Сәлім. Қой, сен түк те кінәлі емессің. Бұл – тағдыр.
Сәлима. Тағдырды жасайтын адамның өзі. Сен кешір! Қайратты да, мені де кешір.
Сәлім. Бүгін менің көңілім сүттей аппақ, шайдай ашық. Ешкімге өкпем де, ренішім де жоқ. Бар болмысымды бір ғана сезім – балама разылық сезімі билеген. Басқаның бәрін тәрк еттім мен.
Сәлима.Мені де ме?
Сәлім. Сәлима, не дедің, қайталап айтшы!
Сәлима. Сен хош көрсең, мен ендігі қалған өмірімді саған, бір ғана саған арнасам деп едім. Тәрк етсең, қайтем енді, көнем де...
Сәлім (жарыла қуанып). Сәлима, «Хош көрсеңің» не, сен – менің арманымсың. Сен солай ұйғарсаң, мен әр кез жаныңда боламын! Бүгін, осы қазір шығамын ауруханадан. Қолымды мойныма асып жүріп те, жар бола аламын мен саған.