КӨкейкесті әдебиеттану



бет23/24
Дата04.11.2016
өлшемі7,72 Mb.
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   24

АЛАШ ЖӘНЕ Р.НҰРҒАЛИ

Академик Р.Нұрғалидың қаламынан туған еңбектері – әдебиет әлеміне келген әрбір ізденушінің сусындайтын бұлағы. Сол қайнар көзден шыққан қомақты монографиялар мен зерттеу мақалалары оқырманды айтар ойының нақтылығымен, тілге жайлылығы тәнті етеді. Ізденуші өз бағытына жол көрсетуші ретінде нысанада ұстайды. Жетпіс жыл бойы зорлықпен енгізілген тоталитаризм жүйедегі қағидалардың күлі көкке ұшқанда ғалым Р.Нұрғалидың айтары көп-ақ. Қазақ әдебиетінің жан-жақты дамуына жауапкершілікпен қараған академик Р.Нұрғали: «ХХ ғасыр әдебиетін жаңаша пайымдау, оның кезең-кезеңіндегі стильдік-жанрлық ізденістеріне, бейне, көркемдік қазынасына баға беру, талантты қаламгерлер шығармаларының эстетикалық байлығын анықтау, бір сөзбен бос топырақтан кенді аршып алу – жеңіл-желпі шаруа емес, бұл – көп қажыр-қайрат жұмсауды талап ететін ұзақ шиыр»( 1,5б),- деуінің өзі қаншама тер төгіліп, еңбек етілгенін айғақтайды. Ол жетпіс жылдық үзілісті жалғады. Алдыңғы буын мен келер буынды жалғастыруды Алаш ұрандарының алдындағы парызы етіп санайды.

«Кеңес үкіметі, партиялық органдар қаншалықты қаталдық жасап, қырағылық көрсеттім дегенмен, алаш идеялары, ұлттық азаттық рухы, тәуелсіздік сарындары, әсіресе әдебиетте, өнерде, ғылымда жойылып кеткен жоқ.

«Партия қаулы-қарарларымен ой нысанасын, тақырып жүйесін, бейне бағытын, әдіс тәсілін белгілеп берген кеңес дәуірі әдебиетінің алғашқы өкілдерінің бәрі де Алаш ұранды әдебиет шығармаларымен ауызданған, жазу-сызудың әліпбиін солардан үйренген»(1,7б) деп Алаш қайраткерлерінің ісі мүлдем жоғалып кетпегенін, бұл қасиеттің ізі кейінгі зиялылар бойында жүргенін аңғартады.

«Тарихшылар, әдебиетшілер еңбектерінде, оқулықтарда, түрлі құжаттарда, көркем шығармаларда, кинофильмдерде күні кешеге дейін партия, үкімет тарапынан қадағаланып, жоспарлы түрде бағытталып отырған арнаулы саясаттың нәтижесінде Алаш қозғалысы, Алаш партиясы, Алашорда өкіметі туралы тарихи шындық бұрмаланып, қып-қызыл өтірік айтылып келді. Ең бастысы, Алаш қайраткерлері қазақ ұлтының қас дұшпаны болып көрсетіліп, олардың шығармаларына тыйым салынды.

Әділіне келгенде, Алаш қозғалысына қатысқан азаматтардың басым көпшілігі ұлт мүддесіне арналған күнделікті аршынды іс, қарымды әрекеттермен айналыса жүріп, қуғын-сүргін азабына қарамастан, әдебиет, публицистика, ғылым, аударма салаларында орасан бай мұра қалдырды.

Кейін қолдарынан билік кетіп, халыққа қызмет етудің бір-ақ жолы – оқу-ағарту саласы ғана қалған аз уақыт тыныс шақта ұлт тілінде ғылымның барлық жүйесі бойынша оқулықтар жасауға кірісті Алаш ұранды әдебиетті жасаған қаламгерлердің жеке басына, шығармаларына тән ортақ, сапалы белгілер олардың тағдырын, мұрасын біртұтас құбылыс ретінде қарауға мүмкіндік береді» (1,6б) деп олардың туған еліне деген сүйіспеншіліктерінің шексіз екенін анық аңғартады.

Аса көрнекті әдебиет сыншысы Р. Нұрғали туралы филология ғылымдарының докторы, профессор Р. Тұрысбек: «Алаш мұраты мен мұрасына адалдық танытты. Абай әлемі мен М. Әуезовтің шығармашылық мұрасына еркін енді. Ертеректе жазылған «Қилы заман» қандай туынды?» атты мақаласымен кезең көріністеріне, тарих пен танымға, уақыт бедеріне батыл қадам жасады. Ақиқатқа табан тіреді. Шындық жүзіне тура қарады. Тарих пен танымға, уақыт шындығы мен көркемдік шешімге маңыз берді. Ал, алыптар қайта оралғанда мақалалар топтамасында ұлт руханияттар мақтаныштары – А. Байтұрсынов, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытұлы т.б. кезеңі мен қызметін, өмірі мен шығармашылығын кең көлемде қарастырды. Қоғамдық құбылыстарға, кезеңдік көріністерге мән берді. Тарих тереңіне бойлады. Тұлғалар табиғаты мен тағдырларына ден қойды»,-(2,3б) деп әдебиетке деген адалдығы мен сүйіспеншілігін нақты көрсетті.

Ұлағатты ұстазымыз Р. Нұрғали Алаш каһармандарының бірі Жүсіпбек Аймауытов жайында: «Астаң-кестең ауыр, бірақ ерекше қуатты да қызық, әлеуметтік төңкерістер, ұлы революциялар заманында өмір сүрген Жүсіпбек Аймауытов ерте қиылған, қысқа ғұмырында артына аса бай, бағалы әдеби, ғылыми мұра қалдырып үлгерді. Ол В. Шекспир, В. Гюго, Г. Мопассан, А.С. Пушкин, Н.В. Гоголь, Л.Н. Толстой шығармаларын, “Интернационалды”, ғылыми еңбектерді аударды; педагогика, психология, методика туралы кітаптар берді; ұлы ақын Мағжан поэзиясы туралы терең де тамаша зерттеу жасады: әдебиет, эстетика, сын саласына араласты; әр жанрда публицистикалық мақалалар жазды; “Қартқожа”, “Күнікейдің жазығы” повестері, “Ақбілек” романы, сан алуан пьесалары – күрделі таланттың қазақ әдебиеті тарихындағы өлмейтін орнын анықтап тұр»,- (1,108б)деп көрсетті.

Қазақ прозасының кемелденуіне өлшеусіз үлес қосқан Жүсіпбек Аймауытов туындыларының сонылық сипатын, әсемдік әлемін ашуынан ғалымның эстетикалық талдаудағы шеберлігі жарқырай көрінеді. Мысалы, «Қазақ әдебиетінде реалистік роман принциптерін алғаш меңгерген қаламгерлердің бірі – Жүсіпбек прозадағы ырғақ, стиль, композиция, көркемдік құралдарға ерекше көңіл бөлді, әсіресе халық тілінің сан алуан байлығын еркін қолдана отырып, Еуропа, орыс әдебиетіндегі бейне жасау, мінездерді даралау, сезім бұрқағын, ой толғауларды көрсету дәстүрлерін еркін пайдаланды» (1,112б) деген тұжырымынан біз жазу стилімен бүкіл оқырманын тәнті еткен Ғ.Мүсіреповтің «Сырлы да сұлу, сарабдал да сиқыр сөз иесі Жүсіпбек Аймауытов менің әдеби ұстазым екенін жасыра алмаймын» деген сөзінің айқындала түскенін аңғарамыз. Сонымен қатар, әбебиеттанудағы жүсіпбектану арналарына деген құмарту мен ынтығуға бой алдырасың.

«Қаламгердің проза жанрында шебер, ықшам, көркем жазылған шығармаларының бірі – “Күнікейдің жазығы” повесі. Төңкерістен бұрынғы қазақ ауылының тұрмыс-салт суреттері, көш рәсімінің ерекшеліктері, қыз-бозбала, жігіт-желеңнің сауық кештері, алтыбақан, ақсүйек ойындары, той қызықтары, құда қарсы алу, күту, бәйге қызығы – ерекше махаббатпен, зор суреткерлік шабытпен, көркем, кестелі тілмен өрнектеле бейнеленген. Баянауыл атырабының Айдабол, Күлік, Ақбура, Тұлпар, Қозған, Қақсал секілді әйгілі руларының Шідерті, Өлеңті өзендерінің бойларына қарай қаздай қалқып көшу салтанаты, үлкендер мінезі, балалар ойыны, жастар қылығы: ер-азамат әрекеті көз алдыңыздан тірі, жанды сурет болып өтіп жатады»,-(1,115б) деп жазушының қазақ халқы көк-шалғын кең байтақ кең далада өзін еркін сезінетін табиғатына тән қасиет екенін айқындайды.

«Жонның қар суымен шығып, желкілдеп тұнып тұрған бидайық, шалғын жеймін деп жанталасып күліктен алдымен Ноқаң ауылы көшеді... Ноқаң кеткен соң, Ордабай ауылы да қопаңдайды. Өлі-тірілеріне қарамай, оларда айдайды. Айдағанмен Ноқаң бір сағым жеткізбейді» (3,13бет) деуінің өзі қызығы мен қиындығы қатар жүретін көшу салтанаты ел үшін мереке екенін әдемі суреттейді. Қаһарлы қыстан шыққан мал мен жанның көк майсада сайраңдауға жетуі көшпелі халық үшін той болары анық. Кеңдікке үйренген қасиетке ие халық үшін бұл шындығында да көз алдымызға «тірі жанды сурет болып» көрінеруі рас еді.

Қараша үйде күн кешкен қойшының қызы, табиғат сұлу жаратқан Күнікей кедейшілікті санамай нұрлы тіршілік рахатына батады. Шешесі Шекер бай қызынан кем қалдырмаймын деп арнап, кебіс тіккізбек. Бойдақ етікші Тұяқты күйеу бала етіп алу дәмесі де жоқ емес. Ордабай байдың қызы Шәмшіні ұзату хикаясының аясында жазушы жастық, серілік күндер, рахат, тәтті түндер, сахарадағы еркіндік хақында көп сырлар шертеді. Шешесі бермекші Тұяқ та емес, артына түскен бай баласы Қасым да емес, Күнікей батыр, палуан Байманмен жұлдызды аспан астында табысады. Бұл повесті қазақтың көшпелі ауылының бұрынғы тіршілігін, қаз-қалпында бейнелеген асыл реалистік туынды деп бағалау керек»-(1,115б) дейді ғалым-зерттеуші Р. Нұрғали. Расында да, Шекер бай қызынан кем қалдырмауды ойлайды. Баланы іспен емес, сөзбен, үлгімен емес, ақылмен үйретпекші болады. Өзіне «құдай жұқтырмағанды» қызына оқыды. Қыз көргенін тоқып тез есейді. Күнекейдің еркелігіне апасы ренжігенмен, көмейі бос: өзіне тартқанына, бозбаланың көз салғанын бір есеппен теріс те көрмей мақтаныш тұтады. Күнекей оны сезеді. Апасы жылтырағанды Күнекейдің үстіне жапсырады. Күнекей сөйлесе – түбін түсірген, оң қолынан өнер төгілген қыз болады. Ордабай байдың қызы Шәмшіні ұзатуда Күнекей ойын-сауықтан қолы босамай «мырзалармен» ат үстінде жүрген Байман жігітпен көңілдері жарасып, сөз байласады. Бұларды үйден, түзден аңдушылар табылып жолықтырмады. Күйеу жігіт Тұяқ келіп той-томалақтың ырымы жасалынады. Анасы «бата бұзған барқадар таппайды... ата-ананың қарғысына ұшыраған қыз оңбайды... Не де болса, талайыңнан көр... Құдайдың неден жарылқап, неден қарғарын қайдан білдің?..» деген сияқты сөздерді құлағына құйып отырғанмен Күнекей өз сүйген жігіті Байманмен түнде қашып кетеді. Албырт Күнекейдің әдемі күндерін жазушы «ер жігіттің қолына тиюмен» аяқтайды.

Жүсіпбек Аймауытов өз шығармаларында әлеуметтік елдің әл-ахуалын тікелей, кейде астарлай көрсете білген. Жоғарыда айтылған «Күнекейдің жазығы» повесінде қазақ қыздары жайында «...жалпы әйелдердің өлеңі, көбіне теңіне тие алмағанын, малға, шалға сатылғанын, қорлық көргенін, тым болмаса бір жылша ұзатпай тұруын жырлаған, сұраған, еріксіз, көріксіз өксіген өмірлерін суреттеген, мұң-зарлы, қайғы шерлі еді. Байқаған адам ол мұң зардысезген еді» деп қыз ғұмырының келтелігін де суреттейді. Шешесі он төрт жастағы Күнекейді күйеуге беруді мақсат құтады.

Р.Нұрғали зерттеулеріндегі құнды деректер деңгейі биік талдаулар әрбір ізденушінің ғылым майданы саласындағы үлкен құралы болып табылады. Р.Нұрғалидың «Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры» зерттеуіндегі Алаш мұратының ғұмырлығын діттеген асқақ азаматтық ұстанымы, отаншылдығы бізге «енші» болып қала бермек.

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Нұрғали Р. Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры. Зерттеу. Астана, «Күлтегін» баспасы, 2002 – 528 б.

2. Тұрысбек Р. // «Евразия университеті» газеті, 9 ақпан 2010жыл.


  1. Аймауытов Ж. Шығармалары. – Алматы: Жазушы, 1989. – 557 б.

  2. Ұлт мұраты және руханият. Астана: Арай, 2008. -632 б.

  3. Ақиқат мұрасы. Алматы: Таймас, 2008. -224 б.

Жақсымбетова С.

Қазақстан: Алматы

Р. НҰРҒАЛИ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ПРОЗАСЫНЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Қазақ әдебиетінің тарихында - әйел, ана тақырыбы әр алуан жанрларда кең орын алған. Әр алуан қырынан сөз етілген тұстары да бар. Атап айтқанда, тарихта есімдері мәңгі сақталған - Ұмай ана мен Тұмар ханым, Домалақ ана, Қызай, Аққыз, Құнанбайдың анасы - Зере, Абайдың анасы – Ұлжан, Ұлпан аналарымыздың өмірі ғибратқа толы, ісі мен өнегесі ұрпақтан-ұрпаққа аңыз боп тарап келеді. Ал мөлдір махаббат пен пәк сезімнің символына айналған - Айша-бибіні, Қыз Жібек пен Баян сұлуды, елі үшін жанын пида еткен қаһарман қыздарымыз - Әлия мен Мәншүкті әрдайым мақтан тұтамыз.

Қарапайым қазақ әйелі, оның қым-қиғаш тағдыры – ХХ ғасырдың басындағы әдебиеттен, ондағы әңгіме жанрынан да кеңінен көрінеді. Осы орайда, Ж. Аймауытұлының «Әнші», «Нағима», М. Әуезовтың «Қорғансыздың күні», С. Сейфулиннің «Айшасы», М. Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі», Б. Майлиннің «Шұғаның белгісін» атауымызға болады.

Жазушы өзі өмір сүрген дәуірдегі оқиғаларды көріп, оған араласады, ой елегінен өткізеді. Өз ой-пікірін, көзқарасын қалыптастырады. Осы тұрғыда заман келбетін, ондағы шындықты өзіндік деңгейде жеткізуде олардың артына қалдырған мол мұралары айғақ. Мысалы, М. Әуезовтың «Қорғансыздың күні» әңгімесіндегі уыз жас Ғазизаның қайғылы қазасы, С. Сейфулиннің «Айшасындағы» Айшаның қалың мал құрбаны болып өзі сүймеген жанға атастырылуы, М. Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» әңгімесіндегі Шолпанның бала көтере алмай өмірінің өксуі немесе Б. Майлиннің «Шұғаның белгісінде» Шұға мен Әбдірахман секілді бір-біріне ғашық жандардың ата-баба ғұрпының кесірінен қосыла алмай қазаға ұшырауы, кім-кімге де ой салады. Өмір бедері мол.

Аталған шығарма кейіпкерлерінің қай-қайсыда өз бостандығы, теңдігі, бақыты жолында қайғылы жағдайға ұшырайды. Қай-қайсысы да трагедиялық образ. Бұл тұрғыдан З. Қабдоловтың: «Қазақ әдебиетінде трагедиялық образдың небір керемет үлгілері бар. Әсіресе әйел образы айрықша галерея құрай алады: Қыз Жібек пен Баян сұлу, Қамар мен Шұға, Еңлік пен Сұлушаш, Құралай мен Күләнда... Осылардың қай-қайсысын алмаңыз, қасіретті, қиын тағдырлары оқырманды енжар қалдырмайды, оның ой-сезімін тұтқындап, баурап алады, жан дүниесін тебіренте сілкіп-сілкіп қалады, оны әрқайсысы өз тағдырына ортақ етеді» - деген пікірі көңілге қонымды. [1.142].

Жоғарыда аталған шығармалардан әйел, ананың өзіне тән нәзіктігі мен сұлулығының, әдептілігі мен тектілігінің шебер берілгендігіне көз жеткізе отырып, олардың әр түрлі қырынан суреттелгенін байқаймыз. Мысалы, М. Әуезовтың «Қорғансыздың күні» әңгімесіндегі әйелдер бейнесі де замана шындығымен тығыз байланыста алына отырып, сол кездегі жоқшылық, жесірлік секілді заман көріністері ащы айыпталады, шынайы беріледі. «Бұл үйдің барлық жаны – үш-ақ әйел. Пештің жанында біріне-бірі тығылып, бүрсиіп отыр. Әйелдердің біреуі – сексеннен асқан, кәрілігі әбден жеткен кемпір, екіншісі қырықтың шамасындағы әйел, үшіншісі он үш жастағы қыз» - деген жолдардан [2.12] жас шамасы әр түрлі үш бірдей жанның сыртқы көрініс суреттерінен, олардың көрген қорлығын, тартқан азабы мен тауқыметін, аянышты халін жазбай танисың. Бірі - кемпір үйдің қожасы болса, бірі – келіні, бірі – сол келіннен туған немере қызы. Азаматтарынан айырылып, тағдырдың ащы азабын тартып отырған сүйенер тірегі жоқ үш бейне, үш тағдыр арқылы заман келбетін жазушы шынайы жеткізеді. Жастайынан жақынына жанашыр, қамқор, мейірімді болып өскен, екі әйелге ермек, жұбаныш болып отырған – жас қыз Ғазизаның өмірін өлімге қиюы да аянышты.

Өз бақытын бала қуанышынан табатын, содан жүрегі шаттыққа толатын, ұлы аналық махаббатқа шомылатын, жасы келгенде немересінің қызығына тоймайтын, өле-өлгенше бақыт құшағында болатын әйел-ана. Бұл - о, бастан әйел болмысына жазған жол. Бұл кешегі дәстүрлі қазақ әйелінің жолы. - Кешегі баламнан қалған жалғыз көзім – бұл жылаған соң, бізде не тақат тұрады. Бұны жылатқан соң, қуарған қу өмірдің не бағасы бар? - деген жолдардан [2.19] ананың баласына деген қапысыз мейірімін, оның тағдырына алаңдаушылығын аңғарамыз. Анаға артылатын жүктің ауырлығын түсінеміз. Жасы қартайып, қуаты азайған ананың ендігі жерде ойлағаны немересінің жағдайы. Өзі көрген жетімдікті, қорлықты бұл көрмесе екен дейді. Тартқан азабы мен көрген қорлығына кінәлі – жесірлік, жетімдік,

Ал баласының уайымы неде еді деген сұраққа жазушы: Уайымы – осы үйдегі үш әйелге ортақ болған жесірлік, жетімдік. Бұлардың басынан тағдыр дауылы жаңада ғана соғып өткен. Қораның алдындағы жас бейіттер сол дауылдың салдарынан туған. Бұл әйелдердің қуаныш-қызығы да, үміт-қорғаны да сол суық қабырға өліктермен бірге көмілген» деп, [2.13] жылуы жоқ сұм өмірдің қаталдығын, арқа сүйер азаматынан айырылған аналардың өмірге деген құштарлығы солармен бірге кеткенін айта отырып, уақыт тынысын терең танытады.

Көргенінен көрмегені көп өрімдей жас қыздың ар-ұятты алдыңғы орынға қойып, басын өлімге тігуі – оның сол заманға деген наразылығы, қарсылығы. Оны мына жолдардан көреміз: «Қорлық, мазақ көрген Ғазизаның көзінен дүниенің барлық қызығы кетті. Жастығына лайық болған үміт, хиялдың бәрі де ойын басқан қараңғылыққа батты, көңіліндегі өмір сүрсем деген оттың ақырғы жалыны сөнді» [2. 25].

Өзіне соңғы рет бұйрық беріп, өмірінің соңғы сәтінде де ең жақын адамдарының жанына барып, оларға мұңын шағуын, Ғазизаның шарасыздығын жазушы төмендегіше береді: «Ғазизаның көңілінде қалған ойдың ең ақырғы бұйрығы: әкесі мен бауырының бейітіне барып, екеуінің арасында отырып зарлау! Дүниеде жетім болып, жалғыз қалғандағы басынан кешірген қасіретін шығару, азабын, дертін айту. Ғазиза бейітті бетіне алып: А, құдай, ендігі бар тілегім – осы көкемнің басына жеткіз! деп жүріп кетті. [2.25].

Ғазизаның отбасын, әкесін ойлауы – перзенттік парыз-қарыздан туған сағыныш, сырлы сезімдері болатын. Талай қиыншылықты, небір азапты күндерді басынан өткерген қорғансыз қыздың жауыздық құрбаны болып, жаны мәңгі толас тапқандай. «Әкесінің бейітіне жабысып, қасіретті өмірдің ақырғы қуатын сол жерде берген екен. Өлер сағатына шейін қабағын басқан қайғы бұл уақытта жадыраған: ізі қалған жоқ. Балалық жүзінде: «Менде жазық жоқ, мен тазамын» деген ашық тазалықтың белгісі, қайғы-қасіреттен сейілген жас баланың ажары бар» деген жолдардан [2. 27] жан, тән тазалығының үлгісін көрсетіп кеткен қазақ қызының мәңгілік бейнесі арқылы жазушы кезең көрінісін, уақыт шындығын шебер ашады.

С. Сейфулиннің «Айша» әңгімесінде әкесі Айша есімді кіші қызын әйелі өлген қара шұбар қисық қара сақалды Шәкірге отыз қаралы малға бермек болады. Мұндай бұйрыққа қарсы болған жас Айша: «Қатын бола алмаймын. Егерде мұндай адамға мені малға сататын болса, мен тәңір алдында көз жасымды кешпеймін! Және өле-өлгенше менің әке-шешем, туған-туысқаным жоқ деп білем!» дейді [3.17]. Әке-шеше, ағайын-туысқан бәрі де ата салтын бұза алмай, қанша қимағанмен, Айшаны ақыры жөнелтеді.

Еріксіз ұзатылып бара жатқан, Айшаны құтқаруға туған ағасы Әбіл мен оның жолдасы Әлкей аттанады. Бұлар түн жамылып жүріп, тығылып барып, бір қалт еткенде, белгі береді де, қуғыншылардан Айшаны құтқарып жіберіп, найзалы топпен өздері шайқаса кетеді. Айша осылайша, құлдық тырнағынан шығады.

Бұдан кейінгі Айша басындағы тебіреністер, әсіресе, оны көп қасқыр қаумалаған кездегі сезім күйлері, ой толқулары сенімді бейнеленеді. Қуғыншылар ұстап алса, еріксіз торға түсем-ау деген қорқынышты бастан кешіріп, шаршап-шалдыққан Айша ақыры қапастан жол тауып, жарық дүниеге үміт-сенімін артып, көп қиындықты артына тастап, Нілді зауытында тұратын ағасы Сапарғали мен көп ұлтты жұмысшылардың көмегімен аман қалады.

Жазушы біріншіден бауырмал, баласын басқадан қорғап жүреді деп сенген әкенің қатыгездігін, қиянатын әшкерелесе, екіншіден әке үкіміне, ата салтына қарсы тұрған, бас бостандығы жолында сол кедергілерді жеңіп шыққан Айшаның ерлігін шынайы көрсетеді.

Айша бейнесі – қазақ қызының бостандыққа ұмтылған, сол жолда көптеген қиындықтарды жеңген, күш-қуаты мол сенімді жастардың жиынтық бейнесі.

Мағжан Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» әңгімесі де өмір оқиғаларына құрылған, бай мен кедей қарым-қатынасы, әйел теңсіздігі, таптық көзқарастардың қыр-сырларын жан-жақты суреттейтін туынды. Әйел бейнесі мұнда да көркем, дәл шеберлікпен суреттеледі. Жоғарыда аталған әңгімелерден бір өзгешелігі өзі сүймеген жанға малға сатылатын қазақтың сансыз қыздарының ішінен әлдеқалай өзінің сүйгеніне тиген Шолпан бақытсыздығы құрсақ көтермеуінде еді. Алғаш ол: «Балалы болсам, ерімен екі арадағы жібектен нәзік махаббат жібі үзіледі, ізгі махаббатқа басқа бір жан келіп кедергі болады, жалынды, екпінді махаббатымыз бүлінер, бәсеңдер, суынар деп, әдемі өмірім бұзылар», - деп «Жасаған-ау, бала бере көрме?!» - деген қара ойын, жаман ниетін бір-ақ түнде өзгертеді.

Егер атам заманнан бері келе жатқан қағидалардың бірі, табиғат заңдылығы - әйел адамының бала сүюі, құрсақ көтеруі десек, Шолпанның алғашқы ойын бір-ақ түнде өзгертуі де оның ана, еріне сүйіп қосылған әйел екендігінде болса керек. Шығыста: «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» - деген мағыналы сөз бар. Сондықтан да болар, өз бақытын жас нәрестенің жұпар иісінен тапқан ана ғана әрдайым бақыт құшағында болады. Ол сонысымен де әдемі, бақытты болмақ.

Бірақ мұндай ойдың тереңіне бара алмаған Шолпан араларындағы жалынды махаббаттың заманның озуымен бірге бірте-бірте май шамдай еріп сөнетіндігі, құшақтың ыстығы өмір бойы бір қалыпта тұрмайтындығы, екі жүйрік жүректің екпіні баяулаған кезде бір-бірінен жирендірмей, бір-біріне берік байлайтын бала екендігі, баланың ер мен әйел арасындағы дәнекер екендігін кеш біледі.

Ол «Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» екендігін, баласыз өмірдің, ішіндегі дәні шіріп, кеуіп қалған шөптің қауызындай бос екендігін тез түсініп, тез шешім қабылдайды: «Жасаған-ау, бала бере көр!»- деген тілекті Шолпанның не аузы, не жүрегі айтушы еді, «Жасаған-ау, бала бере көр!- деп жас балаша өксігін баса алмай, Жасағаннан бала сұрап жатыр еді. Сопылық жолға түсуінің себебі де бала еді. Ауыл-аймақ Шолпанға: «Пірәдер келін», «Пірәдер жеңге», «Пірәдер абысынымыз» деп ат қойды. Үлкен де, құрбы да, бала-шаға да күлді. Бірақ Шолпан жүрегіндегі жараны ешкімге ашқан жоқ. Ашқанмен, олар ұғар ма еді! Тегінде адамның жүрек сырын шеттің ұғуы мүмкін нәрсе емес қой. Теңіз терең емес, адамның жаны терең [4. 174]. Сынға түскен адам тағдыры. Шолпан тығырықтан шығар жолды жалғыз іздейді. Осы жолда әйел-ана неге бармады десеңізші! Дұғалық нағыз, ішірткі ішу, үшкірту, түкірту, қақтыру-соқтыру, намаз, ораза, садақа, нәзір һәм басқа бас-аяғы жоқ құлшылықтан ақырында Шолпан шаршады. Бірақ бала бермеді. Жазушы басына күн түскен қыр әйелінің сол ауыр жағдайдан өз бетінше шығу үшін жасаған іс-әрекеттерін шеберлікпен көрсеткен. Бұл жазылғандардан «Ер елдің иесі, әйел – үйдің киесі» деген аталы сөздің қаншалықты орынды айтылғанына көз жеткіземіз.

Отбасындағы береке-бірліктің, өмірдегі әсемдік пен нәзіктіктің жолбасшысы бола жүріп, айналысына инабаттылықтың нұрын сепкен аналарымыздан үйренер нәрсе, алар үлгі мол-ақ.

Б. Майлиннің «Шұғаның белгісі» әңгімесінде бай қызы Шұға мен кедей жігіті Әбдірахман секілді бір-біріне ғашық жандардың әлеуметтік теңсіздік тәртібінен қосылуына мүмкіндік болмайды. Түрлі жаламен Әбдірахман жер аударылады. Арманына жете алмаған Шұға күйіктен дертке шалдығып қайтыс болады. Қайта оралған Әбдірахман Шұғаның өлімінің үстінен шығады.

Шұға сұлулығын жазушы былай суреттейді: «Шұға десе – шұға, өй, шіркіннің өзі де келбетті еді-ау... Аққұба, талдырмаш, көзі қап-қара... Осы, үріп ауызға салғандай еді. Ажары қандай болса, ақылы да сондай. Жеңілдік дегеннің не екенін білген бала емес. Сөйлеген сөзі, жүрген жүрісі қандай, бір түрлі паң еді-ау, шіркін!.. Бұл күнде ондай қыз қайда! Ажары тәуірлеу біреу болса, соны көтере алмайтыныны да білмейсің, ешкіге ұсап шошаңдап, көрінгенге бір соқтығып жүргені. Заман бұзылған ғой... Я... Осы күндегілердің бар тапқаны: Қызды оқыту керек дейді. Сол Шұғалар хатты зорға танушы еді. Сонда да осы күнгінің оқыған он қызына бергісіз еді. Айнала айтқанда, құдай сана берсін десейші...» [5. 240] деп жазушы кейіпкерінің сыртқы сұлу келбетін оның ішкі жан дүниесінің ізгілік, мейірімділік секілді әдемі қасиеттерімен үндестікте келісті бере отырып, шебер суреттейді. Нағыз әйел-ана осындай нәзік, ақылды болса керек дегенге әкеп саяды.

Шұғаның бейнесін толықтыра түсетін тағы бір сурет: Бір отауда Шұға кездесті. Көрісіп амандасқаннан көзімді ала алмадым: Апырым - ай, адамзатта да осындай сұлу болады екен-ау!.. Аққудың көгілдіріндей, осы аппақ... Үстінде шетін кестелеген ақ көйлек, омырауын неше түрлі ілгектермен безеп тастаған, қызыл пүліш қамзол, басында үкі таққан түлкі бөрік; өзі сұлу адамды мүлде онан жаман жандырып құбылдырып тұрды. [242-бет].

Жазушы ақыл-ажары келіскен, көркем де парасатты қазақ қызының бойындағы өнерін де ашып айтады. Осындай ақыл-көркіне қоса, Шұға әнші, өлең де шығарады. Шұғаның:

«...Не мұңдық бұл дүниеде – қыздар мұңдық,

Атадан мұңдық болып неге тудық.

Атадан болып мұңдық тумас едік,

Бұрынғы ата - баба жолын қудық...» [5. 248]

деп келетін зарлы өлеңінен сырт көзге ештеңеден шаласыз, армансыз сияқты болып көрінген бай қызы Шұғаның да өз мұңы, өз қасіреті барын сеземіз және мұндай күнге душар еткен – бұрынғы ата-бабалар жолы, кертартпа ғұрып екендігін де жақсы білеміз. Шұға басындағы үлкен қасірет – жеке бас бостандығының болмауы.

Сондықтан ол бас бостандығына, махаббат еркіндігіне ұмтылады. Бірақ ол дегеніне жете алмай, арманда кетеді. Осы ащы өлімінде сол заманға, сол кездегі құрсау әдет-ғұрыпқа деген наразылық, қарсылық лебі бар.

Шұға тағдыры – бейуақыттағы бүкіл қазақ қызының тағдыры. Жазушы кейіпкерінің өмірі мен тағдырын шыншылдықпен бейнелей отырып, заман сипатын, уақыт тынысын шынайы түрде ашады.

Б. Майлиннің «Күлтай болыс», «Раушан коммунист», «Кеңес ағасы Кәмила» әңгімелерінен кеше ғана байлардың күндігінде жүрген әйелдердің мемлекет жұмыстарына араласып, қызмет атқарып жүргендері ерекше қуантып, шабытына шабыт қосқан. Соның ішінде оқшау тұрғаны «Раушан-коммунист» әңгімесіндегі Раушан образы. Раушан – қатардағы көптің бірі. Совет үкіметі сол қарапайым жандардың алдынан жарқын жол ашты. Раушан сол жолмен ілгері басады. Бірақ бұл – бұлтарысы, кедергісі көп, қиын жол. Еңсені езген ескілік, халықтың ой-санасын улаған әдет-ғұрыптар оңайлықпен ысырылып жол бермейді. Раушан сол қиындықтардың бәрін өткеріп, біртіндеп жеңіп, өседі.

Раушанда мол ақыл, парасат бар. Ол өмірге, өз жайына, өзіндей әйелдердің тағдырына ойлана, толғана көз салады. Раушан образы арқылы киелі қазақ шаңырағының алтын қазығы әйел екендігіне тағы бір көз жеткіземіз. Оның қара шаңырақтағы өз орнын біле отырып, ел тірлігіне араласуынан қазақ әйелінің күйкі тірліктің артынан кетпей, қазақ әйелінің өзіне тән өжеттігіне, жігерлігіне, еңбекқорлығына, жаңалыққа ұмтылушылығына бас иеміз. Әйел бойындағы бұл қасиеттер шығарма кейіпкерін биік деңгейден көрсетеді.

Әңгіменің аяғында Раушан астанада үш жыл оқып қайтқан қалпында көрінеді. Бұл – баяғы Раушан емес. «Раушан!.. Бұдан үш жыл бұрынғы – ауыл әйелінің бірі болып жүрген Раушан!.. Ондағы Раушанмен қазіргі Раушанның арасы жер мен көктей. Қазіргі Раушан: мектеп бітірген, білім алған, саясатқа ұстарман; Маркс, Ленин қисынымен құралданып, социалистік өмірдің тұтқасын қолыма ұстаймын деп белсеніп шыққан Раушан!..» [5. 471] - деген жолдардан қазақ әйелінің рухани түлеп өскенін, оның жарқын тағдырын көреміз. Жазушы Раушанның өсу жолын, өмірлік жолын шынайы әрі нанымды суреттейді. Бұл суреттер тура өмірден алынған қарапайым әрі түсінікті.

Ж. Аймауытовтың «Әнші», «Нағима» әңгімелерін алсақ, жазушының кейіпкерлері қалың мал құрбаны болып, өзі сүймеген жанға атастырылып кете бермейді. Олар жаңашыл жандар ретінде беріледі.

«Әнші» әңгімесіндегі Ақтамақ пен Шәкет образдарын жазушы өмір сүрген ортасы мен қарым-қатынасы негізінде өмірге деген ұғым-түсінігін, көзқарасын анық көрсете білген. Бір уақытта өмір сүрген екі бейне, екеуі екі түрлі жағдайда алынған, бірі гүлдей жайнап, еркін өскен Ақтамақ. Оны автор әнші Әмірқанның суреттеуі бойынша: «Ормамбетте Ақтамақ деген бір тамаша қыз болды. Үріп ауызға салғандай, жұтынып тұрған сұлу еді. Міне, биыл отыз екіге шығып тұрмын, ондай сұлуды көргем жоқ. Өзі паң. Жөпшеңді бозбалаға көзінің қырын да салмайды. Пысықсыған талай жігіт маңына дари алмай қойған.» [6.419] - деп ақыл-парасаты мол қазақ қызының көл-көсір сұлулығын, тәрбиелі, сабырлы, ойлы мінезін Ақтамақ бейнесі арқылы көрсетсе, «Шәкет он бес-он алтыдағы жас бала. Пәлен сұлу да емес. Бірақ бет пішіні, көз қарасы неше алуан құбылады. Кейде қасын керіп сызыла қалады; кейде назданғандай көзін қысыңқырап қылымсиды, кейде сені сүйем дегендей құлықтанып терең қарайды; кейде көзін жалт еткізіп жайдарылана қалады. Әйтеуір тоқсан құлпырып отырған бір көз. Қонақтарын не бір-екі ауыз әзілімен, не сиқырлы көзімен сыйлай біледі. Аңғал адам ішінен «мені тәуір көріп отыр» деп ойлап қалатын. Шәкет кімді жақсы көргенін бір алла білмесе, кім білсін... Көзімен алдап, ақшасын қаққалы отырғанын ақымақтар қайдан білсін... Бірақ осы шығармалар қазақ әйелінің күнделікті күйкі тірлігін, от басы, ошақ қасын жоғары дәрежеге көтерген. Кейіпкерлері ширақ, етек-жеңі жинақы, жігерлі, төзімді, еңбекқорлығына бас иеміз.

Әркім барын базарға салып, мал таппақ, күнелтпек қой. Шәкет те көзін сатып күлгірленіп отырғаны – күнелтудің қарасы. Тұрмыс, жоқшылық не қылғызбайды, Шәкетті бұзған да сол мұқтаждық. Шәкет бір үйлі жанды көзімен асырап отыр. Шәкет ақшаға қызықса, әлдекім біледі... Аяйсың Шәкетті. Қарғайсың мынау отырған есіріктерді. Мынау жүгенсіздер, анау қасын керген жеңгесі Шәкетті бұзбай қояр ма ?..» -деп [6. 411-412] Шәкет бейнесі арқылы сол кезеңнің шындығын, рухани келбетін ұтымды береді. Мұндай әрекетке Шәкет өз еркімен барып отырған жоқ. Жас Шәкетті мұндай жағдайға жеткізген тағдыр талқысы, жастайынан көрген қиындығы. Шығармаларда қоғамдық өмірдің шындығы терең бейнеленіп, қыздардың ішкі рухы, биік өресі қарапайым көрінгенмен сезім әлемі көркем ашылған. Жазушы айтар ойын кейіпкерінің өмірімен, ішкі ой-толғаныстарымен байланыстыра отырып, заман шындығын анық көрсетеді.

Бұған З. Қабдоловтың «Суреткер - өз заманының ұлы, өз дәуірінің үні, ол өзі өмір сүріп отырған мезгіл мен мекендегі қандай құбылысқа болса да енжар, бейтарап қарай алмайды. Оны бәрі тебірентеді, ол бәріне араласады» деуі дәлел [1. 117]

Ал, жазушының «Нағима» әңгімесінде көтерілген мәселе қазақ жастарының өз бақытын табуы, тең құқылы азамат болуы. Әңгіменің негізгі кейіпкері «тыныш жұмыспен ғана айналысып жүрген ауылға көрік беріп, келген кісілердің ықыласын аударатын Танабай ауылының көрікті, сұлу қызы – Нағима. Жасынан әкесі өліп, екі ағасымен шешесінің қолында. Бір үйдегі жас бала болғандықтан еркелетіп, бетін қайтармайтын. Бой жете келе Нағиманы ағалары қалада тұратын Есжан атты бай саудагерге тұрмысқа береді. Бұған қарсы болған Нағиманың сөзін ағалары құлақтарына да ілмейді. Амалсыздан көнген Нағима шығарманың соңында сүйген жігіті Қасымбекпен қашып кетеді. Жазушы Нағима басындағы қиындықтардың оны жасыта алмағанын, қайта қиналған сайын шыңдала түскенін, жан дүниесінің тереңдігін, нәзіктігін суреттеп, ішкі қасиеттерінің астарын ашады. Сол уақыттың саяси кезеңдері, еңбекшілер төңкерісі бір-біріне ғашық болған жастар - Қасымбек пен Нағиманың қосылуына себеп болды. Ғасырлар бойы қалыптасқан, қанымызға сіңген менталитетіміз қазақ қыздарын қатаң да қатал рухани тәртіпті ұстағандықтан болар, оның әйел кейіпкерлері әрқашан тепе-теңдікті ұстаған. Қазақ әйелінің жаңа өмірге деген көзқарасы мен түсінік-танымының артып, уақытқа сын көзімен қарайтындай деңгейде берілуі.

Жоғарыдағы шығармаларға қарағанда бұл әңгімеден жаңашыл сипатты, жаңа көзқарасты көреміз.

Жалпы Ж. Аймауытов әңгімелерінің тақырыбы әр алуан, ойы терең, әрі қарапайым тілмен жазылған. Ол туралы профессор Р. Тұрысбек: «Демек, әйел тақырыбына арналған әңгімелерде қоғам құбылыстарынан басқа сөз болған ана-арудың махаббат пен мейірімге толы жүрегі, өмірден алған тағылым-ғибраты, тар жол тайғақ кешуі, сезім-сыры кім-кімге де ой салады» - дейді [7. 146].

Ж. Аймауытовтың шағын әңгімелері, негізінен жазушы өмір сүрген дәуірдің шындығын бейнелеуге арналады [8].

Негізінен, қазақ әңгімесіндегі әйелдер бейнесі әр кезеңде-ақ сөз етілген-ді. Алайда, ХХ ғасырдың басындағы қазақ әңгімелері, ондағы әйел-ана, еңбеккер орны - М. Әуезов, С. Сейфуллин, Б.Майлин, М. Жұмабаев т.б. шығармашылық мұраларымен толыға түсті. Өмір оқиғаларын, замана шындықтарын бейнелеу амал-тәсілдері, ізденіс мұраттары кеңінен көрініс берді. Ендеше, ол ерекшеліктерді ашу, танып-талдау қашанда мәнді.

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Қабдолов З. Сөз өнері. - Алматы: Санат, 2007. - 142 бет

2. Әуезов М. Қорғансыздың күні. Әңгімелер мен повестер. – Алматы: Атамұра, 2002. – 13, 19, 25, 27 беттер

3. Сейфулин С. Таңдамалы шығармалар: – Алматы, 1973. - 17 бет

4. Жұмабаев М. Шығармалар жинағы. – Алматы; 2002. – 115 бет

5. Майлин Б. Таңдамалы шығармалар: Алматы: 1958. - 240, 242, 248 беттер

6. Аймауытов Ж. Шығармалары: Романдар, повесть, әңгімелер, пьесалар. - Алматы: Жазушы, 1989. - 411-412, 419 беттер

7. Тұрысбек Р. Тарих. Таным. Тағылым. - Астана: «Astana Bilding» ЖШС, 2008. - 146 бет

8. Аймауытов Ж. Шығармалары: Алматы; Ғылым, 1999. – 270 бет

Тоқтағазы Е.

Қазақстан: Астана

Ә.МАРҒҰЛАН МҰРАЛАРЫ Р.НҰРҒАЛИ ЗЕРТТЕУІНДЕ

Қазақ халқының көрнекті ғалымы, айтулы әдебиетші һәм зерттеушісі, академик Әлкей Хақанұлы Марғұлан өзінің саналы бар ғұмырын туған халқының тарихы мен археологиясына, әдебиеті мен мәдениетіне арнауына артында қалған бай мұралары, ғылыми зерттеулері, дәлелді құнды пікірлері мен тұжырымды да, нақты ойлары дәлел.

Кезінде Әлкей Хақанұлы туралы көптеген белгілі ғалымдардың арасында: «Шығыстың тылсым жұмбақтарына қызыға ден қойған біздер үшін... сол Шығыстың өзі сияқты немесе біздің бақытымызға тап болған шығыс кеніші сияқты [1, 9]» - деп А.Кононов жылы лебіз білдіргендігін, ал, Н.А.Баскаков: «Ә.Х.Марғұлан – қазақ халқының маңдайына біткен ірі ғалымдардың бірегейі [1, 10]», К.Ш.Шаниязов: «Ол кісінің білім деңгейін асқақтаған Алатаудың асқар шыңына балар едім. Әлекеңнің қиыны мен қуанышы мол ілім жолы өкшелес бізге, әсіресе кейінгі ұрпаққа өшпес мұра, кең қазына, құрмет тұтар үлгі. Бұл өзбек ағайындар үшін де ортақ мерей [1, 12]», Ш.Чокин: «То, что А.Х.Маргулан сделал для реставрации духовного наследия народа, выходит за рамки науки и имеет общечеловеческое значение [2, 6]» сынды ғалымның еңбегіне берген бағалауларды білеміз, бұл ары қарай созылып кете береді. Мұндай бағалы пікірлер қай кезде де құнын жоймақ емес.

Әрине, ғалымның туған еліне деген ыстық махаббаты мен ілім-білімді терең меңгерген орасан зор қабілетінің арқасында бірнеше саланы қатар меңгеріп, туған халқының, әрісі түбі бір түркі ғылымына қызмет етуі жөніндегі әңгіме бір басқа. Тарих пен археологиядағы еңбектері жан-жақты зерттеліп келеді, мұның ішінде азды-көпті зерттеу мақалалар болмаса, әдебиетке еткен ерен еңбегін де жүйелі түрде зерттеп-зерделеу кейінгі уақыттың еншісінде қалып келе жатқандығы белгілі. Осы тұрғыда белгілі әдебиетші-ғалым Рымғали Нұрғалиұлы Нұрғали Ә.Марғұланның шығармашылық ғұмыр жолын, әдеби еңбектерін саралай келе:

«Қазақ халқының азаттық соғысының әйгілі қаһармандарының бірі – Олжабай батырдың жетінші ұрпағы Әлкей Хақанұлы елімізге жүздеген тамаша талантты перзенттерді берген қасиетті топырақта жаратылып, бала күнінде ертегі, аңыз, өлең, жыр, шешендік сөздің шалқар теңізінде жүзіп өскен, ауылда мұсылманша хат танып, алаш зиялыларының ықпалында болып, губерния орталығы Семей қаласында оқығаннан кейін, Ленинградта екі бірдей мамандық бойынша алған жан-жақты білімін тарих, археология, этнография, әдебиеттану, өнертану салаларында кеңінен қолданып, ұзақ жылдар бойғы табанды еңбегінің арқасында жойқын ғылыми нәтижелерге жеткен кең құлашты, терең ойлы энциклопедист ғалым [2, 8] – деп Ә.Марғұлан өмірінің белестерін ғылыми-шығармашылық еңбегіне байланыстыра қарастырады. Мұнан әрі:

«Оқымыстының барлық күш-қуаты – ғұн, сақ, үйсін, қыпшақ, оғыз дәуірлерінің тарихына, көшпелілер мәдениетіне, археологиясына, көне аңыз, мифтерге, түркологияға, ескі қалалар құрылысына, архитектураға арнап, кеңес заманына қатысты мүлде қалам тартпаушы орыс отаршылдығына, коммунистік тоталитаризмге іштей қарсылық, ата-бабаларының бір кезде жасаған ұлы мемлекетіне, олардың азаттық-рухани салада тудырған ғажайып өркениетіне деген мауқы басылмаған мәңгілік махаббатынан туған қайсар да қастерлі құштарлық болатын. Компартияның қылышынан қан тамған қаһарлы заманда қоғамтанушылар, тарихшылар, философтар, экономистер, заңгерлер қызыл танау саясат, шаш ал десе, бас алған науқанды, әдебиетші-жазушылар билік алдында бас шұлғып, өтірікті шындай, шынды құдай ұрғандай, ақсақты тыңдай етіп тарих, өмірді бояп көрсететін топан туындыларды, өтірік кітаптарды қойдай қоздатып жатқан алдамшы дәуірде бекерге былғанбай, есіл еңбекті айдалаға жібермей, ғасыр тұңғиығына саналы түрде сүңгіп кетіп, ұлт алдындағы азаматтық парызын адал абыройымен ақтап кеткен академик Әлкей Марғұлан аруағына ұрпақтары бас иеді [2, 8]» деген нақты байлам айтады.

Бұдан әрі ғалым туралы ой сабақтағанда Р.Нұрғали ғалым дарынының ерекше бір белгісі ретінде зерттеу нысанасына қатысты бұрын айтылған, жазылған мәліметтерді мейлінше толық қамту, олардың хронологиясын сақтай отырып, тарихи тұрғыдан бағалап, келіспейтін, даулы пікірлерге өз тұжырымын ұсыну екендігін ашып көрсетеді. Мұны «Бар қазына халықта. Ғылымның басты мақсаты – сол қазынаны халықтың өз кәдесіне жарату» дейтін Ә.Марғұланның жастарға айтқан төмендегідей ойлары да толықтыра түседі: «Қай жұмысты болса да ұйымдастыра білу керек. Бірақ ғылыми жұмысты ұйымдастыру басқарақ, мұның тәсілі басқа» - дей келіп, «Мақсат – соңына түскен мәселеңді түбегейлі зерттеу. Қалайда кейін жазғаныңда мына нәрсе қалып қойыпты дегізбеу керек. Үлкен ғалымдар сөйткен. Мен шын үлкен ғалымдарды айтам. Шала-пұла зерттеп, жаза салуға болмайды [1, 8]» деген әрі жанашыр кеңес, әрі қатал үкім айтады және өзі де осы қағиданы берік ұстанады. Ғалымның әдебиетке қатысты мұраларын зерделеген Р.Нұрғалидың «Кеңдік пен тереңдік» атты зерттеу мақаласынан осыны айқын аңғарамыз.

Аталған мақалада Р.Нұрғали ғалымның зерттеген еңбектерінен қазақ эпосының ғажайып туындысы – «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жыры, түркі халықтарының ортақ ұлы мұрасы «Қорқыт кітабы», «Оғызнама», Орхон-Енисей ескерткіштері екендігіне назар аударып, әрқайсысына жеке-жеке тоқталады. Қырғыз халқының «Манас» жырының Шоқан жазып алған нұсқасының зерттелуі туралы баяндайды.

Ә.Марғұланның әдеби-зерттеу еңбектеріне зер сала отырып, жоғарыда аталған еңбектерімен қоса 1945 жылы қазақ ғылымының тарихында тұңғыш рет «Қазақ халқының эпикалық жырлары» тақырыбында докторлық диссертация қорғағанын және осы еңбекке жақын, деңгейлес жасалған жұмыстың, шынында, ғылымда әлі күнге жоқ екендігін тани түсеміз. Әлкей Марғұлан еңбектеріне кеңірек назар аударған тарихшы ғалым Ж.О.Артықбаев: «Бұл жұмыс Әлекеңнің талай жылдық еңбегінің бір қорытындысы сияқты – жыр туғызған көшпелі ортада балалық шағын өткізген, жасынан жыр жаттаған, жырға балқыған қазақтың қарияларын, мөлдір көзінен жыр тыңдағанда жас тамып отыратын аруларын көрген Әлекең үшін бұл тақырып ерекше қымбат еді. Ғұлама үшін қазақ жырының орны бөлек бұл жырды әлі күнге Әлекең сезінгендей ешкім сезінген жоқ, оның Едіге, Орақ-Мамай туралы жазылғандарын тебіренбей оқу мүмкін емес. Ал енді Әлекең мұрасының ішінде «Қозы Көрпеш – Баян сұлудың» орны бөлек [3, 55]» дей келе, ұлы ғұламаның бұл жыр туралы ғаламат сүйіспеншілікпен жазғанын, өзі көп қолданатын «жойқын» сөзін атап көрсетеді. Ғалым еңбектерінде жиі кездесетін осы бір «жойқын» сөзін Р.Нұрғали да ғұламаға арналған зерттеу мақаласында қолданып, «жойқын ғылыми нәтижелерге жеткен кең құлашты, терең ойлы энциклопедист ғалым» деп бағалайды. Бұл, әрине, қос ғалымның да ғұлама еңбектерін терең түсініп, талдауының нәтижесі болса керек.

Р.Нұрғали ғалым еңбектерін зерттей келе, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырына байланысты орыс оқымыстыларының 150-200 жылдың ішінде жасалған еңбектерін Марғұланның тәптіштей баяндай отырып, фольклоршы, жинаушы, аудармашыларды даралай атап, әрқайсысының жұмысына лайықты баға бергендігін және А.Левшин, Г.Потанин, И.Белянцин, Н.Пантусов, Г.Ганс, П.Золотов, Н.Карамзин, Е.Старков, Е.Александров, В.Федоров, С.Броневский мен тағы басқалардың жазбалары, деректері, анықтамаларымен қоса Шоқан, Радлов, Жанақ, Мәшһүр Жүсіп, Шөже, Ильминский нұсқалары, қолжазбалары сақталып жатқан кітапхана, архив қорларын нақты көрсеткенін, жетпіс жеті темір қақпаның аржағында жатқан байлықтардың кілтін қолға ұстататындығын өзі де жан-жақты тәптіштей баяндайды. Орыс зерттеушілерінің жырды зерттеуін ғұлама зерттеуімен салыстыра қарап, көне жырда кездесетін тау, жер-су, өзен-көл, тау-тас атауларын келтіре отырып, жырдың көне нұсқаларынан ғұн, сақ, үйсін, қаңлы дәуірлеріндегі шындықтарды табатындығын анықтайды. Халық аңызында ғашықтарға арналған ескерткіш деп танылатын кесенені ғұламаның зерттей келе исламға дейінгі дәуірде туған сәулет өнері туындысы екендігін дәлелдеген ғалым еңбегін Р.Нұрғали риясыз мойындайтындығын және ғұламаның пікірін қостайтындығын: «Бұл – жырды орта ғасырларда, ноғайлы дәуірінде, тіпті бергі заманда туды дейтін әртүрлі болжамдардың қате екендігін көрсететін фактілердің бірі [2, 10]» - деген пікірімен қорытады.

Түркі халықтарының ұлы мұрасы «Қорқыт кітабының» XVIII ғасырда араб қарпімен қағазға түсірілген Дрезден (Германия), Ватикан (Италия) қолжазба нұсқалары басылып, басқа тілдерге аударылғаннан кейін, фольклоршы, этнограф, филолог, дінтанушы көптеген ғалымдардың зерттеу нысанасына айналып, шығыстану ғылымының арналы да терең бір саласы – Қорқыттанудың қалыптасуы, бұл туралы қазақ ғалымдары Ш.Уәлиханов, М.Көпеев, М.Әуезов, Ә.Қоңыратбаев, арнайы кандидаттық диссертация жазған Ш.Ибраев бұл орайда өз тұжырымдарын айтса, Әлкей Марғұлан Қорқыт тақырыбын жан-жақты қарастырып, көптеген проблемаларды терең зерттеп, ғылыми мәні зор еңбектер тудырғандығын баяндайды Р.Нұрғали өз зерттеуінде. Әдебиетші ғалым бұдан әрі ғұламаның Қорқыттанудың жаңа нысандарын ашқандығын баяндайды. Қорқытқа байланысты жүйелі түрде еңбек еткендігін Ә.Марғұланның «Ежелгі жыр, аңыздар» [4] атты еңбегін атасақ та жеткілікті. Ең бастысы, ғалым ағамыз Р.Нұрғали айтқандай «ұлтымыздың рухани тарихының көпғасырлық шежіресін, даму, қалыптасу жолын тиянақтайтын» шығарманың бұдан кейін де ұлт руханиятының қорегі болып қала беретіндігі шындық.

Ғалым сонымен қатар, көлемі жөнінен дүниежүзілік фольклордағы ең үлкен шығарма, шалқып жатқан теңіз тектес мазмұны бар ұлы эпос – «Манасты» зерттеудегі Марғұлан ізденістері бірнеше салалардан құралатындығын, манастанудың қалануын зерттеген ғұлама еңбектерін, «Манас» жырының Шоқан жазып алған нұсқасының ең көне, ең таза формадағы вариант екендігін дәлелдегендігін ашып көрсетеді.

Қорыта айтқанда, қазақтың ХХ ғасырдағы әдебиетіне зор үлес қосқан Әлкей Хақанұлының мұраларын, оның ішінде әсіресе әдебиетке қатысты еңбектерін зерттеу, жүйелеу бүгінгі күннің міндеті. Рымғали Нұрғали сөзімен айтсақ, «Тұтастай алғанда, әдебиеттану, фольклортануда деректер, мәтіндердің шалқар дариясына мол энциклопедиялық біліммен терең теориялық саралау жасап, кең арналы мектеп қалыптастырған академик Әлкей Марғұланның ғылыми тағылымының нысанасы биік, өрісі кең, болашағы зор [2, 14]». Ендеше, «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті – ұлттық өнердің алтын ғасыры, ол туралы айтылар сөз ұзақ болмақ [5, 8]».

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Білім және еңбек. – А., 1984. №4 апрель.

2. Ә.Марғұлан туралы естеліктер /Құраст.: Марғұлан Д.Ә., Марғұлан Д.А.-Алматы: Білім, 2004.

3. «Көшпенділер өркениеті мен рухани мәдениетінің тарихы» атты ғылыми-практикалық конференцияның пленарлық мәжілісінің материалдары. – Павлодар: С.Торайғыров атындағы ПМУ, 2004. – 55 бет.

4. Марғұлан Ә. Ежелгі жыр, аңыздар. – Алматы: Жазушы, 1985. – 3 бет.

5. Нұрғали Р. Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры. – Астана: Күлтегін, 2002. – 8 бет.



Абдуллина А.Ә.

Қазақстан: Арқалық

ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ ЕДІ ...

Рымғали аға менің ғылыми ізденісті жұмыстарыма жетекшілік етті. Астанадағы Еуразия университетінің кафедра меңгерушісі, ғылым докторы, академик Рымғали Нұрғалиұлы менімен жүздескен бетте: - О,о Торғай қызы келіп қалдың ба?! Ел аман ба? Қойшығара ағаңмен кездестің бе? – жайдары сәлемдесіп тұратын. Барынша кішіпейіл еді. Даңқты ұлық басымен біздей оқушысымен кішік сөйлесетін. Тумасынан ұстаз жан ғылымда да ұстаздығынан жазбай өтті.

Ғылымда да ұстаздығы ғой, әдебиет өнерінен артынан қаншама оқулықтар қалдырды. Монографиялар жазды. «Күретамыр», «Талант тағдыры», «Өнер алды - қызыл тіл». Күрделі еңбектерінің қайсыбір атаулары, әрине, «Айдын», «Телағыс» монографиялары тағы бар. Әдебиеттегі ізденісті жандар бар жоғын Рымғали ұстаз шығармашылығынан табатындай ғой тегі.

Рымғали Нұрғалиұлы «Әдебиет теориясы» нұсқалығын жинақтап шығарды. Филолог, жоғарғы оқу орындарына қажетті оқу құралы. Кітапқа өнер және оны зерттеу, суреткер, мазмұн мен пішін, жанр, әдеби процесс, тіл стиль туралы әлем әдеби сыншылары жазған еңбектер жинақталған.Шәкірттерге таптырмайтын оқулық. Көне дүниелер ғалымдары мен біздің заманның әдебиеттанушылары – бәрі де қазақша сөйлеп тұр.Олар: «Суреткер», «Мазмұн мен пішін», «Жанр», « Әдеби процесс», «Тіл мен стиль» туралы ой бөліседі. Аристотельден басталып Қ.Жұмалиевпен қорытындылаған ғалымдарды әдеби теориясы туралы ой – пікірлері жинақталған. Танымдық, тамаша оқулық. Әрине, бұл тақырыптарға арналған қазақ авторларының еңбектері басымырақ. Ғалым ұстаздың өзі «Әдебиеттану ғылымдағы мектептер» туралы сөз етеді. Әдебиеттану ғылымындағы белгілі мектептер мен ағымдарды атап өтеді.

Кеңес кезеңінде жарық көрген Рымғали Нұрғалиұлының қалың екі томдық шығармалар жинағы «Телағыс», «Арқау» деп аталатын. «Телағыста» әдеби дәстүр мен әдеби даму туралы жүйелі сөз болады. «Арқаудың» өзегі қазақ революциялық поэзиясына арналған. «Арқаудың» алғы сөзінде автор әдеби дәстүр туралы ойын былай деп қорытындылайды: «Үздік үлгілерден үйренуге құмарлық, адамзат дәстүрлеріне ден қою, туған топырақ байлығынан қол үзбеу - әлемдегі барша талантты қаламгерге ортақ қасиет. Ұлттық дария, әлемдік телегей теңіз – осы телағыстың тоғысуынан қазақтың арналы қазынасы әдебиеті жасалды». Әдеби дәстүр сабақтастығын саралауда Рымғали Нұрғалиұлы әдебиетші ғалым ретінде әдеби байланыс, әдеби шығарма, әдеби тұлға, әдеби тұлға туралы жүйелі ой бөліседі. Әдеби қорытынды жасайды, әдебиеттегі сабақтастыққа, дәстүрмен жаңашылдыққа арнайы тоқталады.

Кезінде қудаланып, жазықсыз жазаланған қазақ әдебиетінің алыптарын М.Әуезовтен бастап, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Ш.Құбайбергенов сынды алашшыл қаламгерлер туралы ғылыми зерттеулерін «Әуезов және алаш» атты кітап етіп шығарды. Біздер үшін – ғылымға мойын бұрған ізденісшіл жастар үшін қажетті дүние. Сөйтіп, Рымғали Нұрғалиұлы ұстаз жиырмасыншы ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті мен мәдениетінің алып бәйтеректерін халқымен қайта қауыштырды, қайта табыстырды. Кітаптың көлемді тарауы Мұхтар Әуезовке арналған. Әрі әдебиет алыбы туралы өз бағасын береді: «Мұхтар Әуезов – сарқылмайтын, бітпейтін, жасарып, жаңғыратын, өмірдің өзіндей, жапырағы мәңгі жап-жасыл, жалғаса беретін құбылыс».

Ұстаз ғалым ұлттық әдебиетіміздің тарихы, қазіргі әдебиеттің жай-күйі туралы да, осылайша өндірте қалам тартып жүр. Бұл сөзіміздің анық айғағындай Р.Нұрғалиұлы жинақтап, құрастыруымен «Қазақтың жүз романы» анықтамалық кітабының шығуы. Мұнда қазақтың жүз жазушысының жүз романы қысқаша талданып, таныстырылады.1910 жылы шыққан Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» романынан бастап 2001 жылы дүниеге келген Тұрсынхан Зәкенұлының «Көк бөрілердің көз жасы» аталатын ромаына дейін кітапқа арқау болған. Ізденуші жас ғалымдарға, студенттерге, әдебиет құмар оқырмандарға арналған анықтамалықта тіпті кеңестік кезеңнен өзімізге әбден танымал қазақ қаламгерлерінің романдарымен қатар,Қытайда, Моңғолияда, Түркияда тұратын қазақ жазушыларының да біздің көпшілік оқырманға етене таныс емес романдары да ұсынылып, шолу жасалып, танысуына мүмкіндік жасалған. Іздесек таптырмайтын кітаптарға академик қаламгер шолу жазып, жүз романды оқушысымен таныстырады. Үлкен ауқымды еңбек, романдар энциклопедиясын жасаған Рымғали Нұрғалиұлының бұл білімдарлығымен, ізденісінің жемісі.

Ғалым ұстаз Рымғали Нұрғалиұлы бүкіл саналы ғұмырын ұстаздыққа арнады. Болашақ әдебиетшілерге қазақ әдебиетінен дәріс оқыды. Өмірінің соңғы кезеңінде Астанаға ауысып, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қазақ әдебиеті кафедрасын басқарды. Осында Рымғали ағай менің әдебиеттанудағы ғылыми ізденістеріме жетекшілік етті, «Торғай қызы» деп атап кетті. Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ғалым қаламгер Қойшығара Салғараұлының атын атауы, ағаңмен кездестің бе?- деп сұрауы, ол кісі де торғайлық, жерлеспіз. Ағалар бірін-бірі қатты қадірлейтін достар еді...

Педагогикалық қызметтегі ерең еңбегі үшін Рымғали Нұрғалиұлы – ғылым докторы, академик атауымен қатар, «Жоғарғы мектептің үздік қызметкері» танылды. Қазақ энциклопедиясының бас редакторы болды. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері. Осынау мемлекетіміз тарапынан көрсетілген құрмет пен сенімге Рымғали Нұрғалиұлы лайықты жан еді. Белгілі ғалым, сыншы, жазушы, публицист болды, әдебиет сүйер қауымға кеңінен танымал еді.

Рымғали аға адами қарапайым қалпы, әдебиеттегі ғылыми ізденіс, соны жас ұрпаққа жеткізудегі тілмар шешендігімен ұлағатты Ұстаз танылды.



Артында қалған мол әдеби мұрасы – асыл қазына, ардақ тұтар байлығымыз болмақ .

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Нұрғали Р . Телағыс . Алматы,1986

  2. Нұрғали Р . Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры . Астана,2002

  3. Нұрғали Р . Өнер алды – қызыл тіл . Алматы,1974

  4. Нұрғали Р . Күретамыр. Алматы,1973



АВТОРЛАР ТУРАЛЫ МӘЛІМЕТ

Абдуллина Ардақ Әміржанқызы - Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының аға оқытушысы

Ажиев Қанат Өмірзақұлы - Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты

Аймұхамбетова Жанат Әскербекқызы - Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты

Айтуғанова Сәулеш Шамшақызы - Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты

Алпысбаев Құныпия Қожахметұлы - Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы

Ананьева С.В. - ИЛИ им.М.О.Ауэзова МОН РК зав. отделом мировой литературы и международных связей кандидат филологических наук, доцент

Ахметов Кенжебай - филология ғылымдарының кандидаты, әдебиеттанушы

Әбдиманұлы Өмірхан - Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы

Байтанасова Қарлығаш Медетқызы - Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты

Боранбаева Жамал Қалиқызы - Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты

Даутова Сәуле Батталқызы - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы

Досмаханова Райгүл Амандыққызы - Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты

Дүйсенбаева Р.И. - Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы

Дүйсенғазин Cерікзат Мақсұтұлы - Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты

Ержанова Гүлдәрия Баймырзақызы - Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты

Есембеков Темірғали - Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы

Еспенбетов Арап Сләмұлы – Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы

Жақсымбетова Саламат Үсенқызы - Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ізденушісі

Жаманкөзова Арилана Төлендіқызы - Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті орыс филологиясы кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты

Жарылғапов Жансая Жанғазыұлы - Е.А.Букетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университеті қазақ әдебиеті кафедрасының доценті, филология ғылымдарының докторы

Жұмағұлов Сағымбай Ботпайұлы - Е.А.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің доцент, филология ғылымдарының докторы

Жұртбай Тұрсын Құдакелдіұлы - Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жанындағы «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор

Исина Нурикамал Өтепқызы – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті орыс филологиясы кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты

Кәрібозұлы Бағдат - Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы

Кемелбаева Айгүл«Дарын» Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы

Күмісбаев Өтеген - Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті шығыстану факультетінің профессоры, ақын, шығыстанушы

Қалижан Уәлихан - ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты, филология ғылымдарының докторы

Құлбарақ Сәмен - Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің филология ғылымдарының докторы

Құлманов Қуандық Сәндібекұлы - Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті практикалық қазақ тілі кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты

Құл-Мұхаммед Мұхтар Абрарұлы - Қазақтан Республикасының Мәдениет министрі

Майтанов Бақытжан - Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің пофессоры, филология ғылымдарының докторы

Мәсімханұлы Дүкен - Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті шығыстану кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы

Мұратбек Бағила Құрманбекқызы – Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институты қазақ тілі теориясы және оқыту технологиясы кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты

Нұрманова Жанна Қадырбайқызы - Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті орыс филология кафедрасының доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты

Пірәлиева Гүлзия Жайлауқызы - М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Әдебиет теориясы және әдебиеттану методологиясы бөлімінің бас ғылыми қызметкері, профессор, филология ғылымдарының докторы

Серғазы Лилия Аманбайқызы - Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты

Серғалиев Мырзатай Серғалиұлы - Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ тіл білімі кафедрасының ҚР ҰҒА академигі, профессор, филология ғылымдарының докторы

Смағұлов Жандос Қожахметұлы - Е.А.Букетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университеті қазақ әдебиеті кафедрасының доценті, филология ғылымдарының докторы

Тахан Серік Шешенбайұлы - Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті баспасөз және баспа ісі кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы

Тебегенов Темірхан - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы

Тоқтағазы Ербол - Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының ізденушісі

Тұрсынбекова Гүлнар МұхтарқызыЛ.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының магистранты

Тұрысбек Рахымжан Сағымбекұлы - Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы

Тұрышев Айтмұхамбет - С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы

Тілешов Ербол Ердембекұлы – «Руханият» орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты, доцент

Хамзин Мәуен Хамзаұлы – Қарағанды қаласындағы «Болашақ» университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы

Шоңғалова Анар - Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының аға оқытушысы

Шоңғалова Қамар - Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының аға оқытушысы

Шынар Али Аббас - Түркия Мұғла университетінің оқытушысы, Қазақ және түрік халықтарының фольклорлық-этнографиялық зерттеу орталығы

Шындалиева Меңдігүл Бұрханқызы - Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті баспасөз және баспа ісі кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы

Ысқақұлы Дандай – С.Демирел атындағы қазақ-түрік университетінің ғылыми проректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор

Ісімақова Айгүл - М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Әдебиет теориясы және әдебиеттану методологиясы бөлімінің меңгерушісі, профессор, филология ғылымдарының докторы

МАЗМҰНЫ

Құл-Мұхаммед М.А. Алашұлы ................................................................................. Серғалиев М.С. Мен білетін Рымғали ....................................................................

Қалижан У. Академик ..............................................................................................

Жұртбай Т.Қ. Телқанат..............................................................................................

Алпысбаев Қ.Қ. «Дән» Деректі кітабының құрылымдық,

көркемдік өрнегі ..........................................................................................................



Ali Abbas Çinar. Кazakistan’ın baytereklerinden biri daha göçtü: prof.

dr. Rımğali Nurğali ve türkiye’deki yeri ........................................................................



Күмісбаев Ө. Р.Нұрғали - әдебиеттер байланысы арнасында .................................

Еспенбетов А.С. Рымғали Нұрғали және әдеби өлкетану ......................................

Майтанов Б. Р.Нұрғали немесе ғалым-сыншы феномені ......................................

Есембеков Т. Сыншының сүбелі сөзі ........................................................................

Ысқақұлы Д. Алашшыл азамат..................................................................................

Хамзин М.Х. Қаламгер стилі Р.Нұрғали зерттеулерінде .........................................

Тебегенов Т.С. Әлемдік айдынға құйылған қуатты ағыс .........................................

Әбдиманұлы Ө. Р. Нұрғали – «Алтын ғасыр» әдебиетін зерттеуші .......................



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   24




©engime.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет