Күзетпен ұстау
Бұлтартпау шарасы ретінде күзетпен ұстау тек судьяның санкциясымен және басқа, қатаңдығы неғұрлым жеңіл бұлтартпау шараларын қолдану мүмкін болмаған кезде заңмен бес жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген қылмысты жасады деген күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға қатысты ғана қолданылады. Айрықша жағдайларда бұл бұлтартпау шарасы, егер:
1) оның Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұрғылықты жері болмаса;
2) оның жеке басы анықталмаса;
3) ол бұрын таңдалған бұлтартпау шарасын немесе процестік мәжбүрлеу шарасын бұзса;
4) ол қылмыстық қудалау органдарынан немесе соттан жасырынуға әрекет жасаса немесе жасырынса;
5) оған ұйымдасқан топтың немесе қылмыстық қоғамдастықтың (қылмыстық ұйымның) құрамында қылмыс жасады деген күдік келтірілсе;
6) оның бұрын жасалған ауыр немесе аса ауыр қылмысы үшін сотталғандығы болса;
7) оның қылмыстық әрекетті жалғастырып жүргендігі туралы деректер бар болса, заңда бес жылға дейін мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген қылмысты жасады деп күдік келтірілетін, айыпталатын, сотталатын адамға қатысты қолданылуы мүмкін.
Осы баптың бірінші бөлігінің 1) тармағында көзделген мән-жай күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын таңдау үшін бірден-бір негіз болып табылмайды.
Бұлтартпау шарасы ретінде күзетпен ұстауды таңдау қажет болған кезде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам осы Кодекстің 140-бабына сәйкес сот алдында осы шараны қолдануға санкция беру туралы өтінішхатты қозғау туралы қаулы шығарады. Қаулыға өтінішхаттың негізділігін растайтын қылмыстық іс материалдарының расталған көшірмелері қоса беріледі.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам сот алдында күзетпен ұстауға санкция беру туралы өтінішхатты қозғау туралы қаулыда осы бұлтартпау шарасын таңдау себептерін және қатаңдығы неғұрлым жеңіл бұлтартпау шараларын қолданудың мүмкін еместігін негіздеуге міндетті.
Қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдік келтірілген адам ұстап алынған мерзім ішінде прокурор осы Кодекстің 131-бабында көзделген тәртіппен өтінішхаттың негізділігін растайтын қылмыстық іс материалдарымен танысуға құқылы және күдікті ұсталып отырған жерде одан жауап алуға құқылы.
Прокурор сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның өтінішхатын зерделеу нәтижелері бойынша өтінішхатқа келісім білдіреді не оны қолдаудан уәжді қаулымен бас тартады және (немесе) өзге бұлтартпау шарасын таңдау туралы мәселені шешеді. Қаулының көшірмесі мүдделі адамдарға жіберіледі.
Прокурор ұстап алу мерзімі өтерден кемінде сегіз сағат бұрын тергеу судьясына өтінішхаттың негізділігін растайтын қылмыстық іс материалдарының көшірмелерін қоса бере отырып, күзетпен ұстауды санкциялау жөнінде өтінішхат қозғау туралы қаулыны ұсынуға міндетті.
Тергеу судьясының күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхаттарды қарауы
Күзетпен ұстауды санкциялау құқығы – тергеу судьясына, ал осы Кодекстің 107-бабы жетінші бөлігінің 2) және 3) тармақтарында көзделген жағдайларда – облыстық және оған теңестірілген соттың судьяларына тиесілі.
Тергеу судьясы материалдар сотқа келіп түскен кезден бастап сегіз сағаттан кешіктірілмейтін мерзімде, осы Кодекстің 56-бабында айқындалған тәртіпті сақтай отырып, күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхатты прокурордың, күдіктінің, айыпталушының, оның қорғаушысының қатысуымен қарайды.
Тергеу судьясы қорғаушыны түскен материалдармен таныстырады.
Сот отырысына заңды өкіл мен өкіл де қатысуға құқылы, сот отырысының орны мен уақыты туралы сот оларға уақтылы хабарлаған жағдайда, олардың келмеуі сот отырысын өткізуге кедергі болмайды.
Сот отырысы барысында хаттама жүргізіледі.
Күзетпен ұстауға санкция беруге байланысты мәселелерді шешкен кезде тергеу судьясы көрсетілген бұлтартпау шарасын таңдау кезінде ескерілетін мән-жайларға қатысты іс материалдарын зерттеумен қатар, адамға қылмыс жасады деп күдік келтірудің негізділігін тексереді.
Қажет болған жағдайда судья қылмыстық істі талап етіп алдыруға құқылы.
Тергеу судьясының күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхатты күдіктінің, айыпталушының қатысуынсыз қарауына күдіктіге, айыпталушыға іздестіру жарияланған немесе олар Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерде болған және сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісінше хабарланған кезде қылмыстық процесті жүргізетін органға келуден жалтарған жағдайларда ғана жол беріледі. Ұстап алынған жағдайда күдікті, айыпталушы таңдалған бұлтартпау шарасын қолданудың негізділігін қарау үшін тергеу судьясына жеткізіледі.
Тергеу судьясы отырыстың басында қандай өтінішхаттың қаралуға жататынын хабарлайды, сот отырысына келген адамдарға олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді. Содан кейін прокурор күдіктіні күзетпен ұстауды бұлтартпау шарасы ретінде таңдаудың қажеттігін негіздейді, содан соң күдікті, айыпталушы және сот отырысына келген басқа да тұлғалар тыңдалады.
Прокурордың осы өтінішхатын қарау барысында күдікті, айыпталушы, сондай-ақ олардың мүддесінде қорғаушы осы Кодекстің 137-бабының бірінші бөлігінде көзделген өзге бұлтартпау шарасын қолдану туралы өтінішхат мәлімдеуге құқылы.
Тергеу судьясы үйқамақты, кепілді қолдануды санкциялаудан бас тарту туралы қаулы шығарған жағдайда, прокурор осы Кодекстің 107-бабында белгіленген қағидалар бойынша оған өтінішхат келтіруге құқылы.
Тергеу судьясы күдіктіні, айыпталушыны күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция беру туралы өтінішхатты қарау қорытындысы бойынша мынадай:
1) күзетпен ұстауға санкция беру туралы;
2) екі ай мерзімге күзетпен ұстауға санкция беру үшін жеткілікті негіздер болмаған жағдайда, он тәулікке дейінгі мерзімге күзетпен ұстауға санкция беру туралы;
3) күзетпен ұстауға санкция беруден бас тарту туралы қаулылардың бірін шығарады. Тергеу судьясы осы бұлтартпау шарасына санкция беруден бас тартқан жағдайда, осы Кодекстің 137-бабының бірінші бөлігінде көзделген өзге бұлтартпау шарасын таңдауға құқылы.
Тергеу судьясы күзетпен ұстауды санкциялау туралы қаулыда осы бұлтартпау шарасын таңдау себептерін және қатаңдығы неғұрлым жеңіл бұлтартпау шараларын қолданудың мүмкін еместігін көрсетуге міндетті.
Тергеу судьясы, аса ауыр қылмыстар туралы істерді қоспағанда, күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы қаулы шығарған кезде осы баптың тоғызыншы бөлігінде көзделгеннен басқа жағдайларда, күдіктінің, айыпталушының осы Кодекстің 140-бабының үшінші бөлігінде көзделген міндеттерді орындауын қамтамасыз ету үшін жеткілікті болатын кепіл мөлшерін айқындауға міндетті.
Тергеу судьясының, соттың қаулысында кепіл енгізілген жағдайда күдіктіге, айыпталушыға осы Кодекстің 140-бабында көзделген міндеттердің қайсысы жүктелетіні, оларды орындамаудың салдары, кепіл мөлшерін таңдаудың негізділігі, сондай-ақ оны қолдану мүмкіндігі көрсетіледі.
Күдікті, айыпталушы не басқа тұлға кепілді кез келген уақытта тергеу судьясының, соттың күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы қаулысында белгіленген мөлшерде енгізуге құқылы.
Тергеу судьясы, сот күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция беру туралы қаулы шығарған кезде мынадай:
1) адамға жәбірленушінің өліміне әкеп соққан қасақана қылмыстар жасады деп күдік келтірілген, айып тағылған;
2) адамға қылмыстық топтың құрамында қылмыс; террористік және (немесе) экстремистік қылмыстар; Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 1, 4, 5, 11 және 17-тарауларында көзделген аса ауыр қылмыстар, сондай-ақ төтенше жағдайларда немесе жаппай тәртіпсіздіктер барысында жасалған аса ауыр қылмыстар, соғыс уақытында немесе ұрыс жағдайында жасалған аса ауыр әскери қылмыстар жасады деп күдік келтірілген, айып тағылған;
3) күдікті, айыпталушы сот ісін жүргізуге кедергі жасайды немесе тергеуден және соттан жасырынады деп пайымдауға жеткілікті негіздер болған;
4) күдіктінің, айыпталушының қылмыстық әрекетті жалғастыруы туралы деректер болған;
5) күдікті, айыпталушы тергеп-тексеріліп жатқан қылмыстық іс бойынша бұрын таңдалған кепіл түріндегі бұлтартпау шарасын бұзған жағдайларда, кепіл белгіленбейді.
Өзіне қатысты тергеу судьясының қаулысы шығарылған адамға сол қаулы дереу табыс етіледі, сондай-ақ сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға, прокурорға, жәбірленушіге және күдікті, айыпталушы отырған күзетпен ұстау орны мекемесінің бастығына жіберіледі және дереу орындалуға жатады.
Күдіктіні, айыпталушыны күзетпен ұстауды санкциялау немесе одан бас тарту туралы қаулыға осы Кодекстің 107-бабында көзделген тәртіппен шағым жасалуы, ол прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қаралуы мүмкін.
Күзетпен ұстауды санкциялаудан бас тарту туралы қаулының күші жойылған жағдайда, облыстық немесе оған теңестірілген соттың күдіктіні, айыпталушыны күзетпен ұстауды санкциялау туралы мәселені қарауы осы Кодекстің 107-бабында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
Тергеу судьясы, сот күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялаудан бас тарту туралы қаулы шығарғаннан кейін күзетпен ұстау қажеттігін негіздейтін жаңа мән-жайлар туындаған кезде ғана сотқа нақ сол қылмыстық іс бойынша нақ сол адамға қатысты көрсетілген бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхатпен қайтадан жүгінуге болады.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам бұлтартпау шарасы ретінде күзетпен ұстаудың қолданылатыны туралы осы Кодекстің 135-бабында белгіленген тәртіппен – күдіктінің туыстарын, ал ол шетелдікке қатысты қолданылған жағдайда Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі арқылы осы мемлекеттің елшілігін, консулдығын немесе өзге өкілдігін де хабардар етуге міндетті.
Достарыңызбен бөлісу: |