Әлдихан Қалдыбаев


Сауытбек. Естігем. Жидебай



бет11/19
Дата20.06.2018
өлшемі0,75 Mb.
#43802
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   19

Сауытбек. Естігем.

Жидебай. Ендеше несіне сөзіңді кеңге салып отырсың? Жоқ, мұның шымырлығың ұстап, шіренгенің бе?

Сауытбек (мырс етіп күліп). Былайғы жұрт: «Нағыз шіреншек – Жидебай», - деуші еді, сіз маған телідіңіз-ау.

Жидебай. Ештеңе етпейді. «Тұлпардың өз тұяғы – өзіне дәрі».

Сауытбек. Дұрыс айтасыз. Сізді жеңіп болған ба, мен жеңілдім, Жидеке. Айтысамын Ақбөпемен.

Жидебей. Сөйдесеңші, бәсе.
Қасында бірнеше қыз-қырқын бар Ақбөпе кіреді үйге.

Отырғандар ығысып, оң қанаттан орын береді.

Әдеппен отырып жатқан Ақбөпе қарсыдағы жігіттер жағын бір шолып өтеді. Жігіттердің тасасында төменшіктеп отырған Сауытбекті көрмейді.

Қыздар жайғасып отыра бере Жидебай сөз бастайды.


Жидебай. Ақбөпе қарағым, ел-жұртың аман ба?

Ақбөпе. Аман-есен.

Жидебай. Ақбөпе, сені ақын деп есітеміз, бір-екі ауыз өлең айтып жібер өзіңді таныстырып.

Ақбөпе (ұялып, төмен қарап отырып). Соным қалай болар екен?

Жидебай. Жақсы болады.
Ақбөпе домбырасын қолына алып, шырқап қоя береді.
Ақбөпе:

Орта жүз арғы бабам – арғын-қыпшақ,

Атаны кем болмаспыз қадір-тұтсақ.

Қақ жарған қара қылды Қазыбек би,

Үш жүзге үлгі берген жолды нұсқап.

Хан өтті, датқа өтті, патша да өтті,



Әділдік жүргізбеген Қазыбек құсап.

Қобыланды батыр өтті өз қыпшағым,

Ел қорғап ерлікпенен туын ұстап.

Арқаның Ағыбайын кім білмейді,

Жауды алған қарсыласқан матап-тұсап.

Солардың аруағы жәрдем берсе,

Болса да тоқтамаспын қиын-қыспақ.

Бабамыз Арқа жақта о басында,

Азырақ қыпшақ кепті Шу қасына.

Отыз үйдей қыпшақ бар шамасында,

Отырмыз көп үйсіннің ортасында.

Салмағым аз да болса, жеңіл емес,

Салса да таразының бір басына.

Алтынның аз да болса, салмағы ауыр,

Нәсілім қосылмайды қорғасынға.

Сауытбек-ақын жігіт бар деуші еді,

Бұл сөзді терең бойлап байқасын да.

Бар болса, бізге неге көрінбейді,

Бой тасалап отырмай, кел қасыма.

Жидебай. Ал, Сауытбек, кезек – сенікі. Қақпанды өзі қапты Ақбөпенің.

Сауытбек (төменшіктеп). Жидеке, асықпаңыз. (Сәл ойланып қалып барып). Мейлі,онда. (Домбырасын құйқылжытып қағып-қағып жіберіп):

Ақбөпе, көңілің шат, денің сау ма,

Сайраған бұлбұл құссың сен бір бауда.

Өлеңге «Сауытбек» деп қосқаныңда,

Жеткендей болды төбем асқар тауға.

Ақ тұйғын қанатымен қағып өтті,

Тор жайсам, түсер ме екен жібек ауға?

Созғанмен, қолым қысқа, жете алмайды,

Шың таста ұясы бар биік тауда.

Шақырсам, қолыма кеп қонармысың,

Тоты құс, еркін жүрген осы маңда?
Ақбөпе:

Сауытбек, есенсіз бе өзіңіз де,

Қарт-жасың, жалпы аман ба еліңіз де?

Сауытбек, айтысуға әрең көндің,

Алғашқы амандасу жөні сізде.

Болсам да төмен етек мен шақырдым,

Соным бұл жөн келе ме көңіліңізге?

Егер де мен осылай белсенбесем,

Ескеріп, ілмес пе едің көзіңізге?

Іштегі жатқан сырды шығарып айт,

Сыртыңнан құмар едім сөзіңізге.

Мақсатты ойыңдағы ортаға сал,

Тарыдай дақ қалмасын көңілімізде.

Сауытбек:

Ақбөпе, «Бір көрсем», - деп болдым құмар,

Сүйгенін көрген кісі көңілі тынар.

Шарықтап, шарлап ұшып іздегенмен,

Серігін таппай жүрген мен бір сұңқар.

Деуші едім: «Бұтағыңа қонақтасам,

Қыпшақта бар, - дегенге, алтын шынар.

Айтулы ақ тұйғынға кезіксем», - деп,

Сыртыңнан болып жүрдім көп ынтызар.

Ентелеп жұрт жиналып қалған екен,

Салмақтап сөзді сынап көрсін бұлар.

Ақбөпе:

Сауытбек, той-жиыннан қалмай жүрсіз,

Көз қырын, біздің елге салмай жүрсіз.

Білесіз, әйел жолы жіңішкелеу,

Ынтызар болсаң, неге бармай жүрсіз?

Шынымен сүйген болсаң, келмес пе едің,

Зәуде бір есіңізге алмай жүрсіз.

Ауыл да алыс емес, жақын еді,

Жолығып, демедіңіз: «Қайдан жүрсіз?»

Ер жігіт болсам, іздеп барар едім.

Амал не, жолым нәзік, жағдай күйсіз.

Сауытбек:

Бара алмай жүрмін, атым болмаған соң,

Кедейлік қиын екен орнаған соң.

Жанасып жүрмеген соң бара алмадым,

Сөйлесіп сырыңызды алмаған соң.

«Көңілсіз, салқындау ма?» — деп ойладым,

Араға қатынас сөз салмаған соң.

Көз тартар пісіп тұрған сіз бір алма,

Жүреміз әуреленіп барғаннан соң.

«Арманым көңілімнен кетпес», - дедім,

Құмарым алманы иіскеп қанбаған соң.
Екінші көрініс
Дәл бірінші көріністегі тәрізді сән-салтанатымен тігілген үйде Ноғайбай болыстың елінен келген, араларында бір мосқал кісі бар төрт-бес жігіт отыр.

Ішке жалаңдаған жас жігіт Көбен кіреді.
Мосқал кісі Мақұлбек (кеудесін көтеріп). Әй, Көбен, не білдің, не көрдің?

Көбен (лып етіп). Мұны білгенше білмегенім, көргенше көзім шыққаны жақсы еді, Мақұлбек көке.

Мақұлбек. Е, не боп қалды сонша?

Көбен. Бәрі болды. Ақбөпе келініңіз ар-ұятты жиып қойып, Сауытбек сал деген біреумен айтысып, әдеп ғашықпын, өлдім-талдым, деп талмаусырап отыр.

Мақұлбек (зілді). Сол да бола ма екен? Бұл тойда күні ертең келін болып түсетін елінің адамдары, байы болатын Тантайдың отырғанын білмей ме, ол қыз?

Көбен. Біледі. Ғашықта, оның үстіне ол ақын болса, ес болмайды. Айта берсеңіз Ақбөпе: «Мен қалың малға сатылатын болдым. Құтқарып ал», - деп соғып отыр Сауытбекке.

Мақұлбек. Сонда қалай, ол бейбақтың қазақтың қатынды қалың мал беріп алатынын білмегені ме? Онда оның несі ақын?

Көбен (кергіп). Қайдағы ақын, шашы ұзын, ақылы қысқа қатын ол. (Елеңдеп отырған жігіттерге). Жүріңдер, жігіттер, барып, ойран-топанын шығарайық.

Мақұлбек (зекіп). Тәйт әрі! Бұл анау-мынау емес, осы Аша елінің болысы Тілеуқабылдың тойы. Ноқаңның пәрменінсіз ешқандай ағат іске бара алмаймыз біз.

Көбен. Солай екен ғой. (Қуланып). Алдымен сұрайықшы өзінен, Тантай, сен айтшы, Ақбөпені аламысың өзің әуелі?

Тантай (ыржыңдап). Алмағанда. Жас иіс.

Көбен. Ақбөпе – сұлудың сұлуы. Оны алған соң басқа қатындарын ұмытады бұл әлі-ақ.

Тантай. Ұмытпаймын. Кезек-кезек жатып жүремін жандарына.

Мақұлбек. Сөзің құрысын!

Тантай. Ой ақсақал-ай, білеміз ғой сізді де, талай әйелді сорлатқансыз.

Көбен. Тәкең дұрыс айтады. Небір бұраң бел сізден қалған.

Мақұлбек. Қойыңдар-ей, көргенсіздер! Сендерді Ноқаң ауылының балалары деп кім айтады?

Тантай (екпіндеп). Менің әкем де жек көрмейді жақсы қатынды. Жек көрсе, шешемнің үстіне арғын апамды алар ма еді?

Мақұлбек. Сен Ноқаңдай, Ақбөпе Ақымай жеңешемдей болсаңдар, арман қане.

Көбен. Тәкеңді қайдам, Ақбөпе арғын апамнан асып түспесе, кем болмайды.

Мақұлбек. Онда барыңдар, айтыңдар, Ақбөпе күні ертең келін болып түскенде беті күйетіндей іске бармасын.

Тантай. Байы болыстың баласы болатынын ұмытпасын.

Көбен (Жігіттерге). Жүріңдер, барайық, айтайық, айтысты тоқтат дейік. (Мосқал кісі мен Тантайға). Әй, бірақ қайдам-ау, ештеңе шықпас. Ақынның аузын кім жапқан?!

Тантай. Біз жабамыз! Менің әкемнің ызғары жабады. Жігіттер есікке беттейді.
Үшінші көрініс
Бірінші көріністі сурет. Айырмашылығы – айтысты қызықтаушылар көбейіп кеткен. Бәрі есіктен ентелейді, айтыс қызығына беріліп, қызды-қызды сөз айтады.
– Сауытбек, жосылт!

– Ақбөпе, қаймықпа! Қыпшақ Шуда отыз үй болғанымен, Арқада көп. Соларды арқаланып айт!

– Сауытбек, қадалған жеріңнен айырылма.

– Ақбөпе, Қобыланды атаңның аруағы қолдасын!

– Сауытбек, Бәйдібек бабаң жебесін!

Сауытбек:

Кедейге сұлу қыздар қарай ма екен,

Би менен болыстардай санай ма екен.

Қалыңға берерге мал, мінерге ат жоқ,

Үйлену кедейлерге оңай ма екен?

Ақбөпе, баратының болыс елі,

Қордай мен Ұзынағаш қонысы еді.

Өзіңдей жақсы қыздар солардікі,

Кедейге келтек боп жүр сонысы енді.

Ноғайбай бағы жұрттан асып тұрған,

Болыстың аруағы тасып тұрған.

Шіркін, сол Ноғайбайға кім батады,

Сөзіне үйсін, дулат жатып-тұрған.

Ақбөпе:

Сауытбек, жарамайсың, сөзің жасық,

Өтпестей боп қалыпсың жаман жасып.

Дәрежең жаныстармен тең емес пе,

Шымырдан кете алмайды жаныс асып.

Сауытбек, ишараға түсінбедің,

Қалған ба кедейліктен миың ашып.

Сауытбек:

Ақбөпе, шын сөзіңе жол беремін,

Орынды бұл сөзіңді оң көремін.

Ойға алған бір арманым орындалды,

Жеңілдім, енді сізге жол беремін.

Шымырлап сөзің батты сүйегіме,

Әр сөзің ыстық тиді жүрегіме.

Аңсаған арманымды өзің айттың,

Басқаның енді маған керегі не?

Акбөпе:

«Тор жайсам, деп едіңіз, тұйған құсқа»,

Ойлама, «жетпейді», деп, қолым қысқа».

Ақ тұйғын шақырмай-ақ өзі барар,

Керетін торыңыздың жолын нұсқа.

Ойлаған мақсатыңыз орындалсын,

Қолыңды бергін маған, қолымды ұста.
Сауытбек орнынан тұрып барып, Ақбөпеге қолын береді. Ақбөпе ұяң жымиып, Сауытбектің қолын алады.

Жұрт шулап қоя береді.
– Ақбөпе жеңді.

– Қыпшақтың қызы керемет екен!

– Сауытбек те ер ғой, шіркін!

Көбен (жанындағы жігіттерге). Айтыстың ың-шыңсыз, тез біткені қандай жақсы болды! Жүріңдер, барып Тәкеңнен сүйінші сұраймыз.

Бір жігіт. Не деп?

Көбен. Ақбөпе жеңді, - деп.

Жігіт. Тәкең оған қуанбас. Тәкеңе ақын емес, қатын керек.

Көбен. Қуанады. Той тарқасымен Тәкең қайын-жұртына ұрын барады.
Жасауыл жігіт айтыстың бәйгесін әкеліп, жұрт соған алаң болып жатқанда Сауытбек пен Ақбөпе тіл қатысып үлгереді.
Сауытбек (толқып). Ақбөпе, енді қайттік?

Ақбөпе (батыл). Өзің біл. Мен айтқаныңа мақұлмын.

Сауытбек. Кешке Аралтөбенің жанындағы шоқ қамысқа кел.

Ақбөпе. Күт, келемін.

Сауытбек. Кел. Күтемін.

Төртінші көрініс
Шоқ қамыстың ішінде қос ғашық:

Сауытбек пен Ақбөпе аймаласып отыр.
Сауытбек (бар пейілімен). Енді өлсе де болады.

Ақбөпе (шошып). Неге?

Сауытбек. Ләззат түнін бастан кешкен жігітте арман жоқ. Мен арманыма жеттім.

Ақбөпе. Қыздың арманы сүйген жігітімен өліп-өшіп өбіскен сәттен басталады. Менің қазіргі халім – сол. Менің ендігі еншім – сенен айырылып қалмасам екен деп қу жанымды қу шүберекке түю.

Сауытбек. Атаңа нәлет кедейлік! Жалғыз кер шолақтан басқа мал жоқ, қайтіп жеткізем сені арманыңа?!

Ақбөпе (мұңайып). Мені айттырған жер – жуан, Ноғайбай болыстың баласы. Екі қатыны бар, мені үшіншісі етпек. Көрген күнім не болады?! Қараң, әрине, тіптен қара түнек.

Сауытбек.

«Сауытбек, ақ тұйғынға торыңды құр,

Қолыңа қондырсаң, жұрт: «Орынды», дер.

Қосамын тілегімді енді сізге,

Қолымды қысып ұста, қолыңды бер»,

деп едің бағана. Бұл сөзді қазақта айтысқан жігітке ешқандай қыз айта алмаған. Мен өзіңді құшып, қолыңды қысып ұстаймын, бірақ осымызды «Орынды» дейтін жұрт табылар ма екен?!

Ақбөпе (күрсініп). Табылмайды. Алла-ай, қайтпек керек?! Қыз сорлының маңдайына жазылғаны сүйгеніне жете алмай, арманы аяққа басылып, жылап-сықтау ғана ма екен?

Сауытбек (ширығып). Қу кедейшілік қолымды кесіп отыр ғой. Білмеймін не істерімді.

Ақбөпе. Шарасыз күй кешуден басқа түк жоқ енді екеумізге.

Сауытбек (ойланып тұрып барып). Ақбөпе, сен өйтіп езілме, сәл шыда. Бүгін ауылыңа қайт. Мен дәл жарты ай өткен күні келемін жаным тірі болса. Бір жарамды ат табармын қайыр сұрасам да, сонымен алып қашамын сені. Сөйтіп көз көрмес, құлақ естімес жаққа кетеміз лағып.

Ақбөпе. Бүгін кешке ана болыстың ұлы ұрын келеді. Қайтемін?

Сауытбек. Қайдам?

Акбөпе. Мен ендігі жерде бәріне көнген адаммын.

Сауытбек. Менің де көретін теперішім аз болмас, амал қанша көтерем.
Түн түрілін, таң қылаң берс бастайды.

Екі ғашық сүйісіп тұрып қалған.
Ақбөпе (Сауытбектің құшағынан ақырын сытылып шығып). Қош, Сауыт!

Сауытбек. Қош! Он бес күннен соң кездесеміз.

Ақбөпе. Тезірек келсе екен сол күн.

Сауытбек (Ақбөпені құшақтап сүйіп). Келеді. Несімен келеді, не сыйлайды екеуімізге?

Ақбөпе. Жақсылық сыйлайды, Сауыт!

Сауытбек. Рас айтасың. Бөпеш! Сол күні екеуіміз қол ұстасып, көз көріп, құлақ естімейтін жақты бетке аламыз.

Ақбөпе. Соған жетейік, Сауыт!

Сауытбек. Құдай қаласа, жетеміз.
Бесінші көрініс
Оңаша тігілген отау үй. Әлсіз сәуле шашқан шам түбінде Тантай отыр шоқиып. Ішке Ақбөпені ертіп жеңгесі Алтынай кіреді. Тантай айылын жимайды.
Алтынай. Оу, сері жігіт, қызға орын нұсқа.

Тантай. Отырсын аяқ жағыма. Қыпшақтың үйінен қыпшақтың қызына орын іздеп не бопты маған?

Алтынай. Сөзің қандай ірі еді, күйеу бала! Ерке-ау, естідің бе, не дейді мына күйеу жігіт. Құдайым-ау, кімге тап болғанбыз, нағыз оспадарсыздың өзі ғой мынау!

Тантай. Не еститіні бар, сенің еркең қыз деп пе едің. Ана ақыны не жанын қойды дейсің мұның. Тезірек төсек сал, көремін қыз болып шықса – бақыты, қатын екен – соры.

Алтынай. Сонда сен қыз алатын бозбала ма едің, екі қатыны бар қақсалсың.

Тантай. Еркекке әйелді бір көргені, мың көргені – бәрібір. Әйел мен қыздың арасында шекара бар. Ол шекараны некелі байынан басқа ешкімнің аттауға қақысы жоқ.

Ақбөпе. Жеңеше, төсек салыңыз, салмаңыз, өзіңіз біліңіз. Мен некем қиылмай тұрып ешкімнің жанына жата алмаймын.
Ақбөпе шығып кетеді.
Алтынай. Алла-ай, аузына ел қараған болыс атамнан сен ноқай қалай тудың екенсің?! «Жақсыдан жаман туады бір аяқ асқа алғысыз» деген осы шығар.

Тантай. Әй, долы қатын, сен өйтіп аузыңа келгенді айтып көкіме. Ана еркетотайыңа айт, қатын болса, болсын, болмаса, бордай тозсын. Екі қатынды қан қақсатқан Тантай үшінші қатынды да умаждауға жарайды.

Алтынай (жаны шошып). Ойбүй, сорлы болған Еркем-ай, қайтіп қана құтылар екенсің мына дүлейден?

Тантай (құшырланып). Құтылмайды, тоқалым болады.

Алтынай. Еркем – нәзік гүл. Сен – шоңайна екенсің. Гүл мен тікен қалай үйлеспек?!

Тантай. Айтарсың. Қатын – еркектің гүлі емес, күңі. Еркең аяғымды уқалап, белімді басып беріп отыратын болады әлі-ақ.

Алтынай (үңіліп). Әй, сорлы Еркем, бағың ашылмаған екен!
Алтынай кетеді.
Тантай (кіжініп). Ерке! Бөпе! Қайдағы Ерке, қайдағы Бөпе, қатыным – ол менің, тоқалым. Әзірге еркіндей тұр, ақын қыз! Қойныма жатқаннан бастап, Сауытбекті емес, мені қосасың өлеңіңе. «Тантайым-ау, бір өзіңе арналған жан-тәнім-ау» деп әндетесің. (Екі мықынын мытып). Былай бүріп жібергенімде аш белің үзіліп, мойныма орала кеткеніңді білмей де қаласың әлі-ақ. Ана ақын күнту шымырды керек болса, әкеме айтып, итжеккенге айдатып жіберем. Тіпті болмағанда қолына домбыра емес, таяқ ұстатып қою керек шығар. Ақбөпені өңі түгіл түсінде көре алмайтын етемін мен оны. Әй, Көбен, кел бермен, шақыр мына үйдің қатындарын, төсек салсын!

Көбен. Кімге салады төсекті, бір өзіңе ме? Ақбөпе кетіп қалды, жатасың енді жалғыз өзің тізеңді құшақтап.

Тантай. Кетсе, келеді.

Көбен. Қайдам, жұлқынып барады ғой.

Тантай (нықтап). Жұлқынар, бұлқынар, бәрібір мені табар.

Көбен (қуланып). Тәке, сенде арман жоқ. Жай қатын бәрімізде бар, біздің тұқымнан ақын қатын алған жалғыз сен боласың.

Тантай (мәз болып). Бәсе, сөйдесейші. Әй, бірақ адамға ақын қатын емес, жақын қатын керек.

Көбен. Сонда да ақын қатынның жөні бөлек шығар. Қара байыр қатын жақсы көрсе, «Байым» деп қарқылдар, ақын қатын: «Ғашығым», - деп жарқылдар, атыңды өлеңге қосып асқақтатар.

Тантай (кергіп). Өлеңі құрысын. Маған ауызын ырбитып айтатын өлеңі емес, қылымсып көрсететін өнері керек.

Көбен (қуланып). Бәрі болады, Тәке. Ақбөпенің байы. Жұрт енді сені осылай атайтын болады.

Тантай (өрекпіп). Көбен, сен өйтіп менің жыныма тиме. Айттым ғой, құрығанда ақын құрысын! Маған жас қатын керек. Ақбөпе Тантайдың қатыны атанады. Иә, солай болады. Болғызамын.

Көбен. Өйдөйт, шіркін! Ақын әйелі ән айтып, аяғын уқалап отырған байдан бақытты адам бар ма екен?!

Тантай. Жоқ! Сол көкең мына мен боламын.

Көбен. Арманыңа жет, Тантай аға. Ақбөпенің қолы тәніңді, әні жаныңды қытықтап отыратын күнді көре алар ма екенбіз, жоқ, көре алмаймыз ба?

Тантай (шарт кетіп). Көресің! Көрсетемін!

Көбен (қуланып). Қайдам? Ақбөпе тым асау сияқты.

Тантай. Қыз күнінде асау болса, қатын болғанда тез жуасиды.

Көбен (көнген болып). Лайым солай болғай!

Тантай. Болады. Осыдан таң атсын. «Қызыңды осы бүгін ұзат!» деп қиғылық саламын қыпшақтарға.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   19




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет