Диагнозды ажырату: Бауыр ісігі - көбінесе цирроздан кейін басталады, ауру аз уақытта қатты жүдейді, ішінің ауыруы күшті. Лоқсу, кұсу, іш өтуі, анемия байқалады. Дене сарғаяды (60-80%). Эхинококкозде бұның бәрі жоқ. Бауыр қатерлі ісігінде - асцит, бауыр бұжырланып үлкейген, ауырсынады.
Басқа мүшелерден бауырға метастазданған ісікте бұған себеп болған мүшенің ауруы анықталады. Көбінесе бауырға қарын ісігі метастаз береді.
Холециститті немесе өт шеменін бауыр эххинококкінен айыру оңай. Холециститпен өт шеменінің басталу, даму анамнезі, симптомдары, аурудың шағымдары, жалпы жағдайы өзгеше. Эозинофилия, Каццони реакциясы жоқ.
Гидронефроз (оң бұйректің) кейде диагнозды анықтауды қиындатуы мүмкін. Цистоскопия, хромоцистоскопия, рентгенография диагнозды анықтайды.
Бауыр мерезі - ішек-қарын жағдайын бұзады, ауру қатты жүдейді (кахексия), бауырдың, арқаның, оң иықтың ауырсынуы, бауыр ойлы-қырлы (гумма), Вассерман реакциясы анық оң мәнді.
Сонымен, бауыр эхинококкін басқа аурулардан айыру қиын, бірақта білімді дәрігерге оны орындау толығымен мүмкін.
Іріңдеген эхинококк сепсиске ұшыратады, "ірің" ішке төгілсе - перитонит, плевра ішіне төгілсе - плеврит басталады, жыртылған эхинококк кистасы іште көптеген эхинококктің өсуіне соғады.
Кистаның жыртылуы алдымен шокқа (аурсынулы және анафилактикалық) соғады. Тахикардия, ішперденің қабыну симптомдары, іш өтуі, бөртпе т.б. анафилаксия көріністері байқалады.
Ішке өт төгілсе - өтті перитонит басталады.
Аурудың болжамы асқынбаған науқас ұзақ уақыт ауру жағдайын нашарландырмаса, онша ауыр қатер туғызбаса, кистаның жарылуы, іріндеуі адам өміріне үлкен қатер туғызады. Мәселен кистаның ішке жарылуы науқастың 90% , плевраға жарылуы - 70% өліміне, қарынға жарылуы - 4%, ішекке жарылуы - 16% өліміне соғады.
Эхинококк қазіргі уақытта тек операциямен емделеді.
Кистаны пункциямен емдеуге болмайды. Операцияның екі түрі қолданылады:
Екі этапты: бірінші этапта бауыр іш бетінің жарасына тігіледі немесе тампондармен қоршалады да бауырдың іш бетіне жабысуын күтеді.
Екінші кезекті операциямен бауыр кистасы тілініп, оның суы сорылады, хитинді қапшық алынады. Калған сыртқы фиброзды қапшықтың іші формалинмен сүртіліп, одан соң қуыс ашық қалдырылады немесе тампонмен толтырылып емделеді. Бұл тәсілмен емдегенде жара өте ұзақ уақыт грануляциямен толады, көптеген асқынулар болуы мүмкін. Сондықтан ақырғы уақытта жабық, бір кезеңді тәсіл қолданылады. Бауырды іштің басқа сау мүшелерінен салфеткалармен қоршап (жекелендіріп) кистаны пункциялайды. Инені сорғышқа жалғап кистаның суын сорады. Кистаның қапшығы тілініп хитинді қапшық және бала көпіршіктер жойылады. Фиброзды қапшықтың іші формалинмен жуынады да оның жарасы тігіледі. Қуыс қапшықтың іші физиология ерітіндісімен толтырылады. Бұл тәсілді А.А.Бобров ұсынған.
Келесі тәсіл – эхинококкэктомия. Эхинококк кистасын толық (қапшығымен) алып тастау. Бұл операция өте ауыр және қатерлі. Өйткені бұдан соң бауырдан қан және өт ағуы күшті.
Достарыңызбен бөлісу: |