Азилхан Нуршайыков. Акикат пен аныз



бет22/29
Дата24.10.2022
өлшемі396,82 Kb.
#154730
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   ...   29
Байланысты:
Ақиқат пен аңыз. Әзілхан Нұршайықов
Оқу мақсаты. Б к,См, Farm18 19, материалы 10
ТЕЛЕГРАММАСЫ
8-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы 19-шы гвардиялық полкының командирі подполковник Бауыржан МОМЫШҰЛЫНА
Енді Октябрь революциясының 25 жылдық мейрамымен құттықтаймын нкт Армияның Соғыс советі Сізді американ жұмысшыларынан келген сыйлық сағатпен наградтайды нкт Армияның Соғыс советі Сіз жүргізіп жатқан жауынгерлік жұмыс бөлімнің жауды толық жеңуге әзірлігін арттыра түседі деп сенеді.
Галицкий, Литвинов, Юдинцев.
7. 11. 1942 ж. № 1168 .
Дұрыс қабылданды.
19-шы гвардиялық атқыштар полкы штабының бастығы капитан И. Курганский.
Автор. Телеграммаға командашыдан кейін қол қойғандар кім, Бауке?
Бауыржан. Бригада комиссары А. А. Литвинов — армияның Соғыс советінің мүшесі де, генерал-майор И. С. Юдинцев — штаб бастығы.
Автор. Ол сағатты кейін берді ме Сізге?
Бауыржан. Берді. Сағат сол 7 ноябрьдің кешінде менің блиндажымдағы үстелдің үстінде шық-шық соғып тұрды. Оны біз: мен, адьютантым, атқосшым және аспазым Жан төртеуіміз кезек-кезек құлағымызға тосып, американ жұмысшылары жүрегінің достық лүпілін тыңдап тұрғандай болдық.
Автор. Ол сағатыңыз қайда қазір?
Бауыржан. Тозды. Тоқтады. Қалды.
Автор. Ал, ол қорғаныс қаншаға созылды, Бауке?
Бауыржан. Ұзаққа, келесі жылы сол уақытқа дейін. Қорғаныстың екі түрі бар. Бірі — төніп келген жауды ілгері өткізбей табан тіресіп қатып қалу, қалайда алға жібермеу. Екіншісі — табан тірескен жауды теуіп, тепкілеп, үнемі үрейлендіріп ұстау. Сөйтіп қарсыңда жинақталған жаудың тобынан майданның басқа участоктеріне көмек жіберуіне бөгет жасау. Қазақшалап айтқанда күрескен балуанының белін босатпай, қапсырып, қайыстырып, Қажмұқанша ұстау. Оның бұлтарып, бұлтаңдауға шамасын келтірмеу. Ол жылы бүкіл Калинин майданының алдына Бас командованиенің қойған міндеті осы болды. Ал қорғаныс деген екі балуанның бірін-бірі шаптан тіреп жатып алғанына және ұқсамауы керек. Ұрымтал жерде жауды аяғынан шалып қалып, шабуылға шығып отыруға да тура келеді. Сонда ғана жаудың зәресін алып, белін қайыстырып ұстауға болады.
Біздің 3-ші екпінді армия осы мақсатпен өз күшін екі топқа бөлді. Армияның қорғаныс шебі Холмнан Великие Лукиге дейін 120 километрден аса жерге созылып жатты. 8-ші гвардиялық дивизия қарайтын 2-ші гвардиялық атқыштар корпусы Холмның солтүстік жағында, Великие Лукиден жүз километрдей қиыстау тұрды. Ал армияның өзге құрамалары Великие Лукидің дәл іргесінде жатты. Великие Луки маңындағы әскерлер алдымен Новосокольники, одан соң Великие Луки қалаларына шабуыл жасауға көшті. Бұл екпінді топты армия командашысы генерал Галиц өзі басқарды. Армияның Холм түбінде қорғаныста қалған екінші тобына біздің корпустың командирі генерал Кутузов басшылық етті. Бұл топқа жүктелген міндет қарсыдағы жауды қапсыра ұстап тұру және армияның шабуыл жасап ілгері жылжып бара жатқан екпінді тобының сыртына жау әскерлерінің шығып кетпеуін қамтамасыз ету болды.
Бұл операция 25 ноябрьде басталды және үздік-создық етіліп, ұзақ уақытқа есептелсе керек. Оның мақсаты совет әскерлерінің Сталинград түбінде басталған ұлы шайқасымен ұласып жатыпты. Калинин майданы сияқты басқа майдандардың міндеті осы сияқты және «жергілікті маңызы» бар басқа да ұрысарды үздіксіз жүргізе отырып, жауды шырмап, оның Сталинград түбіндегі әскерлеріне көмек жібертпеу екен. Оны кейіннен білдік.
Біздің армияның екпінді тобының құрамында шабуылға шыққан 2-ші механикалық корпус, 257, 357, 381 атқыштар дивизиялары, 9, 46, 21 гвардиялық атқыштар дивизиялары және 31-ші атқыштар бригадасы Великие Лукиді қоршап алға ұмтылып, Новосокольникиге қарай тікелей беттеп бара жатты. Бірақ жау жанталасып, қатты қарсылық көрсетуге кірісті. Сөйтіп 3 декабрьде Новосокольникиге жасалған шабуыл тоқтап қалды. Ал 10-13 декабрьде 3-ші екпінді армия Великие Лукидің батыс, оңтүстік-батысындағы жауды талқандап, 20-25 километр алға басты. Қаланы қоршау 29 декабрьде аяқталды да, 31 декабрьде қала біздің қолға көшті. Бірақ январьдың жуан ортасына дейін қаладағы қорғанға бекінген жау әскерлерін талқандауға тура келді. Ұмытпасам сенің 100-ші бригадаң да осы Великие Луки ұрысына қатысқан болса керек.
IV
Автор. Иә, Бауке. Біздің 100-ші атқыштар бригадасы 25 ноябрьде Калинин облысының Молодой Туд деген деревнясы түбінде жаумен шайқасты. Елден майданға жаңа келген өңкей өрімдей жиырма жасар қазақ жігіттерінің жауынгерлік тұсауы осы деревня түбінде кесілді. Сержант Қарабек Бұрышов бастаған жауынгерлер жаудың окобына ең алдымен келіп кірді. Немістерді гранатамен жойып, найзамен шанышқылап құртып, тірі қалғандарын кері шегіндіріп, фашистер бекініп жатқан орға өздері орналасып алды. Саяси қызметкер капитан Егемқұл Тасанбаев ол ұрыстарда қатарынан үш рет жараланды. Сонда да ол ұрыс даласынан кетпеді, жауынгер жігіттердің ортасында болды. Қазір Егемқұл Тасанбаев Социалистік Еңбек Ері, өзбек ССР-інде жауапты қызметте...
Бауыржан. Жүзінші бригаданың ол азаматын мен екі рет көрдім. Ең алғашында, соғыс кезінде, 9-шы гвардиялық дивизияда командир боп жүрген кезімде ол маған сәлем беремін деп іздеп келді. Онда омырауы орденға толған майор еді. Екінші ретте, 1960 жылы мен жазушылық сапармен Оңтүстік Қазақстан өлкесін аралап жүргенімде, Жетісайда жолықтым. Бұл кезде ол кеудесіне Алтын Жұлдыз қадаған аупартком секретары екен. Сендердің 100-ші бригадаларыңнан да талай жақсы ардагер азаматтар шығыпты. Халықтың адал ұлдары солай болуы керек қой. Ал, әлгі сөзіңді ары қарай айта бергін.
Автор. Әшкеев Райымжан, Көшеков Қажым сияқты азаматтарымыз ерекше ерлік көрсетіп, сол жолы бригаданың даңқын шығарды. Зеңбірекші Қажым Көшеков ауыр жараланып жатып, жолдастарына:
Алға қарыс бассаң бас,
Сүйем кейін шегінбе!
Әдет жоқ ондай тегінде! —
деп өлмес ұран тастады. Неміс фашистеріне қарсы күресте ерлікпен қаза тапқан командирдің бұл сөзі біздің бригаданың соғыс кезіндегі жауынгерлік ұраны болды.
Бауыржан. Бұл жау Москва түбіне тақап қалғанда 1941 жылы 19 октябрьде берілген атақты «Ни шагу назад!» бұйрығының қазақша және өлеңге аударылған нұсқасы болар тегі.
Автор. Рас айтасыз, Бауке, дәл солай. 1942 жылы 22 декабрьде біздің 100-ші бригада Великие Луки түбіне келді. Келгеннен кейін оны қоршау, алу, одан соң қорғау ұрыстарына тағы да белсене қатысты. 316-шы атқыштар дивизиясының жауынгерлері жау танктерімен Дубосеково түбінде қандай шайқасса, біздің бригаданың соған ұқсас шайқас жүргізген өз Дубосековосы Великие Луки болды. 1943 жылы 1 январьда фашистер Великие Лукиді қайта қайтарып алуға тырысып, көп танкпен біздің бригада тұрған шептен шабуыл жасады. Артиллерия дивизионының үшінші батареясындағы жігіттері жау танктерімен Клочков бастаған батырларша жұлқысты. Батарея мерт болды. Бірақ бірде-бір танкты Великие Лукиге өткізген жоқ.
Осы күнгі ұрыста сержант Рымбек Байсейітовтың взводы жекпе-жек айқаста жаудың сегіз танкін өртеп жіберді. Сөйтіп бұл взводтың Әбдірахман Бимурзин, Мырзаби Ерназаров, Мұқан Омарбаев сияқты өжет жігіттері өздерін өшпес данққа бөледі. Жауынгер серіктерімен бірлесіп сегіз танк жойған сол Рымбек Байсейітов қазір Алматыда тұрады, Қазақ ССР Финанс министрі.
Бауыржан. Ол да сендердің бригадаларыңдікі ме еді?
Автор. Иә, Бауке. Біздің бригададан шыққан одан басқа да белгілі адамдар бар. Олар: академик Сақтаған Бәйішев, журналист Қасым Шәріпов, ауылшаруашылық ғылымының докторы, профессор Иманбек Сүлейменов.
Бауыржан. Бригада Великие Лукиден басқа қай жерлерде соғысып еді?
Автор. Невельді фашистерден азат етуге және дұшпан оған қайта шабуыл жасағанда қаланы қорғау үшін болған қиян-кескі ұрыстарға қатысты. Өзіңіз білесіз, Бауке, қазақ халқы советтік Шығыс әйелдерінің ішінен тұңғыш рет Совет Одағының Батыры атағын алған екі қызын ерекше мақтаныш етеді ғой. Олар Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлова. Біз, 100-бригаданың ардагерлері, сол ер екі қыздың бірі — Мәншүк Мәметова біздің бригадамыздан шыққанын мақтаныш тұтамыз. Генерал Галицкий басқарған үшінші екпінді армияға аты шыққан атақты мерген Ыбырайым Сүлейменов те өзінің өшпес ерліктерін осы қаланың түбінде жасады. Новосокольники қаласын жаудан азат ету ұрысына және қатыстық. Даңқты генерал Доватордың шәкірті батыр подполковник Әбілқайыр Баймолдин осы қаланың іргесінде ерлікпен қаза тапты. Осы адам Москва түбіндегі атақты ұрыстарда өзіңізбен тағдырлас болған, Бауке және оның дивизиясы сіздің дивизиямен қанаттас жүрген. Генерал Панфиловтың 1941 жылы 18 ноябрьде Сізге жазбаша жіберген атақты 014 бұйрығының бірінші пунктінде мынандай сөздер бар: «Жаудың танктері мен жаяу әскері Лысцево мен Шишкиноны басып алды. Матренино 50 дивизияның қолында».
Дәл сол кезде генерал Доватордан сондай бұйрық алған осы дивизияның 51 атты әскер полкының комиссары Баймолдин бастаған совет жауынгерлері жауды Матренино селосына кіргізбеу үшін жанталаса ұрыс жүргізіп жатты. Сіз екеуіңіздің әскери тағдырларыңыз да қарайлас басталған. — Баймолдин 1931 жылы Павлодар аудандық комсомол комитетінің секретары боп тұрған кезінде армияға шақырылған. Содан ол біржола армияда қалып қойған. 1930 жылы КПСС мүшелігіне өткен. Лебяжі ауданындағы Тақыр ауылынан шыққан кедей баласы Әбілқайыр Баймолдин 1941 жылы июльде Москвадағы В. И. Ленин атындағы әскери-саяси академияны бітірісімен 51 атты әскер полкына комиссар боп тағайындалып, Москваны қорғауға аттанады. Сол 18 ноябрьде жараланып, бір айдан кейін ол өз корпусына қайтып келеді. Алғашында атты әскер полкының командирі, одан кейін полк комиссары болады. 1942 жылы августа Баймолдин екінші рет жараланады. Москва түбіндегі ұрыстарда көрсеткен ерліктері үшін Қызыл Жұлдыз, жауынгерлік Қызыл Ту ордендерімен наградталған Баймолдин алғашында біздің бригадаға командирдің орынбасары боп келген еді. Артынан бригадамыз құрылғанда ол дивизия командирінің жауынгерлік жұмыс жөніндегі орынбасары болды. Өте өткір, батыл кісі еді. Есіл ер дивизияны шабуылға бастап жүргенде қаза тапты. Ол кісі де үстіне қара бурка киіп, астына ұзындығы есік пен төрдей қара көк ат мініп жүруші еді. Баймолдинді біз өз Бауыржанымыз деп сүйсінуші едік! Қазір оның туған жеріндегі бұрынғы «Жалтыр» совхозына Баймолдин аты беpілді.
Бауыржан. Дұрыс болған екен. Баймолдиннің артында қалған ұрпақ бар ма?
Автор. Бар, Бауке. Москвадағы Бауман атындағы училищені бітірген Тельман деген ұлы қазір Алматыдағы В. И. Ленин атындағы политехникалық институтта сабақ береді. Ал қызы Жұлдыз Баймолдина белгілі әнші.
Бауыржан. Асыл ердің артында ат аталар ұрпақ қалғанға не жетсін! Талай азаматтардың артында ешқандай белгі қалмады ғой. Ал сен солардың ерлігін кітап етіп жаздың ба?
Автор. Там-тұмдап газет-журналдарға бірдеңелер жариялап жүрмін.
Бауыржан. Газет-журналдағылар уақыт желімен ұшады да кетеді. Ерлердің есімін кітапқа кіргізу керек. — Осылай деп Бауыржан сәл ойланып алды да, тағы да тақпақтай сөйлеп кетті. — Қар ерігенмен, Қаратау ерімейді. Ер өледі, ел қалады. Есімі ел жүрегінде сақталған ер ғана бақытты. Ел қорғау жолында ерлікпен өлген ерлердің жазығы жоқ. Оларды жаза алмасақ — жазық бізде. Ал әркімнің өзі көрген есіл ерді жырлап, өзі білетін батырды баяндағаны жөн. Оны өзің де білесің. Бірақ, ақылдың артықтығы, кеңестің көптігі жоқ қой. Мен сондықтан айтып жатырмын.
Автор. Бауке, Сізден тағы да кейбір мақал-мәтеліңіздің қалай шыққан тарихын сұрап білсем деп ойлаушы едім. Осы жана ғана, қас пен көздің арасында бірнеше мақалды төгіп-төгіп жібердіңіз. Енді сұрауға да бата алмай отырмын.
Бауыржан. Е, сұрағын. Есімде барын айтайын.
Автор. «Қол көтерген дұшпаннан гөрі, қорамсаққа қолы жетпей өлген жауды сыйла» деген мақалыңызды қандай оқиғаға негіздеп шығарып едіңіз?
Бауыржан. 1941 жылы 4 декабрьде біздің әскерлер Москва түбінен ең алғашқы шабуылға шықты. Біздің дивизия сол тұңғыш шабуылдың алғы легінде болды. Алғашқы деревня босатылды тұңғыш тұтқындар қолға түсті. Жаңа ғана бір үйге бас сұғып едім, іле-шала саяси жетекші Бозжанов кіріп келді.
— О не, Жолтай? — дедім мойнымды бұрып.
— Ақсақал, екі немісті тұтқынға алып едім. Соны Сізге көрсетейін деп айдап келдім. Есік алдына шығып, көріңізші, — деді.
Жолтайға ілесіп сыртқа шықсам бір неміс анадай жерде, автоматын алға кезеген қалпында өліп жатыр екен. Мен қолдарын көтеріп тұрған тірі тұтқындардың қасына бармай, өліп жатқан немістің жанына жақындадым. Оған біраз қарап тұрдым да, қасымдағы Бозжановқа:
— Ана екі тұтқынға мына өлген немісті көмдіртіңдер! — деп бұйрық бердім.
— Неге? — деді аң-таң болған Жолмұхамед.
— Қол көтерген дұшпаннан гөрі, қорамсаққа қолы жетпей өлген жауды сыйлау керек. Понятно! — деп жауап бердім мен оған.
Автор. «Бір жаралыға жәрдем беріп, оны аман алып қалған жауынгер — он ұл тапқан анадан артық» деген сөз қалай аузыңыздан шығып еді?
Бауыржан. Москва түбіндегі қырық бірінші жылғы қиян-кескі ұрыстардың бірінде Вера Гордова деген санитар қыз бір өзі он жауынгердің жарасын танып, ұрыс даласынан арқалап алып шықты. Сонда қасымда отырған Жолтайға:
— Апырай, мынау жұдырықтай қыз он ұл тапқан анадан артық болды-ау, — деген едім.
Автор. «Үлкенді — ізетте, кішіні — күзетке» деген сөзді неден шығарып айтып едіңіз?
Бауыржан. 1941 жылы он сегізінші ноябрьде генерал Панфиловтан Волоколамск тасжолының бойындағы Горюны деген деревняда жауды екі күн бөгеуге бұйрық алдым. Сол кезде дивизиямыздың басқа бөлімдері жана шепке қарай шегініп орналасуға тиісті еді. Генералдың бұйрығын ойдағыдай орындап, үшінші күні жау қоршауында қалып кейін шегіндік. Жолда, орман ішіндегі жалғыз үйге сәл тыныс алуға тоқтағанымызда бірнеше күн жаумен шайқасып әбден қалжыраған жігіттер қисая сала қор етіп, ұйқыға кетті. Мен штаб бастығы Рахимовқа қарап:
— Кәне, екеуміздің қайсысымыз ояу отырамыз? — дедім.
Сонда анадай жерге жаңа ғана жантайған Жолмұхамед Бозжанов орнынан атып тұрып:
— Ағатай, екеуіңіз де ұйықтаңыз. Мен тұрайын, мен кішімін ғой, — деді.
Мен Бозжановтың бетіне қарадым да:
— Үлкенді — ізетте, кішіні — күзетке деген. Жарайды, сен тұрсаң тұр. Бірақ жарты сағатқа қалай да шыда! — деппін.
Тура жарты сағатта мен өзімнен-өзім ояндым да, Бозжановты ұйқыға жатқыздым.
Бозжанов деген екі көзі тостағандай, екі беті әппақ манардай шиыршық атқан шапшаң, шектен тыс кішіпейіл, үлкенді аға, кішіні іні тұтып тұратын аса бауырмал, әрі ақылды, әрі алғыр, әрі батыр жігіт еді. Мені жанындай жақсы көретін, мен де оны туғанымнан артық деп есептейтінмін. Жоғарыда айтқанымдай, ол менің ұйқы-күлкіме, тіпті аузымнан шыққан әрбір сөзіме дейін қамқор болып жүретін. Менің өзіне ұнаған кейбір сөздерімді дереу жазып алып, артынан бірнешеуін өзіме әкеп беруші еді. Жаңағы өзің тарихын жазып алған мақал-мәтелдерді Жолтай маған өлерінен бір күн бұрын әкеп табыс етті.
— Аға, ертең шабуылға шығамыз ғой, мына сөздеріңізді көк дәптерге көшіріп алыңызшы, — деді. Сөйтіп ол қай сөздің қандай жағдайда айтылғанына дейін қоса баяндап берді. «Айдындана шапқаннан ажал да сескенеді» деп Горюны түбінде жауға жалғыз шапқан танкист туралы айтқан бір сөзімді планшетіндегі топографиялық картаның ақ жеріне түртіп қойған екен, соны да тауып берді. Ертеңінде есіл ер опат болып кетті.
Автор. Жолмұхамед Бозжанов қаза болғаннан кейін оның Алматыдағы туған ағасы Нұрмұхамед Бозжановтың үйіне әскери бөлімнен мынадай қазанама қағаз келіпті. Тыңдайсыз ба?
Бауыржан. Құлағым сенде.
Автор. Қағазы тозыңқырап қалыпты, бірақ ешбір жері өшпеген. Онда былай деп жазылған:


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   ...   29




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет