КӨкейкесті әдебиеттану



бет21/24
Дата04.11.2016
өлшемі7,72 Mb.
#281
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   24

Список литературы

1. Нұрғалиев Р. Қылмыс.// Нұрғалиев Р. Ай қанатты арғымақ: Роман, новеллалар.- Алматы: Жалын, 1990. - 452-457 бб.

2. Нұрғалиев Р. Полковник Кашкин; студент Асанов.// Нұрғалиев Р. Ай қанатты арғымақ: Роман, новеллалар. - Алматы: Жалын, 1990. - 457-462 бб.

3. Нұрғалиев Р. Өлген тау.// Нұрғалиев Р. Ай қанатты арғымақ: Роман, новеллалар.-Алматы: Жалын, 1990. - 462-466 бб.

4. Нұрғалиев Р. Қабір қанша тұрады?// Нұрғалиев Р. Ай Қанатты арғымақ: Роман, новеллалар. -. - Алматы: Жалын, 1990. - 467-472 бб.

5. Хализев В.Е. Теория литературы. - 3-е изд., испр. и доп.- М.: Высшая школа, 2002.- 437 с.



Шоңғалова Қ.С.,

Шоңғалова А.С.

Қазақстан: Арқалық

САЛАУАТТЫ ОҚУЛЫҚ – САПАЛЫ БІЛІМ НЕГІЗІ

Дүние жүзіндегі дамыған, өркениетті 50 ел қатарына қосылуды мақсат еткен еліміздің абырой-атағы күн өткен сайын арта түсіп, әлем елдері мойындап отыр. Экономикамыз бен мәдениетіміздің қарынтап алға басуы, оны дүние жүзі мойындауы алға қояр міндеттер көлемін арттыра түсуде. Президентіміз Н.Ә. Назарбаев бастамасымен ғылымды, білімді, дамытуға үлкен көңіл бөлініп, ұзақ жылдарға арналған ғылым мен білімді дамытудың, мәртебесін көтерудің стратегиялық жоспары жасалды.

Әлемдік білім бірлестігіне енудің алғашқы қадамдары жасалып, білім беруді реформалау қолға алынды. Елбасының биылғы жарияланған жолдауында 12 жылдық білім беруге көшу міндеттері мен мерзімі, мектепке дейінгі оқыту және балабақшамен барлық ел балаларын қамтамасыз ету міндеті тұрғысында ауқымды іс шаралар жүзеге асырылуда.

12 жылдық білім беруге көшу жан-жақты дайындық арқылы жүзеге асары сөзсіз. Соның бірі және ең бастысы - жаңа буын оқулықтарын жазу болып отыр. Кезінде қазақтың тұңғыш ағартушысы, алғашқы оқулықтың авторы Ыбырай Алтынсарин татар ықпалынан ада , мазмұны балалардың білімін көтеріп, қызықтыратын кітаптар болуын армандап кетті емес пе?

Р. Нұрғалидың қазақ әдебиетінен жазған тараулары жаңа қойылып атқарған талаптар тұрғысында деп сеніммен айта аламыз.

Бүгінгі таңдағы әлеуметтік-экономикалық жағдайлардың күрделенуі, ақпараттар ағынының молдығы білім беру ұйымдары түлектеріне жоғары талаптар қоюда.

Бағдарлап оқыту жалпы білім берудің жоғарғы сатысындағы оқушылардың білім алу бағыттарын жүзеге асырудың негізгі тәсілі ретінде қарастырылуда. Педагогикалық-психологиялық әдебиеттерде білім мазмұнын саралы бағдарлаудың мәні «оқушылардың орнықты мүддесі, қабілеттілігі, бейімділігі аясында олардың осы қасиеттерін таңдап алған бағыттарында мүмкіндігінше дамыту мақсатымен мамандыққа бағыттау болып табылады» деп берілген.

Мектеп бітіруші, 11-сынып, жаратылыстану-математика бағытында гуманитарлық бағыттан 1 сағат кем, 2 сағат қана берілген. «Бағдарлы» жаратылыстану пәндерін тереңдетіп оқыған оқушының әдебиеттен білімі төмен болып қалуы керек пе?

Әдебиетті оқытудың басты мақсаты-оқушыларды астары мол сөз өнерімен таныстыру, халық даналығы, халық өсиеттерінен нәр алғызу, кітапқа деген ынтасын ояту, халықтың рухани байлығы - әдебиетін жан-жақты игеру, сол арқылы имандылыққа, парасаттылыққа, сұлулыққа, т.б. тәрбиелеу деген болашақ инженер немесе дәрігер бұдан мақұрым қалу керек пе?

Төл бастауыш ауыз әдебиетінен алып, ауызша, жазбаша түрде жатталып, қилы замандардан өтіп, сан ғасырды артқа тастап бүгін ұрпағымызға кең мазмұнын сақтап жетіп отырған қазақ әдебиетін ата-бабаларымыздың қалдырған ұлттық нақыштағы, ұлттық рухтағы бай мұра деп айтуға болады.

Көп уақытын теледидар алдында өткізіп, шетелдік телесериалдар, атып-шабу, кісі өлтіру сияқты көріністерді көруді әдеби шығарма оқудан артық көретін бүгінгі жастарымызға әдебиетті ұлттық құндылық ретінде қалай таныта аламыз?!

Бүгінде 70 жылдығын еліміз кеңінен атап өтіп отырған академик, филолгия ғылымдары докторы, профессор, қоғам қайраткері, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Рымғали Нұрғали осы тұрғыда ізденісті, тындырымды үлкен еңбек иесі болды. Жаратылыстану-математика бағытындағы 11-сыныптың қазақ әдебиетінің «Жиырмасыншы-отызыншы жылдардағы әдебиет», «Ахмет Байтұрсынов», «Жүсіпбек Аймауытов», «Ілияс Жансүгіров», «Сәкен Сейфуллин», «Міржақып Дулатов», «Мағжан Жұмабаев», «Әбділда Тәжібаев», «Ілияс Есенберлин», «Қабдеш Жұмаділов» бөлімдерін жазған –Рымғали Нұрғали.

Автор ХХ ғасырдағы әдебиет өкілдерінің ірі туындыларынан тәуелсіз іліміздің ұрпақтары елінің тарихын, дәстүрін, өнегесін біліп, ұлттық байлықтарды қадірлеп, ата-бабамыздың өрлігі мен ерлігін үлгі етіп өсетіндей болуын басты мақсаты деп біледі. Ұрпақты әдебиет арқылы ұлттық болмыс,, ұлттық намыста өмір сүруге үндейді. «Жиырмасыншы-отызыншы жылдардағы «әдебиетті» оқытуға жаратылыстану-математика бағытында небары--- сағат қана беріледі. Осы аз уақыт ішінде қазақ әдебиеті қалыптасуында үлкен роль атқарған екі онжылдықтағы қазақ прозасы, драматургиясы, өнері дамуның негізгі, маңызды салаларын айтып беру оңай шаруа емес.

Оқулық авторы жаңа дәуірде көп қуғын, зорлық көргеніне қарамастан қанатын кең жайған қазақ әдебиетінің әр тұлғасының ортақ іске қосқан үлесі мен жаңалықтарын нақтылы мысалдармен көрсетеді.

Төңкерісшіл поэзиядан сабақ алған жаңа әдебиетте классикалық дәстүр мен фольклор тағылымы қатар жүріп, бірін-бірі толықтырғанына көз жеткізеді.

1920 жылы Қазақ Автономиялық Кеңес Социалистік Республикасының құрылуы ұлттық мәдениеттің, өнердің, әдебиеттің кең қанат жайып өркендеуіне игі әсерін тигізгені шындық. Осы кезде қаулап шыққан «Еңбекші қазақ», «Қызыл Қазақстан», «Жаңа әдебиет», «Тәршәләк», «Қазақ мұңы», «Ұшқын», «Кедей сөзі», «Мұғалім» сияқты газет-жорналдар халықтың көкірек-сезімін оятып, ойына ой қосып, қазақ жазушыларының көркем шығармалары басылды. «Ахмет Байтұрсыновтың зерттеу еңбегі, Мағжан Жұмабаевтың өлеңдері, Жүсіпбек Аймауытовтың пьеса, хикаяттары, Халел Досмұханбетов құрастырған жинақтар, Сәкен Сейфуллиннің өлеңдері, М.Әуезовтің әңгімелері, пьесалары, Бейімбет Майлин өлеңдерінің жеке кітап болып басылуы жаңа әдебиет іргетасы қалағандығын аңғартты», - деп жазады академик зерттеуші.

1926 жылы 13 қаңтарда ұлттық театр ашылу салтанаты болып, М.Әуезовтің «Еңілік-Кебек» пьесасымен қазақ театрының алғашқы сахнасы ашылуы ұлт өміріндегі ерекше оқиғалардың бірі болды.

Жаңа арнадағы жас қазақ әдебиеті әр түрлі бағыттағы ізденістер үстінде есейіп, ер жетті. Қазақ әйелдерінің қоғамдық істерге батыл араласа бастауы, әлеуметтік тартыс тақырыбында шығармалар туа бастады.

Автор бүгінде дүние жүзіне мәлім болған қазақ әдебиетінің идеяның мұраттары, көркемдік-эстетикалық нысандары, жанрлық формалары мен ұлттық ерекшеліктер сол 20-жылдарда қалыптаса бастағанын дәлелдейді. Жанрлық-стилдік, көркемдік-эстетикалық ізденістерге барып, алғашқы романдар мен драмалар, трагедиялар, сын кітаптарын жазып, поэзияда жаңа жанрлық формалар туғызған қазақ ақын-жазушылары басына зобалаң туды. 1929 жылы басталған қуғын-сүргін Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Қоныс Кемеңгеров, Халел Досмұханбетов сынды жазушыларды абақтыға қаматып, әдеби, рухани дамуға орасан зор кесел келтірді.

Қысқа да болса сол кездегі әдебиеттің дамуына үлкен әсер еткен «Қазақ әдебиетінің бүгінгісі мен келешектегі міндеттерін» талқылаған 1934 жылғы құрылтай, 1934 жылы Кеңес жазушыларының Бірінші құрылтайы өтіп, онда С.Сейфуллин мен І.Жансүгіровтің жарыссөзге шығып, терең ойлар айтқаны оқушының сол кезеңдегі қазақ әдебиеті жайлы өзіндік ой қорытуына игі әсерін тигізеді.

Кеңес дәуіріндегі қазақ поэзиясында С.Сейфуллиннің асқақ пафосы, көркемдік кемел «Асығып тез аттандық», «Терлеген болсаң айтайын», «Кел, жігіттер» өлеңдері саяси лириканың алғашқы төстабаны болғаны, өзінің қазақ жаңа әдебиеті негізін салушылардың бірі болғаны, ауыр кезеңде, түрме мен абақты азабы, жендет зорлығын көрсе де мойымаған ақынның жеке басы үлгісі жастарға сабақ болғандай.

Қазақ әдебиетінің өсу эволюциясын көрсеткен Бейімбеттің «Мырқымбай» өлеңдер шоғыры, тарихи оқиғаларды терең сезіммен толғаған ақын қыз-Шолпан Иманбаева, халық поэзиясының өкілдері Н.Байғанин, О.Шипин, К.Әзірбаев, Т. Көбдіков, Жамбыл бастаған халық поэзиясының көрнекі өкілдері Дәкей Әлімбаев, Шашубай Қошқарбаев, Иса Байзақов, т.б. шығармашылығына терең талдау жасалған. Ауыл өміріне жазылған шығарамалар көркемдік ерекшеліктері, жетістіктері мен кемшіліктеріне нақтылы мысал келтіреді.

Отан қорғау, патриоттық тақырыптағы С.Мұқановтың «Сөз-Советттік Армия», А.Тоқсағанбетовтің «Күшті болса көкте кім», Қ.Аманжоловтың «Айбынды қызыл әскер» өлеңдерінің жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеудегі атқарар қызметке тоқталады.

Осы жылдарда сюжет құру, композиция жасау, көркемдік сапа, тіл шеберлігі, идеяның тереңдігі жөнінен классикалық әдебиеттер үлгісімен деңгейлес әңгімелер туа бастады. Оның авторы - Мұхтар Әуезов болды. Европа әдебиетінен жанрлық-стилдік, көркемді дәстүрлер қазақ прозасына жаңашылдықпен кірді.

Автор жиырмасыншы жалдардың өзінде прозалық барлық негізгі жанрлық формаларды туып, қалыптасып, стилдік-көркемдік, идеялық-эстетикалық ізденістер өріс алғанын оқуышардың ой-өрісіне, біліміне сай түсіндіріп береді.

1919 жылы ұлттық «Алаш» ұйымы мүшелеріне кешірім жасалуы әдебиет дамуына игі әсерін тигізсе, осы жылдарда Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов т.б. түрмеге қамалып, Сталиннің жеке басына табынушылық, әділет заңдарын өрескел бұзуы нәтижесінде ондаған қоғам қайраткерлері, әдебиетші, жазушы, ақын, өнер адамдары, ғалымдар, партия-кеңес қызметкерлері жала құрбаны болғанын көрсетеді. Әдебиет қашан да тарихпен тығыз байланыста деген ұлтымыздың 52% (2,5 млн) адам қырылған бұл зұлмат тек өнерді ғана емес жалпы ел дамуын кенжелетіп тастады.

Осындай ел басына түскен ауыр зұлмат кезінің өзінде әдебиеттегі ұлттық рух өлген жоқ. Оқушыларға осы қиын кезеңдегі қазақ әдебиеті дамуы мен қалыптасуын Р. Нұрғали қысқа да нұсқа көркем тіл, нақтылы мысалдармен жеткізіп берген.

Жаңа буын оқулықтарын жазу оңай емес. Білім беру саласындағы озық ойлы мұғалімдер жаңа технологиямен жұмыс істеуде. Өз бетінше ойлай алатын, ізденіп, жұмыс істейтін, жан-жақты дамыған тұлға тәрбиелеуде оқуышларға қойылар талап деңгейі де өсу үстінде.

Әдебиетті ұлы тұлғаларымыз «адамтану құралы» деп танытса, оны жас ұрпаққа жан-жақты ойлантудың терең ойлаудың пәні ретінде оқытуда оқулықтың атқарар міндеті зор. Бұл шағын мақалада академик Р.Нұрғалидың «ХХ ғасырдағы жиырмасыншы-отызыншы жылдардағы әдебиет» тарауына ғана тоқталдық. Оқулық авторының қазақ әдебиетінің өкілдері өмірі мен шығармашылығы, әдебиеттен, ел тарихынан алар орны жайлы айтылған ой-тұжырымдары сауатты да дәлелді.

Академик Р.Нұрғалидың оқулық жазудағы шеберлігі мен білімдарлығы, жетістіктері әлі де зерттеушілер назарынан түспей, лайықты бағасын ала берері сөзсіз.



Пайдаланылған әдебиеттер

1.Нұрғалиев Рымғали «Телағыс» Әдеби дәстүр мен әдеби даму. Монография. Алматы « Жазушы» , 1986 .

2.Рымғали Нұрғали «Драма өнері» 1-том. Шығармалар жинағы. Астана «Фолиант» баспасы , 2005 .

3.Рымғали Нұрғалиев. «Трагедия табиғаты» (монография). Алматы «жазушы» , 1968.

4.Рымғали Нұрғалиев «Күретамыр» (монография). Алматы «Жазушы», 1973.

Кемелбаева А.

Қазақстан: Астана

ШЫҢҒЫСТАУ ШЫНАРЛАРЫ

Академик Рымғали Нұрғали өзі туып өскен Шыңғыстау өңірінің ақын-жазушылары туралы терең ғылыми монографиялардан бөлек, қысқаша сипаттама очерктер де жазды. Осы портреттік штрихтары мейлінше анық очерктерде ғылыми, адами мағлұматтар мейлінше танымды һәм қызғылықты болуымен ерекшеленеді.

Рымғали аға «Толғауы тоқсан қызыл тіл» атты зерттеу еңбегінде («Руханият» орталығы, «Үш қиян» баспасы) «Қазақ әдебиетіне Абай, Мұхтар сынды екі алтын діңгек, қос алыпты берген Шыңғыстау атырабы» деп өзі жазғанындай, осынау киелі өлкенің әдеби кеніші расымен бай, мағыналы, көркем екеніне ғылыми шолу жасайды. «Алтын шыққан жерді белден қаз» деп бабадан сөз қалған соң, ғалымның ірі зерттеулермен қоса шағын жанрды қомсынбай қатар алып жүруі орынды.

«Дегелеңге біткен шынар» атты очеркте ғалым Сапарғали Бегалиннің жазушылық һәм зерттеушілік қырын ашқан, көлемі аз бола тұра оның шығармашылық асыл мұрасын тегіс қамтыған десе болады. Рымғали Нұрғалидың ғалымдық зердесі мен көруі бұл орайда қиядағыны қалт жібермес тау қыранына ұқсайды. Ол өзі де жазушы С. Бегалин тұлғасын таумен өлшейді, бірден биіктетіп салады. «Ата қонысы – Шоқан мадақтаған, Жанақ ақын жырлаған Арқаның Дегелең таулары. Арғы атасы жұлдызшы, Жүгіней көріпкел. Бабасы Бегалы Ташкент, Бұқарда дін оқуын оқыған» деп Рымғали аға атаң қазақтың адам тегіне тартады деген рухани өлшемінен бастау алып мәлімдейді. Дегелеңнің Семей мен Қарқаралының арасын жалғаған мәдени ошақ екенін, жазушының «Замана белестері» атты ғұмырбаяндық романынан анық жайттарды айта келе, өз көзімен көрген, көңіліне түйген, ұсақ-түйек тәрізді сезілсе де, кісілік келбет пен мінез-құлық туралы деректерді қалт жібермейді: «Жазу столында ресми жиналыста отырғандай мұздай киініп алатын». Сондай-ақ, Сапекеңнің мұнтаздай киім киісі туралы сөз болғанда ғалым оның замандас жазушылары Ғабит Мүсіреповтың асқан кірпияз, сәнқойлығы мен Ғабиден Мұстафиннің «жағасы жоқ жеңсізді жылдар бойы иығынан тастамайтын» мінезімен салыстыра кетуді де әсте ұмытпайды. Бұл оқырман үшін тіптен қызық детальдар. Рымғали Нұрғали Сапарғали Бегалиннің өмір белестері мен шығармаларына тиянақты шолу жасауды мұрат тұтқан. Соның ішінде бұлдыр жылдар елесі естен шығарып жіберетін айрықша жұлдызды мезеттерді сүйсіне жазуы заңды, Мұхтар Әуезов өзінен екі жас үлкен Сапарғали Бегалинді құрмет тұтқан, ұлы Мұраттың есімін қойғызған екен. «Астына ат мінгізіп, қолына ту ұстатып Абайдың 100 жылдық тойын төбеге шауып шығып, бастап беру рәсімін Мұхтар Әуезов неге Сапарғали Бегалинге тапсырды екен? Мұхтардың апталап, айлап Шыңғыстауды аралағанда қасына ерткен сенімді серігі кім? Тағы да Сапарғали».

Сапарғали Бегалин XX ғ. қазақ прозасында өзіндік орны айқын жазушы, Мұхтар Әуезов рухында ұлттық ұлы танымдарды, сөз құнарын, таңғажайып сөз қорын өз шығармаларында ұлықтап кеткен жазушы. Бұл ретте ол әлі лайықты бағаланбай келеді. Бұл туралы академик Рымғали Нұрғали айтпай кетпейді: «Әсіресе, қазақтың көшпелі, бұрынғы тұрмыс, әрекетін жіті білетін С.Бегалиннің әңгіме, повестерінде мал баққан адамның психологиясы, аңшылардың жан дүниесі сенімділікпен, реалистік шыншылдықпен бейнеленеді. Бұл жанрдағы шығармаларда ұлттық өміріміздің енді қайталанбайтын, тарих қойнауына кеткен, суреткер қаламы тірілткен есте қалар, жанды картиналар бар».

Рымғали Нұрғали Сапарғали Бегалиннің зерттеушілік қырын, халық ақындары Иса, Шашубай, Төлеу, Доскей, Қуат шығармаларын сұрыптап бастырып, олардың тұңғыш өмірбаянын жазғанын, соның ішінде әсіресе, «Жамбылдың ата тегі» атты еңбегі оның фольклоршы, зерттеуші, оқымысты ретіндегі ең бағалы туындысы екеніне екпін түсіре жазады. Өнер иелерінен Тәттімбет, Әміре, Естай, Майра және күш атасы Қажымұқан өмірбаяндары жазушының өз халқының кіл жақсыларын кейінгі ұрпаққа аманаттаған азаматтық, оғландық парызына адалдығы. Академик мұны енді өз кезегінде соңғы буын ғалымдарға аманаттап отыр. Халықтың рухани әлемі қалыбын, тектілігін, мәртебесін осылайша бірден бірге көшкенде ғана жоғалтпайды.

Рымғали Нұрғали «Кең тынысты ақын» атты мақаласында (1980 жыл) былай деп жазады: «Ақын Шәкір Әбенов соңғы кездескенімізде: – Жаңа кітаптың атын «Шыңғыстау» қойдым. Кір жуып, кіндік кескен жерім. Бауырында сексен жыл ғұмыр кештім. Ылғи қарыздар адам секілді болам да тұрам, – деді». Шәкер атаның (елі ақынды осылай атайды) өз аузынан шыққан сөзі кейінгі ұрпақ үшін маңызы зор. Қазір жалпы жұрт тұңғыш президент Н.Ә. Назарбаевқа қазақтың ата салтымен бата берген абыз қария деп танитын Шәкір Әбеновтың эпик ақын, соңғы жырау екенін әзір көпшілік терең біле бермейтін сияқты. Зерттеу жағы кемшін, оны аймақтық дәрежеден асыра алмай отырғаны қазақ әдебиетінің өз кемшілігі, сыпыра теңгермешілігі. Біз асыл мен жасықты ажырата алмай қаламыз, жалқыны даралау феноменін білмей жатамыз. Мәдениеті мықты елдердің бәрі өз тұлғаларын сараптап, лайықты орнын екшеп, иерархия жасап қойған. Олар ешқашан Джефри Чосердің алдына Шекспирді дара шығарып қарамайды. Немесе қатардағы жазушыдан көпіртіп классик жасамайды.

Рымғали Нұрғали Шәкір ақынның төл талантымен қоса «Ескі шежіре, халық әдебиетінің білгірі Шәкір Әбенов Жанақ, Түбек, Дулат, Байкөкше секілді ақындардың мұрасын тұңғыш рет қағазға түсіріп, бүгінгі ұрпаққа жеткізген. Музыка мамандары Шәкір Әбеновтың айтуымен көптеген ән мен күйлерді нотаға жазды», – деп ұлтының асыл мұрасын ұрпаққа жалғаушы алтын көпір болғанына назар аудартуы заңды. Академик «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» атты поэмасының құндылықтарын тап басып, екшеп, сонылап айтады: «Шәкір Әбенов поэмасында фольклор мен жазба әдебиеті дәстүрінің жақсы тоғысын көруге болады». Расында Рымғали Нұрғалиұлының шолу мақалаларын келешек үлкен зерттеулердің ұйытқысы деуге әбден негіз бар. Соңында келе жатқан жас ғалымдарды баулу, жарық сәуле тәрізді жол салу, жөн нұсқау осы тақылеттес деректі шолулардан бастау алады.

Төлеужан Исмайылов туралы «Өлең жолы кесілмейді» атты мақаланы оқи бастағаннан-ақ қазақ үшін үлкен талант бір жерде жататын құбылыс тәрізді ащы ойға түсіретіні анық. «Осы азаматқа обал болды-ау деген бір өкініш іште жүретін» деп бастайды Рымғали Нұрғалиұлы бұл мақаласын, осы бір эмоцияға толы жалғыз сөйлемге қазаққа біткен қас таланттардың тағдыры байланған. Ол туралы «Ауыз екі сөз, алып-қашпа қауесет қана сақталған». Бұл ретте ғалымның ерлігі, құр дақпырт тәрізді осынау дерексіздіктен жол тауып шығып, тұманды теңізде адасқан кеме сияқты зерттеушіге маяк бола білуінде жатса керек. Төлеужан туралы ақын-жазушылардың естеліктерін тыңдап, қағазға түсіргені соның айғағы. «Тахауи Ахтанов: «Қойлар» деген ұлттық әділетсіздікке қарсы жазылған ғаламат өлеңі бар еді. Өзі жатқа оқитын. Өзгесін айтпағанда, сол бір шығармамен-ақ әдебиет тарихына кіруге қақысы бар деп айта алам»». Ал Тұманбай Молдағалиев ол туралы былай деген: «Төлеужан орыс тілін керемет білетініне таң қалушы едім. Төлеужан қазақшалаған Лермонтовтың «Мцыри» поэмасы – аудармадағы классика». Ақын Төлеужан Исмайылов өз қоғамынан күйгенін, ұлтының қоршылығын жаны күйіп сезінгенін ғалым терең сездіреді. Ноқтаға басы сыймаған осындай тұлғалардың екінші рухани өмірі болуы тиіс. Жұртшылық көбінесе американ жазушысы Теодор Драйзердің «Американ трагедиясы» атты романының аудармашысы ретінде танитын қайран ақынның өз қасіреті қат-қабат тұңғиықтарда жатыр. Соның ең негізгісі – ұлттық талғамның дамымай қалуы, жез де алтын, алтын да алтын деп хас дарынды дер шағында танымай, айырмай қарайтын теңгермешілікте жатса керек. Бұл әдебиетте халтураның меңдуана секілді қаулап өсіп кетуіне әкеп соқты. Сондай-ақ, өз кезегінде ұлттық идеологияның әлсіз жетілуіне әкеп соқты. Ұлттық идеологиясы төмен елдер опық жей бермек.

Рымғали Нұрғалиұлы Төлеужан ақынның Жанақтың тұқымы екенін, заманаға құл болмағанын, мадақпен күн көрмегенін, оның «Есіл» поэмасы сюжетсіз дастанның озық үлгісі екенін ашып жазады. Зерттеймін деген әдебиетшіге жол нұсқайды.

Ғалымның өзі айтпақшы, «жұлдыздар әлемі шоғырымен жаратылады».

«Қос қасиет» – қазақ тележурналистикасының алғашқы қарлығаштарының бірі, қоғам қайраткері Сұлтан Оразалин туралы достық толғаныс. «Шындап келгенде, тележурналист қарасаң көз тойғандай келісті, тыңдасаң адам ұйытарлықтай құнарлы сөз иесі» деп нақты формула салып берген соң, Рымғали Нұрғалиұлы Сұлтан Оразалиннің журналистік шеберлігін «Импровизациялық сипат бар. Ескі дәстүр, ақындық мектебінің жаңа бір құбылысы іспетті» деп дәл анықтама береді. Оның теледидардағы шаппа-шап сұхбаттың кәнігі майталманы болғанын лайықты бағалайды. «Қырғыз Айтматов, құмық Құлиев, авар Ғамзатов, орыс Распутин, өзбек Ариповтармен жүргізген Сұлтан сұхбат-хабарлары қазақ телеөнерінің абыройын кең тарапқа жайған болатын». Руханият әлемінде үлкен жазушымен терезесі тең дәрежеде сөйлесу үшін құдай дарытқан зор қабілет аздық етеді, телегей теңіз білім керек. «Қонақ тебіреніп сөйлейді. Оны тебірентетін Сұлтанның толғаулары».

Сонымен қатар тіл саясаты төңірегінде сіңірген азаматтық мол еңбегін, қазақ әдебиетіндегі сыншылық қалам қуатын, аудармашылық қырларын мейлінше ден қоя сөз етеді. Замандас құрбы, әріптес дос тұлғасы осылай жарқырайды.

«Үш тоғыс» – Шыңғыстау бауырынан өрген тағы бір азамат, филология ғылымдарының докторы, профессор Арап Еспенбетовтың шығармашылық жолына арналған. Сұлтанмахмұттанушы ғалым, кәрі Семейде алаш арыстарынан, Қайым Мұхамедхановтан кейінгі әдебиеттің шырақшысы, шәкірт тәрбиелеушісі Арап Еспенбетовтың ғалымдық һәм ұстаздық қырларына терең бойлайды. «Ғылым жолында қандай тақырыпқа бармасын Арап бәрібір Сұлтанмахмұт мұрасын тереңдете зерттеуді басты мақсат деп білді. С. Торайғыров мұрасының зерттелмей, ең бір күңгірт тартып жатқан тұстарына айрықша көңіл бөлді».

Рымғали Нұрғали бұл ретте ұрпақтар жалғастығына ерекше мән беріп, Абай, Шәкерім, Мұхтар рухани әлемінің Абайдың ақындық мектебінің түлектері Көкбай, Әріп, Шәкір, Төлеу сынды ірі өкілдерімен толыға түсуін, олардың буын сабақтастырудағы маңызды рөлін зерттеушілік Арап Еспенбетов тәрізді ғалымдардың төл ісі екенін анықтайды: «Арап Еспенбетов Қазақстандағы аймақтық әдебиеттануға ерекше ден қойған ғалымдардың алдыңғы тобында».

Шыңғыстау өңірінің әдеби процестері үздіксіз даму үстінде екенін осынау шоқ-шоқ шолу мақалаларында академик Р. Нұрғалиұлы айқын танытып кетті. Ол өмірдің өзі тәрізді үзілмеуге тиіс.



Шоңғалова А.С.

Қазақстан: Арқалық

АКАДЕМИК Р.НҰРҒАЛИДІҢ ШЕТЕЛ ӘДЕБИЕТІ

МЕН ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ БАЙЛАНЫСЫ ТУРАЛЫ ЕҢБЕГІ

Қазақ әдебиеті тарихы мен теориясын терең зерттеп, әлем әдебиетінен алар орнын көрсетіп берген, қазақ прозасы, поэзиясы, драматургиясының қалыптасу, даму кезеңдерін нақтылы дәлелдермен көрсетіп берген, әдебиетші, сыншы, қоғам қайраткері, Қазақстан Ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, мемлекеттік сыйлық лауреаты Нұрғали Рымғалидың ұлтқа сіңірген еңбегі ұшан - теңіз. Қазақ әдебиеті дәстүрі, дүние жүзі әдебиетімен байланысы, әдеби қозғалыс тағы басқа тақырыптарда жазылған монографиялық еңбектері жоғарғы оқу орындары оқытушылары мен студенттері үшін зор пайдасын тигізер бағалы қазына. Сонымен қатар академик 11-сынып оқушылары үшін оқулық жазу ісіне де өз үлесін қосты. Қазақ әдебиетінің жаратылыстану бағыты бойынша «Жиырмасыншы-отызыншы жылдардағы әдебиет», «Ахмет Байтұрсынов», «Жүсіпбек Аймауытов», «Ілияс Жансүгіров», «Сәкен Сейфуллин», «Міржақып Дулатов», «Мағжан Жұмабаев», «Әбділда Тәжібаев», «Ілияс Есенберлин», «Қабдеш Жұмаділов» бөлімдерін оқушы ұғымына сай етіп жазып шықты. ҚазМУ-ден журналист мамандығын алып шыққан ғалымның бар ғұмыры қазақ әдебиетін, оның проблемалары мен болашағын, теориясын зерттеуге арналғаны мәлім. Академик энциклопедиялық білім иесі әрі қаймағы бұзылмаған қазақы ортадан (Семей облысы), ұлтымыздың ұлы сөз зергерлері, қайраткерлері Абай Құнанбаев, Шәкәрім Құдайбердиев, Мұхтар Әуезов туған топырақтан шығуы, ұлт әдебиеті мен мәдениетінің тереңінен тамыр тартқан тарихын жете білуі, оның ғылыми жұмыстарының сапасына игілікті әсерін тигізгені сөзсіз.

Ғалым дүние жүзі әдебиетінің даму, қалыптасу кезеңдеріне тоқтала келіп, әлем әдебиетіндегі жарық жұлдыздар шығармашылығына терең талдау жасайды. Озық әлем әдебиеті өкілдері шығармаларының төл әдебиетіміз дамуына әсерін айқын көрсетеді. Әдеби дәстүр мен әдеби дамудың әр кезең, дәуір, ғасырдағы өзгеріп, түрленуін, дамуын нақтылы мысалдармен көрсетеді.

Батыс пен Шығыс мәдениеті, әдебиетіндегі түрлі ағымдар, әдеби-мәдени ауыс-түйістер жөнінде пікір білдіреді.

Неміс философы Освальд Шпенглердің «Европаның құлдырауы», ағылшын социологы Арнольд Гойнбидің «Тарихи зерттеу» деген еңбектерінде томаға-тұйық, тығырық шеңбер цивилизациясы теориясына талдау жасайды. Дамыған мәдениеттің кенже мәдениетті жұтып қоятыны, оның ұлттық ерекшеліктерін ірітіп, ассимиляция жасайтынын айтады. Әрбір қаламгердің үздік үлгілерді үйренуге құмарлығы, адамзат дәстүрлерінен қол үзбей, көркемдік жинақтаулар жасап, жаңа эстетикалық үлгісін туғызуға ұмтылуды басты міндеті етіп алғанда ғана табысты жұмыс боларына көз жеткіздіреді.

Ғалым әлем әдебиет озық ойлы өкілдері мен қазақ әдебиетінің тамыры тереңнен байланысқанын әдеби зерттеулеріне арқау ете білген. Қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы, философ, қайраткер ұлы Абайдан бастау алатын Гете-Лермонтов-Абай қазақ-неміс әдебиеті байланысы бүгінде жалғасын табуда. Қазақстанда Германия мәдениеті мен әдебиеті, Германияда Қазақстан мәдениеті мен әдебиеті күндері өту жылдарында әдебиеттер алмасуы тұрғысында көптеген жұмыстар атқарылмақшы. Үш ақын - Гете, Лермонтов, Абай қаламынан туған «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңіне мұражайдан арнайы бұрыш жабдықталған. Неміс классиктері шығармалары қазақ тіліне аударылса, қазақ жазушылары шығармалары орыс тіліне аударылуда.

Еш уақытта ешбір елдің әдебиеті, өнері томаға-тұйық жағдайда, ұлттық шеңбер ішінде ғана өсіп жетілмейді. Ана топырағында жаратылған өнер басқа жұрттардың озық, асыл қазыналарынан нәр алып, байығанда ғана өркен жая алады. Бұл орайда әдеби әсер, аударманың атқарар қызметі зор.

Академик Р.Нұрғали әлем әдебиетіндегі дара тұлға-данышпан Шекспир шығармаларының қазақша аударылуына ұлтымыздың біртуар ұлы М.О. Әуезовтен кейін терең талдау жасап, лайықты бағасын берген адам болды.

Өзі актер болып ойнап, сахна сырын жетік білген, драматургияға арнап көптеген мақалалар жазған, бірер шағын пьеса авторы , ақын, прозаик Мәжит Дәулетбаев Шекспирдің «Гамлетін» қазақ жұртшылығына 1931 жылы аударып, бастырып шығарған еді. Кітаптың алғы сөзін С.Сейфуллин жазған болатын. Дат елінде болған оқиға желісімен жазылған шығарманың дүние жүзінің көптеген елдері сахналарынан берік орын алып, халық көңілінен шыққанын, қазақ оқырманы үшін пайдасын сыншы нақты дәлелдермен көрсетеді.

Аударманы бүге-шігесіне дейін талдаған Р.Нұрғали аудармашының жоғары кәсіби шеберлігін бірнеше мысалдармен көрсеткен. Орыс тіліндегі нұсқадан тәржімаланған деген болжамды автордың ағылшын тіліндегі өлең шумақтарын келтіруін негізге ала отырып, Шекспирді түп нұсқадан түсінгенін дәлелдейді. Әрине, бүгінгі күн талабы тұрғысынан қарағанда кемшіліктерді көптеп табуға болар, ал сол өткен ғасырдың отызыншы жылдары көзқарасымен қарағанда бұл-қазақ әдебиетіндегі үлкен жетістік болғаны айқын.

Академик орысша нұсқадағы, түп нұсқадағы және аудармадағы ұқсастықтар мен өзгешеліктер, жетістіктер мен кемшіліктерді дәл көрсете білген. Әлем әдебиетіндегі жұмбақ жан, бәріне сұрақпен, сауалмен қарайтын, бір басына жан қайғысы жетіп жатқан Гамлет аузынан шыққан ащы запыран кім-кімді де бей-жай қалдырмасы анық.

Әкесін туыстары, бауырлары өлтіріп, шешесі ағасына тиіп, қайғының қара бұлтына көмілген Гамлет аузынан қандай сөздер шығуы керек? Іші өртеніп, запыраны ащы ойды улы тілімен жеткізудегі автор шеберлігіне нақты болжам, мысалдармен көз жеткіздіреді. Сыншы аударманың жақсы жақтармен қатар кемшін тұстарын да көрсетеді. Шекспирді Борис Пастернактан бастап бірнеше адам аударғаны белгілі. Солардың барлығының мағына дәлдігі, көркемдік сапасына қарай отырып, қазақша нұсқамен салыстырып, Воронченко аудармасына сүйенген М.Дәулетбаевта Гамлеттің әйгілі монологы сәтсіз шыққанын дәлелдейді.

Қазақ халқы мәдениеті мен әдебиетін дүние жүзіне танытқан ұлы жазушы, Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар лауреаты М.О. Әуезов әлем әдебиетінде өзі ерекше құрметтеп, ұстаз тұтқан екі есімді бөліп айтқан екен: олар прозада-Лев Толстой, драматургияда - Шекспир. Бұлардың творчествосын оқып, зерттеп үйрену үстінде М.Әуезов қазақ әдебиетінің асыл қазынасына қосылған, жанрлардың дамуына ықпал жасаған классикалық аудармалар жасаған. Соның бірі-«Отелло» трагедиясы. Шекспирдің бұл шығармасын орыс тіліне Н.Кетчер, П. Вайнберг, А.Радлова, М.Лозинский, Б.Пастернак, М.Морозов секілді жиырмадан астам автор аударған. Тұңғыш рет 1858 жылы жарияланған П.Вайнберг аудармасы 18 рет қайта басылса, Мұхтар Әуезов сүйенген Анна Радлова нұсқасы 4 рет қайта басылған екен. Р.Нұрғали осыншама орыс зиялылары жабылып аударған «Отеллоны» М.Әуезов классикалық үлгіде тәржімалауының қыр-сырын толық ашып көрсеткен.

Қазақ түсінігіне, ұғымына сәйкестіндіру мақсатында ақ өлең ұйқасын шебер пайдаланғаны, ырғақ тудырушы - жол басындағы ассонанс, аллитерация, ішкі ұйқасты шебер пайдаланғаны дәлелденген.

«Отеллоның» қазақша нұсқасының көркемдік қасиеттерін анық ұғыну үшін оны татар, қырғыз тілдеріндегі аудармалармен салыстырған.

М.Әуезов аудармасында Анна Радлова нұсқасына еліктеп, сөзбе-сөз дәлдікті қуып кеткен кезде көркемдік әлсіреген тұстары, Дездемонаны өлтіретін сәтте Отелло аузынан үш рет айтылған «молиться» деген сөз қазақшасында екі рет «намаз оқу», бір рет «дұға қылу» деп аударылған, мұсылман елінде намаз оқылады, ал бұл ретте дұға қылу болып аударылу дұрыс деген пікір айтады.

«Отеллоның» соңғы қазақша басылымында (1969) сөздерде қате кетіп, көп мағына бұрмаланған. (Р.Нұрғали. Өнер алды – қызыл тіл. А., 1974, 137-141 беттер.)

Алайда, бұл кемшіліктер тұтастай алғанда ұлы Шекспир шығармаларын қазақ оқырманына таныстыруда, кейінгі қазақ қаламгерлері оның шығармаларын оқып-үйреніп, үлгі алуына кері әсерін тигізе алмасы сөзсіз.

Ұлы Абайдан басталған әлем өнеріндегі үздік туындылардың, классиканың жүйелі аударылуы кейіннен лайықты жалғасын таба білді. Х.Ерғалиев, М.Әлімбаев, т.б. аудармашылардың әлем әдебиеті классиктерін қазақ тіліне тәржімалаудағы еңбектеріне лайықты баға берілді.

Аударма саласындағы тағы бір үлкен іс «Ұлы неміс» Иоганн Вольфганг Гетенің ұлы шығармасы «Фаустың» қазақ тіліне тәржімалануы болды. Гетенің «адам мүмкін еместі мүмкін ете аламын деген сенімде болу керек» деген қағидасын өзіне өмірлік серік еткен Медеубай Құрманов түпнұсқадан тамаша аударма жасап шығарып, сыншылар тарапынан жоғары баға алды.

Әлем классиктері шығармалары қазақ тіліне аударылып, қазақ оқырмандарымен қауышып қана қоймай, қазақ әдебиетінің дамуына да игі әсерін тигізді.

Қазақ әдебиетінде образдар сомдаудағы озық шетел әдебиеті әсері, үлгісі, жайлы айта келіп, ұлы неміс жазушысы Гетенің: «Мен шығармаларымды тек данышпандық арқасында ғана жазған жоқпын, олардың тууына мың сан дүние, адамдар нәр берген. Олар-ақымақтар һәм ақылдылар, жігіттер һәм шалдар; бәрі де бастарындағысын, не ойлайтындарын, қалай тірлік етіп, қандай қарекет қылатындарын айтқан. Мен үшін оларды жинап, өзгелер еккенді орып алудан басқа ештеңе де жоқ! (И.П. Эккерман. Разговоры с Гете. М.,-1, 1934, стр.845)

Жазушы қиялы арқылы екшеленіп, сұрыпталған бейне ғана жұртшылық тарапынан түсіністік табары сөзсіз.

ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Рымғали Нұрғали - қазақ әдебиетінің қалыптасу, дамуы, шетел әдебиетімен байланысы, қазақ аударма ісі, орта мектеп оқулықтарын жазу, драматургияның қалыптасуы тағы басқа тақырыптарда жүзден астам ғылыми мақалалары мен монографиялық еңбектердің авторы болды.

70 жылдық мерейтойын өзі көрмесе де, халқы, достары, әріптестері мен қалың оқырман қауым кеңінен атап өткелі отыр.

Бұл шағын мақалада академиктің ұлы ағылшын, неміс классиктері шығармаларының қазақ тіліне аударылуы жөніндегі ой-пікіріне тоқталдық. Қазақ әдебиетінің өткен тарихын тізбелей жазып, болашағына үлкен сенім артқан ғалым еңбегі уақыт өткен сайын, өзінің актуальдылығымен зор сұранысқа ие болып, жарқырай, көркейе берері сөзсіз.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   24




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет