КӨкейкесті әдебиеттану



бет18/24
Дата04.11.2016
өлшемі7,72 Mb.
#281
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   24

Пайдаланылған әдебиеттер

1 Қаратаев М. Асыл қазына. Мол мұра // Қазақ әдебиеті. – 1978. – 11 август.

2 Кекілбаев Ә. Бай қазына // Қазақ әдебиеті. – 1978. – 20 январь.

3. Нұрғали Р. Толғауы тоқсан қылы тіл. - Алматы: «Үш қиян», 2009. – 304 б.

4 Сөз түзелмей, ел түзелмес // Жұлдыз. – 1991. – №1. Б. – 154-163.

5 Сүлейменов О. Желтоқсан сабақтары // Жас қазақ. – 2006. – 22 желтоқсан.

6 Кәкішев Т. Санадағы жаралар. – Алматы: Қазақстан, 1992. – 264 б.

7 Реабилитация: Полит. Процессы 30-50-х годов / Под общ. ред. А.Н.Яковлева. - М.: Политиздат, 1991.- 461 с.

8 Тарихсыз халық тұл // Жалын. 1988. №4. – Б. – 5-14.

9 Құлмұхамед М. Алашұлы («Менің ағаларым» циклынан). Кітапта: Рымғали Нұрғали. Жеті томдық шығармалар жинағы. Астана: «Фолиант» баспасы, 2006. Айғақ. Қазыналы биікте. Қосымша том (8). - 824 б.

10 «Казахская ССР»: 4-томная энциклопедия. Гл. ред. Р.Н. Нургалиев. Ред. кол.: Ж.М.Абдильдин, А.А.Абдулин, Ж.А.Абуталипов и др. – Алма-Ата; Гл. ред. Казах. сов. энциклопеди, 1991. Т. 4: Язык, фольклор, литература, искусство, архитектура. – 688 с.

11 Қарағанды. Қарағанды облысы / Ред. Колл.: Р.Н. Нұрғалиев, Ж.А. Адаев, Ж.Н. Әбішев т.б. – Алматы: Қаз. сов. Энцикл. бас ред. – 632 б.


Жарылғапов Ж.Ж.

Қазақстан: Қарағанды

Р.НҰРҒАЛИДЫҢ «АЙ ҚАНАТТЫ АРҒЫМАҚ» РОМАНЫНЫҢ КӨРКЕМДІГІ

Ең әуелі сыншы, әдебиеттанушы-ғалым деп білетін Рымғали Нұрғалидың жазушылық шеберлігін, көркем прозаға қосқан қомақты үлесін тарамдатып айта бермейтініміз, тұлғаның көп қырларының бірі ретінде атап қана өтетініміз рас. Оның дербес жазу машығын, өмір құбылыстарын көркем игерудегі жеке стилін танытатын прозалық туындылары әдебиеттің түрлі мәселелеріне арналған қабырғалы зерттеулерінің көлеңкесінде қалып қоя беретіні бар. 1980 жылдардың басында-ақ мерзімді баспасөз беттерінде жекелеген бөлімдері өз алдына жеке хикаяттар болып жариялана бастап, кейін «Ай қанатты арғымақ» болып тұтас романға айналған шығармасы, дәуір дидарын өзіндік әдіппен жеткізе алған «Дән» повесі, «Аяқталмаған трагедия. Полигон әңгімелері» циклы Р.Нұрғалиды белді прозашы ретінде танытты. Бұл туындылар өңкей келісімнен тұратын, көркемдігі мінсіз туындылар демесек те жазушылық шеберліктің, суреткерлік қабылеттің айқын мысалдары болуға лайық.

Біздіңше, Р.Нүрғалидың көркем ойлау көкжиегін оның ғылыми таным жүлгесінен бөліп алып қарау бекершілік. Ғылыми танымға тән мықты логика, дәлдік пен нақтылық көркем шығармаларда өз ізін тастап отырды. Шығармашылық психологияда бола беретін мұндайлық сипаттар, әсіресе, қаламгердің «Ай қанатты арғымақ» романынан көптеп ұшырасады. Шығарманың ой өзегі мен тақырыбы ұзақ жылдар бойы зерттеп, ұңғыл-шұңғылын меңгерген саладан болуы да дүниетанымдық мәселелермен тамырлас. Әбден қаныққан, ғылыми таным сүзгісінен өткізген ұлттық драматургия тарихы, оның басты өкілдері туралы жинақталған білімді ғылыми өнім ретінде ұсынумен қатар, көркемдік тұрғыдан игеру өзінің таңдаған, игеруге ұмтылған нысанына деген шексіз берілгендік, ішкі рухани қажеттілік екені дау туғызбайды. Ұлттық әдебиеттен мұндайлық мысалдардың бірнешеуін көрсетуге болады. Тіпті ұлы Мұхтар Әуезовтің Абай тақырыбындағы көлемді туындысының ой өзегі де суреткер шығармаларын ғылыми зерделеуден басталғаны белгілі. Бұл орайда Р.Нұрғалидың суреткерлігі әдеби-теориялық терең толғамдарын, зерттеушілік қарымын көркем тәжірибеге айналдырған З.Қабдоловтың жазушылық жолына көбіне келіңкірейтіндей. Осыған сәйкес мынадай сұрақтар тууы заңды: Әдебиет зертттеуші көркем шығарманы өзіне етене таныс теориялық қисындарға негіздеп жаза ма? Шығарма құрылымы мен мазмұны ғылыми танымға тән берік логикаға бағындырыла ма? Түрлі «измдерді» саналы түрде меңгермеген жазушы мен ғалым-жазушының шығармашылық шеберханасы, өмір шындығын көркем шындықа айналдыру принциптерінде айырмашылықтар бола ма? Осы төңіректегі ойларымызды «Ай қанатты арғымақ» романының мысалына сабақтап көрейік.

Роман экспозициясы аса ширыққан ситуациядан басталып, шығарма драматизміне бірден бастап кете барады. Әлеуметтік фонды айқындап алу, салған жерден тарихи ахуалды емеуріндеу кейіпкерлердің шетін психологиялық күйіне ұласады. «Не болып кетті өзі? Жиырма тоғызыншы жылдың соңғы бір-екі күні Жұматтың тұнығын лайлап, берекесін алды ғой.

Ұсталып жатыр дейді. Әр жерде ұсталған: Алматыда, Ташкентте, Москвада, басқа қалаларда. Өзін ұстап алса қайтеді? Ұстаса ұстасын. Аналардан жаны тәтті ме, дарыны артық па, ұлттық классикалық шығарма жазып па – сондай дүниелер тудырған алыптарды қамап жатса, қатардағы көгенкөзге не шара, кете барады жылап-сықтап» [1,3]. Шығарма экспозициясынан-ақ айналадағы әлеуметтік-психологиялық күрделі ахуалдың алдағы ширыққан тартысқа бірден ұласып кетерін байқар едік. Бұл романдағы орталық тұлғаның, яғни қазақтың тұңғыш режиссері, ұлттың ұлағатты перзенттерінің бірі – Жұмат Шаниннің ішкі буырқанысы. Жастайынан бір-біріне іш тартып, балалықтың алаңысыз шақтарын бірге өткерген, бірақ заманы мінез бен өмірлік ұстындарына көн өзгерістер әкелген Бақтияр мен Жұматтың диалогы шығарманың ендігі өрісін аңдататын, туындының жұлын-жүлгесін құрайтын құлақкүй ретінде алынады. Қаршадайынан алғыр, Семейде білім қуған, көзінде оты бар, жаман мен жасықтың парқын ертерек айырған Бақтияр мінездеріндегі көп өзгерісті оқырман шығарманың кейінгі бөлімдерінен таниды. Ал алғаш таныстырылатын Бақтияр өнер түгілі, өмірдің өзіне науқан деп қарайтын жан.

«– Әй, Шанин жолдас, – деді Бақтияр. – Сонымен «Қызыл қырманды» сахнаға қашан шығарасың?

Білмеймін, Дәулетов жолдас.

– Сен білмегенде кім біледі. Бес жыл өтті, енді театрдың репертуарын өзгертетін уақыт жеткен шығар.

– Сен білмегенде кім біледі? Әр сөзін қырмызыдай сызылтып, жібектей талдап, би болудан Қалыбегің, ескі ауылдың теріс азу қыңыры болудан Серкең, сал-серіліктен Құрманбегің жалықпады ма? Бақсы дуанадан, батыр палуаннан Елубай тойған жоқ па?» [1,4].

Бұл жауаптасудан Бақтиярдың тарпаң, әрі қатал мінезіне қанығамыз. Кейіпкер характерін танытудағы үшінші жақтан баяндаудан гөрі диалогқа баса салмақ артудағы драмалық шығармаларға тән ерекшелікті шығарманың өне бойынан аңғарып отырамыз. Бұл да болса драма зерттеушісінің шығармашылық психологиясына тікелей қатысты жайттардың бірі.

Асылы, романшының негізгі діттегені Жұмат сынды тарихи тұлғаның көркем образын жасау болғанымен, оның айналасындағы адамдар, олардың бейнесін бар қарама-қайшылығымен, ішкі рухани өзгерістерімен бейнелеп көрсету, олардың дүниетанымдық өзектерін, ойлау кеңістігін ақтару да алдыңғы кезекте тұрады. Әу бастан сахнаға шыққан Бақтиярдың кісілік болмысы туралы қалыптасқан пікіріміз шегініспен өрілген сюжеттерден кейін өзгеруге ұшырайды. Өзін озық білімге талпындырған, өмірінің жалғыз мағынасы санаған атасы Дәулет пен асқар тау әкеге деген мейірімнен із қалмаған Бақтиярдың мына сөздері романның алғашқы беттерінен-ақ тіксіндіріп тастаған-ды. «– Иман? Қайдағы иман оларға. Топырақ? Бұйырған жоқ топырақ оларға. Әкесі үшін бала күймейді. Ұқтың ба?! Россиядан эмиграцияға қанша интеллигент кетіп қалғанын сен білесің бе өзің? Әкесі кетіп, баласы қалды. Баласы кетіп, әкесі қалды. Соның біреуіне тиісіп отырған ешкім жоқ. Бірін-бірі түрткілеп, шұқылап көрсетіп шыға келетін біздің әдет. Сен де көңіл айту үшін емес, мені қорқытқалы келегнсің ғой. Ол бопсаңнан ештеңе шықпас, – деп қалшылдап қоя берді» [1,5-6]. Асқан қатыгездік пен көзін шел басқан көрсоқырлық осылай беріледі. Ал ретроспективті сюжеттегі бозбала Бақтияр қандай еді? Қаладағы оқудан келісімен Жұматқа достық іңкәрлікпен құлшына асығатын, айналаға бауырмалдықпен көз тастайтын, желмен жарысуға құштар Бақтияр неге осынша тозған? Оны қатыбастандырған нендей жағдай? Міне, образ характеріне біржақты баға беруден, жалқы бояуды пайдаланудан бойын аулақ ұстайтын қаламгер көбінесе дүниетанымдық кереғарлықтар мен ішкі қайшылықтан туындайтын тартыстарға ден қойды.

Кезінде романға мынадай да баға берілді: «Ай қанатты арғымақ» романы нақақтан жала жабылып «халық жауы» атанған арда азамат, қазақ театрының тұңғыш режиссері Жұмат Шанин тағдыры мен ол өмір сүрген қоғамды, зымиян заманды, соған сай Сәлімрахман секілді сиықсыздарды суреттейді. Жеке басының жемсауы үшін халқы тұрмақ қарындасын да қанға қиюға бар қазақ оқығаны Бақтияр мен өз мүддесі үшін Отанын да оққа байлайтын ойсыз Сәлімрахмандардың сатқындығынан қазақ халқының қан жұтып, жапа шеккені, шым-шымдап иіріміне үйіреді» [2,28]. Ойлана қарасақ, Сәлімрахманды жазушы бірден қара бояулы күйінде таныстырған жоқ. Сонау патша әскерінің қара жұмысында жүріп Жұмат, Тастандармен бірге азап шеккен, Тарғақбеттердің тепкісін бірге жеген Сәлімрахманның бөтен пиғылдары суреттелмейді. Қайта Жұматқа скрипка тартқызып, өнеріне құмартатындардың бірі – осы. Өрімдей жігіт Ғазиз қыршынынан қиылып, дүние салғанда еңіреп жоқтайтын да, патшаға лағынет айтатын да – Сәлімрахман. Оның бойынан кейін танылып жатқан оспадарлық пен опасыздық туа бітті қасиет емес-ті. Дүниенің астан кестеңін шығарған дүрбелең заман адам пиғылын да басқа арнаға салып жібергендей. Жазушы үшін дүниетанымдық төңкерістер мен санадағы тартыстар мәнді. Р.Нұрғали өзінің жазушылық машығында әр кейіпкердің мінезінің өзгеру динамикасын, характер эволюциясын танытуды қолайы көреді. Дайын мінезді кейіпкерлер ол үшін жат.

Құжаттық негізден ауытқымау, нақты тарихи деректердің айналасынан ұзап шықпау әдеби шығармашылықтың эстетикалық заңдылықтарына қайшы екені белгілі. Өмір шындығын өнер шындығына айналдырудың сан алуан тәжірибелерін меңгерген және зерттеген Р.Нұрғали Жұмат өмірінің деректік негіздерінен шығандап кетпесе де, құрғақ фактыдан белгілі бір арақашықтық сақтап отыруды білді. Ол ойы үнемі жүзеге аса бермегенмен романдағы көркем ойлаудың мінсіз үлгілері болатын мысалдар жетіп артылады. Сондықтан да тарихи тұлға табиғатындағы мінездер төркінін қаламгер түрлі уақыттық және кеңістік өлшемдеріне салады. Шығармадағы Жұмат-Бақтияр, қара жұмыстағы қазақтар мен Жұмат, Жұмат – Жанбике, Жұмат – Дәрібай, Жұмат – Сәлімрахман т.б. сюжеттік желілер пьесаның жеке-жеке актілері әсерін қалдырады. Бұл желілерде романтикалық ұмтылыстар мен кейіпкер әрекеттерін психологиялық дәйектемеге қатал негіздеп отыратын, қоғамдық жағдай мен характердің тұтастығына негізделген реалистік бояу алмасып келеді.

Қоянды жәрмеңкесі, Жұматтың бозбалалық шағы, Жанбике екеуінің Қарқаралыдағы рахатты күндері субъективті негізден бастау алатын романтизмге тән бейнелеу тәсілдерімен суреттелген. Қыр өмірінің қызу тіршілігіне бөлекше әр үстеген Қоянды жәрмеңкесіндегі Ұшқыр қиялды бала Жұмат пен шәкірт Бақтиярдың, шырылдап салған бала дауысымен күллі жәрмеңкені елең еткізген жас Әміренің бейнелері аса бір романтикалық реңкпен суреттеледі. Көңілі жарым болса да бақилық болған жарының шаңырағын құлатпай, қалың жұртқа қызмет еткен Ақтамақтың дастарханындағы Құдайберген айтқан аңыз сол романтикалық күйді әрмен қарай күшейтіп жібереді. Бұл эпизодта фольклорлық дәстүрге тән баяндау қалыптары, фольклор поэтикасының элементтері шығарма тініне шебер үйлестірілген. Оқиға жазушының емес әңгімелеушінің тарапынан өрістетіліп, баяндаудың субъективті аспектісі күшейеді. Шығарма авторынан бөлек, оқиғаны тудырушы, немесе айтушы автордың бейнесі көп ретте романтизм эстетикасына қатысты болатын. Мысалы, М.Әуезовтің «Қыр әңгімелері» циклын құрайтын «Сыбанның моласындағы» баяндаушы – Жортар ақсақал, «Текшенің бауырындағы» әңгімелеуші – Сүлеймен романтикалық тәсілдермен мүсінделген. Сол тәрізді Құдайберген айтуындағы Көкқасқа аттың аңызы фольклор сарындарының романдық ойлаудағы ролін айқындай түседі. ХХ ғасыр соңында айрықша танылған анимациялық прозаның да жарқын мысалдарының бірі деп қарасақ та болатындай. Халық эпостарында жануардың тіл қатуы қалыпты поэтикалық амалдардың бірі болғанымен, ол кейінгі кезеңдегі әдебиетте тым күрделеніп, жаңа функциялар атқара бастады. Көкқасқа аттың монологы соның жарқын үлгісі. «Енді болды, бәрі бітті деп, шала ұйқы, шала ояудың арасында, ескі күндердің елесіне мас болып, тай-құнандардың жастық қызығын сырттай тамашалап жүргенде, қайтадан бәйге жүген кигізгенде «осылар мені басқамен шатастырған жоқ па?» деп ойлаған. Бәйге ерді көргенде, Көкқасқа көзінен мөлт-мөлт жас ағызып жылаған» [1,39]. Дүрмекті дүние туралы ойға берілетін, «есіне жалғыздығы түскенде, ылғи мұңаятын» Көкқасқа бейнесі Ш.Айтматовтың «Қош, Гүлсарысын» еске салады. Алайда қазақ жазушысы бұл эпизодты тарихи тұлғаға арналған романның көп тарам сюжеттік желісінің бірі ретінде ғана алып, негізгі концепцияға апаратын баспалдақтың бірі орынында қолданады.

Татаусыз сезім мен махаббат құшағында шалқыған жастардың Шайтанкөл сапары, кемерінен асып төгілген құштарлық ләззаты романтикалық принциптер арқылы шебер бейнеленеді. Әсіресе Қайың (Жанбике) мен Қарағай (Жұмат) диалогы кейіпкерлердің рухани жағдайын танытудағы романтикалық ұстанымдардың толық салтанат құрған кезі. «–Ал, бәрібір, сен қалай мақтасаң да, мен қарағай болғым келмейді. Мен балтыры оқтаудай, құс кеуделі, қолаң шашы төгілген ақ қайыңмын. Теңбіл-теңбіл ноқаттар кеудешемдегі жез түймелерім емес пе? Топырақ, судан нәр жинап, ағызып берер шырынымды ішіп көрсеңші. Жел соққанда күміс жапырақтарым сылдырап, мынау көгілдір көктем, мерейлі махаббат жайлы күй шерткенде, жігіт-желең, қыз-келіншек менің саяма келіп сыр ашады...

– Ал бәрібір сен қалай мақтасаң да, мен қайың болғым келмейді. Мен балтыры бесіктей, бұтақтары шаңырақтай айбақ-сайбақ, жартасты жарып шыққан, мың бұралған тамыры жеті қат жер астынан нәр тартқан қарағаймын. Бақайыма мүк шығып, тобығыма қына бітсе, бір орында тапжылмай ғасырлар бойы жасаған мықтылығымның куәсі шығар... Мың түрлі әуенмен қобызша күңіреніп тұрар еді қарағай. Сөйлер еді! Жалпақ дүние сырын, жөңкілген бұлттың, аққан судың, ұшқан құстың, көшкен жұрттың жан сыры, мінажат дұғасы қарағай жырында күмбірлеп төгілер еді толқын-толқын әуез боп...» [1,132-133]. Романтикалық махаббат концепциясы шығарманың таза тарихи-құжаттық сипатының басымдығын тежеп, көркем туындыға тән эстетикалық сапа қалыптастырады. Жазушының адам және табиғат гармониясына бойлауы арқылы романтикалық құлшынысқа ерік береді. Автор кейіпкрлерінің психолгиялық-эмоционалдық күйлерін ландшафтық суреттермен сәйкестендіреді. Табиғат пен оның қойнауындағы адамдардың арасындағы ғажайып үйлесімдікті негізге ала отырып, психологиялық параллелдерге бару ұлттық прозаның буыны бекіген тұсынан, М.Әуезов, Ж.Аймауытовтардан бері қалыптасқан тәсіл болғанымен, әр жазушының шеберлік мүмкіндіктеріне сай әрқилы жүзеге асады. Р.Нұрғали Жұмат пен Жанбикенің рухани толқыныстарын барынша әсерлі беруде Шайтанкөл суретіне айрықша эстетикалық салмақ артады. Осы тұста сыртқы дүниені көркем қабылдаудағы қаламгердің өзіндік танымы, суреткерлік шеберлік мүмкіндігі айғақталады. «Анда-санда көлдің бүйірі солқ ете түседі. Демалғаны шығар. Аспанда қалықтап ұщқан құс, салбырап барып тоқтаған жартас – бәрі көлге бір шомылып шығуды аңсап тұрғандай көрінді Жұматқа» [1,124]. Образдың субьективті қабылдауындағы табиғат мекендік ұғымды білдіретін қызметтен біржола айрылып, адамның ішкі рухын әйгілейтін, ішкі буырқаныс пен шамырқанудың әсерін бедерлейтін көркем тәсілдік сапаға ауысады. Пейзаж өз алдына бейтарап, дербес сурет ретінде қалмай үнемі жазушының эстетикалық бағдарына қызмет етуі көркемдік таным қырларына әбден етене жағдай.

Сонымен қатар замана тынысын, әлеуметтік мәселелер себептерін талдауға ұмтыла отырып, идеялық мазмұнды өз ортасынан оқшау кейіпкерлер арқылы жеткізу сияқты жазушының стилдік ерекшелігін данагөй ақсақал – Дәрібай мен жаңа заманның заңдарына илікпеген, даланың еркін ұланы – Арыстан бейнелерінен де жыға тануға болады. Қайшылықты кезеңнің ауыр шындығын танытуда біршама толық ашылған образ – Дәрібай. Оның шырғалаңды тағдыры тартысқа толы кезеңнің ақиқатын барынша аша түскен. Өз ұлын туған отбасы мен Отанынан, әкесін баласынан айырған қатыгез заманның күрделі болмысын жазушы осы кейіпкердің монологтарына сығымдап берген. Трагедиялық жоспарда алынған Дәрібайдың ішкі наласы, баласын сағына боздаған мұңы, ең соңында жалғыз ұлдың жолында құрбан болып оққа ұшуы бәрі-бәрі шығарманың экспрессивті-эмоционалды қуатын күрт арттырып жібереді.

Көркем туындыдағы барлық оқиғалық желілерге орталық тұлға – Жұмат қатыстырылып, әр қырынан байқалып отырады. Бас кейіпкер арқылы қоғамдағы күрделі өзгерістер мен саяси-рухани өмірдің аумалы-төкпелі құбылыстарын көркемдік жолмен тану – жазушының діттеген нысанасы. Романның әлеуметтік салмағы суреткердің эстетикалық идеалымен қабат өрістетіледі. Жұмат өмірінде айрықша із қалдырған оқиғалар, адамдар, олардың санасындағы сан сапалақ өзгерістер, рухани ауытқулар, дүниетанымдық қақтығыстар суреттеле келіп, ұлт тағдыры, ұлт болашағы дейтін ауқымды идеяға тоғысады. Жұмат болмысындағы максимализм мен Бақтияр санасын әбден иектеп алған нигилизм тартысы сол шақтың тарихи-әлеуметтік алғышарттарымен астасып, дәуір келбеті шынайы қалпымен ұсынылады. Жұмат бейнесінің нанымды эволюциясы бірде лирикалық прозаға тән байыпты баяндау арқылы, бірде ширыққан психологиялық ситуацияларға негізделген драматизм арқылы беріліп отырады.

Шығармада Әміре, Серке, Қалыбек, Иса, Елубай, Құрманбек сынды өнер тарландары мен сахна саңлақтарының тарихи бейнелері поэтикалық тұрғыдан көп өңделіп, тәптіштеліп жатпаса да олардың көркем бейнелері Жұматтың характелік ерекшеліктерімен тығыз сабақтастырылады.

Бір айта кетерлігі, «Ай қанатты арғымақ» романында көркемдік таным кей ретте таза ғылыми таным сипаттарына орын беріп, шығарманың көркем өзегі әлсіреп кететін тұстар да кездесіп отырады. Жұматтың театр өнерінің тарихы туралы ұзақ толғап кететін монологы әлдебір зерттеудің үзігіндей, ғылыми мақала стилін еске салады. «Өмір шындығын тану сахнада екі түрлі. Бірінші алғыр сезімі, екіншісімен шарықтайтын білім-ой сезімі қанша жақсы алғыр болса да ғылымға, білімге сүйенеді. Екеуі бірігіп жабысқан ішіндегі дәнні қандай болуын табады. Табылған дәнді сахнада бірнеше түрмен көрсетуге болады. Бірінші – ешнәрсе қоспай өз қалпында көрсету (натурализм). Екінші – дәнді өзгертпей өз қалпында үлкейте көрсету (реализм). Үшінші – мөлшерден асыра басқа пішін, басқа түр беру (конструктивизм), тағы бұлардан басқа толып жатқан сахнаның түрлі жолдары бар» [1,61]. Немесе Құрманбек, Қалыбек, Елубай, Серкелердің бірінен кейін бірі сөз алып, әлем театрының тарихынан, ежелгі грек театры, Эсхилл, Софокль, Аристофандардың драмалары туралы ұзақ сонар баяндаулары образдар логикасына біршама нұқсан келтіретіні бар. Мұны біз жазушы бойында әбден қалыптасып, мықтап тұрақтаған ғылыми ойлау жүйесі мен көркемдік ойлау жүйесінің бір ендікте тоқайласуы, тіпті тайталасы деп қарасақ та болады.

Шығарма финалында сахнаға тағы да Жұмат пен Бақтияр шығады. Жазушы концепциясының, авторлық көзқарастың түйіні де осы екеуінің диалогының үлесіне қалады. Заман ығыты Бақтиярлар жағында екеніне, ұлт мүддесі аяқасты қалып, зұлмат күндердің қара бұлты үйіріліп келе жатқаны Бақтиярдың аузына салынады. «...Не десең о де, мен өз басым идеология атаулы, философияң, әдебиетің, театрың, өнерің – бәрі саясаттың құлы деп білем. Бәрінің атасы – саясат. Қалаңдар, қаламаңдар, көніңдер, көнбеңдер, бәрібір – саясат қалай бұрылса, солай бұрыласыңдар. Бұрылмаған мойынды үземіз, иілмеген басты кесеміз, – деген кезде Бақтиярдың түсі суып бара жатты» [1,244]. Қаламгердің ой қазығы да осында. Яғни Жұмат трагедиясының төркінінде ұлттың трагедиясы меңзеледі.

Осыншама ауқымды ой қозғап, оны Жұмат сынды жампоздың көркем образын әлеуметтік-психологиялық тұрғыдан сомдау арқылы бейнелеген Рымғали Нұрғалидың «Ай қанатты арғымақ» романы ұлттық проза тарихынан лайықты орын алады.



Пайдаланылған әдебиеттер

1.Нұрғали Р. Жеті томдық шығармалар жинағы. – Астана: «Фолиант», 2005. – 544 б.

2. Қазақтың жүз романы (Құраст. Р.Нұрғали).– Астана:Фолиант, 2004. –456 б.

Тұрышев А.Қ.

Қазақстан: Павлодар

ЖІЛІКТІ ШАҒЫП, ҒЫЛЫМНЫҢ МАЙЫН ІШКЕН НАҒЫЗ ҒАЛЫМ

(Рымғали Нұрғалидың 70 жылдығына арналады)

Өлді деуге сия ма, ойлаңдаршы,

Өлмейтұғын артына сөз қалтырған...

(Абай).


Әлқисса. Біз Р.Нұрғалиев деген ғалымның есімін алғаш 1977 жылы естідік. Әдебиет теориясынан тәжірибешілік жазғанда сілтеме жасайтынбыз. Ғалымның «Талант тағдыры», «Өнердің эстетикалық нысанасы», «Қазақ револоюциялық поэзиясы» т.б. ғылыми еңбектері мен монографияларын тауып оқудың өзі қиын болатын. Сол кезде Рымғали ағаны көз алдымызға өмірді көп көрген қария сияқты елестететінбіз. Тәйір ай, қазір ойласам қылшылдаған қырықтағы жас шағы екен. Кейін көргенде Рымғали аға сол баяғы баз қалпы, уақыт тоқтап қалған сияқты да біз өзіміз шау тарта бастағанымызды білмей қалдық. Сол уақыттағы Н.Крупская атындағы Семей педагогикалық институтында Рымғали ағамен кездесулер өтіп, бір-екі рет көргеніміз бар. Елеңдеген жастық шақпен талай нәрсені жазып алмай, құр қалғанымызды енді біліп отырмын. Қолда барда алтынның қадірі жоқ деген осы ма әлде?

1994 жылы «Қозы Көрпеш – Баян сұлу жырының тілі мен стилі» тексеру комиссиясынан өтпей қалғанда Қуандық Жүсіп -ВАК-та ағаң Рымғали бар емес пе, бармайсың ба? - деп ақыл айтқанда қырсығым ұстап бармай кетіп едім, артынан опық жедім. Барсам «өзім өзегімнен теппеуші» еді ғой деп ойлаймын. Тек қана ғалым ағаларым С.Исаев пен Б.Әбілқасымовтың алдынан не жазығым бар еді деп, өттім де қойдым. Кейін, Рымғали аға Астанаға көшіп келгелі жиі көретін болдық. 2008 жылы Баянауылдың «Сабындыкөлінде» ПМУ-дің демалыс үйінде Ерлан Арынның арқасында Зейнел-Ғабиден аға досымыз Жамал апайымыз бар демалуға бардық, сонда аға мен Қадиша жеңгей де рахаттанып дем алып жүр екен, жандарында жаңылмасам кішкене қыздары бар. Одан соң Мәшһүр-Жүсіп оқуларына бір келіп, шешіле сөйлегені әлі есімде.

Аға өмірден қайтқанда, Қазақстанның Отандық ғылымы қаншалықты орны ойсырап қалды десеңізші. Тіпті, жақында Еуразия университетінде қорғауға қатыстым, онда да Рымғали ағамның жоқтығы сезілді. «Қазақ әдебиеті» кафедрасының ұжымы үш арысынан этнограф ғалым - Ақселеу аға, фольклорист ғалым – Болатжан және өте туған ғалым Рымғали ағадан айрылып қаламыз деген ой үш ұйықтаса, түсіне кірмеген еді. Әрине, маңдайлары жарқыраған, қазақтың мүйізі қарағайдай ағаларымызды бірінен бірін айырмаймыз. Дегенмен, әр нәрсенің өзінің орны бар деген. Алдыңғы ағалар туралы да кезі келгенде өзіміздің жүрек жарды сөзімізді айтармыз.

Рымғали аға дүниеден озғанда қара жер қаққа айрылып кеткендей болды. Құлағымыз естіген сөзге сенгіміз жоқ. Теледидардан берген суыт хабардан соң ғана жүрек сене бастағандай болды. Бұқаралық ақпарат құралдары жайсыз хабарды еліміздің түкпір-түкпіріне естіртіп жатты.

Жұрттың алды боп ең алдымен Елбасы Н.Назарбаев көңіл білдірген жеделхатын жіберді онда:

«Белгілі әдебиетші-ғалым, ұлағатты ұстаз, абзал азамат Рымғали Нұрғалиевтің кенеттен дүниеден озуына байланысты аса ауыр қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамын. Р. Нұрғалиев – кемел білім мен халқын қалтқысыз сүйген үлкен жүректің иесі еді. Ол бүкіл саналы ғұмырын туған халқын рухани тұрғыдан кемелдендіруге арнады. Оның қаламынан шыққан қомақты монографиялар мен зерттеу мақалалары оқырманды қашан да эстетикалық талғамының тереңдігімен, айтар ойының қанықтығымен, пайымдауларының тосындығымен баурайтын ғалым еліміздің ең басты жоғары оқу орындарында ұстаздық етіп, Қазақ Совет энциклопедиясында бас редактор қызметін атқара жүріп, көптеген лайықты шәкірттер мен рухани ізбасарлар даярлады...» - деп ғалымға құрмет, жоғары баға берілді. Асылы ұстаздарға Елбасы айрықша көңіл бөліп, мән беруін – адамгершіліктің ең жоғары сатысы деп ұғынуымыз керек. Қазақстан Республикасының Үкіметінің де көңіл білдірген жеделхатын қайыра оқысақ, тіршілікте көңіл бөлмей жүрген көп жайтты аңғарамыз:

«Қазақ ғылымы мен мәдениеті ауыр қазаға ұшырады. Көрнекті әдебиеттанушы ғалым, жазушы, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының толық мүшесі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор Рымғали Нұрағали дүние салды. Рымғали Нұрғали 1940 жылы 1 маусымда Семей өңіріндегі Абыралы ауданының Қайнар аулында туған. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген соң, ол еңбек жолын «Лениншіл жас» газетінде бастап, кейін Қазақстан Жазушылар одағында қзымет істеді. Одан соң Қазақ мемлекеттік университетінің доценті, профессоры, филология факультетінің деканы болды. 1986-1996 жылдарда Қазақ Совет энциклопедиясының бас редакциясына басшылық етті. Өмірінің соңғы күндеріне дейін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің кафедра меңгерушісі болып қызмет істеді.

Р.Нұрғали қазақ театры мен драматургиясының тарихы, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Әуезов және басқа қазақ әдебиеті классиктерінің ғылыми-педагогикалық қызметін әдеби шығармашылығы туралы іргелі монографиялық еңбектер жазды. Ол белсенді ғылыми – педагогикалық қызметін әдеби шығармашылықпен қатар алып жүріп, роман, көркем әңгімелер мен повестер жазды. Әлем және орыс әдебиеті классиктерінің бірқатар еңбектерін қазақ тіліне аударды, өз еңбектері мен көркем шығармалары да біраз елдердің тілдеріне тәржімаланды.

Р. Нұрғали республикадағы энциклопедия ісін дамытуға айрықша үлес қосты. Мемлекет алдындағы еңбегі үшін ол бірқатар мемлекеттік марапатқа ие болды. «Парасат» орденімен марапатталды. «Қазақстанның ғылымы мен техникаға еңбек сіңірген қайраткері» атағын иеленді, ал 1988 жылы әдебиеттану саласындағы трилогиясы үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.

Көрнекті ғалым, педагог, абзал азамат Рымғали Нұрғалидың жарқын бейнесі біздің жүрегімізде әрдайым сақталады».

Сондықтан да Рымғали ағаның қысқаша ғұмырбаяны осы хатта берілгендіктен, қайталап әрі қарай жазбаймыз.

Рымғали ағаның сүйікті газеті «Қазақ әдебиетінде» Рымғали аға туралы алғашқы жүрек жарды естеліктері жарық көрді. Еңбек Ері, жазушы Ә.Кекілбаевтың, академиктер С.Қирабаев, М. Жолдасбековтің, Абайтанушы Т.Ибрагимов, ф.ғ.д., профессор Б.Жақып, б.ғ.д., профессор Б.Шайкенов, белгілі қаламгер С.Оразбаев, сол сияқты Төлек Тілеухан, Қасымхан Бегмановтар Рымғали ағаны аз да болса, әр қырынан ашып, барынша ықшамдап ойларын тұжырымдай білген. Республикаға әйгілі ақындар Ф.Оңғарсынова, Нұрлан Оразалин өздерінің Рымғали ағаға деген көңілдерін өлең шумақтарымен жеткізді.

Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин:



Қайран да қайран сыни пікірінің ақ семсері!

Қайран да қайран қазақ көркем ойының қара көрігі!

Қайран да қайран алаш жүректі адалымыз!

Қайран да қайран қазақ рухани көшінің қара нары!

- деген еді. Рымғали аға туралы осыдан артық қалай жеткізуге болады, біз де біле алмай отырмыз.

Осы орайда, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясы, Қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бөлімшесі, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты: Рымғали Нұрғалиевті «Іргелі зерттеулер мен құнды монографиялардың авторы, ұлттық әдебиеттану ғылымы мен әдебиет сынының дамуына айрықша үлес қосқан...» - ғалым деп атап өтіп «Академик Р.Нұрғали өмірінің барлық кезеңі М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтымен тығыз байланысты болды. Институт ғалымдары дайындаған «20-30 жылдардағы қазақ әдебиеті» ұжымдық монографиясы мен он томдық «Қазақ әдебиеті тарихының» негізгі тарауларын жазуға ат салысып, «Алаш қайраткерлері шығармашылығының мұрасының мәдени-рухани және ғылыми дамумен сабақтастығы» ғылыми жобасына жетекшілік етті» - деп жазды. Бұл – Рымғали ағаның істеген жұмысының теңіздің тамшысындайы ғана еді. Ал қалған еңбектері туралы басқа естеліктерде бірінің айтпағанын бірі жан-жақты толықтырып өтті.

Республикалық «Казахстанская правда» газетінде: академик С.Қасқабасов, жазушы Ә.Тарази, танымал театр сыншысы Ә.Сығай, жазушы Р.Сейсенбаев, ф.ғ.д., профессор Қ.Алпысбаев, әдебиеттанушы М.Сұлтанбеков т.б. бір топ өнер, ғылым қайраткерлерінің Рымғали аға жайында қысқа, қысқа да болса нұсқа шынайы естелік ойлары жарияланады.

Соның ішінде Рымғали ағаның ұжымы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жазған мына пікіріне көңіл аударсақ:

«Свыше тридцати лет профессор Р.Нургали преподавал в Казахском национальном университете. Неоценимый вклад он внес и в развитие научно-педагогического потенциала кафедры казахской литературы ЕНУ им. Л.Гумилева, которую возглавлял последние десять лет. Его блестящие лекции слушали во многих университетах стран СНГ, в Америке, Германии, Франции, Англии, Чехии, Словакии, Венгрии, Турции, Иране, Индии, Китае, Корее, Монголии» - дейді. Адамға ең ыстық екінші үйіндей болатын ол – айтпаса да түсінікті ұжымы. Ұжым – кімнің болса да шыңдалып, өсіп шығатын ортасы. Ұжымсыз адам – ол аралда 27 жыл қалған капитан Робинзон Крузомен тең. Демек, Рымғали аға жайында ағынан жарылып жазған ұжымының бұл – естеліктері әлі де жалғасын табары сөзсіз.



Жаман сол жақсы сөзді ұға алмаса,

Ұстаз болмас молдадан дұға алмаса.

Молда есімін алған жан бірдей емес,

Неге керек ғалымдық бойға жұға алмаса (Шал ақын).

Ұстаздың бақыты сол – шәкірттері өзі біліп бір-ауыз лебізін білдіріп жатса. Осы жағынан да Рымғали аға бақытты. Мысалы Жұмабай Шаштайұлының «Рымғали Нұрғалиев лекциясы» - атты мақаласын дем алмастан оқып шықтым. Рымғали ағаның психолог екендігіне қайран қалдым. Мақалада: Рымғали аға: –Сендер ұнатпайтын ақындарыңның есімін атаңдаршы қазір. Оның бүкіл шығармашылығын қолма-қол атап-атап берейін, - дейтін жері бар. Сонда Жүкең бір нашар ақынның есімін атап беріп, Рымғали аға «Жайлауда» - деген өлеңінің дымын қалтырмай талдап береді. Біздің ұққанымыз Рымғали ағаның жадының мықтылығы, әйтпесе, не көп, ақын көп соның бәрінің өлеңдерін есіне қалай сақтаған. Оның үстіне, Жүкеңнің болашақта еліне елеулі, халқына қалаулы азамат болатынын қалай білді, психолог болмаса. Мінекей, бұл – Рымғали ағаның ашылмай жатқан тағы да бір қыры деп білеміз.

Жүкең ұлы ұстазының ұстаздық бейнесін аша келе: «Рекең дәрісін қалай бастап, қалай аяқтайтынын сезбей қалатынбыз. Білгір адамдардың сөзіне құлақ асып, ой түйініне бойлаған мезет мынандай ой үрдісінің қайнар көзін қайдан тапты екен деп ынтығатының бар. Тап сондай дәлдік пен нақтылық Рымғали Нұрғалиев бойынан табылатыны есіңе түсіп қана қоймай, сол заманда талқыға салынбайтын тақырыпты елетпей қозғап, байқаусызда санаңа құйып тастайтын қасиеті шеберлікке жата ма, жоқ, өзіндік кісілігі ме, оны тап басып айыру қиын. Олай болатын себебі, бұл кісі дауыс әуенінің әр иірімін үзіп, үздігіп әуреге түспей, ой-пікірін лапылдатып әкетпей, байсалды да байыпты сарынынан жаңылмай, сөйлеген сайын бейнелер тіріліп, көз алдыңа сол қалпы елестейтін» - деп сонау алыс студенттік шағын еске түсіреді. Жүкеңнің суреттеуінен расында да стол басында ойланып отырған, Рымғали ағаның шынайы портреті көз алдыңа келеді.

Бір күннен кейін іле-шала Еліміздің бас газеті «Егеменді Қазақстанда» белгілі қаламгер, жазушы., ф.ғ.д., профессор Тұрсын Жұртбайдың «Ардакүрең» - деген үлкен мақаласы жарық көрді. Түкең Рымғали ағаның мінезін тап басып, құтты айнытпай келтіріпті. Тура биде туған жоқ. Расында да Рымғали аға өте әділ және бет жүзіңе қарамай тура сөйлейтін еді ғой. Алмағайып заманда Түкеңді Шәкәрім арқылы састырған Рымғали аға ақыры өзінің айтқанынан таймайды. Сөйтіп, Түкеңді де болашақтағы расын айтуға қиын өнер ғылымға бет бұрғызады. Бірақ, мұны Түкең сол уақытта аңғармаса да өзінің осы мақаласында мойындайды. «Ойлап отырсам, менің балаң санама көркемдік талғам мен ойлау жүйесінің жүлгесін есіп берген де, жазушылықтың терең сырын түсіндірген де, адамдық тағдырдың қилы сәттеріндегі қиналысының куәсі де осы адам екен. Тіпті менің бойымдағы кейбір мінездер де осы Ардакүреңнен (Жәнібек, Несіпбек үшеуіміз Рағаңды осылай атайтынбыз) ауысқанын өзім де аңғарып қаламын. Мұны еліктеудің де, тәрбиенің де жемісі деп қабылдауға болар» - дейді Тұрсын ағамыз.

Тұрсын Жұртбайдың да Рымғали ағаның дәріс оқыған сәттері айна қатесіз студенттік жадында жазылып қалыпты. Түкең: «Ал Рымғали ағаның оқыған лекциясын айтсаңшы. Алла, сөз бен білім дәл осылай қабысып та шығады екен-ау. Пафос қандай! Өзің де көтеріліп отырасың. Кейде бойыңды шымырлатып, кейде тітіркендіріп, кейде суытып, миыңның ішін шаңдатып кететін. Әдебиет теориясына келтірген мысалдарын алдындағы алақандай тілшеге қарап қойып:

Қара Қыпшақ Қобыландыда нең бар еді құлыным,

Сексеннен асып тақағанда тоқсанға үзілді ғой жұлыным

деп лапылдатып жібереді. Ілиястың теңеулерін Уолт Уитменмен, Поль Элюрамен, Пабло Нерудамен шендестіріп, қазақта мынандай ақын болған деп, Мағжанның «Түркістан», «Шойын жол» атты өлеңдерін жатқа айтатын» - деп Рымғали ағаның білімінің тереңдігін, өлеңдерді талдап қана қоймай, жатқа да оқи білетінін тіліне тиек қылады. Түкең әсіресе Рымғали ағаның докторлық диссертациясын қорғаған сәттерін де еш бүкпесіз жазған екен. Неге екенін білмеймін докторлық диссертацияны екі рет қорғамасам да, кандидаттық диссертациядан бір рет сүрініп кетіп, екінші рет тиянақ тапқанымды басында жазғанмын. Сондықтан да ғылымның Түкеңнің «ньюанстар ғылым, диссертация деген салада көп болады екен» дегеніндей, ондай құқайлар қазақтың қанына сіңіп алғанын тарихтан жақсы білеміз. Сонау Мәкеуге Ілияс Есенберлиннің үстінен бір вогон арыз барса, Грузин Домбадзенің артынан бір вогон шампанский барыпты деген әңгіме ел ішінде әлі күнге дейін айтылып жүргенін неге жасырамыз. Абайды сабаған қазақ, Шәкәрімді атқызған қазақ Рымғали ағаға неге қылышын сілтемесін. Өзінің ұлылығын бағалап, өнерлісін күте білмеген қазаққа не тәйірім. Сөйтеді де ғұламасының жүрегіне жара салады, ол айықпас дертке айналарын білсе де, айызы қанғанша сойып салады да, артынан аһ ұрып, өкініп жатады. Қазақ мінезі деген осы болар. Кім білсін?



Ананьева С.В.

Қазақстан: Алматы



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   24




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет