РУ-У
«Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін».
Қазақ, шанда бір болмаса, бүйтіп таусылып сөйлемеген.
Мына сөзді де әбден запыс болған соң айтқан ғой Төле би бабам.
Өстіп зықы шыққан қазақ енді іле: «У ішсең, руыңмен», «Қанына тартпағанның қары сынсын» дейді. «Жеті атасын білмеген – жетесіздік» деп зерделілікке жетелейді.
Ру, жүз – қазақтың аузынан түспейтін сөз.
Несі бар, әркімнің руын, жүзін білгені жарасымды.
Жеті атасын білудің маңызы зор. Бұл жас ұрпақты аға дәстүрді сыйлауға, елдік, ерлік қалыпты сақтауга бастайды. Қазақ жеті атаға толмай, қыз беріп, қыз алыспаған, ал мұның халықтың халықтық кейпін сақтауга теңдессіз игі әсер ететіні ғылыми дәлелденіп отыр.
Сөз жоқ, жүзіңді, руыңды білген жақсы.
Өзін қойып, итінің түп-тұқиянын жылнамалайтын халыққа мұны білудің қажеті болмас, бізге керек. Қазақтың әр баласы өз әкесінен бастап, қазаққа дейін тақылдап айтуы тиіс. Ата тегін білуі арқылы адам халқының өткенін, тарихын біледі.
Атам қазақтың шежіре шерткендегі мақсаты – ұрпақтың ұлағатты болып өсуіне жету.
Өмірде барша істің, түстің, құбылыстың, заттың оңы-терісі, турасы-керісі бар. Жүз бен руды білудің де игі жағына қоса күйкі жағы бар. Күйкі жағы – жүзге, руға бөліну. Өзіміз өбектеп жүріп, ата-тегін үйреткен ұрпағымыз өз руының, жүзінің ғана намысын жыртатын кеселді болып шықса, әне, сол – қайғы. Мұны енді қалай атаса болады, орыстар оп-оңай «трайболизм» дейтін болыпты. Біз, амал жоқ, рушылдық дейміз.
Рушылдық – қазақтың өзегіне түскен жегі құрт. Бұлай дейтінім, ешкім өзін рушылмын деп санамайды, бірақ көкейінде рушылдық жегі құртша жыбырлап жатады. Қысқасы, бүгінгі қазақтың бәрі – рушыл.
Рушылдық, әсіресе, қазақ зиялыларына тән, әсіресе, әдебиет пен мәдениеттің айналысында айрықша асқынған. Аузына ата сақалы шыққан ағаларымыздың ауызға алғысыз руластарын тізгінінен, тартпасынан, құйысқанынан тартып, сүйреп жүргенін талай көрдік. Қазір де жазушылар, яки әртістер ортасына кішкентай бір майлы жілік тастай салшы, әрқайсысы соған лайықтыны өз аталастарының арасынан іздейді. Айтқаны болмаған екен, арыз тоғытады. Дәл осы өресіздігімізден Ғабит Мүсірепов, Ілияс Есенберлин сияқты арыстарымыз алайын деп тұрған Одақтық сыйлықтардан қағылды.
Осы жайды біле тұра, осы дертке өзімді ұрындырып алғаныма бармағымды тістеп қалған жайым бар. Алдыңғы жылы менің «Мен – апамның баласымын» атты романым Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығына ұсынылды. Қазақстан Жазушылар одағының балалар әдебиеті кеңесі алғаш өзіммен кеңесті. Мен келісімімді бермей, біраз екі ұдай ойда жүрдім. Романға әдемі пікірлер жазылды. Оларды жазғандар әдебиеттің білгірлері, балалар әдебиетінің талантты өкілдері еді. Мен кәдімгідей елтіп қалдым. Оның үстіне балалар әдебиеті шығармаларына мемлекеттік сыйлық бұйырмағалы ширек ғасыр өтіпті. Бұл да көңіліме есек дәме ұялатты, тәуекел еттім. Алайда, романым келісті болса да биографиям мен географиям келіспей, ысырылып шығып қалдым.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, атақты абайтанушы, романыма пікір жазған Мекемтас Мырзахметов аға:
Өкінбе. Сыйлық өтті, кетті, жақсы роман қалды, - деп көңіл айтты.
Солай да шығар.
Бұл тұста қадап тұрып айтқан мақұл, билік тұтқасын ұстаған шенеуніктерге рушыл болу мүлде жараспайды, әсіресе, билік маңайын жағалағандар үшін ру – өзін де, елді де бұзатын у. Барлық деңгейдегі бастықтардың аталастарына бүйрегі бұрып тұратыны бесенеден белгілі. Бұрын олар онысын аса жасырын жүргізетін, енді еркіндік орнады. Бизнесмен атаулы қызметке әдетте өз адамдарын қабылдайды, мемлекеттік жүйедегі басшылар өз ағайын-туғанын ғана өрге сүйрейді. Мұның өзі әлеуметтік әділетсіздікке жол ашады, талай таланттылар қағаберіс қалып, жабы озады. Рушылдықтың елімізді өркендетуге, елдігімізді нығайтуға тигізетін кері әсерін таратып айтсақ, қап-қалың кітап болар еді. Білген құлға әзірге осы да жетер.
Қарапайым халыққа рушылдықтың түкке де қажеті жоқ. Көріп жүрміз, олар үшін ру – өзінің тегі.
Біздің облыста рушылдықтың керемет өріс алған тұсы өткен ғасырдың екінші жартысы ғой деп шамалаймын. Бұл тұста біздің облыстық партия ұйымын әуелі кіші жүзден, содан соң орта жүзден шыққан азаматтар басқарды. Олар осында қызмет бабымен өзінен бұрын, кейін өзін сағалап келген ағайындарымен ауыз жаласып, небір зымиян әрекеттер жасайтын.
Жетпісінші жылдардың басында менің де партиялық жұмыста болғаным бар. Сондағы көргендерімді ойласам, жаным түршігеді.
Мен бір кабинетте кіші жүз ағаймен бірге отыратынмын. Өзін партиялық жұмыстың қыр-сырына өте қанықпын деп санайтын бұл ағай кабинеттің қожасы еді, мені қыбыр еткізбейтін. Жас кезім, айтқанына көніп, айдауына жүремін:
Заты мен – момынмын, бірақ өзімді ешкімге басындырып көрген емеспін, айтатынымды айтып тастаймын. Мына ағайды да өз орнына қоюға тура келді.
Өзінің әмпейлері кабинетке кірсе, ағай:
– Әлдихан, шыға тұршы, - дейтін.
Бұл қорлыққа біраз шыдап жүрдім.
Ағайым үдетіп барады. Өзім құралпы жігіттер менің бұл бейшара халімді бетіме басатын болды.
Үлкенді сыйлау дейтін қаныма біткен қасиет қарсылық білдіруге жібермейді. Ағай әбден асқынды, мен көбіне коридорда жүретін болдым.
Ақыры шарт кеттім:
– Ағай, сіз мен үндемегенге басынып бара жатырсыз. Бұл болмайды.
– Әй, бала, бұл кай сөзің?
– Сізді сыйлау керек пе, сыйлаймын, сіз де сыйлаңыз мені.
– Бұл кабинеттің иесі менмін, сен кірмесің. Мен не айтсам, сол болады.
Мен күліп жібердім.
– Әй, неменеңе жетісіп күлесің?
– Көкек өз атын өзі шақырыпты деген, соған күлемін.
– Қалайша?
– Кабинетті қойшы, мен – осы облыстың бел баласымын, сіз кірмесіз. Кабинеттен мені шығарып жіберіп, не айтатындарыңыз маған жақсы белгілі, осы елдің атқа мінген азаматтарын ағаш атқа мінгізесіздер де отырасыздар.
Жоқ, енді оларды кабинетте отырып емес, коридорда жүріп жамандайсыздар, маған шық деуші болмайсыз.
– Сен құртатын бала екенсің.
– Қолдарыңыздан келгенді істедіңіздер.
Ендігі жерде ағай да, мен де үндемей томсырайып отыратын болдық.
Тегі, «Ер шекіспей, бітіспейді» деген рас.
Кейін ағай екеуіміз сыйласатын адамдар болып кеттік.
«Ауру қалса да әдет қалмайды».
Ағай рушылдығынан танған жоқ.
Сырластары келеді, маған ешқайсысы ештеңе демейді. Өйткені, мен – бөтенмін.
Енді олар ыммен сөйлесетін болды.
Ақырын көзімнің астымен көріп отырамын. Бет-аузын сан құбылтқан адамды әртіс дейміз ғой, мыналар халық әртісінен де асқан қимылдар жасайтын еді, адам шошиды.
Апырай, шебер-ақ, беттерінің бұлшық еттерін ішкі сезімдеріне қарай өзгертулері ерен, бір-бірін түсінулері сұмдық. Әрі-беріден соң мен де түсінетін болдым, менің аталастарымды сорлатады да жатады.
Бөлім бастығына:
– Мені басқа адамның жанына отырғызыңызшы, - деген тілек айттым.
Бар болғыр, келісе кеткені, мен айдың-күннің аманында азғындап бара жатқан жағдайымнан құтылдым.
Иә, рушылдық адамды азғындатады.
Сол жылдары облыстық аурухананың партактив деп аталатын, шын мәнінде №2 терапия бөлімінде бірнеше рет жатып емделгенім бар.
Өйткені мен де активпін, облыстық газет редакторының орынбасарымын.
Кешке қарай хал-ахуалы дұрыстардың аурухана фойесінде әңгіме-дүкен құрып отыратыны бар.
Сол кезде осы ауруханада Социалистік Еңбек Ері Нағашыбек Арапов қария да жататын.
Ертелі-кеш аурухана ауласында Нағашыбек ағаймен әңгімелесіп жүремін.
Пәкене ғана бойы бар, әп-әдемі ойы бар, қулық-сұмдықтан ада, тым қарапайым бұл адаммен сөйлесу – күнәңнан арылтатындай еді. Мені осыншама жұпыны, баладай пәк, аузын ашса, көмейі көрінетін ақ көңіл адамның қайтіп соншама биік атаққа ие болғаны таңдандыратын. Ақыры оның сырын өзінен сұрап тындым.
Сөйтсем, көзге қораш көрінетін қарияның өмір жолы өте бай екен. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің нұсқаушысы, Талас аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бас зоотехнигі сияқты жауапты қызметтер атқарыпты. Қаракөл койынан аудан төлді көп алғанда Нағашыбек Арапов та шопандармен бірге Еңбек Ері атаныпты.
Бір күні палатымызға облыстық аурухананың хирургі Сағындық Ордабеков кірді. Нағашыбек ағай жерлесі екен, көңілін сұрай келіпті.
Сағындық – сыпайы, иман жүзді, сөзі орнықты, ісіне мықты жігіт. Өзінің қаламының желі бар, ойлы мақалалары, бір қақпай әдемі әңгімелерімен көрініп қалған.
Сағындық бір Нағашыбек ағай емес, бәріміздің тезірек айығып кетуімізге арнап жақсы сөз айтып шығып кетті.
Әзірге бүл баланың костюмі көнетоз. Көресіздер, әлі-ақ мұның костюмі көк болады, атақ-даңқы көп болады, - деп сөзінің аяғын тақпақтатты Нағашыбек аға.
Балаға әке ғана емес, аға да сыншы екен, Нағашыбек ағаның айтқаны айдай келді: Сағындық Ордабеков — қазір атақты хирург, медицина ғылымдарының докторы, өзімізді қойып, Америка университетінің құрметті профессоры.
Мұның бәрі Сағындықтың білімділігінің, біліктілігінің өз бағасын алуы, өте жақсы.
Ал, құрмет ше, ол жағы кемшін. Бәрін айтпағанда, бұл әлемге белгілі адамның әлі күнге не қаланың, не облыстың құрметті азаматы атанбай жүргенін немен түсіндіруге болады?
Құзырлы органдар бұл атақтарды да, тағы басқа наградаларды да сұраншақтарға береді, өздері біліп, бағалап жатқаны шамалы. Мұндайда, әрине, марапатқа лайықтылардың емес, жылпостардың жолы болады.
Қызметте де жетектеп қосқан жабылар озып жүр.
Сағындық, ештеңе етпейді, сен осы қалпыңнан айнымасаң, жолыңнан таймасаң, бәрі болады.
Ақылды басың, алтын қолың адамдарды сауықтыруға арналсын.
Менің саған айтарым — Абай сөзі: еңбегің кетпес далаға.
Нағашыбек ағаның айтқанын дәл келтіріп едің, біздің айтқанымызды да ойыңа ала жүр, інім!
ӘПКЕ ЕМЕС, ӘКПЕ
Ата, апа, әке, шеше, аға, әкпе, жеңге, көке, тәте – бұлар туыстық дәреже-деңгейді білдіретін атаулар. Әдепті қазақ туыстығы жоқ жасы үлкен адамдардың бәрін осылай атайтын болған.
Енді келіп «Сәрсенбек аға, Бәтен әкпе» дейтін бір қызық атау пайда болды. Сөйтті де адамның атын атамай, ізет сақтау үшін айтылатын әдемі сөздердің алдына аты қосақталатын болды.
Бұл о баста аға, әкпе адамның жанында жоқ кезде әңгіме қай аға, қай әкпе жөнінде екенін білдіру үшін айтылған ғой, енді келіп іні-қарындасты былай қойып, келіндерімізге дейін алдымен атын атап, содан соң барып «аға, әкпе» дейтінді шығарды.
Қайран еліктегіш қазекеңнің тірлігі – бұл. Орыстың «Дядя Ваня», «Тетя Валясын» аударып алған сиқымыз. Олар үшін әкесінің атын атау да оғаш емес, біз үшін өлім. Олар үшін «дядясы» мен «тетясының» атын атау түкке тұрмайды, біз үшін ерсі.
Біздің қазақ үлкеннің атын қалай да атамау үшін «Сәке, Бәке» деп қолпаштаған. Әсіресе, келін үлкеннің атын атамаған. Сөйтемін деп небір тапқырлық танытқан келіндер болған. Ел аузында осындай әдепті, жақсы келіннің мына бір қылығы елдің күлкісі мен ризашылығын қатар туындатады.
Келін ауыл алдындағы өзеннен су алуға барады. Жалғыз аяқ жол қамыстың арасынан өтеді екен. Сол жолмен жүріп, қамыстан шыға келсе, өзен жағасында бір қойды қасқыр жеп жатыр екен. Келін дереу кері қайтады. Үйге кірер-кірместен төрде отырған үлкендерге қарап тұрып айтты дейді:
Аталар мен апалар, сылдыраманың ар жағында, сарқыраманың бер жағында маңыраманы ұлыма жеп жатыр.
Ауыл қарияларынын ішінде Қамысбай, Өзенбай, Қойбай, Қасқырбай есімділері бар екен, бәрі қамыстың ар жағында, өзеннің бер жағында қойды қасқыр жеп жатқанын түсіне қойыпты.
Неткен тапқырлық!
Біздің жастарымыз да өзге ұлттың үрдісімен үлкеннің атын көзін бақырайтып (өкініштісі, үлкендеріміз бұған үйреніп кеткен, қабақ шытуды қойған) атын атағанша, ана келін құсап сарабдалдық танытпағанымен, «аға, әкпелерімізді» айтса да жетіп жатыр ғой.
Бір ескеретіні: мен мұнда қазіргі БАҚ-та жазылып жүргендей, «әпке» деп емес, «әкпе» деп жазып отырмын. Нағашы апам емшектен шығысымен бауырына салған шешемді «әкпе» деп тілім шыққан, ол тоқсанға келіп, дүние салганша «әкпе» деп сөйлеген мен туысқан үлкен қызды, жалпы өзімнен үлкен рулас әйелдерді «әкпе» деймін.
Кезінде осы сөз жөнінде қазақтың ақтаңгер жазушысы Сейдахмет Бердіқұловпен пікірлескенім бар. «Қазақ қыздың үлкенін әкпе дейді», - деген Сейде-ағаң.
Менің 1970 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген «Шаншар атай» хикаятымда шешем, өзім айтатындай, «әкпе» деп жазылған. Кейін енді редакторлар мені «әпке» деп түзейтін болды.
Осы екі арада Дулат Исабеков «Әпке» деген пьеса жазды. Қолына қалам ұстағанның бәрінің ықыласы Дулатқа ауды. Дулаттың «Әпкесі» жүр енді ел аузында.
Өздерін әдеби тілдің иесіміз деп санайтын солтүстік қазақтары қыздың үлкенін «әпке» де, «әкпе» де демейді, «апа» дейді.
Сонда Дулат екеуіміздің «әпке» мен «әкпеміз» диалект болғаны ма, жоқ, әдеби сөз бе? Не болса, о босын, жылы сөз.
Қазақтың құлағына жылы сөз жаққан.
«Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады» деген рас сөз.
ІЗГІ НИЕТТЕН ТУҒАН ЕСІМДЕР
Қазақта Сексенбай, Тоқсанбай, Жүзбай есімді адамдар бар.
Бүгінде осы есімдерді ести сала жұрт ішегін тартып таңданатын болды. Сондағы айтатындары: «Ойба-а-ай, әкесі сексенге, тоқсанға, жүзге келгенде қалай туғызған мұны?! Осынша жасқа келгенде перзент сүю сұмдық қой, сұмдық!».
Мен де таңданамын, бірак Сексенбай, Тоқсанбай, Жүзбайдың әкелеріне емес, қазіргі адамдардың сонша аңғалдығына, қаттырақ айтсам, дым білместігіне таңданамын. Әкелер-ау, бұл есімдер балаларга әкелері сексен, тоқсан, жүзге келгенде туған соң емес, «есіктен еңкейіп енген ұл шалқайып шыққанша» сексен, тоқсан, жүз жыл өтсін деп ізгі ниет етуінен қойылған.
Мысалы, бізден ілгерілер мен кейінгілер жақсы біледі, әне бір жылдары облыстық баспасөз құралдарында Тоқсанбай Жабайылдаев деген жігіт еңбек етті.
Екеуіміз бір ауылдың төлі едік, менен үш-төрт жас кіші болатын. Керемет жақсы жігіт, қаламы жүрдек журналист болып қалыптасты. Еңбек жолын өзі туган Шу аудандық газетінде корректор болып бастаган Тоқсанбай әдемі өсу жолынан өтті. Жоғары партия мектебін бітірді, облыстық «Еңбек туы» (қазіргі «Ақ жол») газетінің Шу, Мойынқұм аудандардағы меншікті тілшісі, Жамбыл аудандық «Шұғыла» – «Радуга» газетінің бас редакторы болды.
Мен Тоқсанбайдың әкесі Асқар қарияны да, шешесі Қамиымжамал апайды да жақсы білетінмін, әпкесі Раиламен мектеп есігін бірге ашқанмын. Тоқсанбайдың әкесі мен шешесі – момын, Құдай деген жандар еді.
Раиладан кейін қара шаңыраққа ие болар ұл туғанда асқар атай тоқсанда емес, ердің жасы – елуге де жетпеген-ді. Баласының кенжелері екенін жақсы білген Асқар қария оған Тоқсанбай деген есім береді, сондағы Құдайдан сұрағаны – балам көп жасасын, тоқсанға келсін!
Барлық Сексенбай, Тоқсанбай, Жүзбайлар – бір ғана осы тілектің жемісі.
Тоқсанбай әкесі мен шешесіндей кіршіксіз таза, аузын ашса, көмекейі көрінетін ақкөңіл жігіт болды, бірақ көп жасамады, қаскүнемдердің қолынан ажал тапты. Өкінішті-ақ! Ең өкініштісі, Тоқсанбайдың тоқсанға келген шешесі баласының өлігіне отырды!
Аруана аңырап отырып, Тоқсанбайдың аузынан түсіп қалғандай ұқсас немересі Серікті дертке қуат етті.
Сексенге, тоқсанға, жүзге келіп, қаусап отырған ешкім де өмірге перзент әкеле алмайды, есімін көп жасасын деп қойған балаларының тілеуін тілеп отырады.
Үлкеннің балаға тілеуінің үлкені – Көп жаса!
Жалбарынып сұрайтыны – Атамды атсаң, ат, Құдай, ботамды атпа!
Айналайын, Құдай, тілеуін бере көр құлыңның!
ҰСЫНЫҚТЫ ҰРПАҚ ӨСКЕЙ
«Жиен ел болмайды, желке ас болмайды».
Әй, айналайын көңілжықпас қазекем-ай, өстіп шындықты шыжғырып айтып тастайды да ізінше «Жиен ел болады, малы болса, желке ас болады, майы болса», - деп алғашқы райынан қайта салады.
«Ел болмайдының» екі түрлі мәні бар. Біріншісі – тікелей мәні, яғни жиен нағашы жұртына сіңбейді, сол елдің санатына қосылмайды. Екіншісі – жиен де күйеу сияқты дұшпан, қыздың баласы деп қанша жақсы көрсең де әйтеуір бір жері қисайып тұрады.
Жиеннің ел болмайтыны жөнінде халық әбден көзі жеткен соң айтқан, әрине, бұл мақалды.
Ал, мақал-мәтел – өмір шындығының қысқа да нұсқа тұжырымы.
Облысқа белгілі, атпал азамат Смағұл Әбілеков айтыпты деген мынандай сөз бар: «Түске дейін шымыр, түстен кейін сыйқым болдым». Мәнісі Смекең нағашы жұртында атақты Керімбай болыстың үрім-бұтағы саналып өскен, есі кірген соң елін тапқан.
Мен түске дейін сыйқым, түстен кейін шымыр болдым. Таратып айтсам, мен нағашы апамның бауырында өскенмін. Нағашы атам Ыдырысты көрген емеспін, ол кісі ерте қаза тапқан. Апам өле-өлгенше мені жиені емес, өз баласы санап кетті. Мен де апам барда өзімді оның баласы санаудан танған емеспін.
Апам жоқта да «Мен – апамның баласымын» атты роман жазып, апамнан айнымағанымды айттым.
Алайда, «Жиен ел болмайды» екен, міне, енді күнту болып жүрмін.
Мен апама опасыздық жасаған жоқпын, ол – шешемнің шешесі, менің апам. Ол қызын қалай жақсы көрсе, мені де солай жақсы көрді. Ал, мен болсам, апам мен шешемді таразының екі басына салып көрген емеспін, екеуі маған бүтін біртұтас ұғым.
Сүйегім күнту болған соң, қайтейін, сыйқымға жиенмін.
Жігіттің үш жұрты бар: өз жұрты, қайын жұрты, нағашы жұрты.
Өз жұртың – күншіл, бар болсаң, көре алмайды, жоқ болсаң, бере алмайды.
Қайын жұртың – сыншыл, басқан-тұрғаныңды аңдып отырады.
Нағашы жұртың – жанашырың, еркелігіңді көтереді, есерлігіңді кешіреді.
Мейлі, қанша айтқанмен, жиен, қанша малды, қанша жағымды болғанымен жиен күйінде қалады, аталасың бола алмайды.
«Күйеу – дұшпан».
Қазақ бұл жерде күйеуді жау деп отырған жоқ. Бұл «сүйгенін шұнағым дейдінің» кері. Баласын «күшігім», құрдасын «ит-ай» деп еркелеткені сияқты десе де болады.
«Күйеу атымен күл тасы», - деп күйеуге аяусыздық та білдіреді.
«Жиеннің ел болмайтынының», «күйеудің дұшпан болатынының» бір ұштығы қалжыңға барып тіреледі.
Қалжыңға қазақтай жүйрік халық некен-саяқ. Қазақ – майдан қыл суырғандай шебер, сыпайы, мәдениетті, сонымен бірге керемет сойқы етіп қалжыңдауға ғажап ұста.
Қазақта бір-бірімен қалжыңдаспайтын адам жоқ. Сыпайылықтың ұшар шыңы – ата мен келін. Бұл екеуінің сыйластығының жазылмаған, бірақ керемет қатал қалыптасып, орныққан өлшемдері бар. Қалжыңбас халық: «Әзілің жарасса, атаңмен ойна» деп соның өзін де бұзуға итермелейді. Әрине, ата мен келіннің қалжыңы әдептен озбайтын жақсы жарастық табады.
Қазақта қалжыңға құмарлық танытпайтындар – бөлелер.
Бөлелер – апалы-сіңлілердің балалары. Неге екенін, осы бөлелер сыйластығы ерен болады.
«Екі аяқтыда бөле тату, төрт аяқтыда бота тату».
Қандай әдемі, дәл айтылған, шіркін!
Тек білгін, сөйт-дағы ой түй, байлам жаса.
Қазақ айналайын туысқандық, жекжат-жұраттық, тамыр-таныстық атауларға сұмдық бай. Оның бәрін білу зерделілік, әрқайсысының алыс-жақындығына қарай жолын ұстау – ұсынықтылық. Бұлардың жөн-жосығын білмей, өзімді қазақпын деу – бекер.
Біз – тілімізге ғана емес, осы бай жөн-жосығымызға да қауіп төнген халықпыз. Дегенмен, ауылда жұрнағы бар, әлі де «қайным-ау» деп қылымситын «жеңге», «жиен» деп желпінетін нағашы, «жезде» деп күлімдейтін балдыз кездеседі.
Салт-дәстүр, жон-жосық, адамға ерте жұғысты болған, тіптен сүтпен біткен десе болады.
«Сүтпен біткен мінез сүйекпен кетеді».
Егер халық нағашы-жиен, күйеу-балдыз болып қалжыңдаспаса, жарылып өлер, ағайын-туыс, жекжат-жұрат болып сыйласпаса, айуанға айналар. Тек осыларды біліп, ұстанар ұрпақ өскей!
ӨТІРІКТЕН ӨТКЕН ПӘЛЕ ЖОҚ
Біз не көрмедік, Аққайнарды да көрдік, - депті бір ағамыз.
Сондағы Аққайнары ауылынан алты шақырым жердегі аудан орталығы екен.
Әпендінің сөзі дерсің, бірақ осыны айтқан ағамыз бақытты.
Неге? Себебі ол аз көрген, аз былғанған. Қулық-сұмдықтан ада, төрт құбыласы түгел.
Көпті көргеннің көсем болатыны рас.
Көсем – көшелі адам, сұңғыла, жеті қабат жердің асты мен жеті қат көктегінің бәрін біледі, бірақ ана аңғал ағамыздай бақытты емес. Себебі ол қызметте өсе түссем, тұрмыста байи түссем дейді, көксейтіні – түйені жүгімен, биені түгімен жұту. Өзі сияқты оның отбасының барлық мүшесі – қорқау, тойымсыз. Ал, тойымсыз адам – бақытсыз.
Аңқау ағамыз Абай айтқан адам баласы асық болатын бес нәрсенің үшеуінің – еңбек, қанағат, рақымның жолымен жүреді. Оған осы үшеуін ұстану жетіп жатыр.
Ал, көсем бес нәрсені де – талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым – барлығын да ұстанады.
Аңқау ағамыз. Абай айтқан адам баласы қашық болатын бес нәрсенің – өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақтың бірде-біреуін қасиет етпеген. Ол – бір Құдайға қараған, қой аузынан шөп алмас адам.
Көсемге бұл бес қасиеттің бәрі тән. Ол – мұның бәрінің ұшығына шыққан, аспандағыны алмап, жердегіні жалмап отырған адам.
Дана Абай адам асық және қашық болатын қасиеттің бәрін сарқып айтпаған. Барлық адам сияқты Абай да өз заманының перзенті. Дана қанша жерден уақыттан озық болады дегенімізбен, өмірде атымен жоқ қасиеттер жөнінде пікір айта алмайды. Абай да сөйткен, өз кезінде асқынып тұрған, адамды бұзатын және түзейтін қасиеттер жөнінде айтқан. Абай дүниеден озғалы бергі жерде өткен бір ғасырдан астам уақытта адамды асқан және азған жолға түсіретін, қаншама қасиет-қылық қалыптаспады десеңізші! Абай ескертіп, ұрпақ ұрынбасын деген жаман әдеттер шегінен асып асқынды.
Қазір Абай ескерткен өтірік ерекше ерен өріс алды. Сөздің бісмілләсі, өкінішке орай, өтірік болды. Өтірік айтпайтын адамды күндіз қолыңа шам алып жүріп іздесең де таппайсың. Өтірік – жазасы жоқ қылмыс. Тілі енді шыққан баладан еңкейген кәріге дейін өтірікті судай сапырады, алданған адамның көзін бір алартқаннан басқа айласы жоқ.
Біз – құқықтық қоғам орнатып жатқан елміз, небір әдемі заң шығып, өмір сүрудің ұңғыл-шұңғылына қанығып келеміз. Заң білмеген адам – жарымжан. Ол көп сүрініп, көп жығылады. Заң білген адам – алымды. Ол алып та жығады, шалып та жығады. Заң алдында еңбектеген баладан Елбасына дейін теңбіз. Біздің бәріміз заңды сыйлауымыз керек. Заң ешкімді алалап-құлаламайды, бәрімізді тең дәрежеде қорғайды.
Бүгінде өшпейтін өртке айналған өтірікті бір тоқтатса, заң тоқтатады. Ол үшін біздің елімізде де кейбір қатал мемлекеттер тәрізді қатаң заң қабылдануы керек. Біздің заңгерлеріміздің өтірік айтқан адамды жазаға тартатын заңды, оның түрлі баптары мен тармақтарын тұжырымдай алатыны ешқандай күмән туғызбасқа керек. Олай болса, осы жағын заң шығарушы органдар мықтап қолға алатын кез әлдеқашан келген. Әйтпесе, соттардың куәлерге жалған мағлұмат бергені үшін жазаға тартылатынын ескертіп қана қойғаны мүлдем аз. Бұл, айта берсеңіздер, адамдарға сот үдерісі кезінде ғана шын сөзіңді айт, қалған уақытта өзің біл деген емеурін білдіргенмен пара-пар емес пе. Жоқ, заң адамдардан барлық уақытта, өмірдің барша иірімдерінде өтірікке жоламауын талап етуге тиіс. Өтірік айтқан адамға өтірігі келтірген моральдық нұқсан және материалдық шығынның деңгейіне қарай жаза белгіленуі керек.
Менің бұл айтқандарым кейбіреудің құлағына кірмес, бірақ өтіріктің осыншама өрістеп отырғанына жөндеп зер салған адамның менімен келісетіні ешқандай шүбә келтірмейді.
Тегі, өтірік өрбіп, өріп жүрген елдің келешегі кемел болады деп айту қиын. Өтірік – қоғамның басты байлығы – адамның берекесін алып, құтын қашыратын құрт. Қазіргі кейбіреулер әуес әуенге салып, өтіріктің тегін өткен қоғамдық құрылысқа телудің қажеті жоқ. Өтірік те біз түсін түстеп жүрген адамға тән басқа да қасиеттердің бәрі тәрізді қанымызда болады. Ол – адамның бәріне тән қасиет. Өтірік айтпайтын адам о заман да бұ заман болған емес, келешекте де болмайды. Алайда, адамның бәрі өтірікші емес. Өтірік айтуды өмір нормасына айналдырып алған адам, әне, сол біз күрес ашатын адам.
«Өтірік өрге баспайды». Бұл – ел өтірікке онша үйір емес кезде айтылған ұзын арқау, кең тұсау мәтел. Өмір сүру өте қарапайым бұрынғы кезде өтіріктің өрісі тар, біреуді біреу алдау ғана болатын. Қазір енді өтіріктің бүлдіргіш күші адам айтқысыз артқан. Өтірікпен адамды өлтіріп қана қоймай, қоғамдық сілкініс жасауға да болады. Міне, сондықтан ғой біздің өтірікті өгейсітетін заң қабылдау қажеттігін айтып отырғанымыз.
Қайткенде де өтірікшіні ағаш атқа теріс қаратып отырғызатын кез келді.
«Бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ» деп қайсар ұл айтқан.
Өтірікші, ездің аузынан мұндай сөз шықпайды, шынымен өстер деп қорқады.
Өтірікшінің тілін, ұрының қолын кесетін, тіптен оларды өлім жазасына кесетін елдер бар.
Мұндай шаралардың қаталдығы мен босаңдығын заң анықтағаны жөн, әрине.
Сонда да өтірікшінің тілін кессе, сауап!
Әй, бірақ қазіргі адамды тілсіз сайрататын ғылыми-техникалық құралдар тұрғанда өтірікші тілсіз-ақ талай нәрсені бүлдірер.
Оны айтамыз, екі қол, қас-қабақ тұрғанда адамға тіл білмей-ақ, түсінісу анау айтқан қиындық туғызбайды.
Ана бір жылы, нақтылап айтқанда, 1996 жылы Атлантада өткен олимпиадалық ойындарға барудың сәті түсті. Облысқа белгілі азамат Смағұл Әбілековпен сапарлас болдым.
Біздің туристік бұл сапарымыз Американың ең түстік, ең ыстық қаласы Майамиден басталды. Қонақүйге тоқтап, ес жиған соң Смекең екеуміз көшеге шықтық. Айналаның бәрі дүкен, кафе, бар. Дүкендерге кіріп, әр нәрсені бір көріп, бағасын сұрап дегендей, ерігіп жүрміз. Бір дүкенде екі жігіт сауда жасап тұр екен, Смекең шалбардың бағасын сұрады.
Сатушы еркектің жыныстық мүшесін былш дегізіп, қарап тұр.
Смекең, заты, қызба кісі, ауызға келгенді қайта тартпай, батыл айтатын адам.
– Мыналарды қайтсем екен ә, ауыздарын артына қаратып жіберсе, болар еді, қап! - деп сілкінді.
Білемін, бұл Смағұл Әбілековтің қолынан келеді. Смағұл аға – жас кезінде атақты Әбілсейіт Айхановпен белдескен балуан. Қазақстанда Әбілсейттен басқа адамның бәрін жыққан Смекең әлі де қарулы. «Қап!» - дейтіні – бөтен елдің азаматына қол тигізуге болмайды, пәлеге қаласыз.
Мен жейденің бағасын сұрадым.
Екінші сатушы шімірікпестен әйелдің жыныстық мүшесін сарт дегізді.
Смекең де, мен де, түсіндік.
Бұл – орыс туристерінің оңбағандығының жемісі. Оспадарсыздар мына әңгүдіктерді алдаған, осылай үйреткен. Қарашы енді, өтіріктің мына екі жігітті қандай күйге түсіргенін. Әлбетте, ойланбай соғып тұрған сөздерінің шын мағынасын білген есі дұрыс адам соншама ерсі сөйлемес еді.
Біз енді мына екі жігітті кінәлай алмадық.
ӨТІРІК – КЕСЕЛДІҢ ҮЛКЕНІ
Өтіріктің түрі көп.
Қалжың үшін айтылатын өтірік бар.
Оны ел көбінесе біздің халқымызға жат, өзге жұрттан енген «Күлкі күні» деп аталатын 1 сәуірде гулететін болды. Күлкі – дәру. Күлкі үшін айтылатын өтірік зиянсыз. Алайда, біздің кейбір жосықсыздар қалжыңның жөні осы екен деп, шектен шығып кетеді.
Биылғы күлкі күні, яғни 1 сәуір сенбіге тұспа-тұс келді. Төсектен енді тұрып жатқанбыз, телефон шылдырлады.
Трубканы алып сөйлескен Бану бәйек болды да қалды. Себебі, білім және ғылым министрлігінен комиссия келеді деп күтіп жүрген, сол келіпті.
Қазақ-түрік дарынды ұлдар интернаты директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болып істейтін Бануға жұмысқа тез жетуі керек екен. Апыл-ғұпыл киініп, интернатқа қарай ұшты. Барса, комиссия жоқ. Хатшы қыз:
– Әпкей, бүгін күлкі күні ғой. Соны да білмейсіз бе? - деп Банудың өзін жазғырады.
Бану не дерін білмей, басын бір шайқап үйге қайтады.
Құдайым-ау, осындай да өтірік бола ма? Мұның төркіні – қалжың, әзіл, ал бірақ мына жағдайда шектен шығу. Мұндайда қазақ: «Жаманның ойыны жаман, бұқаның мойыны жаман» деген. Мынадай оңдырмай ойнаған қызға не дерсің, «Ойнап сөйлесең де ойлап сөйле» деген жөн шығар.
Өткен аптаның сенбісінде теледидардан «Алдар көсе» фильмі көрсетілді. Қанша көрсең де көре бергің келетін фильм ғой бұл. Шәкен Аймановтың ғажап сомдауындағы Алдар ағамыздың бірде шат, бірде қайғылы, бірде аңғал, бірде дана кейпі әрі таңдандырып, әрі ойландырып, әрі толқытып, үлкен әсерге бөледі. Классикалық шығармаларды қайталап көрген сайын жаңа ой түйіп, жаңа әсер аласың. «Алдар көсені» көргенде де сөйттім. Атының өзі алдайтын адам екенін білдіретін Алдекең адамдарды тектен-тек алдамайды. Зорлық-зомбылық, жоқшылық, кедейшілік, т.б. қорлық атаулыдан құтылу үшін жанын жалдайды. Алдекең алдаса екен, иландырса екен, пәледен құтылса екен деп тілеулес боласың. Теңдесі жоқ өтірік. Өрелі өтірік. Мұндай өтірікті халық жек көрмеген, күліп, мәз болған.
Біздің Алдекеңе әлемде бір астар бола алса, тек суайт Мюнхаузен ғана болар. Ал қырық өтірікті өлеңмен түйдектетіп төгетін тазша балаға теңдес жоқ.
Олардың өтірігіне риза боласың.
Ал, Остап Бендердің өтірігі – қауіпті, зиянкес өтірік. Бұл кәззәп небір адамды тақырға отырғызып кете береді. Алаяқтығында шек жоқ.
Шошып, сақтанатын өтірік, міне, осы Остаптікі. Остаптың қылығы құқық қорғаушылардың құрығына өз-өзінен сұранып тұр. Остаптың өмірі – үрей.
Біздің шошып, әңгімелеп отырған өтірігіміздің жөні бөлек, ол – қазіргі адамдардың шын сөзді ұмытып, бір-бірін болар-болмасқа алдап, құрдымға жіберіп жатқандығына күйзелу.
Осы ойды өрбітерде, яғни сөзіміздің басында айттық, қазір қоғамды өтірік жайлап алды. Оны ешқандай иманды сөзбен тоқтата алмайтын дәрежеге жеттік.
Қайталап айтуға тура келеді, бізге өтірікті тоқтататын заң керек. Егер тереңірек бойлап қарасақ, ондай заң бар, бірақ түрлі заңдардың ішінде жүр. Айталық, бопсалау, өтірік үрейлі хабар тарату, т.б. қылықтар заңмен жазаланады. Бұлардың бәрінің төркіні – өтірік. Өтіріктің үлкен-кішісі болмауы керек, барлығы заңмен жазалануы тиіс. Сонда ғана адамдар аяғын аңдап басып, тілін тарта сөйлейтін болады.
АТАНЫҢ МАЛЫ
Замана екпінімен тұрмысымызға ендеп те, бойлап та енген жаман әдеттің көбейіп бара жатқаны халық қамын ойлайтын азаматтарды сарсаң ойға салып жүргені бір бүгін емес, көп болды.
Қазақ – етек-жеңі кең халық. Қазақтың барлық тірлігі – иманды.
Ана бір жылдары «Коммунизм құрылысшыларының моральдық кодексі» деген бір әдемі тұжырымдар жиынтығы болды. Соның әрбір тұжырымы қазақтың тұрмыс-салтына айны-қатесіз сай келетін. Біздің қазақ – ешқандай кодекссіз-ақ қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманды аңсаған халық. Асан қайғы атамыздың Желмаяға мініп, Жерұйықты іздеуінде үлкен сыр бар. Жақсы адамдар жақсы жерде тұрған. Асанқайғы атамыздың өз халқының жер жәннатында өмір сүруге лайықты екеніне көзі жеткен.
Жерімізге жат жұрттықтардың аяғы тигелі бергі өткен жылдар ішінде қазақ тілінде адам айтып тауысқысыз өзгерістер болды. Ғылыми-техникалық революция жемістерін ешкімнің жекеменшіктеуге құқы жоқ. Ол «Біз сендерді оқыттық, сауаттарыңды аштық, жеріңде поезд жүргіздік, көгіңде ұшақ қалықтаттық» деп отырған халықтың өзін де екпініне біздің ар жақ – бер жағымызда қосқан. Демек, өркениет жолына түсу – заңдылық. Бір елді бір ел жетектеп қосты деу – бекер сөз.
Осы өскелең өркениеттің сөзсіз игіліктерімен қатар көзсіз тірліктері де бар. Солардың кейбіреуі асқынып, халқымызда жоқ әдет-ғұрыпты зорлап таңып, еліктегіш жастарымызды есінен тандырып отыр. Нәтижесінде әрқайсысы бір-бір ауыз толтырып айтарлық әңгімеге татитын жөн-жосықсыз қылықтар пайда болды. Соның бірі – мирасқорлық, яғни мұрагерлік.
Біздің халықта бұл мирасқорлық дегеніңіз ешқандай проблема туғызып көрген емес-тін. Әке баласы ер жеткен соң келін әперіп, еншісін бөліп беріп, «ноқтасын сыпырып» қоя беретін. Әкенің ауылы – үлкен ауыл, үйі – үлкен үй, баланікі – пәлен мырзаның ауылы, отау үй аталатын. Әке үйіне, яғни қара шаңыраққа кенже ұл ие болатын. Осымен бітті, жас өсіп, жарлы байып жататын.
Әкеден қалған мал-мүлікке таласу деген атымен болмайтын. Содан да мирасқор, мұрагер деген сөздер адам өмірін жалғастыратын жастың барын ғана білдіретін. Ал, қазір әкенің тірісінде мал-мүлкіне көзін сүзетіндер, өлгенде таласатындар көбейіп барады.
«Атадан мал қалғанша тал қалсын» дегенді үлгі етіп айтар еді үлкендер. Осы тұрақты сөз тіркестерінде қазақтың тым жомарттығы, ерен мәрттігі жатыр. Қазақ отаулары қазан түбінде жуынды қалды демей, өз шаруасын шалқытуға жан-тәнін салып кіріскен. Сондағы ойлайтындары «қара қазан, сары баланың қамы» болған.
Қазіргі жастар сырттан келген өмір салтының салқынына ұрынып, өзі шыққан орданы ойран етіп тонаудан тайынбайтын дәрежеге жетті.
Мұның аяғы жақсылыққа апармайды.
Теледидардан мен қазір екі шетелдік сериал көріп жүрмін. Аттары – «Күнәнің жүзі» («Цвет греха»), «Тәтті ұрық» («Сладкий плод»). Құдайым-ау, адамдар мұрагерлік үшін қандай зұлымдыққа, алдау-арбауға бармайды десеңізші! Небір пәлелер көз алдыңда өтіп жатады, жағаңды ұстап, таңданбасқа лажың қалмайды. Мынандай азғындықтан аулақ болсақ екен, дейсің.
Бірақ «Жақсыдан – үйрен, жаманнан жирен» деп қанша айтқанымызбен, жастарымыз жамандыққа ентелеп тұрады. Міне, енді жоғарыдағыдай сериалдардан, дүниеқоңыз, кесепат қылықтардан үлгі алып, азғындағандар әке-шешесінің байлығына жасырын да, ашық та таласатынды шығарды.
Әкем айтар еді: «Біздің атаның балалары енші бөліскен емес». Жас күнімде естіген сәтте-ақ бұл сөздің терең мағынасын әжептеуір ұққандай болғанмын, есейе келе, тегімнің қасиетті екеніне әбден көзім жетті. Әкеміз бізге ғибрат аларлық қандай, қаншама сөз айтпады, соның ішіндегі ең бір асылы осы ғой деп ойлаймын. Балаларына «тату бол» деп тақылдап жататындардікінен әкемнің мына сөзі мың есе салмақты еді.
Жуырда мынадай бір әңгіме естідім, қора-қора қойы, үйір-үйір жылқысы, келі-келі түйесі бар бір кісінің он екі баласы бар екен. Балалары жас кезінде сүттей ұйыған отбасы еді, қазір өскен, үйлі-баранды болған. Енді сол балалар әкесінің малына таласып, мазасын алатын көрінеді. Қария қазір малдан да, баладан да безіп отыр дейді. Он екі баласын шақырып алып, барлық малды тең бөліп беріп, басына азаттық, жанына тыныштық алғысы келеді екен.
Осыған орай, әкемнің бұрынғылар айтқан дейтін «Артық дәулет – бас қайғы» деген аталы сөздің шындығына таңданғаннан басқа не демексің.
«Ағайын тату болса, ат көп,
Абысын тату болса, ас көп» дегенді білмей өскен ұлдары мен келіндері қайран қарияның арқа еті арша, борбай еті борша болып жүріп жинаған малының ту-талақайын шығарайын деп отыр. Өкінішті-ақ. Ағайын араз болса, ауыздағы кетедінің кері – бұл.
Кердең ұл мен кер келіннің ата жолынан айнығаны осындай-ақ болар. Дүние-боқтың бірлігімізге атылған оқ болғаны-ай, қап!
Бұл – өте жаман кесел, бақ талас. Бақ талас деп әдейі бөлек жазып отырмын. Жетесіздер әкенің бағына, малына таласып жатса, басқаша қалай жазбақсың. Ал, мұның түп-төркіні – бақталастық, содан туындаған көре алмаушылық, қызғаншақтық, қорқаулық. Тізе берсе, бұл тараптағы сөз өте көп.
Оларды қойып, дана қазақтың баласына еншісін бөліп беріп тұрып, «Ал, ұлым, келінім, енді өз қотырларыңды өздерің қасыңдар» деген сөзінің қарапайым да терең мағынасының ұшығына шықсақ, қане.
МӘДЕНИ ҚАЙЫРШЫЛЫҚ
1994 жылы мен Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетіне бас редактор болып тағайындалғанымда редакцияны қаржы тапшылығы қажытып-ақ тұр еді.
Облыстың сол кездегі басшысы Өмірбек Байгелдиевке бір кіргенімде демеушілік жөнінде сөз айтып қалдым.
Өмекең:
– Қажеті жоқ. Демеуші іздеу – мәдени қайыршылық. Қаржы тауып береміз, газет шығады, - деді.
Мен Өмекеңнің осы сөзін он жылдан астам уақыт бас редактор болған кезімде берік ұстандым. Ешкімге қол жайғаным жоқ. «Ақ жол» жазылымнан, жарнамадан түскен және бюджеттен бөлінген қаржыға уақтылы шығып тұрды.
«Бас білетін өгізге «өк» деген – өлім». Шіркін-ай, қалай тауып айтқан атам қазақ. «Түйелі байдың қызы болмасақ та, ешкілі байдың қызы едік» демекші, өмірдің ұңғыл-шұңғылына түгел қанық болмасақта, анау-мынауды түсінеміз ғой, Өмекеңнің бұл айтқаны газетті ешкімге тәуелді етпеу, беделін түсірмеу болатын.
Сөз реті келіп қалған соң айтайын, Өмекеңнің адамгершілікті тағы бір сөзі бар.
Газетте сын жазылып, проблема көтерілмесе, сүреңсіздік жайлайды. Осы тұрғыда біз орынды сын, толғақты проблема жариялап жүрдік. Газет журналистерінің көбі – кешегі коммунистік баспасөздің сардарлары мен сарбаздары еді. Ол кезде газет сынына сергек қарайтын. Газет сыны облыстық партия комитетінің бюросының күн тәртібіне қойылған кез де болған. Облыстық атқару комитетінің отырыстарында газет сыны үнемі сөз болатын. Бір сөзбен айтқанда, баспасөздің ықпалдылығы бірінші кезекке қойылатын.
Біз сын, проблема жазу екпінімізді бәсеңдеткен жоқпыз. Алайда, жазғанымызға ешкім тырс демейді, атқан оғымыз айдалаға кетіп жатқандай болдық.
Менің осы жайға облыстың бірінші басшысының назарын аударуыма тура келді.
Өмекең әдеттегісінше салмақты, ақылды сөз айтты:
Қазір меншік түрі өзгерген. Кімді сынайсыңдар, бизнесменге, ілкімдіге ешкімнің ақылының керегі жоқ. Олар өз шаруасын өздері біледі. Оларды сынасаңдар, өз қызметтестерінен, қатын-баласынан, ағайын-туғанынан ұялады.
Оларға сол да жетеді. Мемлекеттік мекеме, ұйымдар туралы сынды, облыс экономикасын көтеру тұрғысындағы проблемаларды біз ешуақыт аяқсыз қалдырмаймыз.
Мен бүгінгі күнге дейін облыстың маңдайына біткен бес әкімнің де тұсында бас редактор болдым. Өмекеңнің өзі ғана емес, кейінгі төртеуі де газетке осылай қарайтын, мен болсам, газетті солардың көңілінен шығарлық етіп шығаруға тырысатынмын, әлбетте, оқырмандардың талап-тілегі де тасада қалмайтын.
Жә, тәмсілдердің осы тұсын ойға келіп қалған соң ірке алмай айтып отырмын. Негізгі әңгіме демеушілік — қайыршылық туралы еді ғой, енді соған оралайын.
Жұрттың демеушілікке ден қойып бара жатқаны ойға қалдырады. Қолы қысқа адам бақуаттыдан бір тірлігіне көмек көрсет деп сұраса, қайыр сұрау емей, немене. Соны енді ұялмай алып, жомартты мақтап отыратындар көбейіп барады. Мейлі, мұны жеке адамның бір болмаған тірлігі делік, ал, аудан әкімдері өстіп жүрсе, не демекпіз?!
Бір әкімдер бар, өзі басқарып отырған ауданнан шыққан қалталы азаматты майлы ішекше айналдырады. Қалталы азамат ешуақыт ештеңе істемейді. Бір айтқанын орындап, қолын байлап қою үш әкімнің сұрағанына келісе кетеді, мек- теп, балабақша, кітапхана салып береді. Әкім де, қалталы да екі асап, биге шығады, алдымен, екеуі достасады, содан сон, халыққа кажетті игі іс атқарылады. Кешіріңіздер, олар үш асайды екен. Біткен нысанның алқызыл лентасын қадірлі қонақтарға қиғызып, айдарларынан жел еседі. Жиналған жұрт алдында аруағы асады. Аңғал адамдар мұндай әкімді іскер деп бағалайды.
Пайымдап қарағанға әкімдікі – мәдени қайыршылық. Алысқа бармай-ақ, барлық аудандардың әкімдері өздері қақ ортасында шіреп отырған ақшаңқан ғимараттардың партиялық жарнаға немесе мемлекеттің қаржысына салынғанын білсе қайтеді. Қазіргі ел игілігіндегі нысандардың барлығын да, жекешеленіп кеткенін де, қайтарылып жатқанын да мемлекет салған.
Меншік түрі өзгерді, қоғамдық құрылыс басқаша болды деп сылтауратудың еш қисыны жоқ, барлық жерде билік бар. Халық қамын ойлау соларға жүктелген. Бір тиын деп әсірелемей-ақ қояйық, әйтеуір өнім өндіргеннің бәрі салық төлейді, қазынаның қалтасын қампайтады. Әкімдердің барлық білім, білігі, міне, осыған, яғни аудандарында өнім өндірушіге жақсы жағдай жасауға бағытталуы керек. Сонда аудан табысты болады, ілкімділерге кіріптар болмай-ақ халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарады, мәдени-тұрмыстық құрылыстар етегін кеңге жаяды. Оның бер жағында облыстық бюджеттен бөлінетін қаржы қаншама, тек ұқсату керек.
Менің мақсатым әкімдерге ақыл айту емес, олардың бәрі өздерінің функционалдық міндеттерін жақсы білсе керек.
Дегенде, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресуге тиісті, бірақ өздері тәртіп бұзатын лауазым иелерімен күресті күшейту, мемлекеттік қызметшілердің ас та төк той жасап, онымен қоймай, жиын-тойдың төрін бермейтін жаман әдетін тыю жөніндегі батыл қадамдары барша халықпен бірге мені де қуантты. Шынында, бұл шара бір-бірімен тығыз байланысты. Сыбайластық жемқорлыққа белшесінен батқан, параға бөккен шенеуніктер сауық-сайран құрмағанда не істемек.
Адамның өз сөзінен өзі мысал келтіргенін қалай десе болады, мақтанды дерсіздер, мейлі. Коммунистік биліктің қыз-қыз қайнап тұрған кезінде облыстық сот коллегиясының бір мүшесіне, атап айтқанда Құдайберген Көшековке қызды- қызды әңгіме кезінде былай дегенім бар: Ұсталмайтын екі түрлі парақор бар, бірі – аудандық буыннан жоғары қарайғы партия комитеттерінің хатшылары, екіншісі – барлық деңгейдегі құқық қорғау қызметкерлері.
Осы айтқаным айтқан, қазір де сол, тек формасы өзгерді, мазмұны қалды. Хатшылардың орнын әкім басты, ал, құқық қорғау органдары сол күйінде, өзгерген жоқ.
«Еңбексіз табылған мал есепсіз кетеді» деген ұлағаттың шындығы – әкімдердің ел жағасын ұстаған тойлары, құқық қорғаушылардың желден жүйрік машиналары, зәулім сарайлары.
Әуелі, той – әкім-қаралар үшін қалтасын қампайтудың қайнар көзі. Әкімнің тойына шақырылғандардың тойханасын есептеп көрген адам жоқ, әй, көп қой, көп! Тырақы, дараң, ұпай алғысы келген алаяқ, өскісі келіп жүрген өлермен – бәр-бәрі төгеді. Бұл – өз тойы, өзгенің тойы да әкімге кіріс көрінеді.
Ана бір жылы іс-сапармен бір ауданға бардым. Әкімдікте топ-топ адам жүр. Ауданның түрлі құрылымдарының басшылары.
Бұл не, жиналыс бар ма? - дедім бір таныс жігітке.
Ой, аға бұл – топжияр. Әкім көрші ауданның алпыс жылдық мерейтойына барады екен, соған бәрімізді жинап алып, салық салып жатыр. Сондағы апаратыны – құттықтау хат, шапан. Жинайтыны – мың-мыңдап доллар.
Таңданғаннан басқа қолыңнан не келеді. Күресерге дәрмен де, пәрмен де жоқ. Пәрмені жоқ адамға әкімдер пысқырып та қарамайды.
Осындай әңгімелер облыс әкімінің құлағына жете ме? Жетсе, желкесін неге үзбейді бетімен кеткендердің? Мұндай сұрақ көп, жауап жоқ.
Нұрекең елдің берекесін қашырып жүрген келеңсіздіктердің кесірін дереу сылып тастайтын мерездің тамырын дәл басып отыр. Осы кезде қимылдамағанда қашан қимылдамақ бұл жұрт?
АНЕКДОТ – АҚЫЛДЫ СӨЗІ
Басшы іске терең, сөзге шешен болуы керек, ақылға зерек, хатқа жүйрік, яғни жазуға ерен болса, өте жақсы.
Қағаз жаза білген қашан да ақылдыға баланған.
Өзімнің өмір тәжірибемде бұған менің көзім әбден жеткен.
Коммунистік партия билік құрған тұста оның аудандық, облыстық, Орталық комитеттері болатын. Сол комитеттердің біріншіден бастап хатшылары, бөлім меңгерушілері, нұсқаушылары, одан да төмен қызметкерлері болатын. Хатшы – хан, бөлім меңгерушісі – уәзір, нұсқаушы – құл іспетті еді. Хатшы – ханды «піскен асқа тік қасық» шіреншек, уәзірлерді әлекедей жаланған сайыпқырандар, құлдарды барлық ауыр жұмыс мойнына артылған тесік өкпелер десе болар-ды.
Әлбетте, хатшы – ханның да көсіліп сөйлейтін көсемдері, құлақ құрышын қандыратын шешендері болады. Мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ, өзіміздің облыстың басшысы болған Асанбай Асқаровты-ақ алайық. Асекеңнің ақылдың кені, шешендіктің шегі екенін қазақ елі ғана емес, бүкіл Одақ білген. Ұлттың ұлылары мен асылдарының мойнына қылтұзақ салуға әбден кәніккен орталықтың Асанбай ағамызды орға жығуының басты бір себебі де ол кісінің асқан ақылдылығы, зор беделі болатын. Алайда, «Асыл кездік қап түбінде жатпайдының» кері келіп, Асекең зорлап қамаған қапастан абыройы асып, Мұса Жәлел тәрізденіп, жан тебірентерлік өлеңдер жазып шықты. Кейін үлкен-үлкен кітаптар жазды.
Бұл күнде арамызда жоқ ағалар Әзімбек Смайылов, Жапар Түйебеков, Айтбай Назарбековтер осындай еді. Олар тиісінше Меркі, Шу, Мойынқұм аудандарын ұшпаққа шығарып қана қойған жоқ, «Әзекең, Жапекең, Айтекең айтты» деген тәлімді сөздер қалдырды артында.
Өкінерлігі, құлдар жазып, уәзірлер өңдеген сөзді, баяндаманы бас алмай оқитындар да аз болған жоқ. Олар кәдімгі бір диктор іспетті болушы еді. Шынында, бірде сондай оқиға болып, бүкіл Одаққа әйгіленгені бар. СОКП Орталық Комитетінің бас хатшысы Л.И.Брежневтің жағы түсіп қартайғаны әмбеге аян. СОКП Орталық Комитетінің бір пленумында оның ұзақ сөйлеуге, яғни қағаз оқуға иегі икемге келмей, жағы түсіп кетіп, баяндама мәтінін диктор оқығаны бар. Кеңестер Одағының коммунистеріне Брежнев – диктор оқыды не, кәдімгі диктор оқыды не бәрібір екен, тебірене тыңдады. Ертеңіне бүкіл бұкаралық ақпарат құралдары «СОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы Леонид Ильич Брежневтің баяндамасы» деп дүркіретіп ала жөнелді. Баяндаманы дәл бір Брежневтің өзі жасағандай болды да шықты. Компартияның «Ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс» дегенге бұдан артық қандай мысал айтарсың!
Дегенмен, дана халық мұндай өресіз басшыларды сынап-мінеп отыруды естен шығармаған. Оның өз жанры бар, ол – анекдот. Түсіндірме сөздікте анекдотқа мынадай анықтама берілген: белгілі бір адамның өміріне байла- нысты, көбіне ойдан шығарылған, мысқылға құрылған қысқа әңгіме.
Өте әдемі айтылған, ал, мен анекдот – ақылды сөз дер едім. Бұралқы сөз айтып әжуалау, күлдірудің тіптен сарказмге ұласып кететін кезі де бар.
Қазақстанда қой көп, олардың етін, тағы басқа да жарарын одақтық қорға алып кетіп, өзімізге басын ғана қалдыратын Брежнев заманында мынадай бір анекдот айтылып жүрді.
Бір кісі дүкенге бас алуға келеді. Қарап тұрса, бір бас 50 тиын, екіншісі 40 тиын, үшіншісі 30 тиын екен.
– Бұл қалай, бастың бағасы неге әртүрлі? - дейді әлгі кісі сатушыға.
– Бұл солай. 50 тиындық – Сталиннің басы (Сталин заманындағы қойдың басын меңзегені де) онда ми да бар, тіл де бар. 40 тиындық – Хрущевтің басы, онда ми жоқ, тіл бар. 30 тиындық – Брежневтің басы, онда ми да жоқ, тіл де жоқ, - дейді сатушы шімірікпей.
Қолында бұйрығы мен жарлығы бар басшылар осы анеқдоттың айтарын білсе екен. Әйтпесе, шөжіп бара жатқан сыңай байқалады.
Достарыңызбен бөлісу: |