6.2.3. Аспаптық зерттеу әдістері Аспаптық зерттеу әдістерінің бірі аталық бездердің нақты көлемін анықтайтын аталық без УДЗ-сі болып табылады. Пубертатты кезеңге дейін аталық без ұзындығы шамамен 2 см, ал көлемі 2 мл. Жыныстық жетілу кезеңінде аталық без ұлғайып, 16 жаста көлемі ересек адамдардың аталық безінің көлеміндей болады: аталық без көлемі орташа 12–25 мл-ге тең.
6.3. ЕРКЕКТІК ГИПОГОНАДИЗМ Ер адамдардағы гипогонадизм — ағзада андрогендер мөлшерінің азаюынан немесе оларға сезімталдықтың төмендеуінен жыныс мүшелерінің жетілмеуі, екіншілік жыныс белгілерінің дамымауы, бедеулік көрініс береді. Біріншілік гипогонадизм жыныс бездері қызметінің бұзылуынан, ал екіншілік гипогонадизм гонадотропиндер синтезінің төмендеуінен дамиды. Біріншілік гипогонадизм гонадотропты гормондардың гиперсекрециясымен сипатталады, сондықтан кейде гипергонадотропты гипогонадизм деп аталады. Екіншілік гипогонадизм кезінде гонадотропты гормондардың секрециясы төмендейді, сондықтан кейбір әдебиеттерде гипогонадотропты гипогонадизм деп те аталады (6.3кесте). Сирек жағдайда гонадотропиндердің қалыпты мөлшерінде тестостерон өндірілуінің төмендеуімен сипатталатын нормогонадотропты гипогонадизм көрініс береді. Сонымен қатар, гипогонадизм туа біткен немесе жүрек пайда болған деп ажыратылады.