БАЛАЛАРДЫҢ МАХАББАТЫНДА НЕМІЗ БАР?
(Екі бөлімді, бес көріністі драма)
Қатысатындар:
Зәуре – институтта оқитын бойжеткен.
Ерлан – құрылысшы жігіт, институтта сырттай оқиды.
Оспан – Зәуренің әкесі, құрылыс компаниясының бастығы.
Тәттігүл – Зәуренің шешесі, дүкен меңгерушісі.
Берік – Ерланның әкесі, совхоз бригадирі.
Аманғайша– Ерланның шешесі, мұғалима.
Әлім – қала әкімі, Оспанға бажалығы бар.
Балқия – үй шаруасындағы әйел, Тәттігүлге әкпелігі бар.
Ерлан – маскүнем жігіт, Әлім мен Балқияның ұлы.
Бірінші бөлім
Бірінші көрініс
Оспанның үйі. Осы заманғы қонақжай бөлме.
Үлкен жұмсақ диванда Тәттігүл отыр ойланып.
Тәттігүл (өзіне-өзі). Апыр-ау, енді қайттім? Балқия мен Әлімге не бетімді айттым? (Осы сәтте есік қоңырауы шырылдайды). Есік ашық, кіре беріңіз. (Балқия кіреді. Тәттігүл орнынан ұшып тұрады).О-о, Балқия тәте! Сәле-е-метсіз! Келіңіз-келіңіз. (Екеуі құшақтасып сүйіседі). «Ауыл үйдің қонағы анда-санда» деген, есікпе-есік отырып айында-жылында бір көретін болдық қой бір-бірімізді, тәте-ау. Жоғары шығыңыз.
Балқия. Қаланың адамы осы да. Қалай, амансыңдар ма?
Тәттігүл. Аманбыз. Өздеріңіз ше?
Балқия. Шүкір. Қане, көрсетші етігіңді. Қай елдікі екен?
Тәттігүл. Финдікі.
Балқия. Нағыздың өзі екен ғой.
Тәттігүл (басқа бөлмеге барып, қорабымен етік алып келеді). Мінекиіңіз, игілігіңізге киіңіз. Тура сіздің размеріңіз.
Балқия. «Турашыда туғаның болсын» деген осы енді. Бұл бір біткен шаруа болды.
Тәттігүл. Тәте-ау, сізден аяп не көрініпті маған?
Балқия. Бәсе, десеңші!
Тәттігүл. Тәте, сізге бір жаңалық айтайын ба? Бізді құттықтасаңыз да болады, күйеу балалы болайық деп жатырмыз.
Балқия. «Қыз – шайтан» деген рас екен-ау, Зәуренің бойжетіп қалғаны ма сонда?
Тәттігүл. Бойжетті, тәтесі. Он тоғызға келді. Мен де осы жасымда тиіп едім ғой Оспанға.
Балқия (кекесінмен). Иә, бұл үлкен жаңалық екен. Құттықтаймын! Күйеу жігіт кімнің баласы екен?
Тәттігүл. Кім біліпті? Кімнің баласы болса да бәрібір емес пе? Зәуре кешке ертіп келеді үйге. Сонда көреміз, сұраймыз әке-шешесінің кім екенін.
Балқия (даусы қатқыл шығып). Көр-көр! Сұра! Таныс! Тәттігүл, сен өзі уәдені ұмытқаннан саумысың?
Тәттігүл. Қайдағы уәде?
Балқия. Ойланып көрсең ше?
Тәттігүл. Нені ойланамын?
Балқия. «Зәурені Ерланға беремін» дейтінің қайда? Соны ойлан.
Тәттігүл. Қайдам?
Балқия. Несі қайдам? Сөзді қой, Зәурені Ерлан алады.
Тәттігүл. Сіз екеуіміз туысқан емеспіз бе?
Балқия. Туысқанбыз, бір елдің қызымыз. Онда тұрған түк те жоқ. Әлім мен Оспан бір-біріне бөтен, қыз алысатын рулардан.
Тәттігүл. Қайдам? Бірдеңені бүлдіріп алып жүрмесек болыпты да, әйтеуір.
Балқия. Мен не айтып тұрмын саған. Байқаймын, түлкі бұлтаққа салайын деп тұрған сияқтысың.
Тәттігүл. Қойыңызшы, құрысын, онысы несі тағы? Тәте-ау, адамда бас бостандығы деген болмай ма?
Балқия. Болады.
Тәттігүл. Болса, бұл мәселені Зәуренің өзі шешеді.
Балқия. Жоқ, Зәуре де, басқа да емес, сен екеуіміз шешеміз.
Тәттігүл (ығып). Кім біліпті, жігітін ертіп келіп таныстырайын деп отырған қыз көне ме айтқанға? Оның үстіне Зәуре – орысша оқыған, тік мінезді, алған бетінен қайтпайды.
Балқия. Көнеді. Көндіреміз. Жоқ, әлде, бізбен құдаласқың келмей ме?
Тәттігүл. О не дегеніңіз, тәте-ау! Сіздермен құда-құдағи болсақ, арман, қане!
Балқия. Бәсе, солай демейсің бе бірден! Жездең: «Зәуре – бір айналайын бала. Бұйырса, асқан келін болады», - деп аузынан бір елі тастамайды. Ойбай, мынауыңды естісе, өлер ол байғұс!
Тәттігүл. Естімейді. Естіртпейміз. Бәрін туралаймыз.
Балқия. Міне, енді мұның – азаматтық. Өстімесек, біз Бөрінің қызы боламыз ба?
Тәттігүл. Кешке болсын, осыдан бар ма, осыдан көр де тұрыңыз, Ерланның қайда, өзінің қайда қалғанын білмейтін етейін мен ол қыздың.
Балқия (лезде ашуланып). Не деп тұр өзі? Қызыңды, маған десең, пісіріп же, Ерланда шаруаң болмасын!
Тәттігүл. Тәте, сіз өйтіп құр босқа ашуланбаңыз. Сіздің Ерланды емес, қыздың Ерланын айтып отырмын мен.
Балқия. І-і, ол неменің аты да Ерлан ба еді? «Жаман иттің атын Бөрібасар қояды» деген.
Тәттігүл. Соны айтам. Бізге кім көрінгеннің Ерланы емес, сіздердің Ерланыңыз керек.
Балқия. Иә, бағанадан бері сөйдемеймісің? Айналайын Зәуре қолдан шығаратын бала ма, жо-жоқ, атай көрме! Өзіміз келін қылып аламыз оны.
Тәттігүл. Сөйтіңіздер, армандарыңызға жетіңіздер.
Балқия. Құдай әумин десін! Бұл әңгіме осымен бітсін. Қайтайын. Ал, мына етігің қанша тұрады.
Тәттігүл. Түк те тұрмайды. Ала беріңіз.
Балқия. Е-е, бұл ненің ақысы? (Сөмкесіне қолын жүгіртіп). Жоқ, болмайды, пұлын ал!
Тәттігүл. Тәте, қойыңызшы, тегі! Арамызда бір етік жүрсе, ештеңе етпес. Сізге сыйлағаным болсын, алыңыз.
Балқия. Қап, өстіп құртады ғой бұл адамның діңкесін. Мейлі, етікті айтамыз, адам алғалы отыр емеспіз бе біз енді.
Тәттігүл. Қалың малды жақсылап дайындаңыздар, сонда қайтады бәрі.
Балқия. Дайындаймыз. Бір баладан аярымыз жоқ біздің.
Тәттігүл (разы болып күліп). Қайран менің Балқия тәтем, бәрінің жөнін біледі.
Балқия. Сен де ешкімнен қалмайсың, жасауын жақсылап сайла қызыңның.
Тәттігүл. Сөз бар ма, әлдеқашан әзірлеп қойғанмын бәрін.
Балқия. Білемін ғой, Білемін, Зәуре десе, сен ішкен асыңды жерге қоясың.
Тәттігүл. Біздің бір қыздан аярымыз жоқ. Үйдей көшіріп ұзатамыз біз Зәурені.
Балқия. Тілеуіңе жет! Мен енді үйге барайын, Тәтті.
Тәттігүл. Барасыз ғой. Отыра тұрыңыз, шәй ішіңіз. Есікпе-есік отырып несіне асығасыз?
Балқия. Шаруа бар. Жездеңе кешкі ас дайындауым керек.
Тәттігүл. Мейліңіз онда.
Балқия. Жақсы.
Балқия кетеді.
Тәттігүл (өзіне-өзі). Балқия тәте, сені қойшы! Әлім жездем үшін бәрі! Сол кісі болмаса, етік тұрмақ калош ұстатар ма едім мен, сенің қолыңа? Ал, жезде, алдымен етік кетті үйіңізге, енді Зәуре барады келін болып. Оспанға оқтын-оқтын дүрдиіп қалатыныңыз болушы еді, түстіңіз-ау ақыры қолға. Бізді енді ешқандай құдай алмайды.
Зәуре келеді.
Тәттігүл. Қызым, не жалғызбысың? Ерлан қайда?
Зәуре. Келе алмады.
Тәттігүл. Немене, ұялып келмеді ме? Дәу де болса, ауылдың баласы болды ғой оның.
Зәуре. Иә, ауылдың баласы.
Тәттігүл. Бәсе-бәсе, өзім де солай ғой деп ойлап едім. Ауылдың баласы де.
Зәуре. Ауылдың баласы болса несі бар?
Тәттігүл. Несі болсын? Ұялшақ, ынжық болады олар. Әке-шешесі текті адамдар болса, бір сәрі, әйтпесе, құрығанымыз. Айтып ауызға алғысыз біреу шығар ол пәле?
Зәуре. Мама, тегін тергеп қайтесіз? Ерлан маған ұнаса, жетіп жатыр емес пе сізге?
Тәттігүл. Сен әлі түкті де білмейді екенсің, қызым. Жігітің кім өзі? Оқи ма, жұмыс істей ме, жоқ, әлде, рәкет немесе ұры ма?
Зәуре. Мама, қай-қайдағы пәлені айтқаныңыз сонша! Ерлан – құрылысшы.
Тәттігүл (кекесінмен). Құр-рылысшы!.. Өйтіп әспеттегенше қара жұмысшы демейсің бе оныңды. Қайдан тауып жүрсің сен оны?
Зәуре. Біздің институтта сырттай оқиды.
Тәттігүл. Сырттай оқығаны несі? Сол да оқу болып па? Не, кәдімгі өзің сияқты студент бала құрып қалып па? Құрылысшы деген не пәле? Не құрыса құрылысшы, одан соң сырттай оқитын студент құрысын.
Зәуре. Папам да құрылысшы, ол да құрысын ба сонда?
Тәттігүл. Қара, қылжақтағысы келеді. Папаң – құрылысшы, бастық.
Зәуре. Папам бірден бастық емес, қатардағы құрылысшы болған шығар.
Тәттігүл. Болған. Папаң құрылыста істеп жүргенде қай күні биіктен басы айналып ұшып кетер ме екен деп қу жанымды қу шүберекке түйіп отыратынмын.
Зәуре. Жаса, мама! Сіз папамды кереметтей сүйеді екенсіз.
Тәттігүл. Сүймегенде ше.
Зәуре. Мен де Ерланды кереметтей сүйемін!
Тәттігүл. Жоқ, керегі жоқ оның, сүймейсің. Айттым ғой, биіктен ұшып кетіп өлсе, байсыз қаласың, қызым!
Зәуре (күліп). Мәс-саған, қызық! Әй, мам-мам! Сол да сөз бе екен? Ешкім өлу үшін өмір сүрмейді. Ал, егер шындар болсаңыз, айтайын, адамды қас қағым сәт те бақытқа бөлейді.
Тәттігүл. Тө-о-оу, ақылың тасып тұр екен ғой, қызым! Қанша көсемсі, шешенсі, бәрібір тимейсің сен оған.
Зәуре. Мама, сіз қызықсыз! Тимейсің сен оған? Бұл неткен дөрекілік! Біз енді ғана...
Тәттігүл. Болды-болды, сөйлеме. Енді ғана болса тіпті жақсы, айырылысу оңай болады. Өзім діттеп жүрген жер бар, соған барасың.
Зәуре. Мама, сол да бола ма екен?
Тәттігүл. Болады. Осы қала толған жақсы жігіт. Соның біреуі бұйырмағаны ма бізге? Әлде өтімің жоқ болғаны ма? Маған тартсаң, жігіттің төресіне тиесің әлі-ақ. Мен осы әкеңді бір көргеннен-ақ қағып түскенмін.
Зәуре. Жарайсың, мама! Папама қосылғаныңыз қандай жақсы болған. Әйтпесе...
Тәттігүл (ашуланып). Әйтпесе... Айт арғы жағын.
Зәуре. Әйтпесе мен дүниеге келмейтін екенмін.
Тәттігүл. Қара, мен шындап тұрсам, бұл қылжақтайды ғой! Көрсетейін мен шешесімен қалжыңдасқанды!
Оспан кіреді. Жұмыстан келген беті.
Тәттігүл. Оспан, бол, ойбай, кел бері!
Оспан. Не болып қалды, сонша?
Тәттігүл. Жау шапты! Қызың тексіз біреуге тиетін болыпты.
Оспан. Тексізің не? Соғыс біткелі қай заман. Олжабайлар мен Олжабектердің өзі әке болып кеткелі қашан.
Тәттігүл. Ол немені тексіз дегенім, белгісіз адамның баласы дегенім емес пе? Сөйтсем, қай-қайдағыны айтқаның! Құдайым-ау, енді не дедім бұларға?
Зәуре. Өтінемін, қойыңыздар бұл әңгімені.
Тәттігүл (өрекпіп). Қоймаймын! Ондай ауылынан адасып, тентіреп келген жалаңаяқ құрылысшы кімге керек?
Оспан. Қызықсың сен, Тәттігүл! Құрылыста істейтін адамды ешкім де кекетпейді. Құрылысшы деп құрметтейді.
Тәттігүл. «Бөрік кигеннің намысы бір». Сен де құрылысшы екенсің ғой, айтпақшы. Мейлі, оны құрылысшы дейік, құрметтейік, бірақ қызымыздан аулақ жүрсін.
Оспан. Неге?
Тәттігүл. Өйткені оның әке-шешесі келіспеген адамдар. Бүгін бесіктен белі шықпай жатқан баласын жұмысқа салып қойған ата-ана ертең Зәурені күң қылып жұмсайды. Қызымыз ауылдың салпы етек қатыны болады да шығады.
Зәуре. Несі бар, Ерлан үшін дәл сіз айтқандай келін болуға әзірмін мен.
Оспан. Тәттігүл, ол бала қалаға қаңғып емес, қанаттанып келіп отыр. Меніңше, ол баланың әке-шешесі өмір білетін адамдар. Баласы еңбек етеді екен, азбайды. Зәуре келін болып, ата-енесі жұмсап жатса, оған қуану керек. Біздің халықтың бір бақытсыздығы – ата-ененің келінге ықпалынан айырылып қалуы.
Тәттігүл. Бұрынғыдай үйде ата-ененің аузына қарап отыратын күн қайда келінге? Қазіргі әйел түзде еркекпен бірдей жұмыс істеп, бірдей дүние табады. Сен өйтіп ескілікті аңсағанша, былай бір жан-жағыңа қарамайсың ба? Құрылыс... Өмір... Қанат... Еңбек... Қызың екеуің осылардан басқаны қашан көріп, қайтіп білмек екенсіңдер?
Оспан. Сонда нені көріп, нені білмекпіз?
Тәттігүл. Көретін, білетін нәрсе жетеді, дәл мұрындарыңның астында бәрі. Қызына күйеуді, баласына қалыңдықты өзі таңдап беретін болған қазір ел. Немене, біз солардан сорлы болыппыз ба? Жоқ, сендерді білмеймін, мен өзімді ешкімнен кем санай алмаймын. Мен де өзім қалаған жерге беремін қызымды.
Оспан. Біреу өйтті, біреу бүйтті екен деп көшірме өмір кешетін жайым жоқ менің. Мен өз жөніммен, өз жолыммен жүремін.
Зәуре. Папа, тамаша айттыңыз!
Тәттігүл (Зәуреге). Жә, үлкендермен қабаттаспа! (Оспанға). Ондай кертартпа сөзің өзіңе. Біліп қой, мен осы жұрт отқа түссе отқа, суға түссе суға түсемін. (Зәуреге). Сен қыз бүгін өлдім-талдым деп тиіп алып, ертең құтыла алмай қор боласың ол пәлеңнен.
Оспан. Сен өйтіп сәуегейлік айтпа. Жастар ертеңіне күмәнмен емес, үмітпен қарауы керек.
Зәуре. Рас, папа.
Тәттігүл. Болды. Жынымды келтіре бермеңдер енді екеуің. Әкем-ау, неткен түкке түсінбейтін кеще еді бұлар? Әке-шешесі жора-жолдас, аралас-құралас адамдардың балаларының некесі берік болатынын неге білмейді бұлар, а?!
Оспан. Білмейміз. Білудің қажеті де жоқ. Білетініміз – бір-бірін сүйген екі жас қосылуы керек. Өз тағдырын өзі шешсін Зәуре.
Тәттігүл. Шешпейді. Бұған ерік беру – ерте. Мен айтқан жерге барсын, үйлі-күйлі болсын, сонда: «Ал, қызым, тізгінді мықтап ұста!» - деп жол болсын тілейміз.
Оспан. Жетелеуден басқа түк көрмеген жас жетілмейді.
Зәуре. Папа, гениально!
Тәттігүл. Сен қыз оп-оңай одақтас таба қойыпсың, оныңның жөні бола қоймас. Оспан – менің байым, менің одақтасым. Сен де әжептеуір біреуге ти де, соған тіліңді алғыз. Ана жалаңаяқ Ерланың саған жар болмайды. Сен алғаш «жігітім Ерлан» дегенде мен оныңды Әлім жездемнің баласы екен деп қалғанмын. Саған ақыры Ерлан керек екен, онда соған ти.
Оспан. Кімге-е?
Тәттігүл. Әлім жездемнің Ерланына. Біліп қой, Зәуре Әлім жездеме келін болмаса, бір күн де тұра алмайсың сен бұл қызметте, ұшып кетесің орныңнан.
Оспан. Тұрмай-ақ қойдым. Зәуре сүйгеніне барсын.
Тәттігүл. Түсіп көр қызметіңнен, сол заматта ажырасамын мен сенен. Ноқтаңды түріп, айдап қоя беремін.
Зәуре. Мама!
Оспан. Міне, сөз. Сонда мен адамдығыммен, арыммен емес, атағыммен, қызметіммен жолдас болып жүр екенмін ғой саған.
Тәттігүл. Енді қалай деп едің? Біле білсең, сені осы дәрежеге жеткізіп отырған мына мен. Мен болмасам, әлдеқашан қаңғып кететін едің.
Оспан. Қалайша?
Тәттігүл. Солайша. Жақсы әйел жаман еркекті таққа, жаман әйел жақсы еркекті тасқа отырғызады.
Оспан. Иә, оның рас.
Зәуре. Біздің мамамыз – философ.
Тәттігүл. Менің тілімді алсаңдар, қор болмайсыңдар. Қызым, менің айтқаным болады дедім бе, болады. Өлем-тірілем, болдырамын. Әлім жездем мен Балқия тәтеме жақсы келін керек, ол – сен. Әкеңді сүйреп жүрген сол жездем, ол – бізге әркез керек адам.
Зәуре. Жоқ, мама. Болды, мен айтарымды айттым.
Оспан. Сенің жездең – болмашысын пұлдайтын күмпілдек, үрген қарын... Сен сонысына сеніп жүр екенсің ғой. Жо-о-оқ...
Тәттігүл. Сонда сен қайтіп бастық болып жүрсің?
Оспан. Еңбегіммен болып жүрмін.
Тәттігүл (кекетіп). Еңбегіммен! Ойбай-ау, еңбекті кім істемейді, бастық болып жүргені қайсы солардың? Сені жездеме айтып мен өзім өсіргенмін.
Оспан. Қолынан біреуге не жақсылық, не жамандық жасау келген адам ғана адам. Олай ете алмаған адам – әншейін біреу. Сенің жездең сол әншейіндердің санын көбейтіп жүрген адам.
Тәттігүл. Болды! Сендер қызың екеуің жыныма тие бермеңдер, әйтпесе...
Зәуре. Мама, абайлаңыз, қазір стресс, инфаркт заманы.
Тәттігүл. Жоқ, қызым, қазір СПИД заманы. Онымен кім ауырады? Жатақханада сенің Ерланың құсап қаңғып жүргендер ауырады.
Зәуре. Жоқ, мама, Ерландар – жатақхананы құтқанаға айналдырып жіберген жігіттер. Маған мынадай жиһазды үйден жатақхана, ұрыс-керісі көп отбасынан жастар ортасы артық.
Оспан. Дұрыс айтасың, қызым. Азғындар еңбек етіп жүрген жігіттердің ортасынан емес, біз сияқты бастықтардың балаларының арасынан шығып жатыр.
Тәттігүл. Түу, сендерге сөз айтып болмайды екен! Түңілдім мен екеуіңнен!
Оспан. Қайтеміз, өзің біл.
Зәуре. Мама, сіз түңілген жоқсыз, түсіндіңіз бізді. Сол үшін мен сізге бір ән айтып берейін. Әннің аты – «Махаббат – от-жалын», тыңдаңыз. (Көңілденіп әндетеді).
Махаббат – ол асау жүрек, от-жалын,
Шын сүйгеннің шарпымайды оқ талын.
Жүрек – жалғыз, махаббат та біреу-ақ,
Өзге жанды қалай алман, жоқ халім.
Қ а й ы р м а с ы:
Келмейді ұнап күйгім,
Мен оны құлап сүйдім.
Біз – енді бір-ақ әнбіз,
Бұрауы құлақ күйдің.
Махаббатты қастерлеп мен өтейін,
Дей алмайды ешкім мұны төте мін.
«Сүйем», - дестік, қол алыстық, серттестік,
Аяулым – ол, емес енді бөтенім.
Қ а й ы р м а с ы.
Махаббат – ол сүйгендердің еншісі,
Тек адалдық – қос жүректің емшісі.
Арманы бір адамдарды айнытпас,
Еш суық қол – әзәзілдің елшісі.
Қ а й ы р м а с ы.
Тәттігүл (тыжыранып). Қызым, шаруаң біткен екен! Зәуре. Мама, бұл ән ғой! Ән...
Оспан. Зәуре, мамаңда ән тыңдайтын ахуал жоқ. Одан да мазасын алмай, өзді-өз бөлмемізге кетейік.
Оспан мен Зәуре кетеді.
Тәттігүл (сазарып отырып қалады). Барыңдар-барыңдар, көрсетемін мен сендерге Тәттігүлдің кім екенін! (Телефонға төніп, нөмірін теріп жатып). Өлем-тірілем, дегеніме жетем.
Екінші көрініс
Әлімнің үйіндегі бай жиһазды қонақжай бөлме.
Үй иелері Әлім, Ерлан бір-біріне тоң қабақ болып отыр.
Бұрыштағы телефон шылдырайды.
Балқия (барып трубканы алып, құлағына тосып). Иә-иә. Келді... Бәріміз үйдеміз. Біз де кірісіп жатырмыз сол әңгімеге... Ерлан ба?.. Қайда барады, көндіреміз...
Ерлан. Мама, қысқартыңыз бұл әңгімені. (Таяп келіп телефон рычагын баспақ болады).
Балқия. Баршы әрі!.. (Трубкаға). Жо-жоқ, саған емес... Әлім ғой қытықтап тұрған. (Ерлан рычагқа қолын тағы созады). Жоғал! (Телефонға төне түсіп). Тәтті, өстіп жоқ жерде ойыны келіп тұрады жездеңнің... Ерланнан ұялмайды... Баласының көзінше ойнай береді бұл.
Ерлан. Мама. Сонша әртіс болғаныңыз! Жетеді, тастаңыз бос әңгімені. Одан да әкеліңіз тыққан арағыңызды.
Балқия. Тәтті, жарайды, қалғанын қазір барған соң сөйлесеміз. (Телефон трубкасын орнына қояды). Балам-ау, не болды саған сонша ентелеп? Әлім, кісімен сөйлесіп жатқанда кішкене бір қой десең қайтеді балаға?
Әлім. Тапқан екенсің қоятын баланы. Бер-бер, құйсын қылқылдатып құлқынына.
Балқия. Жүріңдер, жиналыңдар, Тәттігүлдің үйіне барамыз. (Ерланға). Сол үйден ішесің. Арақ-арақ дей бергенше, әуелі қызды икемдеуді үйренсең етті.
Ерлан. Алдымен жүз грамм беріңіз. Содан кейін жүз қызды ал десеңіз де, мақұл!
Балқия. Бәсе, ақылы бар менің күнімнің!
Әлім. Жүзі неге керек, Зәуре жетеді, бізге.
Балқия. Иә, Зәуре керек бізге. Зәурені алсаң, арақ жетеді саған. Ас үйдегі шкафта тұр арақ, бар да құйып іш жүз грамыңды.
Ерлан ас үйге кетеді.
Әлім. Мынау тез көнді ғой өзі.
Балқия. Айтпа, құдай берді деген осы! Зәуре біздің келініміз деп есепте енді!
Әлім мен Балқия тәтті қиял құшағына еніп кетеді.
Екеуі дәл осы орындарында шіреніп отыр.
Есіктен Оспан мен Тәттігүл асығып-аптығып кіріп келеді.
Екеуі де естері шығып, еліріп алған.
Достарыңызбен бөлісу: |