Абай жолы. 1 кітап



бет5/70
Дата06.05.2023
өлшемі7,5 Mb.
#176199
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   70
Байланысты:
Абай-жолы


2

Абай әкесiмен бiрге Қарқаралыда тұрғалы көп күндер болды. Қазiрде қыс әбден түсiп, қар бекiп алған-ды.
Құнанбай кiшкене қаланың тап ортасындағы, көк шатырлы, үлкен ағаш үйдi жатақ еткен. Қазағуар, қонақшыл татар саудагерiнiң үйi.
Бұл қалаға аға сұлтан көп туысқанын, көп нөкерiн ертiп келген. Құнанбай пәтерiнiң маңындағы үш-төрт кварталдың әрқайсысында өздi-өз тобымен ошарылып орнап жатқан Майбасар, Жақып, Қаратай сияқты Құнанбайға тарапты кiсiлер бар. Майбасар мен Құнанбай пәтерлерiнен күндiз-түнi табылып тұратын тiлмаш, стражниктер болады. Майбасарға тиiстi атшабар Қамысбай, Жұмағұлдан басқа Құнанбайдың өз жiгiтi, өз атшабары – Қарабас та бар-ды.
Бұлардан басқа, жай ерте шыққан бiр топ жiгiт-желеңi тағы бар. Құнанбай жiгiттерiнiң ажарын өзгеден басқарақ көрсететiн бiрен-саран басқа тұқымның жiгiттерi де бар.
Тегiнде Құнанбай қолында Ғабитхан сияқты татардан, Ызғұтты сияқты қырғыздан, Бердiқожа сияқты қожадан келген, тiптi, шеркестен де келген жеке адамдар, немесе тұтас ауыл, топтар көп болушы едi.
Жиыны отызға тартатын нөкерлер сегiз үйде жатады. Қарқаралының тап ортасы Тобықтының бiр аулындай болды. Әке қасынан ерiгейiн десе, Абай анда-санда осы үйлердi шетiнен аралап, өзiнше ермек тауып кететiн.
Бүгiн де таңертеңгi шайдан соң Абай әке қасынан шығып, Майбасардың пәтерiне келе жатты. Күн шағырмақ ашық, Қарқаралы атрабындағы өлке жота жалтырап, аппақ сiреу боп жатыр. Қала желкесiндегi әсем таудың да қарағай атаулысын күпсек қар басқан. Абайға ағашты таулар, қазiрде, ақ шидемiн айналдырып киген, қыс кәрiнiң өзiндей көрiндi. Шытқыл аяз бар. Терiсiнен еске болымсыз ғана жел лебi бiлiнедi. Абай түлкi тымағының бауын байлай бастап, әжесiн есiне алды. Жүрерде:"тымағыңның бауын байлап жүр. Құлақтан тиген шаншу жаман болады. Көресiнi көрiп отырмыз ғой мiнi " деп, өзiнiң мүгедектiгiн мысал еткен. Суықтан сақтана жүрудi көп айтқан.
– Сау ма екен өзi? Әрбiр аяз, әрбiр боран күнi, әсiресе, еске алатын шығар-ау!- деп, Абай Жидебайдағы үйдi тегiс есiне алды. Өзi де шешелерiн сағынған-ды.
Аяғының астында шыныланған қатқыл қар сықыр-сықыр етедi. Үшкiр тұмсық жаңа қара етiгi бар едi. Саргiдiр болған қардан тайғанай бередi. Абай бұл уақытта бала сияқты емес. Жас бозбалаша киiнген. Қара мақпалмен тыстаған түлкi тымағы бар. Үлкендер пұшпақ тымақ кисе, соңғы жылдарда бозбаланың көбi осындай түлкi тымаққа ауысқан едi. Үстiнде тиiн iшiктiң сыртынан киiлген, жағасы қайырма қара барқыт қаптал шапаны бар. Құла түстi ықшам тiгiлген шапан. Аса ұзын жең емес. Кең қолтық, ұзын жең үлгiнi осы Қарқаралы қазағы ғана киедi. Олардың жағасы да Тобықты үлгiсiнен басқаша, Тобықты тымағы Қарқаралынiкiндей төрт сай емес, алты сай болатын. Абайдың кигенi сондай өз елiнiң тымағы. Белiнде кiсе белдiк емес, жасыл түстi кәрiс белбеу. Бұ да – анық бозбаланың белгiсi.
Абай көше бойында салт атпен топ-тобымен өтiп жатқан ел кiсiлерiн көрiп келедi. Көпшiлiгi Құнанбайдың пәтерiне кетiп бара жатқан жандар. Күндегi машық бойынша келiп жататын атқамiнер, даугер арызшылар.
Абай Майбасардың пәтерiне жеттi.
Қақпадан кiре бере жабық қоралардың алдында топталып жиылып тұрған көп Тобықтыны көрдi. Бөтен кiсi жоқ. Тегiс өзiне мәлiм ағайын, туысқандары. Ылғи үлкендер екен. Орта тұста, ақ сеңсең iшiгiн желбегей жамылып, зор денелi, қызыл күрең түстi Майбасар тұр. Қасында Жақып, Төлепбердi, тағы басқа бiрнеше жас жiгiттер бар. Өзге пәтерлерде жататын Тобықтының барлығы осында.
Жалы құлағынан асатын күрең құнан шығарды жiгiттер жығайын деп жүр. Абай бiледi: Қарқаралыға келгелi семiз қой, ту бие, қысырдың тайы сияқты сойыс малы бұл топқа жан-жақтан, "Құнекеңнiң сыбағасы" деген атпен күн санап келiп жататын. Майбасар бiр семiздi сойып, барлық өз тобын бiр арада сыйламақ тәрiздi.
Бұл Ырғызбайлар Қарқаралыға қарай беттеген жол бойында да, мына қаланың өз iшiнде де ылғи осындай күтiм мен бап көрiп келедi.
Iштерiнен осының бәрiне жеткiзiп, өзге қазақтан бұларды әрi жуан, әрi сыйлы қып жүрген Құнанбайға дән риза. Күрең құнан шығардың семiздiгi сол алғыстарын естерiне қайта салды. Бұндайдағы дағдылары бойынша "мырзаны" тағы ауызға алысты.
– Осы жолғы мырзаның абыройы бөлек боп тұр-ау!_ деп бастаған Жақып едi.
Аға сұлтан Құнанбайды Қарқаралы арызшыларымен бiрге осы Тобықтылар тегiс соңғы мезгiлде Құнанбай демей "мырза" деп атасатын.
– Қызғанған дұшпанның iшi күйсiн! Ертең мешiт те бiтейiн деп тұр. Жұрттың тiлеуi тегiс-ақ бұрылды бiлем бiздiң мырзаға, – деп Майбасар мазатсып қойды.
– Мешiттiң өзi де келiскен-ақ екен!
– Бұ Қарқаралы көрмеген сәулет қой...– десiп, Бурахан, Төлепбердiлер де сүйсiне сөйлейдi.
Абай Қарқаралыға келгелi "мешiт" деген сөздi әкесiнiң аузынан да және басқа атқамiнерлердiң аузынан да көп-көп есiтетiн. Әкесiнiң атақ, абыройын осындай көп аузына қатты жайып бара жатқан сол мешiт жөнi екенiн де жақсы бiледi.
Құнанбай өткен жаздан берi бұл атраптағы ең бiрiншi мешiттi осы Қарқаралы қаласына өз әмiр-құдретiмен салғызып жатқан. Сол мешiт бүгiн әбден бiтпек едi. Қала iшiндегi молда, қалпе атаулы, ел iшiндегi атқамiнер қарт-қария атаулы мешiт салғызғаны үшiн Құнанбайды шынымен көп дәрiптейтiн.
Құнанбайға екi күн бұрын келiп кеткен қазағуар имам, молда Хасен Саратай да:
– Қарадан хан туған өзiңсiң... Мәсжiдтiң кәлам шәрифтегi бiр исмi Бәйтолла. Хұдай тәбарака уа тағаланың үйi. Оны надан қауым қараңғы сахара ортасына салған сен, иеннiң сүйген құлының бiрi боларсын. Ынша алла...– деп, көп атқамiнер, старшын, ұлықтар алдында алғыс айтып, фатиха берiп едi. Жаңағыдай бұл дүние мен ол дүниенiң берекесiн бiр-ақ берген хазiретке Құнанбай сол жиыннан қайтар шағында бiр ат, бiр түйе берiп, үйiне апартып салған.
Абай өз әкесiнiң өзге атқамiнер атаулыдан мықты, қайратты екенiн сезедi. Қазiр көп-көп ойлап, көп бағып, танып көргiсi келетiнi дәл осы өз қасындағы өз әкесi. Жақын жерден, қасынан қарағалы әкесi бұған үлкен жұмбақ боп тұр.
Күрең құнан шығардың таңдамалы жылы-жұмсағы ас үйге қарай әкетiлдi. Өзге үйдегi Тобықтылар да қазiр Майбасардың түстiгiне жиыла бастап, қора iшiнде жүрiс молайып едi. Келген жұртты Майбасар үйге қарай бастап, ендi жайланып отырыспаққа бет алған кезде, қақпа ашылып, Қарабас кiрдi.
Жүрiсi шапшаң екен. Майбасар соған қарап, тосып тұрып қалды. Қарабас тақай бере:
– Алшекең келедi. Мырзаға қазiр Алшекең келедi дейдi. Соған сендердi шақырта жiбердi... Тез жүрiңдер!– деп, Майбасар мен Жақыпқа қарады.
Майбасар сеңсең iшiгiнiң жеңiн киiп, қақпаға қарай беттей бердi. Жақып та солай басты. Абай өзгелермен қалайын деп едi, Майбасар артына бұрылып:
– Абай, сен де жүр! Атаң ғой, атаңа сәлем бер, – деп мысқыл еткендей сылқ-сылқ күлдi.
Осыдан екi жыл бұрын Құнанбай мен Алшынбай достығы құдалыққа соғып, осы Алшынбайдың Түсiп деген баласының Дiлдә деген қызын Абайға айттырысқан болатын. Алшынбай сонымен Абайға үлкен қайын ата болушы едi.
Қарқаралыға келгелi, Алшынбай Құнанбайға бiрнеше рет келiп қонақ боп кеткен. Бүткiл бұл атыраптағы атқамiнердiң Алшынбай атын атауы басқаша көрiнген. Оны Алшынбай деушi кiсiнi Абай әлi есiткен жоқ. Ылғи "Алшекең" дейдi. Осы өңiрде аға сұлтан Құнанбай атымен тең аталатын, кейде тiптi жапа-жалғыз аталатын ат соның аты.
Оның ата-тегiн де бар Тобықты, бар Қарқаралы "Қаракөк" деп атайды. Алшынбай белгiлi би Тiленшiнiң баласы, одан арғы атасы Қазыбек би. Осының бәрiне қарағанда Абайдың қалыңдығы Дiлдә, тiптi бiр үлкен, асқақ жердiң қызы тәрiзденедi. Сол қалыңдықтың қалыңмалы да осал болмаған болу керек. Өйткенi Құнанбай аулынан Қарқаралыға қарай шығатын топ-топ жылқы, түйе көбiнше осы Алшынбай аулына барушы едi. Жалғыз ғана құдалық па, жоқ басқа да iлiк пе, әйтеуiр Алшынбай, Құнанбай әбден айқасқан, iшек-қарын араласқан дейтiн жақындардың өздерi.
Майбасар, Жақыптардың Алшынбай аты аталғанда аял қылмай жөнелетiн себебi осы.
Алшынбай аты Абай бар жерде аталса, Майбасар ылғи ғана ұялтып:
– Қайын атаң осы! Бұл атыраптың үлкенi осы. Үстiне баса кiрме! Кiрсең, тәжiм ет, – деп тәлкек қыла беретiн. Жаңағы мысқыл күлкiсiнiң мәнi де сол.
Абай Майбасардың күлкiсiнен жасқанып, Алшынбайдан қашқалақтап жүр едi. Бiрақ Құнанбай Алшынбай екеуi өткен бiр жолы бұны әдейiлеп шақыртып алып: "ұялма" дескен. Жiгiт боп қалдым деп жүрген шағында, ауылдағы келiн-кепшiктей ұялтып, бұқтырып жүрген Алшынбай атын Абай оншалық ыстық көрмеушi едi.
Ал Майбасар мен Төлепбердi сияқты, немесе Жұмағұл атшабар сияқты, тiлiне тыйымы жоқ мысқылшылардың: "қайын", "қалыңдық", "жесiр" деп Дiлдәны ескерте берген сөздер Абайды тiптi Дiлдәның өзiн ойлаудан да жасқандыра беретiн. Қалыңдық жайын Абай әзiрше ылғи жатырқай ойлайтын.
Қазiр көше бойымен үшеу-төртеуi келе жатқанда, Майбасар Абайға бұрынғыдан гөрi салмақты түспен қарап, шынын айтқан кiсi тәрiзденiп:
– Мына мешiттiң тойы өтiп, iс жеңiлейсiн. Кiшкене қол босасын. Содан соң саған айтатын бiр үлкен сөзiм бар. Ашуланба, баламысың? Өзiң зiңгiттей азамат болдың. Алшынбай аулына малды текке берiп жатыр ғой деймiсiң жұрт. Осы жолы Қарқаралыдан қайтарда өзiңе бiр мәслихат айтам, – дедi. Абай күндегi дағдысы бойынша, томсарды да үн қатпады. Iштей Майбасардың ненi айтпағын сезедi. Көнейiн деген ойы жоқ.
Қарабас:
Айтам деп еру қылғанша, "айттым, бастадым" десеңшi, Абай оны сезбей келедi деймiсiң? Iшi бәрiн сезедi бұның!– деп, мiнбелете бастады.
– Жә, жә! Осы ат мiнгiзгендей көрейiн, тек осындайменмақтағаныңды қойшы, тiптi, Қареке!– деп Абай Қарабастың иығына асыла түстi. Майбасардай емес, Қарабаспен еркiн сөйлесетiн. Және Қарабастың тiлiн, мiнезiн жақсы көрушi едi. Сондықтан ойнап, еркелей беретiн.
– Тек iс бiтсiн... Айтқаным айтқан. Сенiмен әлi сөйлесем. Сөйлескенде бек сөйлесем!..– деп, Майбасар жаңағы сөзiнiң құпиясын молайта бердi. Абай iшiнен:"осыны әкеммен ақылдасып айтып жүр-ау!..– деп ойлады. Онда қалжың емес, шынының өзi болғаны. Неткен бәле?.."– деп, Абайдың кейпi бұзылды. Әлденеден. Әйтеуiр осы жайды айтса, кәдiмгiдей қатты мазасызданады. Сүйткен сайын Дiлдәдан көңiлiмен алыстай түседi. Оның аты бұған бiр алуан зорлық ноқтасы сияқтанады.
Қабағын түйiп, екi көзi жалт етiп, жақтырмай қарағаны болмаса, Абай Майбасардай ағаға қатаң жауап айта алмады.
Осы кезде бұлар Құнанбай пәтерiне де жетiп, қораның iшiне кiрiп едi. Ыю-қию толып жүрген аттылар, жаяулар екен. Мол қораның әр жерiнде үштен-төрттен, тоғыз-оннан топталып, қоралай отырып, келелi сөздерiн сөйлесiп жатқан даулылар. Старшын, билер. Осы кеңестерде тергеу, билiк, бата, серт, айып, кiнә, татулық, араздық та сөз боп жатыр. Жиындағы жандардың көпшiлiгi Бошан тәрiздi. Тымақ, шапандары соны баян етiп тұр. Оқта-текте ғана Балқаш бойынан келген Дадан Тобықтының үлгiсi немесе Дағанды Керейiнiң қой жүнi шекпенi мен шошақ тымағы көрiнедi.
Бұл кең ауладағы топтардың ру-руларын, киiмдерiнен басқа, тағы бiр белгiлерi айқын бiлдiредi. Қарабас Абайға әр рудың атына басқан таңбасын да кеше күндiз айырып-айырып айтып берiп едi. Абай қора iшiнде келе жатып, әр топтың тұс-тұсында байлаулы тұрған аттарына қарап, сандарынан таңбаларын көрiп, iштен танып келедi. Анау, "Көз таңба" дейтiн қос дөңгелек – Арғын, Бошан аттары. Мына бiреу "ашамай" таңба Керей. Ал ана бiреу көк ат ше? Е, е, ол "шөмiш" таңбалы – Найман екен ғой. Бұл жақта Найман да бар екен-ау!" дедi. Екi жерде араптың "шын" әрпiне ұқсаған Төре таңбасын да таныды. Абай тыста осы жайларға қарай түспек едi, бiрақ үлкендер тоқтамады, бәрi де үйге кiрдi. Жақып алдымен жүрiп кеп, Құнанбай отыратын бөлменiң есiгiн ашты. Үшеу-төртеуi тұтас кiрiп, сәлем берiстi. Үлкен жарық бөлменiң есiгiнен төрiне шейiн қымбат қызыл кiлемдер жайылған. Қабырға атаулыда қала сәнiмен жиналған iшiктер, кестелi жайнамаз, оюлап жазылған дұғалықтар. Төсек-орын, құс жастық, жiбек шаршау, шiлтерлер де көп. Үйде топсалы үлкен үстелдiң жанында жуан-жуан ақ жастықтарға шынтақтап Алшынбай мен Құнанбай отыр екен. Мыналар даурыға сәлем бергенде, үйде отырған екеуiнiң ерiндерi болымсыз ғана жыбыр-жыбыр етiсiп, сараң сәлем алысты.
Келгендер Құнанбай мен Алшынбайдың екi жағынан жарыла отырды. Сөйлеп отырған Алшынбай екен. Сөзiн үзiп мыналарға қарап, аз бөгелiп едi, Құнанбай: "айта берiңiз!" деп ишарат еттi.
Толық дөңгелек денелi, қызыл жүз, ақ сақалды Алшынбай тiрсекжең қара қамзолдың сыртынан пұшпақ iшiгiн желбегей жамылып отыр екен. Басында сұрғылт түстi сырма тақиясы бар. Қазақы тақия. Сол тақиясының екi самайдағы жиегiнен ойдым-ойдым боп түскен ақ құйқа көрiнедi. Жаңада қырылған ақ шашы қайта тебiндеп шығып келе жатқанмен, Алшынбайдың тазын жасыра алмай тұр.
Биiк қырлы мұрнын көтере сөйлеп, Алшынбай есiкке қарап отырып:
– Баймұрын өзi де тыржыңдап, өкпе сазын бiлдiргендей...– дегенде, Құнанбай басын тез көтерiп ап, Алшынбайға бұрылды. Алшынбай Құнанбайдың сұрланған жүзiне байыппен қарап:- Бөжейдi қонақ асыға шақырсам, Құнанбай жақтырмайды дейдi. Ендi менiң қазанымды да Тобықтыға билеткенi ме Алшынбайдың деп, маған кiнә тағады бiлем...– дедi.
– Анамен сөйлесiп пе өзi? Оның сойылын не деп соғады екен Баймұрын, сонысын айтты ма?..– деп, Құнанбай жаңағы өзiн терiс қып көрсететiн сөзден аттап түстi.
"Анау" дегенi кiм екенiн Абай бiледi.
Алдыңғы күнi осы Алшынбаймен бiрталай сөйлесiп кеп, аяқ кезде Құнанбай Бөжейге арнап бiр қатты суық сөз айтқан:" Бөжей арыз берiп аяғымнан алғанын қойсын! Болмаса, сұр шекпендi кигiзiп, бойын кездеп, айдатқанша тоқтамаспын!" деп едi. Алшынбай мен осы Қарқаралы қазағының тағы бiр жуаны Баймұрын арқылы Құнанбай мен Бөжей арасының шарпысқан сөздерi жүрiп жатқан-ды.
Бүгiн Алшынбай сондағы сөздiң ендiгi өрiсi қалай ауғанын айтпаққа келген болу керек.
Баймұрынның Бөжей жақты ұстағысы келетiнi жалғыз жаңағы сөз емес, одан басқа жерлерде, Құнанбайдың әр алуан ашу, сөздерiнен бiлiнетiн. Әлгi бiр леп соның сарыны. Оны Құнанбайдың тыңдағысы келмейтiн, ұстасқан кiсiсi дәл Баймұрын емес.
Өкпелесе өкпелей берсiн. Оның өкпесi батса, Алшынбайға батады. Құнанбайды оншалық қайыстырмайды. Екiншi, Алшынбай Құнанбайға жаңағыдай бiлдiргенi болмаса – "сен үшiн маған Баймұрын туысқаным өкпеледi ", деп мiндет қылатын кiсi емес.
Соңғы жылдар бойында Алшынбай, Құнанбай достығы талай сыналған. Туыстан "құдалық", "достық" тәттi болып, екеуi бiрi арқылы бiрiне келген жеңiл-желпi ауыртпалықты есептеспейтiн. Сондықтан, алғашқы сөзiн әлгiмен тастап, Алшынбай Құнанбай күткен жауапқа көштi.
– Әуелi жауап сөзiнiң өзiн айтайын, кейiнгi шарасын ақылдасамыз ғой. Бөжей анау сәлемiне шапшып жауап берiптi. "Көк шекпендi бiздiң мырза пiшкен жоқ, құдай пiшкен. Кiм киерiн көрермiз..." дептi. Баймұрын ба, басқа ма, дем берушi тапқаны болар!..– дедi.
Бұл жауапты естiгенде, бағанадан үндемей мелшиiп отырған Майбасар, Жақыптар селт етiп, қабақ түкситiп, ажырая қарасты.
Iштерiнен:
"Мынау қалай құтырады?"
"Мынаны бiр түлен түрткен екен.!"
"Мәрғау кетейiн. деген екенсiң! Өз обалың өзiңе!" – деген сияқты ажарлары бар едi.
Абай Бөжейдiң не дегенiн естуге ынтық болатын. Жаңағы Алшынбай жеткiзген сөзге ол да қайран қалды. Iшiнен:" қандай ыза, қандай күйiктен туған сөз? Және неткен ер?" деп ойлады.
Құнанбай қайсар жауапты есiттi де, басын жоғары алып, қарсы терезеге жалғыз көзiмен қадалып қарап, үндемей отырып қалды. Сұрғылт жүзi түнерiп, қатты ашумен қарайып бара жатқан тәрiздi. Бетiнде түк атаулысы бозғылданып, бiлiне бастады.
Осыдан басқа не бiр дыбыс, не қозғалыс, не бiр сөзбен сыр берген жоқ. Барды iшiне жиып, буылып, құрсауланып қалды. Мұның бетiне екi рет көлденеңнен қарап өткен Алшынбай таңдана түсiп, сүйсiнiп қалды.
"Берiк, берiк! Бүйрегi без емес, тас болар!"- деп ойлады. Құнанбайды өзi көрiп жүрген атқамiнер iшiнде бөлекше бағалайтын бiр себебi: осындай жердегi ерекше ұстамдылығынан, бойын бермес тұйықтығынан болатын.
Үй iшi үнсiз едi. Бағана есiк алдында, ауыз үйде қалған Қарабас есiктi ақырын ашып басып кеп:
– Майыр кептi, мырза. Сiзге келдi, – дедi.
Құнанбай оған да қыбыр еткен жоқ. Аздан соң есiк ашылып, еңгезердей қызыл сары Майыр кiрдi. Қасында қазақ тiлмаш Қасқа бар. Сақалы шошайған, өзi қағiлез келген арық сұр. Бұл тiлмаш күндiз-түнi осында келiп-кете беретiн.
Майыр Құнанбай, Алшынбаймен қол алысып амандасып болды да, жерге отырмай, Құнанбай қарсысындағы жалғыз орындыққа отырды. Үлкен көк көздерi қылилау келген. Бет ауызын қалың бұйра сары сақал басқан. Шүйдесi қып-қызыл екi қатпар боп тұратын. Мұны қазақ атаулы өз атымен атамай, өзге Майырлар сияқты, сырт белгiлермен атайтын. Жалғыз-ақ, бұрынғы майырларды бiр-ақ белгiмен:"сұлу майыр", семiз майыр" деп, немесе бетiнiң секпiлiне қарап, "тарғақ майыр" десе, мынаның сыртқы түсi, түгi талай ат атауға өз-өзiнен сұранып тұрушы едi.
Сондықтан мұның атын неше саққа мiнгiзiп кеп, бiрде "шапыраш" майыр, бiрде "жүндес" майыр, бiрде "пiскен бас" майыр деп те атасатын. Құнанбай, Алшынбай айналасы оны ақылсыз деген болжалмен, көбiнесе, сол "пiскен бас" майыр деушi едi.
Бұл майыр Құнанбайдың дегенiне жүре бермейтiн. Өз бетi, өз жолы бар. Сондықтан, Құнанбайға жаман атты көрiнетiн.
Қарқаралы деген округтың әмiршiсi - Құнанбай мен осы Майыр. Қазақ округты "дуан" деп, мыналарды бiрде "дуан басы" деп, кейде Құнанбайды "аға сұлтан" дейдi. Құнанбай округты басқаратын приказдың бастығы, Майыр орынбасары болатын. Үшiншi адамы – кiшi сұлтан аталушы едi. Ол қазiр қалада жоқ.
Майыр Құнанбайға Бөжей жұмысымен кеп едi. Құнанбайдың жаңағы ашу үстiнде Майырды керек қып отырғаны да сол жұмыс болатын.
Құнанбай мұндайда ойдағы жұмысына күмiлжiмей, тұпа-тура кiрiсетiн. Сол әдетiмен тез сөз бастап:
– Майыр, сенiң атаң аты Тобықты емес едi. Осы Қарқаралыға кеп бауыр тапқаннан аманбысың? Бөжейдi айдату керек, қағазын дұрыста деп ем. Сары аурудай создың. Да кеттiң ғой. Соның жан күйерi сен болып, бауыр тартып, бауырың езiлiп жүр ме осы, немене?– дедi.
Тесiле қарап, Майырдан жалғыз көзiн алмай, сызданып отыр. Майыр:"аудар!" деп, тiлмашқа қарады.
Қасқа тiлмаш Құнанбай мен Майырға кезек жалтақтады. Жүгiнген бойында құнысып, қозғалақтай бердi. Бiр жағынан орысша тiлi жеткiлiктi болмаса, екiншi жағынан, екi ұлықтың бiрiне бiрi айтатын ашу сөздi тұпа-тұра жеткiзуден, әсiресе, тайғақтайтын. Әлi бөгелiп отыр. Кейде жер шұқып, кейде қымыңдап қозғақ қағады.
Құнанбай мұның бөгелгенiне ыза боп:
– Ей, тiлмаш, осы саған "әке" дейiн, жарықтығым, тек дегенiмдi түгел жеткiзшi! Iн аузында отырған ақкөт торғай сияқты қылп-қылп еткенiңдi қойшы осы! – дедi.
Торғайды айтқанда Майбасар шыдай алмай күлiп жiбердi де, Құнанбайдың ашулы түсiне имене қарап, тәубе қыла қалды. Iшiнен күлкiден өлердей қысылып отыр едi. Абайға да бұл теңеу аса қызық көрiндi. Оның көз алдына: тұрымтай салып жүргенде, iн аузында қылпылдап отыратын шақшақ елестеп едi. Шынында мына сорлы тiлмаш дәл соның өзi сияқты. Бiрақ сөздiң бетi қатты. Күлер жер емес. Абай Майбасардың жаңағы жеңiлтек күлкiден қысылғанын таныды да, өз бойын тежеп қалды.
Тiлмаш бөгеле отырса да, Құнанбай сөзiн жеткiзген едi. Майыр сасқан жоқ. Саңқылдаған зор даусымен қатты сөйлеп, шұбыртып кеттi.
– Әкiмшiлiк өш кiсiден кек алу үшiн берiлмейдi бiзге. Бөжей Ералиновтан түскен қағаз көп, тексеру керек! Және ол үшiн ренжитiн кiсiлер де көп. Айдатпай тоқтай тұр!-дедi.
Осыдан соң екi жағы да шапшаң сөйлесе жөнелiп едi.
– Сөйтiп арпалыстырып ұстамақсың ғой? Көздегенiң сол ғой?
– Жалғыз мен емес. Бұрын аға сұлтан болған Құсбек, Жамантайлар да солай қарайды. Тiптi, мына Алшынбай бiлетiн Баймұрын да солай ойлайды.
– Олар кiм? Бiрен-саран! Олар аздар! Және күндестiкпен сүйтедi. Көп елдiң көп атқамiнерi менiң сөзiмдi құптайды. Көрмей отырмысың соны?
– Аз болса болсын. Бiрақ закон – патша законы, олардың куәлiгiн де тыңдайды. Олардың сөзi де жетедi жоғарғы ұлыққа.
– Жеткiзетiн сенсiн ғой! Айыпкердi сен ұстаған соң, бел аспай қайтедi?
– Құнанбай мырза, сен менi айыптама үйтiп! Бұл екi жүздi семсер сияқты жұмыс.
– Бiлемiн. Қоймаңның сырын бiлемiн сенiң!
– Аға сұлтан! Орныңызды ұмытпаңыз! Бiз екеумiздi де көрпiс сайлаған, – деп Майыр трубкасын тұтатып алып түрегелiп, үй iшiнде әрлi-берлi жүрiп кеттi. Ашумен қатты қызарып алған едi.
Құнанбайдың ендiгi жауабын Алшынбай айтқызғысы келмедi. Дуанның екi бастығы бұдан әрi сөйлессе, ұрысқа кететiн түрi бар. Ол орынсыз. Алшынбай өз көз алдында бұған ырық беруiне болмайды. Құнанбай үшiн де және тiптi өзi үшiн де залалды. Ол бағанадан үстелге шынтақтап, қыбыр етпей отырған қалпынан тез шалқайып:
– Ей, мырза! Ей, Майыр! Сабыр етiңдершi!– деп қатты айтты.
Алшынбайды жалғыз Құнанбай емес, Майыр да сыйлайтын. Талай қиын iсте әлденеше рет iстес болған. Әлi күнге түс шайысқан. Жерлерi жоқ. Және Алшынбай өзi ұлық болып көрмесе де, түптеп келгенде, талай старшынды, тiптi кейде аға сұлтанды да сайлаушының ең мықтысы болатын. Оны да Майыр жақсы бiледi. Есептеспеу қиын. Алшынбай үн қатқанда түрегеп тұрған Майыр Құнанбайға көз қиығын бiр тастап байқап өттi. Құнанбай да Алшынбайды тыңдайтын тәрiздi.
Майыр танаурап, қатты демiгiп орындығына қайта кеп отырды. Алқымында әлi айықпаған ашу бар едi. Демi дiрiлдей шығады.
– Сендер бұлай шалқиыспаңдар, ұлықтар! Мақұл емес!– деп Алшынбай сөйлей бастағаннан-ақ, қасқа тiлмаш Майырға қарай қисая түсiп айтып жатыр.
– Бiрiңе-бiрiң серiксiң, ынтымақты болсаң ел билейсiң. Ынтымақсыз болсаң неңдi билейсiң? Өз бәлең өзiңе жетiп, жұрт та қалар, жұмыс та қалар. Ұғысып iстеңдер. Ал, өздiгiңмен ұғыспасаңдар мына бiздей, арадағы кiсiнiң сөзiн тыңдаңдар. Ол жайы сол!– деп, екi ұлыққа кезек қарап, екеуiнiң де қайтқан түрiн аңғарып ап, Алшынбай:– Ал жаңағы ақырғы жұмыстарыңа келсек, мына мен осы үйге, Құнанбай мырза, саған, – деп, Құнанбай жаққа ырғала түсiп, – сол жұмыспен келiп отырмын. Бүгiн кешке шейiн осы жұмыс туралы рұхсат берiңдершi! Майыр, қазiр сен қайта тұр. Тұрақты бiр жауабын бүгiн кешке мен жеткiзейiн. Сендер екеуiң боп, осы жайды сөйлегендi әзiрше қоя тұруға бармысың? Соны айтыңдаршы! Осыны мен сендерден сұрап отырмын!– дедi.
Алшынбай әңгiмесiнiң тұсында Қарабас ауыз үйден қамыс тегенеге толтырып қымыз әкеп едi. Шүңет келген сырлы сары тегене. Қазiрде Майбасар, Абайлар дыбыссыз ғана қозғалып, үстел үстiне асжаулық жайып, үлкендердiң алдарына жылтыр сары тостағандарды толтырып қымыз қойған.
Бетiнде азғантай ғана құрым белгiсi бар сап-сары қымыз, арқар мүйiзiнен iстелген үйрек ожаумен Майбасар сапырғанда, көпiршiмей, шып-шып етiп шымырлап ғана толқиды.
Дастарқан үстiне үш табаққа сап ашыған бауырсақ қойысты. Жаңағы Алшынбай сөзi аяқтала берген кезде Қарабас ауыз үйден үлкен табақ ыстық ас әкелдi. Бұл дағдылы ет, қуырдақ емес, Құнанбайдың қымызбен қоса жейтiн жаубүйрек деген тамағы едi.
Алшынбай сөзiн аяқтасымен Құнанбай Майырға да, Алшынбайға да асты нұсқап:
– Жеп, iше отырыңдар... Кәнi!– деп, бата қып бетiн сипады.
Мешiт салам деп, имам хазiреттермен көп айқасқалы, Құнанбай өзi арапша оқымаған адам болса да, дiндар, тақуалау кәрiлердiң жаңағы бата қылғыш, бет сипағыш, "пiсмiлдашыл" машықтарын көп iстейтiн болған-ды.
Алшынбайдың әлгi сөзiнiң аяғына ас кеп қалғаны бiр сылтау болса, екiншiден, бұдан әрi сөйлеген сөздiң орны да жоқ. Алшынбай кiрiсiп, "аяқтап көрем" деген соң, Майырдың да өктей қоятын жөнi жоқ. Жайсыз шешсе кейiн көредi.
Ал, дұрыс боп шешiлсе, мұндай iстi Алшынбайға бергеннен абзалы жоқ.
Алшынбайға:
– Айтқаның дұрыс, мен тоқтаймын. Жауабын өзiңнен күтемiн...– дедi де, келген жұмысын тез доғарды. Содан кейiн өзiнiң қымыз құмарлығына салып бес тостағанды үстi-үстiне жұтып-жұтып жiберiп, жаубүйректен азғана асады да, қоштасып жүрiп кеттi.
Тiлмаш тамақ аяқтағанша кетпей кейiндеп қалып едi, сол шыққанша Құнанбай жаңағы сөз туралы "ләм" деген жоқ.
Аздан соң тiлмаш кеттi. Содан кейiн барып қана Құнанбай:
– Параға жемсауы толған ғой әлгi пiскен бастың. Бет алысын көрмеймiсiң? Баймұрын арқылы Бөжей, Байсал тығындаған ғой...– деп, бағанадан желiсi үзiлмеген ойының бiр түйiнiн айтты.
Алшынбайдың ойы да осы туралы едi. Ол бiрақ Құнанбайдан гөрi арырақ ойлап, ойына әр түрлi жайсыз күдiктер түсiп, күңгiрт тартып отырған.
Құнанбай сөзiне шапшаң жауап қайырған жоқ. Сараңдап барып:
– Пара деген бiр сәрi ғой. Пара жемейтiн ұлық бар ма тәйiр? Оң-солынан қабат алып, қабат қылғып та қыбын тауып жүрмей ме? Мына жердiң тетiгi ол ғана болмай тұр, – деп, бүгiн әдейi Құнанбайға өздiгiмен айтпаққа келген сөзiне ауысты. Кейде маңдай терiсiн жиырыңқырап, екi көзiн жұмып сөйлей бастайтын әдетi бар едi, соған салып:
– Мен осы қыбырдың бәрiнен көз алмай, көлденеңнен бағып отырған кiсiмiн ғой. "Тоғыз құмалақты ойнаушыдан да көлденең көргiш келедi деушi едi бiздiң би"...– деп өз атасы Тiленшi бидi есiне алып, – сол айтқандай, Тобықты iшiндегi ойындардың ендi басқа бiр белге шығатын кезi жеттi. Аяқтамаса насырға шабатын. Түрi бар!- дей түсiп бiр тоқтады.
Құнанбайға құдасының бұл бет алысы оқыс жаңалық едi.
– Алшеке! Бөжей мен Байсал Тобықтыда аяғымнан алам десе, дуанға келiп жағамнан алмақшы. Аянар жерiм қалмады ма осы?– дей берiп едi, Алшынбай сол қолын үстелден аз көтере берiп:
– Алысар болсаң, аянбассың. Алысқан соң о да аянбас. Бiрақ жаңағы Майырды аңғарсаңшы! Ол ғана емес, ар жағында анталап жүрген кешегi хан тұқымы төрелердi аңғарсаңшы! Сөзқұмар, бәлеқұмар Баймұрындар аз ба? Соның бәрi аға сұлтандық қолымыздан мүлдем кеттi деп жүрген жоқ. Ылғи әр кезеңнен баспағып, "түрт сайтанмен" жүр. Тегiнде өз басыңмен байланысқан сөздiң өршiгенi құрсын...– деп, шетiн нәзiк жайға тұспал жасады. Құнанбай ендi түсiне бастады. Бағанағы Майыр да, ендi тiптi Алшынбай да, Құнанбай, Бөжей тартысының түбi – бас араздық екенiн тұспалдайды. Бара-бара: "аға сұлтан басымен Бөжейдiң аулын шапты, өз қолымен қыруар елдi қырқа матады... Дүреледi" деген сөздер бәле боп, ұлғаймай тұра ма? Бөжейдiң "арызы" деген – "аяспау " деген сияқты, әр жерден шаң берiп жатқан жайдың бәрi сол дүмпудiң белгiсi.
Құнанбай Алшынбайдың жүзiне ойлана қарап:" ендеше барыңды айтшы!" дегендей, үндемей тосып қалды. Алшынбай ендi Құнанбайға қадала қарап отырып, жiтi сөйлеп:
– Бүгiн мына мешiт бiтiп, абыройың асып отыр. Атағың көпке кетiп жатыр. Соны күндейтiн де кiсi көп. Алдымен анау көрпiс, мына жаңағы Майыр күндейдi. Кiшiреймейсiң, кешiрiм етесiн. Ақ көңiлiң мүлде ағарсын. Мұның да бiр Құнанбайлығың болсын. "Игi жұмыс үстiнде кiрбеңнен арылам" дегенiң болсын. Ана Бөжей ағайыныңды жау қып жатқа жiберме! Бауыр қып қасыңа тарт, татуласшы осы!– дедi.
Құнанбай көпке шейiн үндеген жоқ. Татулықты Алшынбай сұрағанда, қай жауабын болса да ойланбай айту қиын. Анығында, бар Қарқаралы дуанының шын дүмше-байы осы Алшынбай. Көп рудың нелер үлкен дауы да осының алдынан тарайды. Одан берi де ана бiр кезде Құсбектей төре Алшынбайды өкпелетiп алған соң, аға сұлтандығынан айрылған.
Алшынбай достығы арқылы ғана аз ғана Тобықтының Құнанбайы аға сұлтандықты алған. Және Бөжейдi жау қып қуа берсе, астында жатып та аяғын шайнайтын түрi бар. Аңғар солай боп барады. Онан соң iстесе б-бөжейге бұл iстедi, Бөжей әлi бұған не iстедi? Алшынбай сұраса бергеннен абзалы жоқ екен деген байлауға кеп едi. Өздiгiнен " тез келермiн " деген байлауы емес екенi рас. Алшынбай емес, өзге кiсi айтса да бүйтiп тез қайтпас едi. Ендi мына тұс оның бәрiнен бөлек. Сол себептi Құнанбай бекiндi де:
– Алшеке, айналаны көрiп, болжап айтып отырсын ғой. Достықпен айтып отырсың. Аңғармасам айыпты болар ем. "Қайтпас-ақпын" деп едiм. Бiрақ жалғыз қатыбас мен болайын ба? Ақыры құдай бiлсiн, өзiң бiл, өзiң аяқта!- дедi
Сөз сонымен бiттi де, Алшынбай бiраз отырып үйiне қайтты.
Абай Бөжей үшiн риза едi. Тiптi Алшынбайға да iштей көңiлi жылы тартқандай болды. Түсi суық, рақымсыз жаулықтың ендi бетi жылынып, татулыққа айналғанын Абай "уh" деп, күрсiне сүйсiнiп қабылдады.

3

Осы сөз болған күннiң кешiнде Абай Қарқаралы қаласын жапа-жалғыз аралап кеттi. Кейде бiр iшi пысып, жүдеу тартса, немесе бiр нәрсеге риза боп, көңiлi өрбiсе, осылайша жалғыз кетiп қалушы едi. Күн кешкiргенмен әлi батқан жоқ екен. Қала желкесiндегi әсем таудың қарағайлы жотасында қызыл арай сәуле бар. Тау басында жел тұрды бiлем. Тоғайсыз ашық жондар да сырғақ көрiнедi. Жаяу борасындап, ұйтқи түсiп қызғылт құйын ұшқындайды.
Қала iшiнде желсiз шыңылтыр аяз бiлiнедi. Жайсыз суық емес. Бойды ширықтырып, жинақы ұстататын жеңiл мезгiл. Таудың қалаға қараған бетiн кеш көлеңкесi басқан. Жақын жердегi жақпар тастардың өзi де қазiр көкшiл көлеңке iшiнде көгiлдiрленiп, алыстай түсiп, түнге бейiмдеп барады.
Абай өз пәтерлерiнен екi-үш көше ұзап кетiп едi. Бiр уақытта пұшпақ айналып, даурыға сөйлеп келе жатқан жаяу топты көрдi. Көп адам болса да, iшiнен Абайға таныс кiсi бiлiнбедi. Күлiсiп, дабырласып сөйлеп келе жатқан ылғи жұпыны киiмдi жатақтар. Жаяу жүрiстерiнен де қаладағы қаракет адамдары екенi танылып тұр.
Бүгiн Абай көңiлi дүниенiң бар көрiнiсiнен бiтiм, жарастық iздеген бiр мейрiмдiлiк халiнде. Жас, кәрiсi аралас тегiс құрдастай күлiсiп келе жатқан топ Абайға қызықты, жарастықты көрiндi.
Себепсiз жымия күлiп, осы топты Абай көше ортасында аңырып, тосып қалды. Бiрақ топ iшiнен мұны байқап, елеген бiр жан да жоқ. Аяқтары шыны қарды шақыр-шұқыр басып жақындап қалды. Абай ендi байқады. Бар топтың ентелеп қамағаны – үлкен ақ сақалды, келiстi қарт екен. Өзi де күлiп, топты да күлдiрiп келе жатқан сол.
Бiр тосын, ғажап нәрсе: шалды екi жағынан қолтықтасып келедi. Шал өзi басын тiк ұстап iлгерi басып келе жатқаны болмаса, ешқандай бет бұрмайды. Сөйлегенде де ешкiмге қарамай, тура бет алдына қарай сөйлеп келедi.
Абай мынадай өзгеше шалды бiрталай аңырып, қайран қап тұрып зорға аңғарды. Қарт соқыр екен.
Топтың мұны байқамағаны тiптi жақсы болды. Қасынан өте бергенде Абай да қосылып, ере жүрдi. Осы көше бойында жалғыз Абай емес, қақпа алдында отырған, қарсы келе жатқан кiсiнiң бәрi де шал тобына қызығып, iлесе келедi.
Кейiнiрек келе жатқан бiр бурыл сақалдыдан Абай:
– Бұл кiсi кiм, аға?..– деп едi. Анау таңданып:
– Е, бiлмеушiмең Шөжiкеңдi? О не дегенiң? Бұл – Шөже ақын емес пе?– дедi.
Шөженiң атына Абай қанық, бiрақ көргенi осы. Атын естисала ол бурыл сақалдан сытыла жөнелiп топтың алдыңғы қатарына iлесiп, Шөженi жақсылап қарап, сөзiн тыңдай бастады.
– Шөжiке, бiзге жүр! Бiздiң үйге келдiк мiне, айтып тұрған мына мен Бекбергенмiн, - дедi бiр қырма сақал жаяу.
– Жо, бiзге барады.
– Уа, қойыңдар, мен өзiм алыстан ертiп келемiн!
– Ой, не дейсiңдер? Шөжiкеңнiң түскен үйi бiздiкi! Аты бiздiкiнде тұр!– деп, тағы бiреу үн бердi.
Осындай керiс үстiнде топ тегiс иiрiлiп тоқырап қалды. Әрлi-берлi өткен жүргiншiлер тағы кеп қосылып жатыр. Жаңағы даурықтардың бәрiн естiп, тоқыраған Шөженiң өзi. Ол қатты, ашық дауыспен қарқылдап сүйсiне күлiп:
– Уай, жарандар, мен бiр ақыл айтайын ба?..– дедi.
Жұрт тегiс қадiрлi қарттың аузынан шыққан лебiзiн күтiп:
– Айт, айт. Шөжiке!
– Уа, төресiн өзiң айт!
– Уа, қайда қонасың, өзiң таңда!- десiп, анталай бастады.
Шөженiң даусы бұл дабырдың бәрiн басқандай, зор екен.
– Уау, осы жегiзбегiң – асың, жаймағың – төсегiң ғой. Дән ырзамын, ағайын. Бiрақ ырзамын, деп қана қоймаймын, осы жаңағы " маған-маған " деп даурыққаныңның бәрiңе де барам. Бәрiңнiң де асыңды iшем. Шөженiң көмейiне тас тығылып қала қоймас ендi бұл бес-он күнде. Сол сарайым сау болса, жаңағы үн бергенiңдi тегiс мұрныңнан тiзiп тұрып, бiр күн түстiк, бiр күн қонақасы жеймiн. Ал, қазiр болса, күн ызғырық тартты. Кешкiрдi бiлем. Менiң кәрi сiңiрiмдi соза бермей, осы ең жақын қақпаның бiрiне бұрамысың, әкелер?..– дедi. Бастан бергi сөзiнiң барлығын күле тыңдап тұрған жұрт ерiксiз тоқырады. Ең жақын үй осы қақпасының алдында жиын тұрған үй едi.
Қора иесi қалбалақтап, iшке қарай жүгiрiп кеттi. Жиын тарқай алмай, Шөженi қимай тұр.
Қонақасы жайынан тоқтам тапқан ел, ендi Шөженiң бiрер ауыз сөзiн естiмей кете алатын емес. Шөженiң қасында тұрған бiр қартаң кiсi ақынға қозғау салғысы келдi бiлем:
– Уа, Шөжiке, дуанға жаңа келдiң ғой, мұндағы дақпыртты естiп жатырмысың?– деп едi, Шөже:
– Е, е, айт! Не дейдi? Не деп жатыр дуаның?– дедi.
Жаңағы қартаң кiсi қала жаңалығынан хабардар екен. Құнанбай салған мешiт бiттi. Алшынбай, Құнанбай соны той етпек және аға сұлтан Құнанбай ағайынымен бiтiсетiн бопты. Ұлықпен Алшынбайлар табыстыратын бопты!– дедi.
Абай мына сөзге аса қайран болды. Өз әкесiнiң атын дәл мына жерден естимiн деген жоқ едi. "Мешiт бiр сәрi, тiптi оның араз-құразы да иен жұртқа мәлiм екен-ау!– деп таңданды.
– Е-е, араздасам деп, ұлықтығынан айрылып қалмасын дейдi ғой.
– Құнанбайдың қамқоры Алшынбай бопты ғой.
– Әрине, бәр-бәрiн жалғастырып, септестiрiп жүрген сол Алшынбайлар.
– Тобықтыға абырой әперiп, ұлық қып, үске шығарып қойған да сол өздерi.
– Ендi мiне Тобықтының жемпаздары қасаптың да семiзiн, лапкенiң де қызарғанын құртып барады. Осы маңдағы қос атаулының да қысыр тайы мен ту биелерiн түгел жемей кететiн емес...– деседi.
Шөже осы жайларды күле тыңдап тұрып, бiр кезде оп-оңай өлеңдете қоя бердi. Ашық даусы саңқылдап:
Болыпты бір ақсақ таз және соқыр,
Құранды мысық сопы молдаң оқыр,
Болғанда ақсақ дария, соқыр қарға,
Ортасын дарияның қарға шоқыр, –
дедi. Жұрт тегiс ду етiп күлiп жiбердi. Шапшаңдығына, айтқыштығына қайран боп, таңдай қаққандар да бар.
– Ақсақ тазы – Алшынбай.
– Соқыры – Құнанбай.
– Не қыл дейсiң? Ал, қайтпас кәрiң жалғыз ауыз өлеңмен жайратты да салды!– деп жұрт жапырлап сөйлеп жатыр. Абай бұл сөздерден қатты ұялып қысылды да, шеттей бердi.
– Осы кезде үй иесi шығып Шөженi ерте берiп едi. Жиын тарамастан бұрын Абай жалғыз бөлiнiп, өз үйлерiне қарай асыға жөнелдi.
Төмен қарап келе жатқан Абайдың құлағынан жаңағы бiр ауыз өлең әлi айыққан жоқ. Бар сөзi есiнде. Iшiнен қайта-қайта айтады. Жаттап апты.
Мынау жалғыз ауыз өлең бағана, күнi бойы күмбездей боп үлкен көрiнiп отырған екi рудың екi шоқысын бiр-ақ соғып жермен-жексен еттi. Тайпитып кеткен сияқты көрiндi.
"Алшеке, Алшеке" дегендерi – "ақсақ таз" аталды. Алшынбай сылти басады, ақсақ екенi рас. Ал, "аға сұлтан", "мырза" атанған өз әкесi – "қарға"! Қандай қарға? Қарқаралының ен байлық, ел дариясының жалғыз еркесi. Жақсы-жайлысын жапа-жалғыз қызықтап, шоқып жеп отырған қарға!
Әлемде сөзден күштi не бар екен? "Сөз өңменiңнен өтедi ғой" деген Қаратайдың тағы бiр тапқыр сөзi есiне түстi.
Осындай өз ойымен өзi боп, iшiнен аса қатты теңселткен бiр күштi сезген Абай көшенi де, көшедегi жүргiншiнi де аңғармай, көрмей келе жатыр.
Бiр пұшпаққа жақындап қалған екен. Дәл бұрыштан бұрылып, бұған қарсы шыққан үш аттыға көзi түстi.
Аңырып тұра қалды да, тез таныды. Келе жатқан Бөжей, Байсал, Байдалы екен. Ортадағы түлкi тымақты күрең төбел атты – Бөжей. Ақсұр жүзi жабыңқы. Қоңырқай мұрты менен сақалына кештi аяз қылау салыпты.
Абай тоқтаған қалпында бойын тез жиып, аттылардың алдына жұмысы бар кiсiдей көлденеңдеп кеп, тосып тұрды. Аттылар мұның қозғалысын оқыс көрдi ме немесе таныды ма, аттарын баяу бастыра бастап едi, жақындап, тұстас келдi.
Сол уақытта Абай үлкен ықылас бiлдiрiп, айрықша бiр тағзыммен төсiн басып, қатты дауыстап:
– Ассалаумағалайкүм!..– деп сәлем бердi.
Медреседе жүргенде: "Көшеде хазiреттi көрсең, осылайша тағзым ету керек " деп халфелер үйретушi едi.
Абай көптен берi ешкiмге бүйтiп сәлем берiп көрген жоқ. Қарқаралыға келгелi Бөжейдiң көрiнгенi осы. Шешесiнiң жүрердегi сөзi есiне түстi ме, болмаса қазiргi көңiл күйiне сай келдi ме? Қалайша бүйтiп әдеп шығарғанын Абайдың өзi де байқамай қалған-ды.
Өзге қазақтан бөлек, мына сияқты, бiр алуан сыпайылыққа Бөжей оң назарын салды бiлем... Атының басын тежей берiп:
– Уағалайкүммәссәләм, балам!..– деп тоқырай қалды.
Байсал Абайды жаңа таныған едi. Жақтырмай, мұрнын тыржитып:
– Өй, мынау екен ғой, жә жүршi!– деп, атын қозғай берiп едi, Бөжей:
– Тоқташы!– дедi.
– Ей, сол антұрғанның баласының сәлемiн алушы ма ем?– деп, Байсал Абайға қабағын түйе қарады.
Абайдың екi бетi ду еттi. Оқыс жалын бетi емес, iшiн де шарпып өткендей. Кiнәлап, ренжiген жазықсыз баланың отты көздерi жарқ етiп, Байсалға қадала қарады.
Бөжей Абай күйiн жақсы таныған сияқты едi. Байыптап қарап алып:
– Балам, жөнiңдi айтшы, бiздi көрсең, сәлем бер деп әкең айтып па едi, жоқ өздiгiңмен iстедiң бе?– дедi.
– Бөжiке, әкем емес, өзiм берiп тұрған сәлемiм сiзге!
Абай болса, күндiзгi өзiн көңiлдендiрген күйiн ұмытпаған болатын. Қарқаралының кейбiр көше қазағы естiген татулық жайын Бөжей, Байсалдар әлi естiген жоқ-ты. Жаңа, кешке жақын ғана Алшынбай бұл үшеуiне кiсi жiберiп, өз пәтерiне асқа шақырған екен. Не сөз барын бiлмесе де соған аттанып бара жатқан бетi осы едi.
Абай жауабын естiген соң Бөжей ықыласпен қарай түсiп, жақындады да:
- Әкең айтпай, өзiң бiлген болсаң, батамды берейiн. Көзiңнен жақсы жанар көрдiм ғой, шырағым!...– дедi.
Байсал бұл сөздi де жақтырмай сырт қарай берiп едi, Бөжей оның қозғалысын танып:
– Ей, Байсал, сен бата бермегенмен, мынау болайын деп тұрған бала ғой, – дедi де, Абайға бұрылып:
– Ендiгiнiң жүгi сенде қалар, балам! Жолың болсын! Жалғыз-ақ өзгенi берсе де әкеңнiң қаттылығын бермесiн!– деп, бетiн сипады. Абай да Бөжейге қадала қарап тұрған қалпында бата қылып, бетiн сипап едi.
Аттылар жүрiп кеттi. Байдалы бағанадан үндемеген едi. Ендi ғана Бөжейге қарап:
– Екi көзi сексеуiлдiң шоғындай жайнап тұр екен өзiнiң...– дедi.
Абай тұрып-тұрып барып қана қозғалды.
Шын ба? Шын айтты ма? Жоқ әлде Байсалдың қаттылық, аямастық мiнезi балаға ауыр тимесiн деп, жаны ашығаннан айтты ма? Бөжей не мәнмен мұндай жақсы бата бердi! Ойда жоқтан, оп-оңайдан, осындай таудай үлкен сый бола ма? Мырзалық па? Жоқ әлде Абайды аз бiлсе де, тез танығаны ма? Үлкендер көреген, танығыш, сыншы ғой! Шынымен-ақ танып айтқаны ма? Олай болса, Абай жаман кiсi емес, жақсы кiсi болмақ қой!
Бұл жайды ойлаған сайын балалық өзiмшiлiгi қатты ырза болды. Абайдың iшi ала қызыл, бiр түрлi қуана серпiлiп, тез-тез құлаш сермегiсi келгендей. Әлдеқандай өрiс iздегендей.
Ендi асыға жүрiп келедi. Күн қазiр ымырт бопты, оны да жаңа байқады. Екi көше адасып, пәтерiнен асып кетiптi. Мұны да жаңа бiлдi. Қайта жүрдi.
Ауылда жүргенде қысы-жазы дөң басында өтетiн кеш, қазiр тағы да бiр өзгеше боп серпiлтiп, өз қуатын айрықша бiлдiрiп, Абайға қатты әсер етедi.
Өзi салмаса да, Абай қаршыға салған үлкендердiң қасына өткен жазда көп ерiп едi. Сонда ымырт жабыла бергенде, апақ-сапақта, кеш қараңғылығы қоюланған сайын, көк қаршыға, секунд санап жалындай шалқып, жайнай берушi едi. Абай өз ойын, өз көңiлiнiң күйiн мына кеште дәл сол шабыттағы бетi қайтпас қаршығадай сездi. Бүгiн бiртүрлi сергектiк, сезiмдiлiк бар.
Өзге күндерден дәл бүгiнгi күннiң уақиғалары әлдеқайда бөлек. Күндiзгi әкелер, әлгi Шөже, жаңағы Бөжейлер. Бiр Қарқаралы қаласының алақандай аясының iшiнде болғанмен, осы адамдар арасы соншалық кереғар. Тiптi дүниенiң төрт бұрышындай алшақ жатыр. Бiр жерде күш, бiр жерде өнер, бiр жерде мiнез. Аралары және бiтiмсiз боп, әр салада жатқаны несi! Бәрi бiр орынға жиылып, ынтымақпен бiр арадан табылса не етер едi?
Бұл ой Абайға ең алғаш келген ой едi де... Және тiптi өз ойы сияқты көрiндi. Анығында: "ақыл, қайрат...", "ақыл мен бақыт, байлық" дегендердiң өзара дауы, таласы деген " парсы, түрiк " тiлiндегi кiтаптардан былтырлар бiр оқыған нақыл әңгiмесi бар-ды.
Қазiрде Абай соны өмiрден тапқанына да дән ырза. Өз ақылымен тапты. Тапты да: "осының бәрi бiр жерде, бiр кеудеде, бiр адамның iшiнде болмаққа лазым..." деп, өзгеше бiр сенiмдi байлау жасады.
Осы оймен қатар, өзiн осы Қарқаралыға келгелi қатты өсiп, ұлғайып қалған кiсi сияқты көрдi. Талай жанды көрiп, талай сөздердi ұқты. Тiптi Шөже ақынды да өз құлағымен есiттi.
Талай ру, талай жерлердi де бiлдi.
Тыстан аса көңiлдi әсер алған Абай ымырт әбден жабылғанда Майбасардың пәтерiне кеп кiрiп едi. Ауыз үйде, етiгiнiң өкшесiне қатқан қарды Абай бүгiн өзге күндерден қаттырақ, ширақ текпiлеп түсiрдi де, табанын жылдам-жылдам сүйкеп, сүйрете сүртiп, төргi үйге кiрiп келдi. Екi бетi кешкi аяздан қып-қызыл. Үлкен көзiнiң ақ-қарасы ап-айқын боп, жалт-жалт етiп, ширақ бiр оттылықпен қарайды.
Үйде Майбасар, Жақып бастаған туған-туысқандар көп екен. Бағана тайдың етiн жей алмай кеткен жиын, ендi шындап ниет қып, қайта тегiс жиылған тәрiздi. Үлкен сары самауырды жаңа ортаға алысыпты. Шайды "сорап-сорап" тартысып жатыр. Майбасар Абайдың түсiне сүйсiне қарап:-
Абайжан! Тоңған жоқпысың, қайда жүрдiң! Кел, шешiн, шай iшiп жылыншы!- деп қағыла берiп, өз қасынан орын босатты. Абай асықпай шешiнiп болып, шайға кеп отырды.
Жақып шайды сiлтей түсiп:
– Бол, бол! Шайды тез-тез iшiп, әзiр отырыңдар, жiгiттер!– деп, барлық жиынды асықтырып отыр екен.
– Рас, рас. Қаратай, Ызғұттыдан хабар келiсiмен, жөнелу керек...– дедi Майбасар да.
– Е, ас әзiр, үй әзiр. "Жасиғ" намазынан соң келедi, – дедi ғой қонақтарды.
– Ол намазды жаңа мешiт iшiнде ұзақ оқитын да шығар.
– Е-е, ендi Хасен молла, жаңа имам болғаны осы. Бұл намазды тез бiтiре қоймас.
– Бәсе, "Ясин" мен "Тәбәрәктiң" бәрiн оқымай не бопты? Өзiн мақамдап оқымай тоқырамас!– десiп, күле түсiп Төлепбердi, Бурахан, Жұмағұл сияқты жас жiгiттер шайдан оп-оңай шыға қойғысы келмей отыр.
– Өй, не айтасыңдар, тәйiр! Тез болыңдар! Өздерiң жаңа мешiттегi намазға бармаймысың әуелi? Майбасар, бармаушы ма ең намазға?- деп, Жақып қайта дегбiрсiздендi.
Майбасар дәл намаз үшiн онша асыға қоятын тәрiзденбедi. Мойнын бұра берiп күлiп, Абайға қарап:
– Е, жаңағы қалың жиынның iшiнен мешiт iшiнде орын тиедi деймiсiң, тәйiр! Төрiне кетсең қонақ шыққанша үйге жете алмай қаласың. Онда Ызғұтты: "қонақтан бұрын келмейсiң" деп, бауыздалып өлсiн...– дедi.
– Е, шығар ауызға, жақын жерден-ақ сапқа кiрсең болмай ма. Бармасақ ұят қой! Тiптi, мырза бiлсе, ұрсып жүрер!..– деп Жақып күдiк айтып едi:
– Мырзаңа "бардық, оқыдық" деп өтiрiк айта саламыз...– деп жұртты ду күлдiрiп, Майбасар, – жарықтық мешiт жақсы болғанмен, босағасында қайдан отырам. Намаз оқимын деп, өңшең киiз төбе Бошан Қарашордың саптамасын күзетем бе? Соның жалпақ табаны басқан жерге бас қоям ба?..– деп намаз жайын бiржолата қылжаққа сала бастады.
Абай Майбасардың үп-үлкен басымен балаша қылжақтап отырғанына қызығып күле бастады.
Дәл мешiт ашылғалы тұрған жерде және Қарқаралы елiнiң бар шонжарлары сонда жиылып, алғаш намаз оқып, Құнанбайға алғыс айтатын сағатта Майбасардың былайша қылжақ еткенiн Жақып жақтырған жоқ едi. Iшiнен: "дағдылы, бейпiл ауыз, мiнезсiздiгi" деп ойлады да, өзге көпке бүгiнгi кештiң ерекше кеш екенiн ескертпек болды.
– Бұл мешiт, бiле бiлсеңдер, бiздiң мырзаға да, онан соң, осы отырған бәрiңе де зор абырой әперетiн мешiт қой, жарықтық!– дедi.
Майбасар бұл тұста қайтадан нығызсып, дардия түсiп:
– Е-е, соны айтсаңшы! Дұшпан атаулының аузына құм құймай ма бұл мешiт? Бәлем, Бөжей де осыны сезген болар. Татулықты iздеген тәрiздi ғой! – дедi.
Татулықты кiм iздегенi бұларға мәлiмсiз едi. Бiрақ Құнанбай айналасы: "Бөжей ығыпты! Бөжей әлi жетпесiн бiлiп, татулық сұрапты!" дегендi ендi осылайша бастамай отырмайды. Ондайды алдымен айтатын, әрине, осы Майбасарлар.
– Байғұс Алшекең де дос-ақ қой! Бiздiң мырзаның анық тiлеуi, адал жақыны сол бақыр ғой...– деп, Жақып Алшынбайдың күндiзгi мiнезiн еске алып едi қызғанады. Абыройыңды төре-қараның бар жел-аузы қызғанады, тiптi ұлық та қызғанады. Алдымен әлгi Майыр қызғанады!" дедi ғой. Дұп-дұрыс қой, мешiт салып, абырой асып, елдi алып, Едiлдi алып бара жатқан соң, өзiмен иығы асып ырық бермей кетедi, – дейдi ғой Майыр.
– Майыр, пiскен бас, қызғанудан бұрын әуелi Бөжей, Байсалдан параны да соқты! Сол ғой оның өктеп отырғаны, құлқынын танымаймысың?.– деп, Майбасар өзiнiң күндiзден байлаған шешуiн айта кеп, – ал, ендi Бөжеймен татуласу да осы бүгiн кешке болады. Осы намаз, осы астың үстiне олар да келедi, оны есiттiң бе?– дедi.
Дәл бұл арасын Жақып та, өзге бұнда отырған жiгiттер де естiген жоқ едi. Абай да бiлмейтiн. Бәрi де аз аңтарылып қалып, iштерiнен Бөжейдiң бүгiнгi татуласа келетiн пiшiнiн көргiсi келдi.
Майбасар осы жайдың бәрiне тоқмейiлдене түсiп:
– Бар жақсылықтың басында әйтеуiр бiр Алшекең. Берген мал адал ғой Алшынбай аулына!– дедi де, қасында отырған Абайға иiлiңкiреп, төне түсiп:
– Ұқтың ба? Бәлем, осы жолы бармай құтылшы қайныңа!– деп, Абайды тағы қолға ала бастады. Бiрақ Абай дәл осы жолы бұрынғыдай жасыған жоқ. Әншейiнде, бұндай топ iшiнде Майбасардың осы қалжыңынан терлеп-тепшiп қысылатын болса, бүгiнгi кеште олай емес. Үйдiң iшi Абайға қарап ақырын күлiсе бастады. Майбасар Жақыпқа қарап көз қысып отыр едi.
– Майеке, тағы бастадың ба, бармаймын тiптi!..– деп, үлкендерге бұрылды да, күлiп қойды.
– Өй, жаман! Жаман бола ма деймiн осы шiркiн! " Өлi-тiрiсiн берген. Соң, өлi күйеу жата ма?" деп, өзiң қалайсың? Иегi ителгiнiң тамағындай боп үлпiлдеп келiн отыр анада "келмей кетсiншi бәлем!" деп, ол сенi сынап отыр осы жолы. Өзiң сүйекке намыс болатын жайды ойламасаң керек мүлдем!– деп, Майбасар Абайды шындап айналдыра бастады.
Абай әлi де қысылмай, күле қарап Майбасарды мысқыл еткендей мырс еттi де, арт жағында тұрған домбыраны алып, даңғылдатып тарта бастады. Жауап қатқан жоқ.
Майбасар жауап ала алмай аз отырып, қайтадан қадалып:
– Ал, айтсаңшы! Қасыңа жолдас қып мына отырған барлық атпал жiгiттердi ертем. Тек емеурiнiңдi бiлдiршi!– дедi.
– Майеке, қойыңыз дейiм!
– Уа, тiптi қоймаймын! Бiлдiң бе?
– Япыр-ау, осы сiзге түсер олжа бар ма? Тым құрыса, жеңге болсаңыз бiр сәрi едi!
– Жеңге болмасам жеңгеден артық айызым қансын!
Абай күлiп жiбердi де, бiр ерекше ойнақы тентектiк тауып:
– Осы бiр емес, екi емес... Шын қоймайсыз ба?– деп, домбырасын тоқтатып, алдына көлденең салып Майбасарға қадала қарады. Күлiмсiреп қараған үлкен көздерiнде аса бiр қызулы жалын көрiнгендей едi.
– Ал, қоймадым!..– деп Майбасар, "қайтер екен" дегендей ежiрейе қарады.
Абай өзi көрген Шөженiң қалпына салып, күлiмсiреген көзiн сығырайтып, басын жоғары көтере берiп соқтырта жөнелдi:
Уа, қой десе, бір қоймайсын
Аз болды ма, Майеке,
Осында көрген қызығың?
Кертіп жеп-ақ жүрсің ғой,
Қарқаралы халқының
Жал-жаясын, шұжығын.
Алған, жеген аздай-ақ
Тағы бірді тауыпсың.
Уа, Алшынбайдың қызы кім?
Адақтамақ сертің бе,
Осы өңірдің елінің
Жүйрігі мен жортағын?
Айтпай-ақ қойсаң не етуші еді,
Сонда да бар ма ед ортағың?
Гүж-гүждеп бір қоймайсың,
Бұқасы ма ең қашырар
Сол ауылдың топырағын?
Біле білсең осы сый
Жетер еді, қайнаға,
Орайы болмас қолқаның...-
деп сақылдап күлiп, Абай Майбасарға қарай жантая кеттi.
Үйдiң iшi әрi қайран боп, әрi сүйсiнiп, қарқылдай күле жөнелдi. Майбасар қысылғаннан, үнсiз ғана лекiтiп күле берiп, Абай бiтiрген уақытта, басын шайқап, дымы құрып, боқтап жiбердi де:
– Қап! Қап! Мына жаманның қылығын-ай! Ендi қайттiм, бәтiр-ау?!– дедi.
Абай күлiп, мысқылдап:
– Бол, айтатын болсаң өлеңмен айт, Майеке, әйтпесе тыңдамаймын!- деп, басын шайқады.
– Ал, бәлем, соңынан қалмайсың! Алар сыбағаңды алдың ба? Шоқ! Шоқ! Ендi, – деп, Жақып қып-қызыл боп, iшек-сiлесi қатқанша күлдi.
– Қап, мына Шаншардың жиенi! Ұлжан жеңешем-ау, сенi бүйткiзiп отырған. Бәлем, ауылға барған соң сыбағаңды берермiн шешеңе айтып!..– дедi Майбасар.
Төлепбердi, Бурахандар да мына сөздiң төркiнiн ұғып:
– Бәсе, нағыз Тонтай!
– Тонтайдың жиенi ғой!
– Сайқымазақ Шаншардың шанышпасы ғой мынау!– деседi.
– Уә, бұл өлеңдi бiр жерден қойнына салып әкелдi ме деймiн?! Өлең айтушы ма едi бұл жаман?..– деп, Майбасар әлi қайран боп отыр.
Шынында Абайдың өлең жазып, өлең айтатынын бұл үлкендердiң көрген, сезгенi осы ғана. Абай өзiнiң қалжыңынан мұндай үлкен әсер болады деп ойлаған жоқ едi. Ендi қайтадан өз-өзiнен қысылыңқырай бастап:
– Өз өлеңiм емес, – дедi. Мынау үлкендердiң шамасын бiраз қылжақ еткендей боп, –бағана кешке Шөженi көрiп ем, соның өлеңi, – дедi.
Үйдегiлер нанар-нанбас боп жапырлап сұрастыра бастағанда Абай бiр қалыпты күлiмсiреген жүзбен сыр бiлдiрмей отырып
– Осында бiр Майбасар деген ағам бар. Күнде сүйтiп маза бермейдi, соған бiр жауап үйретшi деп ем, сол кiсi үйреттi, – дедi.
Шөженiң бағанағы мысқылшыл, ойнақы, ащы күлкiсi Абайдың қазiр көз алдында. Жаңағыдай Майбасарды жайратып салғанына Абай өзi де iшiнен қатты ырза болатын.
"Шөжеге ұқсадым-ау! Шындап ұқсай алар ма екем?!" – деп iшiнен қызғана құмартқан жай бар-ды. Үй iшi мұның "Шөже" деген сөзiне шала нанып, жаңағы оқыс мiнезiне әлi тамашалап отырғанда, сыртқы есiк ашылып, жылдам басып Қарабас келдi. Дырду тез басылды. Қарабас үйге басын сұға бере, табалдырықтан аттамай, даурығып:
– Болыңдар! Намаз бiттi! Қонақтар мырзаның пәтерiне беттегелi жатыр. Қаратай мен Ызғұтты жетсiн!– дедi. Ал, тегiс, шапшаң!– дегенде, үйдегi жұрт дүрк тұрып, асығып киiне бастады.
Абай не қыларын бiлмедi. Үйткенi Жақып бұған:" сен қонақ күтiп табақ тасуға жарамайсың, ал әкең қасында үлкен кiсiлермен тағы да отыра алмайсың. Орын тар болар. Одан да бүгiн осында жатсаңшы!"– деген. Абай өзi де осыны "тапқан ақыл" екен деп едi. Бiрақ Майбасар мен Қарабас:
– Е-е, ең болмаса қонақтарды көрiп, сәлем берiп қайт!
– Мына шаhардың көп қонақты қалай сыйлайтынын көрiп қайт!..– дескен.
Өзге жұрттан кейiндеп қалса да Абай жаңағы соңғы сөздердi бiраз орынды көрiп, ақырын аяңдап әкесiнiң үйiне келдi. Жалғыз келiп едi. Өзге барлық үлкендер киiне сала асығып, қалбақтап, жылдам басып кеткен екен.
Ұзақ намаздың артынан түнгi асқа қарай шабыттанып қозғалған жұрт Абай келгенше тегiс орналасып қалған тәрiздi.
Қора iшiнде күтушiлер, аспазшылар болмаса, өзге жүргiншiлер жоқ. Бiрақ қақпаның iшi-сырты толған ерттеулi ат екен. Түнгi аязбен үстерi қылауланып, шаңытып тұр. Әдемi шана мен қамыт-саймандары сықырлай түсiп, жегулi дара аттар, пар-пар аттар да көрiнедi. Ылғи жақсы жеңiл шаналар. Бұл қала байларының аттары болу керек. Сеңсең тондарына оранып, шана iшiнде қалғып отырған бiрен-саран көшiрлер де байқалады.
Үлкен ағаш үйдiң қораға шығатын кең есiгiне қарсы кiшiлеу ас үй бар едi. Соның есiгi дамыл таппай ашылып-жабылып жатыр екен. Табақ-табақ ыстық асты жаңағы Майбасар пәтерiндегi жiгiттер жүгiре басып тасып жүр. Ас үй мен қонақ үйдiң арасында Майбасар, Жақып та қарбаласады. Үй iшiнен, қонақ қасынан бұларға да орын тимеген екен.
Барлық ас жақты басқарып жүрген Ызғұтты.
Ол:
– Былай. Бас аяғыңды! Әпкел! Бол. Бол шапшаң!– деп, Майбасар, Жақыптарға да шолақ-шолақ бұйрықтар бередi. Жеңiл бешпет iшiк киiп, бiлегiн сыбаныңқырап алған Ызғұтты аңшыдай шапшаң, ықшам. Құнанбайдың бүгiнгi қонағынан аяған жаны жоқ сияқты.
Абай үлкен үйге кiретiн есiкке тақай бергенде, қарсы алдынан Қазақпай жүгiре шықты. Асүйге қарай ұшып барады екен. Оған жол берiп, ендi кiре берейiн деп едi, арт жағынан:
– Былай, былай тұр!..– деген Ызғұттының қатты бұйрығы естiлдi.
Екi қолдарына екi-екi үлкен жасаулы табақтан алып, Бурахан, Төлепбердi, Жұмағұл, Қарабастар келедi екен. Абай тағы тоқтап жол бердi. Дәл қасынан буы аспанға шығып, табақ-табақ ет өтiп жатыр. Ылғи бiр түрiлген қазы, төңкерiлген жас құйрық, сары алтындай балқыған жал, желiн майлар. Әрбiр екi табақтың бiрiнде, әлгiнiң үстiне бiр-бiр қоңыр бас орнапты. Бұларды кiргiзiп жiберiп, Абай ендi үйге қарай қозғалайын деп едi, үй iшiнен тағы бiр нәрсемен қарбаласып, Қаратай шығып келедi екен. Ол Абайды, тiптi, қағып кете жаздады.
– Өй, тұздықтарың... Қайда? Жеке қоятындарың қайда?..- деп келедi екен.
– Бар! Бар тұздық! Әне! Мiне келедi!– деп, Ызғұтты Қаратайды қайта қайырды. Абайды бұл екеуiнiң есiк алдындағы қарбаласы тағы кiргiзбедi.
Бағанадан берi кiрген-шыққанға есiк ашушы сияқты боп тұрғанына Абай ыза болып, ендi Ызғұттыны ығыстырыңқырап үйге кiрдi. Бiрақ кiре-бере Ызғұттының шынтағын қағып қалып едi. Бұған сырт қарап тұрған Ызғұтты жаңағы тұздықты бөлiп құйып тұр екен. Қозғалып кетiп, тұздығының бiразын жерге төгiп алып:
– Өй, тәңiр алғыр! Бұл кiм өзi?..– деп ашумен сырт айнала берiп, Абайды көрдi де:
- Өй, Абай, сенбiсiң? Ай, шырағым-ай, бiр тыныш жерде отырсаң еттi! Бұл қарбаласта не бар едi саған?..– дедi.
Абайдың мұнда келгенiн жалғыз Ызғұтты емес, өзгелер де онша мақұл көрмеген сияқты. Бұны қорғайтын қабақ байқалмады.
Жалғыз-ақ бiр тәуiрi бөтеннен ешкiм жоқ екен. Бұл үй тегi кiсi отыратын үй де емес, дала сияқты едi. Бөлменiң еденi мен iргесi толған, жапырлап тiзiлген кебiс, калош, саптамалар екен.
Осы кiре берiс бөлмеден төрге қарай және оң жақ, сол жаққа қарай бiрнеше бөлме бар едi. Дәл оң жақтағысы Құнанбай жататын үлкен бөлме. Сол үй жақтан зор дауыспен көңiлдене сөйлеп отырған Алшынбай, Майыр үндерi келедi. Тұтасқан қатты күлкi де естiлiп қояды. Кеңiнен көсiлiп, күлдiргi сөздер айтып отырған Алшынбай сияқты. Төрдегi бөлмелер екеу едi. Онда да жағалай тiзiлiп, малдас құрып, сығылыса отырған қонақтар екен. Бұндағы қонақтың көбi қаланың татар саудагерлерi, қазақ байлары және тап ортада жаңа мешiт имамы Хасен молла көрiндi. Бұл бөлме әлгiдей емес, ақырын сөйлеп, аз күледi. Ылғи бiр бой тежеп сыпайылық бағып отырған ауыр кiсiлер тәрiздi. Сол жақтағы бөлмеде Бошан, Қарашор руларының жуан-жуан атқамiнерлерi мен бiрнеше төрелерi бар екен. Ол бөлме де даурығып сөйлегiш, бiрiн-бiрi мысқылдағыш, күлегеш, қызу бөлменiң бiрi көрiндi.
Абай қонақ үйлердiң есiк-есiгiнен бiр-бiр қарағаны болмаса, ешқайсысына кiрген жоқ.
Бiр есептен, осы аралық бөлмеде қалып, жан-жағының бәрiндегi өзгешелiктердi ести тұрудың өзi жақсы. Тек ашуланшақ Ызғұтты тағы қақпайламаса болғаны.
Бiр бұрышта ұмыт қалғандай боп, жалғыз серейiп қалған орындық бар екен. Абай соған отырып, табақшылардың асығыс, қарбалас қимылдарына қарайды.
Жетi-сегiз жiгiт бағанадан берi әлi күнге шейiн табақ тасудан дамыл алған жоқ.
Үлкен-үлкен төрт бөлменiң бұл сағаттағы мешкейлiк қарекетi қалың топыр, қан жайлаудағы бәс пен астан бiр кем емес. Бағанадан берi бiрнеше ту бие, қысыр тай, тел емген жабағы, талай-талай iсек, ту қойлар жұтылған болар.
...Бiр уақытта табақшылардың әбiгерi қайтадан қыза жөнелдi. Бос табақтар бөлме-бөлмеден сумаң-сумаң шығып, тағы да ас үйге қарай тайпия қалқып келе жатыр. Сол бос табақтардың ең соңғылары Құнанбай бөлмесiнен шығып бола берген кезде ас үй жақтан тағы-тағы қайқайма табақ палау қаптады. Оның да бетi булана түсiп, қызара бөртiп: " менi қайтiп жемейсiң, менi қайтiп тастайсың?" деп келе жатқан сияқты. Ауыз үйде ешкiм үн шығарып сөйлемейдi. Құнанбай жiгiттерiне Ызғұтты үйреткен тәртiп сол болу керек. Үш есiктiң тұсында қазiрде Жақып, Майбасар, Ызғұтты – үшеуi тұрып ап табақ жақындай бергенде, қонақ үйдiң есiгiне қарайды да, табақшыларды үндемей нұсқап, рет-ретiмен кiргiзiп жiбередi.
Палау... Палаудан соң үзiм суы, одан әрi шай. Әйтеуiр ел жататын уақыттан асып, қалың ұйқының бiр мөлшерiне барғанша төрт бөлме дамыл алмай, болдым демей жеп, жұтып, iшiп жатты.
Абай есiнеп, түрегелiп, ендi Майбасар пәтерiне қайтпақшы едi. Әлi күнге мұнымен бiр ауыз тiлге келер ағайын жоқ. Күтушiлер әлi де сол алғашқы қарбаласта.
Тиiн iшiгiнiң түймесiн салып, ендi сыртқы есiкке қарай баса бергенде Абай Құнанбай бөлмесiнен шырқай шыққан үн есiттi.
Табақшының бiразы да бұған елең еттi. Абай да барып, есiктi бiраз ашыңқырап қарап, көз салды. Шоқша бурыл сақалы бар, жал тұмсық, сұр жүздi бiр кiсi екен. Домбырасын безiлдете ойнақшытып, зор қайырманы басып ап, содан әрi домбыраны көлденең салып қойып, тақпақтай соғып, желдiрте жөнелдi.
– Бұл кiм?
– Бұл қайсысы?
– Қай ақын?- дескен үндер өзге бөлмелерден де және табақшылар арасынан да естiлiп едi.
Құнанбай бөлмесiнен ауыз үйге қарай басын шығара берiп, Қаратай:
– Балта, Балта ақын!– дедi.
Жанынан шығарып, сiлтеп отырған, Алшынбай қасында жүретiн Балта ақын екен...
Алған жарын жамандап,
Асқанды қайдан табарсың?
Ақ тоныңды жамандап
Атылас қайдан табарсын?
Өз басыңды зор етіп,
Теңдес қайдан табарсың?
Ағайынды жат біліп
Жақынды қайдан табарсың
Араз болсаң еліңе
Жамандық айтар хабаршың.
Тату болсаң, ағайын,
Сонау катын-балаға
Сүйінші айтар хабаршың,–
деп тоқтады. Үй iшiнен:
– Пәлi, пәлi сөзiне!
– Бәрекелде, әбзел сөз!
– Уа, сөз төресi осы да!..– деп, даурығып, мақтау айтып жатқан Алшынбай, Қаратай, тiлмаш үндерi келдi.
Осындай үлкен ауыр жиынға мынадай суырып салма сөз және аразды табыстыратын бiтiм, жамау сөз Абайға бiр алуан қызық сияқты көрiндi. Ол тағы: тыңдай түсейiншi деп, ентелеп, бағанағы орындығын әкелiп, осы арада отыруға бейiмдеп едi. Бiрақ ақын жыры қайта шықпады.
Үй iшi қайтадан томсарыңқы қоңыр әңгiмеге кiрiстi.
Абай Бөжейдiң пiшiнiн жаңа жақсылап көрдi. Ажарында ашу жоқ. Бiрақ соншалық ашық-жарқын, сауық, қызық та жоқ. Салқын, тыныш қана, тартымды сабыр бар екен.
Құнанбай пiшiнiне Абай көзi түсiп едi, ол жинақы боп, әр нәрсеге сергек қарап отыр екен. Күлкi, сауыққа ол да оншалық бой ұрайын деп отырған жоқ.
Бұл үй әңгiмесiн қоңыр кеңеске айналдырған Алшынбай мен Баймұрын. Еңгезердей үлкен бойлы, сары Баймұрын Бөжейдi татуластыра әкелген кiсi болатын. Қазiр Алшынбай екеуi ғана сөйлейдi. Өздерi үшiн емес, Құнанбай, Бөжей сияқты екi жақ үшiн сөйлейдi.
Абай Балтаның жыры тоқтап, салқын кеңес басталғанын көрген соң, есiктен қайта бұрылды. Осы уақытта Қаратай ауыз үйге шығып, Ызғұтты мен Майбасарды шақырып ап:
– Татулық болды, татуластырды! Алшекең мен Баймұрын екi жақтың да бар сөзiне ие боп өздерi сөйлеп, өздерi шешiп отыр. Осылай етiңдер деп мырза да, Бөжей де ерiк берiп едi!– дедi.
– Ал, байлау не болды? Тынымы не болған екен?..– деп, Майбасар ентелей түстi.
– Тынымы да өзгешелеу болды бiлем. Араларың алыс болса, қыз алысып, құда болысыңдар дер едiк. Ағайынсың, жақынсың, бiрақ сол жақындығың қайта жаңғырсын! Екеуiң бала алысыңдар! Бөжей Құнанбайдан бала ауысып, бауырына салсын. Сөйтiп, иiстерiң аралассын!– дестi.
– Осыған тоқтасты ма?
– О не қылған бала? Өзiнен туған бала ма?..– деп, Майбасар, Жақып қайталай сұрасып едi.
– Тәйiрi айттым ғой! Өз баласы! Асырауға алады!..– деп, Қаратай асығып қайта кеттi.
Абай мына байлауға қатты аңырып, аң-таң болумен бiрге, iшiнен бiр түрлi түршiгiп қалды.
– Қай бала? Кiм берiледi? Оспан ба, Смағұл ма?..– деп, еркек балалар берiледi екен деп ойлады. Жаңағы атаған екi iнiсiнiң ешқайсысын да ана қойнынан алып, өзге жаққа жiберуге қия алатын емес.
Ана қойнында уайымсыз, жазықсыз жатқан iнiлерiнiң бiреуiнен өлi айрылғандай көрдi.

4

Осы кештен жиырма күндер өткен мөлшерде Құнанбай елге қайтатын болды.
– Құдай бұйырса, ертең аттанамыз. Жол жарағы сай болсын! Ошарылып бөгеп жүретiнi болмасын! Атқа ерте қонайық!- деп, Құнанбай, Қарабас, Жұмағұлдардан хабар таратты.
Осы сөз шығысымен Құнанбайдың өз қасындағылар да және Жақып, Қаратай пәтерлерiндегi Тобықты атаулының барлығы да соңғы бiр күндi қарбаласпен өткiздi.
Елге қайтудың хабары бұл топтың жас-үлкенiн тегiс сергiтiп, қуантқан едi. Әсiресе, елдi қатты сағынған Абай болатын.
Ол соңғы уақытта Жидебайдағы шешелерiн, ауыл-аймағын түсiнде де көре беретiн. Барлық пәтерлерде бүгiн әбiгермен қатар, күлкi, қалжың, қуаныш та көп.
– Жүремiз. Жақында қайтамыз!- деген сөздiң естiлгенiне бес-алты күн болғандықтан, бұл жұрттың ат-тұрманы әзiр-дi. Жалғыз-ақ Қарқаралыда ұзақ тұрғаннан берi мiнiлмей, жемде ғана тұрған семiз сайгүлiк аттары майланып кеткен болатын. Соңғы бiр жұма бойында сондай аттардың аз-аздап терiн алып, iшiн тарттырып, суытып, таң астырып, қыстың ұзақ жолына сартап қып алмақ қарекетi де болатын. Абайдың қайтар жолда мiнбегi "Аймаңдай " деген бiр қара жал, қара құйрық, сұлу құла ат едi. Аяңшылдан жол жорға боп кеткен, жүрдек, әсем, нағыз бозбаланың аты.
Өзге үлкендердiң атымен бiрге бұл да бөлек бiр қорада бағылатын. Абай жүрiс хабарын бiлiсiмен Аймаңдай атты көргелi келедi. Маңдайының төбелi шын-ақ айдай боп жарқырап, басын шұлғи түсiп байлаулы тұр екен.
Абай көптен мiнбей және көп күннен берi көрмей де жүрген едi. Атын да сағынып қапты. Таңертеңгi аяздан қырауытып тұрған жалы мен жонын бiр уыс шөп алып сипап, сүртiп тастады. Содан кейiн, көп үлкендердiң дағдысы бойынша, Аймаңдайдың жалын ұстады. Абайдың саласы ұзын, ашаң қолын Аймаңдай аттың қазiргi жалы кере түстi. Құла ат та қатты семiрiптi. Абай шегiне түсiп, бүйiрден бiр байқап қарап едi, жоны да жұмырланыпты. Үлпершек майы да бiлеуленiп, бiлiнiп тұр екен.
Атына қайта жақындап кеп, мойнын құшақтап қысыңқырап тұрып:
"Ертең емес, бүгiн-ақ, қазiр-ақ жүрсек еттi!" деп ойлады. Ер-тоқымды жайлы қып ерттетiп, қалың ат көрпенi баптап салып, тымақтың құлағын шарт байлап ап Абай атына мiнiп, қорадан шықты.
Әрдайым тiзгiнiн созып жiберiп, басын шұлғып тастап көңiлдi аяңдайтын Аймаңдай, бүгiн тiптi жеңiл басып, дәл жел қайықтай лыпып тұр екен. Осы күнi кешке шейiн Абай атынан көп түскен жоқ. Жұмысы жоқ болса да қаланың шетiне бiр шығып кетiп, базарын бiр кезiп, Тобықтылар жатқан пәтер-пәтердi аралап жүрдi.
Түс кезiнде әкесiнiң қасынан түстiк жеп, шай iшiп, қайта аттанып, тағы да базарға барды. Бұл жолы қасында Ызғұтты бар едi. Құнанбайдың ақшасы Ызғұттының жанында болатын. Ас уақытында Абай әкесiнен ақша сұрағанда, әкесi Ызғұттыға бұрылып:
– Базарға ертiп бар да, шешелерiне, iнiлерiне алатын базарлығы болса, өзiң таңдап алып бер!– деген.
Екiндiге шейiн Ызғұтты екеуi талай дүкендi аралап жүрiп көп нәрсе алды. Әсiресе, кәрi әжесi шайшыл, қағаз шайшыл болатын. Абай сол шайдан бастап, қант, кәмпит, мақпал, дүрия сияқты көйлек, қамзолдық нәрселер алды.
Өзiнiң артына бөктерген үлкен қоржынның екi басы әбден сықап толған соң, содан асқан нәрселердi Ызғұттының қойны-қоншына тыққызып алып, кеш бата әкесiнiң қасына қайта кеп едi.
Жүрер алдында өзге жұрттың да қам-қарекетi осы сияқты шаруалар болу керек.
Ертең жүретiн Құнанбайды Майыр, тiлмаш, старшын, билер бүгiнгi кеште тағы басып жатыр екен. Абай әкесi отырған бөлмеде болмай, басқа бөлмеде, Қарабас, Ызғұттымен қоржындарын тiркеп, жолға әзiрленумен болды.
Жатар уақытта ғана Құнанбай қасынан қайтқан Майырды Ызғұтты шығарып салып қайтып едi.
– Мырзаның дүниесiн кiм қызықтамаған, ең аяғы пiскен бас Майыр да жаңа бiр қарбытып асап кеттi!– дедi.
– Немене, мал алды ма, ақша ма– деп, Қарабас сұрастырып едi.
– "Ұлықсың ғой, көрнектi боп жегiп жүр" деп, анау Берiкқарадан келген үш қара атты бердi. Ақшалай бес жүз сомды тағы асатты!– дедi.
Соңғы күндер Құнанбайдың бергенi жалғыз бұл Майыр емес. Тiлмаш та бiрталай алған. Әсiресе, кешегi күнде қырық-елу қараны Алшынбай аулына да Майбасар мен Қаратайдан айдатып жiберiп едi. Абайлар жата бергенде, түнделетiп олар қайтып келдi. Ертеңгi жүрiстi бөгей ме деген солардың кешiгуi едi. Ендi олар да жетiптi.
Осыдан екi-үш күн iлгерi, Майбасар Алшынбай аулына барардан бұрын Абайды тағы қажап көрген. Бiрақ, анада Абай өзiн күлкi қып, қатты тойтарып тастағандықтан, ендi туралап айтпай, қиялап кеп:" келiннен ұят болды-ау!" деп едi.
Ызғұтты сияқты үлкендердi көмекке шақырып, соларға айтқандай боп айтып едi. Абай онда да:" бармаймын " деп, бiр-ақ қайырған. Сонымен қайынға бару әңгiмесiнен Абай арылған-ды.
Құнанбайдың жүрiске байланғаны Абайды қазiр қайындатайын демегенi болды. Ендi ертең жүредi. Бiрақ төсекке жатып, ұйқыға кетер алдында Майбасарды қайта есiне алып, оның Дiлдә тұрған ауылға барып қайтқанын ойлап Абай ең алғаш рет өз қалыңдығы туралы құпия, ыстық бiр сезiмдi сезгендей едi.
Бармады. Бiрақ көргiсi келушi едi. Қандай екен? "Иегi ителгiнiң тамағындай" деп Майбасар суреттеген, Абай көз алдына ителгi, қаршыға, тұйғын сияқты қырандардың сұлу мойындарын келтiрiп, шынымен сондай нәзiк, ақшыл тамақ иектердiң болатынын ойлады, бiр бүгiн емес мұның алдында да бiрнеше рет, Дiлдә жайын өзгеше бiр толқынмен ойлаушы едi.
Барса нетер едi?– деп, әлдеқандай белгiсiз бiр қызумен ойы тұмандайды. Бiрақ Майбасардай қатаң, тұрпайы адамдардың мiнезi мұның ойындағы құпия сезiмiн аямай қылжақ ететiн тәрiздi. Олардың тiлеуi мен қақпайына еру – өзiн-өзi аямау. Қадiрлi, қасиеттi сырын былғау сияқты. Дiлдәны бұл iздейдi. Iздегенде "қайындау" деген сияқты ырым-жырымы көп, ыңғайсыздығы көп жолмен iздегiсi келмейдi. Ол ұялады! Сондықтан баруға бата алмайды.
Осындай екi ұдайы көңiлмен көп аунақшып жатып ұйқыға кеттi.
Ертеңiнде Құнанбай айтқандай-ақ ерте аттанысты. Әрбiр топ өздi-өз пәтерiнен жеке-жеке шоғыр болып шығып, қала сыртында тоғысқан.
Қаладан Құнанбайды шығарып сала келген старшын, би, төрелер де көп екен. Жиыны жүз шамалы кiсi боп, бiраз тоқырап тұрысып, ақыры: "қош, қош, мырза! Жолың болсын! Сапарыңды оңғарсын!" дескен тiлектермен қалды да, Құнанбайдың отыз шамалы тобы Тобықтыға қарай тартты.
Қарқаралыдан Шыңғысқа шейiн жүретiн жол ұзақ. Жердiң алыстығынан басқа, қар қалың, жол да ауыр болатын. Ой-қырдың баршасы да сiреу боп, қыс көрпесiн қалың жамылыпты.
Арқаның дағдылы қатты желi биыл қыста да көп соққан. Кейде бiр жұма, кейде тiптi он күндей айықпай, ақ боран боп түтеп тұрып алған кездерi болған.
Ақпан, қаңтар, бiрдiң айы – баршасы да қазiр Абайлар жүрiп келе жатқан сар дала, қоңыр адыр, сай-сала, қорық-қойнауларға өздерiнiң ақ ирек, саргiдiр омбыларын, оқаптарын, мұздақ жалтырларын жапқан көрiнедi. Қарлы оюлар, ышқынып соққан жел iздерiн дәлелдейдi. Даңғыл қара жол жоқ. Көп аттылар, тегiс қатар жүру былай тұрсын, тiптi үш салт аттының қатар жүретiн жерлерi де оқта-текте кездеседi.
Сол себептi барлық жүргiншi қайтқан тырнадай, ұзақ салқар көштей боп, ылғи шұбалып, тiзiле жүрiп отырады.
Жолаушылардың маңдай алдында Құнанбайдың өзi. Астында семiз сары жорға аты бар. Арт жағы тегенедей жұмыр келген, ақ жал, сары жорға ат көп жорғадай күдiс емес. Қабырғалы, жазаң және зор болатын. Құнанбайдың қалың жылқысының iшiнде әрдайым ұзақ жолға, әсiресе, қысқы жолға мiнетiн аты осы едi. Үстiнде қара құлын жарғағы бар, күмiс кiсе буынған, қара мақпалмен тыстатып, қызыл түлкi тымақ киген Құнанбай сырт жағынан қарағанда тiптi зор, көрнектi едi. Қара жарғақ сары атқа жақсы жарасады. Тайпалған қатты жорға өзге жүргiншiнiң бәрiн сар желдiрiп келедi. Абайдың Аймаңдайы кейде Құнанбай жүрiсi баяуласа, жол жорғасын салады да, сары жорға қатты тайпалып кетсе, амалсыздан желе жөнеледi. Желiсi бiр түрлi қатты, мазасыз.
– Ойпыр-ай, желiсiнiң қаттысы-ай! Дәл бiр бөренеге мiнгiзiп қойып, солқ-солқ ұрып отырған сияқты, – деп, Абай Қарабасқа Аймаңдай аттың жүрiсiн шағып қояды. Шынымен алғашқы күнгi жүрiсте Абайдың iшi-бауыры солқылдап, етегiн де қымти алмай, икемi кетiп отырды.
– Iштеңе етпейдi. Аздан соң етiң қатып, үйренiп аласың. Етегiңдi қымтап отыр!..– деп, Қарабас ақыл айтып қояды.
Абайдың еркiне салса, асықпай жол жорғамен жүрер едi. Бiрақ елге жету үшiн бiрнеше күндi санап ап, сол мөлшерде жетем деп тартқан Құнанбай жүрiс шамасын өзгеге билететiн емес. Жолды-жолсыз жердiң барлығында суыққа қарсы қасқарып ап, топты бастап келе жатқан себебi де сол. Әншейiнде аямайтын атшылар мен шабармандарды да алдына салмайды.
Осы жүрiс бiр бүгiн емес, талай күндiк жолдың бойында үнемi осылай боп отырды. Бiрақ күндiзгi уақыттар Құнанбай асығып, суыт жүргенмен, жолдағы белгiлi-белгiлi ауылдарға кеп түскенде үнемi тез аттана алмай қалады. Жол бойындағы Шұбартау, Абралы, Дегелең, сонан соң Шыңғыстың батыс жақ сiлемiндегi Тобықтының шетi болсын, баршалық қоналқаға түскен ауылдары Құнанбайды қажыдан келе жатқандай қарсы алады.
Бәрiнде де ақсақал, атқамiнер молда, сопының аузында:"мешiт, мешiт". Кейбiр жағымталсыған кәрiлер:"қарадан хан тудың!" деп, "қырғында қылау салмай шықтың!" деп, "қоңыраулы бұйра нардай болдың?" деп, көпе-көрiнеу қошемет, жорғалық та iстейдi. Құнанбай аттанып кеткенге шейiн мұндай ауылдар "құрақ ұшып", қалбақ қағып күтедi.
Жол бойындағы осы бiрталай ауылдардың атқамiнер адамдары Қарқаралыда дәл қыс iшiнде Құнанбай алдында болып, дау-шарын бiтiрiп қайтқан екен. Ақы төлеуiн, айып-анжысын алып, есебiн айырып, егескен жерлерiнен Құнанбай арқылы өш алғандары да бар екен.
Шұбартау, Абралы iшiнде төрт-бес жерде осындай ауылдар Құнанбайды аттандырар кезде, оңашарақ шығарып ап, жүрiстен бөгеп, жасырын сөйлеп те қалады. Және сондай ауылдың барлығынан жетек аттар, ту биелер қосылып қалады.
Осындай олжадан түскен екi қара жорға, бiр қызыл ат, тағы үш торы ат, қазiрде Қарабас сияқты атшылардың жетегiне iлесiп жүретiн болды. Абай бұл жетектерге таң қалса да, алғашқы күндер көңiл бөлiп, мәнi-жөнiн ескерген жоқ. Бiрақ iлгерi жүрiп, Тобықтыға қарай басқан сайын осы жетек молая бердi. Әрберден соң қосарына жетек ат алмаған жүргiншi бiрен-саран-ақ боп қалды. Тобықты шетiне iлiнер кезде осы жылқылардың саны он беске жетiп, ендi жетек емес, топталып, жеке айдалып отыратын болды.
Мұның бәрi аға сұлтан сапарының "олжа мен сыйдан қоюланып келе жатқанына" айғақ едi. Құнанбай аулында дәл осы күнде құмалақ салған кiсi болса, жүргiншiлердiң:" бүйiрi тоқ, қанжығасы берiк, қос-қосардан олжасы бар!" дер едi. Жорыққа аттандырған барымташыға түсетiн құмалақ бұларға да түсер едi.
Қоналқа жерде бөгелгенi болмаса түстiкке аялдамай, күндiз баласында үнемi суыт жүрiп отырған топ Қарқаралыдан шыққанына жетiншi күн дегенде Шыңғыс тауының батыс жақ тұмсығына кеп iлiндi.
Осы жетiншi күнi Құнанбайлар Төлепбердi мен Қамысбай, Бурахан – үшеуiн қуып жеттi. Абай олардың неге бұрын кеткенiн бiлген жоқ-ты.
Алдағы бiр сар жотадан қалың жылқы айдап бара жатқан топты көргенде, Майбасар:
– Әне, анау сол бiздiң жiгiттер болар!– деген.
Айтқандай сол жаңағы үш жiгiт Құнанбайдың мал айдатқан адамдары екен. Олардың алдында жүз қаралы жылқы бар. Өңшең бiр төңкерiлген доға жал ту бие мен ылғи iрiңдей, iрiктi аттар екен.
Қарабас айдап келе жатқан он бес ат та осыған қосылды.
Құнанбай жылқы ортасына кеп, айдаушылармен сараң амандасты да, азын-аулақ бөгелiп, тұрып қалған едi.
Абай қатты бiр күдiк ойлап, Қарабастың қасына келiп сұрастыра бастады.
– Бұл не қылған жылқы? Кiмнiң жылқысы өзi?
– Е, олжа, әкеңнiң олжасы емес пе?
– Олжа не? Кiмнен алынған?
– Өй, тәйiр, баламысың? Әкеңнiң қол астына қараған халық аз ба? Қарқаралыда күнi-түнi басып жатқан қара нөпiр ел кәне. Сондағы еңбек үшiн ақы алмай ма? Текке iстей ме?– дедi.
Абай бұдан әрi сұраған жоқ. Бiрақ барлық өзгеше жайды ұғынып, өз-өзiнен қысылды да қып-қызыл боп кеттi. Дәл қасында жүргенмен, мынау әкенiң, мынау барлық үлкеннiң қиын сырын сезбеген екен.
Шөже есiне түстi... "ортасын дарияның қарға шоқыр..." деп едi. Шөже Құнанбайдан алыс, шалғай жүргенмен, бар сырды бiледi. Бiлгендiктен соны айтқан екен ғой.
"Не деген ұят?" деп, Абай көңiлi, әсiресе, Шөжеден ұялғандай болды.
Жүргiншiлер тағы да соқтырып жүрiп кеттi. Абай желiп келедi. Бүгiн бұлар Қарашоқыдағы Күнкенiң аулына да жетпек. Туған-туысқан баршасын осы кеште көредi. Бiрақ көптен асықтырған сағыныштың өзi де Абайдың жаңағы ауыр сезiмiн айықтыра алмады.
Ойлап, бойлай берген сайын тағы талай құнсыз iстер тапты. Алшынбай аулына жiберiлген елу қара да осы шоғырдың бiр бөлегi. Қалыңмал. Абайға әперетiн келiннiң қалыңмалы да бұлдырдан.
"Иегi ителгiнiң тамағындай" деп қызықтырған, асықтырған қалыңдық? Дiлдә! Мұның жары! Не боп барады! Көңiлдегi қандайлық күнәсыз дүние кiрленiп, жүдеп, нәрсiз боп барады. "Жар! Деген ат та соншалық жазықсыз қалпынан, қасиеттi орнынан осындай боп қор болады екен!" деп ойлады. Абай өзi үшiн де, Дiлдә үшiн де наразы боп кеттi, наразы ғана емес, ашулы едi.
Парақорлық _ кiтап айтатын күнәның үлкенi. Парақорлық бұрынғы Кеңгiрбай сияқты атақты бидiң де сүйегiне басылған таңба едi. Өшпес мiнi, кешпес сұмдығы сол болатын. Ол, әсiресе, қысылған жандардан, жазықсыз жұрттан түсетiн жем.
Көпшiлiкке айтқызсаң, Барлас, Шөжелерге айтқызсаң – ол ең бiр кешiрiлмейтiн күнә. Абырой, атақ әперiп отырған "құдай үйiнiң" өзi де көптен-көп осындай малдан салынбады ма екен?
Парадан жиылып та мешiт боп қалқиып тұрады екен. "Арамнан салындым" деп қаусап қалмайды. Оның iшiнде де құдай аты аталып, пайғамбар атынан "құтпа", "уағыз" сөйленедi. Сәлделi имам көзiн сүзiп, "тәбәрәктi" созып, " Бұқар мақамын күңiрентедi екен. Жақсы көрдiм деген баланың, жақсы тiлеумен айттырдым деген келiннiң ақ тiлеуi, ақ күмбезi де жем-парадан үзiк жамылып, жем-парадан шымылдық тiгiледi екен".
Осы күнi кешке Қарашоқыға жеткенмен Абай әке қасында, Күнкенiң аулында, қалған жоқ. Қасына Жұмағұлды ертiп ап, Жидебайға қарай асыға жөнелiп, жол бойы ылғи шауып, жортып отырды.
Терезе түбiнен қатты жүрген аттылар өтiп, ауыл итi шабаланып үрiп қоя берген уақытта үйдегi шешелер ояу едi. Кешкi астарын iшкен де жоқ екен.
Бойы ұзарып, iрiлеп қалған, бетi тотыққан бала жiгiт сәлем берiп кiрiп келдi. Байсалды бiр үлкен жолаушыдай боп, қалың киiм киген. Салмақпен басады. Осындай тұтқиылдан Абай кеп кiргенде Жидебайдағы үлкен үйдiң iшi қатты қуанып, шу етiп:
– Абай!
– Абайжан!
– Қарағым!
– Қоңыр қозым! Абайжан!– деп дабырлай сөйлеп, ерекше шат боп қарсы алды.
Үй iшi тегiс аман-сау! Әжесi мен шешесi күйлi! Екеуi Абайды кезек-кезек сүйiп жатыр. Оспан да ұйықтамапты. Айғайлап қуанып кетiп, секiрiп-секiрiп түстi. Өзiн-өзi санға шапалақтап, ойнақтап жүр.
– Әпкел, базарлығыңды әкел! Тәттiң кәнi? Берсеңшi шапшаң?– деп Абайды шешелерiмен де, Ғабитхан, Тәкежандармен де амандастырмай асықтырып жатыр. Қойнын тiнтiп, қалталарына қол жүгiртiп, қайта-қайта:
– Әпкел! Бол ендi – деп дегбiрсiзденiп қояды.
Осыдан үш-төрт күн өткенге шейiн Абай үйде болды. Ешқайда қыдырған жоқ. Әсiресе, әке қасына барған жоқ. "Қарашоқыда қалың жиын бар екен. Күнкенiң аулын қонақ басып жатыр екен. Мырзаға сәлем бере, амандаса барған ел ұшан-теңiз екен" дескен хабарлар Жидебайға күн сайын келiп жатты. Бұл ауылдан Құнанбай қасына кеткен Тәкежан ғана болатын.
Ол Абай келген күннiң ертеңiнде Жұмағұлдан олжа жылқылардың жайын есiтiп:
– Ылғи сайгүлiк аттар дейдi. Бар жақсысын тағы да Құдайбердi таңдап, меншiктеп қояды, – деп Күнкеден туған ағасы Құдайбердiден жақсы аттарды қызғанып, – таңдаулысын алам! Алып келем! Осы жолы ма? Көрер-ақпын!– деп, асыға жөнелiп едi. Сол кеткеннен әлi қайтқан жоқ.
Абай бұл күндерде екi шешесi мен Ғабитханға Қарқаралыда көргендерiн, сезгенiн көп-көп әңгiме қып айтып жүрдi. Кейде мұның әңгiмесiн тоқал шешесi сұлу Айғыз кеп тыңдайды.
Бөжеймен болған татулықты да айтты. Бiрақ бала беру жайын бiлдiрген жоқ. Ол өз iшiнде жатқан ауыр күдiктiң, Абай мынау аналардың қуанышпен қарсы алған күндерiн мұңайтқысы келмедi. Бұл аналар әкеменен не деседi? Оны көрер, әзiрше Абай аузынан естiгенде ең алғаш сезерi, айтары – ашу, күйiк болуға мүмкiн. Ондайды мезгiлiнен бұрын шығарып Абай қайтедi? Ендеше қинамай тұра тұру қажет.
Абай Жидебайға келетiн күнi осы жайды ойлап ап, жанындағы Жұмағұлға да:"бұл ауылға айтпай-ақ тұра тұр" деп тапсырған.
Осымен төрт-бес күн өткен шамада: "Бөжей де келiптi" деген хабар жеттi.
Құнанбай сол қарсаңда Жидебайдағы үйiне Қарабасты жiберген екен. Сол Зере мен Ұлжанға кеп:
– Мырза сәлем айтты, ертең көп кiсiмен осында келедi. Және Бөжеймен бас қосып табысатын осы үй, осы үйдiң қара шаңырағы бопты. Мұнда Бөжей, Байсалдар да келедi. Осыған қам iстеп, күтiп алсын деп тапсырды!- дедi.
Ұлжан ол хабарға сасқан жоқ. Айғыз екеуi екi күндей қам iстедi. Үлкен-үлкен теңдердi шешiп, қымбат кiлем, әсем тұскиiз, алаша, көрпелердi алып, Зере отырған үлкен үйдi де, қонақ үйдi де, Айғыз үйiн де жақсы жасап қойысты. Астау-астау бауырсақ пiсiрiп, қой үйтiп, құрт ездiрiп, астарын да ықшамдады. Бiрнеше қарындағы сары майдың iшiнен тұзы дәл, дәмi жақсы, түсi асыл майды таңдап ап, сондай қарынды әдейi арнап бұздырды.
Келесi күнi айтқанындай Құнанбай, Бөжейлер бар нөкерлерiмен тұтас кеп, ошарылып қалды.
Бөжей үлкен үйге кiргенде, Зере орнынан тұрып, қарсы барып бетiнен сүйiп жылады да:
– Қарағым, бауырың суып, қатыбас боп кетпедiң бе? Балам сен едiң де, анаң мен емес пе ем?..– дедi.
– Алда жарықтық-ай!
– Алда бақыр анамыз-ай!..– десiп, Байдалы, Сүйiндiк сияқты Бөжейге ере келген кiсiлер де босаңсып едi.
Бөжей де шынымен шiмiркендi. Зеренi құшақтап, қысып тұрып, қатты күрсiндi де, қолымен ақырын ишарат қып орнына отырғызды. Өзi де Зеренiң қасына отырып қалды.
Аздан соң үндемей отырып, басын изеп, осы үйдегi балаларды көрдi. Абай әжесiнiң төменгi жағында отыр едi. Бөжей ең алдымен соны шақырып ап, бетiнен иiскеп, содан кейiн Оспан, Смағұлды да беттерiнен сүйдi. Зере мiнезiне орай етiп iстеген туысқандық жауабы.
Бөжей шынында бұл үйдi бөлек бағалайтын. Құнанбайдың ғана үйi емес осы бiр атаның ортақ үйi және жалпыға мейiрбан, момын, адал үй деп санаушы едi.
Бөжейлер жайласып отырғаннан кейiн осы бөлмеге Құнанбай да кеп кiрдi. Қасында Қаратай, Майбасар, Құлыншақ сияқты нөкерлерi көп екен.
Абай Бөжей мен өз әкесiнiң беттесiп отырған пiшiнiн көруден ұялғандай. Өзiнен өзi именiп төмен қарады. Үлкендерге орын босату керек. Соны сылтау қып, бұл үйден шығып кеттi.
Осымен бұл кеште де, ертең таңертеңгi аста да әкелерiнiң үстiне кiрген жоқ. Жай сырттан, шешесiнен сұрастырғанда, Бөжей мен Құнанбай көп үндеспей, шешiлiспей, сыпайы ғана сыйласты дегендi есiттi.
Ертеңiнде Бөжейлер жүрер кезде Абайдың Қарқаралыда естiген жат сөзiнiң шешуi жеттi. Өз үйiнде жер бауырлап жылап, Айғыз жатыр екен. Қарабас мұның қолынан Кәмшатты алып, шарт киiндiрiп, үлкен үйге апарыпты. Екi көзi қарақаттай жайнаған, аппақ Кәмшат, мұндағы барлық үлкендерге:
– Аға, ата! Ата... Аға!.– деп, кiшкентай нәзiк саусақтарын созып, жалт-жалт қарайды.
Мұның әлдеқандай жалынышты түрiн көруге шыдамай Ұлжан шығып кеттi. Үнсiз жылап, бүктүсiп Зере қалды. Үлкендердiң арасынан аяз лебiн сезгендей боп Абай да атқып шығып кеттi.
Құнанбай босаңсыған пiшiндердiң барлығына жалғыз көзiн оқтай қадап, атып жiбергендей қарайды. Қарқаралыдағы байлау бойынша, мұның Айғыз қолынан тартып алып берiп отырған баласы осы.
Үй iшiнде түк өзгерiс сезбеген, бұрынғысынша былдырлаған Кәмшат, тысқа қарай бiр бөтен, үлкен кiсi ала жөнелгенде ғана шошынып едi.
– Апа! Апа! Әже!..– деп, шырылдап қоя берген.
Кiшкентай жүрегiн қорқыныш қысып, зар қаққан бала дәл бiр от басып алғандай шыр-шыр етедi.
Осы зарлаған үнi Бөжейлер аттанып ұзап кеткенше басылмады, алыстаған сайын, отқа өртенiп, не суға жұтылып бара жатқан жанның зарындай боп, ызың-ызың естiлiп тұрды.
ШЫТЫРМАНДА


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   70




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет