АСПАППЕН ӘН АЙТУ
Халық әндерін аспаппен сүйемелдеу ежелден келе жатқан өнер, ертеде түркі серілері әнді барабан, сыбызғы, домбыра (танбура, танбур, дутар, шертер, рубаб, қомуз т.б шертпелі-шекті аспаптар), қобыз, жай, ғиджак (немесе гыпжак – төркіні қыпшақ деген сөз), жетіген (ятган, чаткан), шаңқобыз (варган) аспаптарының көмегімен шырқағаны тарихтан белгілі. Кейіннен қобыз бен домбыра аспабындағы үрдіс кең тарады, қалғандары қолданыстан шыға бастады, яғни, осы аспаптармен айту дағдысы мейлінше дамып, қалғандарын ығыстыра бастады. ХХ ғасырдың бастапқы кезеңінде татар (қазан) сырнайының қазақ даласында пайда болуы қобызбен айту дәстүрін кейін шегерді, ең соңғы қобызбен жырлаған адам ретінде тарихта Жанақ ақынның аты аталады, басқалай мәдени дерек жоқ. Сырнайдың келуі ән сахнасына Майра, Шашубай, Тайжан, Нартай, Құтбай сияқты тарландарды әкелді, олардың сырнаймен толғаған әндері cахарада жаңаша мәнермен шырқалды. Алайда, ХХ ғасырдың 70-80 жылдары сырнаймен ән сүйемелдеу күрт тиылды деуге болады. Тек ел ішіндегі таланттар ғана ескіше сырнай толғайтын дәстүрді тастамады, олар көбінесе Сыр бойындағы Нартай дәстүрін жалғастырушылар еді. Семей, Қарағанды, Жезқазған, Жаңақорған сияқты ән қонған өлкелерде ендігі жерде жаңаша заман ырғағына икемделген әндерді айтатын – Болат Сыбанов, Жақсыкелді Сейілов, Бексұлтан Байкенжеев сияқты сазгерлер шыға бастады. Дегенмен бұрынғы сырнаймен айту дәстүрін қайта жаңғырту бақыты ХХ ғасырдың соңында Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік Консерваториясының түлегі – Клара Төленбаеваға бұйырды. Клара сырнаймен айтылды деген ескі әндердің түпнұсқасын дәл таба алды, Майра, Нартай мен Шашубай сазы қайта жалғасын тапты.
Достарыңызбен бөлісу: |