Табиғат қорғауда еңбегі сіңген қызметкер
Біздің еліміздің табиғат байлықтары орасан зор, олар халық қажеттілігін қанағаттандырып, шаруашылықты әрі қарай дамыту үшін қажеттің бәрін береді. Дегенмен, бұл байлық қаншалықты мол болғанымен, оны сақтай біліп, дұрыс пайдаланбаса, уақыт өтке сайын ол да сарқылады. Сондықтан, елімізде табиғатты қорғау және оның жан-жануарлар мен өсімдіктер дүниесіне қамқорлық таныту, оларды дала өрттері мен басқа да апаттардан қорғау, заңсыз аң аулап, табиғат байлығын орынсыз пайдалануға жол бермеу — басты назарда. Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі жоғарыда аталған бағыттар бойынша жұмыс жасап, көгал алқаптарын кеңейту мен өсімдіктердің, аң-құстардың қорғалуына 2001 жылдан бері атсалысып келеді. Орман қорғау саласына өмірінің көп бөлігін арнап, өз қызметін адал атқарып келе жатқан қызметкер, мемлекеттік инспектор Көбешов Болатхан жайлы сөз қозғағым келеді.
Көбешов Болатхан 1961 жылы 20 қаңтарда Аршаты ауылында дүниеге келген. 1978жылы Өрел кеңшарына қойшы болып жұмысқа кіріп, 1979-1981 жылдар аралығында Монғолияда әскери борышын өтеп келеді. Ауылға оралысымен білім іздеп Ұлан ауданының Саратовка ауылында орналасқан Шығыс Қазақстан совхоз техникумының «Ара шаруашылығы» мамандығына оқуға түседі. 1983 жылы оқуын тәмамдап, ауылға оралып, Өрел кеңшарында өз мамандығымен жұмыс атқарды. 2004 жылдан бастап Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде мемлекеттік инспектор болып қызмет атқарады. 2006 жылы Аршаты орманшылығы бойынша кәсіподақ комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Айналымы ауылдың маңайында болуына байланысты халықпен тығыз жұмыс жасайды. Әрбір тұрғынның көңілінен шығып жүрген ағамызды ауылдастарының барлығы құрметтейді. Күзгі, көктемгі ревизияларда, табиғат жылнамасын жазуда үнемі жақсы көрсеткіштер көрсетеді. Жеке қасиеттерін айтатын болсам, ақжарқын, ақкөңіл ағамыз жүрген жерінде әркіммен әзіл- қалжыңы жарасып, көңілді жүреді. Тапсырылған жұмыстың кез-келгеніне жауапкершілікпен қарайды, кәсібилігімен ерекшеленеді. Жас мамандарға үлгі ретінде көрсетуге болатын Болатхан ағамыз ұл-қызын ЖОО-да оқытып, қазіргі уақытта екеуі де Өскемен қаласында мемлекеттік қызметте жұмыс атқаруда. Көпжылдық атқарған еңбегінің жемісі ретінде алғыс хаттар, мақтау грамоталарымен марапатталды. Ұзақ жылдар бойы орманды қорғау саласына зор үлесін қосып, өзінің кәсібилігімен көзге түскен Болатхан ағамызға денсаулық, жұмысына табыс, еңбегінің жемісін көруіне тілектеспін!
Әли Айқынұлы
Аршаты орманшылығының орманшы көмекшісі
Достарыңызбен бөлісу: |