Сәлима. Бол!
Сәлім. Боламын, әкел қолды! (Екеуі қол алысып, сүйіседі). Алла-ай, арманыма жеттім бе, жоқ па?!
Сәлима. Жеттің. Жеттік. Мен енді некелі байым бар әйел боламын.
Сәлім. Мен енді қазақ әйелім бар қазақ боламын! Өз жарыңмен өз ұлтыңның тілінде сөйлесуден асқан бақыт бар ма екен бұл жалғанда?!
Сәлима (Сәлімнің құшағына кіріп). Неткен ғажап еді бұл – жар болу.
Екеуі өстіп өздерімен-өзі болып тұрғанда, Қайрат пен Фатима кіреді.
Қайрат бір нәрсе айтуға оқтала береді.
Фатима (аузын сұқ саусағымен басып). Тс-с-с...
Қайрат (тыңдамай, әкіреңдеп). Несі тс-с-с... Бұлар өстіп сүйісіп тұрсын, біз аузымызды жабайық. Осындай азғындаған адамнан кешірім сұра дейсің тағы. Оған керегі – кешірім емес, ғашығы. «Жүр-жүрлеп» сонша тыпырлап едің, жаның жай тапты ма енді? (Кекесінмен). Қыз Жібек пен Төлеген!..
Сәлім. Сен өйтіп кекетпе. Біз Қыз Жібек пен Төлеген емес, Сәлима – Сәлімбіз.
Сәлима. Әйелінен ерінің есімі бұрын аталады. Біз – Сәлім-Сәлимамыз!
Қайрат. Мәссаған, безгелдек, үйленіп те үлгерген бе бұлар! Фатима, жүр, кеттік, шаруа біткен екен.
Достарыңызбен бөлісу: |