75-бап. Жұмыс уақытының жиынтық есебі 1. Жұмыс уақытының жиынтық есебі үздіксіз жұмыс істейтін өндірістерде, цехтарда,
учаскелерде және өндіріс (жұмыс) жағдайлары бойынша жұмыскерлердің осы санаты үшін
белгіленген жұмыс уақытының күнделікті немесе апта сайынғы ұзақтығы сақталмайтын
жұмыстардың кейбір түрлерінде қолданылады.
2. Оның шегінде жұмыскерлердің осы санаты үшін белгіленген күнделікті және
(немесе) апта сайынғы жұмыс уақыты ұзақтығының нормасы орташа алғанда сақталуға тиіс
кезең жұмыс уақытының жиынтық есебі кезіндегі есептік кезең деп танылады.
3. Кез келген, бірақ бір жылдан аспайтын күнтізбелік кезең немесе белгілі бір
жұмысты орындау кезеңі жұмыс уақытының жиынтық есебі кезіндегі есептік кезең болуы
мүмкін.
4. Жұмыс уақытының жиынтық есебін белгілеу кезінде жұмыстың аяқталуы мен келесі
жұмыс күнінің (жұмыс ауысымының) басталуы арасындағы жұмыскердің демалыс ұзақтығының
сақталуы міндетті болып табылады.
5. Жұмыс уақытының жиынтық есебі кезінде жұмыс істеу тәртібі, жұмыс уақытының
жиынтық есебі белгіленетін жұмыскерлердің санаттары ұжымдық шартта немесе жұмыс
берушінің актісінде айқындалады.
6. Жұмыс уақытының жиынтық есебі қолданылатын жұмысқа он сегіз жасқа толмаған
жұмыскерлерді тартуға жол берілмейді.
7. Егер жұмыс күнінің (жұмыс ауысымының) ұзақтығы сегіз сағаттан асатын болса,
жүкті әйелдерге жұмыс уақытының жиынтық есебін қолдануға жол берілмейді.
8. Бірінші топтағы мүгедек жұмыскерлерге жұмыс уақытының жиынтық есебін қолдануға
жол берілмейді.
Егер екінші және үшінші топтардағы мүгедек жұмыскерлерге сараптамалық кәсіптік-
патологиялық комиссияның қорытындысы негізінде жұмыс уақытының жиынтық есебі
белгіленетін режимге тыйым салынған болса, оларға мұндай есеп белгіленбейді.