Оспан. Сонда нені көріп, нені білмекпіз?
Тәттігүл. Көретін, білетін нәрсе жетеді, дәл мұрындарыңның астында бәрі. Қызына күйеуді, баласына қалыңдықты өзі таңдап беретін болған қазір ел. Немене, біз солардан сорлы болыппыз ба? Жоқ, сендерді білмеймін, мен өзімді ешкімнен кем санай алмаймын. Мен де өзім қалаған жерге беремін қызымды.
Оспан. Біреу өйтті, біреу бүйтті екен деп көшірме өмір кешетін жайым жоқ менің. Мен өз жөніммен, өз жолыммен жүремін.
Зәуре. Папа, тамаша айттыңыз!
Тәттігүл(Зәуреге). Жә, үлкендермен қабаттаспа! (Оспанға). Ондай кертартпа сөзің өзіңе. Біліп қой, мен осы жұрт отқа түссе отқа, суға түссе суға түсемін. (Зәуреге). Сен қыз бүгін өлдім-талдым деп тиіп алып, ертең құтыла алмай қор боласың ол пәлеңнен.
Оспан. Сен өйтіп сәуегейлік айтпа. Жастар ертеңіне күмәнмен емес, үмітпен қарауы керек.