Қазақ Әдебиетінің алтын ғасыры. Зерттеу. Астана,



бет14/37
Дата23.10.2016
өлшемі10,52 Mb.
#55
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   37

КӨК ҚАУЫРСЫН
Тырнақалдының жазушыға да, оқушыға да ыстық көрінетін бір оқшау жайы бар. Асылында алғашқы туынды алғашқы махаббат тақылеттес. Сол сезім, сол діріл, сол алып-ұшып тұрған жүрек. Сезімі бұрқырап тасып, жалын атып лаулағанымен, қауызын жаңа ашқан, таза, таң алдында жапырақтан құлап түскен шықтай мөлдір. Дірілі үрей, қорқыныштан аулақ, таңсық болудан, аңсаудан туған қуаныш хал. Жүректі дірілдететін балаң шабыт, тұңғыш серпіліс.

Алғашқы адым аусарлығы, қалтқы-тартпақты білмейтін бесене ашықтық, жас бойынан жуырмаңда көше қоймайтын мінезсіздік, – сөз жоқ, мұның бәрі үлкен олқы, бірақ көк қауырсын бала қыран сұңқар самғайтын мұзарт қияға зулай тартпас па еді.

Бір түйдек шоғыр топ болып, “Тұңғыш кітап” деген ортақ атпен өлеңдер жинағын жақында ғана шығарған ақындар осы реттен де қызық. Жаңа толқын, жаңа үн. Оның бет бағдары қайсы, бояу-нақышы, бір сөзбен, ақын қанжығасында не бар, міне шұқшияр да қадалар сауал осы төңіректе. Бірін емес, бәрін айту, тоқтай, топтай айту қажет.

Қазіргі поэзияның мойнындағы жүк ауыр, көз көрген мен қол ұстағанды ғана айтсаң ақын емессің, үлкен ой, шамырқанған сезімді астастырып, жұтындырып жазу шарт. Жоқтан өзгені боталы түйе қылып, соқырдың өз бидайын өзіне қуыратын кезең өткен. Эстетикалық талғамы терең, дүниелік мәдениеттің арғы-бергісінен мол хабардар замандасты көр-жермен алдаймын деу қылмыс болар еді.

–Бәрі де аян, бәрі аян,

Аян емес сыр бар ма?

Бәрі де аян, бәрі аян,

Сырды айтпаған жыр бар ма? –

деп, өмір жолын, тірліктегі саналы қадамын енді бастағалы тұрған жас адамның көп күдікті мазасыз ойын шебер түйген Сабырхан Асанов дәл осы арада ұстараның жүзіндей аударылып түседі. Оқушысы күтпеген оқыс бұрылыс жасап, өлеңді аса қуатты күшпен жайнатып жібереді. Әр адамның өмірлік кредосы боларлық қажырлы жолдар:

Сонда да бір мықты қол

Жұмсалмаған сияқты.

Сонда да бір алыс жол

Жүрілмеген сияқты.

Соны жұмсау, һәм жүру

Маған қалған сияқты.

Жаттап алғың келіп күбірлей жөнелесің. Гәп неде? Бұл жолдарда ер тегеурін, азаматтық леп бар. Түптеп келгенде, лирикадағы гуманизм, сезім мөлдірлігінің құяр арнасы ойшылдық елдік, ерлік сарыны, шын ақын, асқар ақын құнттайтын жәйт. Жас жүректің салғаннан сыршылдық пернесін дөп басып, шеберлігі толысып, үлкен азаматтық мәні бар тақырыпты игеріп кетуі қиын, ал оның ұмтылысын, жеткен өресін, сол жолдағы жеңіс-жемісін бажайлау ләзім.

Жақсы ақындық нышанмен бой көрсеткен С.Асанов кейде жемісті аңғарға бойлап ене алмай, өлеңдегі ой дегенді ұшқары, атүсті түсінетін секілді. “Өмір, өмір қызық, өмір базар жәрмеңкелі”, “Соғыс салған картиналар”, “Жатақханалар” дейтін өлеңдер көркемдік жағынан әлсіз, ұқтырар, нұсқар нысанансы да құрдым.

Махаббатың алтын болса,

Тот баспайтын ар болса,

Өмір бойы бір адамды сүйіп өткен бар

ма екен?

Немесе, соғыс келтірген зардапты санап тізіп келіп:

… Осыларды көре тұрып, дүние-ай,

–Соғыс – десе және қалай төзер ең.

Сосын жатақханада жастар ғана тұратынын айтып:

Мықты болсаң қыздарының жүректерін

жұлып көр,

Әлсіз болсаң қыздарына жүрегіңді

жұлып бер, – дейді.

Бұлар жоғарыдағы үш өлеңнің түйіні.

Барлығы осы жолдарға бағынып тұр. Жырдың ішкі жалыны болмағандықтан, бояу-нәрден айрылған соң, тақпақшылап кету осындай бағасыз түйін тудырады. Жадағай дидактика мен поэзия, ділмарлық пен ақындық бүгінде әсте қоңсы қона алмайды, бұлардың арасы кереғар.

Жалынды жігіт шақта сүйіспеншілікті асқақтата жырлау орнына, күдік сөйлеуге жөн болсын.Соғысқа лағнет, қарғыс айту керек, күреске шақырар ереуіл өлеңі керек, “дүние-ай” деген мүшкіл мұң емес.

Тұңғыш кітаптары шығып отырған ақындар адам жанының қиын-қилы терең ағымына сүңгіп, жыр маржанын содан теруге келгенде әлі балаң. Бұл жағынан олардың кемістігі ортақ болғанмен, жалпы құштарлық, өлең мәдениеті, ұстанған машығы жағынан алғанда, осы шап-шағын кітапшаның өзінен-ақ әрқайсысы менмұндалап тұр.

Сабырхан Асанов кейде тақпақ, терме сарынына түсіп кеткенімен, негізінен жинақы жазады, өлеңдегі деталь, дәлдікке мән береді, бұл – оның табысы.

Осы топтағы ақындардың бірі – Бекен Әбдіразақов. Оның өлеңдерін мінезді өлеңдер деу керек. Бір кез жігіт-бозбала ойға кетіп:

Тыңда жазып ерліктің тың дастанын

Жырға қостым Теміртау нұрлы аспанын,

Көктей өтіп жеті қат көк аспанды

Қол ұстасты жұлдызбен құрдастарым, –

деп ұрпақ атынан, жаңа төл атынан сөйлеген шағында да, оның жүзінде шуақты бір нұр бар. Ал сүйген жары туған күні шалқып тасыса, Алатау суретін тамашалап, көл суына шомылып, содан бір оқыс әсерлер алып, жыр төксе, мұның бәрі жарасымды. Бірақ ақын жүрегін тебірентер дүние осы-ақ болғаны ма? Өмір жайлы, анау жаңа дүние жасап жатқан ер адам жайлы жігіт толғанысы қайда? Тіпті жар құшағында тұрған сәттің өзінде де кенші жігіт ертеңгі жұмысын ұмытпаушы еді ғой. Ал замана талабының осы қырына Бекен берер жауап кәні? Ақын жырының ауқымына көз жіберейік, тірлік жолының алғашқы қадамында нені ұғып, нені түйіпті? Ол үйкүшік емес, сапаршыл көрінді. Мынау нашар түйілсе де жақсы басталған “Бағаналар” жылы әсер қалдыратын “Түнгі оттар” сияқты бір топ өлең жол үстінде туған. “Кремль”, “Ленин мавзолейінде” деген өлеңдерде жылт еткен бір шоқ бар.

Көп сөзділік – шын өнердің жауы, ол жібекті де қиып түсер қара күйе. Осы күйе Әбдіразақовтың да бірталай өлеңдеріне жармасқан.

“Туған өлкем – оңтүстік”, “Арыс туралы” дейтін өлеңдерін алыңыз, сол баяғы “жақсы көремнен” асырып айтары жоқ – қарабайыр жолдар.

Кейде Бекен өлең жазып отырғанын ұмытып кетеді. Әйтпесе:

Айға бардық, ұштық міне Шолпанға,

О, жұлдыздар, біз боламыз ортаңда, –

деген сияқты айқай ұранға жол болсын.

Бар бақыт өзінің қазан-ошағы басындағы үйі деп түсінетін мещан емес, ой түскен, жалпақ жердегі барлық іспен қатысы бар, жан сыры қат-қабат замандастың көңіл-күйін берерлік қажырлы өлең жазуға Бекен бүтіндей бет бұруы керек секілді. “Аспанда бұлттар топырлап” деген сияқты бір топ өлең оның күшін көрсеткендей.

Аспанда бұлттар топырлап

Селдетсе жаңбыр түнімен

Найзағай көктен от ұрдап

Жүр екен деймін мұны мен.

Сондықтан ұйқым келмейді.

Бұл не? Сезім бе, сурет пе? Қиялы көк кезген жанның қомағай арманы ма?

Тағы оқиық.

Көтерсе басқа көшені

Автобус пенен трамвай

Оятар мені осы енді,

Тіршілік салған ұрандай

Сондықтан ұйқым келмейді.

Күнделікті тұрмыстың көп күйбеңі адамды кей сәт қажытып езбей ме, сонда жүректі түртер қайрат болмаса, мойынға су құйылғаны да, мынау сол сезім ғой. Өлең әлі біткен жоқ.

Құлағым шалса қыз үнін

Түседі аунап жүрегім.

Таба амай қиял үзігін

Арманға малтып жүремін,

Сондықтан ұйқым келмейді.

Бақсақ бағанадан бергінің бәрі жас адамның хал-күйі, тынымсыз кеудедегі асау жүрек дірілі, бір сәт сезім екен. Осымен өлең-сезім тұйықталған, ал соңғы:

Осылай ұйқым бөлінген

Достарым, шын де, жалған де,

Сиықсыз болмай өмірде

Ұйқысыз болсам арман не?

деген ақылгөйсіген жолдар орынсыз тұр. Байқап қарап, таразыға салған адам Әбдіразақов өлеңдерінен екі аңғар көреді. Бірі – жаңағы “Аспанда бұлттар топырлаптың” мақамында жазылған іштей бір тыныс-демі бар өлеңдер: “Індегі сардаланың саршұнағы”, “Бұ жерде В.И.Чапаев суға кеткен”, “Шағала”, екіншісі – сырты жылтырағанмен бойына ақын кеудесінен қуат сәуле құйылып, сыр мазмұнға не болмаған жалаңаш өлеңдер: “Менің құрдастарым”, “Шолпан бүгін күндегіден жайдары”, “Ескерткіш түбіндегі еске алу”.

Келесі кітапта осының біреуінің ғана қалғанын тілер едік, – әрине жақсысын да.

Қай ақын болса да, негізінен өз басындағы сезім-күйді өлең қылады. Бірақ соның бәрі көпке әсер етіп, жұрт кәдесіне жарай бере ме? Кілт сезім қуаты мен ақын талантында жатса керек. Қанипа Бұғыбаеваны сол жұрт көкейінде ақын-ау дегісі келіп, бүйрек бұра береді.

Кітап беташары болған жалғыз ауыз өлең:

Мазалап арман жанымды,

Алады жырмен уатып.

Бола алмаймын сабырлы, –

Сабырлы емес уақыт.

Бастапқы екі жол қолына қалам алған көген көздің қай-қайсысы да таза беретіндей жөнсу, жуас, ал соңғы екі жол ше? Шиыршық атып, қалғыған ойды сілкіп-сілкіп жібергендей. Қанипа жырының өзек-дәні осы қайсарлық, өршілдік. Оның кітабында тағы бір тұтастық мынау: бір өлең бір өлеңді толықтырып тұрады, үзік сыр емес, бәріне ортақ сыр бар, ол – жас адамның есею баспалдағынан аттар кезіндегі күй-жайы, асау арман, бұла ұміт, зіл қара күдік, ең бастысы жарық дүние – өмірге құштарлық, содан туған тебірену. Бұғыбаева жинағы өмір үшін талмай күрескен жас адамның хикаясы. Онда іштей булығу, содан туындап кететін гөй-гөйлік жоқ. Ақын арман десе, алдағыны аңсайды, бұлдыр сағымға шомылмайды, тірек-таянышы – тек маңдай тері. “Баспалдақ” деген өлеңімен Қанипа оқушысына жан сырын айқара ашып салады.

Алтыда табаныма от бастым да,

Шыр еттім алғашқы ауыр соққы астында.

Тал қармап тағдырыма қарсы ұмтылдым,

Көміліп дөңбекшіген көк тасқынға.

Құлашты биікке еркін жая алмадым,

Келмеді ілбісем де аялдағым.

Тебініп, темір үзер албырт шақта

Қолыма күрек ұстар таяқ алдым.

Оның туындыларына тұтас желі болып тартылған сыр осылай басталады: тұлымшағы желбіреген бұлдіршін анасынан айрылды, аямас ауру аяқты әкетті. Мынау жарқыраған дүние, дүрсілдеп соғып тұрған ақын жүрек, дөнен қиял, – қалайша өгейсір, ананың ыстық мейірімі, еліктің лағынша тастан-тасқа секіріп асыр салу, – осы жетпейді, ақын жанмен, мүгедек тән арасындағы кереғарлық. Ол кейде қабырға қайыстырып, өмірдің өзін сарапқа салады. Сонда:

Жанарға жас боп ескі үміт,

Жаңаның жандым отымен.

Жыр жазуға бес минут

Уақыт бер, дәрігер, – өтінем! –

деген тірліктегі соңғы уәж, ақырғы тілектей сөз де айтылып кетеді. Қараңызшы, оның өзінде де басқаны емес, жыр тілеп жатыр ақын көңіл.

Қашанда шын ақынның басын идіру мүмкін емес, ол өр, қайсар. Тоят қияда. Қанипа да соған қол созады.

Адаммын, тірімін бұл күнде,

Қуаныш сазы бар күлкімде.

Жанымда жазы бар дәуірдің,

Келмейді тәңірге табынғым,

Отан! – деп асқақ үн қатады ол.

Жан емеспін ілби басып көшке ерген,

Кеудеңде бір отыңмын өшпеген.

Туған өлкем, топырағыңнан нәр алар,

Жап-жас қана шыбығыңмын өскелең.

Тағы да елге махаббат, қажырлы ой.

“Бақыт”, “Көңілге жыр қып құйып дала сырын”, “Тер”, “Менің қолым” атты өлеңдерде ой айтуға ұмтылу бар, бірақ олар шырпы оты секілді жылт етіп қана қалады. Бұғыбаеваның табысы өзіне етене сырларды, төккенде көрінеді. “Кешкі биде” өлеңін оқыңыз.

Вальс әні кетті бірден тартылып,

Кеңейгендей күй сазымен тар клуб,

Шыр айналып, дөңгелеп жүр құрбылар,

Жүздерінде нұр арайлы таң күліп.
Осынау қуаныш ортасында бір жан отыр.

Оның жүзінде мұң, көзінде қайғы. Себебі:

Бір жігітпен кетер едім дөңгелеп,

Аяғымнан тұрмын шетте именіп.

Сіздің де сай-сүйегіңіз сырқырапт кетеді.
Ал мына:
Вальс әні кетті тағы ырғалып

Көздер, көздер қадалады ұрланып,

“Билер едім, әттең, менің аяғым”,

Деймін дағы бір өшемін, бір жанып, –

деген соңғы жолдарда қанша шын бар!

Жас жүректің осы сәтін елестетіңізші.


Өмірдің жанға күйін ап,

Серпілтіп ойды, денені

Балдақтың бәрін жиып ап

Отқа өртегім келеді, –

Деген асқақ қадамын қош алып, кемістікті – олқысын аз айтып, қасиетін баса айту оған деген сенімді көрсеткендей, осының өзі ақын жауапкершілігін арттыра түсетін сияқты. Жақсылық Сәтібеков, Сарбас Ақтаев, Боранғали Ырзабаев кітаптары тақырыбы, асса сан шапалақтап қуану, қоңыр төбе бояу, – міне осылар ортақ бұларға. Ақын кеудесін азаматтық ой, шалқар бір сезімдер буып тұрмаған кезде, тау-тасты, табиғатты жазып кету заңды. Мына ақындардың өлеңінің дені пейзаж.

Шыршаң бар мәңгі де солмас,

Сендей жер шоқтығы болмас.

Қойнауың қаптаған түлік.

Жоталар жамылған шілік.

Бұл Боранғали Ырзабаевтың “Баян эскиздері” деген циклынан үзінді. Ол реалистік поэзияның талабын мүлде ұмытқан секілді, әйтпесе, көзге көрінгенді тізіп берген пейзаж бола ма екен? Немесе:

Бір тастарың шыңыраудың құндағы,

Енді бірі өткір қылыш қындағы,

Біреулері сүйретіле мінегескен.

Кесірткедей ұйықтап жатқан құмдағы, – деп тасқа балама іздейді, психологиялық пейзаж, табиғат әсерінің көңіл-күйі астас болмаған соң, жоғарыдағы жолдарда қандай құн бар? Басқаны айтпағанда, сонау Абайдың “Желсіз түнде жарық айынан” бері қарай туған әдебиетімізде берік ірге тепкен дәстүрден үйрену қайда?

Болған бір оқиғаға, сюжетке құрып өлең жазу машығы Сарбас Ақтаевта көбірек байқалады. “Батыр қыз”, “Сырымбет”, “Құлагер құдығы”, “Құрыш қалай шынықты” деген туындылар осы әуендес, құбылыстың ішкі астарын түсіндіруден гөрі бұларда өлеңмен айтып беру ғана бар. “Көктем”, “Бұлақ”, “Май” деген өлеңдер табиғат суретін дәл бере алмайды, шын пейзаж емес, оларда жүрек қытықтар, сезімге шабар күш аз.

Бірнеше өлеңдер циклін берген Жақсылық Сәтібеков тегінде эпикалық орайға бейім ақын секілді. Оның өлеңдерінде сәтімен табылған әредік шумақ, жеке жолдар болмаса, көбіне тұтас емес, әрі қарай соза берсе де болатын секілді, қысқартса да ештеңесі кетпейді. Шынайы талғам – әуесқойлық емес, әсте ақын естен шығармас шындық осы. Өкінішке қарай, кей ақындардың мінезі кейде әлекей-шүлекейдің бәрін бойына таға беретін парықсыз келіншекке ұқсайды.

Қыраулы ақпанды сүйемін,

Сонарда із жатқанды сүйемін,

Гүлдің қызылын сүйемін, –

“пәленді сүйемін, түгенді сүйемін”, –

деген Б.Ырзабаев өлеңі.

Сүйікті туған жерім – Көшенейім,

Жапырып көк майсаңды төсенейін, –

деп келетін Ж.Сәтібеков өлеңі осының мысалы. Бірі “Ойлы өлең” жазудың оңай әдісін тапса, екіншісі елдің бәрі туған жерінің атын атап жатқанда, үнсіз қалуды жөн көрмеген.

Бірнеше ақынның тырнақалдысын оқып шыққанда туған әсердің ұзын-ырғасы мынаған саяды: Асанов өлеңдерінен форманың ұтқырлығын, үлкен ақындар әсерін көреміз. Әбдіразақов лирикаға білек түріп, еніп кетпегенімен, түбі солай бет түзейтін сияқты. Бұғыбаева әзірше өз ішіне ғана үңіліп отыр. Ақтаевтағы тақырып алуандығы поэтикалық көркемдікке бодау бола алмайды. Сәтібеков өлеңдерін ширатып, шынықтыру керек: ал Ырзабаев шынын айтқанда, сөз қадірін түсініп жетпеген, оның туындылары кедір-бұдыр, дүмбілез.

Өнер жолы қанша көне болса да, оның пышақ кесті заңдарын айту соншалықты қиын, поэзияның көбіне шабан ақылға бой көрсете бермейтін құпиясы мол ғой, сондықтан да жаңа түлеп ұшып отырған жас ақындардың бүгінгі өресі жайлы әңгімені осымен доғарып, ертеңіне бал ашудың орнына, келесі бір жолығысуды тосқанымыз орынды көрінеді.

1964.
БҮГІНГІ ЛИРИКА ТУРАЛЫ
Ақын Әбділдә Тәжібаев пен сыншы Рымғали Нұрғалиев ой толғайды

Р.НҰРҒАЛИЕВ: Әбеке, туған поэзиямыз, оның бір саласы лирика қазір көп байыды ғой. Соған сәйкес ол жайлы көтерер мәселе де мол. Неден бастасақ екен?

Ә.ТӘЖІБАЕВ. Поэзияның бұл саласын түр-түрге бөлмей, жіктемей тұрып, тұтастай алғанда, лирика дегеніміз не? Оның өзіндік ерекшелігі қандай? Әуелі осындай сауалдарға жауап берген жөн. Бірақ жаңалық ашып, тың тұжырымдар жасаймын деу де қиын. Өйткені, Белинский, Добролюбов, Чернышевский сынды шырқау сыншылар, үлкен ойшылдар лирикаға, поэзияға лайықты анықтамаларын айтып, жанр табиғатын терең талдаған ғой. Мәселен, Белинский лирика туралы: “Эпоста – субъект (ақын) оқиғаға сіңіседі де көрінбей кетеді де, ал лирикада ол құбылысты өзі игеріп, өз ойына қабылдап қана қоймай, сол құбылыс пен қақтығысудан туған түйсік түрінде жан сырына айналдырады. Лирика тілсіз түйсіктерге сөз береді, оларды тар кеуденің қыспағынан көркемдік өмірдің таза самалдығына алып шығады да, ерекше өмір сүргізеді… Барлық жаратылыс, барлық субстанциал (заттық тектер), барлық идея, ойлар, қысқасы, бүкіл әлемді, бүкіл өмірді қозғаушы құбылыстың бәрі де лирикалық поэзияның мазмұны. Тек сол құбылыс субъектінің қаныға сіңсін, көкейіне қонсын, оның тұтас тірлігінің бір тетігіне айналсын, басты шарт осы ғана…”.

Ал Добролюбов поэзияның шынайылық тұлғалары үш нәрсемен: парасатты ой, жақсылық, сұлулықпен айқындалады, осы үш бастауыш неғұрлым толық берілсе, соғұрлым артық дейді. Бұл да барынша байсалды пікір. Мұндай жоғары талаптар тұрғысында лирика жазған біздің алғашқы ақынымыз – Абай. Оның мысалға, “Желсіз түнде жарық ай”, “Жаз”, “Қыс”, “Күз”, “Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы” сияқты шығармалары – лирикалық поэзияның ең асылдарына жататын, мәңгі өлмейтін, жастық қуаты мен жайнаған көркін жоғалтпайтын жырлар. Осындай өлеңдерінің әрқайсысында-ақ көңіл түйер, сөз жетпес музыка бар, оқи бастағанда-ақ жадыңнан өшпестей мүсіндерге, ғажайып бояулармен жазылған суреттерге кіресің. Әрбір ойлы сөз өз үнін шығарады да, айшық-өрнек болар орнына жымы айрылмастай қаланады. Сөйтіп тұтас та толық көрікке айналады, ақынның асқан художник екенін танытады.

Р.НҰРҒАЛИЕВ. Әбеке, ондай туындылар дүниге оңайлықпен келе қоймайтын шығар. Рас, ақындық, шығармашылық стихия, ыңғай бейімділік – әрдайым есте боларлық фактор. Қазақ айтады: “Әлін білмеген әлек”. Әркімнің өзінің туа біткен қабілетіне, әл-қуатына қарай өнер қуынуы керек. Өлеңді хабар жазғаннан оңай, боратып жазатын ақындар бар. Романнан да қалың өлең кітаптарын көргенде біртүрлі сескеніп қаласыз. Кеше өлең жазған, бүгін поэма жазған қайда болса тартып жүре беретін ақындардан түршіккендей боламыз. Дегенмен, талант, қабілет мүмкіндігіне шек қою әбестік. Бірақ әдебиеттегі өз орнын таппай, яки тапса да байыздамай, әр төбеге бір шығып, әр жайлауға бір үй тігіп жүргендер ақындар ғана емес, басқа жанрда да жетерлік.

Ә.ТӘЖІБАЕВ. Бұл, әрине, әдебиеттің ар ісі екенін байсалды түрде білмейтін, терең түсінбейтіндердің тірлігі ғой. Бұндайларға тосқауыл жасалатын уақыт жетті. Рымғали, мен енді сенің әлгі сауалыңа орай бірер сөз айтайын. Бірақ, менің пәлендей лирикалық туындым дүниеге былай келді деп есеп беріп жатқаным онша үйлесімді бола қоймас. Сондықтан лирик ақындарға осы ортақ-ау деген бірер жәйтке тоқталайын. Бұл ретте ақындық стихияның ақындық шабыттың зор рөл атқаратындығын ең алдымен атағым келеді. Ақын көкейіндегі ойдың өлеңге, лирикалық өлеңге айналуы алдын-ала жасалған жоспар бойынша, белгілі бір схемаға сәйкес жүзеге аспайды. Қилы-қилы жолдармен іске асады. Кейде көңілге келген ойдың бірден өлеңге айналуы ықтимал. Кейде көкейде көптен бері жүрген ойдың ұзақ уақыт бойы өлең боп өрнектелуі мүмкін. Сөйтіп жүргенде оның бір түні пісіп-жетіліп, ұйқыдан ұшып тұрып, қалам, қағаз іздестірудің де ғажап емес. Мәслеен, Жұмағали Саинның “Шырт ұйқыда жатыр едім” дейтін өлеңі дүниеге келетіндегідей “толғақты” ақындардың көпшілігі, тіпті бәрі бірдей, басынан кешіреді ғой деп ойлаймын. Ақынның көкейінде көптен бері жүрген бір тақырып кенеттен, ерегескендей тас қараңғы түнде пісіп-жетіліп өлеңге айналуға өтініп-ақ тұрады. Ой ырғақты, ұйқасты сөзге айналғалы тұр. Не істеу керек? Төсектен тұрып, дереу шам жағып, көңілдегі ойды қағаз бетіне өрнектеу керек, жазу керек. Мүмкін бір жыр тұтас туар, мүмкін көрікті жеке шумақтары, жолдары жазылып қалар. Қысқасы шабыт оянғанда, ақын тұрмай қалуы мүмкін емес. Сондықтан басқа ақындар секілді Жұмағали да үстеліне жүгіріп барады. Бірақ мұның үстеліне кеше кешке даярлап қалдырған төрт қарындаштың төртеуі де жоқ. Ашу-ыза қысқан кезде ақынның “толғағы тарқап”, өлеңдері қайта бытырап кетті. Сөйтсе төрт қаламын төрт баласы әкетіпті. Енді ақын кеудесінде ұйықтап жатқан балалары туралы жаңа жыр туа бастайды. Жұмағали ақын әр баласының ұйқысын, алған демін, ұйқасырап күбірлегендерін асырмай, өсірмей жылы ғана баяндайды да, ақырында:

Қандай кітап дәл осындай

сымбатты,

Қандай ақын бұдан артық

жырлапты.

Айтыңдаршы дүниеде не

барын,


Төрт жүректің соғуынан

қымбатты,

– деп қорытады. Осы өлеңде қанша ой айтылған, қанша әдемі сезім берілген. Ақын өз “менін” үлкен дүниенің жарқын суреттеріне араластыра айтқандықтан, лирика күрделі түр тапқан. Бұл арада субъекті мен объекті арасындағы байланыс та рөл атқарып тұр.

Р.НҰРҒАЛИЕВ. Сірә, субъекті мен объектінің арасындағы етжақындық, ақынның тақырыбы мен емірене табысуының үстіне жалпы поэзия талаптары парасаттылық, эстетикалық биік мұрат, әуез, сұлулықты қосу керек шығар. Болмыс, оның сан-алуан құбылыстары сурет, бейне, бояу, толқын күйінде нақтылық, жинақылық қалпымен ақынның жүрек жарды сыры боп төгілсе, алмас қылыш жүзіндей жарқ ете қалса, тыраштанбай лап еткен шабыттан туса ғой жыр.

Әдебиет – зоология емес. Өнер құбылыстарын топ-топқа, группа-группаға, мүше-мүшеге бөліп сөйлеймін деу соқыр сүрлеуге түсіріп жібереді. Бірақ қайткенде де жүйесіз болмайды, лириканың түрлері деген ұғымның тарихи жағы да, шартты жағы да бар. Осыдан бес-алты жыл бұрын кейбір сыншылар қасапшының жалаң пышағымен ет мүшелегендей, мынау ойлы өлең, мынау сөзімнің өлеңі деп долбар билік айтып жүрді. Тіпті өнер мен болмыс арасындағы күрделі диалектикалық байланыс мәселесін қозғамай-ақ, таза психологиялық тұрғыдан қарасаңыз да, ой мен сезімді мүлде қарама-қарсы қоюға болмайды. Зады, бір қалып жасап алып, күні бұрын тон пішкенше, көркем ой тәжірибесіне жіті үңілген абзал ғой.

Ә.ТӘЖІБАЕВ. Оған не дау болсын. Поэзиясына парасат іздеген Қасым кейін махаббатты да гуманист ақын болып жырлады, құмарлық орнын шын мәніндегі махаббат алды. Содан бастап ақынның кең құлашты, екпінді өлеңдеріне тереңдік, суреткерлік қосылғанын көреміз. Мәселен, ол Май күнін жанды суретке былай айналдырады.

Май келеді, Май келеді,

Май сұлу!

Көк алаңда қанаттарын

жайды ту.

Қақпаларға қонды қызыл

жалаулар,

Май келеді ерте тұрып

қараңдар!

Осы шумақта иненің жасуындай мін бар ма? Жоқ. Майды Қасым өзі келтіріп тұрғандай емес пе? Көк алаңда қанаттарын жая қонып жатқан қызыл тулар қызыл қыран дерліктей. Алып құстарға жарыса, бірақ жарасымды бояулар, жел шайқап, күн жалтылдатып тұрған жалаулардың қозғалғаны көрініп, судырағаны естіліп тұрғандай: Оқушы кеудесіне қуаныш толтырады. “Осы көктем менің көктемім!” дегің келеді.

Ал осындай жазы бар салтанатты елдің адамын да ақын бір түрлі жаңа леппен жырлайды, бұрын партияға, көсемдерге ұранды өлеңдер арнайтын, саяси ойларды шешендікпен толғайтын ақын “Коммунист” атты өлеңінде тіпті тереңдеп кетеді. Ақынның партиямызға деген махаббаты енді декларациялық түрде айтылмай, суретшілік арқылы сипатталады. Бұл күрделі түрде айтылмай, суретшілдік арқылы сипатталады. Біз күрделі совет адамының образын оқимыз.

Жігіт ол жақсылыққа жаны

құштар,


Бойында бұрқыраған тасқын

күш бар.


Ойында бүкіл дүние

сәулелері,

Көз нұрын алдай алмас

құбылыстар.

Шынын айту керек, Қасымға дейін лирикалық поэзияда дәл осыған теңелер коммунистің портреті, мінездемесі жазылған емес. Әрі отты, әрі қайратты. Жаны жарық, көзі қырағы адамға сүйсінбеуіміз мүмкін емес. Мұндай өлеңдерді қазіргі жас ақындардан да келтіруге болады. Мысалы, Тұманбай Молдағалиевтің “Бақытты адам ол кісі мен білетін”, Өтежан Нұрғалиевтің “Бабамның рухы” дейтін өлеңдері – жақсы жырлар. Біз замандастарымыздың кілең осылай сүйіп жырлауымыз керек.

Р.НҰРҒАЛИЕВ. Иә, мұндай өлеңдер ұшырасады, олар және жатталғыш келеді. Ал бірақ көп ақындардың өлеңі…

Ә.ТӘЖІБАЕВ. Сөзіңнің төркіні түсінікті. Айтпағың қазіргі кейбір ақындар өлеңдерін жаттаудың қиындығы, олардың нашарлығынан ғой шамасы?

Р.НҰРҒАЛИЕВ. Жақсы өлең неге тез жатталмасын.

Ә.ТӘЖІБАЕВ. Теориялық тұрғыдан, әрине, солай. Ал осыған практикалық жағынан келсек…. Мәслеен, Абай өлеңдерін осыдан оншақты жыл бұрын тіпті одан да әріректе көп білетін бе едің? Әйтпесе қазір көп білесің бе?

Р.НҰРҒАЛИЕВ. Қазір де бір талайын білем.

Ә.ТӘЖІБАЕВ. Иә, бір талайын білетініңе шүбәланбаймын. Бірақ, осыдан он шақты жыл бұрынғыдай көп білмейсің. Неге?

Р.НҰРҒАЛИЕВ. Поэзия өзі туралы мадақ сөзді аз естіген жоқ. Оны айтқан ең алдымен ақындардың өзі. Өнер – халықпен өнер. Бірақ өнер тобырдың, топастың, тұл көкірек, жесір жүрек талғамына иек арта алмйды. Интеллект, оқушылық мәдениет, тебіренгіштік – ақынның өрісі. Урбанизм әсері қазақ әдеби сынында әзір тілге тиек бола қойған жоқ. Дегенмен кешегі қазақ ауылында сөз, өлең арқалаған жүк бүгінгіден гөрі салмақтырақ еді. Газет-журнал, кітап, радио, телевидение, кино – осының баршасы бүгінгі адамның уақытынан өз үлесін жырып алғысы кеп тұрады. Назар бөлінеді. Әйтпесе қазіргі поэзиядан жаттап аларлық өлең таппадым деп, ауызды қу шөппен сүрту – шын солақайлық сол болар.

Ә.ТӘЖІБАЕВ. Сонда бүгінгі лирика мен эпикалық поэзиядағы аналитикалық сарынның күшеюінің себебін неден іздеу керек?

Р.НҰРҒАЛИЕВ. Жағадай көріністерді қамту, фактілер жетегінде кету, қызылсөз секілді кемшіліктерден арылып адам жүрегінің тереңіне үңілу, ащы шындықтар бетін ашу, фиософиялық біліктілік бүгінгі поэзиядағы өсу үдерісін (тенденциясын) көрсетеді. Меніңше, бұл арнаның басын халқымыздың рухани қуатынан, қат-қабат сырлары бар көне тарихымыздан, бүгінгі заманымыздың күрделі күресінен іздеу шарт.

Әйтпесе әйелім ұл таппады деп бір өлең, екі өлең, үш өлең жазуға болатын шығар, ал сол объектіде көздің жасын көлдетіп отырып алу – ақынның тірлігі емес. Ауылға барғанда шай ішіп, қой жегенін айтып, басқа ешнәрсені көре алмау – ақынның тірлігі емес. Мұны қазіргі лириканың әлеуметтік әуені мен азаматтық пафосы үнемі ойдағыдай бола бермейтіндігінің бір белгісі ретінде еске салып отырмын.

Ә.ТӘЖІБАЕВ. Азаматтық лирика… Осындай өлеңдерге бүгінгі жас ақындарымыз үстірт қарайтын секілді. Олар саяси лириканы арнаулы саясат ақындары сезімді айта алмайтын, тек логиканы ұйымдастырушылар, күнделік оқиғаларға үндесіп отырушылар, яғни екінші сортты ақындар жазатындай көреді. Бұлай ойлауға нақтылы себептер, нақтылы кіналар да жоқ емес. Бір кездерде саяси лириканың жап-жақсы үлгілерін жасаған, сол жырларымен халықтан құрмет алған, қазір аға саналатын ақындар кейінгі жылдарда мұндай өлеңдерді сирете, нашар жазатын болып кеттік. Басқаларды айтпай-ақ, мәселен, менің “Қарағанды шахтерларымдағы”:

Деген сөз Қазақстан әр

қазақты


Мақтанар елдігімен туды

Уақты.


Бұл сөзді ар-намыстай

Ардақтайды

Бар жайлау, бар зауыттар,

Барлық шахта“, –

деген шумақтарым поэзия ма?

“Қазақстан, “елдік” дейтін сөздер қиыннан құрастырылған сөздер ме? Тіпті де олай емес. Мұнда образды сөздер былай тұрсын, мұнда ең болмаса ақылды, пікірлі сөздер де жоқ. Осы өлеңдерді саяси лирика деу, әрине, поэзияға обал.

Р.НҰРҒАЛИЕВ. Мұндай жолдар сізден басқа ақыннан да табылады.

Ә.ТӘЖІБАЕВ. Демек, бұл олқылықпен барынша батыл күресуіміз керек. Өйткені, азаматтық лирика – әрбір ақынның барлық саладағы шығармаларының бірден-бір барометрі. Азаматтық-лирика әрбір ақынның адамдық және әлеуметтік бейнесі, оның барлық поэзиясының қан тамыры, тірлік беретін жүрегі, азаматтық лирикадағы айқын сезілетін ақындық тенденция, қоғамдық көзқарас, оның ұзақ поэмаларының да идеялық арқауы болмай қала алмайды. Дәлдеп, айтқанда, Пушкиннің “Сібірге хат” сияқты жырларындағы саяси наразылықтарды біз оның “Кавказ тұтқыны”, “Цыгандар” поэмаларынан да аңғарамыз. Ал Пушкин өліміне орай жазылған Лермонтовтың улы, көкті лирикасындағы тенденцияны оның “Мцыри” мен “Демондарынан” да ашық сеземіз. Ұлы ақындар аз сөзбен көп ой айтатын қысқалықты ескерген.

Р.НҰРҒАЛИЕВ. Әркім ауызға алатын, үнемі айтылатын бір сөз бар, ол – Антон Чеховтың сөзі: “Краткость – сестра таланта”. Әдейі аудармай алып отырмыз. Менің білуімше ұлы стилист шолақтықты, келтелікті, жетпей айтушылықты мезгемесе керек, жинақылық, ширақтық, нақтылық кемеріндегі қысқалықты нұсқайтын сияқты.

Ал өлеңдегі қысқалыққа ойыссақ, ол поэзия ежелгі талаптарының бірі, өнердің табиғатынан туып жатқан шарттылық. Қысқалықтың қазақ поэзиясындағы өрісі созалаң, шұбалаң ойды соңғы екі жолмен түйіп тастау әурешілігімен (ақындарша айтсақ – концовка), қарның ашса, тамақ іш, шаршасаң ұйықта дейтін “пәлсапашыл” өлеңдермен әсте шектелмес деп ойлаймыз. Кейбір қазақ ақындарының рубаят – төрттаған деген айдармен жариялап жүргендерін оқығанда, Рудаки, Хафиздардың аруағынан ұяласың.

Ә.ТӘЖІБАЕВ. Ақ өлең орайындағы ізденістер, шолақ ұйқас, шала ұйқас туралы бүгінде әр түрлі пікір айтылып жүр. Ақындар бір ұдай, сыншылар бір ұдай. Сен не дер едің?

Р.НҰРҒАЛИЕВ. Татарлар рифма, қырғыздар строфа деп жатады. Бізде ұйқас, ырғақ, бунақ, шумақ, тармақ деген поэтикалық терминдер бар. Тіліміздің өз заңдылығымен әдемі жасалған терминдер. Қарасөз, өлең сөз – бұлар әбден сыңып кеткен. Ал жиырмасыншы жылдарда публицистиканы – көсемсөз депті. Қандай жарасты: қарасөз, өлеңсөз, көсемсөз. Бұл қатарға верлибр – белый стихтан келген ақ өлеңді де жатқызуға болар еді. Ағу, ағып кету, ағызумен төркіндес жатыр.

Қазақтың көне поэзиясында дәл бүгінгі мағынадағы ұйқас шамалы, құдыретті Қазтуған, Шалкиіз туындыларын ішкі ұйқас, басқы ұйқас, тропаның сан алуан бояулары, ой, ой ұстап тұр. батырлар жырын, билер толғауын, термелерді алыңыз, дәл осы құбылыстар қайталанады. Ендеше қазақ поэзиясына ақ өлең сырттан келген кірме емес, өз топырағында бар, ежелден келе жатқан қазына.

Бұл ретте екі ақынды: Мұхтар ақынды, Ғабит ақынды бөліп, даралап, оқшау атау керек. Өлең тармақтарын түсіріп, жазып көріңіз. Абыз монологтары, Ақан монологтарының буын саны, ырғағы, ішкі ұйқасы сонау ХV ғасырдағы Шалкиіз толғауларымен ұқсас жатыр.

Меніңше, қазақтың бүгінгі поэзиясының берекелік ізденіс бағытының бірі – ақ өлең.

Өлең ұйқас үшін емес, ұйқас өлең үшін. Ендеше шығармашылық тәжірибеден пайда болған ұйқастың жаңа түрлерін қолға таяқ алып қуа алмайсыз. Мәнсіз, нәрсіз, формалистік орай туралы сөз басқа, ал идеялық мұраттан, стильдік мақсаттан туған, ырғақ үшін, колорит үшін, көркемдік үшін жасалған ұйқаспен – шошыту тенденциясы салиқалы әдебиетке жараспайтын мінез.

Ә.ТӘЖІБАЕВ. Мұндай жәйттер қазіргі ақындар атқарар істің көптігін, күрделілігін және бір рет еске салады. Олай болатыны, өз елімізде коммунизм орнату, дүние жүзінде бейбітшілік үшін күресті сақтықпен, данышпандықпен түзу басқару, бұрын езілген, әлсіз елдерге қамқорлық жасауда партиямыз бен үкіметіміздің жауапкершілігі қандай болса, ақындарымыздың да жауапкершіліктері сондай. Біз бүкіл импералистік идеологияға қарсы майдандамыз. Біз маркстік-лениндік демокартия мен гуманизмнің жаршысымыз. Демек, біз бүгін бүкіл адам баласының атынан сөйлеуге міндеттіміз. Ол үшін барынша күшті, айбынды сөйлеуіміз қажет. Уақыт талабы осылай. Өйткені қазір буржуазиялық идеологияның философиясымен қатар, поэзиясы да жанталасуда. Мұндайда жайбарақаттыққа салынуға тіпті де болмайды. Адамға терең ой, өткір сезім, өмірді сүйетін, махаббат, гуманистік идеал үшін күрескер сенім беретін, қанына ерлік жалынын құятын, намысын ширықтырып, кегін қайрайтын жыр беруіміз керек. Тұтастай алғанда, бұл салада бірталай туындыларымыз бар. Бірақ оларды місе тұтуға болмайды.

1969.
МҰХТАР ӘУЕЗОВ ПРОФЕССОР БОЛҒАН КАФЕДРА


І
Қазақ мемлекеттік университетінің құрылғанына 50 жыл толса, филология факультетіндегі қазақ әдебиеті кафедрасының өз алдына дербес, ғылыми-педагогикалық бөлімше ретінде жұмыс жасап келе жатқанына 40 жыл болды. Кафедрада ұзақ жылдар бойы Лениндік және Мемелекеттік сыйлықтардың лауреаты, академик-жазушы, профессор Мұхтар Әуезов ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді, фольклор, СССР халықтары әдебиеті жалпы курстарынан лекция оқыды; Абайтану арнаулы пәнінің ғылыми негізін салды; диссертацияларға, диплом жұмыстарына жетекшілік етті, емтихан қабылдады. Әр жылдары СССР Педагогика ғылымдары академиясының академигі, Совет Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин, Қазақ ССР Ғылым академиясының академиктері Қажым Жұмалиев, Мұхамеджан Қаратаев, Зәки Ахметов, Қазақ ССР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Есмағамбет Ысмайылов, профессорлар Белгібай Шалабаев, Ханғали Сүйіншәлиев, Зейнолла Қабдолов, Рымғали Нұрғалиев, доценттер Мәсура Сармурзина, Сейділда Ордалиев, Нұртай Карбанова, Сұлтанғали Садырбаев, Қазақ ССР-ның халық артисі Асқар Тоқпанов, Қазақ ССР-ның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Мұқаш Сәрсекеев аудиторияға кіріп бара жатты. Терең білім, мол эрудиция иесі профессор Темірғали Нұртазиннің өзіне тән әуезбен қазақша, орысша – екі тілде бірдей оқыған лекциялары оның алдын көрген кешегі студенттердің есінен шықпақ емес.
ІІ
Басқа сабақтардың кезінде кей тұстары селдіреп қалатын аудиторияда қазір бос орын жоқ; әр жерде түрегеп тұрғандар да аз емес; көрші факультеттерден, тіпті өзге институттардан келген студенттер, аспиранттар бар. Қоңырау соғылған соң, көп кешікпей, кең сабырлы, маңғаз жүзді, дана кейіптегі профессор есік ашып келе жатты. Ол грек құдайларының мәрмәрдан қашалған бастары секілді үлкен басын сәл иіп, жұмсақ жымиып, «сәлеметсіздер ме?» деп сыпайы амандасып, аудиторияға иек қағып барып, орындыққа жайғасты. Қоңыр-күрең былғары папкадан екі қызыл мұқабалы кітап шығарып столға қойды. Сәл жөткерініп барып, жұртты көзімен түгел шолып шықты:

- Байқаймын, жалғыз филологтар ғана емес секілді ғой.

Әртүрлі дауыс әр жерден лап ете қалды.

- Журналиспіз.

- Тарихшымыз.

- Математикпіз.

- Химикпіз.

- Аспирантпыз.

Профессор жүзінде қуанышты мақтаныш отының ұшқыны білінген. Орнынан сергек көтеріліп, мінбеге барды да, екі қоңыр күрең мұқабалы кітапты бірінің үстіне бірін қойып, оларға алақандарын басып тұрып, барқыт қоңыр дауыспен сөйлеп кетті:

- Біз оқытатын пәннің аты – Абайтану. Абай - қазақ халқының ұлы классигі, данышпан ақыны. Абайдың осы тарихи миссиясына тоқталудан бұрын, оны тудырған қат-қабат дәуір, шытырманды орта, сол кездегі қым-қиғаш қарым-қатынас, итжығыс күрес туралы кіріспе сөз айтпақ қажет. ХІХ ғасырдың орта кезі, екінші жарытысында Абай өмір сүрген кезде болған әлеуметтік-қоғамдық жағдайларды білу үшін сол кездегі жалпы Қазақстанның тарихи халін еске алу керек. Бұл патша өкіметінің отарлау саясатының әбден асқынған мезгілі. В.И.Ленин айтқандай: «Европалық Россияның оңтүстігімен оңтүстік шығысы, Кавказ, Орта Азия, Сібір орыс капитализмінің отарлары тәрізді және оның тек тереңдей ғана емес, жайыла қайта дамуына да себеп болады».

Бүкіл Россиялық рынокқа Қазақстан мал, тері-терсек, жүн-жұрқаның ең мол беретін өлкесіне айналады. Мәселен, 1867 жылы Сібір мен Орынбор тараптарынан Европалық Россияға жіберілетін малдың 91, 8 проценті, терінің 66,9 проценті, жүн-жұрқаның 94,1 проценті қазақ сахарасынан барады. Қызылжардың Айырбас сарайына 1860 жылдары жылына 100 мыңнан аса қара мал, 1 миллионға тарта қой-ешкі түсіп отырған, - деп барып, лектор өткен ғасырдағы Қазақстандағы әкімшілік аппараты, облыс, уез болыстықтар жайын шолып, топтап, жинақтап келе негізгі тақырыбына қайта ойысқан. Әлем мәдениетіндегі асыл қасиеттерді бойына сіңіріп, еңбегіне таратқан, соның бәрін жаңа дәуірдің жаңаша тарихтық, халықтық арманы-мүддесі етіп, асыл қазынасы етіп берген Абай – қазақ халқының өткен тарихындағы ең зор биікке шыққан, асыл тұрғыны ашқан, айнамыс қадыры зор классигі, данышпан ақыны. Абайды тану – оның ортасын, шығармаларын тану. Мен Пушкинді, Лермонтовты, Блокты түгелге жуық жатқа білетін орыс университеттерінің студенттерін кездестірдім. Бұдан былайғы күндерде менің лекцияларыма ықылас қосаңыздар ең алдымен, Абай текстерін білуді, оның шығармаларын зер сала оқуды мәслихат етер едім, - деп барып, лектор алдында жатқан қоңыр күрең тысты екі томды жоғары көтеріп көрсетті.

Лектор Мұхтар Әуезов еді, кітаптар Абай Құнанбаевтың осыдан үш жыл бұрын, 1957 жылы шыққан екі томдығы еді.


ІІІ
Қазақ әдебиеті кафедрасында бірнеше ғылыми арналарды қамтитын әртүрлі бағыттардағы зерттеу еңбектердің жазылғанын айту қажет. Халқымыздың қазіргі көзі тірі ең қарт әдебиетші ғалымы – профессор Бейсенбай Кенжебаев ұлттық әдебиеттануға жаңалық болып қосылған елеулі зерттеулерге жетекшілік жасады, оның тіпті сонау отызыншы жылдардың аяғында тезис түрінде айтқан болжау пікірлері көне түркі әдеби ескерткіштері, орта ғасыр мұралары, ХҮ-ХҮІІІ ғасырлар әдебиеті ақын-жыраулар шығармалары туралы 60-70 жылдары жазылған жаңа зерттеулердің алтын арқауын құрады. «Ертедегі әдебиет нұсқалары» (1967) аталатын оқулық-нұсқалық (хрестоматия) жалғыз Қазақстан ғана емес, түркі тілдес республикалардың барлығы үшін де зор жаңалығы бар еңбек болып шықты. Ежелгі әдебиет тарихының программасы тұңғыш рет қазақ әдебиеті кафедрасында жасалып, республикадағы жоғары оқу орындарының қазақ тілі мен әдебиеті бөлімінің студенттері осы негіз бойынша білім ала бастағалы жиырма жылдай уақыт өтті. Әрине, қай ғылым болса да тереңдей, нақты даму үстінде жаңа фактілермен байып, соны теориялық тұжырымдар жасалмақ. Сондықтан қазақ әдебиетінің көне тамырларын зерттеу проблемасы дәл бүгін қолға алынғандай етіп көрсетпек ниетіндегілердің сөзі шындықтан шалғай жатырн. Программа ғана емес, ұлттық әдебиетіміздің бұрынғы кезеңдеріне арналған методикалық оқу құралдарын кафедра мүшелері жүйелі түрде жасап, олар студенттерге нақты білім береді.
ІҮ
Артық еті жоқ, тығыршықтай ғана, шашын тікірейте қысқа қырықтырып қойған профессор Бейсенбай Кенжебаевтың алдында сұйық шашты, шекесі торсықтай, көзі адырайғандау жиырма-жиырма бір жастардағы бозбала судыратып бірдеңе оқып отырған.

- Асықпа, қарағым, - деді профессор жылы сөйлеп. – Осы жерге кішкене тоқтал. Академиядағы қолжазбаларды жақсы ажыратып оқыған екенсің. Ал Асан қайғының, Сәкен Сейфуллиннің «Қазақ әдебиеті» кітабына енген «Жәнібекке айтқан толғауынан» басқа баспа жүзін көрген туындысы жоқ дегеніміз асығыстық болар: 1883 жылы Санкт-Петербургта шыққан «Ноғай және құмық шайырлары» деген кітапты ертеде Москвада тұрғанда Ленин кітапханасынан көріп, кейбір жерін дәптеріме жазып алыппын. Конспект, тезис түріндегі жазбалар. Соның ішінде Асан қайғы аты да бар. Ол ноғаймен қазақтың бірге жүрген кездері ғой.

- Бейсеке, - деді студент, - «Шайыр» қай жылы шыққан деп едіңіз? Кітапханадан таба алмадым.

- «Шайыр яки қазақ ақындарының басты жырлары» деген атпен 1912 жылы басылған ғой. Ханғали Сүйіншәлиев ағайың оқыдым деп жүр, мүмкін қазір біреудің қолында шығар. Осыдан екі-үш жыл бұрын ол жинақ академияның кітапханасында бар еді.

Есік ашыла берді.

- Ә, Бейсеш, сәлеметсің бе? – деп Мұхтар Әуезов кіріп келе жатты.

- Есен-саусыз ба, Мұқа? – деп орнынан тұрған Бейсенбай Кенжебаев қол беріп амандасып, қауқалақтап қалған. – Мына студенттің жазған жұмысын оқытып, тексеріп, қарап отыр едім. Өзі талапты бала. Осы сәтте Әуезовтің көзі қарсы алдында тұрған қызыл көйлекті, қара галстукті, шықшытты келген, бауырсақ танау, ашаң жүзді студентке түсті.

- Пәлі, Бейсеш. Бұл баланың қызығы бар. Мен саған айтайын қазір. Абайтануда менің спецкурсымда болды. Зачет тапсыруға келсін. Билеттегі сұрақтан ауытқып кетіп, бір уақытта «Евгений Онегиннен» үзінді оқи бастады. Әуелі жазып алғанын оқып отыр ма деп қалдым, жоқ, жатқа соғып отыр. Бетінің ұшы қызарып, көзі ұшқындап, заулата бастады. Кейбір сөздерге тілі келмейді, ударениелер де қате. «Жақсы, жақсы» десем де тоқтар емес. Содан кейін мен де қанша жерге барар екен деп, тізгінді қоя бердім. Жиырма минуттан астам уақыт Пушкин романын, орыс өлеңін жатқа соқты. Әрі қарай да айта беретін түрі бар «Шырағым, мұны неге жаттап жүрсің?» десем, «Ағай орыс университетінің студенттері Пушкинді, Лермонтовты, Блокты түгелге жуық жатқа біледі деп лекцияда өзіңіз айттыңыз ғой» дегені. Студент жолдастары бұл бала эпосты да жатқа біледі деп мақтады. Бейсенбай, өзің де көрдің ғой, қазақ арасында тұтас жырларды түгел білетін зерек адамдар бұрын көп өтеді ғой, екінің бірі болатын. Айлап толғаса таусылмайтын, анау қырғыздың Саяқбайы, біздің Мұрын сияқты мұхит тектес жыраулар және бір бөлек. Мына Әлікей, Қажым, Темірғалилардың еске сақтау қабілеті ғажап. «Абай» романын аударып, бірге жұмыс істеп жүрген кезімізде Темірғали Нұртазиннің орыс, Европа поэзиясынан көп нәрселерді жатқа білетінін көріп, риза болдым. Қазақ халқының жатқа сақтау секілді тамаша дәстүрі жалғасуы керек. Ол үшін Бейсеш, мына жігіт секілді талантты, қабілетті жастарды қолдау керек, ғылымға тарту дұрыс. Профессор:

- Дұрыс, Мұқа, дұрыс. Қолдаймыз, тартамыз, - дей бергенде Мұхтар Әуезов бөліп кетті:

- Бейсенбай, мен ептеп сырқаттанып жүрмін ғой, өзің білесің. Дәрігерлер Мәскеуге баруды маслихат етеді...

«Талантты деді ме, талантты деді ғой». Осы сәт беті бал-бұл жанып өзімен-өзі күбірлеп сөйлесіп, далаға шыққан студент бақытында шек жоқ еді.
Ү
Қазақ әдебиеті көрнекті өкілдерін монографиялық тұрғыдан зерттеу саласында кафедрада көптеген жұмыстар жасалды. М.Әуезов, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, С.Ерубаев, С.Шәріпов, Ғ.Орманов, З.Шашкин, Ө.Тұрманжанов, Ә.Тәжібаев, Х.Ерғалиев, Ә.Нұрпейісов, М.Қаратаев, М.Дәулетбаев, Н.Анов, Ә.Сәрсенбаев шығармалары туралы арнаулы кандидаттық диссертациялар қорғалды. Проза, поэзия, драматургия, публицистика, аударма, фантастика, мемуарлық әдебиет, методика проблемаларына қатысты еңбектер жазылды. Абай, Жамбыл, Сүйінбай, Сұлтанмахмұт әдеби мұралары нақты ғылыми ізденістердің объектісі болды.

Қазақ әдебиеті кафедрасының аспирантурасын бітіріп сапалы зерттеу жазып сәтімен қорғап, ғылыми дәреже алған ғалымдар қазір Қазақ ССР Ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында, Алматы, Ташкент, Душанбе, Шымкент, Қызылорда, Орал, Семей, Атырау, Қарағанды, Талдықорған, Көкшетау, Ақмола, Ақтау қалаларында, жоғары оқу орындарында ғылыми-педагогтік жұмыстарда, партия кеңес қызметтерінде жемісті еңбек етіп жүр. Қазақ әдебиеті кафедрасында тұңғыш рет университеттерге арналған ХҮІІІ-ХХ әдебиеті тарихының, әдебиет теориясының оқулығы, әдеби сын, драма поэтикасы, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Сұлтанмахмұт Торайғыровты зерттейтін арнаулы курстар жасалды.


ҮІ
Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов 1960 жылы желтоқсан айында университеттің Бас корпусы акт залында шешіліп бір сөйлеген еді. Қазақ поэзиясының жаңа толқын, жас төлі жөнінде, ең бастысы, таланттың халық, ел, тарих алдындағы жауапкершілігі жөнінде тебірене толғап, жүрек сырын ақтарған. Аға ұрпақ аманатын кейінгіге тапсырғандай. Келешек дәуірлердегі өнерпаздарға сәлем жолдағандай еді. Сөз «Лениншіл жастың» 1960 жылғы 20 желтоқсанындағы санында «Жыл келгендей жаңалық сеземіз» деген атпен басылды.

Соған бір жарым жыл өткен. Әдебиет үйірмесінің (жетекшісі Зейнолла Қабдолов) кеңес мүшелері студенттер Ә.Кекілбаев, М.Мағауин, Д.Досжанов, Р.Нұрғалиев үйірмені Мұхтар Әуезов атындағы Әдеби бірлестік деп атау жөнінде ұсыныс жасайды. Бірлестік газет шығаратын болады. Газет атына конкурс жарияланып, ақыры «Шағала» аталады, оны көркем-сурет училищесінің студенті Жеңіс Нұрғалиев бір апта отырып безендіреді. Барлық материал Мұхтар Әуезовке арналған мақала, өлеңдерден құралған. Сөйтіп, Қазақ университетінде желтоқсан айының үшінші аптасы дәстүрлі Әуезов күндері деп жарияланған.

Қазір М.Әуезов атындағы Әдеби бірлестікті білмейтін адам кем де кем. Қазақ жазушыларының мүшел тойларын өткізу кезінде бұл киелі орынға, жас қауым ортасына соқпай кеткені жоқ. Поэзия кештері, жаңа шығармаларды талдау, тақырыптық бас қосулар, баспагерлермен кездесу – сан алуан формадағы отырыстар бір жағынан студенттерге эстетикалық тәрбие берсе, екінші жағынан қаламгерлерді де рухани байытса керек. Әдеби бірллестікте алпысқа келген мүшел тойын өткізген жазушы Тахауи Ахтанов:

- Талай мадақ пен қолпашты көріп жүрміз ғой. Соның бірі мейіріңді қандырмайды. Ал мына жастар әдебиетіміздің болашағы секілді көрінетін Әуезов атындағы Әдеби бірлестігінің мүшелері, бүгін менің өзімді өзіме танытқандай болды. Таза талғам, шыншыл сезім, адал ой көрдім бүгін. Рахмет! – деп ағынан жарылған.


ҮІІ

Қазақ әдебиеті кафедрасын әр жылдарда доцент Мәсура Сармурзина, профессор Бейсенбай Кенжебаев, Зейнолла Қабдолов меңгерді. Қырық жыл ішінде кафедрада 10 докторлық, 60 кандидаттық, 1500 астам диплом жұмыстары жазылып қорғалған. Бүгінде республикадағы әдебиеттану ғылымының құнарлы ошағының бірі болып отырған – қазақ әдебиеті кафедрасында 7 ғылым докторы, профессор, 7 ғылым кандидаты, доцент, 1 аға оқытушы, 1 оқытушы еңбек етеді.



1984.

МЫҢ САН ӘУЕЗ ЖАМЫРАП
Әркім айналасына, замандасына, өзгеге ғана емес, ең алдымен өзіне, жасап жүрген ісіне, өткен-кеткеніне, ой жүгіртіп, не бар, не жоқты түгендейтін кезеңде тұр. Осындай шақта уақыттың безбен таразысы тұлпар мен тұғырдың, асыл мен жасықтың парқын ажыратып, тарихымыздың небір жабық құлыптаулы беттерін ашып көрсете бастады. Коллективтендіру кезеңіндегі зорлық-зомбылық кесепатынан бір тілім нан, бір кесек ет, бір жұтым сусын таба алмай аштан бұралып, ақсүйек болып қырылған, кеше ғана шаруа баққан тырнақтай жазығы жоқ миллиондардың рухы, халқымыздың мың жылдар бойы жиналған ақыл-ес қуатының бұрқ етіп қайнап шыққан көрінісі, әлеуметтік, мәдени, қоғамдық майданға асығып аттанған зор шоғыр зиялы қауымның аяққа тапталып, құрдымға батып, отқа күюі – мұның бәрі бүгінгі ұрпақ, жас қауым енді естіп, жаңа ғана біліп жатқан жүректен – қан, көзден – жас ағызатын қаралы оқиғалар.

Сталиндік репрессия, қуғын-сүргін қылышынан қан тамған жаралы жылдарда, кеше ғана шыбын жандарын шүберекке түйіп, азаттық, теңдік, әділет үшін арыстанша арпалысқан ақжүрек ерлердің өзін көгенге тізіп, абақтыға тастағанда, аумалы-төкпелі, аласапыран ит жығыс күрестердің қаһарлы айқасында бірде адасып, бірде алданып, бірде бармақ шайнап, ақыры шындық ауылына бет бұрып, енді қанат жаза бергенде, тағдыр балтасы қырқып тастаған буын өкілдері – қоғам қайраткерлерін, жазушыларды халқымыз енді тани бастады.

Қазіргі күндердің қабағы, мезгіл мінезі көз алдымызға сірескен қалың мұз күтірлеп, сынып, тау-тау толқын үйірген, дүниені жаңғырта, тазалай келген көктемгі сел-дария, қоқыс-шірік, бықсық-былық атаулыны суыра, ұшыра соққан алтын күрек суретін әкелгендей. Тас құрсауда қалған, тұңғиыққа батқан алып кемелер көтеріле бастады. Тарих керуенін тартқан нартүйелер ыңыранып қайта оянды. Тұсау, шідер, өре, тұмылдырық емес, қызыл тілге зорлап салынған суық шынжырлы кісен шешілді. Мейірім, шапағат, адамгершілік нұры жауып, өлген тіріліп, өшкен жанып, хабарсыз кеткен, жазықсыз көмілген, қорланып тапталған ар-намыс, адамгерішілік-әділет өз орнын таба бастады. Қылмыс пен жаза, ғадауат пен махаббат, күнәһарлық пен иман, опасыздық пен ерлік, мансап пен ұждан, обал мен сауап - осы тектес адам баласының жан-жүйесі, ет жүрегін елжіретер сезімдер мен ойлар, ұғымдар мен байламдар, егіз-қатар айтылатын болды. Көмейі ағытылған қалың шындық толқыны ақтарылып, тіпті көзі қарақты қауымның өзі бұрын сезіп білмеген, мұндай нәрсе болар-ау деп те ойламаған жаңа тұжырымның нөпір тасқынының астында қалды. Мазмұны тосын, бітімі бөлек көркем шығармалар өз алдына, ақ-қараны жарып айтатын, қынаптан суырған қылыштай еркін сөз шын мағынасындағы әлеуметтік, қоғамдық ойға мұрындық болып, бағыт беретін серкесөз, көсемсөзге айналып отыр.

Қоғамдық-әлеуметтік өміріміздің барлық саласына алапат өзгерістер алып келген, қайта құрудың жаңғыртқыш күші, шапағатты қуаты мәдениет, өнер, әдебиет туралы түсінік-таным, ұғым-білігімізді түбірінен өзгертіп, ендігі уақыт пікір талас, айтыс толғау, мың сан әуезге жол берген, плюрализм, жариялылық кеңшілігі қат-қабат тарихы мол мәдени-эстетикалық байлығымызға сан тарау құбылыстары толқын атқан көкейкесті жәйттерге, даму өріс бағдарларына бұрынғы жалтақ сезім, қажыған ақыл, сескенген жүрекпен емес, ұшқын ойлы, жаңа тұжырымды, тегеурінді сөз айтуды талап етеді.

Осы мақсат жолында шалдықсақ арман жоқ.
1989.
АБЫРОЙЫҢ АРТСЫН, АБЫРАЛЫ!
Абыралы ауданы қайтадан ашылатын болды.

Осыдан табаны күректей қырық жыл бұрын Сталин мен Берия қылышынан қан тамып тұрған кер заманда Сарыарқаның төсінде, қазақ рухының кіндігі іспетті аруақты, киелі топырақта жай жатқан бейбіт елдің аспанында тұңғыш атом бомбасы жарылды. Бұл – кейін ғасырдың сорақы қылмысына айналатын ұлы трагедияның басы еді. Адамзаттың ар-иманына балта шапқан қанды қылмыс.

Әскери күштердің тепкісінен бастарын сауғалаған, бор кемік басшылардың құлдық психологиясы кесепатынан көлдеріне аққу-қаз қонған, көгінде қазбауыр бұлттар қалқыған, үйір-үйір жылқысы шұрқырап, отар-отар қойы жусап, келе-келе түйесі маң-маң басқан еркебұлан өлке енді атом бомбасының жын ойнақ, топалаң полиганына айналды.

Елден-ел айрылды, Абыралы ауданы быт-шыт болды, босқыншылық басталды. Кесепат, ауру-сырқау жан-жаққа тарады. Қаз дауысты Қазыбек, Бұқар жырау, Абай топырағы – қазақ халқының киелі топырағы қорлық, зорлық, мазақ астында қалды.

Абыралы ауданы қайтадан ашылатын болды.

Бұл күресте баспасөз, ең алдымен «Социалистік Қазақстан» газеті батырлық жасады. Жылаған елдің көз жасын сүртіп, маңдайынан сипады, үміт шырағын жағып, сенім байрағын көтерді.

Бұл күресте «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас», «Семей таңы» азаматтықпен көрінді.

Бұл күресте депутаттар, ғалымдар, жазушылар, ең бастысы еңіреген елдің кәрі-жасы бір кісідей атқа қонды. Сол сарын әлі толастар емес. Абыралы ақиқаты - әлі айтылып бітпеген ақиқат. Ел үніне, халық сарынына құлақ салыңыз: бір қасірет, бір қайғы, бір үміт, бір тілек.


* * *
«Е, шырақтарым, біз Ақтабан шұбырындыға ұшырғалы қырық жылдан асып барады. Қырық тоғызыншы жылғы бірінші сынақ әлі көз алдымда. Найзағай жарқ етіп, аспан жарылғандай болды да, мың қойдың қотанындай қара бұлт көтеріліп, жердің бетін көкала толқын алып кетті ғой. Атты кісі домалап, жаяу адам омақа асты. Үй құлады, қора құлады, зират құлады. Сүйтсек, бұл дегенің кейінгі алапаттың басы екен ғой. Не көрмедік, сұмдықтың бәрін көрдік. Аудан болайық, халықтың жағдайын түзейік, жылаған жұрттың көз жасын сүртейік деген тілек ішінде мен де бармын. Сол тілек бола қояды-ау, дегенге жүрегі құрғыр сенбейді. Ылғи алдаудың ішінде өмір сүріп келеміз».
* * *
«Өмір-бақи қой бақтым. Іргеге полигон деген кесепат орнаған соң, малға да зобалаң келді емес пе? Неше түрлі нысаналап төлдейді: үш аяқты құлын, жалғыз көзді бұзау, аузы жоқ қозы дейсіз бе – адам осыларды көріп, заман ақыр келген екен деп жаныңнан шошисың. Құдай беріп, он бала өсірдік. Алды ержетті. Жан-жаққа тарап кетіп жатыр. Неге десең, істейтін бұл жерде жұмыс жоқ. Өз балаларымызды өзіміз көре алмайтын күйге түстік деген осы. Оның үстіне алыста жүрсе, денсаулығына зақым келмес дейсің. Бізді қойшы, қалған күндерде жылап-сықтап өтерміз. Ата-баба зиратын ес көріп соны қиып кете алмай, әйтеуір қу сүйегіміз туған топырақта қалсын деп сүйретіліп жүрген жай бар»
* * *
«Солтүстікте Ертіске, оңтүстікте Балқашқа, батыста Қарқаралыға, шығыста Шыңғыс тауға дейін қанатын кең жайған ел едік, І миллион гектар жерімізді әскери адамдар озбырлықпен тартып алып, тажал қару сынайтын полигонға айналдырып, елімізді босқынға ұшыратты. Сайда санымыз, құмда ізіміз қалмады. Ата жұртта қалған ұрпаққа ешқандай қамқорлық істелген емес. Он бес жыл бойы әуеде ашық жасалған сынақтар кесепатынан жүздеген адамдар опат болды, тірілер мүгедекке, ауру-сырқауға айналды. Тұқым, ұрпақ аза бастады. Мұны көретін көз, еститін құлақ жоқ».
* * *
«Жерден айрылған соң, дәулет шашылып, ырыс кетті, азаматтарымыз жел айдаған қаңбақтай жан-жаққа босты. Жарма ауданының «Белтерек», Абай ауданының «Абай», «Бірлік» (қазіргі «Шәкәрім»), «Қызылту», Қарағанды облысының «Доғалаң», «Прогресс», «Еңбек совхоздарындағы малдың ішінде бұрынғы Абыралы ауданының төлдері өріп жүр десем, өтірік пе екен? Ата-бабасының зиратына құран оқып, қоштасып үлгермеген, құрбандыққа шалған қара қойдың етін асулы қазанымен тастап кетуге мәжбүр болған ел қай малын жіпке тізгендей етіп, өткізіп берді дейсің. Ұстағанның қолында, тістегеннің тісінде кете барды маңырап. Әскери машиналардың үстінде тоңып-бүрісіп, жылап-еңіреп ел кетті аңырап».
* * *
«Осы ауылда тудым. Осында мектеп бітірдім. Институттан кейін де осында қайтып келдім. Мен жұмыс істегелі де отыз жыл болды. Атом бомбасын сынаудың барлық қасіреті көз алдымызда өтті. Менімен бір партада отырған жоғары білімді азаматтар, бірі зоотехник, бірі инженер, бірі мұғалім, бірі қызметкер, тепсе темір үзетін, кешегі Кәден Айқымбаевты, Бақтияр Жекебаевты, Орынтай Жөксенбаевты, Орынғали Сәдуақасовты қыршынынан қиып түскен атом бомбасының кесапаты емес пе? Солардың ажалының сұрауы қайда? Жазықсыз өлтірілген ер азаматқа құн төленбеуші ме еді? Қасымызда жүрген көкөрім жастар Арқарбай, Сапыш, Мәкен, Нариман неге өлді? Тұтас шаңырақтар неге құрыды, ағайын? Бәрі атом бомбасының құрбандығы. Полигон жабылмай, көзіміз ашылмайды».
* * *
«1953 жылы 12 тамызда алғаш сутегі бомбасы жарылғанда, мен жиырмада едім, содан бері 37 жыл өтті. Есік алдында сылдырап бұлақ ағып жатушы еді. Қарттарымыз тоқсанға, жүзге жетпей, дүниеден қайтпаушы еді. Ілуде бір болмаса, ауру-сырқау, әсіресе рак, асылып өлу деген жоқ еді. Қазір, не болды? Бұлақты айтамыз, ауыз суға зар болып қалдық. Қарлығашты көрмейміз, көбелек жойылып кетті. Заман ақыр орнаған секілді. Халық, ел қамын ойлар үкімет бәрімізді қорғауға тиісті. Әскери күштер осыны көрсе де, көрмегендей білсе де білмегендей болып отыр. Мен мұны қылмыс деп санаймын».
* * *
«Біздің қазіргі күнімізден, кешегі соғыс кезіндегі жағдайымыз артық па дей ойлаймын. Қолыңда қару, алдыңда – фашист, не сені ол өлтіреді, не оны сен өлтіресің. Ал мына полигон деген жеті басты жалмауызбен күрестің тәсілін біле алмай сенделдік қой. Радиацияның не иісі сезілмейді, не түсі көрінбейді, қай топырақта, қай суда, қай таста, қай дәнде ажал тосып тұрғанын біле алмай қорқыныш үрейден-ақ адам өзінен-өзі аурулы болады екен.

Осы ауылдың жүруге жарайтын үш ақсақалы, үш жарымжан соғыс ардагері анау Ныған, анау Хасен және мен, Әбуғали елдің аманатын арқалап Алматыға бардық. Талай есікті қақтық, талай кеңсеге бардық. Өтірік айтуға болмайды, Нұрсұлтан да, Олжас та қалада жоқ екен, олардың кеңесшілері, көмекшілері, орынбасарлары көп-ақ екен, қабылдады. Оларына да рахмет. Үлкен кісілерге ел сәлемін жеткізуге уәде етті. Дәл қазіргідей Қазақстан еркіндік алып жатқан заманда, озбырлықпен, жаныашымастықпен жойылып кеткен бір аудан қайта құрылмаса, осыны жасауға ел билеп отырғандардың, депутаттардың шамасы келмесе, бәрін жылы жауып қою керек. Түңілген көңіл, өлген үміт құшағында тұншыққаннан басқа не қалды?».


* * *
«Әділін айтқанда, әскери күштер байырғы халықтың тағдырына, оның бүгінгісі ғана емес, ертеңгі болашағына балта шауып отыр, мұны геноцид демеске шараң жоқ. Қазіргі Абай ауданының, Қарқаралы, Егіндібұлақ аудандарының құрамында еңбек етіп, өмір сүріп жатқан бұрынғы Абыралы ауданы азаматтарының, олардың үрім-бұтағының тарихи әділетті қалпына келтіру үшін күресі – бүгін ғана басталған шаруа емес. Бұл іспен біз тиянақты түрде көптен бәрі айналысып келеміз. Толып жатқан әлеуметтік мәселелерді шешу үшін елді, жерді, ауаны сауықтыру үшін бұрынғы зорлықпен жойылған ауданды қалпына келтіру қажет. Сонда мемлекет тарапынан қаржы бөлінеді: жол жасалады, емхана салынады, жаңа шаруашылықтар ашылады. Әскери мекемелерден жерді бүлдіргені үшін, адамдар өмірін қиғаны үшін, ұрпақ болашағына қауіп төндіргені үшін заң жолымен, қазіргі егемендік тұрғысынан құн талап етеміз. Мұның үстіне, ең бастысы Абыралы ауданын қайта құру – атом полигонын жаптыру жолындағы киелі күресіміздің алғашқы баспалдағы болмақ, «Семей-Невада» ядролық жарылыстарға қарсылық қозғалысының тағы бір жеңісі болмақ. Халқымыздың рухани Меке, Мәдинесі – Абай, Тәттімбет, Шәкәрім, Мұхтар, Әміре отанында атом бомбасын сынау – қылмыс. Оны тоқтататын уақыт жетті».
* * *
«Мен аудан тарағанда есін білер-білмес бала едім. Басқа жерде өстік, ержеттік, білім алдық. Отыз бес жылдан кейін туған топыраққа қайта оралып, бірер жылдан бері қарай осында, Қайнарда қызмет істеп жатырмын. Әуелде мен таңқалып едім. Не аудан орталығы – Қарауылмен, не облыс орталығы – Семеймен қатынасатын асфальт жол, тас жол жоқ. Теледидар көрмейді. Әйел босанатын перзентхана жоқ. Өзімше тырбанып, осыларды істете қоймақшы болып анда-мында шапқылайын. Түк нәтиже шықпады. Аралда қалған, немесе мұз құрсауда жатқан тұтқын секілді. Шаруашылыққа керекті жабдық іздеп, Жезқазған, Павлодар, Қарағанды шығып кетеміз. Мұның толып жатқан себебі бар. Қайнар, Абыралы атырабын полигон бір сорлатса, есе – теңдік бермей, тиесіліңнің өзін татырмай, шөміштен қағып, әкімшілік екінші тұқыртады. Елдің босқынға ұшырауы, торғайдай тозып кетуі жастардың жоғары білімге ұмтылуының азаюы, ақыры келіп кадрлардың жойылуына ұласты. Оны айтасыз, әділетсіздіктің кесірінен соңғы 30-35 жылда Абыралы азаматтары аудан, облыс көлемінде басшылық қызметке көтерілмей қойды. Небір ақылман, жүйрік жігіттер көлеңкеде ұсталып, жігері қайтып, мұқалып, ақыры жүнжіп кетті. Ауданның қайта ашылуы елдің еңсесін көтереді, ер-азаматтар атқа қонады, әлеуметтік әділет орнайды, полигонның көзінің құруына себебі тиеді. Осыны түсінбей, ұлтарақтай жерді даулап, қызылкеңірдек болып жүрген кейбір жігіттерді өз басым түсінбеймін. Біреудің үйі өртеніп кетсе, ел болып жиналып, қайтадан шаңырақ көтеріп, алдына – мал, қазанына – ас салып беруші еді ғой, масқара болғанда, кейбір көрші ағайын сол мінезден айрылып қалған.

1949-53 жылдардағы жарылыстарды көзбен көргенмен, ол кезде баламыз ғой, аса мән берген жоқпыз. Институтты бітірген соң, 1963-64 жылдары Белоруссияда офицерлік жоғары курста оқып жүргенде «өте құпия» деген айдары бар деректі фильм көрсетті. Әуелі қуанғаннан айғайлап жіберіппін. Өз ауылым, туған жерім. Тайлан, Балапан, Шөладыр, Тасбасқан, Мәремік, Таңбалы тас, Жалғызтау, Мыржық, Абыралы, Дегелең, Шаған, Қарасу, Ащысу. Суына шомылған көлдер, өзендер. Басына шыққан төбелер, таулар. Бәрі қолмен қойғандай сайрап тұр. Жайылып жатқан мал: жылқы, сиыр, қой. Бір кезде біздің жақта жоқ көп қабатты үйлер, машиналар, танкілер көрінді. Кенет аяқ астынан атом бомбасы жарылды да аспанға қызыл от шықты, саңырауқұлақ көтерілді. Келесі кадрдағы көрініс: бағанағы үйлер, қару-жарақ күл боп ұшып, мал жарықтық бырысып-тырысып бір уыс күйген тері болып, не түк қалмай жанып кеткен. Ағыл-тегіл жыладым. Қасымдағылар: «Вот дурак, зачем плачешь?» деді. Олар менің туған жерімдегі қасыретті қайдан сезінсін.

Менің полигонға қарсылығым сол күннен басталды. Тоқырау заманында, тілімізді кісендеп, аузымызды құлыптап тастаған заманда ашық айта алмадық, жанымыздан қорықтық. Аудандық партия конференциясында бір рет полигон туралы айтқаным үшін ізіме түсті, қудалады, қызметтен кетірді.

Халқымыздың батыр ұлы Олжас Сүлейменов бастап, ядролық жарылысқа қарсы «Семей-Невада» қозғалысы атқа мінгелі мен де күрескерлер қатарындамын. Осы мәселемен Москваға дейін бардым, генералдар алдында, тіпті Николай Иванович Рыжков алдында сөйледім. Көлденең көк атты емес, полигон құрбандары атынан сөйледім. Сынақтың адам денсаулығына тіпті пайдасы бар деп сандырақтаған полковник Петрушенконы айыптадым.

«Бұға берсең, сұға береді», «Жыламаған балаға емшек те бермейді» - аталарымыздан қалған өсиет осы. Ендеше күресу керек. Полигонның әзірге үні өшті. Бірақ ол жерлер әбден былғанған, жараланған, уланған. Соған қарамастан қаншама жылдар бойы жалғыз Абай ауданы ғана емес, Семей, Павлодар, Қарағанды, тіпті Жезқазған облыстарының шаруашылықтары сол атыраптан жылда шөп шабады. Қай өлке, қай атырап қаншалықты радиация алғандығы белгісіз. Таза деп есептеп, қайтадан аудан құрамыз деп отырған жерлердің жағдайы қандай? Ешкім білмейді. Үкімет, әскери күштер осы істі жасау керек. Масқара емес пе, қолымызда бір дозиметр жоқ. Американдықтар, жапондар осы Қайнарға келгенде, әрқайсысы қалталарынан дозиметрлерін суырып алып, жеген дәмін, ішкен суын, отырған жерін түгел өлшеп жүрді.

Чернобыль апатынан кейін қаншама зерттеу, тексеру жасалды. Ол апаттан жүз есе, мың есе көп біздің атыраптағы зілзала, радиациялық уланудың мөлшерін анықтау керек, соны жоюдың жолдарын іздестіру қажет».


* * *
«Біздің ауыл не көрмеді, қазақ халқы басынан өткізген тақсыреттің бәрін тартты. Қытайға қашып бара жатып атаман Анненков жендеттері елді қынадай қырып бір кетті: қысты күні киіз үйден қала жасап, рулы елге бір қазаннан ас ішкізбек болған белсенділерге қарсы шыққан есіл ерлерді ГПУ отряды баудай түсірді, тападай талтүсте алдындағы малынан айрылып, 32 жылы ақсүйек боп тағы қалдық, енді еңсе көтере бергенде 37 жылы Қайнардағы естияр азаматтар түрмеге қамалды. 37 жылы қазір жасы тоқсаннан асқан Нұрғали ақсақалдың тірідей өз көрін өзіне қазғызып азаптаған ғой. Ал менің сауаты да жоқ, тым болмаса Семейді де көрмеген сорлы әкемді жапон шпионы, халық жауы деп өлтірді. Одан соғыс басталды. Біздің Абыралыдан ғана 500-ден астам азамат қан-қырғында шейіт болды. Енді еңсемізді көтере бергенде, атом бомбасының құрбанына айналдық. Бізді қойшы, боларымыз болды, бояуымыз сіңді, соғысты да өткердік, жараландық, елге оралдық, еңбек еттік, бала-шаға өсірдік. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалдыратын ұрпақ қамы. Ертең солардың күні қандай, полигон тепкісінде іріп-шіріп құри ма? Әлде бас көтерер, адам секілді өмір сүрер күн туар ма, тумас па? Рактан өлген 200-ден астам, ақ қан ауруынан 20-дан астам, асылып қалған 15-тен астам, опат болғандар тізімі жалғаса бере ме? Тиылатын уақыт бар ма, жоқ па?

Егеменді, еркін ел өз перзенттерін енді еңіретпес».


* * *
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: қырық жыл шайқастың, ар-ұждан, адамгершілік, иман шайқасының жеңіс туы желбіреді, атом бомбасының ажал тырнағында жатқан жұрт енді кеудесін көтерер, тәңір жазса, полигонның да ұзамай көзі құрыр. Абыройың артсын, жан жараң, тән жараң жазылсын, Абыралы, енді Сенің телегей-теңіз көз жасыңды көрмесін жаңа ұрпақ, жас буын.

Қазақстанның еркіндік, азаттық қуатының бір шапағаты құтты болсын, ағайын!


1991.
Р.5. Қуанышымыз ерте екен. Екі жылдан кейін Абыралы ауданы қайтадан жабылды.



Каталог: repository -> history
history -> Рымғали Нұрғали СӨЗ Өнерінің эстетикасы а ң д а т у
history -> Қазақстан республикасы мәдениет және ақпарат
history -> Қазыналы биікте. Р. Нұрғалидің азаматтық, ұстаздық, ғалымдық келбеті. –Алматы,
history -> Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!
history -> Халел досмұхамедов
history -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»
history -> Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет
history -> ҚазақТЫҢ ЖҮз романы. Оқу құралы. Құрастырып, баспаға дайындаған академик Рымғали Нұрғали. –Астана: «Фолиант», 2004. 456 бет. «Қазақтың жүз романы»


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   37




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет