3.24 «Энергетика саласында бәсекелестікті күшейту және ойыншыларды шоғырландыру» бастамасы. Энергиямен жабдықтаудың сенімділігін арттыру және электр энергиясына жұмсалатын шығындарды төмендету үшін энергетика саласында құрылымдық қайта құрулар жүргізіліп, өңірлік электр желілік компанияларды ірілендіруге ықпал ететін тетіктер мен талаптар енгізілетін болады.
Жұмыс істеп тұрған энергия өндіруші ұйымдар арасында бәсекелестікті дамыту мақсатында электр қуатын Орталықтандырылған сауда-саттықта Бірыңғай сатып алушы алатын болады.
Коммуналдық сектордың табиғи монополиялары субъектілерінің қызметтер көрсетуін кезең-кезеңімен «бір терезе» қағидаты бойынша беруді қамтамасыз ететін, олардың инфрақұрылымына техникалық қосу үшін талаптардың толық тізбесі айқындалатын болады.
3.25 «Магистральдық теміржол желісінің тариф белгілеу жүйесін жетілдіру және операциялар жүргізу қызмет көрсетулерін мемлекеттік реттеуден шығару» бастамасы. Магистральдық теміржол желісінің көрсетілетін қызметтерін тарифтік реттеудің оңтайлы моделін қалыптастыруға, қызметтерді көрсету шығындары мен кірістерін құрылымдауға және теңгерімдеуге, сондай-ақ көрсетілетін қызметтердің тиісті сапасын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін жаңа прогрессивті тәсілдер енгізіледі. Магистральдық теміржол желісінің көрсетілетін қызметтерінің тарифтерін реттеу мемлекеттің қарамағында қалады, сонымен бір мезгілде жылжымалы құрамның операциялар жүргізу қызмет көрсетулері мемлекеттік қадағалаудан шығарылады.
«Көлік-логистика және сауда инфрақұрылымын дамыту» міндеті Қазақстанның транзиттік әлеуетін іске асыру, сондай-ақ экономикалық өсуді қолдау көлік-логистика жүйесінен негізгі халықаралық көлік дәліздеріне белсенді интеграциялануды талап етеді. Көлік саласындағы көрсетілетін қызметтердің сапасы ең жоғары деңгейге шығарылуы, сондай-ақ жүктердің тасымалдануын оңтайландыруға және жеткізу мерзімдері мен құнын қысқартуға негізделуі қажет. Бұл негізгі транзиттік бағыттардың дамуын қамтамасыз етуге, қолданыстағы көлік инфрақұрылымының «тар жерлерін» жоюға және олардың өткізу қабілетін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Экономиканың жекелеген секторларында (атап айтқанда ауыл шаруашылығында) делдалдардың көп болуына байланысты шығасыларды азайту мақсатында көтерме сауда-тарату орталықтарын және электрондық сауданы дамыту үшін жағдай жасалады.