8.1. ҚАЛҚАНША МАҢЫ БЕЗДЕРІНІҢ АНАТОМИЯСЫ МЕН ФИЗИОЛОГИЯСЫ Қалқанша маңы бездері қалқанша бездің артқы жағында қапсула сыртында, оның жоғарғы және төменгі полюсі маңында орналасады, дөңгеленген пішінді, диаметрі 5 мм, массасы 0,5 г. Қалыпты жағдайда адамда екі жұп қалқанша маңы безі болады (жоғарғы және төменгі).
Қалқанша маңы безінің (ҚМБ) саны мен орналасу орындары ауытқиды, кейде 12 жұпқа дейін жетеді. Қосымша ҚМБ қалқанша без және айырша без тіндерінде, кеудеаралығында, перикардта, өңеш артында, жалпы ұйқы артериясының бифуркациясында кездеседі. ҚМБ-і қанмен әдетте қалқанша без артериясының тармақтарымен қамтамасыз етіледі, осыған орай қалқанша безге жасалған операциялар кезінде бұл бездердің зақымдалуы мүмкін.
Без ұлпасы паратироциттерден тұрады, оның ішінде негізгі бояулармен боялатын басты және оксифильді жасушалар болады. Басты паратироциттер — гормональды-белсенді жасушалар, олар балаларда жиі кездесетін ашық түсті жасушалар және ересек адамдарда кездесетін қара түсті жасушалар болып жіктеледі. Оксифильды паратироциттер (тыныштықтағы жасушалар)10 жаста пайда болады, олар гормональды-белсенді емес.
ҚМБ-дің басты гормоны паратгормон болып табылады. Аталған гормон қалқанша маңы бездерінде паратгормон жолашарлары препропаратгормон мен пропаратгормоннан дамиды. Адам паратгормонының биологиялық белсенділігі амин қышқылы тізбегінің 1-29, 1-34 және 53-84 фрагменттеріне байланысты. Қандағы айналымда гормонның үш түрі болады: молекулалық массасы 9500 интакты паратгормон, молекулалық массасы 7000–7500 белсенді карбоксильді фрагмент, молекулалық массасы 4000 биологиялық белсенді фрагмент. Фрагменттердің түзілуі бауыр мен бүйректе жүреді. Паратгормонының әсері нысана-жасушаларының аденилатциклаза жүйесімен байланысты.
Паратгормон кальций гемостазының қалыпты болуына қатысады, кальций төмендегенде гормон секрециясы ынталанады, ал кальций деңгейі жоғарылағанда гормон секрециясы тежеледі. Кальцийге ағза сұранысы жоғарылағанда ҚМБ қызметі жоғарылайды (8.1сурет).
Паратгормон остеокластарға тікелей әсер етіп, сүйек тінінен кальций тұздарының шығуына ықпал етеді, сондықтан қандағы кальций мен фосфор деңгейі жоғарылайды. Паратгормон остеокластар жолашарларын белсендіретін жергілікті тіндік факторларды өндіретін остеобластар рецепторларына тікелей әсер етіп, остеокластар саны мен белсенділігін жоғарылатады.
Паратгормонның сүйекке қысқа және ұзақ уақыт әсер етуі түрліше: қысқа үзілісті әсер етуі- сүйектің түзілуіне, ұзақ үздіксіз әсер етуі- сүйектің деструкциясына әкеледі. Паратгормон мөлшері шектен тыс болғанда теріс сүйек балансы дамиды (сүйек тіні тығыздығының төмендеуі), бұл оксипролиннің артық өндірілуімен сипатталады.
Бүйрек түтікшелеріне әсер етіп, паратгормон фосфат реабсорбциясын төмендетіп, фосфатурия шақырады. Паратгормонның фосфор-кальций алмасуына жанама (қосалқы) әсер етуі, бүйрек түтікшелеріндегі lα-гидроксилазаны белсендіруімен байланысты, нәтижесінде 25-оксихолекальциферол белсенді 1,25-диоксихолекальциферол-ға [1,25-(OH)2-D3, кальцитриол] айналады.