Шаншар атай. Енді қалай деп едің? Ел аузына қарап отырған азамат дейді сендерді. Сендер сөзді ардың-күрдің етіп емес, іс жайына қандым, білдім деп айтуларың керек.
Мұсатай. Қойдық, қойдық, ал. Бұл үлкендерге титтей бір әзілдейін десең де пәлеге қаласың.
Шаншар атай. «Әзілің жарасса – атаңмен ойна» деген. Әзілің болса – жақсы, тек, тауаның болып жүрмесін тағы.
Мұсатай. Әзіл дедік қой енді, әзіл. Ал, өзіңіз, не, балалардың шекесінің сазайын беріп жатырсыз ба?
Шаншар атай. Дұрыс айтасың. Менің шертпегім бір күн үзілсе, шекелері тусырап қалады ғой, бұл шіркіндердің. Оқтын-оқтын май шекеден ептеп тырсылдатып-тырсылдатып қойғанның еш артықтығы жоқ бұларға.
Мұсатай. Бәсе деген. Әбден дұрыс. Тырсылдатқан да сөз бе, тарсылдату керек. Өстіп орындықта тізіліп отырып алып, сізге шекесін тосқаннан басқа не бітірмек бұлар енді ала жазға? Әрі кетсе, бір мезгіл судың басына барып жатар. Басқа не келеді бұлардың қолынан.
Шаншар атай. Тайдың мінгені білінбес, баланың істегені білінбес. Сендер осыны білмейсіңдер. Әйтпесе, жаз бойы, колхоздың жарты шаруасын бітірер еді осы балалар!
Мұсатай. Солай деңіз. Жөн екен. (Балаларға). Әй, шертпекбайлар, Иман қарт ауырып қалыпты. Қане, соның орнына қайсың біраз күн су таси тұрасыңдар. Күніне бір мезгіл шөпшілерге су жеткізіп беріп тұрсаңдар болғаны. Қайсың барсаң да, еңбек күнді аямай жазамын. Қарық боласыңдар.
Шаншар атай. (Мұсатайға). Е-е, мұның енді дұрыс. Сөйт, сөйтіңдер... (Балаларға). Айтыңдаршы, қане, қайсың барасың су тасуға? Ал, мына Бекеңді өзім енді бірер күннен кейін қауынға алып кетемін. Бұл менімен бірге қауынға қарауыл болады. Қалай, барасың ба, Бекен?
Бекен (жұлып алғандай, қуанып). Барамын.
Әшірбек. Су тасуға мен барайын.
Шаншар атай (қуанып). Міне, жігіт дегендерің осындай болуы керек қой, бәсе. Ал, басқа балалар не істемек? Мұсатай, сен енді осы жағын ойлағын. Бұл балаларға бостан-босқа кінә артқанша тауып бер бір-бір лайықты жұмыс. Істейді бәрі. Қалай, балалар, дұрыс па мұным?
Әшірбек. Дұрыс.
Санатбай. Несі бар? Істейміз.
Шаншар атай (Мұсатайға қарап). Міне, көрдің ғой. (Сәл ойланып барып). Сен енді мынаны айтшы, Мұсатай. Өз балаң неге тасымайды сол суды Иман жазылғанша? Қасыңда зіңгіттей жігіт Санатбай тұрғанда, сен неге басқа адам іздейсің осы?
Мұсатай. Таcыса болар еді, бірақ бұғанасы қата қойған жоқ қой әлі Санатбайдың. Жұмыс қайда қашар дейсіз, істер амандық болса әлі-ақ. Жүрміз ғой, осы колхозды қайтсек көтертеміз деп арқа етіміз арша, борбай етіміз борша болып күн-түн демей безектеп. Колхозға бір үйден бір адам есек болса да жететін шығар...
Шаншар атай. Оу, мұның қай айтқаның? Сонда қалай, еңбек ету есек болу ма екен? (Қатты тарынып). Шекең шертпектен кенде болған жоқ сияқты еді. Бала күніңде талай шеруен аттырып-ақ едім, сонда да ештеңе кірмеген екен де миыңа. Асқынып бара жатыр екенсің, сен азамат. Әпкел бері бес шертпек. (Шаншар атай шертпек алуға оңтайланады).
Мұсатай. Қойыңыз. Абайламай аузымнан шығып кетіпті. Сөзді де жөндеп сөйлей алмайтын халге жеттік қой бұл күнде, жұмыс-жұмыс деп жүріп. Санатбай биыл техникумға барады. Әйтпесе, осы балалардан әулие дейсіз бе ол? Осылар ойнаса ойнап, осылар күлсе күліп жүрген бала ғой Санатбай да. Өзіңіз айтыңызшы, қария, біздің тұқымда еңбектен қашқан адам бар ма еді? (Күлген болады).
Шаншар атай (жүзі жылып). Ә-ә, солай ма екен, батырым? Бала күніңде бір нәрсені бүлдіріп қойып, мен шертпек алғым келгенде дәл осылайша безектеуші ең, әлі сол қалпың екен ғой. (Санатбайға қарап). Ал, мына Санатбай қалай еді өзі? Оқуы дегенім ғой баяғы... Бүгінде оқуға біліміне қарай таңдап алатын шығар?
Мұсатай (аяқ астынан арындап). Ойбай-ау, бұл қай айтқаныңыз? Елдің баласынан менің баламның бір жері кем болып па сондай-ақ? О, несі-ей? Түседі оқуға Санатбай. Түсіремін. Бригадир болып бекерге істеп жүрген жоқ шығармыз неше жылдан бері осы колхозда. Біраз дәулет бар бізде де. Оқуға қазір бала түспейді – пара түседі. Вот, солай! Пара-а-а, пара түседі! (Көкірегін қағады). Ол жағын мына Мұсатай жақсы біледі.
Шаншар атай. Тәйт әрі, тантымай! Оқып еді ғой біздің баламыз да. Пара түгілі пәлені де білген жоқ болатынбыз. Пойыз пұлдық бірдеңені жан қалтасына салып, шешесіне бір дорба талқан тарттырып алып кеткен. Сонымен-ақ барып түсіп, оқып шықты ғой Балабек.
Мұсатай (кекетіп). Балабек, Балабек. Ол заман қалғалы қашан! Бүгінде соқа басы барған бала омақаса құлап, кері қайтып жатыр. Қалталы озды бәрінен. Заманың түлкі болса – тазы боп шал! Сөйтеміз біз де!
Шаншар атай (қатты кейіп). Сөйт-сөйт. Шешеңнен де пара беріп туған шығарсың сен, сірә. Мұнымен көпке бармассың сен, Мұсатай, мен бірдеңе білсем.
Мұсатай. Осы бригадирлік пе, сонда қимайтындарың? Онда барып жамандаңдар бастықка. Шауып алса, көрерміз. Ара түспей-ақ қой, ағайын. (Кетіп бара жатып). Әй, Әшірбек, ұмытып барады екем, ертең таңертең кел, Иман шалдың арбасына отырғызам.
Шаншар атай. Тоқта, тоқта. Сәл аял қылшы бері. Сен өзі өсек тасығын кім деп жүрсің мұндағы елді? Жасымда үйір болмаған қылықты қартайғанда істейді деп пе едің?
Мұсатай (қолын сермеп, кетіп бара жатып). Тоқтайтын түк те жоқ. Еріккен шалмен ерігіп, еще.
Шаншар атай. Солай де. Жөн-жөн. Жігіттің бүйтіп болғаны – жуадай жайрап солғаны. Бар, бар.
Әлипа (есік көзінен көрініп). Шалым-ау, шайға жүр. Жетер енді. (Кетеді).
Шаншар атай (балаларға). Айтпадым ба, жаңа? Әне шайға шақырып жатыр. (Балалар да, атай да қыран күлкі болады. Атай орнынан тұрып). Ал, шайға жүріңдер, балалар.
Бекен. Рахмет, ата.
Әшірбек. Күн қызып, су жылыды. Біз енді шомылуға кетеміз. Рақмет...
Шаншар атай. Ал, балалар, бара қойыңдар. Бекен, сен дайындала бергін, керек күні алып кетем өзім. (Кетеді).
Санатбай (Бекенге). Ал, бақыр бас, қарның бұрын да қара қазандай еді, енді оған қауынды кептеп тыққан соң қайтер екенсің? Әбдір қамбашы құсап шермиіп жүре алмай қаларсың, тегі? Жегенің тәтті қауын, жатқаның салқын күрке – туғалы көрмеген жақсылығыңды көретін болдың-ау, бақыр басым.
Бекен. Күндеп тұрсың ба? Өзің бар онда. Атайға кім көмекші болса да бәрібір. Сенікі құр тіл мен жағыңа сүйену ғой. Айтпақшы, сені әкең жетектеп оқуға апарады екен-ау. Тәй-тәй, Санат, тәй-тәй. Абайлап бас, алысқа барасың, Санатжан...
Санатбай. Барамын. Ал, қайтпексің? Сен ертелі-кеш арса-арсаң шығып арық жағалап жүргенде, Санекең салқын паркте сайран құрады. Көргенім – кино, барғаным – театр болады. Шалқимын сөйтіп.
Әшірбек. Жаса, Санат, жаса, аяқ-қолың шидей, сен шынында да қалада тұратын адамсың. Сенің қолың кетпен-күрек емес, қалам ұстауға жаралған, ал, аяғың қаланың тротуарын көсеп басуға лайық. (Балалар қыран күлкі болады).
Бекен. Баста бірдеңе болмаса, қалам ұстап қол не жарытады? Мұның басы белгілі ғой бізге. Ал көше таптауға бұл таптырмайды. Ақымақ бас-аяқтың соры.
Әшірбек. Бекен, сен оны олай деп күндеме. Математикті қайдам, Санатбайдан жазушы, әйтпеген күнде журналист шығады.
Бекен. Оны қайдан білесің?
Әшірбек. Білетін не бар? Көрмейсің бе, сөзге ағып тұр! Жазушы болғанда да бүл кәдімгі қаламынан ешқандай сөз атаулы қақас қалмайтын, кітапты том-том қылып үйіп тастайтын ғұлама жазушы болады.
Бекен. Әй, қайдам, жазушы кітапты құр сөзден құрамайтын шығар. Сылдыр сөзден түк те шықпас...
Әшірбек. Ой, данышпаным-ай. Дұрыс-ей, айтып тұрғаның. Қазірден өстіп адамның ақылы жетпейтінді білесің, кейін қайтер екенсің?
Санатбай. Қайтуші еді? Бұл данышпаныңның әлі ақылы толады, сөйтіп кемеңгер болады, сонан соң бәрімізден бұрын жуадай солады. Мұндай жасына жетпей, ақылы тым ерте жетілгендер ерте өледі, бірақ есесіне бұларды жұрт жылай-жылай көмеді.
Әшірбек. Әй, сылдыр, олай деме! Бүйтіп ешкімге өлім тілеме. Мұныңды Шаншар атай естісе, кем дегенде он шертпек алар еді шекеңнен.
Санатбай. Әй, қойшы сол еріккен шалды.
Әшірбек. Мынау қайтеді-ей, шамасына қарамай Шаншар атайға сөз тигізді-ау өзі. Осынысы үшін бұдан атайдың орнына өзіміз шертпек алып, ептеп жөнге салып жіберсек қайтеді? Қарсы емес шығарсың бұған?
Бекен. Дұрыс айтасың. Атайға тіл тигізгені қай сасқаны? Алу керек. (Балалар шертпек алмақ болып, Санатбайға тұра ұмтылды).
Санатбай. Тапқан екенсіңдер басты салбыратып тосып тұратын ақымақты. Санатбай ондайлардың санатына жатпайды. (Қашуға оңтайланады).
Әшірбек. Ал, зытады бұл. Ұста. (Бекен шап беріп Санатбайды құшақтап алады. Санатбай жанын сала жұлқынады. Бекен жібермей қыса түседі. Балалар жабылып кетеді).
Бекен. Ал, Әшірбек жақсылап шерт шекесін.
Әшірбек (аспай-саспай). Қалай жақсылап шертпексің? Бұл шертпекті алса, атай алсын. Кінәңды атап-атап көрсетіп алады. Сөйлегенде сай-сүйегің сырқырайды. Сонда атайдың шертпек алғанына ыза болудың орнына, қайта бір түрлі жеңілдеп қаласың. Біздікі не, тек тыз-тыз дегізу. (Шертпек ала бастайды). Бір, екі, үш...
Санатбай (байбалам салып). Бәрің жабылдың ғой. Көрде тұр, осыдан қалаға барысымен бокс үйренуге кірісемін. Сөйтіп, келіп, мұрындарыңды қан жалатпасам, Санатбай атым өшсін.
Әшірбек. Солай ма? Онда тағы ала түсу керек екен.
Санатбай. Алыңдар. Пісіріп жеңдер басымды.
Бекен (қоя беріп). Әй, баршы безілдемей. Ойнағанды да білмейді бұл.
Санатбай. Барам, барам. (Былайырақ шығып барып, қайта бұрылады). Ә-ә, жоқ болмайды екен. Кеткенше кіммен ойнамақпын мен? (Балалар қыран күлкі болады).
Әшірбек. Кел, кел.
Бекен. Жүр, кеттік өзенге.
Екінші көрініс
Шаншар атайдың үйі. Атай кемпірі Әлипа екеуі дөңгелек үстелді
ортаға алып, кешкі шайын ішіп отыр.
Шаншар атай. Кемпір, ертеңнен бастап қауынның қарауылына Бекен де шығатын болды. Қауын-қарбыз пісті. Енді оны бір мінәт те көзден таса қылуға болмайды. Соған енді Бекен екеуімізге төсек-орын, бір мезгіл ыстық су қайнатып ішетін шәугім сияқты оны-мұны әзірлеп қой...
Әлипа. Сексенге келіп селкілдегенше қоймадың-ау, осы бір қарауыл деген шіркінді. Өлетін күн жоқ қой осы. Жаз шықты болды, шошаңдап шыға келесің. О, немене ол? Екі адам тұрмақ, жарты адамға беретін түгім жоқ. Аштан өзегің талып, кендірің кесіліп, таңдайың кеуіп бара жатса, үйге бір мезгіл келіп-кетіп тұр бүгінгідей. Жоқ, әлде үйден безейін деп пе ең?
Шаншар атай. Сексенің не, ей, сенің? Сексенге әлі бақандай бес жыл бар емес пе?
Әлипа. Жетпіс бес сексен емей, немене енді?
Шаншар атай. Жетпіс бес дегенің сөз болып па?! Осындай қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған жақсы заман тұрғанда жетпіс бесті айтасың, жүздің өзі жігіттің жасы, әуелім!
Әлипа. Жә, шалым, желікпе! Жетпіс бес те аз емес. Отыр үйде.
Шаншар атай. Отырмаймын. Жүзге келгенше қарауыл болам. Үйде омалып отырғанда ою ойдырып, сызу сыздырайын деп пе едің маған? Жасы үлкен кісіге әр күн жылға пара-пар. Адам өзі өлгенімен оның артында басқаға өнеге боларлық ізі қалуы керек. Ол із еңбекпен жасалынады. Келер ұрпаққа тиесілі тірліктің кем-кетігіне құр кеудеңмен тығын бола алмайсың. Еңбекпен ғана толтырасың. Осыны білмесем бір сәрі, біле отырып, Шаншар сенің қасыңда ошақ күзетіп, жантайып жата алмайды, бір күн де болса, шаруа қамымен жүреді. Көп сөзді қой да, сен осыны ұғын. Бұл әңгімені осымен доғарайық.
Әлипа. Сондай қырсық қой бұл, бәсе. Өз дегені болмаса, өзеуреп кетеді енді.
Шаншар атай. Соны білсең, нең бар сөзді көбейтіп? Одан да қауындыққа әкететін заттарды дайында тезірек.
Әлипа. Дайындалар енді. Осы дәл қазір бір жаққа ұшатын кісіше өрекпімей қоя тұршы кішкене бір, шайымызды ішіп алайық...
Шаншар атай. Е-е, сөйтпейсің бе манадан бері, әлдекімнің кемпірі құсамай. (Атай суып қалған шайын бір-екі ұрттап, кесесін төңкеріп тастайды). Қандым, болдым. (Атай енді іргеге сүйеулі тұрған қолдан шапқан қоңыр домбырасын алып шерте бастайды. Әлипа апай мұрнының ұшы жіпсіп, шайды әлі ішіп отыр. Үйге әлденеге ренжулі Әшірбек кіреді).
Әшірбек (төменшіктеп, көңілсіз). Ассалаумағалейкум ата, сәлеметсіз бе, апа!
Шаншар атай басталған күйді тоқтатпай тарта береді. Әшірбек
үнсіз келіп, дастарқан шетіне тізе басады. Атай бір-екі рет Әшірбекке аңдап қарап қояды. Күй бітті. Атай енді домбырасын басқаша тартып,
жайымен әндетіп кетеді.
Шаншар атай:
Домбырамды тартамын бабыменен, ахау-ей,
Жылжып ескі перненің табыменен, әйги-әйги, ахау, әйги-ау.
Төменшіктеп отырсың ілгері озбай, ахау-ей,
Келдің екен, Әшірбек, тағы немен, әйги-әйги, ахау, әйги-ау.
(Атай домбырасын да, әнін де шорт үзеді).
Шаншар атай. Е-е, батыр. Кәне, төрге шық, сәлемші болсаң.
Әшірбек орнынан бір қозғалып қойып отыра береді.
Атай қолымен төрді нұсқап.
– Былай төрге шық деймін мен саған. Ол немене, бөтен үйге келген адамша сызыла қалғаның? Бір нәрсеге ашулысың ғой өзің.
Әшірбек (ширығып). Рас айтасыз ата. Арбасы да, суы да құрысын. Тасымаймын!
Шаншар атай. Иә, не боп қалды, балам соншама? Ауыр ма екен жұмысы?
Әшірбек. Жоқ. Түк те ауыр емес. Шөпшілер де, аспаз апай да жұмысыма риза. Байбағыс ағай күнде тракторын өшіріп, моторын суытып қойып, маған үстіне су құйғызып, жуынып-шайынып рақаттанып қалады. «Қанша ыстықтап өліп бара жатсаң да үлкен адамға ештеңе дей алмайсың. Суды Иман ақсақалдан гөрі сенің тасығаның жөн болар еді бізге», — деді әуелі бағана.
Шаншар атай. Дұрыс-ақ. Кәрі мен жасты салыстырып бола ма, шынында. Шал апарған су – шалап, бала апарған су – бал. Ашуыңа жол болсын. Соны айтшы енді алдымен?
Әшірбек. Кеше Байбағыс ағай: «Әшірбек, сен бұл арбаны ауылға текке салдырлатып бостан-босқа қуып қайтқанды қойғын. Мойнақ жырасын сәл өрлесең, бір қора қойдың орнындай жерде жабайы жоңышқа, солқылдаған бидайық тұнып тұр. Әнеугүні ол жер ойдым-ойдым болған соң трактор жүре алмай тастап кеткенбіз. Көрдің бе, әне арбаңда Иман қарттың шалғысы мен айыры дап-дайын жатыр. Бар да соны шауып ал. Бүгін шап, ертең шап, үйіңе түсіріп ал, әйтеуір. Қазір бірден сонда тарт», - деді.
Шаншар атай. Өте дұрыс айтқан. Шаруаның жайына қанық бала ғой ол. Ондай істің көзін білетін үлкеннің тілін алу керек.
Әшірбек. Өзім де сөйттім. Келсем, Байбағыс ағай айтқан жерде шөп, шынында да, жайқалып тұр екен. Арбаны доғарып, трактор торыны отқа қоя бердім де, іске кірісіп кеттім. Содан екі күн шаптым. Сөйтіп, бағана шалғыға ілінеді-ау деген шөпті түгел жамсатып салып пора-порам шығып отырсам, сай аузында маған қарай біреу далбақтап шауып келеді. Қолын сермеп кіжініп, айқайлап қояды. «Мұнысы несі, кім екен?» дегенімше болған жоқ, келіп қалды. Мұсатай ағай екен.
Шаншар атай (орнынан бір қозғалып қойып). Иә, оған не көрініпті, сонша бала құсап жалғыздан-жалғыз шапқылап?
Әшірбек. Мұсатай ағай атын омыраулатып келіп: «Әй, иттің баласы, қара, шабындықты ортасынан ойып шауып жатқанын. Кім право берді саған білгеніңді істеуге? Жек атыңды, жоғалт көзіңді», - деді. Содан аузына ақ ит кіріп, қара ит шықты. Мен қасарысып, қыңқ демедім. Ол әбден жер-жебіріме жетті. Мен айтқан тілін алмадым, отыра бердім. Ол енді қатты ашуланып, маған қамшысын көтерді. Мен қорғанбақ болып шалғыға жармастым.
Шаншар атай (разы кейіппен қозғалақтап). Міне, жігіт. Әбден дұрыс еткенсің. Өзін-өзі қорғай алмағанды өзгелер қорлай алады.
Әшірбек. Мұсатай ағай шошып кетті білем, атын шегіншектетіп анадай жерге барып тұрып: «Бала, ақыры тіл алмадың, апар-апар. Айтпады деме, бұл – қоғам мүлкі. Заң бар, Жылқыбаев сот бар. Маған қыңбадың ғой, ақыры, жазанды сот береді енді. Ерлігіңді ертең көрермін. Участковой милиционер екі қолыңды артыңа тас қып байлап тастап, ауданға айдап бара жатқанда сөйлесемін мен сенімен», - деп сай аузына қарай қайтадан шаба жөнелді.
Шаншар атай (қызарақтап). Ағай болмай, құрып кетсін ол, құрып кеткір. Ағай емес қорқау, қарау демейсің бе, ол ағадан садаға кеткірді. Ал, мейлі, ол кетті ала шапқын болып, сен қайттің енді?
Әшірбек. Көңілім әлей-желей болып, әртүрлі ойға кеттім. Ақыры «Бұл – қоғам мүлкі екен. Қой, тимейін» дедім де, ауылға тарттым. Жаңа ғана жолығып білдім, Мұсатай ол шөпті өз үйіне түсіріп алуға Сәлімді жұмсапты. Осыған не айтар екен деп сізге келіп отырмын. (Күйініп). Не істеу керек?
Шаншар атай (ширығып, ойланып қалып барып). Не істеу керек? Өстеді бұл оңбағандар. Қолына тиген кішкентай билікті өзінің оспадар мінез-құлқы мен әулекі әрекетін өрге бастыруға пайдаланады.
Әлипа. Апырай, десеңші. Қайдан шығады екен, түге, осылар?
Шаншар атай (Әлипаға). Қайдан шықсын? Надандық та баяғы. (Әшірбекке). Ол шөп қоғам мүлкі болса, Мұсатай неге адам жұмсайды оған? Немене, оның аяғы аспаннан салбырап түсіпті де, өзгелер өгей бала ма екен? Болмайды бұл. Біз де біргәдір болғанбыз бір кезде. Біз де бірдеңені білеміз! Оның ойынша біргәдір деген ойына келгенін істейтін адам ба?! Жоқ, олай емес! Біргәдір деген өкімет сеніп қойған адам, халықтың өкілі, көз-құлағы. Қой, оның мұнысы жарамаған екен, барайын мен оған қазір. Сен енді ренжімей, шай іш те үйіңе қайт. Мен тірі тұрғанда ол шөп енді ешқайда қашпайды.
Әшірбек. Шайға рақмет, қайтайын, ата. Атты отқа қоюым керек еді. Барайын.
Әшірбек кетеді.
Шаншар атай (Мұсатайдікіне жинала бастайды). Оңбайды екен-ей, бұл Мұсатай. Қаршадай баланың еңбегін жеді деген не сорым ол? Қой, барып келейін. Ол, заң айтып, қорқытқан екен ғой баланы. Айналайын өкіметім адамды қашан алалап-құлалап көріп еді? Заң да, зәкүн де, жақсылықта бірдей бәрімізге. Мұсатай кеңдік көрсін, өзгелерің кемдік көр дегенді ешқашан естіген жоқ едік қой. Мұсатайдың мұнысына басқа біреу көнер-көнбес, бірақ Шаншар көтермес.
Әлипа. Қойшы соны. Деміне нан пісіп тұрған неме екен. Түсінсе жақсы, түсінбей бірдеңе деп жүрсе, ұят-ты... Отыр үйде...
Шаншар атай. Қой әрі. Қит етсе болды, отыр-отыр дейсің. Бүйте берсең сен мені аздан соң тірінің тізімінен шығарып тастап тынарсың, тегі.
Кетеді.
Әлипа (дастарханды жинап жүріп, шалына жаны ашып, қамқор көңілмен елжіреп). Осы ауылда мұнсыз таң атып, күн шықпайтындай болып көрінеді де тұрады бұл жазғанға. Бір күні Мұсатай сияқты біреу: «Қақшаңдамай әрі жүр», - деп бетін қайтарып тастап жүрмесе болды-дағы байғұстың. Ол бір жүрген айқайшы, әншейін. Бір ауылға бір айқайшы керек те сияқты бір себептен. Әуелден-ақ солай еді ғой. Бала-шаға бетімен кетпес пе еді, әйтпесе. Мұсатайдікі де қызық екен. Біргәдір басымен қаршадай баланың шапқан шөбіне жармасып не зор келді екен деймін-ау. Тентек қойдың миын жеген шығар, тегі. Бүйткен шолақ белсенділік кімге керек екен? Екі ортада дастарханның рәсуәсі шыққанын қарашы енді...
Үшінші көрініс
Мұсатайдың үйі. Дөңгелек стол басында тігін машинасымен іс тігіп Күләнда отырады. Бір сәт тігуін тоқтатып, әндетіп кетеді.
Ән бастала бере ішке Мұсатай еніп, тыңдап тұрып қалады.
Мұсатай. Бәсе, кімнің әйелі дейсің бұл?! Мұсатай білген ғой басында кімге үйленуді. Айналайын қатынынан.
Күләнда. О-ой, қойшы, Мұсатай, ойбай, бұлай дегеніңді. Біреу-міреу естісе, ұят-тағы...
Мұсатай. Неге ұят?! Осы ауылда кімнің қатыны музыкальный? Әрине, Мұсатайдың қатыны музыкальный!
Күләнда. Жә, өзеурей берме. Үй артында кісі бар, ұялсайшы...
Мұсатай. Қойдым, қойдым. Ендеше әкел, сусыныңнан...
Күләнда. Сабыр ет кішкене. Жасап жатырмыз ғой, міне.
Мұсатай. Әлгіден бар ма еді, бірдеңең?..
Күләнда. Ол не еді, тағы?
Мұсатай. Тамақ жібітетінінді айтамын-дағы әлгі...
Күләнда. Арақ па? Жұмбақтамай-ақ айтпаймысың ол пәлеңді. Жалғыздан-жалғыз отырып арақ ішіп, не жаныңа зор келді сонша?
Мұсатай. Кісі келеді қазір. Кеше басталмаған бір бөтелке қалған сияқты еді ғой. Әпкел, бері, сол жетер Сәлім екеуімізге. Жетпесе тағы алдырармыз.
Күләнда. Қай Сәлімді айтып отыр? Бала Сәлім бе? Оған не бопты, жасына жетпей жатып арақ ішіп? Сен енді өзің ішкеніңмен қоймай, бала-шағаны да бұзғалы жүрмін де.
Мұсатай. Әй-әй, абайлап сөйле, сен. Қазір ол осында қайқайта басқан бір арба шөп әкеліп түсіреді. Тегін істемек пе біреу сенің жұмысыңды? Алдына бір бөтелке қою – парыз. Іше ме, қоя ма, өзі білсін. Ол ішпесе, мына мен ішемін. «Бригадирдің үйіне барып ем, қара қазан екен», - деп жүрмесе бопты, әйтеуір. Әкел деген соң, көп сөзді қойып, әкелмей ме екен қатын деген.
Күләнда ас үйге шығып, бір бөтелке арақ алып келеді.
Күләнда (арақты столға қойып жатып). Ал, мә, іш осыдан бірдеңе шықса. Әй, қайдам түбі құртатын шығар бұл адамды. (Мұсатайға аңтарыла қарап). Аты-жөні жоқ, шанқай түсте түсіріп алатын қайдан шыққан шөп ол?
Мұсатай. Қатынға сондайды білудің қажеті қанша? Еркектің тапқан-таянғанын тастай қатып ұстап, үйде отырса, жетпей ме, бұл әйел дегенге?!
Күләнда. Жетпейді. Сен мені түкті сезбейді деп пе едің? Сен сол шөпті қайбір белімді сындырып шаптым дейсің. Ұрлық шөп қой ол. Көрсетпе көзіме! Адал еңбекпен тапқан малың ба, әкел бері, көгенім толсын. Арамдықпен таптың ба, әкет әрі, көрмегенім болсын!
Мұсатай. Не дейді-ей, мынау?! Айтпаймын ал.
Күләнда.Айтпайды екенсің. Сәлімді мен бұл үйдің маңайына да жолатпаймын. Арбаның даусын естісімен алдынан шығамын да: «Ары апар арам пәлеңді» деймін.
Мұсатай. «Ауыз – өзімдікі» деп сөйлей береді екен ғой адам деген бұл.
Үйге ашулы Шаншар атай кіреді.
Ол табалдырықтан аттай бере қатты күйініп сөйлейді.
Шаншар атай. Бүйткен кісілігің бар болсын сенің. Елу шертпек. Әкел бері шақша басыңды! Тос бермен! (Мұсатай жаңағы батырсынған кейпінен лезде айырылып, Күләндаға бір, Шаншар атайға бір қарай береді).
Мұсатай (арақты лып еткізіп стол астына сүңгіте беріп). Осы сіздің шертпегіңіз таусыла ма, әлде, жоқ па? Бәлкім, өле-өлгенше сізге шекемізді тосумен, күн кешерміз. Қит етсе, шертпегіңізді ала жүгіресіз. Жә, енді оның жөні бола қоймас.
Шаншар атай. Ә-ә, солай де, қызталақ. Көрсетейін мен саған жөнді. Қаршадай баланың қабырғасы тыржыңдап, азаптанып шапқан шөбін тартып алған, арақты тығып ішкен сенікі жөн де, сен тентекті тезге салғысы келген менікі жөн емес екен ғой! Қарай гөр-ей, мұны. Сен Әшірбекке – заң, зәкүн айтып, Жылқыбаев сотты айтып қорқытқан екенсің. Ал, саған Жылқыбаев сот мына мен. Сені мен соттаймын. Үкім – елу шертпек. Қане (Шаншар атай Мұсатайға тап береді. Мұсатай сасып қалып, Күләнданы паналайды. Сөйтеді де күліп, ыржақтап, қулыққа көшеді).
Мұсатай. Хи-хи... Бұл жарықтықтың ашуы қатты енді. Келінінен де шертпек алар ма екен, қайтер екен, а?
Шаншар атай. Келінге жаңа ғана одыраңдап, оспадарсыз бірдемелерді айтып жатпап па едің? Енді панаң болды ма, бәлем. Шөпті қайда түсіріп алдың, қане? Соны айт, алдымен. Шаншарға шалтай-балтайдың кәпекке керегі жоқ. Бір талын қалдырмай қайтар баланың шөбін өзіне.
Күләнда. Күмілжіген түрің жаман еді, бәсе. Оңай олжа қайдан ғана келе қалды деп едім-ау...
Мұсатай. Шөбі құрысын. Әкеледі қазір Сәлім. Апарыңдаршы өзі, бір бау шөп-шаламды басыма пәле қылмай.
Шаншар атай. Солай ма екен? Ендеше, қазір келген соң Сәлімді бірден Әшірбектің үйіне жұмса!
Мұсатай (бір қулық ойланып барып, қатуланып). Жоқ. Өйте алмаймын мен! Сарайға апарып түсіреді оны! Қызғанғаның қызыл итке! Ал, әйтпесе, сендерге ерегіскенде, өстейін мен енді. Ал, онда қайтер екенсіңдер?!
Шаншар атай. Бұл не дегенің сонда?
Мұсатай. Колхоздың шөбі колхоздың сарайына түседі дегенім.
Шаншар атай. Ондай құйтырқының керегі не? Ешкімнің де шөбі емес, Әшірбектің адал еңбегі – ол. Шөптің иесі – сол.
Мұсатай. Е-е, жоқ, болмайды мұныңыз. Үйінің іргесінде жиырма бес сотых жері бар ма? Бар. Әне, шапсын соның жоңышқасын. Тыржыңдай ма, мылжыңдай ма, өзі білсін. Ал колхоздың шабындығынан аулақ жүрсін.
Шаншар атай. Тапқан екенсің сен ондай қоқан-лоқыңнан қорқа қоятын ақымақты. Зәкүнге жүйрік екенсің, айтшы қане, өкімет не дейді жеке меншік турасында?
Мұсатай. Не десін? Жеке меншікті жою керек дейді де.
Шаншар атай. Бәсе, сол екен ғой қырып бара жатқаның. Бар бол, бар болғыр. Елде бардың ешқайда кетпейтінін сен білмегенмен (сұқ саусағын жоғары нұсқап) ана жоғары жақтағылар біледі.
Мұсатай. Маған керегі жоғары жақ емес, басқарма. Сәкең: «Жан адамға бір тал шөп татырма», - деген. Татырмаймын. Айтқанға көнбейді екенсіңдер, апарыңдар. Ертең кеңседе көремін бәріңді. (Күләндаға қарап). Осыларға дем беріп отырған сені де шақыртам Сәкеңе.
Күләнда. Шақырт, сенің сөзіңді сөйлейді деп ойлама, бірақ.
Шаншар атай. Шағынатының басқарма болса, бар. Бір арба шөпті өзімен бірге ала келіп пе еді ол, сондай-ақ?
Мұсатай. Ала келсін-келмесін, ол – бастық. Ал мен – бастықтың айтқанын істейтін адаммын.
Шаншар атай. Әй, байғұс, балам-ай. Сол ғой, бәсе, сендерді құртып жүрген. «Бастық, бастық» деп естерің кетеді де жүреді. Өзінің айтар ойы, пікірі жоқ адам әмәнда сөйтеді. Бастықты сағалап емес, кішіні іні, үлкенді ағалап жүрген адам озады, түптің түбінде.
Мұсатай. Мейлі, қайтсе де, маған бастықтың айтқаны – заң.
Күләнда. Үлкеннің айтқаны қайда қалады, сонда?
Мұсатай. Үлкен-кіші деп сызылып тұратын күн қалған әлдеқашан. Бастық бар, бағынушы бар қазір.
Шаншар атай. Үлкенмен санаспаған – халықпен жанаспаған. Соңғы айтарым осы саған. Болды. Шөп Әшірбектің үйіне түседі.
Мұсатай. Түссін, түссін. Ертең сарайға жаяу арқалап тасып жүрмесеңдер бопты, әйтеуір.
Шаншар атай. Оған қам жеме. Сенен келгенді көріп-ақ алдым. (Шаншар атай кетуге ыңғайланады).
Күләнда. Ата, отырыңыз, қымыз ішіңіз. Шөп қайда қашар дейсіз, енді сіз кіріскен соң...
Шаншар атай. Соны айт, тегі. Әкеле ғой қымызыңнан. (Күләнда сапырып, бір кесе қымыз құйып береді. Атай сол тұрған жерінде тізе басып, дем алмастан кесені басына бір-ақ көтереді). Ал, рақмет, қарағым. Қой, тұрайын.
Күләнда. Дайын боп қалды, тамаққа қараңыз, ата.
Шаншар атай (орнынан көтеріліп жатып). Рақмет. Көп жаса, балам. Шаруа бар. Қауынның басына барып түнемекші едім, қайтайын.
Күләнда (жымиып). Ата, онда мына балаңыздан жаңағы елу шертпекті алмайсыз ба?
Шаншар атай балаша мәз болып күледі.
Мұсатай ашулы, Күләндаға ала көзімен ата қарайды.
Шаншар атай (күлкісін басып). Ашуым басылып қалды, болмайды енді. Сол елу шертпекті байладым, балам, саған. Мұсатай сені паналаған екен, қалай тақақтайын? Кештім. Ал, жақсы.
Күләнда. Жақсы, ата. Сау болыңыз.
Шаншар атай кетеді.
Мұсатай (Күләндаға кіжініп). Әй, сенікі не жаңағы? Сонша ақ жүрек бола қалғаның неменемнің ақысы ол? Жоса-жосаңды шығарайын ба осы отырған жеріңде! Ертең бастыққа айтып, шөптің не екенін көрсетемін мен ол сыңар езу, еріккен есер шалға. Шертпекті менің басымнан алар ма екен, жоқ әлде, өзінің қаңқасынан алар ма екен, қайтер екен? Көреміз сонда!
Күләнда. Өзеуреп өңмеңдемей, ешкімге тиіспей жүр деп айта-айта шаршадық қой, осы саған. Ана атам қанша шертпек алса да әлі піспеген сенің басың. Тағы да ала түссе екен!
Мұсатай (ашуланып). Мынау қайтеді-ей, тақылдап? Шертпекті өз басыңнан алса, көрер ем, өстіп тіл мен жағыңа сүйенгеніңді.
Күләнда (кекесінмен). Сөз-ақ қой. Менен не деп алады атам шертпекті? Сен құсап кім көрінгенге жөн-жосықсыз әкіреңдемесем, біреудің ала жібін аттамасам, жан адамға қиянат жасамасам, несі бар менде атамның?
Мұсатай (ашу шақырып). Әй, не деп тантып тұрсың өзің? Шөп пе тағы айтпағың? Мейлі, апарып түсірсін. Мұсатайдың оған башпайы да қисаймайды. Бригадирге шөп табылады қашан да. Біле білсең, колхоз шаруасын тіреп тұрған бригадир, вот!
Күләнда. Тәк-тәк, арындама. Дүниенің тұтқасы бір өзіңде тұрса да.
Мұсатай. Жалпақ дүниеде нем бар менің? Ал, осы колхозды колхоз қып отырған мына біз – бригадир көкелерің боламыз.
Күләнда. Басқа жұрт қайда қалады сонда?
Мұсатай. Бастық демексің ғой...
Күләнда. Бастығыңды қайтем? Еңбекші елді айтам.
Мұсатай (кіргіп). Еңбекші! Еңбекші біз не айтсақ, соны істейді.
Күләнда. Еңбекші болмаса, кімге айтпақсыңдар сендер. Еңбекшісіз кімге керек сендердің соқа бастарың.
Екінші бөлім
Төртінші көрініс
«Кербұлақ» колхозы басқармасының төрағасы Сәбит Бегеновтың кабинеті. Төраға қағазға бір үңіліп бір, екі үңіліп екі, есепшот қағып отыр.
Шаншар атай кіреді.
Шаншар атай. Ассағалаумағалейкум.
Сәбит (орнынан ұшып тұрып, атайға қарсы жүреді). О-о, ақсақал, мұныңыз қалай? Үлкен адамға сәлемді біз бермейтін бе едік алдымен? Сәлеметсіз бе?
Шаншар атай. Аманшылық. Бұ күнде үлкен-кіші жоқ, бастық бар дегенге жалпаңдап жатқаным да, балам.
Сәбит. Оны кім айтып жүр тағы? Ата дәстүрін атта деу ғой бұл.
Шаншар атай (разы болып). «Түсі игіден түңілме» деген, шырағым. Түсің де, сөзің де жақсы екен. Жөн-жөн. Ал сәлемге келсек, оның жөні осы. Жас та болсаң – бассың. Сәлем бізден. (Екеуі қол алысады).
Достарыңызбен бөлісу: |