3 тақырып. Әлеуметтанулық зерттеулер Дәріс мақсаты: 2 сағат дәріс сабағы барысында студентті қоғамдағы өзекті әлеуметтік мәселелерді әлеуметтанулық зерттеулердің нәтижесінде талдай білуге үйрету.
Жоспар: 1. Әлеуметтанулық зерттеу әлеуметтік шындықты тану кұралы ретінде. Әлеуметтік деректер және әлеуметтік акпарат. Әлеуметтанулық зерттеулер классификациясы: фундаменталдық және қолданбалы, теориялык және эмпирикалық зерттеулер.
2. Әлеуметтанулық зерттеудің ғылыми ұйымдастырылуы. Әлеуметтанулық зерттеу бағдарламасы. Әлеуметтанулық зерттеу бағдарламасының кұрылымы және негізгі элементтері.
3. Проблема ұғымы, зерттеудің объектісі және пәні, максаты мен міндеттері, гипотезасы. Ұғымдар операционализациясы. Зерттеудің жұмыс жоспары.
4. Әлеуметтанулық зерттеудегі іріктеу. Іріктелген жиынтыктың мәні. Негізгі және іріктелген жиынтык. Репрезентативтік.
Кілт сөздер:әлеуметтік деректер, әлеуметтік ақпарат, эмпирикалық зерттеулер, басты және іріктеу жиынтықтары, анкета, сұхбат, зерттеу гипотезасы, социометрия, контент-талдау, фокус топ әдісі, лонгитюдтік зерттеу. .
Әлеуметтік зерттеудің теориялық және эмпириялық («эмпирия» - грек сөзі, «тәжірибе» деген мағына береді) типтері бар. Тәжірибелік зерттеу іргелі және қолданбалы болып екіге бөлінеді. Іргелі әлеуметтік зерттеудің басты мақсаттарының бірі зерттеліп қаралатын пән жөніндегі ғылыми түсінікті жетілдіру мен дамыту болып саналады. Қолданбалы зерттеу нақты бір әлеуметтік проблеманы шешуге арналады.
Қолданбалы зерттеудің социоинженерлік сипатта болуы оның теориялық зерттеуден айырмашылығы бар екендігін де ашып көрсетеді. Өйткені соның нәтижесінде әрекет етудің нақты бағдарламасы жасалады. Оны жүзеге асыру зерттелген проблеманы практикада шешуге бағытталады.
Әлеуметтанулық зерттеудің мәні, кезеңдері және бағдарламасы.Қоғамда болып жатқан әлеуметтік құбылыстарды, процестерді жете түсіну, жан-жақты түсіну нақты фактілерді жинаумен, талдаумен байланысты. Бұл әлеуметтанулық зерттеулерде қолданылатын арнайы кешенді әдістердің көмегімен жүзеге асады. Нақты әлеуметтанулық зерттеудің мақсаты әлеуметтік процестерді, олардың даму заңдылықтарын, нақты көрініс беруін тереңірек зерттеу болып табылады. Эмпирикалық әлеуметтану ппроцестер мен құбылыстардың мәнін теориялық тұрғыдан тануды, зерттеуді толықтыра түседі. Бұл қоғамдағы әлеуметтік шындықты түсінуге мүмкіндік береді. Сол себепті эмпирикалық талдау теориялық білімнің бастау көзі және негізі болып табылады.
Бүгінгі күннің назар аударарлық әлеуметтік құбылыстар тұрғысында жаңа білім алуға бағытталған қызмет түрін әлеуметтану ғылымының зерттеуі деп атайды. Әлеуметтік құбылысқа өндірістегі жағдай, қайсыбір мәселелер жөніндегі қоғамдық пікір жатады.Мұндай құбылыстарды зерттеу нәтижесінде олардың пайда болу себептері жөнінде жаңа ақпарат алынады. Ғылыми ізденіске кіріспестен бұрын нені зерттейміз, кімдерден ақпараталамыз, зерттеуді қай жерде өткіземіз және т.б. осындай сауалдарға жауап әзірлеуіміз керек. Осыған орай зерттеу жұмысының бірінші кезеңінде оның бағдарламасы мен әдістері дайындалады. Ғылыми ізденістің бүкіл процесін ұйымдастыру алдын-ала мұқият ойластырылады, сұрыптау (кімдер зерттеледі?) белгіленеді. Екінші кезеңінде адамдардың сол мәселе жөніндегі пікірлерін анықтайтын ақпарат жинақталады. Үшінші кезеңде алынған ақпарат қолмен немесе машинамен өңдеуден өткізіледі. Төртінші кезеңде алынған ақпаратқа ғылыми талдау жасалады. Бесінші кезеңде алынған ақпарат қорытындыланып, соның нәтижесіне орай шешім қабылданады. Зерттеу жұмысының барлық кезеңдері зерттелетін процестер мен құбылыстар жөнінде ақиқатты анықтайтын мәліметтер алу мақсатына бағындырылғандықтан олар бір-бірімен өте тығыз байланыста болады.
Зерттеу жұмысын бастау үшін оның бірінші кезеңінде дайындық жұмыстары қолға алынады, әлеуметтанулық зерттеудің бағдарламасын әзірлеу жұмыстары басталады. Ғылыми ізденістің жолдарын көрсететін және әдістеме шарттарын қамтитын құжаттарды зерттеу бағдарламасы деп атайды. Бағдарлама әдіснамалық, әдістемелік, зерттеуді ұйымдастыру тарауларынан тұрады.
- әдіснамалық тарауда проблема және оның тұжырымы, зерттеу мақсаттары анықталып, міндеттері белгіленеді, объектісі мен пәні айқындалады, зерттеуде қолданылатын негізгі ұғымдары анықталады, көземел (гипотеза) құрылады;
- әдістемелік таруында зерттеуге түсетін адамдарды сұрыптау негізделеді, мәліметтерді жинақтау және оларды өңдеу және талдау әдістері белгіленуі тиіс;
- зерттеуді ұйымдастыру тарауында зерттеушілердің жалпы саны және олардың арасындағы еңбек бөлінісі, зерттеудің мерзімі, реті, т.б. көрсетіледі. Бағдарламаның атқаратын міндетін оның осы үш тарауында қамтылған мәселелер анықтайтын болады.