Тәтгігүл. Түсінетін не бар? (Оспанның бауырына тығылып). Былай түсінесің. Құшақташы! Сүйші! Махаббатым менің!
Оспан. Қой енді, біреу келіп қалса, ұят болады. Зәуре кіреді. Зәуре (көңілді). Қайырлы кеш, папа, мама! Мен сіздердің, жоқ, мама, сіздің тілегіңізді орындадым, Ерланды ертіп келдім.
Тәттігүл (қуанып). Қане, қайда?
Зәуре. Осында. Кіруге ұялып тұр.
Тәтгігүл. Қой, ұялғаны несі, кірсін. Кіргіз. Зәуре сыртқа шығып кетіп, Ерланды ертіп кіреді. Ерлан. Сәлеметсіз бе, Оспан Сандыбаевич?
Оспан. Сәлеметсің бе, Ерлан?
Тәттігүл. Сәлемет пе, айналайын. Кел, келе ғой.
Зәуре. Папа, мама, танысып қойыңыздар, ұлты – қазақ, аты – Ерлан, кәсібі – құрылысшы, біздің институтта сырттай оқиды. Әлеуметтік тегі – шаруа, ауылдың баласы, мінезі – ұялшақ.
Тәттігүл. Зәуре, қой, қай-қайдағыны айтқаны несі?
Зәуре. Мама, бұл – сіздің тілегіңіз.
Оспан. Төрлет, қарағым.
Зәуре. Ерлан асығыс. Ауылдағы папасы мен мамасы келген екен, соған кетіп бара жатыр. Мама, Ерланды сізге бір көрсетейін деп, зорға көндірдім, жақсылап қарап алыңыз.
Тәттігүл (қысылған болып). Көрдік.
Зәуре. Әбден жақсылап көріңіз.
Тәттігүл. Көрдім-көрдім.
Зәуре. Көрсеңіз, айтыңыз, Ерлан сізге ұнады ма, жоқ па?
Тәттігүл. Ұнады.
Зәуре. Онда болды. Ерлан, жүр, шығарып салайын.
Ерлан. Сау болыңыздар!
Оспан. Сау бол!
Тәттігүл. Ерлан, енді ұялма, келіп тұр үйге.
Зәуре. Келеді, күнде келеді. Ерлан мен Зәуре кетеді. Оспан. Ал, көріп тындың ба болашақ күйеу балаңды?
Тәттігүл. Тындым. Әдемі, адам болайын деп тұрған бала екен. Бір түрлі жүрекке жылы, сүйкімді. Бәсе, Зәуре маған тартса, жігіттің сұлтанымен жүреді демеп пе едім?!
Оспан. Енді не айтпақсың? Біздің құрылысшы жігіттер шетінен осындай, сайдың тасындай.
Тәттігүл. Не дейін, бәрі дұрыс деймін.
Оснан. Міне, ендеше бәрі жөніне келді. Зәуре келеді. Тәттігүл. Қызым, жылдам келіп қалдың ғой.
Зәуре. Айттым ғой, Ерлан асығыс.
Оснан. Қой, енді демалайық. Оспан өз бөлмесіне кетеді. Тәттігүл. Жарайсың, қызым! Ерлан аяулы бала екен.
Зәуре. Көрдіңіз бе, босқа байбаламдап, елді де, өзіңізді де әуреге салмақ болдыңыз.
Тәттігүл. Құдайым ұзағынан сүйіндірсін енді!
Зәуре. Ой, мама, қызықсыз сіз. Бүйтіп тұрмыс құрған кезде айтпайтын ба еді?
Тәттігүл. Үйленбегенде не істейсіңдер енді?
Зәуре. Қайда асығамыз?
Тәттігүл. Кәрі қыздың бәрі – сол қайда асығамыздың жемісі. Бойжеткен қыз – пісксн алма. Дер кезінде үзу керек.
Зәуре (күліп). Шын шығар, бірақ сіз тым анайы етіп жібердіңіз.
Тәттігүл. Анайы болдың не, сыпайы болдың не, қыз бен жігіт бір-бірін сүйген екен, үйленуі керек. Қалғанының бәрі – бос әурешілік.
Зәуре. Уақыт көрсетер.
Тәттігүл. Мен не айтып тұрмын, уақыт – қыз атаулының жауы. Үй болып алып барып есептеу керек уақытты.
Зәуре. Мама, жастардың өзіне де қалдыру керек шығар біраз проблеманы. Біздің бірлі-жарым нәрсеге бас ауыртқанымыз жөн шығар.
Тәттігүл. Ауыртасың әлі. Әуелі байың, балаң болсыншы, бас ауыртқанның көкесін көресің сонда.
Зәуре. Мама, сіз махаббатты прозаға айналдырып бара жатырсыз. Ал, ол – поэзия, ән.
Тәттігүл. Үйрет-үйрет шешеңді. Ендігінің баласының үлкенмен ерегісе туатыны ешкімге таң емес.
Зәуре. Ой, мама, сіз баласыз тура! (Шешесін құшақтап сүйіп). Мамам менің, мен сізді қалай сүйемін десеңізші!
Зәуре. Егер бүйте берсеңіз, Ерлан екеуіміз қосыла саламыз. Әуелі Ерлан: «Ақыры келген екен, әке-шешем саған құда түссе қайтеді?» - деді жаңа.
Тәттігүл. Сен не дедің?
Зәуре. Қайдам дедім.
Тәттігүл. Онда ертең Ерланға айт, әке-шешесі келсін, құда түссін. Көрейік, бас-аяғы әжептәуір адамдар болса, рұқсатымызды берейік.
Зәуре. Мама, сіз Ерланның папасын тануыңыз да мүмкін. Ол кісі осы қалада туып, өсіпті.
Тәттігүл. Аты кім екен?!
Зәуре. Берік.
Тәттігүл. Ол қай Берік болды екен, а? Тоқташы, Ерланның фамилиясы кім өзі?
Зәуре. Оразбаев.
Тәттігүл (селк ете қалады). Қызым, бүл дүниеден байсыз өтсең де тимейсің сен Беріктің баласына!
Зәуре. Сіз қызықсыз, мама! Аяқ астынан құбылғаныңыз қайткеніңіз?
Тәттігүл. Сөйткенім.
Зәуре. Қайырлы түн, мама! Мен кеттім, жатамын, ұйқым келді.
Тәттігүл. Тоқта, сөз тыңда!
Зәуре. Сіз мен тыңдайтын сөз айтып тұрған жоқсыз. Мен түсіне алмадым бүгін сізді. Кетеді. Тәттігүл. Бар-бар, жат. Бүгін тыныш ұйықта, ертең бәрін түсінесің. Әкең де, бәрің де түсінесіңдер. Екінші бөлім
Төртінші көрініс
Қонақ үйінің екі бөлмелі люксі.
Оның залында Берік пен Аманғайша терлеп-тепшіп шәй ішіп отыр. Берік (тоқ пейілмен). Бір көрсем, деп жүруші едің, міне, енді реті келді. Менің кіші Отаным – осы.
Аманғайша (сергек). Өте әдемі қала екен.
Берік. Иә, көркейіп кетіпті.
Аманғайша. Келешегі бар жер екен.
Берік. Дәл тауып айттың. Көресің, бұдан да көркейе түседі бұл қала.
Аманғайша. Айналайын, Ерлан, өсер өрісін тауып келген екен ғой.
Берік. Ұшар қанатқа аспан ашық қазір. Шіркін, жастығым қайта айналып бір келмейді-ау, келсе, мен де елмен бірге осы қаланың еңсесін көтерісер едім.
Аманғайша. Мен де сенің жаныңнан табылар едім, жоқ мені ерітпейсің бе?
Берік. Неге?
Амангайша. Кім біледі, бұрынғы біреуіңді тауып алатын шығарсың.
Берік. Не, тауып алсам, қызғанамысың?
Аманғайша. Қызғанбағанда ше?
Берік. Мас-қа-ра! Қартайғанда...
Аманғайша. Несі масқара? Керек болса, өле-өлгенше қызғанамын. Егер сенен бұрын өлсем, көрде де қарап жата алмаймын.
Берік. Қой, мұнысы несі тағы?
Аманғайша. Менің сенен сұрайтын бір-ақ тілегім бар, мен өлгенде әйел алмашы.
Берік. Қой, сен шындап барасың ғой.
Аманғайша. Рас айтамын. Шыным – сол.
Берік. Неліктен айтып тұрсың мұны?
Аманғайша. Сүйгендіктен.
Берік. Қайран махаббат-ай, жастың да, кәрінің де аузынан түспе!
Аманғайша. Сен сөйтесің үнемі, бірдеңе айтсам, күлкіге айналдырасың. Мейлі, бір түсінерсің әйтеуір махаббаттың не екенін.
Берік. Әлдеқашан түсінгенмін. Сені алғаш көрген сәтте-ақ түсінгенмін.
Аманғайша. Мен де.
Берік. Бұл бос сөзді қояйық, кемпірім. Балаң қай уақытта келемін деп еді, одан да соған қам қылайық.
Аманғайша. Сөйтейік. Кешке жүмыстан соң келеді, қасымда Зәуре де болады деген. Қой, мен магазин аралап, оны-мұны алып келейін.
Берік. Сөйт. Аманғайша кетеді.
Берік тұрып барып, репродуктордың құлағын бұрайды.
Одан әдемі ән төгіліп қоя береді. Жүрмін сені, туған жер, бастан аңсап,
Тастап кетсем, аяқты басқам жаңсақ.
Аңсағанда өзіңді, атамекен,
Жұбанғанмын сен жайлы асқақ ән сап. Қай ы р м а с ы: Көшеңде қалған қала,
Балалығым, жастығым.
Сен үшін болып алаң,
Түн өтіп, асты күн.
Ұлыңа болма нала,
Құшағыңды аш бүгін. Өзіңде қауыз ашқан гүл өпкем-ді,
Қалар ма екен ауылға қайтар әлім? Қ а й ы р м а с ы. Ән аяқталды. Біреу есік қағады. Берік өң мен түсті ажырата алмас халде басын көтереді. Есік қаттырақ қағылады. Берік (сергіп). Да. Есік ашық. Кіріңіз. Тәттігүл кіреді. Тәттігүл. Не күткен жоқ па едің?
Берік (абдырап). Тәттігүл! Кел-кел! Сәлеметсің бе?
Тәттігүл. Берік, сен өйтіп елпілдемей-ақ қой. Одан да айтшы, не іздеп келіп жүрсің сен бұл қалаға?
Берік. Тәттігүл, бұл қай айтқаның? Туған жерім, келемін, онда тұрған не бар?
Тәттігүл. Туған жерім! Кетіп едің ғой тентіреп басың ауған жаққа, енді балаңды жіберіпсің қаңғытып. Сол шақыртқан ғой.
Берік. Қалай-қалай сөйлейтін болғансың сен, Тәттігүл? Мен өмірдегі өз жолымды тапқанмын, балам да қаңғып емес, қанаттанып келіп отыр.
Тәттігүл. Бұлардың бәрінің айтатыны қанат екен. Қанаты қатты болса, ұша берсін ауылыңа барып. Біреудің отбасына лаң салмай кетсін, Зәуреден аулақ жүрсін.
Берік. Зәуре!
Тәттігүл. Неменеге үнің өшіп қалды? Енді білдің бе, Зәуре – менің қызым. Балаңа айт, аспандағы айға қолын созбасын!
Берік. Жоқ, айта алман. Оны өздерінің жүректері айтар.
Тәттігүл. Айт-айтпа – бәрібір, менің қызым сенің балаңа тимейді.
Берік. Қалай өмір сүретінін, кімді сүйетінін балалар сені мен менен сұрар ма екен?
Тәттігүл. Олардың сұрағаны неге керек, біз сұраймыз, жөн сілтейміз. Менің қызым сенің балаң сияқты бетімен кеткен жоқ, тыңдайды.
Берік. Сүйіскен екі жасқа ақылшы – артық. Олар бас иетін күш – махаббат.
Тәттігүл (кекетіп). Махаб-бат! Бұрын да аузыңнан осы сөз түспеуші еді, әлі сол екенсің ғой. Махаббат – нем ол, бақыт керек адамға.
Берік. Махаббат-махаббат. Бақыт – әне сол.
Тәттігүл. Ата-ананың айтқан ақылына көнуден асқан балаға бақыт та, махаббат та жоқ.
Берік. Кім қалай ойлайды, еркі. Мен – баламның өзі біледі деген адаммын.
Тәттігүл. Мен – қызымды өзім діттеген жерге беремін деген адаммын. Балаңа айт: жолымызга кесе-көлденең тұрмасын.
Берік. Айттым емес пе, мен балалардың шаруасына араласпаймын, не істейтінін өздері біледі.
Тәттігүл. Мен де айттым, сендей емес, әжептәуір адамның баласына беремін мен қызымды.
Берік. Тәттігүл, шынымен-ақ сен осындай адам болғаның ба?! Аяймын мен сені!
Берік (қабағын шытып). Жарар! Намысқа тиетін сөздің қажеті қанша екен адамға? Әттеген-ай, сен екеуіміз мұндай сөзге бармасақ керек еді!
Тәттігүл (мүләйімсіп). Берік, рас, мен кінәлімін. Сен әскерден келгенше күте алмадым. Кешір! Бір кездегі мөлдір махаббатымыз үшін сұраймын: «Қой!» деші балаңа.
Тәттігүл. Берік, ағатай, аяғыңа жығылайын, осы тілегімді орындашы! Сен екеуіміз қайтіп құда-құдағи боламыз? Менің күйеуім мен сенің әйеліңнің көңілдеріне қаяу салмаймыз ба? Жабулы қазан – жабулы күйінде қалсын да.
Берік. Ештеңе де із-түзсіз қалмайды. Бұйрық осылай болған екен, көнеміз. Ең бастысы – олардың алдында сенің де, менің де арымыз таза.
Тәттігүл. Ол рас қой, бірақ мен Оспан екеулеріңнің бастарыңның біріккенін көрмек тұрмақ көзіме елестетуден қорқамын.
Берік. Өткенімізден жериміз деп өркенімізді қимақпыз ба сонда? Оның аты – қатыгездік. Махаббаты баянсыз болған, алданған адамның қандай болатынын сен әлі білмейсің бе, немене? Ол – көк жүзіне енді көтерілгенде пәлеге ұшырап, жерге төсін соғып солықтап жатқан қарлығаш. Өзім кешкен бұл күйді балам көрмесін.
Тәттігүл. Білемін. Қайтемін, мен сені сондай күйге душар еттім. Ол – бір басқа, мынау – екінші басқа әңгіме.
Берік. Бұл – соның жалғасы, жақсы жалғасы.
Тәттігүл. Жоқ, жаман жалғасы. Берік ағатай, жалынамын, осы әңгімені өршітпейікші. Мен қызбен де, әкесімен де майдандасып келіп отырмын. Балаңды қызыма жолатпашы. (Тізерлеп отыра кетіп). Міне, керек десең, аяғыңа жығылайын, алғашқы махаббатым едің ғой, орындашы осы тілегімді.
Берік. Тәттігүл, мұның не? (Дереу қолтығынан көтеріп тұрғызады). Қандай адам болып кеткенсің сен өзің? Осы сәт Аманғайша кіреді. Қолында – оны-мұны толы сөмке.
Есіктің көзінде аң-таң күйде тұрып қалады.
Берік пен Тәттігүл де үнсіз. Ыңғайсыздық орнайды. Аманғайша. Берік, мына кісі кім?
Берік. Тәттігүл құдағиың. Зәуренің шешесі.
Тәттігүл. Айтарсың! Құдағи емеспін, болмаймын да.
Аманғайша. Екі жас бір-бірін сүйсе, құдағи болмай қайда барасыз?
Тәттігүл. Екі жас бір-бірін сүйсе... Сонда үлкендер қол қусырып қарап отырмақ па? Берік, Тәттігүлді білмейді екенсің сен әлі. Білесің. Білдіремін.
Аманғайша. Құдағи, не болып қалды соншама шала бүлінетін? Отырыңыз, дәм ауыз тиіңіз.
Тәттігүл. Өздері қаңғып жүріп, дәмшілін қарай көр бұлардың! Тәттігүл кетеді. Аманғайша. Сөзі қандай ірі еді мына кісінің?!
Берік. Жасында ұяң еді, бұзылыпты.
Аманғайіиа. Бұрын білуші ме едің?
Берік. Білемін. Тәттігүл тура Зәуре сияқты талшыбықтай әдемі қыз болатын.
Аманғайша. Бәсе, айтпап па едім, «Бұрынғы біреуіңді тауып алатын шығарсың» деп. Тауып алып тыныпсың қас пен көздің арасында.
Берік. Қой, кемпірім, жоқ жерден сөз шығарма.
Аманғайша. Қайтіп қоямын, кішкентай бір тысқа шығып кетіп едім, аяғы мынау болыпты. Кемпірім дейді тағы. Мен – кемпір, жаңағы – қыз екен ғой саған. Мақұл. Сен сол қызыңмен қал, мен кетемін қазір жиналамын да.
Берік. Аманғайша, бұл қай секемің? Жоқ ырымды бастағаныңа жол болсын!
Аманғайша (жылап).Мен енді бұл жерде бір күн де, жоқ, жарты күн де қалмаймын. Сені де тастамаймын. Жүр, жинал. Ерланды да ертіп кетеміз.
Берік. Тоқта, сабыр қыл. Бұл бір қызық әңгіме болайын деп тұр. Мен әзірше ештеңе демей-ақ қояйын, көп ұзамай бәрін түсінетін боласың өзің-ақ.
Аманғайша. Түсінетін не бар? Ол сенің алғашқы махаббатың екен.
Берік. Сен де солай дедің бе? Алғашқы, одан кейінгі, соңғы махаббат деу – опасыздардың сөзі. Олар үшін махаббат – лап етіп жануы да, жалп етіп өшуі де оңай от. Жок, махаббат – аспандаған алау, сүйіскен екеу оны бірігіп тұтатқан екен, өшірмесін. Өшірген екен, ол махаббат емес, басқа бірдеңе.
Аманғайша. Менікі не?
Берік. Сенікі – махаббат.
Аманғайша. Онда ертерек кету керек бұл қаладан, әйтпесе сен тағы біреуіңді тауып аларсың.
Берік. Мынауың – қызғаныш.
Аманғайша. Махаббат – бұл.
Берік. Мүмкін. Махаббаттың бір аты қызғаныш болар. Қой, екеуіміз бүйтіп бір-бірімізді қажағанша, балалардың қамын ойлайық.
Аманғайша. Балаларға не болыпты?
Берік. Естімедің бе жаңа, Тәттігүл қызын Ерланға жолатпаймын деп қиғылықты салып кетпеді ме?
Аманғайша. Енді қайттік, құдай-ау?!
Берік. Жас келгенде жоқ ырымды бастап торсаңдағанша сөйдемейсің бе бағанадан бері?
Аманғайша. Не істейміз енді?
Берік. Не істеуші едік, әліптің артын баққаннан басқа амал жоқ бізге. Бұл түйіннің шешуі – Ерлан мен Зәуренің қолдарында.
Аманғайша. Мен де солай ойлаймын. Біз – әйелдер елдің басын қатыруға құмармыз. Тәттігүл де сөйтеді енді, біраз дүрліктіреді. Осы сәт есік қағылады. Берік пен Аманғайша жарыса: – Кір!
– Кіріңдер! - деседі. Ішке Зәуре мен Ерлан енеді. Ерлан. Қонақпыз. Күтіп алыңыздар.
Зәуре (ұяң). Сәлеметсіздер!
Аманғайша. Келіңдер! Зәуре айналайын, ұялма, жоғары шық.
Берік. Сөйт. Отырыңдар. Зәуре мен Ерлан стол шетіне жайғасады. Аманғайша. Ерлан, біз папаң екеуіміз төмендегі ресторанға барып, ас қамын жасайық, сендер сәлден соң келе қойыңдар.
Ерлан. Міне, көкем мен мамам өстіп төтесінен кетеді. Сіздер алдымен қонақтың бір ауыз лебізін білмейтін бе едіңіздер?
Берік. Рас-рас. Қап, әттеген-ай! (Зәуреге). Кешір, айналайын! Айта ғойшы, сен бұған қалай қарайсың?
Зәуре. Ерлан айтсын.
Аманғайша. Ерлан айт десең, айта береді, бізге сенің айтқаның керек. Әлде онда баруға ұяламысың?
Берік. Ұялма, қарағым. Бұл жердегі біздің үйіміз – осы, ас ішетін орнымыз – ресторан. Бізбен бірге онда барғаныңның еш ағаттығы жоқ, тек мынандай жалаңаяқтарға ілеспесең болғаны.
Берік (қуанып күліп). Шешесі-ау, қара, балаң қалай-қалай сөйлейтін болған?! Тура кітаптағыдай қайырады.
Аманғайша. Айналайын баласынан! Шынының өзі де сол ғой. Біз әлі жассынамыз, күнім менің – жігіт.
Берік. Мақұл-мақұл, жеңілдім. Жүр, кеттік. Берік пен Аманғайша кетеді. Зәуре. Папаң мен мамаң қандай жақсы адамдар еді!
Ерлан. Несімен ұнап қалды?
Зәуре. Қарапайым адамдар екен.
Ерлан. Зәуре, білесің бе, олар, кеше саған мен айтқандай, «Құда түсеміз» дейді.
Зәуре (шошып кетіп). Қойшы?
Ерлан. Несі бар?
Зәуре. Мен қорқамын!
Ерлан. Қорқатын түк те жоқ. Ол – ерте ме, кеш пе бір болатын жәйт.
Зәуре. Ал, меніңше, алдымен құда түсу, содан соң үйлену – жаттанды сүрлеу. Үйлену ешуақыт кайталанбас, сан қилы болуы керек.
Ерлан. Дегенмен, ата салттан асқаны жоқ. Құда түсіп барып некелесу – қазақ болу.
Зәуре. Екеуіміз онсыз да қазақ емеспіз бе?
Ерлан. Қазақпыз. Бірақ қазақтығымыз жеткіліксіздеу.
Зәуре. Қайдам? Меніңше, үйлену белгілі бір ереже, формулаға салатын есеп емес. Басқаны қайдам, егер менің тұрмысқа шыққым келсе, ештеңеге қарамаймын, «Болды, біз енді мәңгі бақи біргеміз» деймін.
Ерлан. Ал мен: «Құп, болады, Сандыбаева ханым!» деймін.
Зәуре. Кешіксем, папам мен мамам күтіп қалатын болды-ау!
Ерлан. Онда жүр, барып жылдамдатайық. Берік пен Аманғайша келеді. Берік. Балалар төмендегі ресторанның мазасы жоқ екен. Осы жақын маңда «Қызғалдақ» дейтін тәуірі бар көрінеді, жүріңдер, соған барайық.
Ерлан. Ресторанды бүгін қояйықшы, көке.
Берік. Неге?
Ерлан. Зәуре үйіне қайтуы керек.
Аіианғайша. Қап, бұл бір қызық болды-ау!..
Зәуре. Алаң болмаңыз, ештеңе етпейді.
А.мані айша. Сонда да былай бір... Зәуре, онда ертең ертерек келіңдер. Күтеміз.
Ерлан. Мама, сізге Зәуре ұнап қалды-ау деймін.
Аманғайша. Ұнамағанда ше?! Біз мұны жігіт болды деп жүрсек, бұл бала құсап ойнағанын қоймайды.
Ерлан. Қайдағы бала! Мен қыз ертіп келемін, бұлар баласынады!
Зәуре. Шын, сен – баласың әлі.
Ерлан. Мама, әне жығып бердіңіз Зәуреге.
Аманғайша. Әй, қылжақбасым-ай, Зәуреден жеңілгенің жөн. Зәуре екеуің енді біз кеткенше күнде келіп тұрыңдар.
Берік. Сен енді көп айта берме, келеді.
Зәуре. Сөйтеміз, келіп тұрамыз.
Ерлан. Келістік. Ертеңге дейін! Чау!
Аманғайіпа. Мұнысы несі тағы.
Берік. Қалалық болғаны. Бәрі қыран күлкі болады.
Ерлан мен Зәуре кетеді. Бесінші көрініс
Оспанның үйі. Басын ақ орамалмен тас қылып таңып алған Тәттігүл Балқиямен сөйлесіп отыр. Тәттігүл (даусы сынық, көңілі пәс). Уһ-уһ, шыбын жаным! Басым! Түсіп барады!
Балқия. Сонша не болды, кеше сап-сау едің ғой.
Тәттігүл. Нервтікі бәрі. Қу қыз құртты ғой мені, тәте-ау! Оның жігіті – Беріктің баласы екен!
Балқия (шоршып түседі). Не дейді, байғұс-ау! Қойшы, құрысын, рас айта ма?
Тәттігүл. Рас, тәте-ау, рас.
Балқия. Қой әрі! Оны қайдан біліп жүрсің?
Тәттігүл. Қонақ үйінде жатыр екен, барып шаңын қағып келдім.
Балқия. Берік кетпеп пе еді кететін жағына қаңғып? Баласы қайдан жүр екен мұнда?
Тәттігүл. Ит біліп пе? Әкесі сияқты қаңғыбас біреу болуы керек. Қалаға қаңғып келген жалаңаяқтардың біреуі көрінеді. (Еңіреп жылап жібереді). Не істейміз енді, тәте-ау?
Балқия. Қой, жылама, сөзге құлақ сал. Бүйтіп көзіңнің жасын қол қылғанша байың мен қызыңды Беріктің баласына жоламайтын қыл.
Тәттігүл. Кешелі бері айтпаған сөзім, қылмаған айлам қалмады, қасарысып көнбейді екеуі де. Әсіресе, Оспаннан күйдім, «Қыз сүйгеніне барады» деп бетбақтырмайды.
Балқия. Онда ажырас Оспаннан.
Тәттігүл. Мен оны сүйемін, ажыраса алмаймын. Ажырасамын деп қорқытып көргенмен, қыңатын Оспан жоқ.
Балқия (кекетіп). Сүй-е-емін! Қыңатын Оспан жоқ! Құр қорқытқанша, сотқа арыз берші, Оспан алдыңа түсіп мөнтеңдеп жүріп бермесе, маған серт. Содан соң қызга екі жақтап ауыз саласыңдар. Зәуре айтқан тілді алады, алма- са, ананың баланы тырп еткізбейтін бас қаруы бар, соны қолдан.
Тәттігүл. Ол қандай қару, тәте? Бәрі құрысын, соны айтыңызшы алдымен.
Балқия. «Айтқан тілімді аласың, алмасаң, ақ сүтімді кешпеймін. Арам!» - де Зәуреге. Көр де тұр, тырп ете алмайды, көнеді. Содан соң Зәуре біздің Ерланға тимей, кімге тимек?
Тәттігүл. Айналайын, тәтетай-ай, қандай білгіш едіңіз? Болды-болды бітті шаруа. Қатырамын мен енді екеуін де. Сырттан үйге Зәуре кіреді. Зәуре (Балқияны көріп). Балқия апа, сәлеметсіз бе?
Балқия. Ой, айналайын, амансың ба? Денсаулығың қалай? Оқу жақсы ма?
Зәуре (отырып). Жақсы.
Тәттігүл. Жақсысы сол, айттым ғой жаңа, қай-қайдағы бір жалаңаяқты тауып алып, айтқанға көнбей, әуреге салып тұр мені.
Зәуре. Мама, тағы...
Тәттігүл. Несі тағы?.. Балқия апаң әдейі келіп отыр.
Балқия. Зәуре шырағым, біздің саған бөтендігіміз жоқ, көпті көргенбіз, біразды білеміз. Саған жар табылады, әке-шешеңе адам табылмайды. Қыз сырдеске жерге барса – игі. Ондай адамдар – бізбіз.
Зәуре. Апа, мен сүйгеніме барамын.
Тәттігүл. Тәте-ау, міне, бар айтатыны – осы. «Сүйем-сүйем!» дегеннен басқа сөз жоқ мұнда. Өстіп жұлқынып тұрған бір сұмдық әкесі екеуі. Қайтіп адам боламыз?
Балқия. Зәуре қарағым, бәріміз де қыз болғанбыз. Сүюдің не екенін байымызбен төсекке бір жатып тұрған соң барып білгенбіз. Осыдан «Ата-анамның тілін алайыншы» деші, сол сәттен бастап біздің Ерланды сүйетін боласың.
Зәуре. Мына айтып тұрғаныңыз – азғынның тірлігі. Ал, мен – адаммын.Адамға алысқан қол – серт.
Балқия. Ол рас қой. Бірақ адамның анадан аяйтыны болмайды.
Зәуре. Мен де анама мендегінің бәрін беремін. Сұраса, жанымда пида. Тек жалғыз ғана махаббатымды бере алмаймын.Махаббатсыз тірі өлік болып, сүлдерімді сүйретіп жүре алмаймын.
Тәттігүл (құшырланып). Міне, не айтып болады бұған?
Балқия. Зәуре, сен өзің сол махаббатты қалай түсінесің?
Зәуре. Түсінетін не бар? Ерланды сүйемін, бітті.
Тәттігүл. Міне, делқұлы болып қалған бұл, тегі.
Балқия. Құр сүю махаббат емес. Ғашық болу, күйіп-жану – әншейін еріккеннің ермегі. Қыз Жібек, Баян сұлу ғашық болса – баяғының, байдың қыздары. Ол заман кеткен келмеске. Қазір – адам махаббатты емес, қайтсем қатарымның алды болам дегенді ойлайтын кез.
Зәуре. Мұныңыз – сезімсіз адамның сөзі, емшектегі баланы алдау.
Тәттігүл. Тәте-ау, алтын сөзіңізді қор қылмай-ақ қойыңыз бұған. Көрдіңіз бе бетбақтырмайды. Әбден ақылы толған, ырық бермейді жан адамға.
Балқия. Мейлі, ендеше, махабббат де, деме, ғашық бол, болма, қыздың пешенесіне әйел болу жазылған. Адам осы заманғы отбасы болуды ойлауы керек, махаббат деген қалған әлдеқашан.
Зәуре. Балқия апа, адам сезімі бұрынғы, қазіргі заман дегенді білмейді. Қоғамдық құрылыс құбыла берсін, мейлі, ал, махаббат – мәңгі. Ол – тұрақты, адамдар қонақтар биік тұғыр.
Балқия. Түу, шынында, бұл Зәуреге біздің әліміз жетпейді екен.
Тәттігүл. Жетеді. Сен қыз бар ма, сен қыз осыдан мына Балқия тәтемнің Ерланына тимесең, мен ақ сүтіме жүгінемін. Саған беген ақ сүтім – арам, кешпеймін... Ақ сүтім атсын сені!
Зәуре(еңіреп жылап жібереді). Ақ сүт!.. Ақ сүт!.. Бәрі... Ана да, ақсүт те махаббаттан жаралған. Ана!.. Махаббат!.. Ақ сүтін пұлдаған ана... Жоқ... Айта алмаймын... Зәуре жүгіре басып үйден шыға бере, есік көзінде маскүнем Ерланмен бетпе-бет келіп қалады. Ерлан. Сәлеметсің бе, Зәуре?
Зәуре (солқ етіп өксіп). Барыңызшы! Қандай адамсыз сіз өзі?
Ерлан (Зәуренің сөзін бөліп). Қандай адаммын, алқашпын, ішкішпін, айналайын!
Зәуре. Онда жүрмейсіз бе өз бетіңізше ішетініңізді ішіп?! Біресе әкеңізді, біресе шешеңізді жұмсап, мазамды алып біттіңіз ғой, тегі!
Ерлан (масаң күйінен сергіп). Зәуре айналайын, сен ренжіме маған! (Балқия мен Тәттігүлге қарап). Мыналар екен ғой сенің мазаңды алып жүрген. Сіздер, шешелер, біліп қойыңыздар, алқаштың әйелі болмайды. (Төс қалтасынан аузы ашылған бір шөлмек арақты суырып алады). Алқаштың махаббаты, сүйіктісі, міне, мынау. Біз мұны күндіз төс қалтамызға салып жүреміз, түнде құшақтап жатамыз. Сіздер құр босқа Зәуренің басын қатырмаңыздар. Зәуре, менің саған қылдай да қиянатым жоқ. Бара ғой, жігітің күтіп қалады. Көріп қалдым, далада жүр. Бақытты болыңдар!
Зәуре. Рахмет, аға! Сау бол, мама! Зәуре кетеді. Балқия (баласына дүрсе қоя береді). Әй, оңбаған, біздің Зәурені саған қосамыз деп қара терге түсіп жүргеніміз не, сенің мынауың не?
Ерлан. Мен айттым емес пе, босқа арам тер болмаңдар. Мен әзірше әйел алмаймын, алатын кезде ешкімнен сұрамаймын. Өнбейтін істі қойып, үйге жүріңіз, әйтпесе, кілтті беріңіз.
Балқия (кілтті беріп). Мә, бар-бар, арағыңды құшақта да жат. Ерлан кілтті алып кетеді.
Тәттігүл. Тәте-ау, мына әңгіме не болып барады өзі?
Балқия. Не болсын, қызыңды бере бер тиетін байына.
Тәттігүл. Сіз өйтіп кергімеңіз. Беріктің баласына қызымды беріп, жер болатын жайым жоқ менің.
Балқия. Ей, не деп көкіп тұрсың сен өзің? Жер боласың ба, көр боласың ба, өз талайыңнан көр.
Тәттігүл. Өз талайым емес, мені осы пәленің бәріне ұрындырған сізсіз.
Балқия. Құдай-ау, мынау не деп тұр? Жазығымыз Оспанға қосып, оны да, сені де адам қылғанымыз ба? Ұмытқан екенсің оның бәрін.
Тәттігүл. Жоқ, ұмытқаным жоқ. Сіз – әзәзілсіз. Мен Берікті күтетін едім, сіз азғырып, басқа жолға түсіргенсіз.
Балқия. Не, сен сонда Оспанға тигеніңе өкінесің бе?
Тәттігүл. Ол – басқа әңгіме.
Балқия. Неге басқа әңгіме? Оспандай-ақ байы болсын әрбір әйелдің.
Тәттігүл. Оныңыз дұрыс.
Балқия. Ендеше, неменеге аузыңа келгенді айтып тұрсың?
Тәттігүл. Оспан – қуанышым, бақытым, Берік – өкінішім, мұңым. Мені осындай екі пара халге душар еткен сізсіз. Енді осы күйге қызымды түсіре жаздапсыз.
Балқия. Ойбай-ау, мынау не дейді-ей! Ат кекілін кесісетін адамның сөзі ғой мынау!
Тәттігүл. Қалай түсінсеңіз, солай түсініңіз.
Балқия. Онда мен кеттім, бетіңді көрмеймін енді сенің! Бұдан былай еш жақсылық күтпе бізден.
Тәттігүл. Бара беріңіз. Сіз Тәттігүлді білмейді екенсіз әлі. Маған десеңдер, Әлім екеуің тіреп тұрған аспандарыңды тастап жіберіңдер. Байымнан да, қызымнан да аулақ жүріңдер. Мен қызымды бақытсыз қыла алмаймын. Сүйгеніне қосылмаған адам – жарты көңіл, жарым жан.
Балқия. Опасыз! Сен Оспанды емес, Берікті сүйеді екенсің.
Тәттігүл. Сізге ондай асқақ сезім жат. Сіз махаббатты төсек деп білесіз.
Балқия. Сендерді құрту керек екен. Қап, Әлімді бекер тоқтатқан екенмін.
Тәттігүл. Айттым ғой, аямаңдар. Қызым сүйгеніне қосылсын, басқа түктің керегі жоқ маған. Мен көрген мына азапты қызым көрмесін.
Балқия (қалтасынан бір буда ақша алып, шашып жібереді). Мә, етігіңнің ақшасы. Өткенің осы шығар, ал!
Тәттігүл. Солай ма екен?!
Балқия. Солай! Осыдан көр де тұр, «тәтелетіп» жорғалатып қоймасам ба, қап!
Тәттігүл. Көрдік қолдарыңнан келгенді!
Балқия. Көресіңдер! Көрсетеміз!
Тәттігүл. Тапқан екенсіңдер қорқатын адамды. Одан да ана ақшаңды жинап ал! Біліп қой, Тәттігүл бір бергенін қайтып алмайды.
Балқия. Алмай қайда барасың, аласың. Алмасаң, жатсын өстіп дода-дода болып!
Тәттігүл. Жатса, жатсын!
Балқия. Онда отыр шашылған ақшаның ортасында.
Тәттігүл. Бұл шашылған ақша – екеуіміздің төгілген арымыз. Мен жинамаймын, көрсін үйге келгендер. Соларға айтамын, мұның қандай ақша екенін.
Балқия (шошып).Шын айта ма?
Тәттігүл (міз бақпай). Шын айтам. Әлім жездеме берген парам еді деймін мұны.
Балқия. Пара емей-ақ сыйламап па едің өзің ол етікті?
Тәттігүл. Пара сыйлық түрінде де беріледі.
Балқия. Қойшы, құрысын. Онда мен мұның көзін құртайын дереу. (Балқия ақшаны тез жинап, қалтасына салып алады).Ал, енді неңді айтар екенсің? Кеттім! Балқия кетеді. Тәттігүл (Балқия шыққан есікке қарап тұрып).Бар. Сол керек саған! Сенің маскүнем балаңа қыз қайда? (Ойланып қалады).Берікті қайттім, құдай-ау! Шындықты жасырмай айтсам, Оспан түсінер ме? Ой, айналайын өмір-ай, біз, адамдар қанша құйтырқы болғымыз келгенімен, сен оз шындығыңды алға тартады екенсің-ау! Қанша тайсақтамайық, шындық – біреу. Оны тек мойындау керек. Мен де сөйтемін, Оспанға бәрін жасырмай айтамын. Оспан келеді. Оспан (көңілді).Біз келдік. Қане, не тамағың бар?
Тәттігүл. Түк те жоқ. Әркіммен бір арпалысамын деп жүріп, ештеңе дайындай алмадым.
Оспан. Әлі Зәуренің әңгімесі ме? Тәттігүл, соны жақсы атпен қоя-ақ қойсаңшы.
Тәттігүл. Қоймаймын! Қызың ойнақтаймын деп жүріп от басыпты: Ерланның әкесі сенің қас жауың екен!
Оспан. Қайдағы жау? Сен абайлап сөйле, жау деген ауыр сөз.
Тәттігүл. Білемін. Ерланның әкесі – Берік менің қыз кезімде сүйген жігітім болса, жауың емей, кімің?
Оспан. Ешкімім де емес.
Тәттігүл. Ойбай-ау, мен Берікке тигенде, Ерлан менің балам болатын еді ғой. Оған Зәурені калай береміз?
Оспан (ашуланып).Тәттігүл, сенің осыдан басқа ісің құрып қалды ма? Демалып-демалып алып кірісесің келіп. Бүйтерің бар, басында неге тимедің, сол Берігіңе?
Тәттігүл. Сені сүйдім.
Оспан. Енді не қыл дейсің? Зәуре де Ерланды сүйеді.
Тәттігүл. Сүйсін. Бірақ мен Берікпен құда бола алмаймын. Өлім ғой бұл, құдай-ау, өлім. Ешкімге керек емес екенмін мен!
Оспан. Адам бол, керексің бәрімізге.
Тәттігүл. Адам болу – Зәурені Беріктің баласына беру ме сонда?
Оспан. Адам болу – өмірдің басты мәнін ұғу.
Тәттігүл. Ол не сонда?
Оспан. Ол – дұрысты дұрыс, бұрысты бұрыс деп білу.
Тәттігүл. Рас айтасың. Сонда да екеуінің бас қосып, қатар тұрғанын көруге дәтім шыдамайды менің?
Оспан. Неге?
Тәттігүл. Білмеймін.
Оспан. Сен Берікті әлі сүйеді екенсің.
Тәттігүл. Жоқ, мен сені сүйемін. Екеуіміздің махаббатымызға шаң жуымасын дегенім ғой – бұл.
Оспан. Ал, өзің келіп балалардың махаббатына жармасасың.
Тәттігүл. Иә, сөйттім... Зәуре келеді. Зәуре (әке-шешесінің қас-қабағынан әңгіме райын байқап).Мама, мені әлі саудаға салып жатырсыз ба?
Тәттігүл. Не қылған сауда? Сенің, бәріміздің тағдырымыз туралы әңгіме – бұл.
Зәуре. Мен – өз тағдырыма өзім қожамын.
Тәттігүл. Қожа!.. Ата-ананың тілін алмайтын не қылған қожа ол?! Әбден бетіңмен кеткен екенсің сен, қызым.
Зәуре. Мама, мен енді сізбен сөйлеспеймін. Папа, сіз кешіріңіз, мен бақытымды таптым, Ерлан екеуіміз қосылайық деп ұйғардық. Оның әке-шешесі де келісіп отыр. Сіз маған рұқсатыңызды беріңіз! Осы қазір кетем, далада Ерлан күтіп тұр.
Оспан. Зәуре, рұқсат айналайын! Тек Ерланды шақырып келші, айтатын жалғыз ауыз сөзім бар. Зәуре барып, Ерланды ертіп кіреді.
Ерлан ұялып, аузы жыбырлап қана амандасады. Зәуре. Папа, Ерлан дайын сіздің сөзіңізді тыңдауға.
Оспан. Ерлан, мен тірі жүрсем, Зәуре – сенікі. Зәуре менің жалғыз перзентім, енді сенімен екеу боласыңдар! Ата жолымен ұзатайық, сәл шыдаңдар! Тәттігүл мамаң да сен екеуіңнің қосылуыңа қарсы емес, мұны торсаңдатып жүрген басқа бір себеп, оны сендер білмей-ақ қойыңдар.
Ерлан. Папам мен мамам келеміз деп жатыр, құда түсеміз дейді.
Оспан. Келсін. Құда түссін. Содан кейін екеуіңе жол ашық. Ал, қазір Зәуренің бөлмесіне барыңдар, музыка тыңдаңдар. Ерлан мен Зәуре басқа бөлмеге кетеді. Тәттігүл. Ал, не істедік енді?
Оспан. Не істейтіні бар, той қамына кірісу керек.
Тәттігүл (Оспанды құшақтап сүйіп). Мейлі, ендігі балаң тілімізді алатын болады.
Оспан (қуанып). Рас па, Тәтті?
Тәттігүл. Рас, мен енді ұл туамын. Оны қазақша оқытып, Зәуре алмаған тілімді алғызамын.
Оспан. О-о, менің балам – мұрагерім болады. Сен – ғажап әйелсің, Тәтті!
Тәттігүл. Қара томпағым менің! Қалай шыдап жүргенсің сен осы уақытқа дейін?!
Оспан. Сүйгендіктен!
Тәттігүл. Қандай құдірет едің сен, махаббат!
Оспан. Тәтті, біз оны ешуақыт Зәуре құсатып шөре-шөреге салмайықшы!
Тәттігүл. Зәуренің өзі ғой, тілімізді алмай, әуреге түсірген.
Оспан. Енді қайтсін, біз өзіміз оны шыр-пыр қылған.
Тәттігүл. Иә, десеңші, апыр-ау, балалардың махаббатында неміз бар еді?
Оспан. Соны айт!
Тәттігүл. Құдайым-ай, елдің басын аямай-ақ қатырған екенмін мен. Осының бәрі кімге керек еді?
Оспан. Оны Әлімнің Ерланы айтқан жоқ па еді, бұл – жастарға емес, бізге, ересектерге керек әңгіме.
Тәттігүл. Мүмкін.
Оспан. Мүмкінің не, шындық – бұл! ш ы м ы л д ы қ
СӘЛІМ - СӘЛИМА
(Екі бөлімді, төрт көріністі драма) Қатысатындар:
Сәлім – отставкадағы полковник.
Сәлима – зейнеткер әйел.
Қайрат – Сәлиманың баласы.
Фатима – Қайраттың әйелі.
Владимир – Сәлімнің баласы, лейтенант.
Тергеуші – милиция лейтенанты. Бірінші бөлім ЖАЗ АЙЫ Күн ауған. Бесін әлеті. Қалалық парктің дәл ортасындағы шағын алаңқай.
Ортадағы кішігірім әуізді айналдыра қойылған орындықтың бергі шетіндегісінде Сәлима отыр.
Бетіне әлі әжім түсе қоймаған, келбетті, осы заманғы, зейнетке жаңа шыққан әйел. Жүзі сынық, қайғысы бар екені байқалады.
Полковник шеніндегі Сәлім шығады. Ой құшағында отырған
Сәлимаға біраз қарап тұрып қалады. Сәлім (қуанып кетіп).Сәлима!
Сәлима(жалт қарап). Сәлім! Сенсің бе?
Сәлім. Сәлима! Қалай өзгеріп кеткенсің?
Сәлима. Қартайдық. Өзгердік. Ал, сен өзгермепсің, сол баяғы – жіптіктей жігіт қалпың.
Сәлім. Не қылған, маған қарағанда сен әлдеқайда жас болып көрінесің.
Сәлима (жымиып). Көңіліңді құдай көтерсін! «Өзгеріп кетіпсің» дегеніңді қалай ұқтық?
Сәлім. Оным – қыз күніңді іздегенім.
Сәлима. Қыз күн қайда, тым алыста қалды ғой.
Сәлім. Сені қайдам, маған сенің қыз, менің бала болғанымыз күні кеше сияқты. Сол аяулы күндер қаз қалпында көз алдымнан бір кеткен емес.
Сәлима. Мүмкін. Қазақшаны ұмытпапсың.
Сәлім (толқып). Қайтіп ұмытайын ана тілімді?! Мен күндіз өңімде орысша, түнде – түсімде қазақша сөйлеп өмір сүрген адаммын. Адамға бұдан асқан азап жоқ, білсең, Сәлима! Өз отбасыңда жан баласы сенің тіліңді білмегені, бір ауыз тіл қата алмағаны – қайғының ең үлкені.
Сәлима. Түсінемін. Сол ғой жүдеткен, әйтпесе, әскери адам не қорлық көрсін?
Сәлім. Қызметті қайтеміз, жөндеп амандасып алайық алдымен.
Сәлима (жанынан орын ұсынып).Иә, сөйтейік. Кел, отыр.
Сәлім (отырып).Ал, қане, жөн сұрасайықшы, мұнда қайдан отырсың? Ауылда, Кербұлақта емес пе едің?
Сәлима. Жоқ, осындамын. Зейнеткермін. Зейнетке шығардан біраз бұрын облыстық мәдениет басқармасына бастық болып келгенмін. Өзің қайдан жүрсің?
Сәлім. Мен отставкаға шыққанмын. Соқа басымды сүйретіп келдім елге. Қонақ үйде жатырмын. «Кішкентай да болса, бір қуыс бер» деп әкімдердің есігін тоздырып жүрген жай бар. Осы қазір де біраз сандалып келіп, дамылдап оты- райын деп паркке шыққан бетім.
Сәлім. Өмір солай – әскери қазақтардың бәрінің дерлік әйелі орыс немесе басқа ұлттан. Ұшарын – жер, қонарын сай білген әскери қызметшіні қайтсін қазақ қыздары. Соның бірі – сенсің. Кластастарымыздың бәрі: «Сәлім – Сәлима» деуші еді ғой бізді. Әттең, ол жорамал сол сөз күйінде қалды, біз жұп құра алмадық!..
Сәлима (қабағын шытып).Сәлім, ескі жараның аузын тырнап қайтеміз қартайғанда?
Сәлім. Сәлима, ол ешқашан қатпайтын жара болса ше?
Сәлима. Мейлі. Бәрі өтті, кетті.
Сәлім. Өткен жоқ, өзек өртеген өкініші өрши түседі қайта.
Сәлима (күрсініп). Рас айтасың. Сәлім, білсең, менің өкінішім, қайғым сенікінен аз емес. Байсыз, баласыз, сыртым – бүтін, ішім – түтін күн кешіп келемін мен бейбақ.
Сәлім. Балаң бар емес пе еді?
Сәлима. Бар. Інім мен келінім машина апатынан қайтыс болған. Екеуі баласын өздері тірі кездерінде, емшектен шығысымен, бауырыма салған. Өз өзегіңді жарып шықпаған бала қайбір...
Сәлім(Сәлиманың сөзін бөліп).Түсіндім. Әй, Сәлимаш! Айтшы, екеуіміздің еншіміз осы ма еді? Қай-да-а-а!
Сәлима.Мен де өкінемін, бірақ амал қайсы?!
Сәлім. Күйік қой – бұл күйік! Құрбым, сол бір өткен күнді еске алдым,
Көз алдымнан кетпей қойды еш қалпың.
Махаббаттың тәтті күйін шерткенде
Деп едің-ау мұңайып сен: «Кеш қалдың!». Бір ақын өстіп жырлап, жылаған екен. Мен де дәл сондай шерлі күй кештім. Маған әлі жұмбақ, неге тайдың сен сонда серттен?
Сәлима. Мен оны саған бұрын да айта алмағанмын. Қазір де айта алмаймын.
Сәлім. Бұрын мен қазір тең бе? Бұрын үдеп тұратын едік, қазір жүдеп тұратын болдық. Беттің қытығы азайып, көңілдің ынтығы кеміген. Енді жараланар жүрек жоқ, жалыны сөнген. Білейін, айтшы, не болды өзі сонда?
Сәлима. Сен мүлде кешігіп келдің!
Сәлім. Солай ма?
Сәлима(сәл бөгеліп барып).Солай! Сен кешігіп жүргенде мен сорлап қалғанмын.
Сәлім. Қап! Сен мұны неге айтпадың маған?
Сәлима. Сен онда жалындаған жас лейтенант едің. Аспан – алақаныңда, Алатау – аласа болатын, өрекпіп тұрғансың. Шындықты айтсам, сен бір нәрсені бүлдіріп жүрерсің деп қорықтым. Білсең етті, мен сені өлердей аядым! Қайтейін, амалым жоқ. «Кеш қалдың!» деуден басқаға тілім келмеді. Соным жөн болыпты, сен тулап-тулап ұрынарға қара таппадың да, әскеріңе кете бардың. Мен жастығымды көз жасыма көміп қала бердім. Жабулы қазан жабулы күйінде қалды.
Сәлім. Айтуың керек еді, түсінетін едім.
Сәлима. Мүмкін. Бірақ мен өзімді түсіне алмадым. Абиыры жоқ қыз – тот басқан қара бақыр дедім.
Сәлім. Саған қиянат қылған кім сонда?
Сәлима. Базарбаев.
Сәлім. Қой! Ол аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы емес пе еді?
Сәлима. Бірінші болатын.
Сәлім. Сен аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысысың.
Сәлима. Иә.
Сәлім (кекесінмен). Комсомол — партияның қолғанаты, ізбасары.
Сәлима. Екінің бірі айтатын сөз еді ғой бұл. Мен де есепсіз айтқанмын. Істейтініміз басқа болушы еді бірақ.
Сәлім. «Сөз бен істің бірлігі үшін күресейік!» деген ұранды аяққа басқан екенсіңдер де.
Сәлима. Ұранды қойшы сол! Оны әркім өз қалауынша құрастырып ала қоюшы еді ғой. Ұранға келгенде Базарбаевтан жүйрік адам болмайтын. Керемет шешен кісі еді, сөздің майын тамызатын.
Сәлім. Тіліне алданып қалған екенсің ғой. Партияның қолғанаты емес, қабырғасы болыпсың.
Сәлима. Сөйттім. Меніңше, ол арбаса, әйел тұрмақ еркектің өзі қарсы келе алмас, көнер.
Сәлім (күліп). Мәссаған, безгелдек!
Сәлима. Күлме. Шын айтам, ол аудандағы беті жылтыраған әйел атаулыны қойған жоқ. Керемет айлакер екен, сұлу әйелдің алдымен қызметін өсіріп, көңілін көтеріп, көлкілдетіп қоятын. Содан соң ары итеріп, бері жығу баста- латын. Кіріптар қылып кіртитетін де, жақсылық жасап жадырататын да өзі. Тағдыр-таланымыз қолында, жақсылық жасаушы, жарылқаушы сол, ал, біз қарыздармыз. Әйел байғұс қарызын немен өтемек?!
Сәлім. Ондай қызметінің, жақсылығының не керегі бар?
Сәлима. Керек. Қызметсіз адам – кәріп. Қызмет – абырой, айбын, бедел, мерей. Мен осылардың барлығына ие болдым. Шайқап іштім, шайқалып бастым. Қызмет қызығы бәрін ұмыттырды. Бай, бала керек екені жайына қалды. Соның жазасын тартып, отырысым мынау енді.
Сәлім (толқып). Әттеген-ай, сенің де жолың болмаған екен ғой! Сен мені кеудемнен қаққаныңмен, мен сені жүрегімнен жұлып тастай алмадым. Қайда, қандай күйде жүрсем де ұмытқан емеспін. Елде есен-сау, берекелі өмір сүріп жатыр ғой деуші едім, сенің де шекең қызбаған екен ғой. «Кеш қалдың!» дегенше, егіліп жыласаң етті сонда, бәрі басқаша болатын еді!
Сәлима. Ұялдым.
Сәлім. Онда Базарбаевтан неге ұялмадың?
Сәлима. Ұялғанда қандай, от болып жандым. Жыладым-еңіредім. Мұз болып суыдым, көндім. Сол, сол-ақ екен, екі аяғымды жерге тигізбей, аупарткомның үшінші хатшылығына сайлатқызды да жіберді. Әйел затын беттің әрі, сөздің зәрі өсірген заман еді ғой ол бір. Өзің білесің, менде әр бар, сөз де жоқ емес. Қысқасы, заман талабынан шықтым.
Сәлім. Құрысын ондай заманы!
Сәлима. Айтпағын. Қайтейін, желпілдек көңіл, желкілдек етек болып өте шықты келте өмір!
Сәлім.Ал, менің өмірім әйеліммен алысумен өтті. Дүниеде басқа ұлттан әйел алған еркектен бақытсыз адам жоқ.
Сәлима.Қой! Неге?
Сәлім.Білемін, сіздер, идеологтар: аралас отбасы-ұлттар достастығының айқын көрінісі дедіңіздер. Далбаса. Итті иесімен қинасын. Иттің иесі – адам. Адамның иесі – халық. Ерлі-зайыптылар ешқашан ұрыспай-таласпай тұра алмайды. Сондайда әйелің басқа ұлт өкілі екен, пәле қозды дей бергін. Жәй үй-ішілік бықы-тықы әңгіме демнің арасында ұлтаралық жанжалға айналып шыға келеді. Менің көрген күнім сол болды. Қит етсе, әйелім қазақтың, мен орыстың жер-жебіріне жетуге кірісіп кеп кететінбіз. Құрысын, қатынды кісі жеңген бе, оның үстіне ол – ұлы орыс халқының өкілі болса.
Сәлима. Болсын. Онда тұрған не бар?
Сәлім. Бәрі бар. Ол орыстың, мен қазақтың намысын жыртып салғыласамыз, арғы-бергі атақты адамдарымызды, арыстарымызды атап айбынданамыз, өнер-білім саласындағы өрелі істерімізді алға тартып, озбақ боламыз. Сондайда Валя жеңетін. Орыстың барлық патшасы, зиялылары – та- рих төрінде тұр, тізіп атай бер. Олардың әрқайсысы туралы том-том кітап жазылған. Қазақтың ханының бәрі – қарақшы, зиялыларымыз – халық жауы. Бетке ұстарымыздың бәріне қара күйе жағып, ауызға алғысыз қылып тастаған. Кімді арқа тұтпақсың?! Абай мен Шоқан қай шалғайыңды жабады? Мұхтар мен Қаныш, Бауыржан мен Талғат қашанғы мият болмақ? Сондағы өкініш пен шарасыздықты айтпағын енді!
Сәлима. Арыстарымыздың бәрі ақталды ғой, атай бермедің бе шетінен тізіп?
Сәлім. Кеш ақталды. Олар ақталғанша біздің отбасының ойраны шығып біткен. Рухани көсемі, мақтаны жоқ халық — сорлы. Ал, сорлының ұлы – күштінің құлы. Мен мұны өз басымнан көп өткердім, талай-талай жер болдым. Әз Төле, қаз дауысты Қазыбек, Әйтекелер, Абылайхандар, Ахмет ағалар, Димаш даналар ендігі ұрпақтың абыройына айналса екен. Жастар осылардай ұлыларымыз бар екенін біліп өсіп, атын ардақтасын! Тек ұятты ұл, ибалы қыз тусын! Сонда ғана оңаламыз біз.
Сәлима. Ұл-қызың бар шығар?
Сәлім. Бар. Ұлым да, қызым да бар. Бірақ олар қазақ емес, орыс.
Сэлима. Кім де болса, барды айт.
Сәлім. Жоқ, қазақтың баласының қазақ болмағаны – азап!
Сәлима. Қазақ балаңнан көрген азап құрысын бәрінен!
Сәлім. Қайдам-ау! Қазақты қинаса, қазақ қинасын. Жақсылық көрейік, жамандық көрейік, өз қандасымыздан көрейік.
Сәлима. Мынауың, әбден күйзелген адамның сөзі ғой.