Жеке адамның әлеуметтенуі. Тұлғаның қалыптасуы, индивидтің әлеуметтік-мәдени күйге енуі өте күрделі үдеріс. Оған көптеген қозғаушы күштер, факторлар қатысады. Әлеуметтану ғылымы жеке адамның әлеуметтену үдерісін, әлеуметтік қасиет, құндылық, мақсат - мұрат ережелерін және әлеуметтік мінез-құлық, білім алу, іскерлік пен дағды принцитерінің қалыптасу процесін талдауға мүмкіндік беретінді белгілеуге тырысады. Осы арқылы адам әлеуметтік байланыстар және әрекет жасайтын қауымдастықтардың мүшесі болады. Қоғамдық өмір сабақтастық арқылы жаңартып отырады. Сондықтан индивидтің әлеуметтену үдерісінде - әлеуметтік әрекеттестік түрі, үлгісімен байланысты екені, онда қандай қоғамның кұндылықтардың ұстанаылатыны ескеріледі.
Әлеуметтену концепциясын өмірге енгізген француз социлогы Г.Тардтың теориясы бойынша – адамдар қарым-қатынасының түбірі еліктеу қағидасы болады. Ол, оқытушы – оқушы қарым-қатынасын типті әлеуметтік қатынас деп атайды. Американ социологы Т.Парсонс индивидтің көпшілік мойындаған беделді адамдармен араласуы, әлеуметтік жүйеге интеграциялануының ережелерін түсіндіретін әлеуметтік теорияны жасап шығарды. Оның ойынша, әлеуметтену институттары жанұя мен білімді қосқанда әлеуметтік құрылысты тудыру қызметін атқарады.
Әлеуметтену тек балалық және жастық шақта ғана қалыптасып қоймайды, оның жаңа статустары мен рөльдерін, қажетті әлеуметтік касиеттерді есейген адам өмір бойы игереді. Әлеуметтену процесінің маңызды ерекшелігі – жеке адамның әдейі (мысалы, тәрбие институттары арқылы), не әдейі емес, жасырын (латентті) әлеуметтенуі. Бірінші жағдайда адам қиындықтарға кезіге отырып, белгілі бір әлеуметтік рөльге енеді. Екінші жағдайда әлеуметтік құндылықтар жүйесінің жеке адамның қалыптасуына шешуші әсер тигізетіні меңзеледі. Үшіншіден, әлеуметтену үдерісі – жеке адамның өзіндік даралығы, өзіндік келбетін табуы екені атап көрсетіледі. Ендеше, әлеуметтену үдерісі қоғамдық ортаға енжар бейімделуі, жеке адамның әлеуметтік жағдайларға көнуі емес. Ол сыртқы (әлеуметтік) және ішкі (биогенетикалық, рухани) факторлар ықпалы және жеке адамның өзіндік белсенділігі қызметінің жемісі.
Әлеуметтік ортаға бейімделу, әлеуметтенудің мақсаты, қоғамның функциялануының міндетті шарты. Мұнда әлеуметтену үдерісінен тыс, жеке адамның қоғамдық қатынастар жүйесіндегі орнымен, оның әлеуметтік белсенділігімен байланысты шектен шығушылық орын алады. Бұл шектен шығушылық бейімделудің жағымсыз түрі. Мұның бірі конформизм (лат.conformism – ұқсас, тәрізді) деп аталады. Конформизм – өз позициясының жоқтығы, белгілі бір үлгіге еру, беделге бағынумен сипатталады. Конформизмнің әлеуметтік сипаттамасы – саналы адамның әр түрлі өмірлік жағдайда өзін ақтау мақсаты мен қателіктерін мойындамай бәрін жағдай ағымына жабуы.