«Бір дыбыс – бір таңба» принципі
Әліпбиде «бір дыбыс – бір таңба» принципі негізге алынған. Бұл ғылыми принцип жалпы түркі тілдерінің, оның ішінде қазақ тілінің табиғатынан шыққан. Әліпби түзуде бұл принцип қатаң сақталуы керек. Сондықтан түркі тілдерінің әліпбилерінде осы принцип мейлінше сақталады. Егер ол принцип сақталмаса, онда жазу жүйесі мен дәстүріне айтарлықтай нұқсан келеді. Осы принцип сақтау үшін қазақ әліпбиін түзуде диграфтар, триграфтар қолданылмайды. Екі, үш немесе одан да көп таңбалар арқылы бір дыбысты беру негізінен роман, герман тілдеріне тән. Сондықтан ағылшын, француз т.б. тілдер үшін бір дыбысты бірнеше таңбамен беру бұл тілдер үшін табиғи.
Диакритикалық таңбалар
Латын әліпбиінің базалық таңбаларымен бірге диакритикалық белгілер де қолданылды. Олар әр дыбыстың мәнін көрсету үшін алынған. Мысалы, халықаралық тәжірибеде умлаут диакритикасы жіңішке дауыстыларды белгілесе (ädep, öner, kümıs), бревис – қысқа дыбыстарды (ğalam, sağat), макрон – созылыңқы дыбыстарды (ūsynys, mazmūn), седиль – ызың дауыссыз дыбыстарды (şattyq, şaşu) таңбалауға арналған. Бұл диакритикалық белгілер түрік, әзербайжан, неміс, француз, швед, фин, венгр және тағы басқа тілдерде жиі қолданылады. Сондықтан бұл латыннегізді қазақ әліпбиінің халықаралық жазу кеңістігіндегі танымалдылығын арттырады. Осы диакритикалармен келетін әріптердің барлығы да Халықаралық фонетикалық әліпби құрамында және UNICODE жүйесінде бар.
Әліпби құрамы
Әліпби құрамы 31 әріптен тұрады, 3-уі умлаут, 1-уі бревис, 1-уі макрон, 1-уі седиль диакритикалық таңбасы арқылы берілген. Әрбір диакритикалық белгі тіліміздің дыбыстық ерекшелігіне қарай дауысты мен дауыссыз дыбыс таңбасына бөлек, өзара ажырап қолданылған, яғни әр диакритиканың өз қызметі бар. Мәселен,
- Ә, Ө, Ү жіңішке дауысты дыбыс таңбасына – умлаут,
- жуан дауысты Ұ дыбысына – макрон,
- ұяң Ғ дауыссызына – бревис,
- ызың Ш дауыссызына – седиль алынды.
Әліпбидегі диакритикалық таңбалар латын әліпбиімен жазатын көптеген тілде қолданылады. Мысалы, түрік, әзербайжан, неміс, швед, исланд, фин, венгр және т.б. тілдерде қолданылады. Яғни халықаралық кеңістіктегі танымалдылығы жоғары. Бұл қазақ жазуының әлемдік графикалық кеңістіктегі түсініктілік деңгейін арттырады.
Умлаут
Умлаут диакритикасы жіңішке дауыстыларды белгілейді. Жаңа әліпбиде Ә, Ө, Ү дауыстылары умлаут ( ̈ ) арқылы берілді: älıpbi, örkeniet, ükımet. Умлаут – түрік, әзірбайжан, түркімен, неміс, фин, швед, исланд, венгр және т.б. тілдердің әліпбилерінде қолданылады. Сондай-ақ, халықаралық фонетикалық әліпбидегі стандартқа сәйкес. Умлаут диакритикасының мәтіндегі танымдылығы жоғары. Бұл белгі UNICODE жүйесінде жиі қолданылады.
Бревис
Жаңа әліпбиде Ғ дыбысын бревис диакритикасы арқылы Ğ таңбасымен беру ұсынылды: ğaryş, jaŋğyru, ğylym. Бревис – латын графикасы негізінде түркі халықтарының әліпбиінде қолданылатын әріп үстіндегі диакритикалық белгі. Бұл белгі негізінен қысқа дыбыстарды таңбалау үшін қолданылады. 1990 жылдардан бастап латын әліпбиіне көшкен әзербайжан және қырым-татар тілдерінде қолданыла бастады. Бревис диакритикасының мәтіндегі танымдылығы жоғары. Бұл белгі UNICODE жүйесінде жиі қолданылады.
Макрон
Ұ дыбысын макрон диакритикасы арқылы Ū таңбасымен беру ұсынылады: ūrpaq, qūraq, mağlūmat. Макрон – дыбыстың созылыңқы айтылуын білдіретін диакритикалық белгі. Ол литва, латыш, бретон тілдерінде дыбыстың созылыңқылығын білдіру үшін, сондай-ақ, араб, қытай, жапон сөздерін латын әліпбиінде транслитерациялау үшін де қолданылады.
Седиль
Ш дыбысын седиль диакритикасы арқылы Ş таңбасымен беру ұсынылды: şaŋyraq, qaşyqtyq, alaş. Седиль – әзербайжан, өзбек, түркімен, түрік, француз, албан, чуваш және т.б. тілдердің әліпбилерінде қолданылатын диакритикалық белгі. Бұл белгі негізінен тіл алды ызың, қатаң дауыссыз Ш дыбысын таңбалау үшін жиі қолданылады әрі халықаралық фонетикалық әліпбидегі стандарттық тұрпатына сәйкес келеді. Сондай-ақ, Ш дыбысын Ş таңбасымен беру «бір дыбыс – бір әріп» принципін сақтауға да толық негіз болды.
Достарыңызбен бөлісу: |