Көркем әдебиет
Мақсаты: көркемсөзге деген сүйіспеншілігін, қызығушылығын тәрбиелеу, шығармалардың мазмұнын түсінуге көмектесу.
Міндеттері:
1. Балаларды тақпақтарды, ертегілер мен әңгімелерді қабылдауға, әрекеттің дамуын қадағалап, мазмұнын түсінуге үйрету.
2. Тілдің эмоционалды мәнерлілігін дамыту, балаларды тақпақтарды айтуға, кітаптағы суреттерді қарауға, суреттері жайлы айта білуге үйрету.
3. Тәрбиешінің қарапайым сұрақтарына жауап бере білуді дамыту.
Мазмұны:
Балаларды жыл бойы қазақ және басқа халықтардың қарапайым мазмұнды ертегілерімен, фольклормен, қазақ және басқа халықтардың балалар шығармаларымен жазушыларымен, жазушы-классиктерімен таныстыру.
Ертегі, әңгіме, күлдіргі тақпақтарды зейін қойып, алаңдамай, құрдастарымен тыңдауға, мазмұны бойынша сұрақтарға жауап бере білуге тәрбиелеу. Балаларды өздеріне таныс күлдіргі тақпақтарды, қысқа өлең жолдарын асықпай, анық қайталауға ынталандыру.
Балалардың көркем сөзді біртұтас қабылдауын қалыптастыру: эмоционалды елгезектік, балалар әдебиеті шығармаларының мазмұны мен кейіпкерлерін түсіну. Ертегідегі, қысқа әңгімедегі оқиғаларда, шығармаларда жаңа кейіпкерлердің пайда болуын байқау, драмалық жағдайларда кейіпкерлерге жаны ашу, өзіне таныс кейіпкерлермен кездескенде қуана білуді бекіту.
Айналасындағы адамдардың сөзін көрнекіліксіз тыңдау қабілетін дамытуды жалғастыру, тұрмыстық («Айжан мысық тауып алды») немесе ертегі («Назгүлдің құсы ұшып кете жаздады», «Қыңыр мысық табанын күйдіріп алды») тақырыптарына байланысты әңгімелер тыңдау.
Шығарма мазмұнына эмоционалды түрде үн қата білу, түрлі дауыс екпінін байқай білу қабілеттілігі, болған жағдайға жанашырлық білдіру, кейіпкерлер бейнесіне (тауық, әтеш, мысық) ене білу қабілеттерін дамыту. Өздеріне таныс шығармалардағы қарапайым сюжеттерді ойнап көрсете білуге үйрету.
Кітаптағы суреттерді қарап, олардың мазмұны бойынша сұрақтарға жауап беруге үйрету.
Балалар жылдың соңында бағдарлама материалдарын меңгеру нәтижесінде:
- ертегі, әңгіме, күлдіргі тақпақтарды зейін қойып, алаңдамай, құрдастарымен тыңдауды, мазмұны бойынша сұрақтарға жауап беруді;
- ертегідегі, қысқа мазмұнды әңгімедегі болып жатқан оқиғаларды, шығармаларда жаңа кейіпкерлердің пайда болуы мен олардың қарым-қатынасын байқауды;
- драмалық оқиға кейіпкерлеріне жанашырлық білдіруді, өзіне таныс кейіпкерлермен кездескенде қуануды;
- таныс шығармалардағы қарапайым сюжеттерді ойнап көрсетуді;
- кітаптағы суреттерді қарап, олардың мазмұны бойынша сұрақтарға жауап бере білуі тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |