кезде уақытқа, заманға сес көрсеткендей, ащы кекесін, өткір сынға толы туындылар беру поэзиядағы жаңалық еді. Қазақ әдебиетінде терең арна тауып кете алмай жүрген салаға соны тақырып, тың мазмұн, өзгеше түр әкелген шығармаларына қауым назары бірден ауды», - деп, ақын шығармашылығының сатиралық бастауына ерекше мән береді [2, 242]. Ақынның өлеңдеріне кеңінен тоқталып, оның лирика жанрына әкелген тосын өлшем, соны мазмұндарына ерекше ден қояды. Дәстүрлі қазақ жырына Еуропа поэзиясындағы жаңа өрнек, тың ырғақ, ұйқастарды енгізгені де қырағы зерттеушінің назарынан тыс қалмаған.
Табиғат құбылыстарының әр ақын танымында өзгеше қалыпта көрінуі концептуалдық аяда айрықша аңғарылады. ХХ ғасыр поэзиясында өзіндік орны бар тамаша ақын Төлеужан Ысмайыловтың табиғат тақырыбындағы өлеңдеріндегі әдемі поэтикалық иірімдер үйлесімділігімен, шынайылығымен дараланады. «Туған өлке жолдарында» топтамасындағы табиғат нысандарының жаңаша қырымен көрінуі ақын танымының кеңдігі мен тереңдігін танытады.
Сезімнің құйыны ұшты ойдан қандай,
Япырай, жер де жылдам айналғандай.
Арбағыш іңкәрліктің жібек желі
Бұлқынған жүрегіме байланғандай.
Төлеужанның лирикалық қаһарманның «желі» жүрекке келіп байланғаны тосын сурет. Поэзияда жел дәстүрлі түрде әлдеқайда шақырушы, өзінің соңынан ертуші, еркіндіктің, азаттықтың символы ретінде бейнеленсе, бұл өлеңде, сол желдің өзін байлап аларлық күшке ие болған жүрек – туған жерге деген махаббаттың күші мен қуатын аңғартқандай.
Жеткізіп сағынышты жырақтағы,
Жүгіріп қалмай қойды бұлақтары,
Желбіреп тұлымшағы иіледі,
Ақ балтыр қыз қайыңдар жылап тағы.
«Желді жүрекке байлау», «сағынышты жеткізу үшін жүгіріп соңынан қалмаған бұлақтар», «тұлымшағы желбіреген қыз қайың» сияқты бейнелеулері Р.Нұрғали атап көрсеткен «мәдениетті поэзияға лайық эстетикалық мұраттарға ерекше көңіл бөлгендігінің» дәлелі [2, 243].
Күйеуі көк қызының шығар өлген,
Жесір бұлт шашын жайып шыға келген.
Табиғат қасіретінің маржан жасы
Тасыды бұлақ болып құба белден.
Концептуализмнің негізінде қолданыстарғы сөздердің таптаурын болған мағынасынан тың мағынаға қарай өту жатады. Төлеужанның «көк қызының күйеуі», «жесір бұлт» бейнелері де осындай бағытта туындаған. Мифтік танымда қалыптасқан көк, аспан туралы ұғымды ақын шығармашылықпен «жаңартады». «Шашын жайған жесір бұлт» ауа райының жадыраңқы қалыпта емес екенін аңғартады. Бұл көріністі «көкірегі күркіреген аспан» толықтыра түскен:
Аңдатып арыстаны арбасқанын,
Күркіреп көкірегі қалды аспанның.
Жалт етіп Қарауылдың шоқылары
Найзағай сермегенде алдаспанын.
Табиғаттағы мазасыздық, дауылды, жауынды күнгі аласапыран қалыпты да ақын жаңа бейнелеумен жеткізеді. Қалай болғандада да сол жаңа бейнелеудің өзі ұлттық бастаудан қол үзбеген:
Ойпырай сынар ма екен көктерегі,
Тұр еді бала қайың көктегелі.
Дүлейдей шатырлаған жаратылыс
Тағалы тұяғымен тепкен еді.
Ескі күндерден жеткен аңызды қанатты қалыпта көрсете отырып, тарихи жадты жаңғырту да қазіргі өлеңдегі бір көркемдік тәсіл. Кеңістіктегі уақыттың орны «аңыздың қанаты» мифопоэтикасымен астарланған:
Алып құз танушы еді кімді ірі деп,
Айбарлы жаңғырығы, күңгірі кеп.
Аңыздың қанатында даңқы кеткен
Бұл «Қоңыр әулиенің «үңгірі деп.
Т. Ысмайыловтың тағы бір өлеңі «Ива» деп аталады. Өзінің көркемдік құрылымы жағынан мифтік суреттеуге жуық бұл өлеңде Ива ( қазақшасы Мәжнүнтал, неге екенін, ақын сол орысша атымен алады) табиғаттың саналы рухы ретінде тұлғаланады. Шап-шағын өлең екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде үш шумақ бар. Әр шумақта табиғат өскінінің болмыс-бітімі адамға тән қалыппен бейнеленген.
Күнге бетін сүйгізіп,
Ива өсіпті мәуелеп.
Нұрлы аспанға қол созып,
Сәніменен әуелеп.
«Күнге бетін сүйгізу», «аспанға қол созу» әрекеттері мәжнүнталдың көркем бейнесін мүсіндеудегі деталь-суреттер. Келесі шумақта ағаштың мөлдіреген «шық-көздері» назарға түседі:
Таң арайы құйылып,
Жапырағы желбіреп.
Қарап тұр ол қиылып,
Шық-көздері мөлдіреп.
Сәні келіскен бойжеткен бейнесіндегі ағаштың сырт пішінінен ішкі болмысы да аңғарылады. Жел-жігітттің ағаш-қызбен би билеуі, ағаш-қыздың ибалылығы ұлттық қалыпқа қарай бастаған: Бұл жерде мифтік танымның көркемдік тәсілге, бейнелеуге барынша кірігіп, тұтасып кеткенін айта кеткен жөн.
Жас денесін құшып жел
Би билейді Ивамен.
Асқан сұлу болса да ол
Иіледі ибамен.
Жаз айында осындай жайдары да сұлу қалпымен тіршілік кешкен иваның қыстағы халі өлеңнің екінші бөліміндегі екі шумаққа арқау болған. Жазда жел құшқан жас денесін енді қыс келіп тоңдырады. Жел-жігіттің орнына келген қыс-шалдың «сүймек болған ниетіне» ива-қыз ызаланады, қашып кетуге дәрмені жоқ:
Ызасы кеп қыс-шалға,
Сүймек болған ниетіне –
Бұлқынады ол жапанда
Алыс қашып кетуге.
Екінші бөлімнің үшінші шумағында қыстың күні таусылып, көктемнің келгені, қалың қарды қақ жарып, аяздан аман қалған иваның тағы көрінуі, қанша нәзік болғанымен, аяз бен боранды жеңіп, өзін сақтап қалғаны жырланады.
Осы шағын өлең сырттай қарағанда қарапайым көрінгенмен, бірнеше «қабатты» бейнелеу мен күрделі көркемдік танымды бойына «сіңірген». Бойжеткен сипатты мәжнүнтал, жел-жігіт пен қыс-шал, өмір үшін күрес, нәзіктік пен қатыгездік арасындағы қақтығыс – ақынның көркемдік кеңістігіндегі өмірдің символикасы. Қазақ поэзиясында Т. Ысмайыловтың жарқ етіп көрінуінің мәнісі осындай тың сипатты поэтикасында. Бұл ерекшеліктердің бәрін Р.Нұрғали өзінің мақаласында екшей көрсеткен.
Ақын өлеңдеріндегі концептуалдық сарын «Абыралымен арыздасу» өлеңінде барынша күшейген. Өмірдің өтуі, фәни мен бақи арасы, табиғат құбылысы мен адам өмірінің егізделуі мифопоэтикалық кеңістікте транслирикалық үйлесіммен өрілген. Транслиризмнің мифопоэтикалық астары тауды тірі рух түрінде танып тілдесуден, оған сыр айтудан, одан сая іздеуден көрінеді.
Армысың, асқар тауларым,
Армысың, асқар биігім.
Қашпасын арқар, киігің.
(Танитын шығар жауларын),
Келгем жоқ мен атқалы.
Құз-қия қиын қатпарлы.
Көруге қайта шатқалды.
Академик Р.Нұрғалим «жаңашылдық» деп таныған ақынның стильдік, көркемдік бағыттағы ізденістерінің бірі осы.
Таумен тілдесу қазақ ауыз әдебиетінен де көп орын алған көркемдік тәсіл. «Ер Тарғын» жырындағы Тарғынның «Бұлғыр, Бұлғыр, Бұлғыр тау» деп басталатын монологы дәрменсіз халдегі батырдың тауға мұң шағуы түрінде болса, мына өлеңдегі ақынның лирикалық кейіпкері де туған жерінен өткен балалық шағын, «табаны тиген жер» мен «көне сүрлеуді» іздеген сағынышын айтады:
Жөн сілте, асқар биігім,
Қол ұшын жалға, тауларым!
Еске сал өткен шақтарды
Іздейін көне сүрлеуді...
Табаным тиген жерлерді....
Көзімнен жаңбыр жауғанын
Сездің бе, туған тауларым,
Бауырыңа жетіп лауладым...
Қызарып күндей батқалы
Өзіңе келіп жатқалы...
Бұл жерде тау концептісіне өмірдің соңғы нүктесі, рухтың тыныш табар мекені тезаурустары үстеліп тұр. Күннің батуы мен өмірдің таусылуы бір ұғым, түсінікте алынып, лиризм өзгеше сарында тереңдеген. Біз мысалға алып отырған бұл туындылар Р.Нұрғалидың Төлеужан туралы «Ақын палитрасы сан-алуан бояуға бай, көз қызықтырар неше түрлі сурет салады», - деген тұжырымын бекіте түседі [2, 243]. Т.Ысмайылов қаламынан туған «Есіл» поэмасының қазақ әдебиетіне соны шығарма болып қосылғанын да академик ғалым терең тебіреніс, сыншылдық көрегендік, биік талғаммен танытады. Сөйтіп, қазақ поэзиясындағы Төлеужандай ақынның қайталанбас дара ақындық болмысын мүсіндейді.
Р.Нұрғали қазақ поэзиясының тағы бір көрнекті өкілі Ф.Оңғарсынова поэзиясындағы әлеуметтік-эстетикалық, қоғамдық-көркемдік мұраттар жайлы ой толғай келе “қайткен күнде де поэтикалық бейне, тұлғалы образ, сөз суретінің құдыретібірінші қатарда, дәлірек айтқанда, ақындық сезім, қаламгерлік идея өзара ажырамас тұтастықтағы шабыттан туса кере” [1,259] деп тебірене шешілуі ақын шығармашылығын қалтықсыз қадірлеп, бағасын анық білгендігінен болса керек. Поэзиға керегі – сезім, мінез. Дәл осы екеуі тұтасып, ақын өлеңдерінің өн-бойынан аңқып тұратынына көптеген мысалдар келтіріліп, нақты талдаулар жасалынады. Фаризаның махаббат, сүйіспеншілік тақырыбындағы лирикасынан көрініс беретін драмалы көңіл-күй, трагедиялық ситуациялардың бейнеленуі нағыз суреткерлікке мысал. Автор бұл пікірін өлең жолдарынан үзінділер келтіре отырып бекітеді. Сондай-ақ азаматтық тақырыпты әуелі публицистикалық толғау үлгісінде меңгерген ақынның бірте –бірте философиялық, психологиялық монолог үлгісіне ауысқандығы –шеберлігінің жетілен түсуі екендігі теориялық білгірлікпен дәйектелген. Бүгінгі поэзияның мүмкіндігінің шексіздігін, поэтикалық тәсілдердің молдығының, стильдік өрнек пен тіл байлығының адамның жан-дүниесін ашудағы маңызды орнын білікті ғалым ретінде айта білген зерттеуші Ф.Оңғарсынова лирикасының әдебиетімізге әкелген жаңалығын, көркемдік сапасының жоғарылығын анықтай, нақтылай көрсетеді.
Ф.Оңғарсынова поэзиясының тақырып ауқымы сан алуан болса, зерттеуші сол тақырыптарды жырлаудағы ақыннның суреткерлік шеберлігін дөп басқан. Ақынның тарихи белгілі тұлғалар тағдырына арналған туындыларының ішінде “Сайраған Жетісудың бұлбұлымын”, “Ақан сері аңыздары”, “Поэзия. Махамбет аудармашысымен әңгіме”, “Тартады бозбаланы магнитім” сияқты шығармаларға айрықша назар аударып, Сара, Ақан сері, Махамбет, Майра бейнелерінің жаңа қырымен көрінетінін атап көрсетіп, “тарихи тұлғаның жарқ ете түскен бір сәті, сезім күйі, ой толғауы, шыншыл сипаты бар” [1,262] деп тұжырымдайды. Әлия мен Мәншүкті даңқты да қасіретті тағдырына арналған “Тыңдаңдар, тірі адамдар” атты сюжетсіз поэмасындағы көркемдік ізденістер жайлы толғамдары да терең зерделеуден туған. Мұнда еркін көркемдік пішін, шарттылық тәсілмен екі батыр қыздың рухын сөйлету – жаңа эстетикалық игілік деп баға береді. Фаризаның ақындық мектебі – ең әуелі ұлттық арна болса, сонан соң әлемдік әдебиет үлгілері екеніне тоқтала отырып, оның жырлары – ер мінезді жырлар деп ой қорытады.
Ақындық, ұлттық поэзия, қазіргі әдеби даму ғалым-сыншы назарынан еш уақытта тыс қалған емес. Мерзімдік баспасөзге берген сұхбаттарында болсын, шағын мақалаларында болсын, автор оларға соқпай өтпейді. Алдыңғы буын ағалардан бастап соңғы буын өкілдерінің шығармашылығын қадағалай оқып, бағасын беріп отырар жақсы тағлымы кейінгі жас зерттеушілерге үлгі боларлықтай.
Бүгінде әдебиеттану ғылымының мәуелі бәйтеректерінің бірі ғана емес, бірегейіне айналған теорияның білгірі, білікті ғалым, үлкен жүректі ұстаз, ардақты аға Рымғали Нұрғалиұлы өзінің саналы ғұмырын ұлт әдебиетінің маңызды мәселелерін зертттеп, зерделеуге арнаса, оның үлкен бір саласы – ұлтттық поэзиямыз туралы жоғарыдағы пайым-тұжырымдары, ой толғамдары.
Пайдаланылған әдебиеттер
Нұрғалиев Р. Арқау. Екі томдық. 1 том. Алматы: Жазушы, 1991.-576 б.
Нұрғали Р. Толғауы тоқсан қызыл тіл. Алматы: Үш қиян, 2009. -304 б.
Байтанасова Қ.М.
Қазақстан: Астана
КӨКЕЙКЕСТІ ӘДЕБИЕТТАНУ ЦИКЛІНІҢ НЕГІЗІ:
БАҒЫТТАРЫ, КОНЦЕПЦИЯЛАРЫ
Қай кезде де ұлттың рухани мұрасының жанашырлары болған. Олар халқының өнері мен мәдениетіне үнемі жәрдемін тигізіп, жаңашыл бастамалардың ұйытқысына айналған. Сондай тұлғалардың бірі - академик Р.Нұрғали. Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне келіп, кафедра жасақтап, маман, ғалымдардың басын қосқан ұжымды қалыптастырды. Диссертациялық кеңес ашты. Оқу үдерісіне керекті бағдарламалар мен оқулықтар құрастыру үстінде, «Көкейкесті әдебиеттану» ғылыми жинағын шығаруды дәстүрге айналдырды. Ғалымның құрастыруымен бұл кітаптың тоғыз жинағы жарық көрді. 2001 жылдан бастап жыл сайын шығып тұрған жинақтың алғашқы кітабының аңдатуында: “Еуразия университетінің қазақ және шетел әдебиеті кафедрасының ғалымдары мен аспиранттары, ізденушілері дайындаған “Көкейкесті әдебиеттану” жинағы болашақта дәстүрге айналады, яғни қолдарыңыздағы кітап сондай ортақ жүлгемен шығатын еңбектердің алғашқысы. Мұндай тәжірибе қазақ әдебиеттану ғылымында болғаны белгілі. “Уақыт және қаламгер”, сонымен бірге Ғылым академиясының, Қазақ ұлттық университетінің, Алматы университетінің әдебиетшілері шығарған ғылыми жинақтар әдебиетіміздің алуан түрлі өзекті мәселелерін ғылыми жағынан дәйектегені де мәлім. Астаналық жаңа жинақ осы дәстүрді жаңғырта отырып, қазақ әдебиетінің тарихын жаңаша пайымдау, әдеби-теориялық күрделі мәселелерді шешу бағытын ұстанады” [1,4-б],- дейді. Осы жинақтың алғашқы кітабы “Әдебиет тарихы”, “Әдебиет теориясы”, “Қазіргі әдебиет” деген бөлімдерге бөлінген. Беташар мақала ғалым М.Жолдасбековтың Орхон ескерткіштерін дендеп зерттеудің өзекті мәселелерін саралауға, алда тұрған міндеттерін айқындауға арналған. “Өмірдің мәні мен сәні сабақтастықта” деп аталған мақаласында зерттеуші түркілік мәдениеттің бастау-арналарын зерделеп, ұлы дала ойшылдарының мәдени-рухани мұраларын тізбелей дәйектеген. Осы мәселені әрі қарай жалғай түскен тақырып сілемін Қожа Ахмет Йасауйдің “Диуани Хикмет” еңбегімен жалғастырып, көне түркі мұраларындағы елдік сарынды зерделеген академик Р.Нұрғалидің мақаласы берілген. Одан кейінгі ғылыми мақала авторы ғалым, С.Қасқабасовтың “Әдеби мұра және оны зерттеу” мақаласы. Мұнда 1947 жылғы қаулының салқыны тиген әдеби мұра мен зерттеушілер, “халыққа жат” деп танылған фольклор саласындағы бай мұралардың тағдырын сөз етеді. Бұл бөлімге топтастырылған мақалалар әдебиет тарихындағы маңызды проблемаларды қозғап, жаңаша пайымдаулар жасауымен бағалы. Мәселен, Абайдың шығармашылық жаңашылдығын XIX ғасыр поэзиясы аясында қарастырған ф.ғ.д. К.Бейбітованың (“Қазахская поэзия XIX века и творческие открытия Абая”), Алаш зиялыларының қайраткерлік және шығармашылық еңбектеріне талдау жасаған ф.ғ.д. Д.Қамзабекұлының (“Түріктік ағартушылық және қазақ зиялыларының мәселелері”) мақалалары берілген. Әдебиет теориясының әдіснамасы күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселе. Сондықтан да әдебиеттанудағы автор мен кейіпкер (ф.ғ.д. Х.Рүстемова), көркемдік әдіс, жанр, жаңашылдық (ф.ғ.к. Е.Тілешев, ф.ғ.к. Ж.Әбілов, ф.ғ.к. Г.И.Власова) проблемаларын қозғаған авторлар осы саладағы көкейкесті мәселелерге саралау жасайды. Жинақтың “Қазіргі әдебиет” бөлімін зерттеуші М.Қаратаевтың қазақ әдеби сынын профессионалдық деңгейге көтерген сыни еңбектерін саралаған Д.Ысқақұлының (“Сын сардары”) мақаласы ашады. Одан кейін қазақ поэзиясындағы мифтік құбылушылықты зерделеген (ф.ғ.к. Ж.Аймұхамбетова), прозадағы психологизм сипатын ашқан (ф.ғ.к. Г.Ержанова) жеке туындының шығармашылық тарихын айқындаған (ф.ғ.к. М.Жапанова), драмалық дастандағы тарихи тұлға мәселесін талдаған (ф.ғ.к. О.Тұржан) мақалалар тізбегі жас ғалымдардың ізденісін аңғартады.
Жинақтың екінші кітабы Ғ.Мүсіреповтің жүз жылдығына арналған халықаралық конференция материалдарын біріктірген. Кітап екі үлкен бөлімге жіктеледі. “Ғабит Мүсірепов және әдебиет мәселелері” бөлімінде сөз зергері Ғ.Мүсіреповтің шығармашылығы жан-жақты қарастырылады. Атап айтқанда, Ғ.Мүсіреповтің әдебиеттегі тұлғасын дәйектеген алғашқы екі мақаланың авторлары (академик Р.Нұрғали, академик З.Ахметов) қазақ әдебиетінің классигі Ғ.Мүсіреповтің шығармашылық тұлғасын аша отырып, кезеңді туындыларының мән-маңызын айқындаған. Одан әрі қаламгердің жекелеген шығармалары, сыни еңбектері, туындыларының зерттелу жағдайын талдаған мақалалар берілген. “Ғ.Мүсірепов және мәтінтану мәселелері” бөліміндегі алғашқы мақаланың авторы академик М.Серғалиев Ғабит Мүсірепов туындыларының лингвистикалық-стилистикалық даралығын талдайды. Бұл бөлімде тілші-ғалымдар ф.ғ.д. Т.Әбдіғалиева (Ғ.Мүсірепов шығармаларындағы инверсия, жасалу жолдары), ф.ғ.д. Ж.Жақыпов (Ғ.Мүсірепов мәтінтүзіміндегі кейбір ерекшеліктер), ф.ғ.д. Г.Мұратова (Ғ.Мүсірепов стилінің бір қыры), ф.ғ.к. Б.Абдуова (Ғ.Мүсірепов әңгімелерінің архитектоникасы), ф.ғ.к. Қ.Тілешева (Стиль және стилистика), әдебиетші-ғалымдар: ф.ғ.д. Д.Ысқақұлы (Ғ.Мүсірепов әдеби сын туралы), ф.ғ.д. А.Мұсаев (Қазақ әдебиетіндегі Ғабит дәстүрі), ф.ғ.д. С.Құлбарақ (Үлкен прозаға барар жолда), ф.ғ.к. Г.Ержанова (Ғабит Мүсірепов және әдебиеттану ғылымы мен өнері), ф.ғ.д. М.Шындалиева (Ғабит Мүсірепов очерктеріндегі бейне жасау шеберлігі), п.ғ.к. Ж.Нурманова (Г.Мусрепов и казахский кинематограф), ф.ғ.д. А.Әлтай (Ағыбай батыр азаттық қаһарманы), Г.Шарипова (Интертекстуальность “Легенды о Ер-Каптагае” Габита Мусрепова) мен ізденушілердің зерттеу мақалалары жинақталған.
Айтыс өнері - халқымыздың бірегей қазынасы, сөз асылы. Тәуелсіздіктің орнығуымен ежелгі рухани мұралар да жаңғырып, халқымыздың игілігіне айнала бастады. Осы ретте айтыс өнерінің туу, қалыптасуы мен даму ерекшелігін, әр аймақ ақындарының айтысу, сөз саптау мәнерін, стильдік өзгешелігін саралап, талдаған мақалалар топтамасына Көкейкесті әдебиеттанудың үшінші кітабы арналды.
Төртінші жинақтың беташар мақаласында ғалым Р.Нұрғали әдеби мұраның теориялық-методологиялық қырларына терең талдау жасап, әдебиеттанудағы өзекті проблемаларды қозғап, зерттеудің өрісін кеңейтетін деректемелік, текстологиялық, теориялық зерттеулердің маңызын, олқы түсіп жатқан қырларын ашып, көпшілікті ойласуға шақырды. Осы жинақтағы “Алаш қайраткерлері лингвистиклық еңбектерінің ғылыми мәні” (М.Серғалиев), “Алашшыл әдеби сын” (Д.Ысақұлы), “Алаш” және орыс әдебиеті арасындағы байланыс” (Қ.Нұрғали), “Алаш қайраткерлері шығармашылығындағы Абай дәстүрі” (К.Бейбітова), XIX ғасырдың екінші жартысындағы “Зар заман” ағымының Алаш идеясына әсері” (Е.Бейілхан), Телжан Шонанұлы және Алаш (Қ.Құлманов), “Алаш зиялыларының фольклортану ісіне қосқан үлесі” (А.Әбсадықов) мақалаларында алаш тұлғаларының қоғамның саяси-әлеуметтік, мәдени-рухани өміріндегі бастамашылық, реформаторлық қызметі, шығармашылықтарының алуан түрлі қырлары талданады. Осы жинақтың заңды жалғасындай Көкейкесті әдебиеттанудың бесінші кітабы профессор Б.Кенжебаевтың туғанына 100 толуына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференцияға арналды. Жинақта ғалымның өмір кезеңдері мен шығармашылығын, “XX ғасыр басындағы қазақ әдебиеті”, “Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері” еңбектерінің маңызын, бұл тақырыпқа “ұзақ жылдар көне әдебиеттер үлгісін зерттеу арқылы, бауырлас халықтар тәжірибесіне сүйеніп, халық тарихы мен әдебиет тарихы терең байланыста екендігіне әбден көзі жеткен соң” (академик Р.Нұрғали) барған сарабдал зерттеушілігі; “қазақ әдебиеті тарихын V-VIII ғасырлардан, түрік қағанаты дәуіріндегі жазба ескерткіштерінен бастау керектігін, сөйтіп өзінің жаңа концепциясымен қазақ әдебиеті тарихын артық-кемі жоқ ... мың жылға тереңдетуді”(академик Р.Бердібай) ұсынған қайраткерлігі; “қазақ тілінің баюына, публицистика мен көркем әдебиет сыны тілінің қалыптасып, өрендеуіне елеулі үлес қосқан” (академик М.Серғалиев) ерекшелігі; “XX ғасыр басындағы қазақ әдебиеті тарихын әдеби мұра тұрғысынан ғана емес, сонымен бірге Қазақстанның XIX ғасырдың екінші жартысындағы, яғни ресей капитализмінің империалистік сатыға өту барысында туындаған қоғамдық-саяи даму, жаңа оқу үлгісінің келуін бағамдап, Ақмолла, Нұржан, Мақыш, Әубәкір, Мәшһүр Жүсіп, Мәді сынды ақындарды жаңа ағымның идеолгтары дәрежесіне көтерген” (ф.ғ.д. Қ.Уәлихан) бастамашылдығы; “дүние жүзі халықтары позиясының өлеңдік құрылысы метрикалық, силлабикалық, тоникалық, силлаботоникалық тәрізді жңктемелерге бөлінетінін, ал қазақ өлеңі буынға негізделетінін, әр жолындағы буын мен бунақ саны нақнағымен, тақтатақтасымен үйлесетінін қадап көрсетеді”(ф.ғ.д. С.Негимов) деген өлеңтанудағы зерттеушілігі; “Ең алдымен Бейсекең ұлы Абайды қазақтың төл ақыны есебінде бағалап, сол пікірін орнықтыруға күш салған алғашқы ғалымдардың бірі болды. 1928 жылдың өзінде ол “Абай кімнің ақыны, қандай ақын?” деген тақырыпта баяндама жасап, баспасөзде жариялаған” (ф.ғ.д. Б.Әбдіғазиұлы) деп дәйектеген абайтанушылығы; “Б.Кенжебаев ұлттық әдебиеттану ғылымында ғана емес, бүкіл түркі тілдес халықтар әдебиеттануында тарихи мектептің негізін қалаушы ретінде танылуға тиісті. Әдеби мұраларды көне дәуірден бастап зерттеу идеясын алғаш көтеруші деп қана емес, осы сала бойынша монументальды еңбектер қалдырып, қазақ әдебиеттануында өзінің ғылыми мектебін қалыптастырды” (ф.ғ.д.Ж.Смағұлов); “XX ғасыр басындағы әдебиетте роман сияқты жаңа жанрлардың көрініс беруі, әйел теңдігі туралы соны идеялардың өріс алып, әйел образы жеке кейіпкер болып бейнеленуі, осы ретте ұлттық ояну, ұлттық серпіліс мәселелерінің күн тәртібінде бірінші орынға қойылуы кездейсоқ емес болатын. Халықтық мұрат-мүдде, ұлттық сана-сезімі, адамгершілік, гуманистік идеяларды биік көтерген қазақ ақын, жазушыларының әдебиет ісі елге қызмет етудің басты үлгісі ретінде қабылдауы әдеби даму бағдарын анықтаудағы негізгі де мәнді белгілерінің бірі болып табылады” деп (ф.ғ.д. С.Тапанова) роман жанрын зерттеген ғалымдығы; “Б.Кенжебаевтің шығармаларындағы баяндау типтеріне, олардағы мәтін үзіктерінің логикалық бірлігіне қарап, автордың көбінесе монографиялық жанр үрдісінде жазғанын аңғаруға болады. Оның шығармаларындағы тұтас макромәтін ретінде көрінетін белгілі бір мәселелер өз ішінен микромәтіндерге бөлініп, олар бір тақырыпты коммуникативтік және семантикалық тұтастықта беруге қызмет етеді” (ф.ғ.д.С.Әлісжанов) деп ғалым туындыларының лингвистикалық ерекшелігін дәйектеген ғылыми мақалалар жарық көреді.
Академик Р.Нұрғали зерттеуінің бір парасы Алаш қайраткерлерінің мұраларын зерделеп, танытуға арналды. Ғалымның “Әуезов және Алаш”, “Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры”, “Вершины возвращенной казахской литературы” зерттеулерінде алаш тұлғаларының шығармашылығы талданса, ғалым бұл зерттеуді бүгінгі күнгі тұтастай іргелі зерттеудің нысанына айналдырды. Ғалым өзінің ізденушілері мен аспиранттарына, докторанттарына осы бағыттағы ізденіс, зерттеу тақырыптарын бекітіп, жетекшілік жасады. Сондықтан да Алаштану белгілі бір дәрежеде сатылы, салыстырмалы деңгейде зерттеле бастады. Көптеген тың, жаңаша пікірлер орнықтырған ғылыми мақалалар жарияланды. Олардың көбі осы көкейкесті жинағында басылып, жас зерттеушілердің ғылым жолындағы ізденістерінің тұсауын кесті. Осы бағытта жүргізіліп жатқан ізденістерді саралап, бағдарын межелеу мақсатында университетте “Алаш қайраткерлері шығармашылық мұрасының қазіргі мәдени-рухани және ғылыми дамумен сабақтастығы” атты ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылып, ғалымдардың толымды, маңызды пікіралысуларына жол ашса, жетінші жинақ “Азаттық идеясының қазақ әдебиетіндегі көрінісі; әдіснама, таным, көркемдік” мәселесіне арналды. «Көкейкесті әдебиеттану» жинағының 8 кітабы «Қазақ әдебиеттануы мен сыны: тарих, таным, көркемдік» атты ғылыми-теориялық конференцияның материалдарын жинақтады. Кітапта қазақ әдебиеті тарихының өзекті мәселелері, әдеби мұра мен оны зерттеудің жай-күйі, жазушы еңбегі мен шығармашылық шеберхана сырлары, қазіргі әдеби үдеріс пен көркемдік мұраттың сыр-сипаттары кең көлемде көрініс береді. Сондай-ақ, қазақ әдебиетінің тарихы мен сынының көрнекті өкілдері – А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытұлы, М.Әуезов, С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, Б.Кенжебаев, С.Қирабаев, Т.Кәкішев, З.Ахметов, М.Базарбаев, Р.Бердібай т.б. өмірі мен қоғамдық қызметтеріне, шығармашылықтары мен зерттеу ісіне қатысты көзқарас-ұстанымдарына да кең орын беріледі. Мерейтойлық материалдар мен зерттеу бағыттарына да көңіл бөлінген. Жинақтың бірінші бөлімі «Әдебиет тарихы: зерттеу мен зерделеу» деген проблемаға құрылып, академик Р.Нұрғалидың «Әдебиеттану мен әдебиет сынының методологиясы» деген мақаласымен ашылған. Мұнда 1960-1990 жылдардағы жедел дамып, өркендеген кезеңдегі қазақ әдебиеттануы туралы өрелі ой қозғайды. Бұл кезең әдебиеттануының орыс, еуропа топырағында туған әр түрлі әдеби мектептердегі бағыт-ағымдарды меңгерудегі ілгерішіл ізденістерін саралай отырып, жеке жанрлар проблемасын, мәтінтану, библиография, ғылыми зерттеулер мен оқулықтар, ұжымдық еңбектерге талдау береді. Сонымен бірге, алда тұрған зәру мәселелерді де қозғап кетеді. Соның бірі - әдебиет теориясына қатысты академиялық оқулық шығару мен көркемдік әдіс мәселесі. Осы салада салмақты зерттеулер, жаңаша пайымдардың керектігін айтады. Бұдан кейін қазақ әдебиеті тарихының көрнекті тұлғаларының қоғамдық, шығармашылық қызметін саралаған мақалалар тізбегінен тұтас әдебиет тарихының келбеті ашылады. Атап айтқанда академик Қажым Жұмалиев (ф.ғ.д.З.Жұмағали “Ізденіс жолында”), ф.ғ.д. Р.Тұрысбек (“Қ.Жұмалиев және әдебиеттану ғылымы”), Мәшһүр Жүсіп ф.ғ.д. Д.Қамзабекұлы (“Мәшһүр Жүсіп құбылысы”), Сәбит Мұқанов ф.ғ.д. Р.Сағымбекұлы (“Сәбиттанудың бел-белестері”), Темірғали Нұртазин ф.ғ.д. Қ.Алпысбаев (“Т.Нұртазин тағылымы”), Рымғали Нұрғали ф.ғ.д. Б.Абылқасымов (“Ертеңгінің қамын ойлаған”) ғылыми-зерттеу мақалалары салмақты да толғамды ой айтуымен ерекшеленеді.
Әдебиеттегі жанрдың дамуы қоғамның өзгерісі мен ондағы адамның жағдайына байланысты. Бұл байланыс әрине, тікелей емес, автордың көркемдік бейнелеуі арқылы көрінеді. Суреткердің толғанысы аса индивидті екені даусыз. Сөйте тұра, ол қоршаған ортаның әсеріне, қоғамның идеялық-эстетикалық қажеттілігіне де байланысты. Әдебиеттегі “бейне мен жанр”, “әдіс және жанр” мәселелері өзара тығыз бірлікте. Яғни, жанр үшін де, әдіс үшін де бейне проблемасы мен оның қоғаммен қарым-қатынасы бірден бір орталық мәселе болып табылады.
Р.Нұрғали: “Қазіргі кезеңде әдебиет теориясының мәні арта түсті. Бұл тараптағы зерттеулердің тапшылығы қынжыларлық факт. Оған көп себептердің бірі - қазақ филология ғылымының тығырыққа тіреліп, бұрын жеткен биіктерін аласартып алуы, жаңа деңгейге көтеріле білмеуі. Осы уақытқа дейін “Әдебиет теориясы” атты академиялық еңбек жазылмапты. Мұндай екі томдық басылымдар Грузия, Армения, Прибалтика республикаларына қоса, Өзбекстанда да бар. Бұл сипаттағы іргелі зерттеу жалпы әдебиет туралы ғылымның дамуына үлкен ықпал тигізер еді”,-деп тұжырымдаған ғалым бұл бастаманың негізін 2003 жылы жарық көрген “Әдебиет теориясы” ұжымдық еңбегі арқылы салып та қойған еді. Былтырғы оқу жылында кафедра ұжымымен ойласып, “”Әдебиет теориясы” оқулығын жаңа әдіснамалық-теориялық сипатта дайындау үшін оқулықтың құрылымын, бөлімдерін алдын ала жоспарлады. Әдебиетші ғалымдардың дайындап жатқан материалдарының негізінде “Көкейкесті әдебиеттанудың” кезекті тоғызыншы санын “Әдебиет теориясы; жанр, методология, жаңа бағыттар” деген атаумен шығарылуына жетекшілік еткен еді. Сол арқылы әдебиеттанудың іргелі проблемаларын қозғаған мақалаларды саралап, сынақтан өткізіп, жаңа ой, көзқарастың бағдарын аңдау еді. Бұл 25 баспа табақ көлемінде әзірленген жинақта қазіргі әдебиеттің теориялық-әдіснамалық мәселелері мен жанр мәселесі, филологиядағы жаңа бағыттар талданды. Әсіресе, әдебиет тарихын дәуірлеу (Е.Тілешев), әдеби даму сатылары мен әдеби бағыттардың эволюциясы (Ж.Жарылғапов), поэзиядағы мифопоэтика, өлең құрылысы, балалар поэзиясы, поэзиядағы көркемдік тәсілдер (Ж.Аймұхамбетова, А.Үсенова, А.Әлтай, А.Сейпутанова, М.Қосмұратова, Г.Сағынадин), проза жанрындағы дәстүр, прозаның сипаты, кейіпкерлер жүйесі (Қ.Алпысбаев, С.Айтуғанова, Ш.Валиханов, Б.Рахметова, А.Есімсейітова, А.Мұратбекқызы, Н.Қасым ) секілді әдебиеттанудың өзекті мәселелері қарастырылған мақалалардың жаңашыл сипаты танылды.
Ғалым Р.Нұрғали «Көкейкесті әдебиеттанудың» кезекті оныншы санын осы бағытта жазылған, зерттелген проблемаларды жинақтаған, тұжырым, нәтижесін түйіндейтін арнайы кітап етпекші болған еді. Енді академиктің бұл іргелі бастамасын соңындағы әріптестері, шәкірттері тиянақтамақ.
Достарыңызбен бөлісу: |