Қожахметова Г.А. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (Қазақстан)
Перемещение слов между языками в процессе коммуникации, приобретение ими новых понятии и обозночении является закономерным явлением. В казахском языке, наряду с русскими заимствованиями, наблюдается активное проникновение английских слов. Они могут наблюдаться в различных сферах деятельности общества. Изменения, происходящие в последнее время в общественно-политической, экономической и других сферах, а также вступление Казахстана в мировую общественно-политическую арену взаимоотношений вызвали изменения и в нашем языке. The role of mass communication is increasing. Influence of borrowings is important in language development. As the result of communication, words are borrowed from one language into another. It’s natural that borrowings bring new notions to the language. It is connected with the history of the language. The use borrowings, especially English borrowings in mass media are connected with the development in social, political and economical sphere of our country. Қоғамдағы барлық салада тілдің бұқаралық қарым-қатынас аясындағы қызметі артуда. Тілдік қатынас адамның ойлау, пайымдау, сөйлеу, тыңдау, түсіну, айту және т.б. әрекеттеріне тікелей қатысты. Сондықтан тілдік қатынасқа байланысты айтылған, берілген, жазылған хабарды қабылдаудың әдіс-тәсілдерін айқындау; сол сияқты, қарым-қатынас құралдары мен тұлғаларын, олардың қолданылу жолдарын белгілеу қазіргі кезде өзекті мәселелер қатарына жатады.
«Жаңа номинациялық атаулар, жаңа қолданыстардың пайда болуында газет атаулының қызметі ерекше, өйткені газет арқылы көптеген сөздер жүйеге түсіп, нормаланады, кейбірі терминденеді, сонымен қатар бейтерминденудің айқын белгілерін байқауға болады» [1, 176]
Бүгінгі таңда жиі кездесіп жүрген өзге тілден ауысып келген сөздер сол тілде сөйлеушілерге әр түрлі әсер беруі мүмкін. Әрине, арнайы бір салада ақпаратты нақты, дәл беру үшін шетелдік терминологиялық лексиканың маңызы зор. Сол сияқты, сөздердің бір тілден екінші тілге ауысуы жаңа құбылыстарды атаумен байланысты болуы да заңды нәрсе. Қазақстанның алғашқы басылымдарында кейбір тілдік бірліктердің, терминдердің тілімізде ұғымы жоқтығынан өзге тілдік айтылу формасы мен жеткізілу мазмұны сол күйінде сақталып берілетін кездері жиі кездеседі. Мысалы, «Қазақ» газетіндегі: Переселен законы шықбай тұрғанда қазақ жерінде мұжық қаласы жоқ ба еді? [«Қазақ», 1913, №34] Бұл мысалда мәтіннің түпнұсқасын сол күйінше беру принципі басшылыққа алынғандығы байқалады әрі функционалдық қызметі қосалқы ешқандай элемент жоқ; мақсат – түпнұсқаның мазмұнын дәл, айқын, анық жеткізу дейді Б.Момынова [1, 179].
Бұқара-әлеумет пен газет арасындағы тығыз байланыстың болуы оның тіліне үнемі ықпал етіп отырады. Сондықтан да алғашқы газеттер, 1920-50 жылдардағы басылымдар тіліне тән кейбір тілдік тәсілдер бүгінгі таңда, оқырман деңгейінің жоғарылауына сәйкес, қолданыла бермейді.
Қазіргі кезде шет тілдік сөздер ғылыми стиль ғана емес, публицистика, радио, теледидар, интернет арқылы аудармалар жасау жолымен де енуде. Алғашқы қазақ басылымдарында әскери терминдер, қару-жарақ атауларын сол күйінде орыс тілінде берілуі оларға баламаның ұғымды дәл бере алмауынан туындады. Сонымен қатар басылымдар бұрын болмаған атауларды беруде жаңа номинациялық атаулар ретінде калька тәсілін қолданды.
Әлеуметтік ортаның газет тіліне әсері нәтижесінде газет типтері пайда болады. Алғашқы қазақ газеттері универсалды басылымдар болды, өйткені олардың бетінде қазақ қауымы үшін өзекті деген проблемалардың бәрі де көтеріліп отырды. Қазіргі таңда сол алғашқы басылымдардың атқарған қызметін ондаған салалық, сан түрлі деңгейлік газеттер жеке-жеке атқарады. Олардың әрқайсысының лексикасында айырмашылықтар байқалып отырады, әсіресе, салалық және оқырмандардың жас мөлшері ескерілетін басылымдар тіліне бұл айырмашылықтар анығырақ көрінеді дейді [1, 211].
Қазіргі кезде тілімізге орыс тілімен қатар заман талабына сай ағылшын тілінен тікелей еніп жатқан сөздер күннен күнге көбеюде.
Крысин өз еңбектерінде арнайы шет тілдік терминологияның әр түрлі салада қолданылуын кірме неологизмдердің пайда болуына байланысты олардың белсенді қолданылу процесі туралы айтады [2, 142].
Көптеген лингвисттер қазіргі кезеңдегі тілдік дамудағы құбылыстың бірі термин сөздердің жалпы қолданыстағы сөздерге айналуы дейді. Мысалы компьютерлік терминдер оны қолданушылар күн сайын көбейгендіктен барлық жерде қолданылады, яғни оның қолданылу аясы да кеңейеді. Ағылшын тілінің дүние жүзінде таралуы, ғылым, өнер, техниканың халықаралық сипат алуы көптеген сөздердің осы тілден келуіне себеп болады.
Тілдің даму барысына біздің тілімізге әр түрлі жақтан құйылған шетелдік сөздердің әсері көп. Соңғы кездерде біздің тілімізде шет тілдік сөздердің, соның ішінде ағылшын тілінен енген көбеюі еліміздің саяси өмірі, экономикасы, мәдениеті және қоғамның өркениеті бағыты саласындағы өзгерістермен байланысты. Бұл бұрын қалыптасқан сөз құралдарымен қатар жаңа әдістерді, сөз бет алысының ерекше үлгісін қажет етеді. Шет тілдік сөздердің кең таралуы қоғамның барлық салаларын қамтиды. Соның ішінде, әсіресе, қоғамдық-саяси лексика – үнемі жаңарып, өзгеріп отыратын лексика. Саяси салада кездесетін (президент, парламент, инаугурация, спикер, фракция, импичмент, департамент, консенсус т.б.), экономика саласында (инвестор, дефолт, брокер, дилер, холдинг, ипотека, банкомат және т.б.), ғылым мен техниканың алдыңғы қатарлы салаларында (компьютер, принтер, файл, драйвер, модем, мониторинг, плейер, пейджер, грант), мәдениет саласындағы (бестселлер, шоу, триллер, хит, шоу-мен т.б.) сөздер басылым беттерінде жалпы қолданыстағы қалыпты сөздерге айналуда. Мұның себептерін біз қоғамның барлық салаларында болып жатқан жаңалықтармен байланыстырамыз. Ал бұқаралық ақпарат құралдары оқырмандар мен тыңдаушыларды болып жатқан соңғы оқиғалармен, әр түрлі саладағы жетістіктермен таныстырып отыруды көздейді. Қоғамдық-саяси лексиканың кезеңдік сипаты газет тілін кезеңдерге бөлуге әкеледі. Мысалы, «инаугурация» сөзі еліміздің президентін сайлаумен байланысты келген болса, «хай тек» қоғамның компьютерлендірілуімен, «роуминг» байланыстың жаңа түрлерінің қажеттілігінен туындаған, өзіміз күнде қолданып жүрген ұялы телефондарға байланысты ақпарат құралдарында жиі қолданысқа енді.
Өзге тілден ауысып келген сөздер көбінесе ағылшын тілінде болғанмен, басқа тілдерден де енген сөздер жетерлік. Мысалы, итальян тілінен (папрацци), жапон және қытай тілдерінен (фэн-шуй, суши, караоке) енген сөздер.
Жаңаша атаулар басылымдарда алғаш қолданысқа енгенде аналитикалық тәсіл арқылы түсіндіріледі. Біраз уақыт өткен соң бұл атаулар жиі қолданылғандықтан түсініктемелерсіз беріледі.
Басқа тілдер тәрізді қазақ тілінің де құрамы бұрыннан өзге тілден енген сөздер арқылы толығып, дамып отырады. Елімізде соңғы жылдары жүріп жатқан қоғамдық-саяси, экономикалық және басқа да салалардағы өзгерістер тілімізге де өзгерістердің, соның ішінде кірме сөздердің пайда болуы арқылы толығуына әкелді. Тілімізге шет тілдік сөздердің қарқынмен енуі кірме сөздерді зерттеуді өзекті мәселеге айналдырады. Сөздердің бір тілден екінші тілге енуіне экстралингвистикалық факторлар әсер етеді. Бұл факторлар: мемлекетаралық қатынастың кеңеюі, елдің қоғамдық-саяси өміріндегі өзгерістер, әлемдік экономикалық кеңістікте глобализация және интеграция процесінің өсіп, көптеген ұғымдар мен терминдердің халықаралық сипат алуы.
Бұқаралық коммуникация құралдары қоғамның барлық саласын қамтиды және күнделікті өмірде теледидар, радио, баспа беттерінен, көркем және ғылыми-көпшілік әдебиетте кеңінен қолданылатын біздің тілімізге енген шет тілдік лексиканың актуалдануы оның белсенді қолданылуынан көрінеді.
Әдебиет 1. Момынова Б. Газет лексикасы. – Алматы: Арыс, 1999.
2. Крысин Л.П. Иноязычное слово в контексте современной общественной жизни. Русский язык конца XX столетия (1985-1996).- М., 1996. -142-161 б.
3. Крысин Л.П. Иноязычные слова в современном русском языке. - Москва: Наука, 1968. -188 б.