47. Сыныпта қадағалау жүргізу әдістемесі. Сынып мәдениеті және білім алу ортасын қалыптастыру мақсатын түсіндіріңіз.
Қадағалау- ақпарат жинау мен мектепте (сыныпта) болып жатқан оқиғалар туралы толығырақ мәлімет алудың пәрменді тәсілдерінің бірі.
«Дәстүрлі» оқытуда көп жағдайда сыныптағы оқыту оқушылардың жеке жұмыс істеуіне бағытталып, зерттеу, талқылау әрекетіне оқушылардың аздаған бөлігі ғана қатысады да, кейбіреулері назардан тыс қалып, сыныптағы әңгімеге қатыспайды. Бүгінгі күні білім дайын күйінде берілмей, оны өздігімен құрастырудың тұлғаны дамытатыны, ондай білімнің есте ұзақ мерзімде сақталатыны дәлелденген. Қайталау мен жаттауға негізделген білім тек есте сақтау дәрежесінде болса, конструктивтік білім оқушылардан түсіну қолдану, талдау, ақпарат негізінде жаңа мазмұн құрастыру, бағалау секілді белсенді әрекеттерді талап етеді. Сыныпта оқыту ортасын құруда негізге алатын міндетті шарттардың бірі – жағымды психологиялық ахуал орнату немесе ынтымақтастық атмосферасын қалыптастыру. Ынтымақтастық атмосферасын қалыптастыру оқушылардың әрқайсысымен өзара сыйластық пен сенімге негізделген қарым- қатынас орнату үшін маңызды. Ал осындай қарым- қатынасқа негізделген сабақ үдерісі оқушылардың ынтасын арттырып, оларға жауапкершілік жүктейді, сабақтың өн бойында оқушылардың бірлескен өнімді әрі тиімді жұмыс жасауына қолайлы жағдай туғызады. Ол үшін сергіту жаттығулары мен топқа бөлу әдістерінің маңызы зор. Мысалы «Сағат тілі бойынша достар», «Серуенге шығу» сергіту жаттығулары оқушылардың көңіл күйін көтеріп, ынтасын арттырып қана қоймай, мұғалімге сыныптағы оқушылар арасындағы қарым- қатынасты, психологиялық ахуалды анықтауға мүмкіндік жасаса, ал «Атом- молекула», «Алфавит» т.б.жаттығулары оқушыларды әрі сергітіп, әрі топқа бөлуге бағытталады.Егер мұғалім мен оқушының білім игеруді бастау нүктесі өзара үйлеспейтін болса, онда оқуда табысқа жету күмәнді болады. Егер білім игеруді бастау нүктесі қолайсыз таңдалынып алынса, онда тіпті ең жақсы оқушылардың өздеріне де алған білімдерін есте сақтау қиындық тудырады. Сондықтан оқушылар үйрену барысында белсенді әрекет етіп, өз идеяларын батыл ұсынып, талқылау, таңдау мен шешім қабылдауға қатысса ғана оқуда табысқа жетуде мүмкіндік туады. Осындай мүмкіндік ұсына алатын маңызды мәселелердің бірі – бірлескен әрекеттерді қолдану немесе топтық жұмыс. Әдетте дәстүрлі сабақтарда оқушыларды жұмысқа тартуда әрекеттер мұғалім тарапынан қатаң талап ету арқылы жүзеге асырылады. Ал топтық жұмыстарда оқыту климаты үшін мұғалім мен оқушы бірге жауапты болады, оқушылардың барлығы белсенді әрекет етіп, шешімдер қабылдайды. Оқушылар өз бетімен сұхбаттасу сұрақтарын дайындайды, талқыланып отырған мәселені шешуде презентацияларды дайындап ұсыну үшін стратегияларды таңдап алады. Мұғалімдер оқушыларды қолдай отырып өз білімін емес, басқаларды мұқият тыңдай отырып, әр пікірге сыйластықпен қарап, бірлескен жұмыстың қалай жүзеге асатынын модельдейді. Сонымен қатар сыныпта ізденіске бағытталған ашық атмосфера жасайды. Оқушылардың жоғары дәрежелі сұрақтарды пайдалана отырып,жобалау, болжау, ақпарат жинау үшін түрлі стратегияларды пайдалануына жағдай жасайды. Мерсер мен Литлтон (2007) өз еңбектерінде диалог сабақта оқушылардың қызығушылығын арттырумен қатар, олардың білім деңгейінің өсуіне үлес қосатындығын атап көрсетеді. Зерттеулерде ересектермен интерактивті қарым- қатынас пен достарымен бірігіп жүргізілген жұмыстың балалардың оқуына және когнитивті дамуына әсер ететіндігі айтылған. (Мұғалімге арналған нұсқаулық 39- бет)
Топтық жұмыстарды жүзеге асыру арқылы мұғалімдер: оқушылардың барлығын белсенді әрекетке тартады; оқушыларын «менің айтқаным немесе жасағаным дұрыс болар ма екен» деген сенімсіздік пен күдіктен арылтады; оқушыларының өзіндік қабілеттері мен ерекшеліктерінің ашылуына мүмкіндік жасайды; оқушылардың еркін, сенімді жағдайда ынтымақтаса жұмыс жасауына жағдай тудыра алады. Ол үшін: берілген тапсырма, ұсынылатын мәселелердің оқушылар үшін маңызды болуына баса назар аударылуы қажет, сонда ғана бірлескен белсенді әрекет жүзеге асады. Оқушылар үшін маңызды мәселені ұсынуда олардың қабілеттері мен жеке ерекшеліктерін ескеріп отыру қажет. Тапсырма нақты, түсінікті түрде беріліп, нақты уақыт белгіленуі керек. Соңында кері байланыс орнатылып, қандай нәтижеге қол жеткізілгені анықталып отырғаны абзал.
Мұғалімдер оқушыларды жұмысқа ынталандыру үшін талап пен дағдының сәйкестігіне мән бергені жөн. Егер жоғарғы талап пен әлсіз дағдыдан мазасыздық, әлсіз дағды мен төменгі талаптан селқостық, күшті дағды мен төменгі талаптан зерігу, ал жоғарғы талап пен күшті дағдыдан ағым пайда болатынын ескеріп, жоғарыда айтылғандарды назарда ұстаған жағдайда мұғалімдер оқушылардың сыныпта болатын жағдайлардың бәріне белсенді қатысуына, материалды терең меңгеруіне мүмкіндік береді.
Достарыңызбен бөлісу: |