maml_kultura@mail.ru
Әліпби тұжырымдамасы
Әліпбидің бұл жаңа нұсқасында оны дайындаушылар тек қана ғылыми принциптерге сүйенді. Әліпбидің ғылыми негізділігі оның қазақ тілінің төл табиғатын сақтауға да, әліпби түзудің халықаралық принциптеріне сүйенуге де мүмкіндік берді. Әліпби жасаудағы осындай ұстанымның 3 маңызды жағы бар. Біріншіден, бұл әліпби қолданысқа енгенде қазақ тілінің табиғи байлығы мен бейнелілігі толық сақталады. Екіншіден, әліпби халықаралық тәжірибелерді, оның ішінде Халықаралық фонетикалық әліпбидің таңбалық базасына құрылғандықтан оның әлемдегі танымалдылығы жоғары. Сондықтан да әліпбидің бұл нұсқасы әлемнің елуге жуық мемлекетінде тұратын қазақтардың пайдалануына қолайлы болады. Соның нәтижесінде, бұл әліпбиді дүниежүзі қазақтарының ортақ әліпбиі деуге негіз бар. Үшіншіден, жетілдірілген әліпби нұсқасы ІТ технологияларға толық сәйкес келеді. Әліпбиге алынған таңбалардың барлығы UNICODE жүйесінде бар.
Жетілдірілген әліпби нұсқасының халықаралық әліпби жүйелеріне сәйкестігі
Жетілдірілген әліпби нұсқасы Халықаралық фонетикалық әліпби базасына толық сәйкес келеді. Аталған халықаралық әліпбиде 107 символ–әріп және 52 диакритикалық белгі бар. Әліпби нұсқасына осы базалық әріптер мен белгілер алынды. Сонымен бірге қазақ тіліне арналған Халықаралық фонетикалық әліпби кестесі дайындалған. Латыннегізді қазақ әліпбиі мен осы халықаралық әліпбидің ғылыми принциптері өзара сәйкес.
Түркі тілдері әліпбилеріне ұқсастығы
Латын әліпбиіне көшкен түркі тілдерінің ішінде түрік, әзербайжан, ғағауыз тілдерінің әліпбилері мейлінше сәтті саналады. Аталған әліпбилер халықаралық стандарттарға негізделген. Бұл әліпбилердің барлық таңбалары Халықаралық фонетикалық әліпбиге және UNICODE жүйесіне толық сәйкес келеді. Қазақ тілінің жетілдірілген латыннегізді әліпби нұсқасы да осындай принциптерге сай дайындалған. Түрік, әзербайжан, ғағауыз әліпбилерінде осы тілдердің ерекше таңбалары диакритикалар арқылы берілген. Мысалы, осы әліпбилерде умлаут, бревис, седиль диакритикалары қолданылған. Мұндай диакритикалар қазақ әліпбиінде де қолданылды. Сонымен бірге 1991 жылы Халықаралық ғылыми симпозиумда түркі тілдері үшін «Ортақ түркі әліпбиі» қабылданып ұсынылған. Жетілдірілген әліпби нұсқасы осы әліпбиге де сәйкес келеді. Сондықтан латыннегізді қазақ әліпбиі түркі халықтарының өзара ынтымақтастығы мен интеграциясына да оң ықпал етеді.
Достарыңызбен бөлісу: |