Қазақ Ұлттық Қыздар Педогогикалық Университеті
Әлеуметтік жұмыс мамандығы
102-топ
Орындаған Жахонова Барно
Қабылдаған Кайпбаева Айнагүл
«Адам құқықтарын шектеуге бағытталған,қоғамдық өмірдегі партиялық бақылаудың күшеюуі,кәсіби тарихшы Е.Б. Бекмахановтың Кенесары Қасымов бастаған көтеріліс тарихын зерттеуі бойынша «әділетсіз»айыпталуы.Мақсаттары,міндеті бағыттары,ортақ ұқсастықтары Венн диограммасы арқылы талдау
Көп ұзамай қазақтан шыққан тұңғыш тарих ғылымының докторы Ермұқан Бекмаханов 25 жылға сотталды.
1944 жылы басталып, 1952 жылы Ермұқан Бекмахановтың 25 жылға сотталуымен аяқталған даудың басы «Кенесары Қасымов бастаған қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісі» деген ғылыми тұжырым еді.
Қазіргі тарих ғылымында орныққан бұл тұжырымды әуел баста көтерген ғалым сегіз жыл әуре-сарсаңға түсіп, ақыры бір жарым жылын ГУЛАГ абақтысында өткізді. Бекмахановтың саналы ғұмырының он екі жылдық сергелдеңіне кейбір отандық тарихшылар да «үлес» қосты.
Республика басшылығы «ұлтшыл» Бекмахановты қатаң айыптай отырып, осынау «ұлтшылдықты жөргегінде тұншықтырмаған» сол кезде Қаныш Сәтбаев басқарған Қазақ ССР Ғылым академиясын аяусыз сынады. Соның нәтижесінде Бекмаханов қана емес, басқа да ұлтшылдар «табыла қалып», қазақ әдебиетінің тарихын зерттеуші Есмағамбет Ысмайылов, Қажым Жұмалиев, т.б. ғалымдар да сотталды. Ал Қаныш Сәтбаев Мәскеуге кетуге мәжбүр болды. Қамауға алу туралы сөз бола бастағанда КГБ офицерлерінің бірінің астыртын жанашырлық ескертуінен кейін Мұхтар Әуезов те табан астында Мәскеуге ұшып кетті.
Бекмахановтың еңбегінде Кенесары Қасымұлы бастаған қозғалыстың «феодалдық-монархиялық қозғалыс» деп аталмай, қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісі ретінде қарастырылуынан шыққан даудың соңы қазақ ғалымдарының осылайша тағы да жаппай қуғын-сүргінге ұшырауына әкеліп соқты.
Бекмахановтың бастан кешкендері айтылғанда мәскеулік ғалым Анна Панкратованың есімі қатар аталады. 1941 жылы Мәскеуден эвакуацияланған ғалымдармен бірге «Қазақ ССР-інің тарихын» жазу үшін Қазақстан КП(б) орталық комитетіне хат жолдаған ол болашақ кітаптың ғылыми және идеялық мазмұнына артылатын жауапкершілікті өз мойнына алды («Вопросы истории», 54-б. №11, 1988 ж. ). Бұл еңбек жарыққа шыққаннан кейін Сталиндік сыйлыққа ұсынылғанымен, бәйгеден келмеді. Кітаптың сыйлықтан қағылуын ол Сталиндік сыйлық бойынша комитет мүшесі, СССР ҒА мүше-корреспонденті Алексей Яковлевтен және өзімен бұрыннан қырбай академик Евгений Тарледен көрді.
Панкратованың табандылығының арқасында бұл мәселе БКП(б) Орталық комитетіне дейін жетіп, «тарих ғылымындағы кейбір тенденцияларды қарастыру үшін» СССР ҒА тарих институтында 1944 жылғы мамырдың 29-ы орталық комитет хатшылары тікелей басқарған (оның ішінде Андрей Жданов пен Георгий Маленков болды) талқылау басталды.
«Кенесары Қасымов бастаған ұлт-азаттық көтеріліс» деп аталатын тарауы тарихшы Бекмахановтың үлесіне тиген кітап осылайша алғаш рет талқыға түсті. Алайда бұл жиында жеңгендер де, жеңілгендер де болған жоқ. Тарле, Яковлев, Бушуев сынды ғалымдар «Қазақ ССР-інің тарихы» Ресейге қарсы ұлттық көтерілістерді дәріптеген, орысқа қарсы жазылған кітап» (Панкратованың хаты//«Вопросы истории», 59-б. №11, 1988 ж.) деп бағаласа да, жалпы алғанда мүлде теріске шығарылмады, тіпті кей тұстарда жоғары бағаланды. Қалай болғанда да, институт бұл жөнінде қандай да бір баға беретін қаулы да қабылдамады. Алайда осы кезде айтылған ішінара сындарды қазақтың кей ғалымдары ұмытпай, кейін де ұрымтал тұста пайдаланып отырды. М.Ақынжановтың арнайы жіберген айыптау пікірлері оқылды.
Содан соң Қазақстаннан барған тарихшы ғалым Х.Айдароваға сөз берілді. «Бекмаханов алдына қойған міндетті орындай алмады, әдіснамалық тұрғыдан елеулі қателіктерге ұрынды, сөйтіп көтеріліске де, Кенесары Қасымовтың өзіне де мүлде дұрыс баға бермеді. Оның себебі автордың буржуазиялық және буржуазиялық-ұлтшылдық тұжырымдаманың шылауында кеткенінде, ал марксизм-ленинизм классиктерінің еңбектерінен берілген үзінділерді көз алдау үшін ғана қолданды. «Материал жетіспеді немесе автор бұл кезеңді жете зерттемеді» деуге негіз жоқ» деген ауыр айыптаудан бастаған Айдарова «Бекмаханов барлығын әдейі, қасақана жазып отыр» деп көсілді. Ермұқан Бекмаханов (ортада) Низами атындағы Ташкент педагогикалық институтының директоры Абдуллаевтың диссертация қорғауынан соң. Жылы белгісіз.
«1943 жылдан 1947 жылға дейінгі аралықта БКП (б) ОК-нің Башқұртстандағы, Татарстан мен Украинадағы, «Звезда» және «Ленинград» журналдарындағы идеологиялық мәселелер жөнінде аса маңызды шешімдері шықты, сондай-ақ Қазақстан КП (б) ОК-нің «Қазақ ССР тарихының» екінші басылымы туралы, «Қазақ ССР ҒА тіл және әдебиет институтының жұмысындағы өрскел қателіктер туралы» шешімдері, Жданов жолдастың осы мәселе бойынша айтқан сөзі, Ленин мен Сталиннің еңбектері ескерілмеді» деген Айдарованың пікірі Бекмаханов еңбегін жоққа шығарған ғалымдардың (әсіресе, қазақстандық ғалымдардың) негізгі желеуі қайда жатқанын анық көрсетіп берді.
Ермұхан Бекмаханұлы Бекмаханов (15 ақпан 1915 ж., Төре ауылы, Баянауыл ауданы, Павлодар облысы — 15 қыркүйек 1966 ж., Алматы) — қазақ тарихшы ғалым, тарих ғылымдарының докторы (1946 жылы), профессор, Қазақ КСР ғылым академиясының корреспондент мүшесі
1937 жылы Ресейдің Воронеж қаласындағы педагогикалық институтын бітіргеннен кейін Қазақ КСР халық ағарту комиссариатының жанындағы ғылыми зерттеу институтында еңбек еткен. Отан соғысы жылдарында Республиканың халық ағарту комиссариатының басқарма бастығы болған. Сонымен қатар Алматының жоғарғы оқу орындарында ұстаздық қызмет атқарған.
1946-1947 жылдарда Қазақ КСР Ғылым академиясында жаңадан құрылған Тарих, археология және этнография институты директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары, 1947 жылдан бастап, өмірінің соңына дейін, ягни 1966 жылғы мамырдың алтысына дейін Қазақ мемлекеттік университетінде өзі ұйымдастырған Қазақстан тарихы кафедрасын басқарды.
Е.Бекмахановтың ғылыми мұрасы оның тақырыптарының алуан түрлі болуымен, тарихи мәселелерді кең қамтуымен және оларды байыпты шешуімен ерекшеленді. Оның еңбегінің бастысы 1947 жылы Алматыда орыс тілінде жарық көрген "XIX ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан" атты монографиясы болды. Осы тақырыпта 1946 жылы Мәскеуде тарих мамандығы бойынша докторлық диссертация қорғаған
Е.Бекмаханов өзінің жемісті еңбегіне сай ғылым мен қоғамдағы орнын қайтадан алды. Оған университеттегі өзі ұйымдастырған кафедрасы қайтарылып берілді. 1964 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының мүше-корреспонденті болып сайланды. Өмірінің соңғы он жылында өнімді еңбек етіп, терең мазмұнды ғылыми шығармалар жазды, орта мектептер үшін Қазақ КСР тарихының оқулығын жазды. Бірнеше жас ғалымдарды даярлауда ат салысты. Шәкірттері бүгінде Республика Ғылым академиясының мүшесі, ғылым докторы, профессор дәрежелеріне жетіп, ұстаздарының ғылыми өмірін жалғастыруда.
Қазақстан төуелсіздік алғаннан кейін Е. Бекмахановтың басты еңбегі — "XIX ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан" ақталып, орыс жөне қазақ тілдеріндегі нұсқалары "Қазақ университеті" (қазіргі "Санат") баспасынан жарық көрді.
Ермахан Бекмаханов жөнінде Халық қаһарманы, академик Шапық Шөкин былайша еске алған: "Ұлтымыздың аса көрнекті тарихшысы Ермахан Бекмаханов уақыт бедеріне бағынбаған, шыншыл ғалым болатын. Ол докторлығын екі рет қорғады. Еңбегінің нашарлығынан емес, тыйым салынған Кенесары тақырыбына жазылғандықтан. 1947 жылы Қазан төңкерісінің 30 жылдығына байланысты Одақтық Академия бойынша үлкен салтанатты кеңес өтуі керек болатын. КСРО ғылым академиясының басшысы Вавилов Сәтбаевқа телефон соғып, Қазақстан тарапынан баяндама жасайтын адамды айтуды сұрайды. Қаныш Бекмахановты ұсынады. Жиналыста қағазсыз сөйлеген жас баяндамашыға ғалымдар таң-тамаша болады.
Достарыңызбен бөлісу: |