АНТИНОМИЯ(грек. άντινομία – заңдағы қарама-қайшылық) – бел- гілі бір мәселеге қатысты қарама-қайшы екі пікірді логикалық тұрғыда біріктірудің мүмкін еместігін білдіретін ұғым. Ең алғашында А. термині жекелеген құқықтық заңның ішкі қарама-қайшылығын көрсеткен. А. идеясы Гераклит пен Платонның ілімдерінде, Зенонның апорияларында қолданылған. Философиялық ұғым ретіндегі А. түсінігі Канттың «Таза ақылға сын» еңбегінде ақыл-ойдың сезімдік тәжірибенің шегінен шығып,
«өзіндік затты» тани алмайтындығы туралы тезисін дәлелдеуде анықталған. Кант ілімі бойынша осының әсерiнен ақыл-ойдың шешiлмейтiн қайшы- лыққа келiп тiрелуі, мақұлдауды да (тезис) терістеуді де (антитезис) негіздеудің мүмкіндігін туғызады: а) Әлемнiң басталған уақыты мен кеңiстiктегi шеңберi бар. Ол шектелген. Әлемнiң уақыттық шеңбердегi басы және кеңiстiктегi шеңберi жоқ. Ол – шексiз; ә) Әлемдегi кез-келген күрделi субстанция қарапайым бөлшектерден тұрады − Бiрде-бiр күрделi зат қарапайым бөлшектерден тұрмайды. Дүниеде бiрде-бiр қарапайым нәрсе жоқ; б) Әлемдегі барлық құбылыстарды табиғат заңдылықтарының негiзiндегi себептiлiк арқылы түсіндіру жеткіліксіз. Оларды түсіндіру үшiн еркін себептiлiктiң де бар екендігін мойындау қажет. − Әлемде ешқандай еркіндік жоқ. Әлемдегінің бәрi тек қана табиғи заңдылықтардың негiзiнде өмiр сүредi; в) Әлемде оның бiр бөлшегi не болмаса, себебi болып табыла- тын қажеттi мән бар екендігі даусыз. − Әлемде де, әлемнен тыс та оның себе- бі болатын қажеттi мән жоқ. Бұл дәлелдерді тезис және антитезис түрінде баяндаған Кант олардың софизм емес екендігін, дегенмен, алғышарттар- дың өзгеруі барысында теріске шығарылу мүмкіндігін де көрсетеді. Кант бойынша А.-ны шешудің жолы − құбылыстар мен өзіндік заттарды (феномендер мен ноумендер) ажырататын және кеңістік пен уақыттың субъективті табиғаты жайлы ілім – трансценденталды идеализмде берілген. Канттың концепциясын Гегель біршама өзгертіп, өзінің диалектикалық логикасының негізін жасауда жетекшілікке алады. Гегель бойынша қарама- қайшылық − абстрактілі категорияларды нақты шындықты түсіндіруде сәт- сіз қолданудың нәтижесі ғана емес, ол даму үрдісіндегі рухтың, болмыс пен ойлаудың объективті және қажетті негізі. Сондықтан А.-ны тек қарама- қайшылық деп түсіну жеткіліксіз болмақ, өйткені, дамудың антиномиялық сипаты, оның мәнінің диалектикалық қарама-қайшылықта болатындығын көрсетеді. ХХ ғасырдағы философиялық ізденістерде де бұл ұғымның аса маңызды орын алатындығын ғылыми білімнің дамуын зерттеуде (К. Поппер, И. Лакатос, Т. Кун және т. б.) А.-ны кеңінен пайдаланған ғылым әдіснамасы бағыттарынан көруге болады.