Елі үшін елжіреген азамат



бет1/3
Дата03.12.2016
өлшемі401,52 Kb.
#3055
  1   2   3
Елі үшін елжіреген азамат

Мына алмағайып заман талайымыздың мінез- болмысымызды өзгертті ғой. Кімнің бойында қандай қасиеті үстемдік алды, бұрынғы жасырынып жүрген қай мінезі сыртына шықты, қай мінезі басым түсті, мұны сырласа жүріп бағамдамасаң, сенімді түрде айту қиын. Тура жиырма жыл бойы жан сыры мен ой– арманы іркусіз бөліскен Роллан Шәкенұлымен соңғы үш жылда көз жазып қалдым. Сондықтанда оның дәл қазіргі іс-әрекетінен бейхабармын. Бірақта, “ерді кебенек ішінде таны” деген мәтел бар ғой. Бұл сөз кез –келген азаматқа үлкен сын. Ал мен білген Роллан Сейсенбаев тура сондай, елі үшін жүрегі елжіреп тұратын азамат. Үнемі жат жұрттың ішінде қызмет еткендіктен бе, қайдам, егер де сәл ғана ұлты туралы пікір қозғала қалса болды, жан алып, жан беруге дайын тұрады. Мұны Ролланмен аздап дәмдес және сапарлас болған азаматтың қай–қайсысы да жоққа шығара алмайды. Өз мүддесін көздемей өмір сүрді дей алмаймын. Бірақта жатқа өзінің де, елінің де намысын жіберіп көрген жігіт емес. Өз басым Ролланның осы қасиетін өте жоғары бағалаймын.

Екінші бір қасиет: ол тумысынан өнерге, оның ішінде әдебиетке өте ғашық және шын берілген жан. Жастық шақта басын тау мен тасқа ұрмаған жігіттің өзін жігіт деп тану да қиын. Роллан аты шыққан палуан да, атаман да, сал – сері де атанды. Инженер мамандығын алды. Сөйтіп Семейдің серісі үнемі жазу столына қайта оралып отырды. Аудандық атқару комитетінің төрағасының орынбасары дәрежесін отызға жетпей еншілеген Роллан бір–ақ күнде одан бас тартып, жазушылыққа бірегей бет бұрды. Ол әдебиетке жас жазушы болып емес, бірден Роллан Сейсенбаев болып келді. Мұндай мінез әркімнің қолынан келе бермейді. Оның жазушылық талантын қазір таразыға салып жатудың өзі артық. Иә, Ролланды мойындамағандар бар, қазір де кезігеді. Кімнің классик болып қаларын бір құдайдың өзі біледі. Бірақ соңғы жиырма жылда Роллан әдебиетке адал қызмет етті. Халықаралық беделге ие болуы тегіннен–тегін емес. Олар да әдебиетті біздің дәрежемізден артық білмесе кем түспеді. Арзанды қымбат бағаламайтынын дәл қазір қай жағынан да түсіндік қой. Ендеше, ол туралы айтылып жүрген желеу сөздерді байсалды пікір дей алмаймын. Қазақ тілінде жаза ма, орыс тілінде жаза ма, әркімнің өз еркі. Қолымнан келсе мен де тартынбас ем. Бірақ қазақ жазушысы – қазақтың мүддесін қозғауы, қорғауы тиіс. Бұл ретте Ролланға қояр өкпе жоқ–ау деймін.

Ролланның бойындағы үшінші қасиеті - көпшілдігі. Қаншама жылдар бойы қатар жүргенде қонақсыз күнін көргенім жоқ. Дүниенің төрт бұрышындағы ұлыс пен ұлттың өкілдерінің дені оның дәмін татқанына еш күмәнім жоқ. Қашанда біреуді-біреуге таныстырып, табыстырып, қолпаштап, қорғаштап жүргені. Соңғы тиынын, соңғы киімін қонағына беретін көпшіл жомарттың нағыз өзі осы Роллан. Сондықтан да болар, ол жұртпен тез тіл табысады, жатырқап жатпайды. “Идиот!”- деп қойып маңына кісі жия береді. Оның бұл қасиетін түсінгендер де бар, пайдаланып, алдап соғып кеткендер де бар. Соған қарап жасыған Ролланды көрмедім, содан кедейленіп қалған Ролланды да көрмедім. Мүмкін, қазір қаражатқа тәуелсіз күн кешіп жүрген шығар. Ол жағын білмеймін. Бірақ сараңдық табиғатында жоқ екені рас.

Төртінші қасиеті – жанының нәзіктігінде. Өмірде қиыншылықты көрмеген ерке ұлдың жандүниесін таза сақтап қалуы өте қиын іс. Баршылықтың, биліктің тізгінін қатар ұстап өскен Роллан осынау бір адамгершілік қасиетті бәрінен жоғары қояды. Шындығын айтайын, Ролланның көрмеген қызығы, бармаған жері, кездеспеген адамы жоқ. Кілең лауазымды төрелердің арасында жүрді. Соның өзінде де есік алдындағы күзетші мен үй сыпырушыға басын имей кеткен кезін көргемін жоқ. Бала көрсе басынан сипайды. Ал оны соншама тәжірибелі өмір сүргеніне қарамастан бір отырыста үш рет ашуландырып, үш рет жылатуға болады. Мүмкін, соңғы жылдары есейгендік танытып, өзін-өзі қатал ұстайтын шығар. Мен білгендегі Роллан ағамыз сондай әрі өжет, әрі нәзік жігіт болатын.

Бесінші ерекшелігі - өжеттігі мен өтімділігі. Қандай жауы болса да басын жерге игізбей қоймайды. Егер темірді кесу қажет болса, онда Роллан сол темірді ебін тауып тіліп береді. Нағыз алмас қылыш. Оның өткірлігі алкеуде өжеттікте емес, болатты да балқыта білетін жұмсақ әрі майда мінезінде. Мысалы: сонау Лондон шаһарынан “Абай үйін” ашу оңайға соқты дейсіз бе? Республика үкіметінің төрағасы бітіре алмайтын, қиуын таппайтын қиын жол. Роллан тапты. Дүние жүзінің ақындарына бас шұлғытып, әр қайсысына Абайдың өлеңдерін өз тілінде аударту да әркімнің, мен айтар ем, Ролланнан басқаның қолынан келе бермейді. Ендеше, елуге келген ағамыздың алаш азаматы ретінде құрмет көруге толық қақысы бар.

Мен бұл үш парақ лебізде оның творчествасына тоқталып жатқым келмеді. Көзі қарақты қауымға онсыз да мәлім. Ал, қай мінезі ұнамады дейсіз бе? Соңғы жылдары ол біраз телесұхбаттар жүргізді. Ашынған мақалалар жазды. Бәрі де дұрыс. Бірақ менің естіген кезде үнемі жүрегім шым ете қалатын бір жағдай, ол үнемі өзінің Ресей азаматы екенін басым көрсететіндігі. Рас, Мәскеуде, Лондон мен Парижде көбірек си көріп, сол арада ұзақ тұратын шығар. Алайда: елі тәуелсіздік алып, қиын да жауапты күндерді басынан кешіп жатқанда, сол елінен алыс, азаматтығынан қалыс жүргендігін қайталап айта беруін өз басым қабылдамаймын. Мүмкін, әлде бір есеп үшін керек те шығар. Көңілін де қалдырған шығармыз. Дегенменде...

Ал жеке басына, азаматтығына, ұлтжандылығына еш шүбәм жоқ. Дәл осындай іскер өнер адамдары үкімет басында отырса мәдениетіміздің мүсәпір күйге түсуіне тоқтау салмағанымен де, жүрек жалғайтын бір амал табатынына толық сенімдімін.



ТАЛАНТ ТАҒДЫРЫ

Қазақтың ән өнерінің аспанында дауысы қалған Жәнібектің ұлты мен ұлттық өнердің рухани тәуелсіздігі жолындағы жанкешті еңбегі: «Елім» деген бір азаматтың әруағын сыйлайтындай мәртебеге лайық. Шыңғыс тауының қойнауында дүниеге келіп, өзінің кіндік қаны байланған Жәнібек жазығының саумал самалы мен сары сағымы жүрек қабына ән боп құйылды. Абай өмір сүрген даланың тынысы, жусанның қошқыл иісі, найзағайлы жайлаудың кемпірқосағы, боранының уілі, қағылез де зерек орта Жәнібектің де тағдырлы жолы мен талант мінезін қалыптастырды.

Сол мінезбен ерте есейген және ағайын арасындағы «етекбастылықты» да ерте көрген Жәнібектің өмірі мен өнер жолы алғау мен талқыға толы болды. Таланттың бақталайына орай тағдыр оған ұлы әнші Жүсіпбек Елебековті тізгін ұстатар ұстаз етіп жолықтырды. Жүсекең өзіне дейінгі исі қазақ өнерінің інжу-маржанын шәкіртінің бойына сусындата сіңірді. Ол жиырма жасында Тұлға дәрежесіне көтерілді. Өкінішке орай, заманның күйін күйттегісі келмеген тура мінезді талант он бес жылдай сахнадан шет жүрді. Бұл жылдары ол өлең, әңгіме, зерттеу мақалалар жазуға ден қойды. Әйгілі «Өмір толғауы» сол тұста дүниеге келді. Оның артында үш томдық мұрасы қалды. Жәнібектің әншілік бақыты Ақселеу екеуінің теледидардағы ән туралы әңгімелерінен соң қайта жанды. Жүсекеңнің ән дәстүрінен дәріс берді. Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның халық әндері кафедрасының меңгерушісі болды. Шетелдерге шығып, әлем сахнасының есігін енді аша бастаған дер шағында ән аспанында шарықтаған шабытты дауыс жол үстінде кенеттен үзілді. Соңында өлшеусіз ән мұрасы қалды. Сол ұлттық қазынаның бір парасы алғаулы ағалары мен дос-жарандарының демеуімен үн таспаға жазылып, елінің игілігіне айналды.

Енді, міне, ол туралы естеліктер жинағы қалың қауымның назарына ұсынылып отыр. Әр естелікте Жәнібектің жан жылуы, жүрек сыры, арман-мүддесі, қадір-қасиеті, әншілік құдіреті, өнер туралы көзқарасы, мінез-парасаты, жалпы қазақ ән өнеріндегі орыны туралы адал пікірлері әр қырынан білдірілген. Өмірдің және өнер адамының қатпарлы құбылыстарына сай бір күнде өткен бір оқиғаға байланысты көңіл-күй мен сол оқиғаға деген көзқарас пен түсіндірулердің де әр адамға әр түрлі әсер ететіні бар. Бұл жинақтағы естеліктерден де сондай құлақкүйінің байқалып қалуы занды. Өйткені Жәнібек те кез-келген өнер адамы сияқты өзін-өзі ортасына орай ұстап, сырын ашқан. Ол табиғи құбылыс. Сондықтан да кейбір ортақ жайлар туралы пікірлердің кайталануы немесе сәл өзгеше құлақ күйімен баяндалуы сыйымды жай. Өйткені әр адамның өз Жәнібегі, өздеріне тән қарым-қатынасы, аралас-құралас аясы, ортақ әңгімесі, мүддесі болды.

Сондай сан қилы сезім қылдарының тылсымдарына жетелейтін осынау естеліктердің басын қосатын бір сөз жетіспей тұрған сияқты көрінгендіктен де, баспаның келісімімен алғысөз жазуға тура келді. Бұған Жәнібекпен қатарласа өткізген ширек ғасырлық сырлас ғұмырымыз кепілдік береді ғой деп ойлаймын. Әйтпесе, менің жазарым мүлде басқа дүние еді. Жәнібектің жетісін берген күні-ақ кірісіп кеткім келді. Өйткені бұл қазаның өті өзегіме құйылып, ешкімді аямастай, ештеңені жасырмастай халде едім. Оған қас-қабағы, тартылған сымдай жіңішкерген өзегі, қайыңның безіндей қатып алған мінез-құлқы мен тастүйін жүрісі мәжбүр еткендей болатын. Міне, бұл жолы да жазылмай қалатын түрі бар...

Ол өмірінің соңғы тоғыз айында бар қатал мінезін, оның ішінде ұмытылуға айналған дікшіл мінезін бойына жиып алды. Барған сайын тастүйінденіп, баяғы әдетіне оралып, жұртқа ішкі сырын емес, сыртын ұсына берді (Ө. Ахметовтің естелігінде айтылғанындай). Кейде табан астында фаниден бақиға сүңгіп кетсе, дүниеде көңіліне алған ісінің барлығы орындала қоятын сияқты көрінетін. Түңілу және баз кешу - кез келген өнер адамының бойынан табылатын құбылыс.

Алайда Жәнібек соны көңіл аңсарына айналдырып алды. Мен оның бұл тұйықтығы мен мағынасыз тәуекелін қостамадым, сыр етіп те айтып көрдім. Соны түсіне тұрып кейде қаперіне алып, кейде қаннен қаперсіз тосын ағысқа ілесе берді. Албырт кезінде байқалып, кейін рухының күшімен жеңе білген, өзі кезінде қатты өкінген бір мінезі қайтадан шаң бере бастады. Екеуара бір үлкен әңгіменің болатынын екеуміз де білдік. Мен дайын едім. Қол ұстасып-ап оңаша екі-үш сағат Әл-Фарабидің бойын бойлап тілсіз жүре бердік. Ол өзінің бұл мінезін уақытша ғана көрініс, «өткелден өтіп алған соң» бәрі де шешкен тондай сыпырылып қалады деп есептеп, тереңдеп сырласқысы келмеді. Ол тығырық пен тұйықтың шешімі бар болатын. Бұл өсершіл өнер адамының психологиялық ширығуы еді. Мұны ол жанына түскен дауасыз дерт ретінде қабылдады. Менің булыққаным сонша, оған хат жазғым келді. Оны өзіне де айттым. Тұйықтан шығатын саңлаудың бар екенін аңғарды. Ол үмітке жетелеген сәбиі - Шаһкерімнің жөргөгінің иісі мен бал-бұл шыға бастаған тілі, сәбилік қылығы болатын.

Ол сол кезде өзінің әншілік тағдырындағы үшінші, қорытынды белесіне шығуға іштей дайын еді. Оған кемінде үш-төрт жыл өзін өзі баптады. Ол ән, ол дауыс, ондағы әсер — бұрынғы Жәнібек Жәнібек пе, мүлдем ұғымға сыймайтындай құдіретті еді. Тындаған кезде мен есімнен танғандай боп, сілем құрып отырып қалатынмын. Кейде телефон шалып, құлақшаны көтергенде үн-түн жоқ, әлгі әннің үзік-үзігін қайталап, өзгертіп айта беретін не үнтаспаны қосып қойып, өзі үнсіз отыратын. Бір кезде: «Ал, жарайды»,- деп трубканы қоя салатын. Қайтып ол туралы мен үндемеймін, пікірің қандай деп ол сұрамайды. Оңаша бір қалғанда (ал оның ән айтқысы келгенін «Әй» дегенінен не қабағынан біле қоятынмын. Тымырайып алып, артық сөз айтпай, тастүйін түйіліп алатын. Көлденең көз болса, сол қабағы жазылмай-тын) ғана айтып, домбыраны сүйей салатын. Не сол әннің әуенін жарты сағат бойы қайталап шерте беретін. Бұл күй үш-төрт жылға созылды. Тоқсаныншы жылы ол концерт Жәнібектің санасында толық пісіп жетіліп, бабына келді. Енді өзіне-өзі салт-дәстүр етіп алған әдеті бойынша әр әннің тағдырын, айтушысын зерттегісі келді. Мен архивке үңіліп, текстерін айтуға тыйым салынған (1936-1956 жылдары) қазақ әндері туралы деректерді, Т. Жүргеновтің, I. Омаровтың, М. Майшекиннің естелік-пікірлерін тауып бердім. Кейін бұл мәселемен Жазушылар одағы құқық комиссиясының тапсырмасымен I. Жақанов айналысты. Бірақ сол текстер табылмады. Оның басты себебі: бірінші — кеңестік идеология қысымы, екінші — әннің әуенін операға негіз еткен композитордың оны қайта тірілтпеуі үшін жасаған пиғыл мүддесі еді. Бұл туралы Жәнібек бір мақала жазумен шектелді де, негізгі деректерді жаңағы концертінде пайдалануды көздеді. Бұл оның сұңғыла шешімі болатын. Өкінішке, бір жағы қуанышқа орай, сол жылдары Жәнібек шет елге шыға бастады, есепті концерт кейінге жылжи берді. Ол жалпы ел-жұртты соған дайындағысы келді, әрі ол бұл концерттің тосын болғанын қалады. Домбырадан домбыра ауыстырды.

Бір жыл өтіп, екінші жыл ауысқанда, әлгі концерт Жәнібектің өзін жей бастады. Қоғамның, өмірдің қалыпты беті бұзылып, алаң көбейді. Тіршіліктің етекбасты күйбеңі шылауына ілініп жібермеді. Ақыры жатбауыр тартқандар жақынымсынып, оны өзінің рухани жағасынан қайрандата бастады. Бір тосын ағысқа түсті. Бұл күй - бар әншінің басында бар. Бірақ дәл Жәнібекке және жаңағыдай бабына келген, өмірлік мақсаты шарасына толып, лықсып тұрған шағында өте қауіпті еді. «Тым құрымағанда бұл әндерді өзіңнің үнтаспаңа жазып қой»,- дегенімде: «Кетші-ей, күресіннің үстінде өкіріп күл шашатын бұқа деймісің. Оны кім тыңдайды? Ән де тыңдаушының қас-қабағына қарап шығады. Енді өзім де ұзатпаймын»,-деді. Тоқсан бірінші жылдың қыркүйегінде дайындыққа кірісті. Концерт желтоқсанда немесе келер жылдың наурыз айында өтуге тиісті еді. Олай болмады. Қазанның отызында Семейге ұшты. Сол ұшқаннан қайтып көңіл құсы орнына қонбады.

Ақыры сол ән жолда үзілді.

Оған сүйікті қызы Ақботаның мектеп бітіруі мен ұлы Әсеттің үйлену қамы қосылды. Әлгі әңгіме еріксіз кейінге ысырылды. Әншейінде ретті-ретсіз тұста шылауына оралып, қасынан қалмайтын басым, ол мені тойдың ешқандай қызметіне араластырмады. (Онда мен «Дулығаны» жазып жатқанмын, сондықтанда сыртқа шыққанымды ол онша жақтырмайтын, ит терімді басыма қаптайтын. Өзі үйге бұрынғыдан да жиі келіп, мені жазудан айырмай, диванға қисайып жатып ап сондай бір жұмсақ дауыспен бала кездегі әндерімізді айтып, «алып НАТИ-ін» жосылта беретін). Тойға тура бес күн қалғанда «Дулыға» аяқталды. Сонда ғана Құныпия екеумізді шақырып: «Ей, Жұртбаев, кел сенің лағанет қамытыңнан құтылғанынды атап өтейік. Тойдың қам-қаракетіне енді аралас»,-деді. Сөйтсем, жазу столымды жағалап жүргенінде қолжазбаға көз сала жүреді екен ғой. Тура сол арада Ботаның бөлмесіне Әсет кіре қалды. Еркелігі басылмаған ұлына сондай бір суық көзбен қарады да: «Мен өлген соң, не істер екенсің, ә?» - деді. Менің тұла бойым шымырлап қоя берді. Дәл сондағыдай бетін салып зілденгенін өмірі көргемін жоқ. Бетін жұмсартқан болдым. Үндемеді. Іле тойды өткізудің жайы қозғалды...

Ақшам үйіріле үйге қайттық. Өзі көлігімен әкеп тастады. Неге екенін білмеймін, Жәнібектің әлгі сөзінен тіксіне бердім. Тұңғыш тойы болған соң күйіп-пісіп жүр ғой деп ойладым. Дегенмен де... Бағанағы көзінің суық сұғы өңменіме қадалып алды. Түнімен және ертеңінде де оның осыдан бір жарым айдай бұрын, құдасы Махамбет Жәмековтің үйіне аяққа жығылып барып қайтқаннан кейінгі өзен бойын жағалап жүргенде айтқан түсі есіме қайта-қайта түсе берді. Ол әуелі қабағын ашпай біраз үнсіз жүрді де, бір уақытта:

- Ей, сен мынаны есінде ұсташы. Осы мен биылдан қалмайтын сияқтымын. Қатынды қойшы, жөнін табады. Ана Ботама қара, ұқтың ба. Алма мен Назымдай көр. Керімнің есінде мен қалмаспын. Шыным осы. Өйткені апам түсіме кіріп жүр. Аруланып, жасанып, адуынды бір күйі болушы еді, соған түсіп алыпты. Үйді ары-бері аралап көрді де:

«Әй, балам-ай! Баспанадан әлі тарығып жүр екенсің-ау. Жуырда тойың, өтпей, үйің кеңиді. Сен менің қасыма кел. Үлкен, жарық, еңселі кең сарай салғызып қойдым. Сықырлап тұр. Сонда ғана тыныштық табасың»,-дейді. Бұл тегін түс емес. Кең сарайы көр емес пе? Қабірім кең болады екен. Өзің түсіп, өлшеп көріп, өзің жоритын әулие емессің. Алланың аяны, апамыздың батасы ғой бұл. Кең, сарай дайын десе, ол мына жас отауың емес пе? Үйің де кеңиді. Заманбек Нұрқаділов пен Есентай Мұқыжанов ағаң уәде берді емес пе. (Олар уәдесінде тұрды, тек қайтыс болған соң ғана ол үйге Тотай кірді). Апамыз қолдап, қорғап жүр сені. Босқа күйіп-піспе. Бұл түс — садақа беретін түс. Бүгін апамның қайтыс болған күні ғой. Құран оқиық қазір,- дедім сәуегейсіп.

Жәнібектің бойына қан құйып, жан берген анасы ақыры көп ұзатпай оны өзіне шақырып алып кетті.

Жәнібектің фәни жалғанмен жалғанған өмір сәулесі осындай көңіл күйде жүргенде үзілді. Маған оның ғұмыр бойы дайындалып, бірақ айтылмай қалған әні тура шатынай қақ жарылған аспанның дауысындай күркіреп кеп, өзі айтқандай, құдайдың қоңырауы боп құлап түскендей көрінді.

1

Оның тағдыры мен талант психиологиясының табиғатының өзі де мәңгілік сұрақтарға жауап іздеген және оның жауабын да білетін, бірақ ешқашанда ашық айтылмайтын нәзік те күрделі, анық та тылсым, өзінше бір құбылыс сияқты еді. Сондықтанда жеке өз басым мәлім деген адамның рухани өмірі мен жан жүйесі сәби шағынан сан қилы сезімдермен, сүйініш-күйініштермен, қарама-қайшылықтармен, алғаулармен, алғаулармен қоса табалаулармен, несиесіз мейірімдермен бірге несиелі пиғылдармен, қайырымы жомарт адамдар мен жақсылығы күндестіктен де бетер табашы жамағайындардың ықтасында қалыптасты. Соның барлығы оның көңіліне тап боп басылып, қатпарлана берді. Табиғатынан зиялы, ішкі сезімі бай, нәзік әрі кірпияз, тез жараланатын жетім көңіліне мұның барлығы шор боп қатып қалған жоқ, қайта қанына араласып, бойына намыс пен қайрат құйды. Ең бастысы томпиған сары жетімнің жігерін қайрады, ал өнері сол бір тылсым қуатқа қанат бітірді. Соның нәтижесінде «жетім қозы тас бауыр, түңілер де отығар» - дегенге көнген жоқ. Табиғи талант пен рухани қайраты барлық табалаушыларға қарсы ішкі күреске бағытталды. Талант психологиясы Ақтанбердінің:


Жағама қолдың тигенін,

Жалғыздық, сенен көремін.

Жамаулы киім кигенім,

Жарлылық, сенен көремін.

Атадан тудым жалқы боп,

Жақыннан көрдім талқы көп.

Жасым жетпей он беске,

Қорғайтын жан адам жоқ,

Кәрі ақсайды ақылдан,

Ер ақсайды жақыннан.

Қазір әлсіз болсам да,

Үмітім бар ақырдан.

Жасым жетіп он беске,

Кірер ме екем кеңеске.

Бұғана қатып, бел бекіп,

Ерегескен дұшпанмен,

Шығар күн туса күреске!-
деген рухани атойымен қалыптасты.

Ақыры дегеніне жетті. Он бес жасында жатқа да, жақынға да «Жәнібек!» дегізді. Содан өле-өлгенше табалаушылар жанына жолап, бетіне қарсы келе алмады. Мінезі жұмсарып, «өзі болған жігіттің төркін жұртын сұрамас» болған кезде ғана жүрегі жыли бастады. Баян тауып айтқан «надан сауаттылардың» біразының бетін кейін шіркеу басты. Қазір қайтадан еріндері қыбыр-жыбырға көшкені байқалады. Өтеуі сол: енді Жәнібек тарихтың еншісінде, оған үкімді де тарих береді. Жәнібекке кеткен еселерін ол он бес жасқа толғанша айтып қалулары керек еді. Қазіргі сыпсың «өзі жақсының соңынан сөз ереді» дегенге ғана саяды.

Міне, Жәнібектің шығармашылық психологиясы осындай жанжүйе жетегінде жетілді. Бала жасынан татқан кермек дәм оның сезімдерін ысылған ішектей етіп тарамыстап, домбыраның қоспасыз ішегіне айналдырды.

Мұны қазбалап отырғаным: туған ағасы Мүфтибек пен апайлары Әсәуира, Рымғайша, Бәну, қарындасы Кенжегүл, жезделері Төкен, Мейраш, Есеннен басқа адамдар, тіпті Мақмұтбай, Төлеген, Баян, Мырзағали сияқты кластастарының өзі Жәнібекті он төрт, он бес жасқа толған шағынан бастап қана естерінде сақтаған. Яғни, «жасы жетіп он беске, кеңеске кірген кезінде» ғана назарына іліккен. Бейне бір Жәнібек туа есейіп, Абайды іштен жаттап туғандай әсер қалдырады.

Расына сайсақ, мұны Баян мен Қайрат өте дұрыс байқаған, шындығында оған жаратқан ием ерекше кең өлшем мен мүмкіндік және екі-үш адамның, оның ішінде ең талантты екі-үш адамның қабілетін берген. Және өмірінің қысқалығын есептеп, тез есейткен сияқты. Үшінші-төртінші класта бірге құлын-тайдай тебісіп жүрген сыныптастарының өзі бесінші-алтыншы класта «ағалап» шыға келуі сондықтан. Жетіншіге көшкенде, яғни он бес жасқа толғанда басына тақия киіп, үстіне күпі жамылып, Құнанбай мен Абайдың мінезін қатар ұстанғысы кеп, ауыл әкімдерінің өзін бет қаратпайтын Жәнібек атанды. Әуеліде оның ересек қимылдары мен қылықтарын қияңқылығына балайтын Әсәуира апайдың өзі де сескене қалатын, Мүфтибек ағаның: «Оған тұсау салмандар. Ертең не жақсылық көрсеңдер де, қыздар, осы сарыдан көресіндер әлі»,- дейтін тұсы да сол кез. Тек артық баға беруден бойын аулақ салған, бірақ ішінен тынып, ертеңіне сенген анасы Мағрифа ғана болар-ау...

...Себебі, ол - барлық табиғаты бетіне шығып тұрған көшпелі өмірдің шалшығын кешіп жүріп Қарауыл мектебіне ауысқанда ғана мына заманмен бетпе-бет келді. Бұл сәби көңіл үшін үлкен саналық-сезімдік тітірену әкелді. Оның бүкіл болмысы мен психиологиясы сол қыр өмірінің еркін әрі тым қазақы табиғи (өзі «жабайылық» деп атаушы еді) мінезіне бөгіп келді. Ол мінез қалыпты, есептеулі, тыйым-сыйымы мол мына тіршіліктің өлшемі мен заңына сыймады және сәйкеспейтін еді. Бұл «жабайылықтың» оның бойына сіңгені сондай, егерде Жәнібек үлде мен бүлдеге оранып, бүгінгінің «жаңа қазақтарының» бірі боп, ақ сарайдың төрінде отырып, атақ-даңқтың тұғырына шықса да, ол бәрібір «О, заман-ай, заман-айлап» күңіренуін қоймас еді.

Қалайда ретін тауып қырға шығып кетер еді. Демек, ен дала, «жабайы еркіндік» оның ғұмырлық көңіл күйі болатын.

Менің ойымша, бұл әрі табиғи, әрі өзге ештеңеге мойын бұрғызбайтын тағдыр жазмышы болатын. Оның талантының табиғаты мен психологиясын қалыптастырған да сол ен дала мен иен қыстау, «жағаға қол тигізген жалғыздық пен жамау киім кигізген жетім» дүние еді. Кесіп-пішіп айтудан аулақпын, бірақта оның жеке бас тағдырына әсер еткен табиғи жағдайлар мыналар сияқты:

Бірінші: жер аңсары мен табиғи тума ділмарлық қасиетінің тегі жөніне тоқталайын.

Ол мына дүниеде өзін жалғыз сезінетіндей жапан далада, тура мағынасында айтқанның өзінде, ақ қар, көк мұзда, аттың жалы, түйенің қомында дүниеге келді. Анасы Мағрифа марқұм: «Толғақ белгі бере бастағанда, Шыңғыстың ішіндегі қыстауда едік. Содан қысты күні тәуекел деп түйені қомдап, бөлімше орталығына тарттым. Екі түйемен боздатып келеміз. Боран көтеріле бастады. Әйтеуір, жел өтінен құтылып, өзекке іліндік. Тіпті толғақ құрғыры шыдатпаған соң, қос түйені қатарластыра шөгеріп жіберіп, ортасынан ықтасын жасап, сол арада босандым. Содан тонға орап алдым да Ақжарға жеттім»,- деп айтып отыратын. Бұл — 1949 жылдың 22 ақпаны еді. Туу туралы куәлігін тура бір айдан кейін алғандықтан да, туған күні бас құжатында 22 наурыз деп жазылған. Әсіре әңгіме емес, нағыз қатал өмір шындығы. Жәнібек, сөйтіп, сырт дүние төңкеріліп түссе, соның хабарын он күннен, ал қыста бір айдан кейін еститіндей қиян түкпірде есін білді. Егерде шайтанарбаны (велосипедті) он жасымда көрдім десе, сенер едім. Өйткені соның бірі — өзіммін. Себебі, былайғы жұртқа «Шыңғыстың бауыры мен сырты» деген сөздің мағынасын кеңес өкіметі дүрілдеп тұрған сексенінші жылдары және қазір де Шыңғыстың сыртына қыс бойы көлік ізі түспейтінін ескертсек қана, сөз мәнісі түсінікті болар деймін. Ал Жәнібектің кіндігі сол атақты Жәнібек жазығыңда байланды. Қыста ғана Шыңғыстың қойнауындағы ықтасынға қыстап, жазда Сарарқаның самалына төсін тосты. Сол Көксеңгірге ұласатын Жәнібек жазығынан Сарарқа басталатын. Ақбайтал асуына немесе Барлыбай жазығына шыққанда алдыңнан шетсіз-шексіз даланың шымылдығы ашылып, осынау кеңдікпен қоса кеудең де керіле жарылып кете жаздайтын.

Ол сезімді ұмыту мүмкін емес.

Шыңғыстың сырты мен бауырын мекендеген жұрттың табиғатында өзіндік ерекшелік барын сол ауылдың тумалары да аңғармайды. Шәкерімнің Бала Шақпақтағы тошаласының да бұзылмай сексенінші жылдарға дейін сақталуы сол сыртты мекендеген адамдардың ақынға деген рухани құрметі болатын. Тіпті сыртты жайлаған Қатпа, Тәңірберген, Қабыш, Әбіш, Дәрібай, Леймен сияқты шежіреші қарттар мен бауырда қоныстанатын Үбіғали, Балтақай, Сапақбай, Сабыржан, Шәкір, Жұмақүлбай, Рақымбайдан бастап Бекен Исабайұлына дейінгі ғұламалардың сөз мәнерінде, мінездерінде айырмашылық бар еді. Сырт адамдары социализмге қонаққа келген кешегінің кісілері іспетті барынша табиғатқа жақын. Қабыш, Дәрібай сынды сырт ақсақалдары алпысыншы жылдардың соңын ала ғана бауырға түсті. Олардын, сөз саптаулары, сөйлеу мәнері, ой түйіндері бірден ерекшеленеді. Сырт шешендері: «Заманым-ай десеңші», «Ой, пәлі-ай», «Дүние жалған ғой» деп суырыла жөнеліп, екі дүниені кезек кақпақылдап, шайқап-шайқап алып көсілгенде... өзі де, сен де сол оқиғаның ішіне кіріп кетесің. Әңгіме аяқталғанда әлгінің бәрі тынып, төмен қарап отырған кәрі қырандай қомданған қарт тұратын. Ал бауыр ақсақалдары тік


Нұрбекті ағаларындай сыйлады. «Менің есемді сендер қайырыңдаршы»,-деп, Нүрбекті Несіпбекке, Төкенді маған, Мейрашты Құныпияға «меншіктеп» те берген. Бізді қайдам, әйтеуір, Несіпбек есесін жіберген жоқ. Егерде Жәнібектің жүрегінде ерекше бір сәулелі нәзік шуақ ұйыса, ол осы апайларының махаббатты мейірімі. Бұл қыздар да ауыртпашылықты көре жүріп, сәби Жәнібектің туыссыраған мейірімін қандыра жүріп, басынан сипай жүріп, етік-пималарын кезектесіп кидіре жүріп, әнін сала жүріп бойжетті. Кейде Әсәуира, Рымғайша, Бәну-үшеуі қосыла ән салғанда, үш дауыстың үшеуі де әр толқында анық естіліп, ән ерекше бояуланып кетеді. Сондай шақта Бәнудің дауысы еркіне көнбей ала қашып, «ауызын ашқанда көмекейі көрініп», анасымен қоса Жәнібектің де дауыс мінезі нысана беретіні бар. Оның өмірден көрген бар мейірімі — осы апайларының алақаны. «Қарашадағы қара үйдің» төрі, отқа жағылған тобылғы, қараған мен тезектің түтін иісі, төрге төселген құрақ көрпесі мен жиылған жүк — оған ерекше әсер етіп, қандай шаршап келе жатса да жадырап, әлгі үйді өзімсініп сала беретін. Достарының да апай-қарындастарын жақын тартып, өзінен назары үзілмейтін кісілердің арасынан саңлау тауып, бір-екі ауыз оңаша сөйлесіп, өзі де еркелеп қалатын. Оның бұл мінезіне ішімнен сүйсініп отыратынмын. Ол - әкесіз, мен - шешесіз жетім боп өскенде екеуміз де сол апайларымыздың арқасында өмірге «түңіле отығып» өстік. Сондықтан да мені атом полигонының аузынан жұлып алып шыққан Түбітқан мен Айымханды сондай құрмет тұтты. Сексенінші жылдары Жәнібектің айдарынан жел есіп, қолға түспей тұрғанда да Айымханның үйіне (ол Отырар ауданында тұратын) бір қонып, төріне аунап-қунап, арқа-жарқа болып қалатын. Екеуі сөйлескенде мені де ұмытып кетіп, жұтаң күндердегі жалаңаяқ кездері туралы әңгімеслесетін. Бұл сәттегі Жәнібек бала Жәнібек болып кететін. Сөйтсем, ол өзінің апайларын және қарапайым ғана қоңыр тіршіліктегі ауызекі әңгімені сағынып жүреді екен ғой. «Тағдырдың талайына бас имеген қандас бауырым Айымханға інілік жүрегімнен ұсынамын» (12. 12. - 80) - деп «Ақылбайдың әнін» жазып бергенде көз алдында Әсәуира, Рымғайша, Рахима, Рәпила, Бәну тұрса керек. Мен де Жәнібектің сол жөнінен жаңылмай осы апайларымды көргенде бұрын мәре-сәре болып қалушы едім, енді төсіне басымды иіп құмыға жылаймын. Олар да: «Жәнібегімнің көзі»,— деп егіле-емірене бауырына басады.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет