КӨкейкесті әдебиеттану


ҚАЛАМГЕР СТИЛІ Р. НҰРҒАЛИ ЗЕРТТЕУЛЕРІНДЕ



бет6/24
Дата04.11.2016
өлшемі7,72 Mb.
#281
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   24

ҚАЛАМГЕР СТИЛІ Р. НҰРҒАЛИ ЗЕРТТЕУЛЕРІНДЕ

Қазіргі ұғыммен алғанда таяу және алыс шетел ғалымдарының бір тоқтамға келе алмай, әр түрлі пікір, тұжырымдарын білдіріп келе жатқан мәселе – стиль проблемасы. Бір зерттеулерде стиль ұғымындағы басты көрсеткіш – дүниетаным мәселесі, екіншілерінде көркемдік ізденістер сипаты, үшіншісінде – стиль ұғымы мазмұнмен тығыз байланыста қарастырылады. Ертелі-кеш айтылған пікірлер ішінде «Мінез қандай болса, стиль де сондай» (Платон), «Адамның күллі қасиеті стильде тұрады» (Стендаль), «Стиль - адам» (Бюффон) деген пікірлердің де жаны бар. Орыс және қазақ әдебиеттану ғылымында стиль төңірегіндегі зерттеулерге үңілсек те, бұл ұғымның аса күрделі екендігін, оған кешенді зерттеу қажет екенін кезінде пайымдағанбыз.

Ғалым Р. Нұрғали стиль ұғымына арнайы зерттеу еңбегін арнамаса да, бұл орайдағы екі түрлі сипат, қасиеттеріне тоқтала кеткен абзал. Біріншісі – ғалым зерттеулерінде ұлттық әдеби үдеріске немесе жеке қаламгер шығармашылығын талдауға арналған ой – пікірлерінде жазушының көркемдік - эстетикалық ізденіске көбірек көңіл бөлетіндігі, қаламгер қолтаңбасына, өзіндік машық-мәнеріне, өнерпаздық даралығына саралау жүргізетіндігі; екіншісі – стиль ұғымының эстетикалық категория екендігін ғылыми тұрғыдан тұжырымдап беруі. Ол «... әдеби ұғымдағы стиль, ең алдымен, эстетикалық категория ... Стиль жазушының авторлық мұратымен, эстетикалық идеалымен жанды түрде байланысып жатыр. Өйткені, көркемдік процесте механикалық сипат жоқ» деп ой түйеді (1,254).

Зерттеуші К. Гаузенблас (Прага) былай деп көрсеткен. «... для стиля характерны сдедующие черты: а) Стиль – это специфически человеческое явление. б) Сфера стилевых явлений – это сфера интериндивидуального контакта, при котором действуют в разной степени обязывающие нормы (поэтому не говорим, например, о стиле сновидений); центральное место здесь принадлежит области семиотики. в) Стиль имеет отношение к деятельности человека, и именно к такой, которой человек может управлять (эта деятельность, конечно, может быть стильно автоматизированной) и для которой, в общем, свойственна целенаправленность (не всегда осознанная). г) Под стилем следует понимать определенный способ, принцип прохождения этой деятельности, который выступает как один из возможных. Деятельность имеет определенную структуру; она состоит из отдельных частей, следующих в определенном порядке. Целое создается путем отбора составных частей и их комбинаций (оба явления, отбор и комбинация, одинаково важны для характеристики стиля)…»

Әдіс пен стильдің өзара ұқсастығын т.б. сөз ете келіп, зерттеуші олардың айырмашылықтарын да көрсетеді. «Стиль произведения несет на себе отпечаток деятельности человека, но не показывает пути возникновения ее результата, метод же отражает именно этот путь» (2, 70-71).

Ертеректе дүниеге келген шығармаларда стильдік даралық көріне бермейді. Яғни, Р. Нұрғалидың пікірінше, фольклорлық шығармаларда ондай даралықтың көрінбейтін себебі, фольклор – ұжымдық шығармашылық. Егер бертінге дейінгі орыс әдебиетінде авторлық қолтаңба, өзіндік ерекшелік байқалмайды (Д. Лихачев) десек, XIX ғасырға дейінгі қазақ поэзиясында да ондай даралықтың жоқ екенін көруге болады. Демек, ғалымның пікірінше, стильдік даралық – әдебиеттің ержеткен, марқайған, авторланған биік өреге шыққан кезінде көрінетін қасиет.

Р. Нұрғали лингвистикалық көзқарастағы ғалымдардың шығарма стилін, авторлық даралықты сөз саптау, сөйлем ерекшеліктерінен іздейтініне, стилистикалық көзқарасты қолдаушылардың сөздің әр салада дұрыс, өз орнында қолданылуына мән беретініне тоқтала келіп, стилистика, лингвистика, поэтиканың объектісі бір деген пікірге талдау жасайды да, осы үш саланың шығар жері бір, барар жері бөлек деп тұжырым жасайды.

Ғалымның еңбегіндегі және бір құнды ой мынада. Автор өз ойын дәйектеп, дәлелдей келе, өзіне дейінгі зерттеушілер еңбегін ой таразысынан өткізеді. В. Кайзердің еңбегіндегі («Әдебиеттануға кіріспе») суреткер стилі мен қара басының арасында ешқандай сабақтастық жоқ, Уэллек пен Уоррен кітабындағы («Әдебиет теориясы») жазушының шығармасы бір бөлек, өзі бір бөлек деген пікірлерге тоқталып, талдай келе, өз тұжырымын ұсынады. Қазақ әдебиеттану ғылымындағы кемшін түсіп жатқан мәселе - стильді поэтикалық тұрғыдан қарастыру басым (В. Виноградов «Көркем әдебиеттің тілі туралы», «Стиль және сюжет», М. Бахтин «Достоевский поэтикасының проблемалары», А. Чичерин «Идея және стиль», А. Соколов «Стиль теориясы», Қ. Жұмалиев «Стиль – өнер ерекшелігі» т.б.) болып келгенімен, эстетикалық категория тұрғысынан талдап, қарастыру кенже қалғанын пайымдайды. Ғалымның ойынша, «...шығармадағы барлық компоненттері тұтастықта алып, идеялық, эстетикалық талдауда, мазмұн мен түрді бірлікте қарағанда ғана өнер табиғатын терең зерттеп, нәзік ұғуға болады», себебі, «Эстетика – әдеби әдіс, әдеби бағыт, ағым проблемаларына бойлауды талап етеді» (1,255).

Стиль ұғымын көркемдік әдіс, бағыт, ағым ұғымдарынан бөліп алып қарауға болмайды. Стильді эстетикалық категория ұғымы тұрғысынан талдағанда да басты назарда болатыны осылар. Демек, стиль және әдіс тұрғысынан алғанда, жоғарыдағы чех зерттеушісі мен ғалым Р. Нұрғали ой-пікірлерінің бағыттас, сарындас, сабақтас екенін көруге болады.

Әдеби бағыт, әдіске қатысты Р. Нұрғали ойлары төмендегідей.

1.Өнердегі шығармашылық әдіс – тарихи нақты ұғым. Ол бір суреткердің қалауының, тілегінің жемісі емес, әлеуметтік өзгерістердің, қоғамдық дамудың әсерінен объективті түрде тумақ. Әдістердің ауысуы прогресті, болмысты игеру көкжиегінің кеңеюін көрсетеді. Ғылымның қазіргі өскелең өресіндегі түсінік бойынша, көркемдік әдіс – ойлаудың типі, болмысты танып, бейнелеудегі суреткер белсенділігін анықтайтын категорияның бірі.

Қазіргі ғылыми таластар бүгінгі әдебиеттегі негізгі жемісті әдіс – реализмнің төңірегінде болуы заңды. Бірақ әдіс проблемасын түсіну үшін дүние жүзі әдебиеті тарихында болған классицизм, сентиментализм, романтизм сияқты әдістердің кейбір ерекшеліктерін айту шарт.

Классицизмде кейіпкер мінезі жан-жақты дараланбайды, мұнда автордың логикалық ойы, автордың күні бұрынғы шешімі шығармада белсенді қызмет атқармақ. Айтылмыш әдіс әрбір туындының пішініне, мазмұнына көпке белгілі орын бірлігі, уақыт бірлігі, әрекет бірлігі триадасы арқылы тұсау салған. Табиғат ғылымдары өрлеп дами бастаған кезде дарвинизм қағидалары қоғамдық ғылымға да әсер етті. Әдебиеттегі натурализм әдісінің принциптері адамдар арасындағы қоғамдық қарым-қатынастарды физиологиялық тұрғыда суреттеуді құптайды.

Натурализм – өмір құбылыстарының бір-біріне жасайтын әсерін, даму заңдылықтарын, фактілер арасындағы сабақтастықты ашып бере алмайды. Натуралистердің жабысып ұстайтын тұтқасы, табынар тәңірі – факт. Дара қалпында, шикі күйінді алынған материал.

Негізінен сезім сырларын, көңіл күйлерін бейнелеуге тырысатын сентименталдық бағыттағы шығармалардың үлкен олқылығы – әлеуметтік анализдің жоқтығы. Сентименталистер адам сезімдерін тудырушы шешуші фактор – қоғамдық құбылыстарды елемейді. Дүние жүзілік әдебиеттегі көптеген шоқтықты шығармалар романтикалық әдіспен жазылған.

2. Жалпы романтикалық әдіске тән сипаттар деп бірнеше белгіні көрсетуге болады.

Тірліктің күйбеңіне қарсылық, идеалға ұмтылу, жеткенге, қолда барға қанағаттанбау, өткінші нәрсеге – мәңгілік дүниеге, объективтік нәрсеге субъективтік нәрсені қарсы қою, өмір құбылыстарын бейнелеудегі идеал біріншілігі, жазушының ылғи идеал соңында кетуі - романтикалық шығармалардың тарихи негіздерін солғындатады. Оларда шарттылық, кездейсоқтық мәні зор. Кейіпкер мінезі мен орта арасындағы диалектикалық байланыс жете ескерілмейді...

Футуристік бағыттағы жазушылардың шығармаларынан шылау, одағай қуылды, тыныс белгілер алынып тасталды. Сөйтіп, футуристер техникалық заманның тынысын сол заманға сай пішіндер арқылы бейнелейміз деп жар салды.

Қазіргі модернистер, декаденттер құр форма қуушылар емес, олардың дүниетанымы өзегінде философиялық концепция жатыр, ал әлем әдебиетіндегі жемісті бағыт – қоғамдық дамудың тәжірибесі, тудырған адам табиғатындағы мың сан құбылыстар екендігіне жазушылар түгел ден қойған.

Реализм әдісі - барлық халықтардың өзгерген, дамыған сапалық өнердің алтын өзегі, ол ең алдымен, қоғамдық құбылыстарды бейнелеу, әлеуметтік зерттеу, анализ шарттарын бірінші орынға шығарады.

Өнердің соны сипатты мүмкіндіктері, монтаж, ішкі монолог, емеурін, астар, ой ағымының сан-алуан түрлері, сюжет жасаудағы табыстар, символ, фантастика – реализмге бұрынғы әдістерден жадағай алынып жағылған бояу емес. Өз тәжірибесінде әрбір суреткер әдеби әдісті авторлық идеалына, шығарма мақсатына байланысты үнемі құбылтып, өзгертіп жаңашылдықпен пайдаланса ғана, шабыттың айдын шалқарын таппақ.

Асылы, көптеген іргелі елдерде әдебиеттану ғылымында тек пен түр бойынша маманданған, соған байланысты ғылыми мектебін қалыптастырған ғалымдар баршылық. Достоевский поэтикасы жөнінде ірі еңбек жазған М.Бахтин, көне дәуірдегі орыс әдебиетінің тарихы саласының ірі маманы Д.Лихачев, К.Гамсахурдиа мұрасын егжей-тегжейлі зерттеген С.Сигуа, орыс философиясы мен мифологиясын, мәдениетін біртұтас бірлікте, әдеби туындымен тығыз байланыста зерделеген А.Лосев, С.Сейфуллиннен қалған мұраны ақынның өнері, эстетикалық танымы мен идеалы тұрғысынан зерттеген С.Қирабаев, ақын өмірінің қырларына үңіліп, азаматтық ажарын, кісілік келбетін кескіндеуден талмай келе жатқан Т.Кәкішев, поэзияның ірі білгірі З.Ахметов, әдебиет теориясына бір кісідей еңбек сіңірген З.Қабдоловтар – бұл ойымыздың жарқын дәлелі.

Мәселеге осы тұрғыдан үңілсек, Р.Нұрғалидың әдебиеттану ғылымында айрықша еңбек сіңірген саласы – драма өнері. Уақыт өте келе, драмаға қатысты «Трагедия табиғаты» атты бір ғана классикалық еңбегімен тарихта қалуға лайық ғалым өзін толғандырған басқа салаларға да қалам тартты. Бұл орайда Р.Нұрғалиды, ең алдымен, тыйым салынған ақын-жазушылар, алаш қайраткерлерінің мұрасын зерттеуші ретінде білдік. Ұлттық әдебиеттану ғылымының олқы тұстарын толтыруға талпынуы ғылыми, қоғамдық қажеттіліктерден туындаған болатын. Қазақ қазақ аталмай, біртұтас түркі әлемінің өкілі болып тұрған кезінде тудырған рухани мұраларынан бастап, қазіргі кезеңдегі әдеби үдерісті тек пен түр, жанры бойынша жіліктей талдап, ғылыми саралаудан өткізуі оны энциклопедист ғалым етіп қалыптастырды.

Әдебиетші ғалымның өзгелер бара қоймаған тың арнаға баруы, әрине, зерттеушінің беделіне бедел қосады, бұл – мәселенің бірінші жағы. Ал, мәселенің екінші жағы зерттеу нысанын жетік біліп, меңгеріп қана қоймай, соны зерттеудің әдіснамалық тәсілдерін терең игеруде жатыр. Міне, осы екі жайттың екеуі де ғалым Р.Нұрғалидың зерттеу машығына, ғылыми тәсіліне тән жайттар дегенді баса айтқан абзал.

Ғалымның ғылыми-зерттеушілік бағыттағы еңбектері төмендегідей сипаттарымен ерекшеленеді:


  • Негізгі нысанды нақты проблема төңірегінде талдап, ой қорыту;

  • Ұлттық әдебиеттану ғылымының өзекті мәселелерін әлемдік деңгейдегі әдебиеттану тәжірибелерімен салыстыра отырып зерделеу;

  • Әдебиет теорисы компоненттерін біртұтас, кешенді түрде сабақтастық аясында талдау:

Тұжырымдай айтсақ, академик Р. Нұрғалидың әдебиеттану ғылымына қосқан үлесі басқа да ауқымды, классикалық деңгейге көтерілген зерттеулерін айтпағанның өзінде стиль ұғымына қатысты шағын ғана ғылыми шолу мақаласынан - ақ байқалады дегіміз келеді.
Пайдаланылған әдебиеттер
1.Нұрғали Р. Сөз өнерінің эстетикасы. Жеті томдық шығармалар жинағы. Т.2. Астана:Фолиант, 2005

2. Гаузенблас К., К уточнению понятия «стиль» и к вопросу об объеме стилистического исследования. // Вопросы языкознания, 1967, №5



Тебегенов Т.С.

Қазақстан: Алматы

ӘЛЕМДІК АЙДЫНҒА ҚҰЙЫЛҒАН ҚУАТТЫ АҒЫС

Қазақ әдебиеті бүкіләлемдік сөз өнері дамуының озық дәстүрлерін дамыта отырып, халықтық биік мұраттарға қызмет ететін үздік көркемдік жинақтауларға толы туындыларды дүниеге әкелгені мәлім. Бұл туындылар ұлттық және дүниежүзілік әдеби дәстүрлер дамуының өзара тоғысуының нәтижесінде дүниеге келген ұлы жаңалықтар еді. Ал, қазақ әдебиеттану және фольклортану ғылымдарының кейбір өкілдері дүниежүзі халықтарының көп жанрлы әдебиеттерінің ежелгі түп-төркіндеріне, тарихына арнап, байланыстардың, әртүрлі бағыттар мен мектептердің шығармашылық сабақтастығын ашу жолында еңбек етіп келеді. Себебі, қазіргі замандық филологиялық ғылымда материалдарды салыстыра зерттеудің арқасында тарихи-генетикалық, тарихи-психологиялық, тарихи-мәдени тығыз байланыстар заңдылықтарына орай, ғылыми жинақтаушылық жұмыстарының аясы кеңейе түсуде.

Әдебиеттану ғылымына 60-жылдары келіп қосылған зерттеушілердің ең көрнектілерінің бірі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, филология ғылымының докторы, профессор Рымғали Нұрғалиев – осы жаңашыл ғылыми-зерттеушілік бағыттағы ғалым. Ғылымдағы ең алғашқы үлкен қадамын «Сабыр Шарипов» (1961) атты ғылыми еңбегін кітап етіп жариялаудан бастаған зерттеушінің қаламынан ұзақ жылғы еңбегінің нәтижесінде «Трагедия табиғаты» (1968), «Талант тағдыры» (1969), «Күретамыр» (1979), «Өнер алды – қызыл тіл» (1974), «Қазақ драматургиясы» (1974), «Өнердің эстетикалық нысанасы» (1979), «Драма поэтикасы» (1982) атты монографиялық кітаптармен қатар, әдебиет пен өнер, эстетика мен театр мәселелерін сөз ететін эсселер, әдеби портреттер, мақалалар туды. Ол – қазақ драматургиясындағы трагедия, драма, комедия жанрларының ұлттық ерекшеліктерін, дүниежүзілік әдеби дамуға қосылатын белгілерін көп жылдар бойы ұқыпты тексерген, сахналық жанрлардың ерекшеліктерін теориялық тереңдікпен анықтаған, сонымен бірге қазақ әдебиеттану ғылымындағы әдебиет теориясы, әдебиет тарихы, әдебиет сынына қатысты көптеген ойлы ғылыми мақалалар, кітаптар жазған жан-жақты ғалым. Демек, профессор Р. Нұрғалиевтың шығармашылық тұлғасын жинақтап айтсақ, ол – әдебиеттің теоретигі, тарихшысы, сыншысы. «Ай қанатты арғымақ» (1990) атты роман, «Жартастағы қарағай» (1980), «Ат шабыс ертең» (1981) атты повестер, «Дән» (1977) атты новеллалар, «Аяқталмаған трагедия» (1990) әңгімелер жинақтарын жазған шебер прозашы, замандастарымыздың жарқын істерін жазған қаламы жүйрік журналист, Л. Толстой, А. Кешоков, Н. Погодин, П. Брагин және т.б. жазушылардың шығармаларын қазақша сөйлеткен аудармашы.

Талантты зерттеушінің «Айдын» (1985), «Телағыс» (1986), «Қазақ революциялық поэзиясы» (1987) деп аталатын трилогиялық монографиялық еңбектері қазақ әдебиеттану ғылымының тарихындағы үздік табыстарының қатарына қосылады. Осы аталған ғылыми-зерттеулер, әдеби сын трилогиясы үшін 1988 жылы қаламгерге Қазақстан Республикасының Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығы берілді. Ғалымға Мемлекеттік сыйлық берілген сол бір күндері республикалық баспасөзде Ахмет Байтұрсыновтың, Мағжан Жұмабаевтың, Жүсіпбек Аймауытовтың ақталғандығы туралы тарихи құжаттар да жарияланып жатты. Сол кезде біз есімдерін атауға тыйым салынған қытымыр зар заманда осы алыптарды зерттеулерінде ауызға алғаны үшін Р. Нұрғалиевтың да тағдыр тауқыметінің талқысына ұшырағаның ойымызға алдық. Ғалымның осы трилогиясы 1991 жылы «Жазушы» баспасынан екі том болып, «Арқау» деген атпен оқырман қолына тиді.

«Арқау» кітабының бірінші томын құрайтын «Айдын» монографиясы – қазақ драматургиясындағы трагедия, драма, комедия жанрларын игерудегі қазақ жазушыларының көркемдік шеберлікке қалыптасуын, эстетикалық талаптарды игерудегі ізденістерін теориялық тілмен айқындаған еңбек. «Трагедия» бөлімінде эпикалық, адамгершілік-тұрмыстың, тарихи деп аталатын трагедия жанрының ішкі жіктелістеріне, эстетикалық иірімдеріне бағалаулар беріледі. Қазақ драматургиясындағы трагедия табиғатына ғылыми баға беруде зерттеуші І. Жансүгіровтің, М. Әуезовтің, Л. Соболевтің, С. Мұқановтың трагедияларын осы өзі жасаған жанрлық жіктеулер тұрғысында бағалай келіп, оларды әлемдік драматургиядағы грек сахнасының классикалық-антикалық туындыларымен, В. Шекспир, Г. Ибсен, М. Горький, Н. Погодин шығармаларымен төркіндестіре, байланыстыра қарайды.

Ал, «Комедия» атты бөлімде Б. Майлин, М. Әуезов, Ж. Шанин, С. Абланов, Қ. Байсейітов, Қ. Шаңғытбаев, Қ. Мұхамеджановтар жазған қазақ комедияларының жанрлық қасиеттерін саралай келіп, сатиралық және лирикалық комедия деп аталатын түрлерді нақтылап талдайды. Бұлайша бөлуде автор талдау нысанындағы шығармалардың жанрлық жаратылысын айқындау үшін әлемдік және отандық теориялық еңбектерге сүйене отырып, орыс комедиясының тәжірибелерін, ұлттық драматургия материалдарын дұрыс ұштастыра қарастырған.

Еңбектің «Драма» атты бөліміндегі қаһармандық, саяси-әлеуметтік, тарихи-ғұмырнамалық, психологиялық, лирикалық, дискуссиялық драмалар түрінде жіктелген пьесаларды талдауда қазақ драматургтерінің тарихи-революциялық тақырыпты игеру шеберліктері ашылады.

«Арқау» кітабының екінші томындағы әдеби қозғалыстың диалектикалық сипатын құрайын әдеби дәстүр мен әдеби даму мәселелерін кеңінен толғап, қамтитын «Телағыс» атты монографиясын дүниежүзілік әдебиеттану ғылымындағы тарихи-генетикалық, тарихи-типологиялық, тарихи-мәдени байланыстар тұрғысында жазылған соны бағыттағы іргелі еңбек ретінде танимыз. Монографиядағы «Әдеби дәстүр», «Әдеби байланыс», «Әдеби шығарма» деп аталатын тарауларында әлемдік әдеби даму тарихында тән дәстүр жалғастығындағы ұлтаралық әдеби байланыстар, әрқилы дәстүрлердің тоғысулары, соның нәтижесінде әрбір ұлтта кесек туындылардың туатындығы ғылыми тұжырымдармен баяндалады. Зерттеуші дәстүр мен жалғастық, халықтардың байланыстары тұрғысындағы методологиялық тұжырымдарға сүйене отырып, әртүрлі жанрлардағы дүниежүзілік және қазақ сөз өнерінің байланыстарының мәнін ашады. Ғалымның ден қоя қарастыратын ерекше мәселесі – әрбір халықтың жазба профессионал әдебиетінің (оның ішінде поэзия, проза, драматургия) ежелгі мәдени мұралардан, фольклордан бастау алатындығына ерекше тоқталатындығы.

Зерттеуші: «...өнердің даралық сипаты, құдіреті – образда» (32-бет) дей келіп, «образ» терминінің пәлсафалық, жанжүйелік (психологиялық), өнердегі түрлері деп бөлінетін ұғымдарында аталатындығына даралап анықтамалар береді. Бұл арада образ жасаудағы жазушы жұмысының шығармашылық толғаныстарының қалпын зерттеуші өте әсерлі тілмен бедерлейді: «Суреткердің қиялы – ешбір ғалымның қолында жоқ құрал. Суреткердің қиялын, батырдың семсерімен, әншінің даусымен, күннің нұрымен, рентген сәулесімен салыстыруға болады. Пәни тіршілікте жазушы – көптің бірі. Тіпті көзге қораш, ол екі иығын жұлып жеген пысық емес, тек шабытты шақтарында ғана биік, оның көзінің көрмейтін нәрсесі, шалмайтын қалтарыс-қапысы жоқ. Суреткер қуаты – талант, сыйынар пірі – қиял, шабыт» (35-36-беттер).

Кітаптағы тағы бір құнды мәселе – өнердің табиғаты, қоғамдық қызметі, пәні атты мәселелерді зерттеудің тарихына баға берушілік. Зерттеуші ертедегі Грекияның сәулет, сымбат сөз өнері түрлерінен, сонымен бірге ғылымнан әлем халықтарының бастау өнеге-үлгі алғанын баяндайды. Аристотельдің «Поэтикасының» әдебиет туралы ғылыми-зерттеу, ғылыми трактат екендігін сол жұмыстың ішкі мазмұны арқылы түсіндіре келіп, зерттеуші кейінгі дәуірлердегі француз Н. Буалоның «Поэтикалық өнеріне», неміс Лессингтің «Лаокоонына» және басқа да ірі ойшылдардың әдеби-теориялық бағалау тұрғысындағы еңбектеріне ғылыми сипаттама береді. Бұл орайда, ғалымның әдебиеттің теориясы, тарихы, сыны туралы айқын анықтамаларының жанашылдықпен ұсынылғандарын айтамыз.

Осы пікірлердің жалғасуында қазақ өнері туралы ғылымның тарихындағы Әбу Нәсір әл-Фарабиден бүгінгі күнге дейінгі іргелі еңбектерге талдама жасалуы да қонымды. Автор уақытымыз берген еркіндікті толық пайдаланып, бұрын айта алмай ішінде тұншыққан мынандай пікірлерін осы жаңа басылымға қосып жіберген: «Қазақ сынының алғашқы беттерін Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов еңбектері ашты.

«Жан жүйесі мен өнер таңдау» (Ж. Аймауытов), «Әдебиет танытқыш» (А. Байтұрсынов), «Әдебиет тарихы» (М. Әуезов), «Қазақ әдебиеті» (Х. Досмұхамедов) секілді еңбектер туды» (51-бет). Одан әрі зерттеуші С. Сейфуллин, Ғ. Тоғжанов, М. Әуезов, С. Мұқанов, Қ. Жұмалиев, Е. Исмайылов, Ә. Тәжібаев, Б. Кенжебаев, Т. Нұртазин, М. Қаратаев, А. Нұрқатовтар жасаған әдебиеттанудағы ірі ғылыми, әдеби сыншылық еңбектерді түсіндіреді.

Зерттеушінің қазақ әдебиеті тарихының алты кітабына, М. Әуезовтің он екі томдығына арнаған пікірлері әдебиет сыншысының көзқарастары тұрғысында жазылған. Бұл жерде сыншы Р. Нұрғалиев әдеби мұраларды зерттеуге негіз болатын түпнұсқа материалдардың текстологиялық дұрыстығын сақтауға, шығармалар жинақтарының ғылыми сауаттылықпен құрастырылуына байланысты қатал да әділ сындар айтады. Ғалым-сыншы қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымының барысын, даму тенденциясының сипатын былайша төрт салаға бөледі: «Біріншіден, сөз өнерін тарихи тұрғыдан бағалау бағыты. Екіншіден, проблемаларды арнайы тексеру бағыты. Үшіншіден, әдебиеттің дамуына әсер еткен көрнекті суреткерлердің творчествосын қарастыру бағыты. Төртіншіден, көне нұсқаларды, классиктер туындыларын қайта жариялау, текстологиялық ізденістер бағыты» (65-бет).

Әдеби байланыстар туралы әңгімелегенде зерттеуші «тағдыры, тілі, рухы жақын бауырлас елдер мысалына жүгіну қызықты ғылыми байламдар жасауға мүмкіндік берері хақ» (94-бет) екендігіне ден қойған. Сөйтіп, түркі тілдес халықтардағы башқұрт, татар әдебиеттерінің әдеби-фольклорлық байланыстарындағы тұрмыс-салттық мазмұнда жырлау, эпикалық аңыздау, музыкалық әуендес секілді фольклорлық үндесулер мен Мұхамед Әкім Үмбетбаев, Ақмолла, Ғалымжан Ибрагимов, Сабыр Шарипов сынды тұлғалардың орны түсіндірілген.

Зерттеуші әдеби байланыстардың үлкен құралы аударма шығармаларды талдағанда, Абай, Мұхтар дәстүрінде қалыптасқан қазақ және дүние жүзі әдебиеттерін байланыстыратын тәржімашылық мектептің ғылыми бағасы айқындалады.

Қазақтың жазба көркем прозасының қалыптасу, кемелдену эволюциясын эстетикалық категория, мазмұн мен форма бірлігінің аясында талдау – теориялық терең білімділктің белгісі. Осы теориялық талдаулар жалғастырыла келіп, тақырып пен идея, сюжет пен композиция, стиль, сонымен бірге жанр атты теориялық термин ұғымдары дүниежүзілік сөз алыптары Г. Мопассан, Э. Хэмингуэй, Э. М. Ремарк, У. Фолкнер, Г. Маркес, М. Горький, М. Шолохов, М. Әуезов, т.б. суреткерлердің шығармашылық өнегелері арқылы тұжырымдалады, тиянақты талданады.

Эсселер жинақталған «Әдеби тұлға» атты тарау – қазақ сөз, әуез шеберлері мен ғылым қайраткерлері М. Әуезов, Ғ. Мүсірепов, А. Жұбанов, С. Бегалин халық ақыны Шәкір Әбенов, ғалым-сыншы С. Қирабаевтар туралы шығармашылық, азаматтық тұрғыдан әділ бағалау көрінісі.

Әдебиеттің теоретигі, тарихшысы, сыншысы тұрғысындағы қасиеттерді біртұтас алып жүрген әрбір зерттеуші кешегі мен бүгінгі және ертеңгі әдеби даму жалғастығын үнемі басты назарда ұстайды. Кітаптың «Прозадағы драматизм, әлеуметтік-эстетикалық салмақ», «Әдеби сын жанры мен стилі» деген тақырыптардан құралған бесінші тарауында қазақ әдебиетінің қазіргі даму үдерісі туралы әдеби-теориялық сыншылдық бағалаулар жасалады. Қазіргі әдеби үдерісті сыншыға лайық теориялық білімдарлықпен бағалауынан туған қорытындыларында зерттеушінің тұтас әдеби процесті қадағалаушы танымпаздығы, қырағылығы көрінеді.

Ал, әдеби сын жанры мен оның стилін айтқанда, «әдебиетте жаман жанр, кем ата, жасық нәсіл деген болмайды, жаман ақын, жаман романист, жаман драматург, жаман сыншы бар» (346-бет) екендігін айқындай отырып, қазіргі әдбиеттанудағы сын жанрының тамыр-таныстыққа, ағайыншылыққа, жерлестікке бой алдырғанын, талдаудағы теориялық, методикалық кенжелік өнердің эстетикалық мәнін ұмыту, бір шығарманы талдауда баспасөз орындарының түсініксіз, бейтарап, енжар, қайшылықты позициялары сыналады.

Ғалымның «Қазақ революциялық поэзиясы» монографиясы – «Арқау» қос томдығының екіншісі кітабының соңғы бөлігі.

«Ғашығым менің – бостандық», «Соғайын сөзімнен бір сұлу сарай» деп аталатын тарауларында С. Сейфуллин мен І. Жансүгіровтің поэзиялық, прозалық, драматургиялық мұраларын зерттеуші өзіндік теориялық талдау машықтарымен айқындап түсіндіреді. Әсіресе, С. Сейфуллин шығармашылығындағы мынандай жаңашылдық белгілерін шығармаларды нақты талдау арқылы түсіндіреді: біріншіден, асау тұлпар, қызыл сұңқар, аққу, домбыра, экспресс, альбатрос, сыр сандық, толқын образдарының символдық дәрежеге көтерілгені; екіншіден, аллегориялық тәсілмен жырланған поэма, баллада жазғаны («Аққудың айрылуы», «Қызыл ат», «Лашын әңгімесі», т.б.); үшіншіден, әлеуметтік-қоғамдық өзгерістерді гуманистік сарындағы көсемсөздік стильмен ашуы; төртіншіден, өлеңнің ішкі ырғағына негізделген қысқа тіркестерге, жеке сөздерге айрықша идеялық мағына әкелетін 4-7 буындық өлшемдер аралас қолданылған 9 тармақты шумақтарды қазақ поэзиясына тұңғыш рет енгізуі, неологизм сөздерді мол қолдануы, т.б.

Кітаптың үшінші тарауында зерттеуші І. Жансүгіров мұрасын жаңаша талдаумен саралайды. Ақынның суырып салма өнері мен жазып шығаруға қатар машықтанып қалыптасу жолында ұлы Абай мен Әсет ақын дәстүрлеріндегі мектептерден өткені айтылады.

І. Жансүгіров лирикасындағы мадақ, толғау, терме формаларын, аллегориялық кейіптеу әдістерін қолдану ерекшеліктерін айқындай келе табиғат лирикасында пәлсафалық ойлауға жетелейтін тереңдіктері анықталады. Табиғат пен адам байланыстарының диалектикалық сабақтастығын жасауда еңбек үдерісімен байланыстыра отырып, он бір буынды тармақтардың бастапқы сөздерін ұйқастыратын ақынның өзіндік өлең кестесіне назар аударылады. Өлеңді сөздердің ішкі музыкалық әуезділігіне, дыбыстардың, үндестігіне, «басқы, ішкі, аяққы ұйқастарға, тіл мөлдірлігіне ерекше көңіл» бөлген ақынның ассонасты, аллитерациялы, консонансты үндесулер мен теңеу, эпитет, тропаның (метафора, метонимия, синекдоха, символ, аллегория, т.б.) алуан айшықтары кездесетіндігін зерттеудегі нақты талдаулармен берілген мысалдар танытады.

І. Жансүгіров поэмасының эпикалық поэмалар циклындағы шығармалардағы көсемсөздік, саяси-әлеуметтік ойлар айтушылық, тарих пен халық, революциялық өзгерістермен түрленген дала тағдырларының көркем образдаумен берілуі, лирикалық өлеңдерінде негізі қалыптасқан өнер тақырыбының желісін поэмаларында күйшілерді, әнші-композиторларды (қобызшы шал Молықбай, күйші жігіт Ақан сері) эпикалық образдауға көтеруі – бәрі де жаңалығы айқын теориялық талдау тілімен өрнектеледі. Ал, драматургиядағы әуелгі ізденістерін лирикалық, эпикалық поэзиясында диалог, монолог формаларын қолданудан, одан кейін бір перделі шағын пьесалар жазумен машықтанудан бастаған. І. Жансүгіровтің драма («Райхан», «Кек», «Түрксиб»), тарихи трагедия («Исатай–Махамбет») жазуында суреткерлік шеберлігінің өзіндік даралық жақтары мол. Осыларды көрсете келіп зерттеуші І. Жансүгіров пьесаларының поэтикалық табиғатын дәл айқындайды.

Ал, прозада қазақ аулындағы жаңарған өмір фактілеріне негізделген репортаж, очерк, әңгіме жазу тәжірибесімен қалыптаса отырып, кең тынысты эпостық прозаның ең үлкені роман жазу («Жолдастар») тәжірибесі айтылады. Бұны да зерттеушінің өзі жасаған жаңа анықтамасымен беруге тура келеді: «Жолдастар» – қазақ әдебиетінде әлеуметтік психологиялық роман жазу барысында алғашқы сәтті тәжірибелердің бірі, өмірлік мазмұны терең, эстетикалық әсері күшті сапалы шығарма» (516-бет).

Сонымен жинақтай айтсақ, ғалымның әдеби-сыншылық, ғылыми-зерттеушілік сипаттағы трилогиялық бұл еңбектерінің ортақ мазмұны әлемдік және қазақ сөз өнеріне ортақ, сонымен бірге ұлттық ерекшелік қасиеттерін жіктеп көрсетеді. Әлемдік сөз өнері айдынындағы әдеби даму, әдеби дәстүр жалғастығының тарихилығы, жаңашылдықпен ілгерілеушлігі жанды процесс ауқымында дәлелденеді. Үш еңбекті біріктіріп тұрған тағы бір желі – талданған барлық шығармалардың да заман ықпалымен, дәуірдің халықтық мазмұнымен сабақтастырыла қарастырылатындығы. Демек, үш кітапқа желі болған зерттеуші ойларының теориялық негіздері қазақ әдебиеттану ғылымының қазіргі және болашақтағы шығармашылық сапалы сипатын айқын бейнелейді.

Қазақ сөз өнерінің, мәдениетінің тарихына қайта оралған алыптарға қатысты өзінің ХХ ғасырдың 60–70-жылдарында бұрынғы жазылған пікірлерін, көзқарастарын қалпына келтіргендігі байқалады. Ең бастысы – трилогияның тұтас желісінде Шәкәрім, Ахмет, Мағжан, Жүсіпбек, Міржақып шығармаларына байланысты қадау-қадау ойларын айқындай айтуы. Мысалы, «Телағыстың», «Әдеби дәстүр» тарауында тыйым салу тұманымен тұмшаланған жылдарда ұлы жазушы М. Әуезовтің образдарға арқау болған прототип – Шәкәрімді қалай бейнелегендігі туралы суреткерлігінен мынандай шынайы дерек береді:

«Қазақ әдебиетінің тарихында Айдар деген ақын жоқ. «Абай романында айтылатын Дәрмен деген ақын да тарихта болмаған. Бұл ретте Толстойдың Наташа образын қалай құйып шығарғаны еске түседі. Дәрмен – қазақ тліне «Ләйлі–Мәжнүн» дастанын парсы тілінен аударған, Пушкинді, Толстойды қазақ сахарасына таратуға атсалысқан ақын, тарихшы, философ, Абайдың немере інісі Шәкәрімнің бейнесі. Оның кейбір сипаттары – Шұбар, Керім характеріне негіз жасады. Сөйтіп, әйгілі «Еңлік–Кебек», «Қалқаман–Мамыр» дастандарының авторын, көп ән шығарған копозиторды Әуезов өлтірмеген, оны Айдар, Дәрмен арқылы тірілткен! Жеңгелері Абайды жас кезінде Телғара десе, інісін Айдар деген» (37 бет). Қайсар ғалым Рымғали Нұрғалиев бұл пікірін тап осы қалпында 1986 жылы жарияланған «Телағыста» (39-бет) жазған-ды. Айырмашылығы – әуелгі басылымда «Шәкәрім бейнесі» деген тіркестің жоқтығы, бірақ сол кезде де осы жолдардың Шәкәрімге арналғандығын сезіп қуана құптағанбыз. Ол кезде қазір ортамызға қайта оралған алыптар туралы тап осылай ашық түрде ешкім де жаза алған жоқ еді.

Ғалымның бұрынғы еріксіз айта алмай келген пікірлерін жарқырай көрсеткен жұмысының екінші түрі – трилогияға «Алыптар қайтып оралғанда» атты арнаулы тарауды қосқандығы. Бұл тарау Ахмет Байтұрсыновқа арналған «Ұлттық мәдениетіміздің мақтанышы», Мағжан Жұмабаев туралы «Мөлдір сезім, биік парасат», Жүсіпбек Аймауытов хақындағы «Сегіз қырлы бір сырлы дарын» атты ғылыми очерктерден құралады. Бұл тарауда ғалым қазақ әдебиетінің ұлттық бояумен әлемдік деңгейге иық теңесерлік көркемдік биіктіктерін жасап кеткен алыптарымыздың шығармашылық мұраларының сан қырлы сипаттарына ғылыми-танымдық маңызы зор бағалаулар жасайды. Ғылым баспалдақтарына аяғын алғаш басқаннан-ақ осы алыптар мұраларын ұрпақтарға танытуды мұрат тұтқан Азамат-Ағамыздың мақсатына жеткен мерейлі бір шағы болды-ау осы жылдар?!.. Осы жаңа тараудың соңында автор: «... қазақ халқының рухани қазынасына репрессия жылдарында мұзға батқан алып кемелер – Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Шәкәрім Құдайбердиев сынды зор талант иелерінің аса көркем, терең идеялы, күрделі шығармалары қайта оралды. Оларды жан-жақты зерттеу, жариялау, насихаттау, бір сөзбен айтқанда, түлеу, жаңару заманына қызмет еткізу – азаматтық парызымыз» – дейді (563-бет). Бұл – талай жыл жүректеріміздің дүрсілімен бірге естілгенмен ащы өксіктей алқымға кептеліп сыртқа шыға алмай келген барша қазақ зиялыларының атынан айтылған сөз.

Азаматтық парасаттылықтың осындай намысты кезеңінде әркімнің де сөзіне ісінің сай келуі шарт. Бұл орайда, Р. Нұрғалиевтың орта мектептің 11-сыныбына арналған жаңа оқулыққа осы алыптар – мұрасы енгізілген жаңа нұсқасын жазуға қатысуы, Ахмет Байтұрсыновтың өлеңдері мен тәржімелерін, көсемсөздік мақалалары мен әдеби зерттеулерін қамтитын «Ақ жол» кітабын құрастырып, алғысөзін жазып баспаға әзірлеуі, жариялатуы, 10-11-сыпытарға арналған «Ахмет Байтұрсынов» атты қосымша оқу құралын жазуы, әдебиеттану мен әдебиет тарихындағы қайта түлеген мұралар хақында орта мектептерде, жоғары оқу орындарында арнайы сабақтар өткізуі – ғылымды өмірде қолдануыдың шынайы, нақты көріністері.

Шын ғалымның тұлғасы уақыт сынына төтеп беретін кесек туындыларымен, азаматтық, күрескерлік еңбек сүйгіштігімен танылады. Әдебиеттану ғылымының теориясына, тарихына, сынына және фольклор мен әдебиеттің дәстүрлі байланыстарына да теориялық терең білімдарлықпен қомақты-қомақты ірі еңбектер жазған профессор, академик Рымғали Нұрғалиев – қазіргі ұлттық әдебиеттану ғылымының әлемдік дәрежеге иық теңестіретін көрнекті өкілдерінің бірі.

... Сонау бір жылдары Қазақ мемлекеттік университетіндегі қазақ әдебиеті кафедрасының аспирантурасында оқып жүргенде-ақ «Қазақ әдебиеті» газетінің 1967 жылғы, 1 қыркүйек күнгі санындағы «Қилы заман» қандай туынды?» деген мақаласымен ұлы суреткеріміз Мұхтар Әуезовтің орынсыз айыпталып келген осы шығармасының мәңгілік жарқын болашағына жол ашып беріп еді. Осы мақаласы үшін С. Бегалин, А. Жұбанов, Ғ. Мүсірепов сынды қазақ әдебиеті мен өнерінің ірі тұлғаларынан қолдау алған-ды. Қалың жұртшылықты сүйсінткен дарынды ғалымның бұндай батыл, кесек ойлы, шешімді істері күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Мысалы, ұлттық театрымыз бен драматургиямыздың негізін салушы, қазақтың Станиславскийі атанған Жұмат Шанинның әдеби мұрасының көзден қағажу қалып келе жатқандарын жинақтап, 1988 жылы «Өнер» баспасынан (Жұмат Шанин. Арқалық батыр: Пьесалар мен мақалалар. Құрастыр.: Р. Нұрғалиев. – Алматы: Өнер, 1988 жыл) шығаруы да ғалымның азаматтық тұлғасын биіктете түскен жұмыс болды.

Профессор Р. Нұрғалиев – қазіргі әдеби процестің, қоғамдық-әлеуметтік өмірдің белсенді сарапшысы, тәуелсіздік жолына түскен Қазақстан әдебиетінің, мәдениетінің насихатшысы, қоғамды ілгері бастыру жұмыстарына сергек үн қосушы. Мысалы, «Шындық шырағы» («Лениншіл жас», №31, 13 желтоқсан 1987 жыл) деген мақаласында Шыңғыс Айтматовтың «Жан пида» романы туралы Бүкілодақтық әдеби сынға қосыла отырып: «... Плаха» кеңес әдебиетінде наркомания секілді әлеуметтік дертке қарсы дауыс көтерген, экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуын, адамдар арасындағы қайшылықтардан туған алапат тартыстарды көрсеткен психологиялық роман, дәлірек айтқанда шекспирлік қуатпен жазылған Достоевский, Толстой үлгісіндегі роман-трагедия» – деп, қазақ әдебиеттану ғылымының өкілдерінің арасынан тұңғыш рет нақты теориялық анықтама да беріп үлгірген-ді.

Профессор Р. Нұрғалиев – ұзақ жыл қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақтың мемлекеттік университетінің филология факультетінде студент-шәкірттерді оқытқан, тәрбиелеген педагог, тәрбиеші ұстаз, Қазақ әдебиеті кафедрасындағы аспиранттықтан профессорлыққа дейін өсіп, 1984–1986 жылдары факультеттің деканы болып қызмет істеді. КСРО Жоғарғы мектебінің озық қызметкері деген атақ, әрине, ғалым-ұстаздың білікті, дарынды ұстаздық қызметінің көрінісі. Ол – филология факультетіндегі қазақ әдебиеті кафедрасының 48 жылдық тарихында еңбек еткен қазақ әдебиеттану ғылымының ірі тұлғаларының ұлағатын бойына сіңіріп қалыптасқан-ды. «Әуезов профессор болған кафедра» атты эссесінде («Қазақ әдебиеті», № 21, 25 мамыр 1984 жыл) өзіне дәріс оқыған, тәрбиелеген Халықаралық Лениндік және КСРО Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, ұлы суреткер, академик-жазушы Мұхтар Әуезовті, КСРО Педагогика ғылымдары академиясының академигі, Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллинді, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академиктері Қажым Жұмалиевті, Мұхамеджан Қаратаевты, академияның тілші-мүшесі, профессор Есмағамбет Исмайыловты, Қазақстан Республикасының Халық артисі, қазақтың тұңғыш маман-режиссері Асқар Тоқпановты, республиканың еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Мұқаш Сәрсекеевті, профессорлар Темірғали Нұртазинды, Бейсенбай Кенжебаевты шәкірттік ілтипатпен сөз етеді, алға ұмтылған арманына қанат бітірген ұстаздарының ғылыми-педагогикалық мағыналы істерін мақтанышпен атайды.

Республикамыздағы көрнекті ғылыми орталық Қазақ энциклопедиясының бас редакторы қызметін көп жылдар бойы атқарды. Одан кейін көп жылдар бойы осы кезде де Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі. Ғалым-ұстаз тәуелсіз Қазақстанның толық тарихын қамтитын ғылыми-ағартушылық жұмыстарда өзінің басшылық, ұйымдастырушылық, тәрбиешілік еңбектерімен үнемі үлгі болып келеді. Ғалым-ұстаз «Қайталанар сұрақтар» («Лениншіл жас» газеті, № 90, 5 мамыр 1988 жыл) деген мақаласында өзі қалыптасқан сонау 50–60-жылдар студенттерінің «әлемдік әдеби тарихи, эстетикалық байлықтарды» игергенін, «қинала жүріп, таусылмас дария қазыналарға бой ұрғандарын» айтады. «Қазіргі студенттер демократия принциптері қаймықпай күресетін заманда өмір сүріп отыр», – деп қуана тебіренеді, сонымен қатар еңбексүйгіштік, күрескерлік міндеттерін де мегзейді.

Ғалым-ұстаз ХХ ғасырдың 90-жылдарынан бастап қазақ әдебиеттануы ғылымы үшін бұрын ақтаңдақтар болып келген мәселелер тұралы жаңа іргелі зерттеу еңбектер жазды. «Әуезов және Алаш» (1997), «Вершины возвращенной литературы» (1998), «Сырлы сөз» (2000), «Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры» (2003) және т.б. еңбектері ұлттық сөз өнері мұраларын әлемдік әдебиеттану айдынына құйылған ағыстар ағынындай шығармашылық қарқынымен танылды.

Ғалым еңбектерінің 7 том болып жинақтала жарық көргені де рухани құндылықтар қазынасының мәңгілік ұлағатын айғақтайды.

Дарынды ғалым – Азаматтың туған жері – атамекенінің, сан ғасырлық тарихы бар байтақ тәуелсіз Қазақ Елінің, барша Алаш жұртының алдындағы перзенттік парызының өтелуі – жемісті еңбек жолымен жалғаса берері сөзсіз.



Әбдиманұлы Ө.

Қазақстан: Алматы

Р. НҰРҒАЛИ – «АЛТЫН ҒАСЫР» ӘДЕБИЕТІН ЗЕРТТЕУШІ

Қазақ әдебиетінің даму тарихындағы ХХ ғасыр әдебиетін әдеби-ғылыми ортада «алтын ғасыр әдебиеті» деп атау қалыптасқан. Оны алғаш кім айтты, неге айтты деген сұрақтарға жауап табу қиын. Бірақ осы бір тұжырымды ойда шындық бары рас. Оны айқындап та дәлелдеп кеткен ғалымның бірі кеше ғана ортамыздан кеткен ұлтымыздың дарынды ұлы Рымғали Нұрғали еді. Ол кісі 2002 жылы Астанадағы «Күлтегін» баспасынан «Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры» атты монографиялық еңбегін шығарып, «алтын ғасыр әдебиеті» ұғымын тасқа басқан маржандай етіп, мәңгілікке жарқырап тұрардай алтын әріптермен жазып кетті. Ал енді осы кітаптың басты құндылығы неде?.. Енді соған ой жіберіп көрелік.

Өткен ғасырдың 80-жылдарынан басталған жаңа заман лебі бір кезде идеологияның пәрменді құралы болған әдебиетке де соқпай өте алмады. Оның себеп-салдарын бұл жерде тәптіштеп айтып жатудың қажеті шамалы. Алайда бір нәрсеге баса назар аудару қажет-ақ. Ол өзгерістің әдебиеттануға «ерінбеген етікші боладының» ертегісін алып келгендігі. Сол бір өліара кезеңге көз жіберсек, қызық жәйттің куәсі боламыз. Қоғамдық ой-сана жаңа бағытқа бет бұрып, өткенімізге өзгеше қарап, өшкенімізді жандыруға ұмтылған тұста қалам ұстағанның бәрі де әйтеуір бірдеңе айтып қалуға тырысып-ақ бақты.

Бұлардың ішінде құр дақпыртқа елігіп, қаламын сүйкегенге ерінбегені үшін енші алғысы келгендер де, тебірене жазып, тереңнен тарта ой айтқандар да болды. Тіпті араларында ұстанған пікірінен тайқып шығып, кешегі күсталағандарын бүгін екі білегін сыбана мақтауға көшкендер де баршылық-ты. Осының бір мысалы ретінде Рымғали Нұрғалидің «Әуезов және Алаш» (1997) атты кітабындағы мына жолдарды келтіре кетудің еш айыбы жоқ: «Таяу күндердің бірінде теледидар түймесін басып қалсам, тарихшы ғалым сөйлеп отыр екен:

– Алаш қозғалысы, «Алаш» партиясы, Алашорда өкіметі – біздің тарихымыздағы ең құрметті кезеңдердің бірі. Қазіргі дербес, тәуелсіз Қазақстан Алаш ардагерлері арманының іске асуы. Тәуелсіздіктің бес жылдығын атап отырмыз...

Енді аңғардым, бұл сонау 1988 жылы «қалтамда партбилетім біреу-ақ» деп залдан шыға жөнелетін тарихышы ғалым екен» (1,424-425 бб.).

Уақыттың құлына айналған пендешілікті қойсаңшы! Мұндайлардың ұлттық өркениеттің ұлы өрісіне, шынын айтсақ, қосары да, алары да жоқ. Құлқынының құлына айналған қуыс кеуде, тірі жан не беріп жарытар дейсіз?... Жә, бұларды қоя ғой. Өйткені өркенді елін ертеңнің өріне сүйрейтін олар емес, замана өзгерісіне тынысын ішке тартқан дайындықпен келіп, сол өзгерістің түбі бір боларына деген сенімін жоғалтпаған асыл азаматтар. Уақыт сынына төтеп беріп, тағдыр талқысына түскен тұста да өз талғам-танымын, өмірлік ұстанымын өзгертпей, өзін-өзі шыщдай білгендер де солар. Бұлар құйтырқы насихат күшіне еніп тұрған кездің өзінде алға тосқанды ғана оқып, көзіне түскенді ғана бағалауға емес, арыға үңіліп, тереңнен қазып, ертеңді болжауға ертерек қалыптасқан дарындар болатын. Солардың бірі, бірі емес-ау, бірегейі – атақ-даңқын тізбелесең, бір кітапқа жүк болар академик Рымғали Нұрғали.

Бүгінде естен шыққан «ескі сөзге» айналған атақты «Қайта құрудың» заманында әдебиеттануды әлемдік ілімнің ғылыми-теориялық тұғыр-тұжырымдарымен ұштастыра отырып, ұлттық танымға негіздеуге бет бұруды алғаш көтергендердің бірі де осы Рекең еді. 80-жылдардың аяқ тұсындағы ол кісінің әдебиеттегі «ақтаңдақтарға» қатысты мақалаларындағы тың ғылыми-теориялық тұжырымдамалары мен өміршең ой-пікірлері бағдарлық сипат танытып тұратын.

Сол кезеңнен бергі уақытта ғалымның Шәкәрім, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Жүсіпбек жайлы жазған топтама мақалалары қалыпты қағидалар шеңберінен шығып, ұлттық танымның өзіндік жаңа арнасын ашты. Кезінде қайта түлеген ой-сана көшін бастаған бұл мақалалардың ұрпаққа ұлағаттық жол тартқан асыл міндеті әдебиеттегі ұлттық рухтың көркемдік қуатын тану мен таныту болатын. Бұл ұстанымға ғалым үлкен дайындықпен келген-ді. Сонау социализм дәуірлеп, коммунистік идеология белең алып тұрған белгілі кездің өзінде шын зерттеуші, таза ғалым ретінде Рекең кеңестік өкіметтің ұлттық саясатымен сиыспайтын Алаш ұранды әдебиетті шырақ ала жүріп іздеп, қолы жеткенін қадала оқып, керектісін көкей түпкіріне қазына етіп жинай берді. Бұған дәлелді алыстан іздемей-ақ, ғұлама ғалым Бейсенбай Кенжебаевтан тәбәрікке алған Ахаңның «Әдебиет танытқышын», Сапарғали Бегалиннен қиыла сұрап алып, қызыға оқыған Мұхаңның «Қилы заманын» атасақ та жетіп жатыр.

Ендеше, қолда барды қаужай бермей, қияндағы құпияға қаныққан сол бір тұстарда жүрегі қаяулы болғанымен, көкірегі ояулы жас ғалымның азатшыл рухтағы әдебиетпен ертеден етене таныстығына күмән болмаса керек-ті. Ынталы жүректің қалауымен оқығанды көңіліне ықыласпен тоқи білген көреген ғалым күні ертең керегіне жарар ой-пікірлерді сырт көзден тыс жерде ақ қағазға түсіріп жүргенін де жоққа шығаруға болмас. Арыстарымыз ақтала салысымен көкейкесті мәселелерді алға тартқан салмақты да салиқалы мақалалардың бірінен кейін бірі тізіле жарық көруінің бір сыры осында жатса керек.

Міне, телегей теңіз теңдес толқынды ойларын толымды мақалаларында толғап, алаш әдебиеті өкілдері шығармашылығына олардың энциклопедиялық сипаттағы жинақтарын шығару арқылы дендеп бара алған зерттеуші, енді өзге бір қиырға бет түзеп, абыройлы міндетті қолға алады. Ол – бұрынғы зерттеулерінің ХХ ғасыр әдебиетіне қатыстысын іріктеп алып, жаңа ізденістеріндегі өткен ғасыр әдебиетінің өзі аршыған «ақтаңдағын» ғылыми зерделеуден қайыра бір өткізіп, әдебиеттегі рухани үндестікті, идеялық бірлікті, сан қилы көркемдік әдіс-тәсілдер мен ағым-бағыттар тоғысын саралау арқылы ғасырлық әдебиеттің тұтас күйіндегі ұлттық келбетін айқындау.

Ғалымның бұл бағыттағы іргелі істерінің табысты жемісі – «Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры» (2002) атты жоғарыда атап өткен кітабы. Ол –әдебиетіміздің «ақтаңдағына» айналған ақын-жазушылар шығармашылығын уақыт талабына сай тану арқылы ХХ ғасыр әдебиеті көрнекті тұлғаларының әдеби мұраларын тұтас бір көркемдік құбылыс ретінде қарау концепциясын ұсынған кең көлемдегі зерттеу еңбек.

Кітаптың құрылымдық жүйесі шартты түрде үлкен екі бөліктен тұрады. Жұматқа (Шанин) дейінгі бөлікте қайта қауышқан арыстар шығармашылығын танып, талдау мақсат тұтылса, екінші бөлікте әдебиетіміздің сол арыстарға өкшелес шыққан алыптары, ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің әлемдік деңгейге көтерілуіне өлшесіз үлес қосқан сөз зергерлеріне арналған. Бұларды бір желіге біріктіріп тұрған «тартылыс күші» – көркемдік әлем тұтастығы мен ұлт мүддесін алға қойған мақсаткерлік.

Әрине, бұл күнде не көп, Алаш арыстары туралы «жазбалар» көп. Оның көбі «күріштің арқасында күрмек су іштінің» кебін кигендер екені де рас. Рымғали еңбектерін бұл санатқа қосуға мүлдем болмайды. Ол – ұзақ жылғы ізденістің, көз майын тауыса жүріп арыстар шығармашылығының тұңғиығына сүңгіп, тұнығынан маржан терген еселі еңбектің жемісі. Сондықтан да кітаптағы әр тарау белгілі бір творчестволық тұлғаның әдеби әлемін нақты да айқын танытады.

Мысалы, кітаптың беташары іспетті Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығына қатысты «Қаз едік қатар ұшып қаңқылдаған» атты тарауда ұлтымыздың рухани ұстазына айналған Ахаң шығармашылығының күрделі құбылыс ретіндегі көркемдік-эстетикалық мәні толық ашылған деуге болады. Өйткені мұнда А. Байтұрсынұлы поэзиясындағы дәстүр мен жаңашылдық, күрескерлік ойды оятар азатшыл сарынның ұлттық рухтық сипаты, тіл қолданысының көрнектілік қасиеттері терең талданып, кеңінен толғанған. Ғалым Ахмет Байтұрсынұлының рухани көсем ретіндегі тұлғасын тануға көсемсөздік мақалаларынан бастап, теориялық еңбектеріне дейін түгел қамтып қарастыру арқылы қол жеткізген. Мәселен зерттеуші Ахмет ақындығының көшбасшылық қасиетін былайша түйіндейді: «Екі жинақ – «Қырық мысал», «Маса» қазақ әдебиетін жаңа тақырыптармен, идеялармен, ойлармен, өрнектермен байытты; Абайдың ақындық дәстүрі ілгері жалғасты, заман талабына сай жігерлі поэзия туды, бұдан кейінгі талантты ақындардың жаңа буыны тарам-тарам жүлгелерді тереңдетіп жалғастырып әкететін болады» (2, 18 б.).

Зерттеу еңбекте Ахметтің әдебиет теориясы саласындағы ұлы еңбегі «Әдебиеттанытқыштың» баға жетпес байлығы былайша нақтыланады: «Әдебиеттанытқышта» Ахмет Байтұрсынов әдебиеттанудың әлемдік терминологиялық стандарт деңгейіне көтеріліп, шет сөздерді араластырмай, қонымды, ықшамды, бір-бірімен сабақтас, ұйқас, ұялас ұғымдардың тұтас ұлттық қазақы жүйесін жасап берді» (2, 36 б.).

Бір сөзбен айтқанда, Рымғали Нұрғали Ахмет Байтұрсыновтай сан қырлы саңлақ дарынның қазақ әдебиеті тарихындағы мәртебесі биік тұғырлы орнын нақты анықтап, тап баса танып көрсетеді.

Зерттеуде Ә. Бөкейханов, М. Дулатов, Ж. Аймауытов, М. Жұмабаев, Ж. Шанин шығармашылығы терең талданып, олардың творчествосы сол тұстағы әдеби даму үрдісі бірілігінде қарастырылып, әдеби-көркемдік өсу үдерісіндегі орны мен мәні ашылып, шығармаларының басты құндылықтары туралы ой қорытылған. Біздіңше, осы бөліктің күретамыры іспетті тарау – Мағжанға арналған «Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да».

ХХ ғасыр әдебиетіндегі арыстарымыз ел-жұртымен қайта қауышқан тұста Р. Нұрғалидің зерттеушілік құлқы ерекше ауған шығармашылық тұлға – Мағжан Жұмабаев. Сондықтан да, Мағжантануды биік белеске көтерген санаулы ғалымдардың бірі – Рымғали Нұрғали десек, еш қателеспейміз. Сол себепті де, мына кітаптағы ғалым толғанысын тебіренбей оқу мүмкін емес. Рымғали танымындағы Мағжан – лирикасында сыр мен сезім тоғысқан, мұң мен жігер шарпысқан, дастандарында ұлттың ұлы рухы көркемдік сиволға айналған өзгеше әлем. Зерттеушінің Мағжантанудағы негізгі табысы – ғұмырбаяндық материалдардың молдығынан емес, ақын поэзиясының мың қыртысы ішкі иірімдеріне үңіліп, сұңғыла суреткердің шеберлігін аша алуынан көрініс табады. «Ақынның ақыны» атанған Мағжан жасампаздығының құдіретін тану – екінің бірі еншілей алмайтын бақ. Мағжантануға таза теориялық білім аздық етеді. Мағжан жұмбағы білім мен білік, талғам мен таным айқұшақ қабысқанда ғана ашылады. Бұлардың Рекең бойында біте қайнасып жатқандығында дау жоқ.

Мағжан шеберлігінің сыры неде?.. Міне, зерттеушілік қызығушылықты тудыратын тылсым дүниенің құпиясы осы сұрақ астарында жатыр. Сондықтан да ғалым Мағжан әлемін ашу үшін алдымен оның өлең өрнегіндегі өзіне ғана тән қасиеттерді нақтылап алады. Автор ақынның «Толқын» т.б. өлеңдерін талдай келіп: «Ақын шыққан аса биік эстетикалық тұғырдың бірі – пейзаж лирикасы» (2, 98 б.) деген қорытынды жасайды. Ақын бұған қалай қол жеткізді дегенде, зерттеушінің алға тартқан қисынды тұжырымы мынау: «Бұл топтағы жырларда кескін өнері тәсілдері, сәулемен көлеңкені ойнату, уақыт пен кеңістік диалектикасын көрсету, панорама, плэнер, әр түрлі астастырулар принциптерін пайдаланған» (2, 98 б.). Ал бұл өз кезегінде Мағжан қолданысқа тыңнан қосқан өнери тәсілдер екендігі айдан анық. Келе-келе бұл «ақынның көркемдік өлшеміндегі тұтас суреткерлік жүйе болып қалыптасты».

Мағжанды біз көбіне сырлы сезімнің, асқақ махаббаттың жыршысы ретінде танимыз. Мөлдір сезімді төгілдіре жырлайтын Мағжан сыршылдығының сыры неде?! Бұл сұраққа зерттеуші: «Мағжан поэзиясының мәңгі өлмес ұрпақтан ұрпаққа жалғасар алтын көпір, асыл қазына, інжу-маржаны – махаббат, сүйіспеншілік, ғашықтық стихиясының сан алуан тылсым, жұмбақ күйлерін шерткен, терең ақындық шабыттан толқып туған, адам жүрегінің мың сан дірілін шеберлікпен бейнелеген, ішкі мазмұны мен түр кестесі жымдана ұласқан, ықшам, жинақы, жұп-жұмыр жауһар дүниелері» (2, 99 б.), - деп, өте дәл әрі нақты жауап қайтарады.

Мағжантанудың күрделі мәселелерінің бірі – ақынның эпикалық жанрдағы дүниелерінің көркемдік жетістіктерін танып-білу, оларды қандай талаптар тұрғысынан зерттеу қажеттігін айқындау. Бұған байланысты Р. Нұрғали аса бағалы екі шешімді алға тартады. Біріншіден, «... Еуропа, орыс әдебиетіндегі ізденістерді, бағыттарды ұлттық топыраққа батыл да еркін ендірген Мағжан эпикалық жанрдағы поэманың ықшам формаларын қалыптастырды» (2, 102 б.). Екіншіден, «Ішкі мазмұн тұрғысынан келгенде бұл шығармалардың бәрінде де халықтық аңыз, тарихи дерек үлкен көркемдік идея тұрғысынан қайта құрылып, ежелгі әңгіме, миф сарындары өзгеше құбылып, эстетикалық игіліктер жасалды» (2, 102 б.).

Ғалым Мағжанның поэма жанрындағы көркемдік жетістіктері тақырыптық ізденістеге орай ойластырыла өрілетіндігін де назардан тыс қалдырмайды. Ол осыған тікелей байланысты болып келетін ақын поэмаларының басты белгілерін нақты атап көрсетеді. «Ең бастысы, - дейді зерттеуші, ақын ықшамдық, сұлулық, философиялық талаптарды, бейнелілік, суреттілік шарттарын бірінші қатарға шығарады» (2, 103 б.). Міне, осынау қасиеттерден келіп Мағжан поэмасында әр тақырып өзіне ғана тән аяда жырланып, мазмұнды ашар тақырып тыңнан туған көркемдік әдіс-тәсілдер арқылы айшықтала түседі. Зерттеуші танымына дәру болған Мағжан шеберлігінің сыры да осында!

Жалпы алғанда, кітаптың құрылымдық жүйесінен екі арнаның желісі аңғарылатындығын жоғарыда атап өткен едік. Бірінші бөлік туралы біраз сөз қозғадық. Ендігі әңгіме кітаптың екінші бөлігі туралы болмақ. Мұнда күрескер ақын Сәкеннен бастап, тарихтың тереңіне бойлап, елдігімізді танытып, ұлттық ой-сананы оятуға аз үлес қоспаған Ілиясқа (Есенберлин) дейінгі әдебиетіміздің өсу жолы әдебиеттің ардың ісі деп білетін ғалымның азаматтық ар-ожданынан жаралған пәк пайымы арқылы ыждахатты сараланған деуге болады.

Ғалым кешегі Алаш ұранды әдебиет өкілдері мен кейінгі толқын арасындағы саяси-әлеуметтік көзқарастар қайшылығы, еріксіз ерген «идеологиядан» тыс көзе көрінбес, көкірек сүйсініп, жүрекпен сезілер көркемдік тұтастықтың сыр пернесін баса алған. Ол осы екі толқынды жалғастырып тұрған олардың өнери жасампаздықтарындағы рух пен идея, бағыт пен нысананың ұлт мүддесі тұрғысынан келгендегі біртұтас бірлігі екендігін нақты мысалдар арқылы дәлелдейді. «Түгелдей большевиктер ықпалында болған, совет саясатына әбден сенген Сәкен, Ілиястардың өзі басты шығармаларында («Аққудың айырылуы», «Көкшетау», «Күй», «Күйші», «Құлагер») алаш ұранды әдебиетпен тақырыптас қана емес, идеялық тұрғыдан сарындас, әуендес. Мұхтар Әуезов Абай заманының психологиялық портретін жасау арқылы халқымызды күллі әлемге танытты. Ілияс Есенберлиннің романдар шоғыры – әдебиеттегі ұлттық рух көрінісінің тамаша бір белгісі» (3, 15 б.), – деген зерттеушінің концепциясы әдебиеттанудағы көшелі ойдың жаңа қорытындысы.

Ендеше ғалымның ғасыр әдебиетін түгендей, түптей қарастыруының мәні мен маңызына осы қисын қағидасынан келген жөн. Шәкәрімнен Ілиясқа дейінгі әдебиетті тұтастырып тұрған алтын қазық – ұлттық рух. Зерттеуші өзі алтын ғасырға балаған әдебиеттің ортақ бірлігін осыдан іздеген. Сол арқылы кейбір тұстарда үзіліп кетіп, қайта жалғасын тауып, өнеге өрімінен жаңылмаған әдебиетіміздің тұтастығы саяси-әлеуметтік өмір қайшылықтарынан емес, шығармадағы көркемдік шындықтан көрініс тапқандығын үлкен білгірлікпен көрсетіп берген. Бұл – аталмыш зерттеу еңбектің басты жетістіктерінің бірі. Автор қазақ әдебиетінің өзіне ғана тән ұлттық табиғатын, әдебиеттегі ұлттық рухты, ақын-жазушыларды біріктірген ұлттық мақсатты сан қилы шығармашылық ізденістер болмысына терең бойлай отырып ашады.

Әрине, жеке-жеке Сәкен, Сәбит, Ғабит, Ғабиден, Ілияс туралы Р. Нұрғали бұрын да жазған-ды. Ал мына еңбекте осынау тұлғалар шығармашылығы бөлінбес бүтіндікте алынып қаралған. Ғалымды олардың жеке алғандағы шығармашылық табысы емес, жалпы қазақ әдебиеті атты арналы ағысқа қатысы, әлемдік үлгідегі озық дәстүрлерді дамытуға қосқан ортақ үлесі қызықтырады. Мәселен автордың М. Әуезов шығармашылығының мән-маңызы туралы мына түйіні бізді осындай ойға жетелейді: «Ұлы жазушының бас шығармасында бейнеленген негізгі тартыс әділет пен зорлық, тұтастық пен алауыздық, білім мен надандық, махаббат пен ғадауат майданында түптің түбінде жарқын өмірдің, нұр сәуленің береке-бірліктің жеңетінін мадақтаған, өзі құлай сүйіп, сол жолда барлық қайрат жігерін, өз талантын, саналы ғұмырын арнаған – қазақ халқының өрісі, келешегі мәңгілік деген асқақ арманды үміттің оты маздап жанып тұр» (2, 482 б.).

Айтса айтқандай-ау, Әуезов шығармашылығы әрбір қазақ жазушысын сөз өнерінің биігіне қанаттандыратын ұлы өнегелікке айналғандығы талассыз шындық емес пе?!

Біздің әдебиеттануымызда М. Әуезов турасында аз жазылған жоқ. Әйтсе де, осы еңбектің екінші бөлігінің басты тірегіне айналған, Мұхтар шығармашылығын түптей тануға арналған «Ей, халық, барым ең сен» тарауының басты жетістігі ұлы жазушының дәуір суреткері ретіндегі табиғаты мен шеберлік ұстаханасының қыр-сырының толыққанды ашылуы дер едік. Әрине, Рымғали Нұрғали еңбектерінің басым бөлігі М. Әуезов шығармашылығына бағышталған. Бірақ бұрынғы еңбектерінде ол қаламгердің драмтург ретіндегі шеберлік қырларын ашуға ден қойса, мына зерттеудің ұстанған нысанасы – жазушының шығармашылық тұлға ретіндегі бүтін болмысын ашу. Мақсат М. Әуезовтің көсемсөзші ретіндегі шығармашылық бастауларынан бастап, қара сөздегі алғашқы тәжірибелерінен көркем сөздің шынайы шеберіне, кең көлемдегі ұлы суреткер ретіндегі сөз зергеріне айналу үдерісін көрсету болып табылған. Сол арқылы М. Әуезов шығармашылық құдіретінің шындығы ашылған. Бұл әуезовтанудағы ірі жетістік. Өйткені бұған дейін ұлы жазушы шығармашылығы тек жеке ізденіс жетістіктері тұрғысынан ғана қарастырылып келген-ді. Ал енді суреткер енген әдебиет тарихына арналған еңбектерде, оқулықтар мен оқу құралдарында жазушының шығармашылық ғұмыры шолу түрінде қаралып, соның өзінде кеңестік идеологияға қиыстау келеді деп танылған шығармалары мен зерттеу еңбектері сөз бола қоймайтын. Р. Нұрғали осы олқылықтардың орнын толықтырып, бізге жазушы-драматург Мұхтар Әуезовтің бірегей тұлғасын бөліп-жармай, түгел күйінде талғап-талдап, ғылыми тұрғыдан терең таразылай отырып танытқан.

Ғалым Әуезовті қазақ әдебиетіндегі өзіндік көркем-эстетикалық әлем деп біледі. «Әуезов әлемі – Шығыстың алдыңғы қатарлы мәдениетінің тоғысуынан туған дүниежүзілік мәні бар құбылыс. М. Әуезов өнері – қазақ халқының қайта түлеу заманында туған өнер. Бұл бүгінгі ұлттық өнердің көркеюінің тамаша айғағы. Әуезовті терең зерттеп, жан-жақты ұғып-білу қажет» (2, 246 б.), - деп бастайды ғалым Әуезов туралы тарауды. Алдына нақты мақсат қойған зерттеуші осынау жасампаздық құбылыстың құпиясын ашып, көркемдік әлемнің көкжиегіне жетелей жөнеледі. Сөйтіп әуезовтануда жаңа жол ашып, сара бағыт бағдарлайды.

Көлемді еңбектің «Үш бағана» атты тарауы қазақ әдебиеті алыптары атанған С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов, Ғ. Мұстафин сынды дара дарындарға арналған. Автор шығармашылықтарының шабытты шағы кеңестік кезеңмен тұтас келген осынау әдебиет алыптарының өнерпаздық болмысына бүгінгі таным тұрғысынан келіп, сындарлы көзқарас, сыншыл оймен саралайды. Өзіне дейінгі жазылған зерттеу еңбектердің кезеңдік кемшіліктерін көрсете отырып, көрнекті жазушылар шығармашылығының күнгейі мен көлеңкесін нақты айқындап, олардың жазу болмысына баға беруде өмір мен өнер арасындағы байланыстың көркемдік шындығын тани алады.

Зерттеу еңбек замананың заңғар жазушыларының бірі Ілияс Есенберлин шығармашылығын зерделеумен түйінделеді. Қазақ әдебиетіндегі тарихи тақырыптың жазылуына өлшеусіз үлес қосқан қаламгердің жазушылық ұстаханасының қыр-сыры Р. Нұрғалидың осы зерттеуінде жан-жақты ашылған.

Жалпы алғанда, академик Рымғали Нұрғалидың «Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры» атты зерттеу еңбегі қазақ әдебиеттану ғылымына қосылған зор үлес болып табылады. Бұл – ізденімпаз ғалымның бір ғасырлық қазақ әдебиетінің даму жолын белгілі әдеби тұлғалар шығармашылығын жеке-жеке алып және әдеби шығармашылық ізденістің ортақ бірлігін түптей қарастырған жүйелі зерттеу. Мұнда ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің әлемдік көркем ой-жүйедегі алар орны мен мәні айқындалып, жоғары эстетикалық құндылықтарды танудың құпиясы ашылған.

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Нұрғалиев Р. «Әуезов және Алаш». – Алматы: Санат, 1997. – 432б.

2. Нұрғали Р. Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры. – Астана: Күлтегін, 2002.– 528 б.

3. Нұрғали Р. Сырлы сөз. – Алматы: Жазушы, 2000. – 398 б.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   24




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет