Мүлік - азаматтық құқықтар объектісі ретінде
АК 115 - б. 2-тағы мүліктің заңдық ұғымына мүліктік игіліктер мен мүліктік құқықтарды біріктіреді. АК мүлік ретінде бірқатар жағдайларда мүліктік кешендер құрамына талап ету құқықтары мен борыштарды да қосады (119-баптың 2-тармағы).
Мүліктің мынадай негізгі түрлерін бөліп көрсетуге болады: 1) заттар; 2) ақша және бағалы қағаздар; 3) жұмыстар және көрсетілетін қызметтер; 4) шығармашылық интеллектуалдық қызметтің нәтижелері; 5) ақпарат; 6) мүліктік құқықтар.
Заттар мүліктің кең таралған түрі. Адам қолымен жасалған, сондай-ақ табиғаттың өзі жаратқан және табиғи қасиеттері бар нәрселерді заттар деп түсінеді. Зат нысанында көрінетін адам еңбегінің өнімдерін де заттар деп түсінеді, энергияның түрлері де (мысалы, жылу, электр энергиялары) заттардың қатарына кіреді, өсімдіктер мен жануарлар да заттар ретінде танылады.
Жеміс, өнім және табыс болып табылатын заттардың құқықтық режимінің кейбір ерекшеліктері бар. Мүліктерді пайдалану нәтижесінде алынған түсім (жемістер, өнімдер, табыстар), егер заңдарда немесе бұл мүлікті пайдалану туралы шартта өзгеше көзделмесе, осы мүлікті заңды негізде пайдаланушы адамға тиесілі болады (АК 123-бабы). Өсімдіктер мен жануарлардың тіршілік әрекетінің құндылығы бар табиғи өнімдерін, мысалы, жеміс ағаштарының жемістерін, шайдың жапырағын, жануарлардың төлін, жүн, сүт, жұмыртқа секілді өсімдіктер мен жануарлардан алынатын өнімдерді жемістер деп түсініледі.
Еңбек барысында басқа заттарды пайдалану арқылы жасалған заттарды өнімдер деп түсіну керек (мысалы, наубайханада пісірілетін нан, тігін өндірісінде шығарылатын тігін бұйымдары және т.с.с.).
Затты (заттарды) пайдаланудан немесе өнім шығару әрекетінен алынатын ақшалай және өзге түсімдерді табыстар деп тусіну керек.
Жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер. Азаматтық құқықтардың объектілері болып табылатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер - бұлар адамның мақсатты ic-әрекетінің элементтері, олар өзінше материалдық игіліктер болып табылады.
Олардың арасындағы айырмашылықтар мынада: жұмыстар, жұмыс процесінің өзінен берілетін материалдық нәтиже береді (мысалы, мердігерлік шарт негізінде жұмыс жүргізу нәтижесінде құрылыс жүргізіледі). Бұл жағдайда құрылыс жұмыстарының өзі құқық объектісі болады, әpi зат ретінде құрылыстың өзі құқық объектісі болады. Қызмет көрсетудің материалдық нәтижесі болмайды.
Жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің, егер олардың тауарлық сипаты болса, басқа тұлғаларға тұтыну құны ретінде арналған болса, онда азаматтың құқық объектілеріне айналады. Мысалы, иесінің өз пәтерін жөндеуі құқық объектісі болмайды. Керісінше, мердігерлік шарт бойынша басқа адамдардың пәтерін жөндеу азаматтық құқық объектілері болып табылатын жұмыстарға жатады.
Достарыңызбен бөлісу: |